04.01.2022
  177


НҰРСҰЛТАН ӘБЖАНОВ

* * *

Ашылды бүгін ашулы болған қара аспан,
Күн болды міне Қазаққа Құдай қарасқан.
Нықтап ал енді табаның тиер жеріңді,
Ұлына «Алаш» адалдық қана жарасқан.
Жаланың дерті жайлаған мынау тірлікте,
Жол қалай табам, деп, сірә бауыр дүрлікпе.
Бауырмал бол да, өзіңнен баста барлығын,
Өмірдің мәні, өмірдің сәні бірлікте.
Кемелді кеме жүзетін алда ақ айдын,
Аманат іске, қиянат жасар тағы-ай кім?
Ұрпақтар бізбіз – Хан Аблай аңсаған,
Артқыға қалған аманат сенсің Абайдың.
Жалыны өртеп жалғыз да шапқан мыңға да.
Жастыққой шіркін шыдайтын талай сынға да.
Ойратқа кеше ойран салғанда өзіңдей,
Арыны қатты, жау жүрек болған мың бала.
Жолбарыс жүрек, бойында намыс тасыған,
Көргенде дұшпан мысынан бірден жасыған.
Қайраты қатты қазақтың қайсар жастары,
Аяған емес адал ниетін досынан.
Келешек жастар келелі сөзден от алған,
Еңсесі биік, тұлғасы таудай от арман.
Мақамы басқа, мақалға сөзі айналған,
Мағжан сынды марғасқалардан бата алған.
Махаңдар бастап Мұхаңдар қосқан үлесін,
Жалғастыр енді ақиқат жырдың күресін.
Бауырға жұмсақ Бауыржан бабам айтқандай,
Жастық дегенің, жастық дегенің – ұлы есім!
Шыңына шығып ақиқат деген шатқалдың,
Сыйласын өмір сыры кетпейтін шақтар мың.
Бүгінгі ұрпақ қорғалған қанды табысы,
Қырық бірдегі атылған барлық оқтардың.
Аралай келіп ойымның қабат қатпарын,
Азаттық болды ар ожданыммен тапқаным.
Жаратқан өзі болашақ ісін жарқын ғып,
Бәйгеден келсін Алаштың ұлы аттарың,
Тарылған пиғыл табанмен таптап езілсін,
Әр түнде көңіл ертеңімді ойлап көз ілсін.
Көкбөрі сынды жол баста жастар ендеше,
Отанға деген адал бір ісің сезілсін.
Сұрамас сенен атақ пен мәнсап, күн, айды,
Білінбес тірлік білдіртпей ғана сынайды.
Өз елім деген өшпейтін өршіл рухпен,
Отаның сенен адалдық қана сұрайды.





Пікір жазу