03.01.2022
  389


Автор: Құрманбай Толыбаев

О, АҒАЙЫНДАР-АЙ

Әсеттің Турасу аңғарындағы елге алғаш басқан қадамы құтты болып, Шадай қарияның ауылында өткен салтанатпен басталған- ды. Одан кейін өз аузымен әдейілеп шақырып:



  • Әсет шырағым, енді менін үйіме түсіп дәм тат! – деп қолқалаған соң, бір күнді Мешпет бидің ауылында өткізді. Елге сыйлы осы екі адамның сияпаты Әсеттің артықшылығын арттыра түсті. Өйткені әннен бойын аулақ ұстап жүретін бидің ақынды арнайы қонақ қып әлпештеуін жұрт оның айырықша адам болғаны деп жорыды. Сырттай дақпыртына емес, көзбен көруге құмартты.


 


Мешпет би сөзден қашты ма, әлде басқа үйлерден шеткері, оңашада жалғыз үй отырған соң ба, Әсетті үлкен баласының от- ауына түсіріп, немересі Рақымбердіге күткізді. Өзі Шадай қарияны ілестіріп, Әсеттің қасынан ұзамады.



  • Ойпырмай, әннің сазы да адамның мінезіне ықпал етеді екен-ау, – деп, үйге жайғасқан соң Шадай қария ойын-шы- нын араластыра көкейдегісін айтты. – Біздің Мешпет сауық- сайраннан ат-тонын ала қашушы еді. Әсетжан, әнің шын-ақ құдіретін танытты. Жүрегін жібітіп, санасын ояттың-ау бір...


Мешпет би сылқ-сылқ күлді. Майпоздай есіп, өзінің оқшау- лыққа бой ұруына мәжбүр еткен көңіл күйін түсіндірді:



  • Күжілдегеннің бәрі бұқа емес, Шәке. Адамның жанын балқытатын ән мен күйден есуас ғана қашады. Осы күнде мен жан тыныштығын ғана күйттейтін жастағы пендемін. Әйтпесе, тақуалық не теңім?..

  • Елден безіп қайда барасың сонда?

  • Елден емес, сөзден қашақтаймын.

  • Сөздің де жөні бар емес пе? Сыламжан ақалақшы тапа-тал түсте Есбосынның аяқ-қолын байлап-матап, өлімге айдатып жатқанда да жаныңның тыныштығын күйттеп, сөзден қаштың ба? Ел қамын ойлап, ер қайғысына неге ара түспедің?..


Шадай қария зілмен айтты. Сақалы қалтырап, қабағы қарс жабылды. Іштегісін бүкпестен ақтарып салып, артын баққан түрі бар. Мешпет би де түнерді. Қабағы қарс жабылды. Кінәсін мойындағандай үнсіз сазарған. Өзін-өзі қажады. Серпіле бастап ем, қайтадан жайылғаны ма өкпенің торы. Ол кезде де бел шешіп кірісе алмай, осалдық, тайғақтық жасадым. Соның кесірінен абыройым төгілді. Содан бері елдің бірсыпыра үлкен-кішісі қырын қарап жүр. Әсеттің кешегі: «Елін жау шауып жатса да, кейбіреу өз басының аман қалғанына қуанады» дегені бүкіл елге тараған осы наразылық сыбысының сарынын естіген соң, сипай айтқаны ма? Неге түсінбейді осы жұрт? Қолдан келмеске өкірештенгенмен пайда жоқ қой. Соған қалайша көзжұмбайлық жасайды бұл ел? Шадай көкейдегісін жасырмады. Дүрдиісіп жүрмелік дегені шығар. Мен де айтайын бұқпантайламай... Жегідей жеп жүрген ойын Мешпет би де осы жолы ақтарды.



  • Әй, Шәке-ай, мен Іленің дутыңы18 емеспін ғой, осыны неге ойламайсыңдар? Есбосынның дауы жалғыз қазақтың ішіндегі жанжал болса, бір сәрі. Оның ізіне қалмақ та қоса түспеді ме? Байқұс бала екі өрттің ортасында қалды. Сол қысталаңда дутың












 
  

 


18 Дутың – генерал-губернатор, әскери әкім.


 


кезеген найзаның ұшына ілінді. Қазақ ішінен Сыламжан ақалақшы әкіреңдесе, қалмақтан Лайдың үкірдай қабаңдай күркіреп шық- пады ма? Өзіміздің ауыз бірлігіміз болмаған соң, сөзің кімге өтуші еді? Өзің айтшы, солардың қайсысы менің сөзіме құлақ салады? Екі басты айдаһардай жалақтаған озбырлар ырық берді ме, тыңдады ма? Айтпай қалған жоқпын, естігендер біледі. Үлкен-кішіңнің маған өкпелеп, теріс айналатын жөндерің осы ма? Менің де дертім ішімде. Еңірегенмен емің бар ма? Кейбіреулер мені тақуалық жолға түсті дейтін көрінеді. Сөзің өтпесе, елің өкпелі болса, жалғыз қалып, жан күйттемей қайтесің? Өзің айтшы, Шадай, қалыстығын!..



  • Ұқтым жан сырыңды, бауырым, ұқтым!.. – деп Шадай қария көзіне жас алды көңілі босап. – Осыны елге неге ашып-жарып айтпай жүрсің?

  • Айтқанда тындырарың бар ма? Жалынғанмен жалының өше ме?

  • Қайғыңа ортақтасар едік қой...

  • Белгілі емес пе? Бала-шағасын шулатып, Есбосынды Күреге айдатып жіберген Сыламжанды ауыздықтап, шауып алғандарың қайсы? Мен күймей жүр ме екем? Соны неге білмейсіңдер? Көп жаса, Әсетжан! – деп ісінген көзі жалын шашқан Мешпет би сәл сабасына түсті де, ойға шомған ақынға бұрылды. – Ішімдегі мұңымды сенің асқақ әнің, шындықты айтқан өлеңің сыртқа айдап шықты. Соның әсері ме, шерімді ақтарып салдым. Денем жеңілдеп қалды ғой, шырқашы тағы, тыныс алайын!..


Көптен бері бұйығып, бұғып кеткен Мешпет бидің іштей соншама азап шегіп жүргенін сезбегеніне, осылай-ау деп ойла- мағанына енді Шадай қария да қысылды. Пайымына бармай бұртияды екенбіз-ау... Қасы мен досын айыра алмайтын қазақтың еренсіздігінің бір белгісі осы...


Бұл әңгіменің сырына ішкерілей түсінбесе де, Әсет бір ақиқатты ұқты. Ол – адамдардың кеудесіндегі шеменді жібіткен әннің құ- діреті. Бұл сезім өзін де жігерлендірді. Мешпет би ауылының аспанын жаңғыртып, күні бойы ән салды. Бұрынғы сұсты ауылды думанға бөледі. Сирек араласа бастаған екі ауылдың адамдары қайта табысып, мәз-мәйрам мамыражай боп жамырасты. Кешке қарай жүздері жайраңдай тарасты.



  • Байқұсты босқа кінәлап жүріппіз-ау... – деп қинала күрсінді Шадай қария өзіне-өзі кейіп, ауылдан ұзай бере. Әсет бұл араздық- өкпенің түп-тегін сұрады.

  • Шәке, әлгі сөздеріңіздің мәнісін түсіндіріңізші?


 



  • Үйге барған сон, жамбастап жатып бәрін айтайын... Ақыл- дасайық.


Әсет үнсіз ілесті Шадай қарияға. Үйге жетіп, аттан түскен соң, Қадырихан мен Байболат аттардың ерін алып, отқа жіберді. Әсет жайғасып отырды. Шадай қария аяғын созып, қисайып жатты да, Есбосын оқиғасын бастан-аяқ баяндады...


Есбосынның әкесі Жәментік бір атадан жалқы екен. Бор- босын қыстауың түкпіріндегі Ластай сайы мен Аққысаң шатқалын мекен тұтады. Аңшылықты кәсіп етеді. Жаз айла- рында Еренқабырғаның бір жотасы Арыстан мен Алайғыр та- уларынан арқар-құлжа, тау теке ұстаса, қыстыгүні Үш буырыл алқабына барып, жыныс тоғай арасынан құндыз, бұлғын, сусар аулайды. Ойға түскен елік пен киікке тұзақ құрады. Бұл өңір ұлы таулардың арасындағы жалпақ аңғар. Оңтүстіктен Текес өзені көкпен астасқан Хантәңірі шыңының айналасындағы мұз таулардан көз алып, Нарат тауының қысаңын жарып өтеді де, Күнес суына құяды. Күнес басын Жұлдыз асқарларының арасы- нан көтереді де, күн батысқа тартады. Екі үлкен су Тоғызтарау алқабында түйісіп, арынын үдетеді. Ал солтүстіктегі заңғарлар арасынан тулап шығып, бүйірден қосылатын Қас өзені Ары- стан мұздығынан басталады да, Абыралы тауын қақ жарып өтіп, Жамантының тұсынан құяды. Осыдан төмен қарай Үш буырылдың қосындысы Іле өзені аталады. Іленің басындағы әлгі үш арнаны қазақтар Үшбуырыл дейді. Сол Үшбуырылдың жалпақ алабы Жәментіктің жан бағатын күн көрісінің көзі еді. Жаз шығып, қалмақ, қазақ жайлауға көшкен мезгіл. Көктеу- дегі жұрт қаңырап, қаңсып қалған. Аңнан қайтқан Жәментік Байынтал жылғасының бойындағы қалмақтың жұртына тоқтап, атының айылын тартады. Сол кезде елсіз жұрттағы жер ошақтың ішінен қарны қампиған, қол-аяғы шидей, кір-қожалақ, бес-алты жас шамасындағы бір бала шыға келеді. Жәментік таңданып тұрады да, баланы қасына шақырып, басынан сипайды. Жөнін сұраса, жұртқа тастап кеткен қалмақтың тұл жетім баласы екен.



  • Жолдан табылған олжа емес, бауырым бол, – деп, Жәментік баланы алдына мінгізіп, үйіне алып келеді. Оны тауып алған жерінің атымен Байынтал атайды. Мәпелеп бағып өсіреді. Соңынан ерген інісі санайды. Байынталдың құйрығы майлы боп, Жәментіктің тұңғышы Есбосын туады. Оның артынан үйелмелі-сүйелмелі балалар шұбырады.


Байынтал бура санды, жауырыны қақпақтай қарулы жігіт боп өседі. Палуанға түссе – күрескенін алып ұрады. Сайысса – қар- сыласын лақша өңгеріп әкетеді. Жердегі тайыншаны ат үстінен іліп


 


алады. Ел ішінде інісімен қоса Жәментіктің де аты шығады. Жасы жиырмаға толғанда Жәментік қыз айттырып, тойын тойлайды да, отаулап шығарады.


Аймақты билеген әкімдердің елге қысымы күннен-күнге артады. Бір күні шабармандар Байынталды лауға айдап әкетеді. Содан арада үш жыл өтеді, хабар-ошар болмайды. Жәментік ар- тына ерген інісін ойлап қатты қайғырып жүреді. Сондай қайғылы күндердің бірінде шабармандар бет-ауызы айғыз-айғыз тыртық, аяғын жамбастай басқан, белі шойырылған біреуді сүйреп әкеліп, Жәментік есігінің алдына тастай салады. Есбосын алпамсадай айбарлы жігіт боп қалған. Жерде жатқан кісіге үңіліп:



  • Кіші әке?.. – деп құшақтай алады бассалып. Терісі сүйегіне жабысқан, әл жоқ, кірпігі ғана қыбырлайды. Кеудесін кек кер- неген Есбосын жолбарыстай атылып, шабармандарға тап береді. Бірақ көпке топырақ шаша алмайды. Әкімге арқа сүйеген сесі бар, тізесін батыруға десі бар шабармандар қол-аяғын байлап алып кетеді. Есбосын Күредегі абақтыға қамалады.


Көктем шыға абақтыдағы қарулы, қауқарлы жігіттердің бір тобы іріктеледі. Қолдарына пышақ ұстатып, малдың терісін бүлдірмей союдың әдісін үйретеді. Қар кетіп, жердің беті кеңіген кезде бұларға Күредегі Жаң-жұңның өзі бұйрық береді:



  • Сендер енді қырға шығасыңдар. Ішінде қозысы бар қойды, құлыны бар биені жарып, қозы мен құлынның терісін бүлдірмей сылисыңдар. Ол кімнің малы екенінде жұмыстарың болмасын! Қашқаның да, жұмсаған жерден құры қол қайтқаның да дарға асыласың! Сырттарыңнан шеріктер күзетіп жүреді...


Амал жоқ, бұйрық орындалмаса – басың кетеді. Ел малына ие бола алмай қалады. Қой мен жылқы қан жоса боп қырылады. Ел бұларды «жарғыштар» атап кетеді. Төбесін көрсе айдалаға қашады. Дүние қан сасиды. Аш қасқырдай анталаған саудагерлер құлын мен қозының терісі үшін жаң-жұң мекемесіндегілерге ақшаны тау қып үйіп тастайды. Осындай сұмдықты амалсыздан өз қолымен істеген Есбосынның зұлымдыққа зығыры қайнайды. Ақыры 1910 жылғы хандыққа қарсы көтерілісте Іле жаң-жұңы атылады да, тұтқындар бостандық алады. Бұл кезде өлкелік үкіметтің тізгінін қолына алған Ың зиңшиң орайды пайдаланып, Іледегі төңкерісшілердің бас- шыларын айламен жойып жібереді де, үстемдігін нығайта түседі. Елдің басына қара түнек қайта орнайды. Астықты, малды ко- йып, ішкен судан, жердің шөбінен, шапқан пішеннен салық жинала бастайды. Елдің көл боп аққан көз жасына шыдамаған Есбосын қолына қару алып, атқа мінеді. Ата мекені Ластайдың Аққысаңына сарбаз жинап, сап құрады. Аш-жалаңаштар, қуғынға ұшырағандар


 


Есбосынға қосылады. Бұлардың дүмпуі Іле өңірін дүр сілкіндіреді. Күреден шыққан шеріктер соққы жеп, қайта қашады. Тіпті бұлар әкімдердің өздерін ауыздықтайды. Зорлық-зомбылық жасағандар жазасын тартады.


Бірде қазақ ішінен салық жинауға шыққан біреу әкірендеп, елдің апшысын қуырады. Көпе-көрнеу қорлап, масқаралайды.



  • Сен өзіңнің ісіңді білмейтін өгізсің, мына сиырға жақындай түс!.. – деп, Ілехан деген кәрі зәңгіні асау сиырға мінгізіп, сайқы- мазақ етеді. Мұны естіген Есбосын он шақты жігітімен келеді де, әлгі желікпені жатқан жерінен сүйреп сыртқа шығарады.

  • Елді неге басынасың?.. Ішің пысқан екен, күлкішілдігіңді көрейін! – деп, барлық киімін шештіріп тастайды да, арқасы пышақтай арық атқа мінгізіп, сар-желіспен ауылды айналдыра жетелейді. Елдің апшысын қуырған есердің жаны көзіне көрінеді. Құйрығы ошақтай боп ойылған жетекшілерін соңына еріп жүрген адамдары арқалап алып кетеді. Мұны көргендердің айызы қанады. Ел ішінде абыройы артып бара жатқан Есбосынды торға түсіру үшін әкімдер айлаға көшеді. Соғыс шығарып даң қылмай, қалқада тұрып, өздерін өздеріне бауыздатудың жолын іздейді. Ол үшін кейбір ашқарақтарды қошаметтеп, қолдауы керек. Ондайлар ман- сабы үшін арын да, жанын да сатады, ештеңеден тайынбайды. Сол мақсатпен қазақтан Сыламжан ақалақшы, қалмақтан Лайдың үкірдай таңдалады. Екеуі елдің көзінше ерекше құрметтеліп,


Күреге арнайы шақыртылады. Сый-сыяпат жасалады.



  • Қолдарыңды қақпаймыз, – дейді Іле үкіметінің бастығы Ғуаң фу жылы қабақ танытып. – Сендерге сенеміз. Ел ішін тыныштандыру үшін Есбосынды тұзаққа түсіріңдер. Ізін аңдыңдар. Жала жабыңдар. Мал жоғалмай тұрмайды. Соның бәрін ұрлаған Есбосын болсын!..


Осыдан кейін Сыламжан мен Лайдың ауылға келіп өздерінше кеңес құрады. Есбосынды ұстаудың амалын іздейді. Ұзақ сөзден кейін бір тоқтамға келісіп, үйлеріне тарайды.


Ел жайлауға шыққан. Ұланбура мен Қайшының белі сы- қасқан ауыл. Жер қайысқан мыңғырған мал. Ел бейғам тіршілік құшағында. Жаздың осы жаймашуақ күндерінің бірінде Сыламжан ақалақшы үлкен жиын өткізбек боп ел басқарып жүргендерді, Іле әкімдерінің өкілін, қалмақтан Лайдыңды, Лас- тайдан Есбосынды шақырады. Келісім бойынша Есбосынның келер қайтар жолына, жиын өтетін төбенің қуыс-қуысына Күреден шақырылған шеріктерді жасырып қояды. Таза тұрсын деген сылтаумен арнайы белгіленген төбенің айналасына адам


 


жолатпайды. Уәделі күні жиынға Есбосын да келді. Күреден шыққан үш дарын төбенің төрінде отырған. Есбосын солардың қасына қарай беттейді. Осы кезде шеріктер тұс-тұстан лап қойып, тарпа бассалады. Есбосынның соңынан ере келіп, сырттан бағып тұрған жігіттер де ұмтылады. Қиян-кескі айқас салады. Сонда да қаптаған қалың шеріктің қолынан Есбосынды босата алмайды... Екі күннен кейін Күреден: «Есбосын дарға асылды!» деген жарнама тарайды. Ел еңіреп, есіл ерін жоқтайды. Аза тұтып, дауыс айтады. Ауылы жетісін беріп жатқан. Түн ішінде Ес- босын үйіне кіріп келеді. Сөйтсе оның аман қалуына адамға


жанашырлығы, мейрімділігі себеп болыпты.


Есбосынды Күреге айдап барған күні үкімет бастығы: «Ертең дарға асыңдар!» деп бұйырады. Келесі күнге дейін бір үңгірге қамап тастайды. Абақтының іші тастай суық екен. Шылқылда- ған сыз. Бір бұрышта қалшылдаған біреу бүрісіп отырады. Ықылық атып, иегі иегіне тимей дірілдейді.



  • О, Құдай қуат бере гөр, – деп жалбарынады ыңыранып, – Дарынға параны аямай бергіздім. Бүгін түн ортасында шығарып жіберетін болды. Соған дейін аман жетсем екен...


Осыны айтып, есінен танады. Бүрісіп, күрк-күрк жөтеледі. Жаны ашыған Есбосын бөркін, шапанын, шалбарын кигізіп қояды. Өзі жейде-дамбалмен отыра береді. Түн ортасы ауғанда біреу зынданның есігін ашып:



  • Тасболат, бері шық! – деп сыбырлайды. Есбосынның киімін киген әлгі кісі есікке жетіп барады. Сыртта тұрған біреу көкжелкеден періп жіберіп, мұрттай ұшырады да, суыққа тоңып, қалшылдай бүрісіп отырған Есбосынды сүйреп ала жөнеледі. Қақпа аузындағы бір қуысқа апарып, аяғындағы шынжырды ағытады да, босатып қоя береді. Келесі күні Есбосынның орнына Тасболат дарға асылады. Дарындар арамдығын жасыру үшін Есбосын дарға асылды деген хабар таратады. Мұны естіген Лайдың үкірдай мен Сыламжан ақалақшы Есбосын ауылын ша- уып алады... Жерін сатып жібереді. Жайлау-қыстауын өздерінің итаршыларына бөліп береді...

  • Сол Есбосыннан әлі бір хабар жоқ, – деді Шадай қария.

  • Сол дау-шардың басы-қасында жүріп ара түспеді деп, ел адамдары Мешпет биге өкпелі. Байқұстың өзі де қиналады екен ғой, бүгін бар шынын айтты.

  • Есбосынның ұсталуына Мешпет бидің де қатысы бар ма? Жоқ, ондайды құлағымыз шалмады. Ел сайлаған би болған соң,


тым құрыса бала-шағасын қорғай алмады деген өкпе ғой.


 



  • Орынсыз өкпе ел арасына араздық тудырып жүрген жоқ па? – деп, үрейлене сұрады Әсет. Ол ел арасының ашылмауын күллі арманынан артық санайтын.

  • Ел арасында емес, кейбір адамдар арасында салқындық бар. Содан бері Жабықбай ақалақшы Мешпет бимен қырын қабақ. Со- ларды табыстыруға өзің дәнекер бол, Әсетжан!..

  • Шәке-ау, мен жалғыз атты жолаушымын жапанды кезген. Ол қолымнан келе қоймас. Тіліме көне ме?

  • Сенің жөнің бөлекше. Тастай түйіліп жүрген Мешпет бидің жүрегі әніңе езілді. Ішінің мұзы еріп, өзі іздемеді ме? Сол игі өнеріңнін нұры басқалардың да бойын балқытар.

  • Мұны жалғыз мен емес, осындағы елдің қадірлеп-сыйлайтын үш-төрт адамының басын қосып алып шешейік. Мен әніммен, өлеңіммен жебеуші болайын.

  • Ел-ағайыннан араласарымыз осында Ғапари деген татардың қажысы бар. Қулық-сұмдығы жоқ адам. Мешпет би де, Жа- бықтай да сөзіне құлақ асады. Көпті көрген кісі ғой, соны да араластырайық...

  • Ғапари дедіңіз бе, Шәке? – деп Әсет әлдене есіне түскендей елегізді. Сол емес пе, қажыға барғаны ма? – Үйі қайда?..

  • Үйі Құлжада. Жыл сайын осындағы жайлауға шығады. Турасудың бойында ыстық қайтқанша жатады. Елмен араласы да жақсы.

  • Онда ертең сол кісіге барып жолығайық, – деді Әсет бұл кі- сінің кім екенін де анықтағысы келген оймен.


Көңілге алған ісінің орындалатынына қуанған Шадай қарияның да бойы сергіді, жүзі жайнады...


Күн арқан бойы көтерілгенде, Шадай ауылынан үш кісі атқа қонды. Жасыл алқап көлдей көлбейді. Жолсызбен төте тартқан. Гүлден-гүлге қонған алақандай қызыл-ала көбелектер көлбеңдей ұшады. Әсет пен Қадырихан жуан бел шабдарға мінген Шадай қарияны орталарына алып, белес-белесі мыжырайған кең жазықты қақ жарып кетіп барады. Ойпаңдау жерлер былқылдаған саздау- ыт. Жатаған қырқалардың шөбі жібекше есіледі. Алыстан қарлы таулардың сұлбасы көгілдірленіп, мұнарға оранған. Жап-жасыл адырларды аралай аққан көк қасқа өзеннің сарылы жер жарады.


Судың орай аққан кең койнауында екі ақ шатырға жанастыра тігілген екі ақ боз үй тұр. Арғы шеттегі биебауға тақау тұста шошайған қараша үй. Қымыз сол үйде дайындалатыны белгілі. Сырттағы ақ самауырынның түтігінен көк шулан түтін будақтайды. Кіріп-шығып жүргендердің киген киімдерінің порымы қалаша.


 



  • Ғапаридың үйі осы, – деді Шадай қария өкпе тұсына тақа- ғанда. – Әне, өзі де сыртта тұр екен.


Әсет дөңгелек қара мақпал тақиялы, шолақ жең қара қам- золының ішінен ұзын жең ақ жейде киген орта бойлы, шоқша сақалды ақ сары кісіге қадала қараған бойы мама ағашқа жетті де, аттан түсті. Қадырихан қол созып, Шадай қария мен Әсеттің атын ұстады да, асықпай байлап жатты. Әсет таныды. Өзі ойлаған адамы екен. Сонадайдан:



  • Ассалау-мағалай-көм!.. – деп сәлем берді де, таяп келіп қол алысты. Сары кісі сығырая қарап:

  • Апырау, мынау өзіміздің Әсет қой! – деді де, қуана құшақтай алды. – Аман ба, бауырым?..

  • Өзіңіз қуаттысыз ба?

  • Сені Тарбағатай жақта жүр деп естіп ем. Қашан келдің?

  • Дәм айдаса, адамның жүрмейтін жері жоқ көрінеді Ғапеке...

  • Үй-ішің, бала-шағаң аман ба?

  • Үйім – Сайрам көлінің бойында. Екі-үш жыл болды, Бұратала ойпатын мекендеп, Шұбартүбек деген жерді қыстап жүрмін.

  • Әбден жақсы болған. Шәке, бұл ақын менің ескі танысым...


Қане, үйге кіріңіздер!..


Ғапаридың үйінде алдымен шай келді. Арада аз ғана уақыт өткен соң қымыз құйылып, тәтті қуырдақ тартылды. Қымыз үстінде Шадай қария сөзін майдалай бастады.



  • Қажеке, өзіңе бір өтінішпен келіп ем...

  • Ғапеке, естімеген екем, – деп Әсет таңдана жымиды. – Қажыға да барып үлгергенсіз бе, қайырлы болсын!

  • Айтсын, рақмет, достым!..

  • Құдай тағала ғарып-ғасырларға берген садақаның да қайырын мол өлшейді деуші еді, сол сапарға жұмсаған қаражатыңызды аш-жалаңаш жүрген Құлжадағы қайыршыларға үлестірсеңіз де үлкен сауапқа қалатын едіңіз ғой.

  • Сенің шақарлығың әлі қалмаған ба? – деп күле берді Ғапари ашық жауап таппай. Сөздің бағдарын тез өзгертуге тырысты. – Шәке, не айтпақ едіңіз?

  • Ер-азаматтың қамы да баяғы. Мешпет биге бірталай адам өкпелі, оны өзің де естіп жүрген шығарсың. Әсіресе, Жабықбайдың өкпесі қара қазандай. Байқасам, Мешпет би де іштен тынып, өксіп жүр екен. Мына Әсетжан салған әннің арқасында арызын өзі айтып, мұң шақты. Мен Әсетжанға екеуін әніңмен, сөзіңмен табыстырып кет деп қолқа салып отырмын.

  • Бұл ниетіңіз өте жақсы, Шәке... Ағайынның тату жүргені де елдің бағы. Ал мен не істеп бере аламын?


 



  • Мен мал сойып, осы елдің игі жақсыларын шақырайын. Сол жерде Мешпет би мен Жабықбайды ортаға алайық.

  • Екі жаққа бірдей мен қол созбайын. Ал Жабықбайды ертіп барайын...

  • Сенен тілеуім де сол еді. Әсет ән салған жерге шақырса, енді Мешпет би де қалмайды. Оны өзім шақырамын.

  • Ендеше, қазір Жабықбайға барайық, – деді Ғапари бір бай- лам жасағандай. – Әсет бүгін сол үйде ән салсын. Бәлкім, оның да жүрегі жібір.

  • Болсын, аттанайық! – деді Шадай қария қамданып. Өзен бойына тақау бір жайпақ төбеге тігілген үлкен үйдің сыртындағы кермеге бір топ ат байланған. Шадай қария мен Ғапари қажы бастаған кісілерді ауыл жігіттері қошаметпен қарсы алды да, аттан түсіріп, Жабықбайдың үлкен ақ ордасына бастады. Шадай қария алдымен, оның артынан Ғапари кіріп еді, үйдегілер өре түрегелісті.

  • Ассалау-мәликөм! – деп шыбықтай сидам, бидай өңді, отыз- дың ішіндегі тұлғалы жігіт үлкен кісілерді құрметтп, қолымен жөн сілтеді. – Төрлетіңіздер, былай...

  • Мал-жан аман ба, Жабышжан? – деп Шадай қария сөйлей жоғарылады да, артындағы кісіге бұрылды. – Бері кел, Әсетжан... Қажы, жоғары өрле!


Ырғалып-жырғалып жүретін қазақтардың жайғасуын тосқан Ғапари түрегеп тұрған. Жабықбай үлкендерге ілесе төрге жылжы- ған екі кісінің қайсысы Әсет екенін айыра алмай жапақтап қалып еді. Барлығы отырып болған соң, өзінің оң жағына орналасқан жылтыр қара кісіге мойын бұрды.



  • Мына жігіт біздің Жетісудың бұлбұлы Әсет ақын... Көңлі жай тапқан Жабықбай күлімдей тізе бүкті өз орнына.

  • Іле бойын өрлей соққан самал сіздің әніңізді де жеткізіп тұрушы еді, Әсаға. Енді өзіңіз үйіме келіп қалыпсыз, құшағымыз жаюлы, құрметті қонағым болыңыз!..

  • Әсет елдің қонағы, – деп қосты Шадай қария өзімшілдіктің алдын тосып. Жабықбай жайдары жымиды.

  • Дұрыс айтасыз, аға. Біз де сол елдің бір баласымыз ғой.

  • Е, жөніңе енді көштің. Осы жақтағылар да қазағым-ау, елім- ау деп, әдейі іздеп келген Әсеттің көңіліне қаяу түсірмейік, мәз боп қайтсын!..

  • Елі азаматынан несін аяушы еді. Әсағаңмен қоса сіздер де сый табағымыздан дәм татыңыздар!


Үй иесінің осы сөзі жарлықтай ұғылды. Сұлуша қара мұртты жігіт бір қойды жетелеп келіп, босағаға тұра қалды да, бата сұрады. Шадай қария қонақ ретінде Әсетке қарады.


 



  • Әсетжан, ниетіңді айт!..

  • Ағамыз тұрғанда, іні бата жасамас болар, Шәке. Жол сіздікі!

  • Қонақасың ғой.

  • Қонақ ағадан үлкен емес, алдыңызды кеспеймін.


Қойға бата жасалғаннан кейін үлкен кісілер тізелерін жазып, жайланысты. Жабықбай алқымына бір буда үкі байланған дом- бырасына қоңыр әннің әуенін баяулата қосып, қымызды еріне сімірген қариялардың сөзін бөлмеді. Елпілдеп Әсетті де ән салуға зорлаған жоқ. Өздерінің еркіне жіберді. Қабағы ашық, жүзі жайда- ры. Мұндай кезде Жабықбай естіген-білгенін сұрағандарға ақтарып салатын. Сол мінезіне қанық Шадай қария әдейі сөзге тартты.



  • Шырағым, о жақ, бұ жақтан естігенің бар ма, айта отыр.

  • Әңгіме көп, аға, – деді Жабықбай аппақ қудай қарияның қы- зыл шырайлы жүзіне жымия назар салып.

  • Ендеше, біз де естиік те...

  • Әлі естімедіңіз бе, жоғалып кетті деп жүрген Есбосын жерден шыққандай өзінің Аққысаңына жігіт топтай бастапты. Елдің көбі оның ажалдан аман қалғанына сенбейді. Баяғыдағы жарнамаға иланып жүр... Тіпті Іле дутыңының өзі жағасын ұстайтын көрінеді. Есбосынды дарға асылды деп даурыққан дарындардың бірнешеуін аямай жазалап та тастапты.

  • Бір кезде Есбосынның ауылына оралып, өзіне арналған Құдайы астан жеп кеткенін естігеміз, – деді Шадай қария өткенді еске түсіріп. – Бірақ содан бері де талай жыл етпеді ме? Сыбысын естіп, сырын білмеген соң, кейбіреулердің үкімет жарнамасына сенгені рас.


Жабықбай әлдекімді мысқылдай күлді.



  • Алғаш сол жарнамаға Сыламжанның өзі де сенген. Енді іші өткен баладай қыпылықтап, Нұрсапа екеуі Күреге қарай күнде шапқылайтын көрінеді. Есбосын тағы да адамдық жасапты. Сыламжан талап алған малымды, жер-суымды қайтарып берсе, тиіспеймін депті.


Есбосынның еліне оралғанын Шадай қария өзі ойлаған істің сәті түсуіне тағы бір себеп болды деп есептесе, Сыламжанның лаңы өршіп, ел ішінің тағы да дүрбелеңге ұшырайтынына қайғырды.



  • Кім біледі, Құдай қайырын берсін!.. – деп күрсінді мұңайып.


Осы орайда Ғапари сөздің бетін басқаға бұрды.



  • Ақындар мен әншілер жүрген жер дабырсыз болмауға тиіс.


Шәке, сөз кезегін соларға берейік.



  • Қазақтардың дауына қажының іші пысты-ау, шамасы, – деді Жабықбай ығына жығылып. – Ауылдың алты ауызын өзім бас- тайын...


 


Домбыраның құлағын қайта бұрады. Ол әсем шертетін шебер күйші еді. Үлкен кісілер мен сырын білетін құрбы-құрдастары болмаса, басқа жұрт қолқалауға батпайтын. Мен күй қуған адам емеспін деп көнбейтін. Өзінің көңілін өзі жебегендей оңашада бір- екі күй шертетін де, өрекпіген жүрегін жұбататын. Қазір кенет өзі тіленді. Қуанышы бар секілді. Жайдарылыққа шалқып көкейінде күй толқығандықтан ба, немесе, қонақтарды күймен жетелегісі келгені ме, сылқылдаған сылқым күйлерді шиыршық аттырып, арты-артынан күмбірлетті. Сол қолының саусақтары пернелердің үстінде ортекеше жорғақтаса, оң қолының сұқ саусағымен қос ішекті саумалай қағады. Күй ырғағы кейде тулай тасқындағанда бес саусақпен түгел түйіп-түйіп жібереді. Көңілі тасыған соң ба, әлде, бүкіл денесі тұтас қимылдағандікі ме, қызғылт-қоңыр өңі албырап, жалпақ маңдайын шыпылдаған тер басты.


Жұқа қабағы кейде түйіліп, қоңыр көзі мұңдана алысқа қа- далады. Күй сазымен қосыла ырғалып, балқып кетеді. Осы қимыл- қозғалысының бәрі жұртты ұйытып алған. Тербеле шалқып барып тоқтады. Сылаңдаған сұлу күйдің сарыны құлазыта ызыңдап біраз тұрды. Сүйсінген Шадай қария көптің лықсыған ниетін айтты.



  • Бақытты бол, айналайын!..


Әсетті ой жетелеген. Ала көзі мөлтілдеп, әлденеге қызыққандай құмарлана қалған. Күйді әсем шертетін жігіт екен, серілігі де бар шығар. Ондай адам дархан, көңілі кірпияз, нәзік келеді. Жаны тазалықты, адалдықты қалайды. Арамдыққа, жауыздыққа төзбейді. Мінезі сыпайы. Бірақ жанарынан бетінен қайтпайтын қайсарлығы да көрініп тұр... Еліне жұғымдылығы да содан болар. Төңірегінде тобы көп. Қылмыңдап жағынушыларға ұқсамайды, жайдары жайсаңдар сықылды. Қабағы ашық. Томырайған тұйық емес... Ойын жинап, ниетін білдіргенше, Қадыриханның сыңғырлаған қоңыр даусы көтерілді. Сыртқы киімін шешіп тастаған, құлшынып отыр. Сол тыныста тілегін білдірді.



  • О, ағайындар, қарсы болмасаңыздар, енді қонақ кәдені мен жасайын!..

  • Баста, шырағым, баста, – деді де, Шадай қария қызықтай қа- раған Жабықбайға бұрылды. – Бұл да әнші жігіт. Аты – Қадырихан. Сабаздың әні жібекше есіліп тұр.

  • Аға, бұл кісілерді тыңдап, құмарыңыз қанған-ау, шамасы.

  • Иә, Құдай айдап кеп ең алдымен менің үйіме түсірді де, думанның туын көтерді.

  • Сол думанға бізді де шақырсаңыз қайтетін еді?

  • Шақырамын, үлкен думан алда...


 



  • Менің салатын әндерімнің бәрі Әсет ағамыз шығарған әндер, – деп, сөзді бөлді де, Қадырихан айтатын әндеріне анықтама берді. – Бүгін осында білікті кісілердің басы қосылған екен, соны ұқтыра кетейін.


Әнді жанынан шығаратын кісінің артықшылығын танығысы келгендей үлкен-кішінің бәрі жалт қарасты. Қарапайым монтиған адам. Елден ерекше сипаты жоқ. Желпініс-желігі байқалмайды. Өмірінде бұл маңнан естімеген әндерге екі-үш күннен бері Ша- дай қария қайран қалушы еді. Әншілердің алыстан ала келген әні шығар деп ойлайтын. Анығын білген соң Әсетке сұқтана қарады.



  • Бәсе, кілең бір кербез әндерді қайдан теріп алған деп таңданушы ем...

  • Әсет бала кезінен-ақ әнге құмар болатын, – деді Ғапари өзі білетін жайлардың пердесін ашып. – Ал жігіттік тұлпарына мінгеннен бері ешкімнен ән үйреніп көрген емес. Біреудің айтып жүргенін қайталамайды. Жетісу қазақтарының бәрі Әсеттің әнін де, өлеңін де жатқа біледі.

  • Қазақ әндерін өзіндік мәнермен молайтқан кісінің бір – міне, алдыларыңызда отыр...


Бұлардың көбі Әсетті әнші, ақын деп естіген. Ал оның әнді өзі шығарып айтатынын алғаш білді. Сол сырға Ғапаридың қанық екеніне Жабықбай таңданды.



  • Қажеке, Әсағаңды бұрыннан танушы ма едіңіз?

  • Бала жасынан білемін. Мен қазақтың арасында өстім. Ме- нің жігіт кезімде, мұның бозбала шағында талай думанды бірге салғанбыз. Лепсі мен Сарқант, Қапал мен Алматы арасын дү- рілдетіп жүруші ек... Қадырихан, сен бастай бер, шырағым. Әсетті тербеп, илһамын келтірші. Шабыттанбаса, қыран самғай ма? Делебесі қозса Әсет селдей тасушы еді...


Ғапаридың айтқаны болып, Қадырихан түске дейін әннің туын желбіретті. Шадай қарияның мақсатына жетуіне себін тигізу үшін ол да құлшынды ма, бүгін тіпті жараған жүйріктей жұтынып алыпты. Ентелей үдеп, жақ жаппады. Бір уақытта сәл тыныстап, демін алды, – бұл баланың аңшылық жайында бір өлеңі бар, – деді Шадай қария құмартып. – Қадырихан шырағым, денеңді суытпай, осы қызуыңмен соны бір қайырып тасташы.


Қарияның қалауы бойынша, Қадырихан өлеңді түйдек- түйдегімен төгіп, әзілқойлық түрмен әуенді құйқылжыта үйірді. Ду-ду күлкі қозды. Жігіттер желпініп, жасы үлкендер жымия күлімсірейді. Адам өмірінің кейбір шақтарын келістіріп айта білсе, көңілді жайнатып, үлкен қызыққа айналатын сықылды. Бәрі мәз.


 


Түскі ас алдында қонақтар сыртқа шығып, біраз бой жазысты да, қолдарын жуып, қайта жайғасты. Ас келгенше Жабықбай күй шертті. Табақ-табақ ет тартылды, тегене-тегене қымыз сапырылды. Елдің көзі Әсетте. Біраз әңгімемен ас та сіңді.



  • Әсаға, біз шамамызша тырбаңдап болған сияқтымыз, – еді Жабықбай сыпайылап. – Қыранның самғауын, тұлпардың ары- нын аңсайды мына жұртыңыз.

  • Елден немді аяйын. Манадан Қадыриханды тыңдап сусындадық. Ендігі кезек маған келсе, мен де бірдеңе айтып көрейін.

  • Құлағымыз сенде, Әсетжан, құрышын қандыршы, – деп тамсанды Шадай қария. Оны Ғапари қостады.

  • Әсет, талайдан бері даусыңды естімей, көксеп жүруші ем, шығаршы құмардан!..


Жаны жадыраған Әсеттің көмейіне бірден «Қысмет» үйірілді. Сарыны өкпесін үрлеп, көрікше гулетті. Арынды әуен аспанға шапшыды. Тамағын жел кеулеп алқымы кеуіп кетті. Көзінен мерейлі ұшқын шашырады. Кеудесін кере мойнын созғанда-ақ ән суырылды. Тұнық аспанды қалтыратқан әуен жаңғырығы алысқа естіліп жатты. Өзен сарылы да тына қалғандай. Жел шөп арасы- на бұғып, жер бауырлай шөкті. Теңіз толқынындай аунақшыған әннің арыны дүниені бағындырып, өзінің қоңыраудай сыңғырына табындырған. Айдындағы аққудай сылаңдап, алтынның күнге шағылған сәулесіндей құбылады. Көл бойындағы көк қамыстай сусылдап, жібек орамалдай желбірейді. Аспанды кернеген мөлдір дауысқа бір қиырдағы ауылдардың адамдары да құлақ тосты. Қойшылар таяғына сүйеніп тұрып тыңдаса, құрығына сүйреткен жылқышылар атының тізгінін тартып, қыр басынан тапжылмады. Турасу алабы бұған дейін естіп көрмеген әннің құйқылжыған әуеніне елтіген. Арынды, асқақ әнге жұрт таңданды да, еріндерін жалай тамсанысты. Биікке шырқаған ән қалықтай төмендеп, жерге қанатын жая қонған құстай шайқала төңкеріліп барып тыныстады.



  • Бұл әнді айту да анау-мынаудың қолынан келе қоймас, – деп басын шайқады үннің сипатын танитын Жабықбай еміреніп. – Көк дауылдай күркіреп, нөсердей сорғалайды екен... Қайырымының өзі күмістей сыңғырлаған мың бунақ.


Шадай қария құштарлықты жебеп, даусы қалтырай сөйледі:



  • Әсеттің елден ерекшелігі де сонда ғой!..

  • Біздің бала кезімізде Іле өңіріндегі күйдің тұтқасы Қожеке еді, – деді Жабықбай жабырқау мұңды түрмен. – Оның да көмейіне зұлымдар қорғасын құйды. Көбіміз сол кісінің күйін


 


шерттік. Дара шыққан өрен әншіміз болмады. Әсағаңның әні – енді осындағы талаптыларды жебейді.


Бұдан кейін Әсет қоңыржай әндерді едәуір төкті. Ұзақ шабысқа жетелейтін ынтаның ыңғайын байқаған соң, желдірме әуенге көшті. Адамның ізгі қасиетін дәріптейтін, соған қарама- қарсы теріс қылықтарды бетке басатын өлеңге ауысты. Ара-тұра Қадырихан ән салды. Сөйтіп келесі күні түске дейін екеуі алма- кезек өлең мен әнді сорғалатты. Түскі астан кейін Шадай қария өзінің ықылас-пейілін жария етті.



  • Ал Жабықбай шырағым, әкең Бұлғыншының әруағы разы болсын!..

  • Дәміңді таттық, пейіліңе разымыз. Енді мен айтайын бұ- йымтайымды.

  • Айтыңыз, аға, бір әжетіңізге жарармыз.

  • Мен бірдеңе сұрай келгем жоқ, берсем ала ма деп келдім.

  • Ағаның қолынан алудан кім қашпақ, – деп еркелей күлді Жабықбай.

  • Алдымызда құрман айт та таяп қалды. Ол да елдің қызығы. Соның алдында мен де көптің батасын алайын. Бүрсігүні осы жайлаудағы елдің ақ сақал-қара сақалына дәм таттырайын деп ем. Өзіңді осыған шақырамын.

  • Ой, аға-ай, бір баланы шаптырып, жіберсеңіз де болмас па еді.

  • Кім біледі, сылтауратып тайқи ма деп, өзім келдім.

  • Сізді алдамайын, аға, – деді Жабықбай бірдеңе ойлағандай қабағы қатуланып. – Ашып айтайын, Сыламжан келетін болса, бармаймын!

  • Өй, мен Жабықбайды шақырып тұрмын ғой.

  • Онда барамын!..

  • Мына қажы да, Әсетжан да болады.

  • Жабықбай шырағым, – деді Ғапари қазақша майдалап. – Орталарыңдағы жалғыз татарды сопайтпай, жолдан мені де ерте кет!

  • Қажеке, өзім соғайын...

  • Енді біз аттанайық, – деді Шадай қария жиналып. Әсет те қозғала бастаған. Жабықбай қиыла қарады.

  • Әсаға, сіз жата тұрмайсыз ба тынығып?

  • Дәм-тұзыңды таттық, сый-құрметіңді көрдік, рақмет. Бұйырса тағы оралармыз. Шақырған жеріміз бар еді.

  • Қашан келсеңіз де есігіміз ашық.


Үлкен кісілер мен меймандар қоштасып, сыртқа шыққанша аттары ерттеліп қойылған. Жұтынып тұрған жігіттер бір-бір атты


 


иелеріне көлденең тартып, салт бойынша қолтықтарынан демеп аттандырды.


...Сәске түс кезі. Көк жайлау баяу ескен самалға шайқалады. Жердің беті осы көркіне масайрағандай. Шадай ауылына Әсеттің үш күннен кейін оралған беті. Адамның қарасы көп. Мешпет биді жағалаған қариялар бір төбешікте отыр. Жабықбай бастаған жасы кішілер шоғары соларға тақау төмпешікте түрегеп тұр. Әсет қарияларға барып сәлем берді. Жасы кішілер өздері келіп аманда- сты. Шадай қария орнынан түрегелді.



  • Ал жұртым, сендерді далада біраз тостырғанымның себебі – малға бата қылып, бір жола үйге кірсін дегенім еді, – деді де, үй жаққа бұрылды. – Әй, Байболат, алып кел бері!..


Желі жақта жүрген тығыншақтай шымыр жігіт өзі құрық са- лып ұстап, ноқталап қойған семіз көк қасқа тайды жетелеп көпке тақады. Үйіріне қарай ұмтылған тай жұлқынып, артына жалтақтай кісінейді. Дөп-дөңгелек қара көзі күнге шағылысып, ұшқындай жалт-жұлт етеді. Байболат топтың қарсы алдына көлденең тартып тұра қалды да:



  • Аумин!.. – деп бата сұрады. Үлкен-кішінің бәрі осы елдің ең кәрісі, тоқсандағы Тоқпамбет қарияға қарасты. Ақ қалпағын төбесіне түре киген, қаба сақалы ақ орамалдай желбіреп, омырауын жапқан, сырма шекпенінің сыртынан кіселі күміс белдік буынған қалақтай қария мұның мәніне түсінбей:

  • Шадай-ау, қандай қуанышың, не ниетің бар, не мақсатың үшін бата береміз, соны айтсайшы, – деді абдыраңқырап. Шадай қария топқа қарады.

  • Тоқа, тілегім – ел тыныштығы, азаматтарымыздың ауыз бірлігі! Елдің жігі ашылмай, айрандай ұйып отырсын, ерлеріміз елдің қамын ойласын деп бата сұраймын!

  • Мынауың ақ тілек, жарқыным! Сен бастадың, басқа жұрт қос- тасын. Бұдан былай жыл сайын осы мезгілде еліміздің ынтымағы, еріміздің абыройы үшін бір тайды шалып отырайық!..

  • Тоқа, бұл ниетіңізді қабыл аламыз! – деді Мешпет би басын шұлғып. – Ел ырысына арналмаған сәулетіміз неге керек!..

  • Ендеше, батамды берейін: О, ағайындар, іргең ажырамасын, бірлігің бүлінбесін, азаматың абыройлы болсын, елдің намысын ерің қорғасын, араңнан жік шықпасын, тізе қосып, тең басыңдар, көсегелерің көгерсін!..


Тоқпамбет қарияға қосылып жұрттың бәрі бетін сипады. Екі-үш жігіт тайды үйдің сыртындағы көгалға апарып, шұралап жығып жатты. Шадай қария қонақтарды үйге бастады.


 


Төрдің төбесінен орын алған Тоқпамбет қарияның оң жағынан Ғапари мен Мешпет би, сол жағынан сыйлы мейман ретінде Әсет орын алды. Мешпет бидін етегін баса Шадай қарияның өзі және жасы сол шамаластар, Әсеттің қасына Жабықбай мен Қадырихан және жастау кісілер орналасты. Дастархан жайылып, астау-астау бауырсақ төгілді. Құрт пен ірімшігі тағы бар. Ыңғайына қарай әр тұсқа тегене-тегене қымыз қойылды. Бір-екі тостаған ішілгенше, бөтен сөз болмады. Қарқындары басылып, енді тостағанның ернеуінен сыздықтата жұта бастаған кезде:



  • Ал, ағайындар, – деді Ғапари сыпайы дауыспен. – Мен Шәкеңнің тапсырмасын орындайын...


Үлкен-кіші елеңдей қарасты. Ғапари сөзін жұптағандай сәл бөгелді. Неден, қалай бастаудың қисынын іздеді. Сөз жүйесін табуы керек. Қазақтар бұған қатты талап қояды.


Тауып айтылған сөзге мойындаса, астындағы атын түсіп береді.


«Алдыңа келсе – атаңның құнын кеш» дейді өздері. Сонда қисынын келтіріп айтқан ақылды сөзге бас игені.



  • Шадайдың елден ерекшелеп, бір атаның ұлына жұмыс тапсырғаны бір мәнді гәп болды ғой, – деді Тоқпамбет қария құлақ түріп. – Сөйле, Ғапари, ішімізде кір қалмасын!

  • Дұрыс айтасыз, Тоқа. «Көңілдің кірі айтса кетеді» демей ме қазақ.

  • Менің ұққаным – Шадай елі мен азаматының абыройы үшін көк қасқасын шалды. Кінәласатын ешкім жоқ, кірі болса кетсін, сөйле, Ғапари!..

  • Сөйлесем, мен де осы елмен біте қайнасып келемін. Кірбең қабақ көрсем, менің де жамбасыма батады, қабырғам қайысады. Апыр-ау, ағайындар-ау, жалт еткен қысқа өмірлеріңде неге жарқылдап өмір сүрмейсіңдер деп, зар еңіреп жылағым келеді.

  • Мынауың да ойланатын тілек екен, – деді сөзді қуалай жебеп отырған Тоқпамбет қария. – Бірақ тоқсанға келген Тоқпамбетке себі жоқ. Мен құлайтын жарқабағымның қырына жетіп тұрмын. Бүгін бар, ертең жоқ адаммын. Кейінгі жастар, сендер ойланыңдар!.. Сөйле, Ғапари!..

  • Жердің үсті – жарық, асты – қараңғы. Жарық дүниенің қы- зығы елге ортақ. Бірақ кейбіреулер соның бәрін жалғыз иеленгісі келеді. Мұндайларды ел жауыз дейді. Сондайдан сақтана жүріп, әлгі ортақ қызықты қырын қабақпен суытпайық, ағайындар! Шөкеңнің тілегі осы... – деді де, Ғапари бөгеліп барып, жан-жағына көз салды. Мешпет би иегін уқалап, төмен үңілген. Жабықбай ой аңғарына бойлағандай қиялға шомған. Осы толғанысты ширата


 


түскісі келді. – Шөкеңнің ниетіне сен де ортақ едің ғой, Әсет. Арғы жағына тілім жетпей тұр. Ақынның сөзі ақ. Ендігісін сен айтшы!..


Әсет те тебіреніп кеткен секілді, қалт серпілді де, жұртқа қасқия қарады.



  • Мен айтсам – естіген-білгенімді айтамын!..

  • Сөйле Әсетжан, сен қалыс адамсың, – деді Тоқпамбет қария жетелей қолдап.

  • Осы елдің шетіне ілінгенде алғаш Шөкеңнің табалдырығынан аттап ем, төрін ұсынды, әнімді тыңдап, көңілі аспандады... Абай айтқандай, ән көңілге түрлі ой салады екен. Алыстан талып жеткен даусымды естіп, Мешпет бидің өзі іздеп келді. Осы тебіреніс Ша- дай қарияны жебеді. О, ағайындар, кең дүниеге сыйыспағаныңмен, мәңгі-бақи тиетіні ошақтай ғана бір шұңқыр емес пе? Салқындық зардабы елге тарамай тұрғанда, жылылық тілейді Шәкең. Соны әдейі қалап Ғапекең мен маған ұқтырған-ды. Енді айтайын жұрт алдында. Мешпет би ініге, Жабықбай ақалақшы ағаға өкпелі көрінеді. Ағасы бардың жағасы бар емес пе! Ағаның ағаттығына алара қараған ініге жараспас. Ағасы өз ырысынан неге теріс айна- лады? Адамға ізет жараспаушы ма еді? Шәкеңнің ниеті – жағаны жатқызбай, ырысты шайқамай сақтау...

  • Сендерді беттестіріп, біріңді ақтағалы, бірінді даттағалы шақырған жоқпын, – деді Шадай қария қабағы жыбырлай иегі дірілдеп. – Өткен іс өтті. Ендігі күндерің татулықпен жарқырасын!..

  • Өй, Шәке, мен не жаздым, теріс айналып жүрген өздерің ғой? – деді Мешпет би өкпелі үнмен бұртиып.

  • Сен кінәласпа, әділін ел айтсын!..

  • Ағайындар, – деді Ғапари бипаздау. – Біз дау кешкелі жиналған жоқпыз. Аға – ақылдан танбасын, іні – ізеттен қалмасын деп тілейміз...

  • Менің де тілегім – ел қамы, – деді Мешпет би енді жазыла жадырап. – Өз басым, Жабықбайға өкпем жоқ. Ол мені түсінбеді. Буынсыз жерге пышақ ұра алмағанымды менің осалдығым деп санап, теріс айналды. Жұртым-ау, қалмақтың Лайдыңы, қазақтың Сыламжаны лаңдап жатқанда өртті сөндіруге жалғыз өзімнің ша- мам жетті ме?..


Тамағы қышығандай даусы тұтығып, жөткірініп барып тоқтады. Көзі жыпылықтап, көңілі босағандай. Жыбырлаған танауын уқалады.



  • Ол бір қара суықтай бүрген заман еді ғой, – деп күрсінді Тоқпамбет қария. Әсет көзінің қырын Жабықбайға салды. Қайсар қараның мұзы жібігендей томсара тұнған. Күйші ғой, іштей


 


ширықса да, қасарма мінезі қарсыласып отыр ма?.. Шайқап ояту керек шығар. Әсет әріден орағытты:



  • Ағайын араздықтан азады. Кісілік – бір басқа, кіділік – бір басқа. Кісілігің халқыңа еткен қызметіңмен, істеген жа- қсылығыңмен өлшенеді. Кіділік – жеке бастың қамы, өзім- шілдіктің өресі. Өлшемі – бір тұтам. Арыздасар араздық жоқ көрінеді. Сонда да арада қуыс қалмасын, айтыңдар ағайын алдында. Дүрдараздықпен дүмбілез болмаңыздар!..

  • Ағаның алдында айыбым жоқ, – деді Жабықбай қасқия қа- рап. – Ұғыспай жүріппіз. Соны неге ашып айтпадыңыз осы күнге дейін? Біз атысып-шабыспақ емеспіз. Араздаспаймыз да. Есбосын- ды арашалап қалу қолынан келеді-ау деп сеніп едік, күткеніміз сол болатын. Ойымыз іске аспады... Соған өкпелегенім рас. Мұнымды кейіндеп түсініп, өзім де өкініп жүр ем... Алдына барып, аяғына жығылар айыбым болмаған соң, сүле-сапа жүруші ем...

  • Суырылып шыққан азаматымыз сүле-сапа солқылдақ болса, қасқайып тұратын кім сонда? – деп, Тоқпанбет қария бажырая шұқшиды.

  • Кінәм сол, айыбымды мойынға аламын, ата!..

  • Бәсе, жөніңе енді көштің. Бұлғыншы мен Жәнет осы елдің екі шетінде қасқиып тұрып, ыстығы мен суығына көнген. Тізе қоса қорғап, тірімізді сақтаған. Солардың балалары бірін-бірі ұғыса алмай жатса – естіген елден ұят емес пе?

  • Мына елдің, ағайындардың алдында айыбым болса ке- шіргейсіз, аға! – деп, Жабықбай орнынан түрегелді де, екі қолын кеудесіне қойып, ақ сақалдар жағына тәжім етті. Мешпет би де түрегеліп:

  • Айналдым, арысым! – деп, ілгері жылжыды да, өзіне қарсы жүрген Жабыкбайды құшырлана құшақтады. Екеуі де солқылдай көп жылады. Әсет орнынан тұрып, екеуін қатар қаусыра ұстады.

  • Ағаның құшағы – інінің шалқар алқабы. Інінің ізеті – аға көңілінің нұры. Ал Тоқа, мақсаты тоғысқан екі бауырыңызға батаңызды беріңіз!

  • Ақ тілеу де ерге жарасады. Жұптарың жазылмасын, түктерің қалыңдасын! Жалқыға жәрдем бер, халқыңа қорған бол!..

  • Айтқаныңыз келсін! – деп Шадай қария төменірек сырғыды. – Қос құндызым, жұптарыңды жазбастан келіп мына жерге қатар отырыңдаршы!..


Үлкен де, кіші де мәз, көздерінен қуаныш жасы парлады. Сырт- тан құлақ түріп жүрген әйелдер де жастарын сорғалата сығып, ақсия күліседі. Тілеулері қабыл болғандай. Ауыл адамдарының жүздері жайнап сала берді.


 



  • О, ағайындар, – деді Ғапари жадыраған жүздерді көрген соң. – Міне, қараңдаршы, ынтымақ тілеген ел қуанды. Адамға керегі осы емес пе! Әсет, осы жайдары көріністі өнегелі өлеңге қосып, бір ақтаршы!..

  • Бұл жайлы мен айтпағанда кім айтады!


Әсет домбырасын қағып-қағып жіберіп, тебірене құлшынды. Тоқпамбет қария көзінің жасын сықты да, даусы қалтырай үн қатты.



  • Ал, баста Әсетжан! Ағалық ақылың болсын. Балалар айтып жүрсін!

  • Жапанды көп кезген Әсет жақсылық пен жамандықтың парқын бізден әлдеқайда артық біледі, – деді Ғапари жұрттың на- зарын аударып. – Ойына түйгені де мол.


«Қиыннан қиястырар ер данасы» деп, Абай бекер айтпаған ғой.


Ақындардың алғырлығы дана сөзімен танылады.



  • Ғапеке, менің үш-төрт жылдан бері тыныстауымнан жүрісім көп болды. Шәуешек маңында зұлымдық пен зорлықтың зар- дабын өз басымнан өткіздім. Алтайда қазақтың арманшыл ұлы мен қызының бастарынан кешкен мұңдарына ортақтастым. Тәңіртауының құшағынан Қожекенің қайғылы қазасын естідім. Енді, міне, Көкқамырда екі арыстың арасын суытқан өкпелерінің үстінен түстім. Ойлап қарасам, осының бәрі қазақтың басындағы ескі дерті сияқты...

  • Көреген екенсің, шырағым! – деп сүйсінді Тоқпамбет қария разылық пейілмен. – Түйген ойыңды салшы ортаға!

  • Айтқанымнан айтарым көп, қария. Шәуешекте Демежан кім үшін дарға асылды? Іленің Күресінде Қожеке күйші не себептен шоққа қарылды? Әлгі өздеріңіз айтқан Есбосын неге қуғындалып жүр? Оның сыры неде? Бәрінің артынан қазақтың өз төбеттері шәуілдеп үреді екен. Қазақтың тайғанамай, табаны берік ел бо- лар күні туар ма? Өзінің қара басы үшін арын ғана емес, халқын қоса сататындар бар. Соларды неге көрмейміз? Көлеңкеде жатқан ит балтырымыздан ала түссе, шошып қаламыз. Бірақ тұмсыққа соғудан жасқанамыз, күшті болса, иесінен қорқамыз.


Әсет сөзін үзіп, түйіліп қалды. Жадырай бастаған қабақтар қайта жабылды. Көкіректерін мұң шалғандай томсара төрыққан. Бұл көбінің ойламаған жайы сықылды. Әлден уақытта Шадай қария күрсінді.



  • Сол қорқыныш қой талайымызды тұқыртып жүрген.

  • Бүгінгі әңгіме мені де қуантты, – деді Әсет көпшіліктің ойын сергітіп. – Жақсылықтың нышаны елге өң берді. Соны айтайын алдымен.


 


Жалғанның кім шықпайды сапарына, Дәм айдап, жер үстінен татарына.


Көл орны, орда орны бос тұрмайды, Демей ме бұрынғының мақалында. Қызайда Лаба, Шіде кісі болса, Кеңдігі абырой мен атағында.


Игі, Сәт, Қалендер де жақсы атанған Өзінің бойға лайық мақамында.


Бұлғыншы, Жәнет өткен далбақтамай, Аталған жақсылардың қатарында.


Жарқырап жай тасындай жарып түскен, Сендерсің ұрпағы – орын басары да.


Жабықбай, Мешпет елдің дарабозы ең, Халқына қиын жолды ашары да.


Екеуің қатар жүрсең нені алмайсың. Таң қалам бірлігіңнің нашарына.


 


Жорғалай лекіген жеңіл әуенмен сырғытып келіп, бір тыныс алды. Әннің аяғын өзінің әуенді аяқтағанда үйіріп тастайтын шұбырмалы ырғағымен еселей қайталады да, жайдары леппен тоқтады.



  • Тауып айттың, шырағым! – деп, желпіне қозғалақтады Тоқ- памбет қария. – Басыңқырай, батырып айт. Бұлар майда сөзді күнде естіп жүр. Ащының да дәмін татсын. Арқасына ыңыршақ батқан өгіздей қайқалақтатшы!..


Ел ақсақалының балаша елпелектегеніне үйдегілер қызықтай жымыңдасады. Мешпет би мен Жабықбай біріне-бірі жымия көз салды. Осы қылығымызбен елге күлкі боп отырған жоқпыз ба деп, іштей күмән да ойлаған түрлері бар. Бір қызарып, бір қуарысады. Бірақ көніп, салмағын көтермеске лаждары тағы жоқ. Ел ағасы сөзін айтып болсын деп Әсет тосты да, әуенді үз- бестен домбырасын термелей бебеулетті. Сыйлы қонақ ретінде Ғапари әлгі қарияны сабырға шақырды.



  • Азаматты қажай берген де жарамас, Тоқа.

  • Асауды шабына түртіп жуасытпайды, сипап-сылау да керек.

  • Сылап-сипап-ақ отыр ғой. Аюға тіл үйреткен таяқ деген де гәп бар.

  • Өй, көке қабыңыздың аузы ашылып кетті ғой, – деп күлді Шадай қария тізесінен басып. – Аяғына дейін тыңдайық та...

  • Е, тағы бар ма еді? Онда қойдым, Әсетжан!.. Тостағандағы қымыздан бір сіміріп тастап, тілін сорған Әсет әрі қарай сырғыды.


 


Жараспас жақсылардың адасқаны, Айырмай ақ-қараны бал ашқаны. Сыймастай жер бетіне шіренісіп, Ақырын ойға салмай тау асқаны. Бурадай қаңтардағы буырқанған, Аларып бір-біріне қарасқаны.


Кім білген аз ба, көп пе өмірлері, Сонымен жөн емес пе санасқаны. Болғанмен қанша жалпақ табандары, Дүние талайларды аластады.


Екеуің өз буына семіретін Емессің хан мен төре алаштағы.


Білгенің айтыңдаршы ішке бүкпей, Бұлардың немене осы таласқаны?.. Халықтың жігін ашып, шырқын бұзбай, Өнеге болар еді жарасқаны!..


Тағы да үнін құбылтып, әуеннің соңын құйқылжыта шиырды. Сарынды домбыра үнімен қосарластыра жебеді де, баяулатып барып тыныс алды. Өңешін қырнай жөткерініп, даусына наразы болғандай жұтынды да, тамағын сыртынан сипалады. Бірдеңе тілеп отыр ма деп ойлаған Байболат орнынан түрегелді. Сыртқа шығып, бір кесе шай алып кірді.



  • Аға, ыстық шай ішіңіз.

  • Болар, шырағым, қымыз бар ғой...

  • Ағайынды ардақтаған ақ ниетіңнен айналдым,Әсетжан! – деп жайылды Шадай қария осы тыныста. Үлкен – кіші сөздің түйінін тосып ентелеседі. Бөтен сөз құлақтарына жақпайды.


Әсет қалтасынан бүктелген қағаз шығарып, орауын жазды да, ұсақ ақшыл түйіршіктен шымшып аузына салды. Домбыраны қайтадан сарнатып, жаңағы ойының жалғасын іздегендей сәл кідірді де, даусын созды.


Опық жеп сеңдей соққан кері ағыстан, Шайнаған бармақтарын не данышпан. Кетпей ме ауыздағы алалықтан, Асырмай сөзді бастан кек алыссаң.


Атылған қарма-қарсы жолбарыстың Біреуі мерт болады өзі алысқан.


Алтынның қолда барда қадірі жоқ, Басқаның сүзілгенмен көзі алыстан. Не жетпей қырын қарап қырғиыстың, Сыйып жүр жер бетіне көп арыстан. Тәрбие-тәлім көрген бала едіңдер,


 


Апыр-ау, мінездерің неге ауысқан? Атаның әруағынан аттамаңдар.


Елі үшін ұрандасып ер табысқан. Орнықсын жұрттың көңілі бұдан былай Бөлінбе, тілеуі бір ел-арыстан!..


Әуеннің соңын екпінді қайырмамен ширатып барып тоқтағанда, Тоқпамбет қария:



  • Айтқаның келсін, Әсетжан! – деп қолын жайды. – Саған да берер батам – өмір жасың ұзақ болсын!..


Қоңырқай өңі қызара бөрткен Жабықбай көптің алдында өз ойын айтты.



  • Әсаға, ғибратыңызға құлдық. Аңғалдығымнан арандаған түрім бар. Араздықпен ауызданған кісі емеспін. Ағама өкпемді назым санап едім.


– Өкпе – наз емес, желік, – деп Әсет сөзін бөлді. – Біздің халқымыз желіктің әлегінен құтыла алмай сансырап жүр. Дауыл ықтырған елді құйынның арасынан өзіңдей қайратты азаматы алып шығуға тиіс. Соны ойла ылғи. Мешеке, інілеріңізге бас-көз боп, жақсылық жолына жетелеңіз. Бұл – елдің тілегі.



  • Әсетжан, елден аянарым жоқ, ағаттығымды өзіңе де айтқанмын. Ініммен табыстым, ырысым тасыды. Ел-жұртымның ниетіне разымын!..

  • Көңіліміз көншіді, – деді Шадай қария мәз болып. – Алды- мыздан қуаныш тоссын!

  • Енді далаға шығып, сергіп алайық, – деп қозғалақтады Тоқпамбет қария.


Күн төбеден ауған. Сыртта да бір қауым адам топтасып қалыпты. Жер бетін салқын самал желпиді. Мешпет биге ілесе Жабықбай шықты. Көбінің көзі соларда. Ашық қабақтарын көріп, көңілдері өсті. Шеттеген Әсетті жанай берген Ғапари:



  • Әсет, тамағыңа суық тиген бе, қандай дәрі ішіп жүрсің? – деп сұрады. Әсет шынын айтты.

  • Кім біледі, қысқы суыққа ұрындырып алдым ба? Көбірек ән салсам өңешім құрғай береді. Сондықтан анда-санда мүсәтір салып қоямын.

  • Оның үніңе зияны жоқ па?

  • Зиянсыз, қышқылы да дәмді.

  • Дегенмен байқау керек.


Бұлардың қасына Мешпет би келді де, сөз басқаға ауды. Біраздан кейін үйге қайта кіріп, орын-орнына жайғасты. Тамақ та әзір екен, табақ тартылды...


 


Астан кейін біраз тынықты да, Әсет домбырасын қайта қолына алды. Толқи сөйледі.



  • О, ағайындар. «Өз үйім – өлең төсегім» дейді екен бұрынғы- лар. Менің елімнен шыққаныма бес-алты жылдың жүзіне қарапты. Сағыныш па, аңсау ма, туған жерімнің тау-тасы, өзені мен көлі түсіме жиі кіріп жүр. Сондықтан қалай да қайта оралмақ ойым бар. Осы келісімде сіздермен дидарласып қана емес, қоштасып та қайтуды мақсат етіп ем... Енді, бүгіннен бастап, қоштасу әнін де айта жүрейін.


Бөгелмей шырқады. Бұл әнді былтыр Текестен қайтарда сондағы елге де айтқан. Мұнда да қайталап еді, өзінің де сарайы ашылды. Жұртты баурап алды.



  • Қайда жүрсең де аман бол, Әсетжан! – деді Шадай қария мұңайып. Бұл тілекке Тоқпамбет қария өз ниетін косты.

  • Жолың болсын, шырағым!..

  • Бізге тартқан сыйыңды асылдың көзіндей сақтаймыз! – деді Мешпет би сеніммен. – Рақымберді, ұғып қал, балам!


Әсеттің қоштасу әнін Рақымберді сол арада қайталап айтып шықты. Бейне қыз ұзатылатындай әйелдердің көзі жасқа шыланды. Нені қимайды, нені аяйды, өздері де білмейді.


Ел тарағанда әлгі әнді жан-жаққа бытыраған топтың арасынан кейбір жігіттер ынтызарлана шырқап бара жатты...





Пікір жазу