03.01.2022
  244


Автор: Құрманбай Толыбаев

КӨРГЕН ТҮСТЕЙ СӘТТЕР-АЙ!

Қатпар-қатпар  қалың  таулардың  арасын  жарып  ағатын Турасу аңғарының екі шеті ат шаптырым. Кең алқапта шыжан- дай ел. Сай-саланың қойын-қойнауы топ-топ ауыл. Қоян жон


жасыл қырқалардың беткей-белеңіне үйрек-қаз жыпырлата ұя салып, әр ұяға шашырата жұмыртқа салып кеткен секілді. Жа- йылма қойнаулар мен жұмыр жондарға шоғыр-шоғыр ақ үйлер тігілген. Атқа мініп, аңдыздай шұбырған адамдар қайшыласады. Саздауыт ойпаттағы, шалғынды тектұрдағы биебаулардың басы үйездеген үйір-үйір жылқы. Самалға желпінгендей бастарын ақырын изеп, еріне шұлғиды. Үш-төрт байталдан иемденген қысырақтың айғырлары бұл топқа маңайламайды. Жылы- стай аулақтап, алысқа ығысады. Тісқақты сақа айғырлардың зорлығына ұшырамау үшін қашақтайды. Өзен бойының жазығында, тау қапталының төскейлерінде қора-қора қой қаптай жайылған. Бұл күні ел Еренқабырға таулары сілемінің ұзынға


 


созылған күнгей қапталындағы қатар жатқан Ламбура, Қайшы, Шірге жайлауларының теріскей сағасындағы Қарлығаштының бөктеріне қарай ағыла бастаған. Иін тірестіре тігілген боз үйлердің салтанаты алыстан көз тартады. Онда ұзатылатын қыздың тойы өтеді. Жорғаға мінген қыздар әсем безендірілген аттардың үстіне қондыра салған әшекейлі қуыршақтан аумай- ды. Дөңгелек бөріктеріндегі, шұға тақияларындағы шоқ-шоқ үкілері қамыстың жел шайқаған үлпегіндей бұлғалаңдайды. Сол жас желең топтың ортасындағы келіншектер қалың көк ала үйректің арасында жүрген қоңыр қаздар сықылды. Ақ шаңқан шаршылары ақ жалаудай ағараңдап бір қиырдан көз тартады. Кимешектерінің жағы төрт елідей сіреу кесте. Алды да, арты да біз кестемен өрнектелген гүлді безек. Маңдайларына үлкенді- кішілі моншаққа ызбалап, күміс бауға бекітілген салпыншақ таққан. Дөңгелек жүздері албырап, ақ орамалға жартылай орап қойған алқызыл алмаға ұқсайды, қып-қызыл реңдерімен көзді үйіреді. Саусақтарына асыл тастан көз орнатқан алтын-күміс сақиналар салған. Білектеріндегі қақтама және жұмыр күміс білезіктері күнге шағылысып, айнадай жарқылдайды. Күміс шапқан жүген-құйысқанның, ер-тұрманның бетінде күн сәулесі діріл қағып, ақша қардың қылауындай жалтылдайды.


Қайшының белінен терістікке қарай бұрылған жарау атты жігіттердің тобы да сәнді. Аппақ қалпақтарын шекелеріне қоқырайта киіп, ердің үстіне жантая сәнмен отырған. Тізгінді ірке ұстап, аттарын лекіте аяңдатады. Тұс-тұстан аңдыздаған адамдардың жолдары жалпақ төскейдегі қалың ақ үйлерге тоғысып жатыр. Шұбалаңдай сұлаған Шіргенің қайқима белі бұрынғыдан бетер қайысып, қаңылтырдай майысқан секілді. Жел шайқаған көк шалғын судырай тербеледі.


Оң жақтағы Турасу өзенінің бойын қоныстанған ауылдан сәскеде аттанған Әсеттің қасына ерген кісілердің жас шамалары әр келкі. Жабықбайды төңіректеген жігіт ағалары артта. Меш- пет биді қаумалаған жасы үлкен ағаларын алға салған. Әсет осы алдыңғы шоғырдың арасында. Ал жас пері Рақымбердіге үйірілген бозбалалар ең соңында. Бұлардың тобы дүрмекті, думанды. Біреуі гүжілдеген гармонды сарнатса, біреуі үкілі домбыраны безілдетіп, сән-салтанатпен төңіректі жаңғыртып келеді. Аспан астын дүр сілкіндіріп, анда-санда ән де шырқап жібереді.


Алғы топтың жүрісі баяу, салмақты. Аттары бастарын шұлғи сілтеп, аяқтарын өз ырқымен басады. Сонда да қатарындағымен ерегескендей иық қағыстара ілгері ентелейді. Төскейге өрлеген


 


кісілер үштен-төрттен қатарласқан. Орта жолдан ауғанда бұларға артқы топ араласып кетті. Сол орайда жанаса аяңдаған Жабықбай:



  • Әсаға, елге биыл қайтпақсыз ба? – деп сұрады қимағандай, әлденеге елегізіп. Кешегі айтқан қоштасу әнін естігеннен бері іштей күйзеліспен жабығып қалған. Жаны қиналып, алағызған көңілінің лебін сездірмеуге тырысты. Әсет жұмысы тынған адамша жайбарақат жауап қайырды.

  • Ел жайлаудан түсе, көп аялдамай арғы бетке асып кетуді мөлшерлеп жүрмін.

  • Рұқсат қағаз керек емес пе екен?

  • Мұнда бізді ешкім қағазбен жіберген жоқ қой, – деп күлді Әсет ондай рәсмиятты өлең қылмай. – Қайтқанда да қажеті бола қоймас. Бұраталаның арғы қабырғасындағы Тоқтаның белінен асып түссем, Алакөлдің өкпе тұсынан дік етіп жетіп бармаймын ба!..

  • Мықтап-ақ бел байлаған екенсіз, ә, Әсаға? Менің әлі де бірер жыл аялдай тұрмас па екенсіз деп өтініш айтпақ ойым бар еді.

  • Қашпақ болсаң – зымыра дегендей, уақытты соза беріп қайтемін...

  • Осындағы ел-жұртпен бұдан да тығызырақ аралассаңыз, жақсы-ақ болар еді, мейірі қанбай қалды ғой.

  • Елдің көңілін аулап ұзақ жортыппын да, өзімнің кө- кейімдегіні елемеппін...

  • Адамның арманы таусыла ма?

  • Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары емес пе? Ең аяғы Алакөл құсының шуылы, қамысының сусылы, бұйрат құмының тозаңы, айдыны айнадай жарқыраған Балхаш, Ертістің аруы Семей, көгалға көмкерілген Сарқант, нуға бөленген Алматы ойымнан кетпейді. Асыл затын жоғалтып алған кісідей алаңдай беремін. Жанымда тыныштық жоқ, көңіл күпті. Алағызған сай- ын адамның тыныш өмір сүруі қиындайды екен. Есіме түссе, жүрегім шымырлайды. Күндіз – түні сағынамын да жүремін!..

  • Сонда да сабыр сақтап, сый-сыяпатымызды әбден көрсеңіз етті.

  • Сәті түссе, тағы бір оралармын. Құстың да жыл сайын қайта айналып соғып, ұя салатын көлі мен шөлі болмай ма? Пенде де сол тақылеттес. Өзі туып-өскен жерге бауыр басады, етене боп кетеді. Алыс жүрсе аңсайды. Тіпті, бұтасына дейін сағынады.

  • Ауып келгендердің бәрі де қайта ма?


 



  • Менің елден кеткеніме бір талай жыл етті. Шәуешекке бұрын да келіп-кетіп жүретінмін. Сол әуенмен осыдан төрт-бес жыл бұрын сол өңірге өтіп ем. Осы жолғы келісімде ойламаған сергелдеңге тап болдым. Тіпті азып-тозғаным сонша, елдің көзіне көрінетін күйім қалмады. Содан Алтайдың бір жотасы Сауырға дейін шығандап бардым. Ондағы елдің пейіліне бөлендім. Көңілім жадырап кері оралсам, босқан елдің алды Емілдің күн шығысына келіп те қалған екен. Солардан бала-шағамның Бұраталаға асқанын естідім де, зорға іздеп таптым. Көшкен елде қадір қала ма, қашқын атаныпты... Бұл жанға батпай ма?

  • Оған несіне қынжыласыз, – деді Жабықбай әлденеге ыза- ланғандай булыққан Әсетті жұбатып. – Есерлердің аузынан не шықпайды?

  • Шынында да, біздің күніміз сол ғой, оны қалай жасырарсың?

  • Бірақ халық тағдырын тәлкек етуге жан төзе ме?

  • Істің жайын ойласақ, бір қауым ел ақ патша әскерлерінің шапқыншылығына ұшырап, жан сауғалап қашқан. Енді біреулер дүние-мүлкін арқалап, мал сауғалап қашқан. Солайша, ел бүлініп, халық тағдыры тайталасқа түскен...

  • Өзіңіз ол жақтағы жағдайдың анық-қанығын айырып аң- ғардыңыз ба?

  • Естуімше, Совет өкіметі кедей-кепшіктің қолын есе-теңдікке жеткізіпті. Он – он бес жыл малын баққан жалшыны қазақтың бай- лары жарылқай қоюшы ма еді? Жаңа өкімет сондайлардың еңбек ақысын алып беріпті. Бұл қазақ арасында бұрын болмаған іс қой. Жауыздарды ауыздықтап, зұлымдарды тұралатыпты. Есе-теңдігін кім жоқтамайды? Өзің айтқан әлгі Есбосын да есесі мен кегін қуып, жанын шүберекке түйіп жүргеннің біреуі. Оны ел жақтайды, әкімдер даттайды. Дүниенің кереқарлығы осында.

  • Е-е, біз бір торғаймыз ғой, тозып жүрген...

  • Есбосынның қазіргі күн көрісі мен беталысы қалай екен, бірдеңе білесің бе?

  • Қалың топқа араласпай, сырттаңқырап жүрген көрінеді. Азап шеккендер, зорлықтан қашқандар соған барып паналайды екен.

  • Солай, шырағым... Ол да адамның қорғаны болғанының белгісі. Халықтың қамын ойлаған ынта сондай ыңғаймен өрбиді.

  • Бірақ зұлымдықтың қоршауында тұр ғой, құлашын жаза алмас...

  • Халқы бар емес пе арқа сүйер?.. Өз басым халқыма жақсылық қана тілеген жанмын. Еліме барсам, құшақ жайып қарсы алмаса, мандайымнан шертпейді.


 



  • Демек, бір жола бел байлаған екенсіз, ә?

  • Иә, осы жолы бұл өңірді көріп қайту үшін әдейі келіп ем, бір талай оқиғаның басы-қасында болдым... Елдің азаматысың ғой, шырағым, халықтың бірлігін берік сақтауға бар күш- қайратыңды сал... Шолақ ойлама, байламыңды қазақи тесе қайшымен кеспе. Заман ағымын, халықтың ауқымын барлай қимылда... Менің түйгенім де, кеңесім де осы.

  • Аяқты аңдап баспасақ, мұрттай ұшатынымызға көзіміз жетті ғой, Әсаға.

  • Есіңде болсын, қазақтың қолтығын жазып аттауына ырық бермей, адымын аштырмай, кім көрінгеннің жемтігіне айналуына себепкер болып жүрген кесел – рушылдық тәжіке. Кейбіреулер сол сүрлеуді пайдаланып, өз қамы үшін топ құрады да, қазақтың атын жамылып, жоғары өрмелейді, Қойдың терісіне оранып, қораға кірген қасқыр сияқты. Ортаңа сіңіп кетіп, өзіңе шабады. Іштен жеген жегі құрт секілді. Енді біреулер рудың аты- мен атаққа бөленуді ғана көксейді. Ондайлар жалпы халықты та- нымайды. Қара басының бағы үшін сәті түскен орайда жемтікке тастап кетуден шімірікпейді. Біздің кең қолтық, иланғыш, аңқау халқымыздың соры осы алалығында. Шамаң келсе, халқыңның ынтымағын сақта, ақыл-ойыңды соған жұмса. Аштан өліп, көштен қалмассың, біреудің көлеңкесін ықтап күн көрме...

  • Бұл ақылыңыз әлгі өлеңмен айтқан өсиетіңізден де мықты болды-ау, Әсаға!

  • Өсиетім емес, мұңым бұл. Халқыңмен бағың жанады. Кейінгі ұрпақ Есбосынды батыры санайды бір кезде. Ал Сылам- жан сықылды құлқынның құлдарына қарғыс айтады...

  • Соның шеті әзір-ақ шығып жүр.

  • Таразынын басы теңеледі әлі...


Ауылға таяп қалғандықтан сөз үзілді. Аттарын ағындата жүйткіген екі жігіт алдыларынан шығып, сәлем беріп қарсы алды да, күрігейлей тізбектеліп тігілген оқшау үйлердің орта тұсындағы үлкен ақбоз ордаға бастады... Меймандардың аттарын бір-бір жігіт ұстап, мама ағашқа байлап жатты.


Дастархан жайылғаннан кейін қымыз құйылып, табақ тартыл- ды. Сөз аз. Әлден уақытта үйдегілердің алды дүркіреп сыртқа лап қойды. Ауылдың оң жақ қапталындағы аласалау жоны жалпақ дөңге қарай шұбырып барады. Аттылы-жаяуы аралас. Атқа мінген Әсет тобы да солай беттеді.


Кекілін түйген құнандарға мінген, бастарын шытпен таңып алған балалар тобы бір төбеде. Жал-құйрығы сүзіліп, кекілдері қызыл-жасыл жібек жіппен байланған жарау сәйгүліктерге


 


мінген ересектеу балалар шоғыры арғы шетте жүр. Сүліктей қатқан қара жорғасын жосылтқан даяшы ызғытып құнандар тобына, одан кейін сәйгүліктер жағына барды да, ат айдаушы- лыққа белгіленген жігіттерге тапсырма беріп, жайтаңдаған күйі бергі биіктеу төбенің басына шоғырланған қалың топқа қайтып оралды. Содан кейін дауысын көтере айқайлап, жар салды.



  • Уа, халайық, құлақ салыңдар! Құнандар төменгі Дөңгелек- саздан, аттар оның арғы жағындағы Шапқанжотаның еңкеймесінен қайтады. Айтып қояйын, мәреге келгенде құнан да, ат та тартыл- масын. Мәреге өз шабысымен кірсін. Кімде-кім жанамалап шау- ып, шылбырға оралса, құнаны не аты озып келсе де, оған бәйге берілмейді!. Осыған разысыңдар ма?

  • Разымыз!.. Малдың қасиетін танытатын еркін шабыс жақсы! – деп қалың топ шулай қостады. Даяшы қара жорғасын сусытып барды да, құнан мен сәйгүліктер тобын жолға салып жіберіп, қайтып келді. Алдыда аттар тобы, соңында құнандар. Шашырай шұбалып, баяу жылжып барады. Ат айдаушы жігіттер бәйге жолы өтетін аумақтың маңындағы малшы-қойшыларға шауып барып, жолды малдан босатуды тапсырады. Сол-ақ екен, жайылып жүрген жылқы да, сиыр да әрі-бері айдалып жатты. Даяшы тағы да жар салды:

  • Уа, халайық, енді күрес ойынын бастаймыз! Палуандарыңды сайлап, ортаға шығарыңдар!


Топ-топтың арасынан самдағайлана сыбанған жігіттер шығып, ортаға түсті. Аттылы-жаяу жұрт дөңгелене шеңбер құрып қоршап тұр. Алдымен жас палуандардың сайысы басталды. Бұл шайқастар әп-сәтте бітіп жатты. Одан кейін еңгезердей шой қара мен бұлшық еті ұршыққа ойнаған бура сан шегір сары ортаға түскенде қалың топ іштерінен дем алғандай тына қалысты. Екеуі де жарғақ шал- бар киген, кеуделері жалаңаш. Төреші екеуінің беліне байлаған мата белбеулерін мұқият тексерді. Екі кісі екі жақтан екеуін асау өгізше бұлқынтып, ортаға жетелеп алып келді. Төреші күресуге белгі бергенде-ақ сарт-сұрт ұстаса кетті. Кеуделерімен тіресе қақиып, белдегі белбеуден ұстап, көтере сілкілеседі. Шой қара қарсыласын жерден жұлып алып, жамбасқа сала тастап еді, жуан сары мысықша ытқып, сытылып кетті. Бір кезде жуан сары қапсыра құшақтап, жата беріс әдіспен лақтырды. Ит жығыспен жерге қатарласа құлады. Одан кейін сирақтары айқасып, сіресе қаздиып біраз тұрысты. Шой қараның қолы белбеуде, жуан сары қапсыра құшақтаған. Іштен шалған шой қараның аяғы жуан сарының сирағына жыланша оралған. Ол шалқалай тастау үшін құлшынады. Жуан сары мықшия шіреніп, қарсыласын жерден тік


 


көтерді де, өзінің салмағын ауырлатудың амалын жасайды. Әлден уақытта шой қара ырғап-ырғап тұрып, жамбасқа бұлт еткізіп еді, жуан сары жып етіп бауырына кіріп кетті де, шой қараны жотасына салып алып шыр айналдырды. Сол қалпымен жерге құлатты да, астаудай кеудесімен баса қойды.



  • Жаса, Тойбек, жаса!.. – деп шулады бір қауым жұрт. Палуандар мадаққа бөленді. Әңгіме осы төңіректе қозды.

  • Екеуі де біріне-бірі сай. Бұқабайда күш бар, айла жоқ. Ал Тойбек әдісқой, сынапша сусиды.

  • Ана жолы Бұқабай жығып еді, Тойбек бүгін есесін қайырды.


Біріне-бірі жеңістік бермей-ақ келеді.



  • Содан ғой, ірі қараны көтерісуге бәстесіп жүргені.

  • Қашан-ей, нені көтеріп жүр?

  • Осы көктемде. Талас қыза келе Бұқабай құнан өгіз, Тойбек тайлақ көтермек болды. Елге қызық керек. Біреу бордақылап отырған өгізін, біреу қорасындағы тайлағын жетелеп келді. Жиналған жұрт қаумалай жебеді. Бұқабай өгіздің артқы екі аяғын тұсап байлады да, өзі бауырына кірді. Сонан соң екі қолымен өгіздің төрт аяғын кеудесіне қыса ұстап, тік көтеріп әкетті де, межелі жерге жеткізді. Кезегі бойынша Тойбек те қарқынға басты. Тайлақтың төрт аяғын жіппен шандап тастап, қапша жотасына сал- ды да, есік пен төрдей жерге арқалап барды. Бұл қылықтарына екеуі де мәз. Бірін-бірі қапсыра құшақтап, қайраттарына сүйсініседі.


Ел таңдай қағып, қызыға қарасады. Бүгінгі күрестен кейін де екі палуан құшақтасқан қалпы топтан жырылып шетке шықты. Ақсия күліседі. Көпшіліктің көзі соларда. Бұлардан кейінгі палуандар айқасының барысы шуылдаған дауыстардан ғана байқалады. Топ сиреген. Ол маңда жас-желеңдер тобы ғана қалған. Көптің алды қиқулап, оңға қарай ойысқан. Көз ұшында бір боз құнан зымырап келеді. Соңындағы баран тақымдап, ентелей ұмтылады. Сол тайта- ласпен әп-сәтте жақындады да, сөре тұсындағы қайқаңға ілінгенде көшелене қақ жарылып тұрған топтың айқай-сүреңі делебелерін қоздырған жас тұлпарлар егесе өршеленіп, құлшына атырылды. Мәреге құйрық тістесе жетті..



  • Уа, жараңдар! – деді даяшы дауыстап бәйгенің қызуы басыла бергенде. Жұрт елеңдей құлақ түрді. – Енді ат келгенше бұқа тар- тысты бастаймыз! Қане, мықтыларыңды сайлаңдар, бері келсін!.. Екі шеттен екі жігіт сайланып ортаға түсті. Сол маңдағы кісілер ары-бері ығысып, тартыс өтетін алаңды босатты. Екі ұшы тұйықталып байланған арқанның екі тұйығын төреші қарама-қарсы бағытқа сүйрейтін екі жігіттің мойнына ілді. Белгі берілген за- матта алға тартып, сырғуы керек. Жігіттер етпеттеген қалпы төрт


 


аяқтап, жерге еңкейіп тұр. Тартысқа белгі берілген соң әр қайсысы алдына қарай жылжыды да, біразға дейін сіресе күш сынасты. Бір кезде тығыншықтай тапал қара ұзын сирақ ашаң сарыны тоңқалаң асырып, сүйреп әкетті. Бұған қарап тұрғандар мәз-мәйрам. Бұқа тартыс осы кезекпен бірсыпыраға дейін созылды. Әлден уақытта:



  • Аттардың да қарасы көрінді!.. – деген қуанышты дауысты естіген жұрт лықсып, төменгі адырларға жалт қарасты. Көз ұшында бір баран қараңдайды. Үстіне мінген баланын көк жейдесін жел кеулеген, жалауша желбірейді. Қалың аттан қара үзіп шыққан түрі бар. Қарсы алдындағы қайқаңға ілінгенде:

  • Сұркөжек қой мынау! – деді бір жігіт тыпырши елеуреп. Қасындағы қаба сақалды шал шыдай алмады ма, әлде, делебесі қозды ма, ұрандай айқайлап жібермеді:

  • Әруақ, әруақ!..


Сол арада Сұркөжек қалың ел тұрған төскейге ілікті. Айқай сүреңді естіген соң арыны да үдеді. Артындағы іркес-тіркес шұбатылған аттардың аралығы арқан бойы. Қара жорғалы даяшы жоғары-төмен шапқылап, бәйге атының мәреге қарай бөгетсіз өтуі үшін жол ашты. Аттылы-жаяу кісілер қақ жарылды. Сұркөжек тақап келгенде елірген жұрттың қиқуы бұрынғыдан бетер ұлғайды. Делебесі қозған тұлпар өршелене атырылды. Бойына тың күш құйылғандай... Соның артынан іркес-тіркес мәреге жеткен аттарды топ-топ адам тұс-тұсқа оңашалай жетелеп алып кетіп жатты.


Бәйгенің қызуы мен ду-дуы саябырлаған кезде қыз қуу ойны басталды. Қариялар биіктеу төбеге жайғасты. Жастар төменірек топтасты. Сайысқа әзір. Қос етек ақ жібек көйлекті, кеудесіне жабысқан қызыл қазекейлі талдырмаш қыз жыландай сумаңдаған тобылғы торысын ойқастата алға түсті. Шоқтығы биік, ауыздықпен алысқан көк қасқа атты жігіт соңынан ұмтылды да, орта жолдан асырмай қуып жетті. Қыздың белінен қапсыра құшақтағанда торының тізгінін қоса ұстап, шабысын баяулатты. Сонан соң ерке қызды құшырлана аймалады. Атына сенген жігіттің мерейі үстем. Сол бетімен межелеген жасыл төбешіктегі ортан беліне дейін жерге сіңіп жатқан үйдей тасты айналды да, қызды тастай салып, артына жалт бұрылды. Көк қасқа қоянша зыта жөнеліп еді, жіптіктей торы оқ жыланша атылын, арқан бойы оздырмай тарпа бас салды. Енді қыз жаңағы сәтте масайраған жігіттің түбетегінен алып, шиыршықтай ораған күйі тақымына мықтап басты да, қамшысын үйіріп, жоталата көсілтті. Ысқырта шып-шып қадалтты. Орта жолда аунап жатқанға намыстанған жігіт тілін тістеп шыдап бақты. Топқа жете бергенде-ақ амалсыз атынан аударылып түсті.


 


Бәрінен қызығы ет-жеңді толықша қара қыздың қайта қуғанда жете алмай, ботадай боздағаны болды. Мақпал қарасын сүзілтіп-ақ зымырап еді, соңындағы жігіттің сүліктей сұлу жирені арындап келіп, албастыша басты. Жігіт жүрісті қалағанынша баяулатты да, әлгі белгі тасқа дейін қызды армансыз сүйіп-құшты. Кері бұрылғанда сұлу жирен құйындай жүйткіді. Жүні жылтылдаған мақпал қараны айдалаға тастап кетті. Ызаға булыққан қыз атын басқа-көзге сабалап, өгіздей өкірді.


Бұл ойынның да қызуы суый бастағанда көкпар берілді. Жұрттың ықыласы енді соған ауды. Қариялардың талабы бой- ынша алдымен жеке тартыс өтті. Екіге жарылған топ аттарды сайлап мінгізген екі-екіден мықты жігіт шығарды да, солардың тартысын тамашалады... Бір уақытта бір бүйірден қалың атты кісі төрт жігіт тартысып жүрген көкпарға лап қойысты. Сол- ақ екен, дода басталды да кетті. Құмырсқаның илеуіндей құжынаған шоғыр шырқ үйірілді. Араның ұясындай быжынап, әрі-бері лықсиды. Сеңдей сығылысқан күйі біраз жерге сырғып барады да, қайтадан ұйлығысады. Шырайнала сығылысып тұрды да, бір сәтте сетіней жылжыды. Содан қораның орнын- дай ойпаң шұңқырға түсті. Сірескен топтың қақ ортасындағы көкпарға қолдарын соза анталаған көпаршылар тұс-тұстан итіне кимелейді. Осы дүбірді сырттай бақылап, шоғырдың соңынан ақырын ілескен Әсет тобы оқшау жүр. Тақымдары аттың қабырғасына жабысып қалғандай сіресіп, бас-сирағы кесілген серкені басып алған жалаң бас ұзын сары жігітке иірілген шоғырдағылар мас кісіше елеуреп ұмтылысады. Қазақтың осын- дай дуға қызып кететін албырт жігіттері өз өмірлерінің барлық асыл қайратын осы додаға салып, жұлқыласа тартқылап жатқан секілді. Басқа қызықтың бәрін ұмытқан. Өмір бойы көзі үйреніп, қанына сіңген ойын. Өз бойларындағы қажырды осы сайыспен сынайды. Кейбіреуі киім-кешегін шиыршықтай орап, ерінің артқы қанжығасына бөктерген. Есесін жібергісі келмегендей сыбанып алған. Енді біреулері көкпарға қолы жетпесе де, ілгері ентелеп, атын тебінеді. Нән серкені тақымына басқан ұзын сары қамшысын алақанынан көлденең тістеген. Екі қолы серкенің екі сирағында. Алып көр дегендей жуан сары бауыр атының үстінде шіреніп отыр. Тұс-тұстан елірме дауыстар естіледі:



  • Әй, жігіттер, анау Қоғалбайдың атын тартыңдар, бері!..

  • Енді оның тақымынан лақ шықпайды!


Әлден уақытта нән көк серке ортан белінен үзілді де, екіге бөлінді. Сірескен топ та қақ жарылды. Бөлшекті ала қашқан-


 


дарды жапа тармағай қуаласа жөнелді. Құжынаған топ та ыды- рап, жан-жаққа шашырай тарап кетті.


Осы кезде өз тобының шет жағындағы Жабықбайдың қасына сұлу торыға мінген ақ сұр жігіт тақады да, бірдеңе айтты. Жабықбай өршелене жұлқыласқан топқа қарап, қиял шегіп тұрған Әсеттің қасына келді.



  • Әсаға, мына жігіт сізді той жасаған ауылдан өз сыбағаңызды жеуге шақыра келіпті.

  • Жүр онда, бізге оңаша үй қолайлы шығар...


Оқшаулау тігілген ақ отаудың төрінде Мешпет би, Ғапари, Шадай қария отыр екен. Бұлар кіргенде басқа жұрт жарыла түрегеліп, орын босатты. Қымызға қанып, шөл басқаннан кейін ән тыңдауға құштарлық талабы естіліп еді, Әсеттің емеуірінімен сауықты Қадырихан бастады. Бұл өңірдегі елге әлі таныс емес


«Кіші Ардақ» қалықтады.


– Ей, Ардақ!


Ат қайда Ақбақайдай ақсай келген,


Кыз қайда Ардақжандай, ай-ау, көзі күлген! Алыстан әдейі іздеп келгенімде,


Айтқызбай ішкі сырды, ай-ау, өзі білген.


Хали-ләли, лали-лали, Ләйлім-ай-ау,


Хали-ләли,ләйлім-ай-ау, Хали-ләу, ләйлім-ей, ау!


– Ей, Ардақ,!


Ат қайда Ақбақайдай жарысарға, Ардаққа қолым создым, ай-ау, алысарға. Жайлауға ел қондырып, козы сойып,


Күн бар ма Ардақ, қызбен, ай-ау, табысарға!?


Хали-ләли,лали-ләли, Ләйлім-ай-ау,


Хали-лали,лайлім-ай-ау, Хали-ләу, дәйлім-ей, ау!


Сылқым әуен тымық тыныштықты тербей бұралып, аспанға өрледі. Күмістей сыңғырлаған әуен аяқталғанда Жабықбай әзіл тастай күлді.



  • Қадеке, айтатын әніңізге ылғи Ардақ деген қызды қоса бергенсіз бе?

  • Бұл Ардақ үлкен және кішіге бөлінеді, – деді Қадырихан ойын бүкпесіз ашып. – Оның түпкі сырын Әсағаңнан сұраңыздар. Мен үйренгенімді айтушы ғана адаммын...


 


Бұл сырға ынтыққан жұрт жапырыла Әсетке мойын бұрысты.


Ол қысқа жауап қайырды:



  • Аяулы асылымызды ардағым деп ынтығамыз ғой. Бұл да менің ардақтаған адамыма арнаған екі әнім еді. Бірінен бірін айыру үшін ғана үлкен-кішіге бөлінген, мазмұны біреу.


Тыңдаушылар қанағат тапқандай үндемеді, тәптіштей сұрап, ішкерілеудің бұл жерде қисыны жоқ. Ән әрі жосылды. Сөз аз, ұйып тыңдаған. Ауыл үсті ән сазына балқыған. Сол қатардағы келесі үйде әйелдер шай ішіп отырған.



  • Мынау біз әлі естімеген жаңа ән екен, – деп, құмарлана құлағын тосты толықша қызыл шырайлы кербез әйел. Жүзі бал- бұл жанған, тамсанып қояды. Ызылдаған нән сары самауырынның тұтқасын ұстап отырған талдырмаш қара торы келіншек өзі білетін бір жайды айтты.

  • Бұл әнді салғандар би атам мен ақалақшы ағаның ауылындағы қонақтар ғой.

  • Е-е, әлгі Әсет ақын ба сонда? Ол да келген бе бұл тойға?

  • Жаңағы әнді айтқан сол кісінің қасындағы серігі, – деді келіншек түсіндіріп. – Әсет ақынның дауысы одан өзгеше. Әнеу күні Жалқы атамның үйіне барғанымызда естіген едім...

  • Шадайдың үйінде ме?

  • Иә, ол кісі тай сойып, би атам мен ақалақшы ағаны татулас- тырды. Сонда Әсет ақын өлең айтты, ән салды.

  • О, айналайын қайырлым!.. Мә, бұл жолы Шадай ағалық жа- сады. Елдің сауабын алды-ау, әйтеуір!..


Сол күнгі мәжілістің аяғы сауыққа ұласты. Елдің бәрі Әсет ақынның аузына қарады. Бір қызығы ол кісі әнді алдымен серігіне айтқызады екен.


Жолдасын сыйлағаны ғой...


Ән қайтадан аспандағанда әйелдер де сөзді тыйып, ынтыға құлақ тосты. Содан әрі ән сарыны үзілмей жалғаса берді. Бір кезде аса назды, шалғындай тербетілген «Інжу-маржан» құйқылжыды. Денелері балқып, жүректері шымырлаған әйелдер де ұйый ынтықты. Әлденендей тәтті қиялға шомысты.



  • Мынау біздің Әсеттің әні ғой, – деді сылқым әуен аяқтала бергенде төрге тақау отырған жүзі жүдеу, қабағы қатыңқы шы- райлы әйел кенет елегізіп. Жел қаққан қоңырқай бетіне қызғылт қан жүгірді. Дөп-дөңгелек қой көзі нұрланып сала берді. Осы әнді алғаш естіген сәті көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты. Сол күндердің елесіне еліккендей тамсанып қойды. Тұла бойын жалын шарпып, іштей толғанды. О, тоба, әлі күнге дейін сағынышымның оты өшпегені ме? Суық құрсаған кеудемнің түкпірінде күлге


 


көмілген шоқтай қозданып жатыпты-ау... Қолым жетпеген ар- маным еді ғой. Қарасы көрінбеген соң, күдер үзіп ем. Күнделікті күйбеңмен жүріп, ойыма түссе, жүрегім шымырлайтын, көз ал- дыма бейнесі елестейтін. Бірақ оны осы қиырдан кездестірем деп ойлап па ем?.. Көретін күнім бар екен-ау. Бұл да Тәңірімнің мені бір жарылқағаны шығар... Қасында қатар отырған сырлас, мұңдас боп жүрген әзілқой келіншек құрбысына сынай көз тастады.



  • Әсетті танушы ма едің, Жәміш?

  • Егер сол Әсет болса, танимын...

  • Ол қайда қалып еді? – деді толықша сырбаз әйел әлденеге қызыққандай елти жымиып.

  • Біздің ауыл Ай өзенінің төменгі сағасында, Таңсық дала- сында еді. Әсет осыдан біраз жыл бұрын біздің ауылға келіп, бір талай сайран салған. Содан қайтып көргем жоқ. Ауылы Мақаншы, Алакөл маңында деп естігем... Ол қайдан келе қойсын, аттас басқа біреу болар...

  • Е, Жәмішжан, адамның басы тағдырдың добы дейді ғой... – деп жұбатты сырбаз әйел мұңайған келіншекті. Сол кезде шай құйып отырған өрімдей аңқау келіншек әлденеге қуана жайнаң- дап, аптыға сөйлеп кетті.

  • Тәте, сол айтқан кісіңіздің дәл өзі. Әнеу күні Жалқы атамның үйінде енді елге қайтамын. Елімді, көлімді, тауымды сағындым. Сендермен қоштасқаным осы болсын деп, бір ән салды да, елмен арыздасты. Сол әнді Ерке бала үйреніп те алыпты.

  • Рақымберді ме? – деп сұрады сырбаз әйел.

  • Иә... Түн ортасында ауылға бірге қайтып ек, жол бойы қайталап айтып берді...


Мұңайып отырған Жәмішке әйелдер мүсіркей қарасады. Әрі аяп, әрі таңданғандай. Осы бір тосын көңіл күйін салиқалы сырбаз әйел жебеді.



  • Онда бүгін де осы ауылда ән салатын шығар?

  • Тойда ақынның жағы сөнбейді, көпшіліктің қалауынан аса ма? – деді үмітті жалғағандай ақ сары кербез әйел. Осы долбарлар Жәміштің мұзын ерітті, үмітін жалындатты. Қасындағы құрбысына қияла қарады.

  • Күмісжан, кешке өлеңге келесің бе?

  • Менің Кемешім қалушы ма еді жиын-тойдан!..

  • Кемелбекке айтшы, сылтауратып молдадан мені сұрап алсын.

  • Кемешім сені молдадан сұрап алып тойға әкелсе, мен қайда қаламын! – деді Күмісжан қарқылдай күліп.

  • Саған күлкі керек... Менің артқы елдің жайын білгім келеді.


 



  • Ол сүмелегің жібере қоя ма? – деді Күмісжан құрбысының мұң шалған жабырқау жүзін көрген соң аяп. Сұрлана бастағанына жаны ашыды ма, шынына көшті. – Қынжылма, бір амалын табармыз...

  • Өзім-ақ кете берер ем, кейін қыңқылдап, құлақтың етін жейтін әлегі басымды айналдырады... Шаншудай қадалатын тілі жаман...

  • Е-ей, жазған-ай, – деді салиқалы қызыл шырайлы әйел дем беріп. – Соры қайнаған әйел байқұстың бірі екенсін ғой. Содан басқа еркек кіндікті құрып қалғандай, табына бермесейші!..

  • Басқа түскен баспақшыл, жеңеше, не шара...

  • Өзіңді-өзің жасытпа, кеудеңді көтеріп жүр!

  • Жарайды, мұңаймашы! – деді Күмісжан көңілін аулап. – мен Кемешімнің тақымын мықтап бір мытып жіберейін. Сонда ол сені молданың үйі тұрмақ, құшағынан суырып алып шығады.


Осы кезде ән қайта самғады. Думанға елтіген дауыстар естіліп жатты. Алайда Жәміштің өзеуреп, іштей сағына күткен дауысы естіле қоймады. Сол ма, басқа ма деген екідай күдікті ой санасында сапырылысты. Мал қайтатын мезгіл боп қалған. Әйелдер тарады. Күн еңкейіп, сай-сайды көлеңке жапқан. Аспан ашық. Ән салынып жатқан ақ үйді қоршаған ығы-жығы халық. Сыртта қыбырлаған адам жок.


Күмісжан мен Жәміш бірге қайтты. Жайқалған шалғынды кешіп, ылдиға еңістеп келеді. Үйлері той өтіп жатқан ауылдан қашық емес, арадағы сайдың қарсы бетіндегі текшеде. Жол бойы Жәміш барлық сырын ақтарды.



  • Көрген түстей бір сәттің елесіне ентелегендей бірсыпыра жылдарым өтті. Қайта дидарласуға Тәңірім жазбапты....

  • Жаным-ау, мынауың өмір бойы айықпайтын қасірет қой...

  • Қайтейін, адам амалсыздыққа көндіксе барлық сезімінен айырылады екен.

  • Мен Кемешіме айтайын осының бәрін. Қалай да бір ебін тауып жолықтырсын. Шеріңді тарқатып қал...

  • Ой, көп жасағыр!.. Дидарын көргенімнің өзі де дертке дәрмен емес пе?.. Мені ұмытқан да болар, сонда да..

  • Шынымен жақсы көрсе, қайдан ұмытсын!.. Оның да шарты толмаған жағдайға ұрынған шығар.

  • Кім білсін... мен ұзатылған соң, іздеп келе жатып, жарты жолдан қайтып кетіпті деп бір естігем.

  • Онда ұмытпағаны ғой.

  • Іздепті, бірақ көрісе алмадық...

  • Жат жұрттық болған сон, сені аяғаны да...


Екінді көзінде Кемелбек үйіне оралды. Аты қара тер. Көкпар- дың соңынан бір сыпыра ілескен түрі бар. Жүріс-тұрысы сыпайы,


 


сері жігіт. Жайлау үстінде өткен той-томалақтан қалмайды. Сөзі де бар. Қыз-келіншекпен қызыл кеңірдек боп айтысқа түсіп жү- реді. Қара өлеңге дес бермейді. Үйге кірген сон Күмісжан икеміне көндірген болуы керек, көп бөгелмей қайта сыртқа шықты да, көршісінің үйіне барып кірді.


Бойы тапалдау арық сары шал төрде таспиық тартып, басын шұлғи мүлгіп отыр. От басының оң жағындағы қатқан қара кемпірдің қолында шоқпардай шүйке. Жіп оралған ұршығы зы- рылдай айналады. Жәміш қазан-ошақ жақта жүр. Бұл үйде бала жоқ. Сопайған үшеуі ғана. Қабақтары қатыңқы, түстері суық, біріне-бірінің көзқарастары да салқын.



  • Кел, Кемеш, жоғары шық, – деді кемпір іргеге қарай ығысып.

  • Отырмаймын, жеңеше. Дәу апам бүгін қонақ кеп, сыйлы кісілер бар. Күмісжан мен Жәміш келіп болыссын, ертіп алып кел деп жіберіп еді.

  • Е, барсын, мына молада омалғанша!.. – деді кемпір зілдене бұйырып. Пейілінде күндестік өктемдіктен гөрі жанашырлығы басым. Барлық құқық өз қолында тұрғандай келіншекке бұрылды да, кесімін ашып айтты.

  • Жәмішжан, бара ғой. Дәу апаң өкпелеп жүрер...


Сары шал сүзіле қарағанымен, безерген қалпы. Үн қатпады. Бірдеңе айтса шап етіп бетінен ала түсетін адуын қара кемпірден жасқанды. Сыр алдырмау үшін Жәміш қайтадан киініп те жат- пады. Кемелбектің соңынан ілесіп жүре берді. Өз үйінің қасына келген Кемелбек үн-түнсіз атына мінді де, кетіп қалды. Іштен Күмісжан шықты. Жәмішті ертіп, тойлы ауылға жаяулап жетті. Сол беттерімен дәу апаларының алдынан өтуге барды.



  • Ниеттеріңе рақмет, айналайындар! Осында жап-жас келін- кепшік қаптап жүрген жоқ па! – деді жасыл шұға шапанын жел- бегей жамылып отырған денелі ақ кемпір. – Соларды секеңдетпей бас-көз бола жүріп, өздерің ойын – сауықтан қалмаңдар...


Кең пейіл, жаны жарқын аңқылдақ апалары бұлардың ықылас-пейілдері үшін-ақ далия жайылып түскен-ді. Қос құрбы түтіні будақтаған самауырындар мен жалыны лапылдаған қазан- ошақ жақты аралап барып, сыртта тұрған Кемелбекке таяды. Ол Күмісжанның сөзін тыңдап алған соң, ән думаны дүрілдеп тұрған үйге кірді де, қымыз сапырып отырғандардың жастау біреуін тұрғызып жіберіп, орынын иемденді. Жуылған таза ыдыс-аяқты тасыған боп Күмісжан да, Жәміш те бұл үйдің ішіне бір-бір дүркін бас сұқты.



  • Сол ма екен? – деп сұрады Күмісжан іштен өңі сұрланып, көзі жасаурай қайғырып шыққан Жәміштен. Ол тамағына тас


 


тығылғандай мелшиіп тұр, аяқ-қолы дірілдеп, денесі қалш-қалш етеді. Көзі бақырайып сілейген де қалған. Әлден уақытта қан-сөлсіз бетін көзінен аққан жас жуды. Солқылдай өксіді. Даусы қалтырай булығып, естілер-естілмес күйде сыбырлады.



  • Сол... өзі... көзінің оты баяғыша, жалын шашып тұр... Жасы- мапты, мойымапты... Ал мен болсам қасіретке тұншығып, жүнжіп жүрмін. Ол ма кінәлі осыған?.. Жоқ, менмін... Ақырына дейін қасарып отырып, тосуым керек еді. Оған шамам жетпеді. Матап жіберді бір малға, қайтейін...


Жәміш үйді айналып, арт жаққа өтті де, кеудесіне тұнған қай- ғы-шерін ақтарғандай егіле жылады. Түріне қарасаң, сай-сүйегің сырқырайды... Ел орынға отырған кез. Қараңғыда бұларға ешкім көңіл бөлген жоқ. Түн қараңғылығы барған сайын қоюланды. Күмісжан бәйек боп жұбата алмай әлек.



  • Осы жолы жүздесіп, сөйлесіп қал, шерің тарқар... Мен Кемешіме тапсырайын, жолықтырудың амалын тапсын.

  • Елді тастап шықпайды ол. Аузына өңкей сыйлы кісілер қарап отырған жоқ па?... Иісі қазақты қадірлейді. Мұндайда оның орны- нан тапжылмайтын әдеті...

  • Немене, бітеу ме түзге отырмайтын?.. Сондай тыныс кезінде менің Кемешім іліп әкетеді.


Қос құрбының тілеуі қабыл болды. Ай туа үйдегі кісілер қотарыла сыртқа шықты. Сол кезде Жәміш ошақ басына қарай жылыстады да, Күмісжан үйге кірді. Кемелбек қымыз ішілген тостағандар мен тегенелерді жинастырып жатыр екен. Әйелі қасына келді де, құлағына ұзақ сыбырлады. Кемелбек аузын аңқита ашып, таңданған кейіпте тамсана тыңдады. Күмісжан ұйқыдан оятқандай жұлқылады.



  • Неменеге меңірейе қалдың? Ана кісіге барып айт. Не дер екен?


Жүгір, дастарханды өзім-ақ реттеймін.


Кемелбек сыртқа шыға сала Әсетті іздеді. Оңашаланып, сырт жақтағы қалың қалақай өскен тұсқа қарай кетіп барады екен. Бұл да солай ойыстады. Әсет қалақай қалқасынаң бері бұрылған кезде алдынан қарсы жолықты. Күлімдей қасына барды.



  • Әсаға, сізге айтатын бір сөзім бар еді...

  • Айта ғой, шырағым.

  • Осында бір кісінің өзіңізбен оңаша жолығып, сөйлескісі келеді. Жүздесуге құмар.

  • Ол кім, неге жасырын ұшыраспақ?

  • Күзембайдың қызы Жәмішті білуші ме едіңіз?

  • Не дейді, Жәміш осында ма?.. Ой, тоба!..


 


Өңі қызарып-сұраланған Әсеттің елеске айналған ескі өкініші қайта қозып, кеудесі ашыды. Белгісіз бір ұшқын найзағайдай жарқ етті де, бүкіл денесін шымырлата жайылды. Қамыға ойға шомып қалды. Кемелбек әңгіменің артын тоспады, бұл істе өзінің қолданатын тәсілін айтып салды. – Табақ тартылып, тамақ ішіліп болған соң, жұртты әніңізбен біраз сусындатып тастаңыз. Содан кейін кезекті басқаларға беріңіз де, өзіңіз сыртқа бет алыңыз. Мен ілесе шығып, ертіп алып барып табыстырамын!.. Әсеттің ойы сапырылысты. Бұл жолығуынан не пайда? Ескі жарасы асқынып, жанын қинады. Бірақ сол бір аяулы адамына қалай жолықпай кетеді? Онысы қиянат емес пе? Адам ғой, тым құрығанда жылы сөзін айтып, жұбатқаны абзал шығар. Өткен өмір қайта оралмағанымен, көңілі бар ғой, жасымасын... Осыған


бекінді де, қасындағы жігітке мойын бұрды.



  • Атың кім, айналайын?

  • Кемелбек, Бегімбеттің баласымын.

  • Көп жаса, Кемелжан! Бала-шағаңның қызығын көр!..

  • Қызығы осы боп тұр, аға! – деді жігіт әзіл араластыра күліп. – Келініңіздің бұйрығын орындамасқа шарам бар ма?!

  • Келінге де айт, айналайын, қосағымен қоса ағарсын!.. Енді өзің айтқанды істейін...


Сағыныш сезімі қозданып, әлденеге елеңдеген Әсеттің жүрегі өрекпіді, жүзі бал-бұл жанды. О, тағдыр, адасқан адам баласының жолы бір қиырдан қалай-қалай тоғысады десеңші... Сонау бір жылы қыраулы күзде айырылысқаннан қайтып көріспеген Жә- мішпен осынау қиырдағы Ламбураның төсінде кездесем деген үш ұйықтасам ойымда бар ма еді?.. Әсет қуанған жоқ, зіл батпан мұңға батты. Өшкен жұлдыздай қараңғы түнге сіңіп кеткен тәтті арманы еді ғой. Кеудесінен сол бір жалыны сөнген бе, әлде тағдырына көніп, күйрегені ме, елпілдей өзеуремеді. Байсалды қалпынан аспады. Сағыныштан гөрі қандай адам боп өсті екен деген жорамал қалауы басым...


Табақ тартылып, ас ішіліп болғаннан кейін әннің туын Әсет көтерді. Желпіне, сергек шырқады. Неге екені белгісіз талайдан бері аузына алмай кеткен «Інжу-маржанды» балдай сорғалатып, боздаған сарынмен аңырата төкті-ай келіп. Үлкендер адасқанын аңсағандай, жастар алғы күндеріне ұмтылғандай ентелей ел- жіреседі. Әнші де осы әуенмен мұңын шағып отырғандай.


Әуелетіп ән салдым саған арнап, ей, Аспандағы аққуға қанат жалғап.


Көкем, сені-ай сағындым.


 


Аңыраймын дауылдай арманменен, ей, Желдей есіп сені іздеп жүрмін самғап. Сағынбасқа не шара?..


Таңсық даласындағы жаңа басталған қыстың қараңғы түні, өзіне қиыла қараған уыздай қыздың отты жанары, мөлдір тұнық көзі, еркелей жымиып, наздана күлімсірегені елестеді де, қайта оралмас сол сәтті аңсағандай асқан ынтызарлықпен құшырлана шырқады. Айта алмай, кеудесінде сақталып жүрген арызын сарқып тастағысы келгендей. Үйдің артында тыңдап тұрған Жәміштің жүрегі езілді. Жүдеу, етсіз бетін сорғалаған көз жасы жуды. Қасындағы Күмісжанның да көңілі босады. Жаны ашып, қосыла жылады. Адамның қайғысы жанашырына ортақ екен- ау. Қалай жұбатардың амалын таппай, балаша құшақтап тұрып, ақырын ырғай тербетеді. Әннің зарыққан зармен айтылғаны сон- ша, еміренген жұрт тамсана таңдай қағысты. Адамда мұндай да құдірет болады екен-ау!.. Аспан асты назды, ерке өксікті әуенге балқығандай шайқалады. Әсет басқа дүниені мүлде ұмытқандай әнге ғана елтіген, шамырқана толғанған, өзімен-өзі. Есілте төгіп, қайырманың желісіне ауысқанда үздіге еміренді. Тілек-қалауын сарқа үйірді. Арманы да басқаша шертілді.


Гүл-гүл жайнап көрінбей, Қайда жүрсің, еркем-ай?! Әнмен тербеп ерінбей, Түн ұйқыңды бөлсем-ай! Өртесе де құшағың, Құдіретіңе көнсем-ай!


Ақ сандықтың кілтіндей, Үш бұралып енсем-ай! Сағындырған еркем-ай!..


Бұл не сиқыр? Шабыты тасығанда ескі арманы есіне түсті ме?.. Бұған осы әнді салмай айтып жүрген Қадыриханның өзі де таңдана қарап қалған. Бәрі ерекше, сарыны да, арыны да алып-ұшып тұр. Бұрынғы желіден өзгешеленіп, басқа арнамен ағылды. Тағы да сағынышы ма елді аңсаған? Мұны айтпаушы еді, неге желікті? Е-е, мына елге өзінің құдіретін танытып кетейін дегені екен ғой!.. Ән ырғағы әншінің көкейін кернеген үміті мен шаттығын жария етті де, мың бұралған бунақпен ширатылып барып тоқтады. Тыңдаушылардың кейбіреуі көкірегі қақ айырыла күрсініп жіберді. Ал, жастар жағы үмітке ілесе жымыңдасады. Әуеннен өздерінің қалау тілеулерін сезгендей желпініседі.


 


Әсет те бәйге атындай елегізе алабұртып алған. Шабыты қысқан қаршығадай қылмыңдап, ала көзінің отты жанарынан ұсақ ұшқындар жылтылдайды. Жұрт есін жиып үлгергенше домбырасының үнін басқа бір сарынға ауыстырды да, «Қара көзді» сылқылдатты. Көкірегін кернеп жүрген сағынышын на- здана ақтарып, адастырған арманын іздегендей аңыратты. Әсем әуен сыңғырлай есіліп, бойды билеп алған. Арыз қып ешкімге айтпай келген өмірлік өкінішінің өшпес өксігін сорғалатты. Оны- сы әлі жүзін көрмесе де осы маңда жүрген Жәмішке айтқан сыры еді. Мұны сол ғана ұғады. Өзге жұрт ән деп қана сезеді. Адам жүрегінің үнсіз тіл қатысуы осы ма әлде ? Сондықтан жүрегінің түкпірінде ұзақ жыл ұйып жатқан ащы мұңды әнге қосты. Бұл сырды Жәміш қана жанымен ұғып тұр егіліп. Кеудесі өртеніп, өкси боздайды. Жаныма нұр боп құйылсын, дертімнің өртіне жаңбырдың суындай себелесін!.. Суық бесікке бөленіп, өлеусіре- ген жүрегімді тербетсін!.. Айта түс, айта түс, жаным!.. Осы оймен қарс ұра күрсінеді өксіп. Әлі жүз көріспеген екі ынтық жан осы әннің сарыны арқылы ғана сырттай мұңдасып, шер төккендей... Елігіп алған Әсет сол ағынды сарынды әрі созып, төрт-бес әнді арты-артынан сорғалата ақтарды да, тыныс алды. Сүйсінген жұрт тамсана бас шұлғыды.



  • Паһ, шіркін!... Әсаға, бүгін жанымызды шексіз ләззатқа бөледіңіз-ау!.. – деді Жабықбай құшырлана масайрап. Қоңырқай жүзі гүл-гүл жанған. Ұшқынды жанары елеурей күлімдейді. Ма- надан қозғалақтап, қопақтай елбіректеген Шадай қария да қарап қалмады, көңілдегіні сездірді.

  • Өшкеніңді жандырып, сай-сүйегіңді сырқыратады-ақ екен, сабазың!.. Бір жасап қалдық қой!


Өзі жасаған тойдың сән-салтанатына елдің назарын аударып, ықылас көрсетпек болған жылтыр қара кісі жайнаңдай орнынан түрегелді.



  • Әсетжан, разымын! Мына елдің өмірі естімеген әнін салдың. Көңілімізді ашып, жүзімізді жайнаттың, көп жаса!.. Әй, Әбеу, қайда жаңағы айтқаным?!


Қияқтай мұрты тебіндеген ақ сары жігіт кірді де, бүктеулі бір түйіншекті қолына ұстатты.



  • Мінекиіңіз, аға!..


Үй несі ораулы затты ашты да, өңіріне зерлі оқа жапсырылып тігілген қара мақпал шапанды Әсеттің иығына жапты.



  • Шүперек тон болмайды, жол болады Әсетжан, кигізгеніміз.


Үлкен-кіші күле қарасады. Ел ағасы Мешпет би көптің ықылас ниетін жеткізіп, алғыс айтты:


 



  • Әсетжан, бұл еліміздің салты. Әлімжанның ықыласы. Елің риза саған, өркенің өссін!..

  • Әнді сыйлаған қауымға да рақмет!.. Енді мен біраз тынығып алайын, – деді Әсет жастыққа шынтақтай жантайып. – Қане, жі- гіттер, қашан да той жастардікі емес пе, салыңдар ортаға өнер- леріңді! Рақымберді, сен басташы!


Жем тілеген құстай елпілдеп, осы сәтті күтіп отырған жұқалтаң ақ сұр жігіт домбыраны қолға алды. Төңірегін қоршаған серіктері қостады да, думанды әрі қарай дүрілдетті. Сол тұста Әсет тысқа шықпақ, боп түрегеле беріп еді, Кемелбек те ұшып тұрып, ертіп алып кетті.


Ай туған, шырадай жарқырайды. Сүттей жарық. Бозғылт аспанда жұлдыз сирек. Айналадағы қалың тау қатпарларын көгілдір жібектей буалдыр мұнар көмкерген. Самал да жоқ тып- тыныш. Әсет пен Кемелбек қатарласа жүріп, ауылдың артындағы тастақ төбенің баурайына өскен қалың аршаның арасына кірді. Түкпірлеп барып еді, ашық қойнауда бұларды екі әйел қарсы алды. Өңі-түсі жүдеу болғанымен, мүсіні бұзылмаған, қоңырқай беті қызара бөрткен сұңғақ бойлы жас әйел үнсіз тақап келді де, Әсетті құшақтай алды. Даусын шығармастан қыстыға боздады. Әсет те үнсіз. Шашынан сипай берді. Әйел солқылдап ұзақ жы- лады. Демінің ыстық лебі Әсеттің омырауын өртеп бара жатты. Әлден уақытта:



  • Мені тірідей тозаққа тастап кеткенің не?.. – деп күбірледі Жәміш арыз айтып. Абдырап қалған Әсет сабыр сақтап, байсалды сөйлеуге тырысты.

  • Қой, Жәмішжан, жылама!.. Тіршілігіңе қуан. Тағдырдың басқа салғаны солай шығар.

  • Жұбаныш жоқ тірлігіме несіне қуанам?.. Осылай өксіп келе- мін өмір бойы...

  • Мені қиналмады ғой дейсің бе?.. Қара жерге кеудемді төсеп ұзақ жаттым. Өлмеген соң, сүйретіліп қайта тұрады екенсің. Дос- жараным жебеді. Кеш қалғаныма өкіндім. Бірақ амалым қанша?..

  • Разымын, естігем оныңды... – деді Жәміш күрсіне жасын тыйып. Әсет жотасынан сипап жұбатты. Кемелбек пен келіншегі не істерін білмей состиып қалып еді, Жәміш күрсіне көзінің жасын сүртті де :

  • Мыналар менің жанашырларым!.. – деді. Кемелбек сол жер- дегі қойтасты нұсқады.

  • Әсаға, мұнда отырыңыз!


Әсет бұрылып, оның қасындағы толықша қара келіншекке қарады.


 



  • Мына бала келін бе, Кемелжан?

  • Келініңіз осы, Әсаға!

  • Көп жаса, қарағым!.. Сендер де отырыңдар, біздің мұң- зарымызға куә болыңдар!

  • Өйтпейміз, Әсаға... Оңаша сырласса, адамның шері тез тарқайды дейді екен бұрынғылар. Біз бөгет болмайық, бері жүр кемпір, – деді де, Кемелбек келіншегін жетелеп әрі қарай жыл- жыды.


Көзінің жасы парлаған Жәміш толғана бұралып, Әсеттің мой- нына қайта оралды... Әсет те құмары қозып, мауқы басылғанша аймалады... Бұлар ұзақ сырласты. Ай төбеден ауғанда ғана орын- дарынан түрегелісті. Жәміштің басынан кешкен ауыртпалығы Әсеттің қабырғасына қатты батты. Тағдыры талауға салыпты. Ұзатылған күйеуі осы күнгі молданың інісі екен. Жылға же- тер-жетпес отасыпты да, дүние салыпты. Жастайынан өкпесі қабынған дімкәс, бір күн ауру, бір күн сау күйеуінен нәресте көрмепті. Ол қайтыс болған соң әмеңгерлік шырғасы бойын- ша молдаға зорлықпен атастырыпты. Қойнында сұр жылан жатқандай тыжырынса да, басқа түскенге көніпті. Одан әке- шешесі де қайтыс болады да, жалғыз басы мүлде қорғансыз қалыпты. Патша құлап, Совет өкіметі орнағаннан кейін малынан айырылған байдың тұқымы Тоқтаны сағалай қашып, Бұраталаға асып түсіпті. Одан жылжи-жылжи осы елдің ішіне келіп сіңіпті. Содан бері аздап дұға оқи білетін молда жаназа шығарып, құран аударумен жан бағып жүрген көрінеді. Бұдан да бала көрмепті. Осының бәрін жіпке тізгендей қып айтып берген Жәміш:



  • Сені елге қайтқалы жүр деп естідім, – деді айырылысар сәтте. – Мені ала кет, жасаған жақсылығың сол болсын! Өлсем сүйегім жаратылған топырағымда қалсын!.. Әке-шешемнің қасында жатайын.

  • Оны өзің ойлап шеш. Тоқтамыңды Кемеш арқылы біліп тұрайын. Бел байласаң, ала кетемін. Мына жанашырларыңнан көмек күт, қол ұшын берер...


Әсет орнынан тұрғаннан кейін қастарына келген жігіт пен келіншекке күле қарады. Кемелбек уәде бергендей нық сөйледі.



  • Біз дайынбыз, Әсаға!


Келісім осы болды. Екі әйел сол жерде қалды да, Әсет пен Ке- мелбек үйге қайтып оралды. Ел қуана қарасты. Әсет отыра салып, өзі-ақ домбыраға қол созды.



  • Ал, жұртым, мен ертең аттанатын қонақпын. Ештеңе айтпай кетті деп, сөгерсіңдер. Өлеңді де көксеген түрлерің бар, көкейге түйгенімді төгіп кетейін...


 



  • О, бәрекелді!.. Жөн білгенің осы, – деп қостады Шадай қария мен Мешпет би қозғалақтап.


Әсет домбыраны желдірме сарынға салды да, безілдете бір қайырып тастап, жорғалата жөнелді:


Сағындым артта қалған белдерімді, Қанбаған қызығыма елде күнді.


Кетіппін сауық құрып, саят іздеп, Өзімнің артқа тастап көлдерімді. Аспандап жел айдаған ақиықтай, Кім ұқты бұл бұрышқа келгенімді? Ұшырған жалын-отым жай оғындай, Қалар ма елім көрмей еңбегімді?


Тежемей аттың басын жүргенімде, Ала алмай қалдым өзім бергенімді. Ол күнде елден ерек еркін едім, Бақ көріп, сый-құрметке ергенімді. Есіме түссе енді еңіреймін, Ұтылып уақыт сұмға көнгенімді. Татымас мың кызығым бір тиынға, Бір күні кім байқайды сөнгенімді.


Бұрқанған сарынмен ойын бір түйіп тастаған ақынға қызба жігіттер таңырқай қарасады. Басынан кешкен күндерінің ауыртпалығына күйінетінін түсінсе де, мұңына жығыла салмады. Күйзеліске қимағандай. Мұндағы ел алақанына салып отырғанда ескі жарасын қасымай-ақ қойса қайтеді екен?.. Бірақ үлкендердің ой түйісі басқаша боп шықты.



  • Уақыттың екпіні бөлек, ешкімнің шен-шекпеніне қарамай- тыны рас, Әсетжан, – деді Мешпет би нығыздай қостап. – Ал сенің артыңда сөзің қалады. Әніңнің оты сөнбейді.


Бұл сөзді домбырасын безей отырып тыңдаған Әсет тамағын кенеп алды да, өлеңін желілей түсті:


Толқындай кімге керек шайқалғаным, Өмірдің аттамасам қайқаңдарын?


Тел өскен құрбы-құрдас жебегенде, Жорғадай ортасында жайтаңдадым. Желге ыққан балапандай шалғай кетіп, Өгіздей жауыр болған қайқаңдадым.


Адасып бұраң жолмен жүріп келем, Оп-оңай елге оралып қайта алмадым. Халқыма бала жастан әлпештеген, Қарызын мойнымдағы қайтармадым.


 


Жүрсем де сыртқа сыйлап бар сырымды,. Еліме екі ауыз сөз айта алмадым.


Арыным алып ұшқан бар көзінде, Жорғадай оза шапқан тайпалмадым. Тағдырдың талабына тізгін беріп,


Бүр төгіп жапырақ жайып жайқалмадым.


Арыздасып отырған жоқ, сыр шашып отыр. Көңілі көтеріңкі, дауысы жарқын. Үйдің артында тұрған Жәміштің де үміті тұтан- ды. Е, елге қайтуға бекінгені рас екен, Құдай ақ жол бергей!.. Сол ойын мына жұртқа да жария еткені ғой. Айтарын сарқып кетпек. Несі бар, қайтар алдында мына қимас құрбым Күмісжанға да менің айтар сөзім осы емес пе? Шіркін, өз елім – өлең төсегім деген осындайдан шыққан-ау, сірә... Жәміштің ойын үйдің ішіндегі Жабықбайдың биязы сылқым үні бөлді.



  • Әсаға, қанатыңызды қанша жайсаңыз да құшағымыз кең, қысылмай сыя бересіз. Ел ықыласының шегіне көз жетуші ме еді. Қимай отыр деп ойлады Жәміш. Онысы рас. Жұрттың қалауы арманға ұласты. Шіркін-ай, әлі де жүре тұрса ғой, талай жастары- мызды өнерге баулып, өнеге керсетер еді-ау... Бірақ аялдайтын түрі жоқ. Осы елге қоштаса келгені рас сықылды. Сөзінің ыңғайы осы сарынға ауыса береді... Жабықбайдың көкейіндегіні сезгендей


Әсет өзінің байламын шыңдай түсті:


Мәз қылдым біреуді елеп, бірін мақтап, Еңселі елін сүйген ерді жақтап.


Жақсының жаман болар мезгілі бар, Қаларсың қайран тілім бір күн тоқтап. Білгенге бір ауыз сөз болар мысал, Білместер отырғандай бүгін жоқтап. Жол жырақ жүгім ауыр, жалғыз өзім, Осылай өтер ме екем айналсоқтап.


Сонылап саяқ кету бекер екен, Жүргенде дүйім алаш үкі шоқтап. Асаудың шоқтығынан ұстасаң да, Кеткендей болады екен бір қонақтап. Бұлдамай бұлбұл тілді базарлаттым, Жайғандай жәрмеңкеге тоғанақтап. Тойғызбай не қалдырмай жұрт сусынын, Не таптым бұл жүрістен сырғанақтап?..


Әсет күрсініп жіберді де, сөзін тоқтатты. Айтылған ойды са- ралағандай тыңдаушылар үнсіз. Әлден уақытта:


 



  • Тілден тамған балға адам қана ма, Әсетжан! – деді Шадай қария ақын сөзінің мәнін тереңдете қостап. – Рақмет. Аз күннің ішінде -ақ көңілімізді қат қылдың. Бағың жансын, айналайын!..


Әсеттің көңілі шалқып алған. Мандайының терін сүртті де, кеудесін жалын кернеп, бойына қайрат құйылғандай қайта қозғалақтады. Одан әрі бір сыпыраға дейін ән мен өлеңді қосарлап, тоқтаусыз сорғалатты. Үлкен-кіші жайдары түрмен ұйып тыңдады. Ара-тұра басқа да дауыстар өрледі. Таң атқанша ән тынбады...





Пікір жазу