04.01.2022
  324


НҰРСҰЛТАН ӘБЖАНОВ

Сен кімсің, өзі?

- Сен кімсің, өзі?
- Мен, Қазақпын – жұлдызы жарқыраған,
Бастау алған шындықтан сарқырамам.
Қыйын-қыстау заманды бастан кешіп,
Жоқ болатын сәттерден бар құраған.
- Сен кімсің, өзі?
- Мен, Алашпын – бөріні байрақ еткен,
Қара жер деп, қанжарын қайрап өткен.
Тәңіріне риза дегенмен де,
Тарамдалған тар жолын тайғақ еткен.
- Сен кімсің, өзі?
- Мен – тұлпармын тұяғы тасты жарған,
Бір жағадан бірлікте бас шығарған.
Ақыны мен әншісі қатар жүрсе,
Құстың мұңын естіртер саз шығарған.
- Сен кімсің, өзі?
- Мен – күйшімін сыр төккен шанағынан,
Қолда барын аямас қонағынан.
Еркіндікте қанатын кеңдей жайып,
Ен даланы аңсайтын бала қыран.
- Сен кімсің, өзі?
- Мен, Алатау басынан қар кетпеген,
Қыздан иба, ұлынан ар кетпеген.
Қас батыры қасқайып атқа қонса,
Сұсынан-ақ сескенді жау беттеген.
- Сен кімсің, өзі?
- Мен, жусанмын – иісі бұрқыраған,
Төрт түлігім даламда шұрқыраған.
Мен Абаймын, Бауыржан, Махамбетпін,
Темір қазық жастанып жыр құраған.
- Сен кімсің, өзі?
- Мен, Қазақпын – мейірлі жүректі ұғар,
Жігіттері шетінен білекті нар.
Жасқануды білмейтін балалары,
Жауына да жақсылық тілеп тұрар.





Пікір жазу