Сенім
Мен неге жиі асыға берем?
Сезімдерімді жасыра берем...
Алып-ұшқан ақ көңілімменен,
Баянсыздыққа бас ұра берем...
Қолымда барды досыма берем,
Достарым көп деп тасына берем.
Аңғалдық па екен... көрінген жанға,
Несіне сонша шашыла берем?..
Сырын айтқанға жанымд(ы)-ай берем,
Өзгенің жайын уайымдай берем.
Мұңын айтқанға «тəубе» үйретіп,
Өзімді дана, ғалымдай көрем...
Бір ауыз сөзге барымдай сенем,
Жалғанды шындай қабылдай берем.
Бір жанды үнсіз ұната қалсам,
Көктегі жетпес айымдай көрем.
Жаныма жайлы достарды көрем,
Көздері отты жастарды көрем.
Даладайын кең көңілдерінен,
Тұп-тұнық, шексіз аспанды көрем.
Біздерге деген сеніммен келем,
Адамдық ізгі жолыммен келем.
Елімнің алды жастар ғой деген
Елбасы берген демеумен келем.
Жастар жылында жаңғырып көнем,
Тұла-бойымнан тасқын күш сезем.
Жырымды оқыған əрбір жалын жас,
Үлесіңді қос, үміт зор сенен.
Бейбіт көгімнің күнінен күлген,
Жалынды жастың нұр жүзін көрем.
Жастар жылында жарқырап жанар,
Алтын жұлдызы барына сенем.
Əр жақын жанның жанына енем
Ешбір себепсіз тек жақсы көрем.
Мендегі шексіз сенімдерді де
Бағалайтын жан барына сенем!