Отан иесі – Жас Ұрпақ
Еркіндік – елге Құдайдан келген асыл тақ,
Жанданып, жар сал жаһанға мынау, жас ұрпақ.
Егемен елдің тізгіні енді қос қолда,
Тәуелсіздігім қалмасын елді тосырқап.
Бабалар – батыр, балалық шағы өтпестен,
Отанның оты сөнбесін деумен от кешкен.
Аталы сөзді жасқанбай айтқан, аузында,
Аталар аз ба, ананың сүті кеппестен.
Татитын ерлік жасаған жас көп ғасырға,
Қазақтың сол бір тектілігі де осында.
Бергісін айтсам, ажалы келген Алаш деп,
Арғысын айтсам, баһадүр болған жасында.
Бабаның бізде басылмас оңай мысы бар,
Кернеген бойды Күлтегіндердің күші бар.
Ей, Жас Қазақ, жаның шыққанша кеудеңнен,
Байрақты қолға қысып ал!
Астасқан Көкпен, Таудан да біздер асқармыз,
«Қараңғы қазақ көгіне, күн болып сәуле шашқанбыз!».
Қабаған иттер қарайтып кеткен қанымды,
Абадан рухты Жастармыз!
Құдайға шүкір, Егемен елмін еркім бар,
Тәуелсіздікке тізерлеп берген сертім бар.
Қазақтың өзге жанашыры жоқ жаһанда,
Құдайдан ғана серпін бар, Құдайдан ғана серпін бар!
Көсіліп қазақ, ғаламнан кеңдік іздерміз,
Қасқыр халықпыз мекен іздеген түзден біз.
Отау иесі он үште болған бабамыз,
Отан иесі – Біздерміз!