Ер Түркінің астанасы – Түркістан!
Алты Алашым арқауы даңқ пен жырдың,
Мұрагері бола білген бақ пен нұрдың.
Ақтарсақ, көне тарих шежіресін,
Қазағым сарқыты екен сақ пен ғұнның.
Қолында найза, қанжар, алдаспаны,
Бәрі бауыр, туыс болып қандастары.
Бумын, Білге, Күлтегін батырлардай,
Бұл қазақ – Ер Түркінің жалғасқаны.
Хандығымен бөлініп жеке кеткен,
Алтай менен Атырауды мекен еткен.
Бұл қазағым себебі, текті халық,
Салт-дәстүрін берік ұстап, бекем еткен.
Татулықтың тұғырына байланған,
Сол қазақтың тірегіне айналған.
Көне шаһар, құтты мекен – Түркістан,
Әулиелер ордасы боп сайланған!
Аман қалған талай тартыс, қырқыстан,
Өн бойына жыр менен нұр, сыр құшқан.
Көк бөрінің қайсар рухы туғаннан,
Түркілердің төрі болған Түркістан!
Ер Түркінің орталығы бола білген,
Таңбаланған тарихтың жолағымен.
«Шавғар», «Яссы» аталған Түркістаным,
Орналасқан «Жібек жолы» торабымен.
Әр тарихтың түбінде мәселе бар,
Әр дәуірде жазылған пешене бар.
Бұл шаһарда Яссауи бабаға арнап,
Әмір Темір салдырған кесене бар.
Сан ғасырлар өтпеген-ау текке осы,
Ұлт, болашақ, ұрпақ үшін серт те осы.
Киелілік мекені ғой – Түркістан,
Түркілердің ол – екінші Меккесі!
Уақыт сырғып, батар түн де, атар таң,
Бұл Түркістан қалған емес қатардан.
Есім ханның ескі жолы кезінен,
Қазағымның астанасы аталған.
Ақыл жастан шығады, асыл тастан,
Тұла бойы жазылған ғасыр дастан,
Бұл Түркістан тірегі түркі менен,
Алты Алаштың барлығының басын қосқан!
Бұл өлкеде қазақ ғұмыр сүргеннен,
Бөгенбайдай батырлары ерленген.
Есім, Тәуке, Хақназар, Абылайдай,
Ұлылар да осы жерде жерленген.
Ескілік шежіремен таралады,
Жауласа да көне тарих сананы әлі.
Бұл Түркістан бүгінгі азат күнде,
Оңтүстіктің орталығы саналады.