04.01.2022
  124


Автор: Айнұр Төлеу

Қауырсын-қар

Аңсаулардың, шаршаулардың саны аздай,
Аспан тағы мұңайды.
Қардың бәрі хат жазылған қағаздай,
Алдыма кеп құлайды.
Тыныштыққа сіңіп кеткен сәттердей,
Көз тастадым ұлпадағы кескінге.
Қойған еді өзің жақтан хат келмей,
Мен де сәлем жолдамағам ешкімге!
Кезікпеген кездің бәрі керемет,
Өртеп болдым өзімді өкпе-ренішке.
Қауырсыны қар боп жерге себелеп,
Бәлкім көкте түлеп жатыр періште.
Көңілдегі кейіпкер ең–
Көзімдегі жарығым.
Сен қаласаң, жер бетінен жиып берем,
Қанатыңның шашыраған мамығын!
Көрші кемпір терезеден қарайды,
Ақымақ қыз аязға әбден тоңды деп!
Келісімге келейікші, жарайды,
Бүгін сені сағынамын соңғы рет!





Пікір жазу