03.01.2022
  305


Автор: Құрманбай Толыбаев

АМАНАТ

Бұл күндері мұндағы ән ырғағы да өзгергендей. Өркеш-өркеш зәулім тау қатпарларының арасынан, шұңғыл-шұңғыл сай-саладан тау-тасты жаңғыртқан Әсет әндер сарыны үздіксіз естіліп тұрады.


Енді жалпақ жайлаудың мәре-сәресше қосылатын құрман айтының да қызығы жақындады. Ертең айт деген күні Ғапари қажы қазақтың игі жақсыларын шақырды. Бұған Әсет те қатысып, меймандар алдында ән салған. Ара-тұра Қадыриханды да желпіндіріп, өзі тынығады. Елдің салтын сақтап, ізетке бас иген жастар жағы сыйлы асқа қосқан үлкен кісілердің арасына қосыла алмады.


Соңғы кезде пайда болған бір дімкәстік Әсеттің мазасын ала беретін. Көбірек ән салса, өңеші кеберсіп, тамағы құрғайтын да, іркіліссіз көсіліп шырқауына кедергі жасайтын. Осы жолы да зықы шыға бастаған соң, ондайды ұстамайтынын біле тұра:



  • Қажы, мүсәтірім таусылып қалыпты, үйінізден табылмас па екен? – деп сұрады амалсыздан.

  • Оның керегі не?

  • Тамағым құрғап, үнімнің сиқы бұзылып отыр. Мүсәтір салып қойсам себі тиюші еді.

  • Ондайды біз қолданбаймыз ғой.

  • Қап, қиын болды-ау, әнді де бабымен айта алмаспын енді.

  • Қасен, әлгі Маса молданың үйінде бір бақалшы жатушы еді, сен соған шауып барып алып келші, деп, Мешпет би өзіне атқосшы боп еріп жүретін сақа жігітті жұмсады. Мүсәтірді қазақтар суықтық үшін езіп ішетін әдеті. Одан ешқандай зиян жоқ.


Қасен келсе, молда үйінде жалғыз екен, басқа адам көрінбейді. Аласа бойлы мықыр молда жүзі таныс жігіттің іші-сыртын тінтіп, сығырая қарады. Түсі салқын.



  • Салаумаликөм, молдеке, бақалшы қайда?

  • Оны қайтесің, жүр да ел кезіп.


 



  • Би атам мүсәтір алып кел деп жіберіп еді.

  • Би оны қайтеді?

  • Ғапари қажының үйінде Әсет ақын өлең айтып отыр. Дауысы қарлығып жүрген көрінеді. Тамағына мүсәтір салса, қиналмайды екен. Сонысы таусылып қалып бақалшыны қайдан іздесем таба- мын?..


Көзі мөлие жыпылықтаған мыржық сары тықыр маңдайы жыбырлады. Бозарыңқы өңі құбылды. Әнеу күні Жәміш кешкі сауығына қатынасқан тойда Әсеттің таң атқанша салған әні, төгілте айтқан өлеңі жүрегіне қанжардай қадалған. Еңгезердей-еңгезердей алып елестер төбесінен төніп, әлденеше рет шошып оянған. Өмірінде көзбе-көз кездесіп, бір рет жүзін көрмесе де, Әсетке сырттай кекті еді, өшіге жек көріп алған. Сонау бір жылы Жәмішті інісіне айттырмақ болғанда бір байдың әлпештеген жалғыз ерке қызы осы Әсеттің уәделі күнін тосамын деп, қыс бойы сабылт- пады ма? Тек қарсы келгенге қаһары тегеуірінді, айбыны үстем әкесі момын Күзембайға тізесін қатты батырып, зорлықпен алып кеткен... Енді осынау бір түкпірде тып-тыныш жүргенде сайтандай сап ете түсіп, іргесінде озандап отырып алғаны жынын қоздырды. Түні бойы шала ұйықтай алмай дөңбекшіген. Әлсін-әлсін түстен үрейі ұшқан. Содан таңды кірпік ілмей атырған. Ертеңіне соны айтып, Жәмішпен қатты керіскен. Осы даудан кейін екі әйелі де теріс айналып кетті. Бұған тіл қатпастан безеріседі. Бәрі де сол Әсеттің кесірі... Ойына әлденендей арамдық кірді ме, әлде, қинала қынжылып тұрған жігітті аяды ма:



  • Бақалшы дүниесін арқалап жүрген жоқ. Ақшасын берсең болды емес пе, – деп, орнынан түрегелді. Дауысы ызыңдаған нәзік. Елдің «Маса молда» атап кеткені содан. Шын атын білетіндер аз. Мүсәтірдің табылғанына қуанған Қасен бес сомды ұсынды.

  • Мінекиіңіз, молдеке.


Молда жүктің бұрышынан кішілеу қара қобдишаны суырып алды. Ілгегін ағытып, ағаш қақпағын ашты. Іздеп таппағандай біраз аударыстырып ақтарды. Оның нені, қалай іздегеніне Қасен көңіл де бөлмеді. Теріс қарап отырған молда ақшыл түйіршіктерді бір парақ қағазға орады да, қолына ұстатты...


Қасен келгенде Әсет маңдайы жіпсіп, тебірене өлең айтып отыр екен. Ораулы қағазды алдына қоя салды. Желдірме сарынмен айтқан өлеңін аяқтаған соң, Әсет анықтап қарап жатпастан әлгі қағаздың бүктеуін жазды да, бір-екі түйірді шымшып тамағына септі. Тамсана жұтынды да, лекіген әуенін әрі қарай сырғытты. Тамағы ашылмады ма, өлеңін бір қайырып тастаған соң, екінші рет тағы да шымшып тамағына салды. Ештеңені елең қылмастан


 


сөзін соза берді. Бір уақытта үні тұтыға қарлығып, тынысы бітелгендей қырылдады да қалды. Жанары бұлдырап, басы ай- налды. Жүрегі айнып, қинала лоқсыды. Сонда барып бүктеулі қағазды ашып, анықтап қарады. Мүсәтірге қосылған ерекше бір ақ шаңқан түйірлер аралас жүр. Өңі бұзылып, бетінің қаны қашты да, сұрланып кетті.



  • Мынау таза мүсәтір болмады, – деді алақанымен маңдайын сипап. – Жаңылған ба, алмас қосылғанын беріпті.

  • Не дейді, сұмдық!


Қызара бөртіп, жүздері жайнап отырған кісілердің көздері жапақтап, өңдері бозарып сала берді. Шошына үрейленісті. Кінәлағандай Қасенге бақжия қарасады.



  • Бақалшының өзі беріп пе еді?

  • Бақалшы жоқ екен. Қобдишасын ашып, молда алып берген...

  • Құртты-ау, қу молда!.. – деп санын соқты Мешпет би. – Тезі- рек қойдың құйрық майын тауып әкеліңдер!


Жабықбай асыға түрегеліп, сыртқа шықты да, бір жігітті үйіне шаптырып жіберіп еді, тегенедей екі құйрық алып келді. Май шыжғырылып, суығанша сүт ішкізді. Әсет денесінің ауырлап, буын-буынының құрысып бара жатқанын сезді. Түрегеліп отыруға қиналған соң, жантайып жатты. Еркін тыныстауына бұл үйдің тарлық ететінін байқаған Мешпет би өзінің ауылынан бір үйді жықтыртып, осында алдырды да, оңашалау тіктірді. Әсетті соған алып барды.


Майдың да, сүттің де денеге жайылған алмастың уытын қайтаруға себі тиер емес. Жұлын-жұлыны сырқырап, сүйегі қақсай бастады. Денесі құрысып барады. Өкпе-бауыры шанышқылап, тамыр-тамырының тарамысы тартылып бара жатқан секілді. Басы айналып, көзі қарауытты. Тілінің үсті удай ашып, өңеші отқа күйгендей қолдыраған, ірімтік-ірімтік, жұтынса тамағына әлдене тіреле қалады. Ауызынан ақ көбік төгілді. Іші өрт жалағандай күйіп тұр.



  • О, ағайындар, – деді шалқасынан сұлап жатқан Әсет айналасындағы өзіне жаутаңдай қараған кісілерге қимас сөзіммен қиыла, қинала назар салып. – Менің бұл дүниеден тататын дәмім таусылған түрі бар. Батқан күнмен бірге сөнетін шығар қос шырағым...

  • Олай жорыма, Әсетжан, – деді Мешпет би жұбатып. Осындай кенет жабысқан науқасты қазақтың мезгіл-мезгілге бөліп, артын бағатын жорамалы бар. Бүгінгі таңнан қалса, оңалып кететінінен қарт би де үміткер. Бірақ мұны айтпай, басқаша жебеді. – Бас ау- ырып, балтыр сыздамайтын пенде болушы ма еді...


 


Ауыр тыныс алған Әсет қиял шегіп, алысқа қадалады, үнсіз. Көзі талғандай сәл жұмды да, қайта ашты. Үй іші тым-тырыс. Жұрттың өзіне құлақ түріп, ауызын баққанын сезді де, кеудесіне ұялаған ойын жайып салды:



  • Дүние осы, би, аға... Дерттің түбін сезгендеймін.

  • Сен өйтіп ылғи теріске жори берме.

  • Жасырғаннан не пайда?.. Исі қазақты өзендей сарқыраған өлеңімен сусындатқан Кемпірбай ақын қатты ауырып, әл үстінде жатқанда көңілін сұрай бардым. Сонда ол өлетініне өкінбеді, өлеңінің иесіз қалатынына қайғыра қиналып еді. «Кеудемнен көк ала үйрек қош деп ұшты, сол шіркін кәрі жолдас өлең білем» деп, ақтық сөзін қынжыла айтқан-ды, Ақынға сөзден қымбат не бар, би аға. Жан сезімі, ой-түйсігі сол, өмірінің қызығы... Дарға асы- латын адам да ажалын қасқайып тұрып қарсы алмай ма? Ажалым таяп келеді. Мен де ақыл-есімнің сау шағында жарық дүниемен қоштасып, ел-жұртыммен арыздасып үлгірейін, ақтық сөзімді айтып қалайын. Ренжімесеңіздер, Қадыриханға қағаз-қарындаш тауып беріп, екеумізді оңаша қалдырыңыздар...

  • Әсет-ау, ақылды едің ғой, неге сонша түңілдің бүйтіп, күдер үзбей, сабыр етсеңші, – деп, өзінің қайғысын жасыра жұбатты Ғапари. Әсет алқына, асыға сөйледі.

  • Әй, қажы-ай, үмітке тиек болар бұдыр жоқ, ішім шоқ түскендей өртеніп тұр. Дем алған сайын денем құрысып, тынысым тарылып барады. Кеш қалмайын...

  • Қажы, айтқаны болсын, ойы сергір, – деп, Мешпет би ор- нынан қозғалды. Үйдегі кісілер ақынның көңілін аулағандай, тілегін қабылдады да, қотарыла сыртқа шықты. Оңаша үйде Әсет пен Қадырихан ғана қалды. Жанарына жас үйірілген Қадырихан қипақтай қиналып, Әсетке қадала қарады. Сол кезде Ғапари қағаз- қарындаш әкеліп берді. Қадырихан дауысы қалтырап, Әсетке мойын бұрды. Ол көзін тарс жұмып, қыбырсыз жатқан.

  • Мен дайынмын, Әсаға.

  • Ендеше жайғасып отыр.

  • Жайырақ айтыңыз, жазып үлгерейін...

  • Е-ей, бауырым-ай, асықпаймыз деп жүріп, орға құлағаны- мызды абайламай да қалады екенбіз ғой. Міне, татар дәм де таусылды, жарық дүниемен қоштасатын да мезгіл жетті... – деп Әсет ышқына күрсінді де, екі қолын біріне-бірін үйкелей уқалап, сәл үнсіз жатты. Көзі қанталай қызарған, алқына ауыр дем алады. Сапырылысқан ой мазалағандай тыпырши қозғалақтады да, асыға үн қатты. – Көкейіңе тоқып, жаттай да отыр,.. Ал, жаз...


 


Болжаусыз осы екен ғой өлім деген, Күн бұрын көзге келіп көрінбеген. Артыма сөз қалдырмай ала кеттім, Қаптағы дән сықылды себілмеген. Тірліктің қызығына қызып жүріп, Айқайға қайран даусым ерінбеген. Абайдай арт жағына сөз қалдырып, Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген. Зымырап бәйге атындай өте шықтым, Жабығып көріп еді көңіл неден?


Ертең жазып, бүрсігүні бітірем деп, Баянсыз тіршілікке сенуменен...


Үні бұрлығып, қырылдай бәсеңдеді де, өңешін соза лоқсыды. Ауызын толтыра ақ көбік түкірді. Маңдайын шыпылдаған ұп-ұсақ тер тамшылары басты. Көзін тарс жұмып алған, ентіге дем алады. Қадыриханның қолы қалтырайды. Көзінде жас. Көрсетпеу үшін теріс айналып, жеңінің ұшымен сүртті де, орнынан түрегелді. Әсеттің үстіне төніп, бетіне үңілді. Қаупі жанын жеп, жүрегін езді. Іші удай ашыды.



  • Әсаға, қатты толғанбаңызшы!.. Тынығыңыз... Тағы да май алып келейін бе?.. Не ішесіз?

  • Керегі жоқ. Жаңағы ішкен майым кеудемде кілкіп, әлі сіңбей тұр. Денеге жайылған уға құдіреті жетпейтін түрі бар. Одан не пайда?

  • Әлі денеңізге толық таралмай жатқан шығар. Азырақ шыдаңыз, сіңсе уды шаяр.

  • Тиянақсыз үмітке алданба, Қадырихан. Ол тірі жанды дә- мелендірген елес қана... Әлім кетпей тұрғанда қамданып қалайын. Жаз...


Гүлдерім қайта өнер ме өрім деген, Жібегім қалды-ау талай өрілмеген. Өнердің өрге басқан жолын қумай, Өттім-ау бос үмітке сенуменен.


Қатын-бала асырау амалында, Кетіппін соған көңіл бөлуменен. Менен сорлы ақын да өтті ме екен, Бір сөзі баспа орнына берілмеген?! Осымен өмір бітті, дәм таусылды, Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген. Тіршілікте әрекет етпеген соң, Сүйектен не шығады кебіндеген?..


 


Маңдайының терісі жиырыла қабағы түйілді. Тынысы тарыл- ғандай ауызын аңқита ашып, ышқына ауа жұтты. Кеудесі ке- ңігендей сәл ғана тынышталды. Енді суыққа жаурағандай құрыса қалшылдады. Соны байқаған Қадырихан үстіне жабылған көрпенің жан-жағын қымтады. Қалай да алдарқатып, көңілін басқаға аударғысы келеді. Ойдан ажыратса, тыныштық табар ма еді?..



  • Қайдағы бір аласапыран қиялмен арпалысып, әлекке түспей, азырақ тынығыңызшы...

  • Оған уақыт жетпейді, Қадырихан. Сағатым санаулы, соны сезбейсің бе!.. – деді Әсет үні булығып. Қарс ұра күрсініп, ерінін жалады, – Түу, ақырғы демің мұрныңның ұшына тақалғанда жан- таласа асығады екенсің-ау. Адам баласының ақтық тұяқ серпуі осы-ақ болар.. Іңірден қалсам, таңға жетем бе, жоқ па, ол екіталай... Қадыриханның жылы сөзбен демеп, қайраттандырғысы келеді.


Қайрап қажырға бойсұндырмақ. Басқа амалы жоқ. Бұл жолы өкпелеген балаша бұртия сөйледі.



  • Өзіңіз тіпті емпеңдеп қайдағы бір ажалға бас шұлғып алды- ңыз ғой... Сергісеңізші сілкініп!..

  • Көзім жетіп тұрған соң, қайтейін...

  • Ешкім көріпкел емес, құры елеске ере бермеңіз.

  • Сен сөзге айналдырма. Ойым шашырамасын, алаңдатпа.

  • Жаныңызды қинамасаңызшы...

  • Тыныс біткенше айтып қалайын, жаз әрі қарай...


Жолықтым дәм таусылар уақтысына, Ажалдың мейірімсіз қаттысына.


Жүргенде елден ауып, есік қағып, Тұрмыстың тура келіп тапшысына. Кеудемнен тіршіліктің үні өшіп, Жанымның қош айтыстым ақ құсына. Төбемде жарқыраған сәулем сөніп, Лақтырдым қолымдағы бақты суға. Айбарлы өлі арыстан болғаныммен, Тышқандай бағам бар ма жақты ашуға. Ажалды ақша беріп сатып алып, Кездестім надан елдің бақсысына.


Әу деген үнімді ел көп тыңдаған, Жиналып жаяуы да, аттысы да. Сөйлесем жүректегі шерін төккен, Арызды, армандысы, даттысы да. Сезімтал сергек туған көзі ашықтың Талапты, жалыны бар оттысы да.


Ажал ма, арманда ма, қалайша өлем, Білетін дәрігердің жоқ жақсысы да...


 


Өмірдің, жарық дүниенің қызығын қимай, алқымнан алған ажалдан құтылуға шара таппағандай әлсіздігіне өкіне күйініп қабағын шытты. Басын сәл көтеріп, ашық тұрған есіктен алысқа үңілді. Батып бара жатқан күннің алқызыл шапағы шалған көз ұшындағы көгілдір тауларға тесіле қарады. Соны қимағандай емірене жұтынып, шөліркей тамсанды. Түрегелмек боп ұмсынып еді, болбыраған буыны былқ-сылқ етіп, ширақ қимылға әлі жетпеді. Қадырихан ұшып тұрды да, қолтығынан демеп, тіктеу отырғызды. Жастығын биіктеп, арқасына сүйеніш қып қойды.



  • Орныңыздан тұрғызайын ба?

  • О, жарық дүние, қош!.. – деп өксіді Әсет қиырларға қадалып. Өркеш-өркеш жасыл бел, қадау шыңды ақ бас таулар маңқия мүлгіген. Жанарынан баданадай-баданадай жас тамшылары ыр- шып түсті. Адам баласының өмірде көрген қызығының барлық ыстық-суығы жер бетімен байланысты емес пе. Тау мен дала құшағында асыр салып өседі, уайымсыз ойнап-күледі. Тіпті қайғы- қасірет шегіп, қорлығына да төзеді. Ақтық тынысы үзілер сәтінде де сол жердің бетін қимай қиналады екен. Жер-ананың ерке түлегі саналатын адамның осы бір соңғы зарын ұғып қалғысы келгендей төбесінен аспан төнеді, бүкіл маңай сілтідей тынған. Жел де жерге шөккен. Қадыриханның дауысы жарықшақтана күңгірледі.

  • Әсаға, сабыр етіңіз, өзіңізді өзіңіз азаптамаңызшы... Сырттағы кісілердің де сұрқы қашқан. Дегбірсіздене үй жаққа құлақ тосады. Сәт сайын жанды түршіктіретін қорқынышты хабар күтіп, есікке үрейлене қарасады. Қайғылары түтеніп, қасірет шегеді. Үлгере ме, жоқ па, ел ағалары ақылдасып, мана-ақ қаладан дәрігер алып келуге қос атпен адам шаптырған. Сабырсызданған Мешпет би күн бата екі жігітке жетелетіп, тағы да қос атты жөнелтті.

  • Арғы жақтан келетін аттар талып жетеді. Сендер шапқан жотаның үстіртіндегі иінінде тосыңдар да, бері қарай дәрігерді тың атпен жөнелтіңдер.

  • Дәрігер үйінен табылса екен, – деп тіледі әрі-бері теңселе сенделген Ғапари.


Әсет қалжырағандай қайтадан жастыққа шалқалай жантайды. Аяқ-қолын созып жіберді. Ауызына толған ақ көбікті түкірді де, ісінген тілін сорып, тамсанып қойды. Сілекейі кермек татиды. Иегін сипалап, тамағын ысқылады.



  • Қолыңызды мен уқалайын, сіз тыныш жата беріңіз...

  • Қауқарым кеміп барады, Қадырихан. Сен қозғалмай отыр да, мені тыңда... Уақыт тоспайды.

  • Құлағым сізде, Әсаға.

  • Тездетіңкіреп жаз ендеше!..


 


Алмасты мүсәтір деп татып алдым, Дерт шалды өнебойды, жатып алдым. Құдайдан тура келсе арманым не, Ажалды бес теңгеге сатып алдым.


Өлімді ойламаған сорлы басым, Дүрмекке елтіп жүріп қапы қалдым. Өрнекті өлеңімнің гүлі қурап, Сөгілген ескі етіктей қақырадым.


Қоштасар мезгіл жетті ел-жұртыммен, Найман ел, жалпақ үйсін, қалың арғын...


Әлсірегендей сөзін үзіп, тыныс алды. Дауысында қырыл бар. Кеудесінің сырылы да көбейген. Өңешін қырнай жөткерінді де, кеберсіген ерінінің асты-үстін тілінің ұшымен айналдыра жалады. Тыныс алысы да жиілеген, кеудесін кере алқынады. Сүйек-сүйегі қақсап, тыншы кете бастады.



  • Шөлдедіңіз бе, Әсаға? Ыстық шай алып келейін бе? – деп сұрады Қадырихан сөзбен сергіте түсу үшін.

  • Мейлі, бір кесе қара шай әкеле ғой. Өңешім құрғап, қақы- рығым жабыса береді.


Қадырихан тысқа шыққан мезетте үйдің маңында әрлі-бер- лі адымдап жүрген Ғапари жөпелдете басып, қасына таяды. Бірдеңеден секем алғандай жаутандап қалт тұра қалды.



  • Не болды, неге жалғыз қалдырдың?

  • Шөлдеген сықылды, қара шай сұрайды.

  • Сен қасына бара бер, шайды мен әкелейін. Қадырихан ішке қайтып кірді. Көзін сүзілте алысқа қадаған Әсет қыбырсыз. Еңкейіп төне үңілді. Бетін жалындай ыстық леп шарпыды. Жүрегі орнына түсті. Әсет оның дыбысын сезіп, кірпігін ақырын қақты да, ернін жыбырлатты.

  • Шайың қайда, дайын емес пе екен? Ағайындардың да құтын қашырдық-ау...

  • Олай ойламаңыз, Әсаға! Бәрі сіздің қамыңызды жеп отыр.


Шайды қазір алып келеді.



  • Әлсіреп барамын. Буын-буыным сырқырап, сіңірлерім тартылғандай. Көзім қарауытып, айналам күңгірт көрінеді. Тілім де домбығып, аузыма сыймай тұр, ісінген секілді. Күрмелісі анық сезілмей ме?..

  • Қойыңызшы, қайдағыны айтпай. Ештеңе де жоқ. Бәрі де қаз- қалпында, ап-анық...

  • Әй, Қадырихан-ай, алдарқатып қайтесің, бала емеспіз ғой.

  • Жо-ғә, шыны сол...


 



  • Қуатымның сарқылып, тынысымның тартылып бара жатқа- нын сезбейсің-ау. Уақытты созба, жаз тағы!


Сәлем де артта қалған туған елге, Ту тігіп, думан құрып өскен жерге.


Жыртылып айырылатын үйрек-қазы, Самалы қоңыр салқын айдын көлге. Көре алмай ақтық рет өлерімде, Мойнымды сұнып тұрмын терең көрге. Ел-жұрттан алыс кетіп, ақырында Аяғын шалыс басқан мен бір пенде.


Ән-күйдің қызығына елтіп жүріп, Кез болдым кері аққан тасқын селге. Таусылып бара жатыр қауқар-күшім,


Шапқанда шапшитұғын шаршы өрге...


Үні құмыға бәсеңдеді. Әлсірей бастағаны байқалады. Өңі сұрлана қуқылданып, қинала тыпыршыды. Көзі кіртиіп, ішіне шөккен. Кірпігі сірне жаққандай жабысып, әлсіз жыпылықтайды. Таңдайын сорып, тілін бұлғалақтата тамсанады. Үлкен ақ шәйнек мен дөңгелек кәрлен кесені көтеріп Ғапари кірді.



  • Ыстық-ыстық шай ішші, – деп, өзі құйып ұсынды. Әсет зор- лана бір жамбасына аунап түсті де, қолы қалтыраған күйі кесені ұстады. Хош иісі бұрқыраған қызыл-күрең шайды аз-аздан ұрттады да, қасына тізе бүккен Ғапариге қимастықпен емірене қарады.

  • Ғапеке, өмірімнің ақыры мұндай шырғалаңға душар боларын ойламаппын. Ажал алқымнан алды. Көрдің ауызында тұрып-ақ ел- жұртымен емін-еркін арыздасып, армансыз өткен бір талай адам- дарды көріп ем. Сонау бір жылы ақтық демі алқымына тақалған Кемпірбай ақын мені көрген соң домбырасын қолына алды да, соңғы сөзін айтып қоштасты. Сол сәттің қайта дидар көріспейтін мәңгі айырылысу екенін білді. Сонда оны ерекше жаратылған құдіретті адам-ау деп ойлап ем. Сөйтсем, өлетініне көзің анық жеткен соң кірпігің жабылып, тынысың тоқтағанша көкейіңдегі айтылмай кетіп барады-ау деген сөзіңді сарқып тастауға асығады екенсің.


Сөзін үзіп-үзіп айтқанымен, ойын шашыратпады. Алқына дем алып, сабырлы, салмақты қалпынан жазбады.



  • Іш, Әсет-ай, өзіңді ұстап, тағат етсеңші, – деді Ғапари жебегісі келіп. – Дәрігерге кісі жібердік, көп ұзамай келіп те қалар... Та- былар емі,

  • Одан пайда бола қойса, Ғапеке. Тамақтан улансам зорланып құсып тастап, ішті тазалаған соң ем-дом жасаудың қисыны келер


 


еді. Ал менің ішкен уым қаныма сіңіп, бүкіл денемді жайлап алған жоқ па?..



  • Сүт іштің, май іштің, оның да себі тиер, – деп иландыруға тырысты Ғапари өз дертінің сырын біліп жатқан Әсеттің қайратына таңданып. Өйткені оның өңінен үрей, қорқыныш табы ойсырай білініп тұрған жоқ, өкініш қана жетелеген. Ойлағаны орынды. Әсет өзінің түйсігін жасырмады.

  • Соның бәрі денеге сіңіп, умен арпалысқанша менің де халім бітетін шығар... Ғапеке, мен соңғы сөзімді әлі айтып біткен жоқпын. Тілім күрмеліп, сөйлеуге келмей қалғанша қимылдап бағайын... Қай мезгіл болды өзі?

  • Күн батып барады, кеш кіріп қалды. Үйдің іші қараңғылау болып тұр ма? Қазір шам жаққызайын.

  • Дала күңгірттеу ғой, аспанды бұлт басқан ба?

  • Күн ашық. Қиналған соң басың айналып, көзің қарауытқан шығар, тынық біраз.

  • Иә, көзім бұлдырап тұр, құжынаған қызыл-жасыл дөңгелек шеңберлер шырайналып жүр... Ғапеке, сіз алаңдамай бара беріңіз. Қане, Қадырихан, жаз...


Алашқа атым шыққан Әсет ақын, Өлеңім – жан жолдасым болған жақын. Ақтарып ағытқанда түйдегімен, Мейірін тыңдаушының қандыратын.


Дәуірлер дәурен өтті желдей есіп,


Ел-жұртым қадірлейтін сөздің парқын. Жігіттер, өксімеңдер әнімді аңсап, Армандай еске түсер менің даңқым.


Сөздерді інжу-маржан ақтарғанда, Нөсердей сорғалатып жаудыратын. Аңыраған аспан-көкке асқақ әнім, Саған да уақыт жетті-ау қарлығатын...


Булыға жөтелді де, ауызына толған ақ көбікті түкірді. Жағы қарыса бастағандай тісін шықырлата қайрайды. Тыныс алысы бұрынғыдан бетер жиілей түсті. Дауысы құмықтана сыбырлайды. Көзін жұмып сәл тыныстады. Бойына қайратын жиғысы келгендей ширығады. Бір кесе май алып Жабықбай кірді.



  • Әсаға, мына майдан тағы да ішіп жіберіңізші...

  • Әй, шырағым-ай, соныңның шипасы білінбей тұр-ау... Әкел, батса бір жұтайын..,

  • Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады деген емес пе. Шыдаңыз, шипасы тиер, ақырын күтейік. Қамығып қажымаңыз.


 



  • Тажал қайдан келді дерің бар ма, Жабыш. Шалыс басқан адымыңды аңдып, көлеңкедей қасыңнан қалмайды екен.

  • Өкіне бермеңізші, ой да әлсіретеді адамды. Қайрат шақырып, азырақ сілкініңізші!..

  • Қайратымды ақылға қосып, көкейімдегіні түгел айтып кетуге жұмсап жатырмын, Жабықбайжан... Бір темір шеңгел барған сай- ын бүріп барады. Содан үлгере алмай қалам ба деп қорқамын... Қайран әндерім енді аспандар ма? Жорғалаған домбыра күйімді бәз қалпында өрнегіне келтіре ала ма? Өзімдей қайдан болсын?..

  • Әлі талай-талай шырқайсыз, Әсаға!

  • Оған тынысым жетсе... Жаз, Қадырихан!..


Бозбала осы әнімді үйренерсің, Ырғаққа келтіре алмай күйзелерсің. Білмесең сыр мінезін жақсы өнердің, Домбыра қайдан жорға күйге келсін. Асау ән жетегіңе жүрмеген соң, Біріңнен бірің көріп сүйрелерсің.


Боршалап, іреп-сойып өз бетіңмен, Тоқпақтап, найза сұғып түйрелерсің. Оған да көнбеген соң, көңлің қалып, Жуымай маңайына жиренерсің...



  • Сіздің әніңіз халқымыздың алтын қазынасы, Әсаға неге бүйдейсіз? – деді Жабықбай сенімін нығап.

  • Иесін таба алса ғой, шіркін?..


Кіржие қабағын шытты. Көзі қызарып, ішіне шөккен. Шаралы жанары ойсырап, орталанған. Өңі сұрланды. Танауы қусырылып, кірпігі әлсіз қыбырлайды. Еріні кеберсіген, шиедей қызара үлбіреп тұратын жұп-жұқа терісі қабыршықтанып, бозғылт сірнеге айналған. Қабағы қатып, айналасына сүзіле қарайды. Жалын атып, шоқша жайнайтын дөңгелек көзінің оты өшкіндеп, бұлдырлана жыпықтайды. Денесі ұйығандай болған соң, керіліп-созылып еді, Қадырихан сүйемелдей басын көтерді де:



  • Шай ішіңізші, – деп кесені аузына тосты. Бір ұрттады да қойды. Әлденендей үмітпен Жабықбай шым-шым ыстық май құйылған кесені көлденең тартты.

  • Майдан бір сіміріңізші!..


Денесі қалшылдай дірілдеген Әсет көңілін қимағандай бір жұтты да, жастыққа сылқ етіп құлай кетті... Осындай жанталаста жатқан ақынның арыз-арманын айтып кетуге соншама құлшынысы ерен ерліктің, үлкен жалынды жүректің адамды еріксіз бас идіретін құдіреттілігінің нышаны-ау. Ажалды қасқайып тұрып қарсы алып,


 


бұлағына бас имей кетуінің белгісі осы-ақ шығар. Ол дүниеден иман тілеп, зар илеп жатқан жоқ. Өзі өмір сүрген жер бетіндегі жарық дүниемен арыздасып, қоштасып жатыр. Халқына мұңын шағады, сырын шашады. Сол халқы үшін буырқана толғанып өтпеп пе еді! Осы қайсарлығының өзі ұрпағы ұмытпас өнеге емес пе?.. Ойға шомған Жабықбай қоңыр көзі жаудырай мұңайып, күрсініп жіберді. Соны сезген Әсет:



  • Мұңайма, бауырым, мұңайма, – деді үні булыға қырылдап, көзін жұмған қалпы. Сыйлы адамының қайғысы өзінің дертін ұмыттырып, енді оған өзі сабыр тіледі. – Мәңгі жасар адам жоқ. Ерте ме, кеш пе, түбінде бұл дүниеден әркім әр қилы жағдайда көшеді. Тек арманының, ойлағанының орындалмай қалғанына ғана өкінеді. Соған күйініп налиды. Өлімнің қасіреті де сол болар, бәлкім?..

  • Бұл дүниеде өкінішсіз адам бар ма, Әсаға?..

  • Адам әр қилы. Қомағайлар қорқақ келеді. Жей алмай қал- ғанына қынжылады. Мал-мүлкін қимай қиналады. Менің қазы- нам кеудемде еді. Сол байлығымды халқыма үлсетіріп үлгере алмағаныма өкінемін... Енді, міне, ақырғы сағатымда шамамның жеткенінше айтып кету үшін арпалысудамын... Жаз, Қадырихан!..


Ішінде өсіп-өндім қызай елдің, Жерлерін Күнес, Текес мекендедім.


Қандырған құлақ құршын тыңдаушының, Осы екен қайран даусым жетер жерің.


Дүниенің қызығына тоямын деп,


Көз жұмдың пақыр Әсет, бітті демің. Сыймайтын шалқығанда арнасына, Сарқылып бара жатыр тасқын-селім. Өмірдің шыңырауын құлдиладым, Сырғанап мойыныма кетті-ау ерім...


Үні тұмшаланғандай қарлықты, өңешіне қақырық жабысқандай кіркілдеп, кеудесі сырылдады да, сөзі құмықты. Шыдамсыздана аунақшып, тамсана береді. Ауа жетпей, ауызын балықша ашып, ышқына дем тартады. Екі қолымен екі иығын мыжғылап, қысқа мойынын оңды-солды толғайды. Ерке күндері бұлаңдай елес берді ме, жан-жағына елеурей көз жүгіртті. Жиналған жүгі, әсем жиһазы, келісті жасауы жоқ қаңыраған үйдің іші үңірейген үңгір тәрізді. Батып бара жатқан күннің жер бетіне шашыраған қызыл шапағын түріп, бірте-бірте жақындап келе жатқан түн қараңғылығы барлық жарықты түпсіз түнек қуысқа қарай сиырғандай іңір үйірілді. Әлемдегі қызыл, жасыл, сары, көк бояулардың бәрі сұрғылттанып,


 


өңі қашқан. Көгілдір аспан да түнерген, сұп-сұр, көзінің айналасы көкшілденген Әсеттің ыңқылы күшейді. Денесі қақсап, жотасы шанышқылады. Қадырихан бетіне әлсін-әлсін үңіледі. Нашарлап бара жатқанын сезді.



  • Әсаға, бірдеңе керек пе?

  • Жастықты аздап биіктетші, кеудем қысылып барады. Төмен жатқандікі ме, басым айналып, жүрегім айнып тұр.


Қадырихан мен Жабықбай қатар түрегелді де, бас жағына шығып, екеулеп жастықтың астына қабатталған тонды жаста- ды. Шалқалап, соған арқасын сүйеген Әсеттің қолын Жабықбай уқалады. Қалай да бір сеп болар шипаның жолын таба алмай абдырасқан.



  • Денеңіз құрысып жатса, маймен сылайын.

  • Жанарымды тұман басып, бұлт қаптағандай қарауытып тұр.


Құжынаған қалың шыбын жүйтки ұшып жүрген секілді.



  • Шаршағандікі ғой. Ыстық өтсе де адамның көзі бұлдырай бермей ме? – деп жұбатты Жабықбай.

  • Әй, қайдам... – деп қамыққан Әсет толғана шиыршық атты да, аса байсалды қалыппен сөзін жалғады. – Кім біледі, көкейден ұшып шығып жатқан өлең болар, көбелек құсап көлбеңдеп, кеудемдегі гүлін қиып кете алмай жүрген...

  • Әсаға-ау, бу боп тарап жатқан удың зардабы ғой ол...

  • Түу, үнім де қырылдап, дыбысым өшіп барады. Аңыраған әнім де қарлығады-ау осылай. Кеудемнің оты сөніп, жүректің гүлі солған соң әннің қош айтысқан түрі ме?..

  • Қит еткеннің бәрін өлімге жори бермесеңізші, Әсаға, – деді Қадырихан бұртия көзі жапақтап.


– Одан шошыма, Қадырихан. Қараңғылық қоршап, денем суынып барады сәт сайын. Кеудем құрт кеміргендей ашиды, тынысымның жолы да тарылды. Көздің нұры азайды. Бұлыңғыр мұнары молайды. Енді несіне өзімді де, өзгені де алдарқатамын. Қапыда торға түскен арыстан қанша арпалысып, бұлқынса да құтыла алмайды. Мен де түпсіз шыңырауға құлаған жанмын. Елеске алданба... Жазып қал, Қадырихан, жазып қал...



  • Жазайын, айта беріңіз.


Әлденеге асыққандай Әсет жанының қиналғанына қарамастан бір нүктеге қадалған қалпымен өлеңін жұптады да, бар күшін салып әрі жалғады:


Өлеңмен атақ жайдым оң мен солға, Жүйрік ем сүрінбеген терең орға.


Еркелеп ел ішінде жүруші едім,


 


Қапыда құтылмастай түстім торға. Тірліктің нұры сөніп бара жатыр, Бір Алла сапарымды өзің оңда.


Тарылып талыс кеудем күрілдеген, Шығады қырылдаған үнім зорға. Дертке дәрмен, көнлімнің гүлі болған, Осы өлең адастырды-ау ақтық жолда...


Көзінен баданадай бір тамшы мөлдір жас домалана ыршып түсті де, тырс етіп жастыққа тамды, Қыр мұрнының тіктеу кеңсірігінің сағасында ирелеңдей сыздықтаған дымқыл із қалды.


Шапақ батып, іңір қараңғылығы қоюланды. Лезде көз бай- ланды. Қара көк аспанның төрінде самсаған жұлдыз жылтыл- дайды. Бір жігіт жарығы мол, көзі шағылыстыра жарқыраған алтылық шамды бір қолымен ұстап, екінші қолымен өзі көтере кірген кішкене тақтай орындықты үйдің ортасына қойды да, үстіне шамды орналастырды. Сырттағы кісілер бір-бірлеп ішке кірді де, төр алдында ұзынынан сұлап жатқан Әсетті қоршалап, іргеге тақай орналасты.



  • Әсетжан, шамаң келсе, көз шырымын алшы, – деді Шадай қария ағалық ыстық ықыласпен үнсіздікті серпіп.


Әсеттің өңі сұрғылт. Дауысы да мүлде бұзылыпты. Тамағы бітіп қалған кісіше қырылдайды. Сөзі де үзік-үзік. Үні зорға естіледі.



  • Шәке-ау, тынығар күн қайда?.. Тынысым бір жола тынатын секілді. Орталарыңызда дүрілдетіп жүр едім, міне, тағдыр тұсау салып, тұралатты да тастады, амал бар ма?

  • Қой, шырағым, сабыр сақтап, қайрат қыл. Өйтіп жасыма!.. Әлі-ақ оңаласың, үмітіңді үзбе! – деді Мешпет би де өзінің осында екенін сездіру үшін. – Сүрінбейтін тұяқ жоқ, күні ертең кең өрісіңе құлаш жайып, суатыңнан су ішіп қанасың.


Әсет жаны қиналса да ағаларының сөзін бөлмей тындады. Жан азабын сездіргісі келмесе де, ентіге дем алады. Қажығандай көзі шүңірейіп, айналасы көгілдір тартқан. Беті талаурай күреңіткен. Кеберсіген ерінін жалап, қырылдаған үнмен өзінің ішкі жайын ұқтырды.



  • Өзегіме шоқ түсіп кеткендей жанып барады. Кеудемді өрт шарпыды. Қара құрт кеміргендей сүйек-сүйегім сырқырап қақсап тұр. Әлгі бір әзірде көзімнің алдында қаптаған қызыл-жасыл шеңберлер шырайнала дөңгеленіп жүр еді, енді жанарымды мұнар басып, пердесі қалыңдады...

  • Онда сөз қуалап, қинала бермесейші, – деді Мешпет би басалқалы ағалық ниетін білдіріп. – Ой да ауыр тиеді. Сау кісінің


 


өзі сөз қисынын іздегенде дертке шалдығады. Оңалып, әл жиған соң айтарсың бар сырыңды...


Ашып айтуға батына алмаса да үйдегілер аяулы ақынының жанына батқан азабына ортақтасқандай томсарысқан кейіпте, үнсіз налыған. Жүректері сыздайды. Күдіктері де үрейге ұласып, зәрелері ұшқан. Әсет күрс-күрс ыңқылдайды. Тыныс алысы бұрынғыдан да жиілеген. Қатты аласұрып, дөңбекшімесе де, тілін тістеп шыдап бағатын сықылды. Бұлардың алдында әлсіздік танытқысы келмейтін түрі бар. Көзін ашып, төңірегін шолды. Еті қызарған жанары бозарыңқы. Күл болып сөніп бара жатқан шоқ сияқты, қызуы жоқ. Кірпігі әлсіз жыпылықтайды. Танауы қусырылып, жағы солыңқырап үрпиген. Суық ұрған гүлдей со- лып, еті толық беті болбыраған. Иегі дірілдеп, тұншыға күбірледі.



  • Бұл елге еркелей келіп ем, ағайын. Шайпау сөзім, шалыс қылығым болса, кешіре көріңіздер!.. Өз елім, тамыры бір, өзектес жұртым санаған соң жалпы халқымыздың қамы үшін айтқан шығармын кейбір ащы ойларды...

  • Үзілгенімізді жалғадың, оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

  • Мешаға... – деді Әсет бидің жайдары лебізіне балқығандай сәл тыныстап. Осының өзі жанына батты. Осы асыл жанды адамдардың артында егіліп қалатынын ойлағандай қабағын шытты. Анығын жасырмауға тырысты. – Енді маған дұшпан да, дос та жоқ. Барар жерім – тастай қараңғы бір қуыс...

  • Оған асықпа, Әсетжан. Бәріміздің де түпкі тұрағымыз сол.


Бірақ саған әлі ерте...



  • Міне, Мешаға, жүрегім де шанышқылады. Өршіген дерт шеңгелдеді-ау, шамасы...

  • Кімнің жүрегі сау дейсің, шырағым...

  • Ой, дүние-ай... Әкесі үйінен алыста жүріп дүниеден өтсе, бала-шағасы ауызына су тамызып, дәм татқыза алмағанын арман етіп боздайды. Менің де бала-шағамның басында сондай арман қалатын болды-ау...

  • Артын күт, Әсетжан... Оны адам баласы болжай алмайды.

  • Әйткенмен, ағайындар, ықыласпен берген дәмдерің, ішкізген сусындарың тынысым үзілгенше мені зарықтырмайды. Мұңымды емес, өкініш сөзімді айтайын.

  • Айта ғой, Әсетжан, – деді Шадай қария дауысы қалтырап.


Басқалар да қостағандай бөтен сөз қоспады.



  • Қадырихан, бармысың қасымда?.. Айнала неге қараңғы?

  • Сізді тастап қайда барушы ем, Әсаға?.. Қараңғы емес, шам жанып тұр...

  • Кім біледі, түк көрінбейді.


 



  • Қиналып көп сөйлеп кеттің, Әсетжан. Содан басың айналды ма? Енді тыныш дем алшы... – деді Мешпет би әлсіреген түрінен шошынса да, демеп.

  • Ондай күн енді туа қойса... Қадырихан, тыңда!.. – Қасы- ңыздамын, Әсаға!

  • Ендеше, жаз...


Ел-жұртым, аға-іні – көңіл хошым, Бұл менің арыздасқан сөзім болсын. Даусымды ести алмай арындаған,


Сыбырым таңдандырар шыққан тосын. Кешегі дүрілдеген заманымда, Бастадым өз ортаңда әннің көшін.


Барады қарауытып қос жанарым, Тағдырым сыйға тартты күңгірт кешін. Ақырғы айтар сөзім осы болды,


Бәрі бір мейлі дұшпан, мейлі досым. Артымда тірі қалған үлкен-кіші, Бәріне осы ақтық айтқан қошым!..


Дауысы тұтыға сыбырлап барып шорт тыйылды. Көзі жұ- мылды, иегі жыбырлай дірілдеді. Бүкіл күш-қуатын осы бір соңғы сөзін түйіндеп тастауға ғана сарқа жұмсағандай әлсірей берді. Аяқ-қолы созылып, денесі борсыған еттей болбырай бастады. Тыныстағандай бір мезет дыбыр-дыбыссыз қыбырсыз жатты. Дем алысы жиіледі. Ауызын ашып, үсті-үстіне ырсылдай алқынады. Әлденеден сезіктенген Шадай қария құйрығымен ілгері сырғанап, Әсеттің төсегіне жақындады да, тынысын тыңдап, күдіктене үңілді. Науқастың дөңгелек жүзі қара-күреңденген, шықшытының терісі жыбыр-жыбыр етеді. Танауы қусырылған. Қарысқан жағының күйісін қайтарғандай тісін шықырлата қайрайды. Шадай қария үнін соза дауыстап:



  • Әсетжан, қандайсың?.. – деп сұрады. Әлсіреген Әсет енді мұң шаққандай үзіп-үзіп міңгірледі:

  • Шә-ке, тұ-ла бой-ым қақ-сап ба-ра-ды...

  • Сабыр, Әсетжан... ақырын күт, айналайын... – деді де, қария телмірген жұртқа қарап ақырын сөйледі. – Әй, қиын, әлі кетіп барады. Өңі тым сұрғылт...


Мұны естігендей Әсет ширығып, ыңырана үн қатты:



  • Қай-те-йін... қай-ла жоқ...


Тілі ауызына сыймай ісінген. Сөйлеуге келмейді, күрмеліңкі. Иегі зорға қыбырлайды. Көзін сығырайта ашып еді, кірпігі қалтырады. Еті қып-қызыл боп қанталаған, оты азайған, қарашығы үлкейіп, жалыны өшкіндеген...


 


Алыстан шапқан аттың дүбірі естілді. Үйдегілер елеңдесе құлақ түрді. Бірте-бірте жақындап, шапқан ат үйге тақады. Танауларынан жел гулеген қос ат сол арынмен Әсетке арнайы тігілген отаудың сыртына келіп тоқтады. Үйден жүгіре шыққан жігіттер ат ұстады. Аздан кейін қолына кішкене қара қобдиша ұстаған, жұқа қоңыр шекпен киген ақ сары кісіні ілестіріп Қасен кірді.



  • Ассалау-мағайкүм, саламатсыздар ма?.. – деп амандасты да, арықтау орта бойлы жұқа сары кісі шекпенін шеше бастағанда-ақ Қасен іліп алып, керегенің басына ілді. Дәрігер состия мұңайып тұрған Ғапариді көрген соң басын иді де, жөнін айтты. – Бари абзи, сіздің хатты ала сала атқа міндім. Күн бата Шапқанжотаның өрінен саржеліспен асып ек, мұндай жақсы шара жасапсыздар, сол жерде тың аттар тосып тұрыпты... Бұл кісіге не болған енді, неден уланған?..

  • Абайламай мүсәтір деп алмас татып алған, – деді Ғапари мұңды кейіппен жағдайды түсіндіріп.

  • Би, болмаған енді, онысы қиын екен...


Басын шайқаған дәрігер Әсеттің қасына әдейілеп қойылған жатаған кішкене тақтай орындыққа отырып, тамырын ұстады. Төс қалтасынан күміс сағатын шығарып, көз жазбай сығалады. Одан кейін қобдишасын ашты. Өзінің бір ауыз түйінді сөзін есту- ге елеңдей құлақ түрген адамдарға көзінің қырын салды. Көптің үмітін Ғапари жеткізді.



  • Қалай, үміт бар ма?..

  • Жүрегінің соғысы тым әлсіз. Не істесем екен, ә?..

  • Қолыңнан келгенді аяма.

  • Мұндайға ем қолданып көрген емен. У денесіне түгел жа- йылған. Қараңыз әне, өтіп кеткен. Міне, бетінің қаны ұйыған, күлдей сұрғылт тартыпты. Қане, туысқан, естисіз бе, ауызыңызды ашып, тіліңізді көрсетіңізші...


Әсет қиналып, ауызын аша алмап еді, дәрігер қалайы қалағын тісінің арасына сұғып жіберіп көмектесті. Күңгірлеген дауыс үсті- үстіне талап еткен соң зорлана тілін шығарды. Қане оқталанып, өрт шалғандай қызара бөртіп тұр. Дәрігер жұқа ақ қалайы қалақшамен үстінен ептеп басып, таңдайына үңілді. Таңдайы ақ өзектеніп, күйген құйқадай сірескен, қылаулана бозарған. Жұтқыншағы қаны сорғалаған жас еттей күлдіреген.



  • Күйдіріп жіберген бе?.. – деп абыржыды шишалы шамды тақай ұстап тұрған Жабықбай мұны көріп. Шарасыздықтан дәрігердің де көзі бақырайып, күйіне басын шайқады.

  • Мүлде өртеніп біткен... тамағы да, өңеші де іріген...


 



  • Ға-пе-ке... – деп Әсет қырылдаған буалдыр дауыспен ыңыранды ерінін жыбырлатып. Қиюы қашқан, біріне-бірі жұ- тыспайды. Ісініп, домбыққан, дүрдиіп тұр. Үні де бәсең, әлжуаз. Көзін сығырайта ашты да, айналасына жапақтай бір қарап, қайта- дан жұмды. Тілі сөйлеуге оралымсыз. Сөзі де үзік-үзік. Ұқтырып айтуға шамасы жоқ. Ғапари қасына тақады.

  • Әсет, мен мұндамын, не айтасың?..

  • А-ма-нат... қо-ш-ш.. – деді де, одан әріге шамасы жетпей, үні ішіне түсіп, дыбысы өшті. Басын оңды-солды бұлғақтата толғады да, қатты қиналды. Анда-санда бір ашылған көзі бозарыңқы. Кеудесінің сырылы молайып, алқынысы бұрынғыдан бетер жиіледі. Күрс-күрс ентігеді. Ғапари жебегісі келген сыңаймен демеу болатын жылы ниетін айтты:

  • Әсет, міне, дәрігер келді, енді қарап емдейді!..

  • Ы-ың... – деп ыңыранды Әсет мұны түсінгенін сол ыңы- раныспен ғана сездіріп. Есі кіресілі-шығасылы сықылды. Дәрігер қайтадан тамырын ұстады. Ұш жағына іші қуыс дөңгелек бекітілген түтікшемен кеудесін тыңдады. Аздан кейін басын көтеріп, өзіне аңтарыла қараған жұрттың көңілін аудара басын шайқап, қынжылысын айтты жасырмай:

  • Қолдан келер шара жоқ... Өте қатты уланған, халі ауыр...

  • Ой, тағдыр-ай... – деп қайғыра күрсінді Мешпет би бұл үмітсіздікке алаңдап. – Адам баласының жазмышы жаныңды түршіктіретін шырғалаңға ұшырай береді екен-ау... Бағана ғана ортамызда гүлдей жайнап отырған адамның күйі мынау...


Жұрттың жүрегін үрей торлады, ұсқындары сұрланды, сүреңсіз. Әсет бір-екі рет лоқсыды. Өкпесін соға қатты, алқына дем алып жатқаны болмаса, сөзден қалды. Көзін тарс жұмған. Ауызы сәл ғана ашулы, аппақ тістері жылтырайды. Езуінен ақ көбік көпіршіп, сілекей шұбырды. Қадырихан қолындағы орамалмен әлсін-әлсін сүртіп, тазалап қояды. Дәрігер де тамырын жиі-жиі ұстай береді. Жүрегінің тоқтағанын ғана бақылаған түрі бар. Әсетте қимыл жоқ. Пысылдай тыныс алғаны ғана естіледі. Әлден уақытта қабағы шытыңқы дәрігер орнынан созалаңдай түрегелді.



  • Енді туған-туыстарына хабар салып, шақырта беріңіздер...


Көпке созылмай тынысы тоқтайды.



  • Мұның туғаны да, туысы да, ең жақын адамдары да осында отырғандар, – деді Ғапари қайғыра күрсініп. Дәрігер қазақтардың жаудыраған мұңды көздерін айналдыра шолып өтті.

  • Солай, ағайындар, қамдана беріңіздер...


Сол-ақ екен, үлкен-кішінің бәрі көздерінің жасын сықты.



  • Қайран боздағым-ай...


 



  • Арманда кетті-ау...


Арыстай боп созылып жатқан Әсетке қимастықпен емірене қарады. Егделер тезірек тыйылып, біріне-бірі тоқтау айта бастады.



  • Орны толмас есіл ер-ай...

  • Топырағы торқа болсын!..

  • Жазмыштан озбақ жоқ. Шыр етіп жерге түскенде топырағы осы Ұланбурадан бұйырған екен...


Жаздың қысқа таңы сарғайды. Аспанның шеті бозарды. Жібек самал жердің бетін желпіді. Үйдегілер үрпиісіп, науқастың соңғы тынысын күтеді. Әр дыбысқа, қылт еткен құбылысқа қадала құлақ тосады. Төсек жаққа қайғыра қарасады жаутаңдап. Қасірет уы тырналағандай кеуделері ашиды, бауырлары езілгендей күйреген. Бір кезде Әсет иегін көтеріңкірей қақты да, ышқына дем алды.


Аяғы созылыңқырап барып сылқ түсті... Орай соққан дауылдай гулейтін өңештен шығып тұрған әлсіз тыныс шорт үзіліп, сап тына қалды. Нұрлы жүз күлдей сұрланды. Жалынды жүректің алау оты сөніп, денесі суыды, аяқ-қолы серейіп қимылсыз жатыр.


Шадай қария түрегеліп, төсекке таяды, Әсеттің жансыз аяқ- қолын қалыпты түрге салды. Денесін түзеп, жөндеп жатқызды. Мешпет би дұға оқыды. Қадырихан ой бауырымдап, тымық түнді басына көтере өкірді де, қарс ұра өксіді. Басқа жанашыр кісілер де көздерінің жасын сорғалатты...



  • Қанша боздасақ та, енді Әсетті тірілте алмаймыз, – деді Шадай қария ағыл-тегіл еңіреген жұртқа сабыр тілегендей. – Жылағанды қойыңдар. Одан да ардағымызды аялап жер бесігіне қоюдың қамын жасайық. Бұл да парызымыз.


Бұл пікірдің ықпалы жұртты сәл тыныштандырды. Үйсіз- күйсіз аяулы азаматын ардақтап, ақтық сапарына шығарып салуды өздерінің борышы санаған-ды.



  • Міне, таң да атты, – деді Мешпет би осы оймен. – Бүгін құр- ман айт қой. Жаназасын айт намазымен бірге оқиық.

  • Иә. Оның сауабы үлкен, ақ көңіл адам еді, – деп, бұл ұсынысты Шадай қария да қостады.

  • Ендеше, күн шықпай жан-жақтағы елге хабар беріңдер...

  • Жабықбайжан, осы істі өзің текте.


Жабықбай бұл жоралғыға ағалық еткен Мешпет би мен Шадай қарияны қанағаттандырғысы келгендей ашық жауап қайырды.



  • Оған қазірден кірісеміз...

  • Қасен, сен ауылға шап, ел-жұртқа хабар тарат. Зиратқа барып, қабыр қазатын жігіттерді сайлап жібер, – деді Мешпет би көзі жасаураған жігітке өзінің ойын түсіндіріп. Жабықбай да


 


орнынан түрегелді. Ілгері аттады да, мұңайып тұрған Ғапариге мойын бұрды.



  • Ғапеке, сүйегі осы үйден шықсын, басқа жерге көшіріп, тасымай-ақ қоялық, обал болар. Мен үй жаққа барып, сойыс малын, қазан-ошаққа қарайтын қатын-қалаш, жігіт-желеңді жіберейін.

  • Жабықбайжан, жөн білетін адамдарды да қалдырма, қазақы әдетке біз шорқақтаумыз ғой.

  • Оны білемін, – деді Жабықбай бұл сырға түсініп. Тағы бірдеңе сұрағысы кеп Мешпет биге бұрылды. – Аға, зират басына біздің ауылдан да адам барсын ба?

  • Қолдың көптігі артықтық етпес. Әлгі ұстаға айт, құрал- сайманын, балта-шотын ала барсын. Қарағай кесетін жігіттерді қос. Елдің осындай жиын кезінде қабырының басына сағанағын да біржола тұрғызып қоялық.


Осы кеңес-пішімнен кейін Шадай қария да ауылына жөнелді. Ол да азаға өз үлесін қосудың қамын жасауды ұйғарды. Үйде Мешпет би, Ғапари, Қадырихан, дәрігер және түн күзетіскен басқа да үш-төрт адам сүйек бағып қалды... Шапағын шашыратып күн шыға бастағанда тұс-тұстан осылай қарай аттылы-жаяу адамдар ағылды. Аттарын оңашаға айқастырып байлап тастап, үй маңында топ-топ боп шоғырланып отырысты.


Жігіттер жерошақ қазып, қазан асып жүр. Біреулер басын түйіп, үш сирақтатып көтерілген бақанға іліп қойып, қойдың терісін іреп жатыр. Өгізге отын артып келгендер оны түсіріп, өздері бұтарлады. Әр алуан ырым-жырымға жұмсалатын ірілі-ұсақ мал да жиналған екен, бөлек қосақталып қойылған.


Бір кезде қасында Шіргені қосыстаған елдің ағасы Әлімжан бар, өзінің әйелі Күмісжан мен Жәмішті ілестіріп, арындаған саржеліспен Кемелбек жетті. Басқалар құсап томсарып келмей, сонадайдан «Ой, бауырымын» салып, ботадай боздап келді. Бүйірін таянып, есік алдында жылап тұрған Қадыриханмен көрісті. Оған қосылып екі әйел де дауыс салып жылады. Әсіресе қай-қайдағыны, елі-жұртын айтып егілген Жәміштің зары үлкен- кішінің сай-сүйегін сырқыратты. Қолы жетпеген арманын да, ішін өртеген қайғысын да, орны толмас өкінішін де дауысқа қосып, дағдылы жоқтау жырмен айтты:


Адырдан жылқы қумадым, Анадан ұл боп тумадым. Арманда кеттің, ағашым, Болмадым неге құрбаның?.. Кынама мешпет кимедім,


 


Түймесін ызып түймедім. Арманы таудай, бауырым, Еліңмен бірге күлмедің. Жарқырап таңым атпады-ау, Аспанды тұман қаптады-ау. Аңсап та жүрген елінен Ақырғы дәмін татпады-ау...


Тұс-тұстан жұбатып, басу айтқан лебіздер естілді. Соның ішінде Шадай қарияның дауысы басымдау шығып, жанашыр қамқорлығын танытты. Жан сөзін айтты.



  • Сабыр қыл, шырағым. Жалғыз сен емес, бәріміздің де қа- бырғамызға батып тұр. Қайтейік, тағдырдың жазуы солай шығар. Ол біздің ғана емес, бүкіл қазақ елінің Әсеті еді. Қияғы бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ. Қасіретіміз ортақ. Елі егіліп отыр, оны ұмытпайды. Тауық ұшса – тамға қонады, қыран ұшса – тауға қонады. Әсет қазақ халқының аспанына самғап шыққан қыраны еді. Біздің төбемізде бұлаңдап қалықтайды да жүреді. Тыңдаған өлеңіңнің ішінде Әсет бар. Салынған әннен Әсеттің дауысын естисің. Ол өлмейді, алтын дидары елінің жүрегінен өшпейді. Көз алдында жайнаңдап тұрады. Ұрпағы ауызынан тастамайды асыл әндерін...


Үлкен кісілер ыстық ықыласпен тоқтау айтқан соң Жәміш жасын тыйып, беті-қолын жуды. Бойын ширақ ұстап, қазан-ошақ басындағы жұмыстарға барып араласты. Осы әрекетімен Әсетке ақтық қызметін етуді өзінің парызы санады. Кеудесі өртеніп, жү- регі сыздаған Жәміштің сүрең-сұрқы қашқан. Бетінде қан-сөл жоқ, күлдей сұп-сұр. Көзінің жасы сорғалап, үнсіз егіледі. Неғылған сор маңдай едім мен бейбақ. Тым құрса, дауысын емін-еркін құмардан шығып тыңдай алмай қалдым-ау... Енді не күтемін бұл дүниеден? Өмір бойы сырттай елесіне табындым. Енді кездесіп, көзім қанғанша, міне, оның өзі де сағымға сіңгендей ғайып болды. Менің де басымды айықпас қара бұлт, жүрегімді қара түнек бүркеді. О, жалған, бұ дүниеден маған арналған түймедей да жарық сәулеңнің сілемі қалмағаны ма? Күндіз-түні көзімді ілмей телмірген шыра- ғым сөніп, жанымды жылытатын үмітімнің бір жола үзілген жері осы болғаны ма?.. Қойныма сұр жылан сақтаумен қайтіп өмір сүремін? Тірі өлік боп өтемін бе?.. Бүйтіп қорланбайын, не көрсем де басымды бәйгеге тіктім!.. Әсет елге жетуді ұлы мақсаты етіп еді. Тым құрығанда сол арманын елге алып баруға шамам жетер... Өлсем жаным артық па, сол жолда-ақ өлейін... Іштей өксіген Жә- міш осыған бекінді де, ерінін жігерлене жымқырды.


 


Жиналған кісілердің ішіндегі қариялардың ұйғарымы бой- ынша Ламбура жотасының қыр басындағы Тасжота зиратының төменгі етегінде, сол жердегі саздауыт ойпатта құрман айт намазы оқылатын болды. Әсеттің жаназасы да сол арада шығарылады. Сәске түс әлетінде қалың қауым сол тұсқа қарай сырғыды.


Дәстүр бойынша, сыйлы қариялар Әсеттің сүйегіне түскен. Арулап жуды да, аппақ матадан пішілген кебінін кигізді. Кілемге орап, табытқа салған денені Кемелбек бастаған қарулы жігіттер иықтарына салып көтеріп алып жүрді. Сол беттерімен намаз оқылатын сазға алып барды. Ғапари, Шадай қария, Мешпет би, тағы басқа бір топ үлкен кісілер мен Әсеттің көңілдес, дәмдес болған сыйлас-сырлас адамдары мәйіттің соңынан шұбыра еріп отырды. Қара құрым адам жалпақ сазда иін тіресе сапқа тізілді. Жүздерін мұң торлаған, ауыр қайғыға шомған, қамыға күйзелген. Ашық аспанның төрі де шаң басқандай бұлыңғыр тартқан.


Күннің көзін бозғылт мұнар кіреукелеген. Көптің көңілін торлаған қайғы тұманы көкті де жауып алғандай...


Айт намазы оқылып біткеннен кейін Әсеттің жаназасы шығарылды. Қыбылаға жүздерін берген адамдардың алдына үстіне ақ мата, қызыл кілем жабылған табыт көлденең қойылды. Бәрі де іштерінен ақынға ақ тілеулерін білдірді шын ықыласпен. Содан кейін төрт-бес жүздей кісі Тасжота зиратына ардақтай алып барды да, зор құрметпен аялап жерледі.


Кеше ғана дүниені дүбірлетіп жүрген жалынды жүрек, талыс кеуде, шалқи әуелеген арынды әуен ошақтай ғана қуысқа сый- ды да, бетін тоқымдай қара қошқыл топырақ жапты. Жер беті дым көрмегендей былқ етпестен тымырайып тұр. Сол бейғам тұрпатынан көп сыр ұғылғандай. Менің құшағым – мәңгілік бесігің адамзат!.. Мен адам баласын алаламаймын, жақсылықтан басқаны тілемеймін. Соны сезесіңдер ме? Өздеріңе өздерің істеген зұлымдықты менен көрмеңдер... Өлі денелеріңді далада қалдырмаймын... Ол да сендердің қамдарың үшін. Күллі қайғы- қасіреттің сипатын өздерің ұғып алыңдар. Құтылар шараны да өздерің табыңдар... Одан мен құтқара алмаймын. Қайғы өздеріңнен. Ал өзектерің талса – мен нәр беремін... Жер-ана осылай сыр тастап, тіршілік әрекетінің салмағын адам баласы- ның өзіне қалдыратын сықылды. Мұндай сәтте бұл жайларды саралап жататын кім бар дейсің...


Қабырдың жас топырағы үйіліп біткен соң, арнайы әзірленген бөренелерді айналдыра қалап, лезде ағаштан сағанағын да өріп тұрғызысты. Ақырғы қоштасу дұғаларын оқып, беттерін сипап


 


қоштасқан жұрт та тарады. Төбе басындағы жас қабыр адамдар алыстаған сайын төмен шөгіп, тұңғиық мұнар құшағына көміліп қала берді. Оқшау әлемге ауысқандай.


Әсетке бағышталған бұл күнгі қатым-құран Ғапаридің ауы- лында оқылып, соңғы асы ішіліп болғаннан кейін Мешпет би:



  • Рақмет қажы, досыңды өз үйіңнен мәңгілік сапарына шығарып салдың, ел разы. Ендігі кезек біздікі, – деп Ғапариға алғысын айтты да, жетісін беруді өзінің мойнына алаты- нын жариялады. Ел разы боп тарады. Әсеттің атын жетелеп, Қадыриханды ауылына алып қайтты.


Қайғысы меңдеп, санасын түнек мұң торлаған Қадыриханға ас батпады. Көзі жаудырап, жанары бұлыңғырланған. Басы айналғандай теңселеді. Қабағы қарс жабулы. Тіпті ашық сөзден де қалды, өңі бозарып, инелікше қатты. Мешпет бидің оңаша үйіне кірген соң бауырын жерге төсеп, етпетінен түсіп жатып қалды. Басын да көтермеді. Көпті көрген, талай ауыртпалықты бастан кешкен кәрі би оның қайғылы жүрегіне жұбаныш себетін қилы-қилы әсерлі сөздер айтып, сабыр-тақатқа үйірді. Көзден кеткен соң көңіл де суынады екен. Күн өткен сайын буыны бекігендей Қадырихан да біртіндеп есін жия бастады. Тірі адамның көңілі жіпселеседі екен. Бала жасынан құлағына сіңген қағидамен: «Жапырақ ұшып – желге кетті, аққу ұшып – көлге кетті, тағдырымыз солай, Әсет те бәріміз баратын жерге кетті» деп, өзін-өзі қайрап жұбаныш іздеді.


Әсетті жерлеп қайтқан күні ауылына келе сала-ақ Мешпет би өзінің ерке-сылқым немересі Рақымбердіні шақырып алған.



  • Балам, біраз күнге дейін біздің ауылдың маңайында дырдулап ән салып, сауық құрмай тұра тұрыңдар, – деді жабырқаған түрмен. Мұндай қолқа салмайтын атасына таңданып қалған жігітке өз ойын түсіндірді.

  • Мен бүкіл елге Әсет ағаңның жетісін өткіземін деп уәде бердім. Соған дейін біз де аза тұтып, марқұмның аруағын разы қылайық!..

  • Бұл ықыласыңызға бас иемін, ата! Өмірбақи ұмытпаспын. Әсағаңды ардақтағаныңыз, біздің елдің де абыройын асырады. Ол да бір мерей емес пе!.. Осындай қаза үстінде ән салуға ауызымыз бара қоймас, ата!..


Мешпет би қызына, қинала сөйлеген немересіне көзінің қия- ғымен сүзіле қарады да, үндемеді. Бұл қаза бұған да батқан-ау, шамасы. Қайтсін, құмардан шыға алмай қалды. Әлі үйреніп үлгермеген әні де көп еді. Ол қалай өкіндірмесін? Жаңа табысқанда


 


мәңгі айырылып, жер сипалап құралақан қалғаны қандай қиын. Өкініштің жалыны ішін өртейді... Азаның жүйесіне немересінің санасы жеткеніне сүйсінді. Бұл да жөн білетін адам бопты-ау. Баланың өскенін осындайдан байқаймыз да. Әсет ақын бата берген бала ғой, талабы жанса екен!.. Бидің ойы тілекке ауысты. Әсеттің жетісін өткізуге әзірленген Мешпет бидің ауылына межелі күні Шылбыр-Шірге, Қайшы-Қайқаң жайлауларының ол шеті мен бұл шетінен көп адам жиналды. Тіпті Көлденеңсу-Көлтекше, Жеті Кертастан да адамдар келді. Сауын салған ауылдардан саба-саба қымыз жеткізілді. Бөлек тігілген үйге қариялар жиналып, Құдай жолын ада қылысты. Үй-үйге бөліп орналастырылған кісілерге тегене-тегене қымыз сапырылды. Табақ-табақ ет тартылды. Барлық ырым-жырым, иба-ізет жасалып, ықылас-ниет айтылып болғаннан кейін Мешпет би жұртты ауыл іргесіндегі жеке төбенің басына жинады да, өзі ілестіре барған Қадыриханға мойын бұрды.



  • Қарағам Қадырихан, жақыныңнан айырылып, жаның күйзеліп жүр, оны білеміз. Бәріміздің де қабырғамыз қайысады, қайтеміз. Қайрат қыл. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Қанша жақсы көрсең де, жаның басқа, көрер күнің бөлек. «Құс өліп, ба- лапан қалса – қияқ қалғаны; ат өліп, құлын қалса – тұяқ қалғаны; ата өліп бала қалса – мұрат қалғаны...» деген миятты сөз бар. Әсет ақын алқымынан алып, бетпе-бет ұшырасқан ажалдан шо- шымай, үрейленбей өтті. Аса сергек сезіммен, алғыр ақылмен мына еліне арнаған ақтық сөзін айтып, саған жаздырып еді. Сол елінің бір тобы, міне, қарсы алдыңда тұр. Сөзі өтпесе – ақын ғарып. Әсеттің аруағы разы болсын, сол сөзін мына жұртқа жария ет, тыңдасын, ғибрат үйренсін! Ұққаны көкейіне тоқып алсын. Әсеттің сөзі бізге де тарасын!..


Қадыриханның да қалауы осы еді. Көзінің жасын сығып тастады да, бойын тіктеді. Оң жағындағы топтың арасында тұрған Рақымбердіге иек қағып ымдады. Өзі де осы сәтті күтіп, әзірленіп жүрген секілді. Сондықтан елгезек жігіт түсіне қойып, үйге қарай жүгіріп барды да, домбыра алып келді. Қадырихан екеуі бірнеше күннен бері оңашада Әсеттің ажал ауызында жа- тып айтқан сөзін әнге қосып, жасырын жаттығып жаттап жүрген. Ал Қадырихан жазып отырғанда-ақ көкейіне құйып, есіне сақтап алған. Енді домбыраны безілдете қақты да, көпшілікке назар аударып, өзінің тілегін қоса айтты.



  • Ал, жұртым, Әсағаң әл үстінде жатып елімен коштасқан ақырғы сөзін маған жаздырып еді. Соны алдыларыңызға жайып салайын да, парызымды өтейін!.. Мойнымда қарыз боп кетпесін.


 



  • Сөйт, шырағым, Әсет еліне не айтты екен, естиік.

  • Ұрпағына өнеге болатын жан сөзі ғой...


Шадай қарияны қостаған Тоқпамбет шал асыл сөзді ардақтап, Қадыриханды жебеді. Көпшілік үнсіз құлақ тосады. Әсеттің қисса не шұбыртпалы өлең айтқанда салатын жатық, шұбырынды, мұңлылау әуенін боздата жөнелді. Ақын арманының зары жұртты үйіріп алды. Біреулер көзінің жасын сықса, біреулер тамсана таңдай қағып, әруағына бата беріп жатты. Өкініштен жаны күйіп, күйзелген ел ауыр оймен тарасты...



  • Осы қайғылы, қазалы күндерде көзіне түспеген соң, ішкі күмәні күшейген Мешпет би көрші отыратынын білетін Кемел- бектен бір қаға берісте:

  • Маса молда қайда жүр осы? – деп сұраған. Жігіт те әлденеге ызалы екен, кізіне ерінін жымқырды.

  • Әсағаңа уды сол қу берген сықылды, – деп болжамын айтты. – Сол күні-ақ Тақияға асып кетіпті.

  • Біреуді сыртынан қайбаттама, күнәға батасың.

  • Біреуге у берген күнә емес пе?

  • Қой, Кемелжан, өсек боп кетер, – деп, Мешпет би басу айт- ты. – Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде. Оны қалай айырасың. Кінәлайтын айғағың жоқ қой.

  • Анығын білсем, шіркін, кеңірдегін суырып алар ем... Кемелбек өзі көзімен көріп, мұң-зарын ауызба-ауыз естіген


Әсет пен Жәміштің бастан кешкендерін айтып беріп еді, Мешпет би де түңіле басын шайқады.



  • Құдай жазасын берер... – деді де, сөзін қысқартты. Жеркенішті сыңай танытса, мына жігіттердің бұралқы молданы таптап тастай- тын түрлері бар. Сол болжаммен Кемелбекке бұл сыбысты тарат- пауды тапсырды. Елдің тыныштығы бұзылмасын деп ойлады...


Әсеттің жетісі берілген күннің ертеңіне таңертеңгісін Қадырихан ат ерттеді. Ақынның иесіз қалған сұлу жиренін тұлдап, кекілін түйді. Жал-құйрығын өріп, қара шүберек байлады. Әсеттің киіп жүрген қоңыр шұға шекпенін ердің үстіне айқара жауып қойды. Қамшысын ердің алдыңғы қасына ілді де, ақ қалпағын қоса кигізді. Тамақ ішіп болғаннан кейін үлкен-кішімен қоштасты. Мешпет биге де айырықша ілтипат көрсетті.



  • Би аға, ақ ниетіңізге рақмет, бала-шағаңыздың кызығын көріп, ұзақ өмір сүріңіз!..

  • Әсеттің сөзін елге көбірек тарата жүр, қарағым... Жолың болсын!..


Қадырихан сұлу жиренді жетекке алып жүріп кетті. Рақым- бердінің қасында жүрген бір топ жас жігіттер де ілесті. Турасудың


 


бойын құлап келіп, Көкқамырдың қалың қырқалы қабырғасына бұрылатын айналма жолға дейін шығарып салды. Сол жерде Әсеттің атымен, артында қалған заттарымен қоштасты. Қадырихан қанжығадағы домбыраны шешіп алды да:



  • Рақымберді, сені әрқашан Әсағаңның әруағы жебеп жүрсін! Мынаны көзіңдей көріп сақта! – деп, жас талапқа мұра қып ұсынды.

  • Көзімнің қарасындай сақтаймын!..


Қадырихан ілгері кетті. Кері бұрылған жігіттер Әсеттің өздері үйреніп үлгерген әндерін әуелете шырқап бара жатты.


Күн батысқа бет алған Қадырихан оң жағында жалдана сұлаған Борқора жотасынан түстікке қарай созылып, көлденеңдей құлаған ұңғыл-шұңғыл сайлардан өтті. Үлкен суы ақ жалдана сарқыраған жалпақ аңғарға түскенде бүйірдегі қалың қарағайдың арасынан жинақы киінген жастау әйел ортекеше орғыған жарау қарагер атын ойқастатып шыға келді. Қадыриханның аттары елеңдеді.



  • Есенсіз бе?.. – деп амандасты таяған соң. Мұң басып, қайғы мендеткен Қадырихан салтты бұзбай, басын селқос изей салды да, үн қатпастан жылжи берді. Әйел соңынан ілесіп жүріп отырды. Әлден уақытта барып мұны байқаған Қадырихан жөн сұрады:

  • Қайда барасың, жарқыным?

  • Сіз асатын асудан мен де асамын... Жолдас болайын...


Қадырихан артына жалт бұрылды. Әнеукүні Әсетке дауыс салып жоқтаған әйел. Селдірлеу қара мұрты жыбырлап, бірдеңе айтпақ еді, әйел егіліп жылап келеді екен. Таңданып қалды.



  • Неге жылайсың?..

  • Тауым шағылып, үмітім үзілді бұл дүниеден. Соған жылай- мын.

  • Е-е, сен де шерлінің бірі ме едің?..

  • Шерім шемен боп қатты кеудеме. Сіздің де қайғыңыз таудай шығар?..

  • Мен ардағымнан айырылып, аңырап қалдым.

  • Менің көз жазбай қадалатын жарық жұлдызым сөніп, боз- дап келемін, – деді әйел солқылдап. Қадырихан аң-таң, ештеңеге түсінбеді. Бұл да жақынынан айырылып, жаны күйзелген байқұс екен ғой деп топшылады. Өйткені қасіретті қазақ әйелдері басқа бір өлікке жылағанда өзінің де қайғы-шерін қоса айтатыны бар. Бұл шытырманды әйелдің қайырған жауабы шешті. – Сіз таңданбаңыз. Жан жолдасыңыз еді, сырымды жасырмайын. Әсет менің өмір бойы көз сүзген, қол созған арманым болатын. Он алты жасымда Таңсықтың сары даласында кездесіп, жүрегіме шоқ түскен. Ебін та- уып екі-үш күн ғана ойнап-күліп сырластым, тәтті сөзіне жанымды суардым. Уәде байласып едік. Тағдыр табыстырмады. Ол айтқан


 


уағынан кешікті. Өмір бойы адасатынын сезбеді ме, кім білсін. Әрі қарай сарылып күтуге маған ырық бермеді. Қалыңмалдың құрбаны боп кете бардым. Әсет бейнесі мені жебеп, үмітімнің темір қазығы болып қалып еді. Арада талай жыл сусып өтті. Тек әнеу күнгі үлкен тойда, осы Қайшының белінде қайта кездестім. Мұндай күйді ойламап едім. Мені ұмытпапты. Ұзақ мұңдастым, шерімді төктім... Ақыры мынадай күйге ұшырадым...


Қадырихан әлдене есіне түскендей атының тізгінін тартып тоқтады да, екі беті көз жасына жуыла, алмадай албыраған, көзі қызарып, қабағы білеулене ісінген мұңды әйелге тесіле қарады.



  • Е-е, естігемін, білемін бұл сырыңды... Сен сол Жәмішпісің?

  • Әсағаң көпке дейін өксіп, сені аузынан тастамай, арман қып айтып жүрді...

  • Білемін, алыстан аңырадым.

  • Әнге де қосып шырқады.

  • Гүл сабағынан үзілмей тұрғанда ғана әсем ғой... – деп боздаған Жәміш өксіді-ай келіп. Қадырихан басу айтып, жұбата алмай әлек.

  • Сабыр ет, шара жоқ, қайтеміз...

  • Басқа түскен соң көндік қой бәріне...

  • Енді қайда барасың?


Соңғы кездескенімізде Әсет қайтқалы жүргенін айтып еді. Мені де ала кетпек болған. Сорымды көрмейсіз бе? Жарық дүниеде жалғыз қалдым... Енді Әсеттің арманын елге мен жеткіземін!..



  • Қалай, қайтіп?

  • Сіз маған жол көрсетіп, жөн сілтеп жіберсеңіз болды... Сүйе- гім кіндік қаным сіңген жерде қалсын...

  • Ендеше тұлданған аттың соңынан ілес!


Жәміш кимешегін шешті де, қос бұрымын ағытып, жайып жіберді. Ұзын қара шаш қобырап, тұла бойын тұтас жапты. Басын төмен салған қалпы сұлу жиреннің соңынан ерді...


Қадырихан ілгері жылжыды. Құсемшектің жуан жонын қа- бырғалай жүрді. Сайрам көлінің өкпе тұсындағы белден асып түсуді мөлшерлеп, атының басын Құсемшек жотасына қарай бұрды. Қатпар-қатпар жасыл адырлар тізбектеліп артта қалып барады. Қарсы алдыларында төбесі көк тіреп, аспанға өрлеген, күнге шағылысып, күмістей жарқыраған ақ бас шыңдар қасқиып тұр... Соған қараған сайын көңілдері жай тапты. Үміт асқарға талпынтады екен...





Пікір жазу