03.01.2022
  315


Автор: Ауыт Мұқибекұлы

Алты алаш

«Ататүрік айтқандай, бүкіл түркілердің бірігетін кезі келеді».
Нұрсұлтан Назарбаев

Айналаңа қарасаң,
Шырқалуда тамаша ән.
Түркі тілдес алты елді
Білесің бе, балапан?!

Болмай елге мазақ,
Жаз қағазға таза, ақ!
Сол алтының біреуі –
Өзіміздің Қазақ.

Қасыңда отыр Қырғыз,
Барып-келіп жүрміз.
Оған тағы Түрік пен
Өзбекті әкеп кіргіз.

Дүрыс емес үріккен,
Дұрыс басы біріккен.
Енді қалған екеуі –
Әзербайжан, Түрікмен.

Бір күн еңіс, бір күн өр,
Басып жолды дүркірер.
Түбін қусаң алтаудың,
Арғы атасы – Түркілер.

Ұлан-байтақ даламыз,
Тарайды одан сан аңыз.
«Арғы бабам ер түрік!» –
Деген Мағжан бабамыз.

Думан үшін тарқамас,
Болды талай жанталас.
Алты түркі бірігіп,
Аталады Алты Алаш.

Оқ боратып мылтықтан,
Жаумен талай қырқысқан.
Астанасы Түркінің –
Біздің мына Түркістан.

Сөнген емес шырағы,
Болды жауға қырағы.
Алты Алаштың шақырар
«Алаш!» болған ұраны.

Бөріні емген бөлтірік –
«Арғы бабаң – ер түрік!».
Тізерлеткен сан мәрте,
Жауды алдына келтіріп!

Бір-біріне селбесер,
Мехнатты тең кешер.
Алтауы да мемлекет,
Алтауы да дербес ел.

Сәттері көп қысылған,
Төкті азаттық үшін қан.
Тағдырлары ұп-ұқсас,
Алтауы да мұсылман.

Болғаннан соң бауырлас,
Әндері де сарындас.
Тілдері де төркіндес,
Тарихы да тамырлас.

Достасуға бейім-ді,
Анасындай мейірлі.
Даласындай кең қылып,
Берген Құдай пейілді...

Жалын шашып, бүркіп от,
Найзағайдай күркіреп.
«Алаш!» десең ұрандап,
Атқа мінбес Түркі жоқ!

Мал мыңғырып төскейде,
Емін-еркін өспей ме?
Бүкіл Алаш біріксе,
Айбаттанып кетпей ме?!

Мал мыңғырып беткейде,
Көкке төбең жетпей ме?!
Бүкіл түркі біріксе,
Қайраттанып кетпей ме?!

Көп Алашта көсемдер,
Көп Алашта шешендер.
«Азаматы Алаштың»
Атанамын десеңдер:

Көп сынайды кісіні өр,
Кез келді оны түсінер.
Аянбауға тиісті
Алты Алашы үшін ер!

Жалтақтамай біреуге,
Туысыңды түгенде.
Алысыңды жақындат,
Намысыңды жіберме!

Іргеңді ылғи құнтта,
Дақ түсірме тұныққа!
Жігіт болып өскенде
Алты Алашты ұмытпа!!!





Пікір жазу