ХАНТӘҢІРДЕН ЕСКЕН САМАЛ
Маңқиған таулар кілкіген көк мұнарға бөккен. Әсет тау- дағы құбылыстардың сипатына қанып алғысы келгендей қадала көз жүгіртеді. Кеш батып бара жатқандықтан ба, әлде, қол
созымдағы қарлы шыңдардың басындағы мұздың ызғары ма, денесін тітіркендіре салқын леп еседі. Ауыл іргесіне тиіп тұр. Ақ қар, көк мұз құрсаулаған таулардың түсі суық та емес. Мұнарлана ағараңдағанын болмаса, мұзға оранған тауларды дәп мынадай жақын жерден көргені осы. Қызыға да, қинала да ой кешті. О, ұлы таулар, құшағың кең, тынысың мол. Сонда да өрісің құрсаулы, өзіңнің өрендеріңе қорған да бола алмайды екенсің-ау?.. Қазақ халқы да сен секілді... Қараңғы қапасты бұзып-жарып шыққан асау ұрпағына паналық қуысы жоқ. Анталаған жаулары итше талап жатса да, болыса алмайды. Біздің көбімізде халықтың қамын ой- лайтын өре жоқ-ау осы. Әркім қарабасының ғана күйін күйттейді. Тіршілігіміздің титықтап-ақ тоқырағаны ма? Сол жігерсіздіктің
кесірінен қатарынан оза шыққан өжет жандар құрбандыққа ша- лынып жатады. Қожеке кімге кесірін тигізді? Күйшіні, әншіні, ақынды халық қастерлейді. Оның қасында биің де, болысың да түк емес. Ел өнерге құштар. Өнер – шөлін басатын сусыны. Елдің осы емірене үйірілісін Дадай тәрізді тоғышарлар өзіне қорлық санайды. Ондайлардың бәрі әкімдердің асыранды иті, айтақтаса – балтырыңнан ала түседі. Еркелетсе – шабалана үріп, құйрығын қоқайта бұлаңдайды...
- Қастандық мұнымен тынған жоқ... – деді Маздақ қым-қуыт қиялмен тебіренген Әсеттің ойын бөліп. Ол елең етіп жалт қарады.
- Тағы қандай сұмдық болды?..
- Ерке серінің қазасы тек Текес өңіріндегі ғана емес, Іле ай- мағындағы күллі қазақтың қабырғасын қайыстырды. Азамат арысына бүкіл ел аза тұтты. Күйшінің ақырғы арыздасқан күй- лерін баласы Нұрқа еліне жеткізеді. Жиын-топта күңіренте шертіп жүрді. Сонда Дадайдың жауыздығына ел қарғыс айтты. Жалын- ды, өжет, зарлы күйге үлкен-кіші бас иді. Бірте-бірте Қожекең- нің данқы бұрынғыдан бетер дәуірледі. Осы қошамет, өзінің зұлымдығына елдің қарғысы Дадай болыстың жүрегіне найзағай оғындай қадалады. Енді Нұрқаның үстінен шағым жасаған екен, халық наразылығының өршіп кетуінен шошыған әкімдер қандай амал қолданса да ерікті Дадайдың өзіне беріпті. Әйтеуір, ізін білдірмейтін, дау-дамай тудырмайтын айла табуды тапсырыпты. Расында да, ешкім жіп таға алмай қалды. Нұрқа уланып өлді.
- Оның уланғаны қалай білінді?
- Құрман айты күні екен. Ауыл-ауылды айтшылап қайтады. Біраздан кейін басы айналып, құлап түседі. Қан құсып, тілі бай- ланады. Содан таң ата үзіліпті. Біреу у берді ме, неден уланды?.. Мұның сырын күні бүгінге дейін тірі жан білмейді. Дадайдан көргенімен, жіп таға алмайды.
- Адамнан да сондай жауыздар туады екен-ау!.. – деп Әсет ызалана күйінді. Маздақ дөңгелек ақ қалпағын желкесіне таман ысырып қойда да, жадырай көңілденді.
- Ақырында ойламаған жерден Дадай болыстың да басы кесіліпті!..
- Қалайша, әкімдерге қылығы жақпай қалған соң ба?
- Жоқ, әкімдер өздерінің асыранды төбетін өлтіруші ме еді?
- Енді қалай?..
- Жүрек жұтқан бір ер...
- Ол кім сонда?
- Оның кім екенін осы күнге дейін ешкім білмейді, – деді де, Маздақ бұл оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
... Күйші дарға асылғаннан кейін арада үш жылдай уақыт өткен. Ал Қожеке мен Нұрқаның аты бұл кезде күйдің әруағына айналған. Домбыра ұстағандар олардың атын құрметпен атап, жиын-тойда әкелі-балалы екеуінің күйін үзбей шертеді. Қайғысының белгісіндей елі күңірене еске түсіреді.
Бір күні аспанмен астасқан Хантәңір шыңының шығысқа Қарай жайылған етегіндегі Ханжайлаудың жалпақ алқабында үлкен той өтеді. Текестің басы мен аяғындағы елдің тізгін тартқаны түгел жиналады. Қайдан келгені белгісіз, сол тұста есік пен төрдей буырыл ат мінген, сымбаты сұлу, кеудесі талыстай, қақпақ жа- уырынды Жанай деген жігіт серілігімен, ақ жарқын қылығымен елдің назарына ілігеді. Әлгі тойдан оның да төбесі көрінеді. Киімін шиыршықтап, қанжығасына бөктерген. Үстіне жеңіл жарғақ беш- пет киген. Балағын саптама етігінің қонышына салған шалбары да тақыр жарғақ. Сайысқа арнайы әзірленіп келген сықылды. Дөң мұрынды, ат жақты жігіттің көзі отты, түсі айбынды.
Сақал-мұртын қырып, мұнтаздай таза жүреді. Басында шү- перектен сырып тіккен ернеулі жұқа сұр қалпақ. Күрескенді лақша лақтырады. Сайысқа түскенде қарсыласын аттан жұлып алып, қаңбақша аунатады. Ешкім пар келмей, түрлі-түрлі сайыстағы бас бәйгенің бәрін жеңіп алады.
Көкпар ойыны басталған. Алдымен екі-екіден мықты жігіттерді шығарып, солардың тартысын тамашалауға әдеттеніп алған жұрт екіге жарылады. Содан кейін әр топ екіден адам шығарады. Лақты мөлшерлі жерге біреу арнайы апарып тастаған соң, таңдалған көкпаршылар барып, тартысқа кіріседі. Осындай сайыста Жанай араласқан жігіттер Дадайды қаумалаған топтың қарсыласы болады. Жеке тартыста Жанай қайта-қайта ортаға түсіп, қарсыласы жаққа лақты үсті-үстіне апарып тастайды. Соған намыстанған Дадай болыс көкпаршылар қоршауынан тағы да суырылып шығып, жеке дара жеткен Жанай тақымындағы лақты сылқ еткізіп топтың ор- тасына тастай салғанда:
- Ұры итше сумаңдаған мынау кім-ей өзі!.. – деп балағаттайды. Мұны құлағы шалып қалған Жанай атының басын кілт бұрып тұра қалады:
- Ей, Дадай, теріңе сыймай тұрсаң, жарылып кет! Күш атасын танымайды!..
- Не деп көкиді-ей, мына қаңғыбас!.. – деп, Дадай атын тебіне ұмтылып, қасына жетіп барады да, қамшымен осып-осып жібереді. Арыстанша атылған Жанай оны асқабақша дөңгелетіп, атының үстінен жұлып алады. Лақтай өңгеріп тұрады да:
- Әлі қанға тоймай жүр ме едің, жауыз!.. – деп, қонышынан суырып алған екі жүзді қанжарын жарқ-жарқ еткізеді. Аңырған ел кірпік қағып үлгергенше, Дадайдың басы қара жерге допша домалап түседі. Жанай ерінің алдына өңгерілген денені сылқ еткізіп аударып тастайды да, атын ойнақтатып, қасқиып шетке шыға береді. Әне-міне дегенше, көз көрім жерге ұзап та кетеді. Мұзарттың жалтыр жалын бетке алып, арындата шаба жөнеледі. Дадайдың адамдары қан-шұрқан болып жатқанда бірсыпыра жігіттер Жанайдың соңынан қуған сыңай танытады да, топтан
аулағырақ ұзаған соң, ауыл-ауылына тарап кетеді...
Әсет таңырқай сүйсініп, басын шайқады. Ертегі естіп отырмын ба деген сықылды. Тосын құбылыс, тосырқау оқиға.
- Жүрек жұтқан бұл жігіттің Дадайда қандай кегі болды екен, ә?
- Оның қандай қысас-кегі бары тұрмақ, Жанайдың өзін де жөнді танитын адам жоқ, – деді Маздақ өзі де қайран қалған түрмен. – Тұрақтап жатқан үйі де жоқ екен. Қайдан келгені де белгісіз. Қауесет көп. Біреу Қожекенің Қызылсу жақтағы қырғыз досының баласы екен десе, енді біреулер Қарқарадағы ағайындары кек алу үшін жалдап, әдейі жіберген шеркеш екен дейді. Содан бері отыз жылдан артық уақыт өтіпті. Жанайдың аты да ел арасында ерліктің белгісіндей аңызға айналды да қалды. Ал оның өзінен ешбір сыбыс та, сыбдыр да білінбей кетіпті.
- Не десең де, қас батырдың қылығы! – деді Әсет тамсана таңдай қағып.
- Ал бұл оқиғаның арты тіпті қияметтей сабылыс болған, – деп мысқылмен күлді Маздақ.
- Ол не тағы?..
- Іле жаң-жұңының адамдары Күнес пен Текестегі, Қорғас пен Құлжа маңындағы қазақ пен қырғыздың арасынан Жанай атала- тын кісілердің бәрін жинап, бір-бірлеп тексереді. Сөйтіп, елді сергелдеңге салады. Ақыры таба алмаған соң, амалсыз тынады.
- Бәлкім, сол Жанай да Қожекенің кегін жоқтаған ер шығар?..
- Оның қылығына ел күйінбепті. Әлі күнге сүйсініспен айтып жүр. Қожеке күйі шертілген жерде Жанай да ауызға алынбай қалмайды.
- Әрине, кіжініп жүрген ел ер азаматының қылығын ұмыта ма!.. Шақыра келген балаға еріп, күн бата үйге оралған Әсет пен Маздақ төрге шығып, жамбастап жатты да, Рақыштың, Әшімнің күйлерін тыңдады. Рақыштың күйлері бұрқасынды, мұңды, кейде тасқындай дүркірейді. Әшімнің күйлері ойнақы, ерке, мұңды, на- зды. Әсіресе, желпіп шалқитын «Салтанат» күйі тыңдаушыларды шұлғытып-ақ тастады. Балбырай сорғалаған сылқым сарын
күмістей сыңғырлап, таңғажайып әсем сазымен ырғалта әлдилейді. Алып ұшқан жас көңілді оттай ыстық лебі шарпиды. Кейде қуанышты күлкі естіледі. Елдің жайдары, жарасымды, салтанатты өмірі, қыз-келіншек пен бозбалалардың келісімді ойын-күлкісі, жайлау сәні, жер көркі, той-думанның дүбірі сананы билеп, ойды қоздыра еліктіреді...
Қойлыбай асына көп адам жиналды. Ауыл ерекше салтанатқа бөленген. Елдің көңілін жадыратқан өзіндік сәнмен өтті. Жұрт жайраңдап тарасты. Түс қайта атын ерттеген Маздақ ілтипатпен қиыла тұрып Әсетке қолқа салды.
- Әсетжан, бұл ауылға қайта тағы бір соғарсың. Қазірше, мұндағы абыр-сабыр басылғанша, менің қонағым бол!
- Ол үшін алдымен Алмабайдан рұқсат сұрайық.
- Иіріп қойдым-ау сіздерді, іштеріңіз пысқан да шығар, – деді мұны естіген Алмабай қысылыңқырап. – Маздақ аға да өзіміз ғой, сый-сыяпатын көріңіздер, мен арттарыңыздан барайын, ел аяғы басылсын!
Әсет бастаған ақындар тобы мен Маздақ ілестірген күйшілер ат басын Мұзарт мұздағынан басталатын Ақаяз өзенінің көмейіндегі Халық тауына қарай бұрды. Өркеш-өркеш белдерден асты. Көк қасқа суы тастан-тасқа соғылып, ақ маржандай көпіршіген үлкенді- кішілі бірнеше өзен аңғарын кесіп өтті. Бір терең шатқалға түсіп, арғы қапталындағы жіңішке соқпақпен ұзын жалға шыққанда, сала-сала жота-жондардың ой-қыры шыжандай қалың ел екен. Күн еңкейіп қалған. Қора-қора қой сіресе жылжып, ауыл-ауылға қарай ойысып барады. Жайпақ беткейлер мен саздауыт ойпаңда сиыр- лар шоғыры бытырай жайылған. Бие-баудағы желіден ағытылған биелер шұбатыла сырғып, бозғылт керге өрлеп барады.
Осы арада Маздақ күрең қасқасын көлбеңдете алға түсті. Жатаған шолақ тұмсықтың терең сайға тақау жиегінде құдия шоқиып тұрған қожыр жартасты ықтай қонған ақ үйлерге – төте тартты.
- Біздің ауыл осы, Әсетжан, – деді үлкен ақ боз үйдің алдында- ғы мама ағашқа тоқтап. Ат дүбірін естіп, сыртқа шыққан ақ қал- пақты аққұба бозбала үлкен кісілерге сәлем берді де, әкесі ілтипат көрсетіп аялаған Әсеттің атын ұстады. Аттан түскен Маздақ баласына қарады: – Мынау менің Дәулет деген балам, Әсетжан.
- Бақытты бол, айналайын, өркенің өссін! – деді Әсет балаға ықыласын жаудырып.
- Дәулетжан, мал алдыр.
- Қазір... – деді де, өрімдей жігіт арсалаңдап барып, Рақыштың атын ұстады. – Амансыз ба, аға!
- Таудай жігіт бол, айналайын, өмір жасың ұзақ болсын! – деп Рақыш еркелете құшақтады да, мандайынан иіскеді. – Ой, дүние- ай, келмегеніме, көрмегеніме көп уақыт өткен бе, тіл-аузым тасқа, зіңгіттей жігіт бопсың ғой.
Әзілдей айтса да, бұған Дәулет те марқайып қалды. Үлкен кісілер ұрпақтарының көңілін аулау үшін де осындай ыстық ықыласпен жанитын сықылды. Соны ұққандай басқалары жымиып қояды.
- Бұлар қаулай өсетін шөп сияқты емес пе?.. Қане, үйге кі- ріңіздер, – деді Маздақ есігі түрулі тұрған үлкен ақ орданың босағасына барып тосып. Әсет табалдырықтан алдымен аттады. Төрдегі жүкаяққа түрлі-түсті құрақ көрпе, шыт, жібек көрпелер қабатталып жиналған. Оң жақта атлас шымылдығы судыраған сүйек төсек. Үстінде теңкиген мамық жастық. От орнынан басқа жерге тұтас алаша, сырмақ, текемет, кілем төселген. Төрдегі қалың кілемнің үстіне жіңішкелеу ұзынша тек көрпеше салынған. Қырықтың ішіндегі қараторы әйел қонақтарға жол беріп, өреше жақта түрегеп тұр. Әсет малдасын құрып, жүкке арқасын сүйеді. Оң жағына Қадырихан, сол жағына Рақыш жайғасты. Басқалары қақ жарылып, екі жақтағы іргеден жайыла орын алды. Сол кезде әйел сыртқа шығып кетті де, ас қамына кірісті. Аздан кейін дастар- хан жайылып, қымыз құйылды. Күн батып, шам жағылған соң:
- Ал, жігіттер, енді сауықты бастай беріңдер, – деді Рақыш әншілерге талап қойып. Әсет қасындағыларға мойын бұрды:
- Қимылда, Қадырихан... Шиыршық атып жүр едің, өзің бас- ташы бүгін.
Қадырихан көп күттірген жоқ. Қара түнді қақ жарған ерке ән бұлқынып, аспанға самғады. Құлжадан шыққалы бері жақ ашпаған әнші осы сәтті сарыла күткен секілді, ақтарылуға ынтасын салды. Әннен әнге ауысқан сайын үдеді. Маңдайы жіпсіп, өршелене ерледі. Әсет те сүйсіне құлақ тосты. Аз уақыт үнсіз жүргенде тарығып-ақ қалған түрі бар. Әншінің елден ерек қасиеті де сол ғой. Аңсағанынан адасып қалып қайта табысқандай алабұртуын. Әлде үздіксіз тыңдаған күйлердің сазы қиялын шыңдады ма? Күйімен тербеп, елін тамсандырған Қожеке тағдыры ашындырды ма? Ол ашынбайтын адам ба еді?! Ән мен күй егіз. Өнерпаздардың ішкі сырын өнерпаз ғана ұғады. Сондай саңлағын қорғай алмаған халықтың көрген күні де жүректі сыздататын шемен боп жабыспай ма? .. Шырқа, бауырым, шырқа!.. Кеудеңдегі сірескен сіреу шерің тарқасын!.. Қайда барсақ та біздің ел қайғы шегіп, қан жұтып отыр... Бар көңіл ашары осы ән ғана... Дүниенің күллі қызығынан тиген есесі де сол... Соған ентелейді, үміті мен арманын соған
жалғайды. Біз соның жаршысымыз. Аянуға хақымыз жоқ. Ақы тілеп, телмеңдеген жеріміз бар ма еді?.. Сал ортаға барыңды!..
Өзіне қадала қараған Әсеттің осы ойын ұққандай Қадырихан әннің құйқылжыған серпінін бәсеңдете төгілтіп, әуеннің соңына шықты да, маңдайының терін сүртіп, тыныстады. Сыртқы дүниені ұмытқандай елтіп қалған жұрт кенет серпіле жадырап желпіне дабыстады.
- О, бәрекелді, сарайымызды бір аштың-ау, – деп жайраңдай көтерілді Маздақ, көзі жайнап. Әсет енді бұйығып, шеттеу отырған нәзіктеу ашаң бозбалаға бұрылды.
- Енді бала сұңқар сермесін қанатын. Оны да самғауға баули жүрейік. Әбішжан, мұндағы еліңнің де құлағына сіңсін әнеу- күнгі өлеңіңді айтшы!..
Оның Әсет разы болған қандай өлеңінің бар екеніне қызығып, әлі естімегендер ынтыға жалт қарасты. Үйдегілердің ішіндегі жасы үлкені Маздақ та ықыласпен демеді:
- Жасқанба, шырағым!.. Бойыңдағы өнеріңді ортаға сал да, мына ағаларыңнан өнеге үйрен! Кетігің жетіледі, кемің толады.
Әбіш өзі жаттыққан биязы желдірме әуенді домбырамен сы- дырта саумалады да, өлеңін жентектете төкті. Тыңдаушылар кейде жымиды, кейде ду күлісті, бір тұсында мұңға батты, қабақтарын шытты шытынып. Өлеңнен өздерінің күнде көріп жүрген қорлықтарының елесі көлеңдейді... Серпінді өлең біткен соң Әсет күйшілерді де жебеді, қимылға шақырып.
- Әшім күйдің түлегі болса, Әбіш өлеңнің тұлпары. Халықтың көкейіндегіні айта біліңдер, шырақтарым... Ал, Дәшет, сен қамшы салдырмайтын жорғасың ғой, жайнап түскін ортаға!..
Дәшет іркілмеді. Ұшатын құстай қомданып, малдас құрған соң, шаншылған қазықтай қаздиып отырды да, домбыраны құлшына қақты. Ұшқынды қара көзі оттай жайнаған. Қоңырқай жүзі қызара бөртіп, алмадай албырайды. Жайдары көңілдерді одан бетер аспан- дата түсу үшін құлшына қимылдады. Ойнақы бір әуенді әуелете шырқады. Созыңқырап барып, даусын кілт өзгертті де, майда желіспен ырғалта жөнелді.
Әсаға, бұйырсаңыз, барым дайын, Бұлақтай таудан аққан ағындайын. Жел сөзге алып-қапша әуес емен, Көпіршіп бұрқыраған сабындайын. Көңілін көпшіліктің, шайдай ашып, Арқырап Ақаяздай арындайын.
Жылытып жүректерін, ойын тербеп,
Лапылдап өрттей өршіп жалындайын. Қырандай көкке самғап дабылдатып, Жер үстін дүрілдетіп қағылдайын.
Тасқынды өлеңнің әуені құйындай жүйткіп, түлкідей бұ- лаңдаған сылаң тербеліспен үйіріліп кеп, сәл тыныстаған кезде жұрт елеурей серпіліп, жапырлай дуласты.
- Уа, бәрекелді, өлеңің кеудеңде көлкіп-ақ қалған түрі бар, төк!
- Өйтпесе Дәшет бола ма! Арындат, тұлпарым, арындат! Домбыра үні безектеп сәл бөгелді де, қайта күмбірледі.
Қошамет сөздер де тыйылды. «О-оу!..» деген ақынның шабыт шақырған даусы сыбыр-күбірді басып кетті.
Май шықпас қара судан қайнағанмен, Сауысқан бұлбұл болмас сайрағанмен. Қылышқа қиып түсер теңеле ме, Майысқақ жасық темір қайрағанмен. Бәйге алмас жуан қарын жабы шауып, Үстіне жібек жауып байлағанмен.
Жылқыдан шаршы өрде өгіз озбас, Тақымдап қанша зорлап айдағанмен. Көкейден қара түнді ысыратын, Өлеңнің жұлдызымын жайнаған мен!..
Елдің дулаған дабырына Әсет пәлендей елікпеді, ден де қоймады. Өзін толғантқан ойдың жетегіне ілесті. Адам жанының сірісін жібітетін де, көңілдің қасаңын жұмсартатын да сөз-ау. Дөп басып айтса, шіркін, тыңдаушының жүрегіне сары майдай шық ете түседі. Сөз асылы – өлең. Адамның ішкі дүниесімен үндесіп жатады. «Өлең сөздің патшасы, сөз – сарасы» деген Абайдың ақылы бір кеніш-ау. Сол сара сөздер ұялаған ақындардың ыстық кеудесінің өзі кең сарай емес пе!.. Жиналған сөзді ақтара алмай іштей қыстығып жүрген түрлері болды ғой бұлардың. Бүгінгі серпілістері де тым ұшқыр. Жаңа Қадырихан да құлшына қимылдап еді. Енді Дәшет одан бетер буырқанды. Әйтпесе, ақын іштен тынып жүре ала ма, жүнжіп кетпей ме? Менің де делебем қозып отыр. Баяғы албырт кезім болса, суырылып жүре берер едім. Бұл күнде елігіп кетсем, селтеңдеген байқұс-ай деп, даттай- тындар да шығар... Өздері қалап-тілегенше шыдайын.
Дәшеттің де одан арғы сөздері құлағына кірмеді. Ақын енді осы өңірдегі халықтың көріп отырған қорлығы мен зорлығын қазбалай толғап, едәуір көсілді. Мұның да күйініші ел қамы. Ойы сол деңгейді шолады. Тыңдаушылар бірде жабықса, бірде жады-
райды. Ыстық пен суық алма-кезек алмасты. Денелері де суынып, қызынды. Қасірет зары естілгенде өне бойлары тітіркенеді де, өжеттікті дәріптегенде қайтадан бусанып шыға келеді. Шабыста денесі қызған тұлпардай ентелген Дәшет өлеңді шиыра есіп кеп тоқтағанда, Маздақ дулаған жұрттың назарын басқаға аударды.
- Әсетжан, соңыңа ілескен өрендеріңнің өнеріне разымыз, бағы жансын!.. Енді өзіңнің лебізіңді естиік те, тыныс алайық... Дауысыңды таныт.
Атағы жер жарған Әсеттің әніне, өлеңіне, дауысына жұрт ынтық. Демдерін іштерінен алып, қадалта құлақ түрісті.
- Мен де әдептен асып, әдетті бұзбайын, – деді Әсет маңайын шолып. – Қонақ кәдесін жасамасақ, ұят болар...
Өзіне төнген үмітті жанарлар шабытын тасытты, қоңыр әуенді лекіте жөнелді. Соңғы жылдары үнемі өзін таныстырудан бастайтын әдетіне айналған толғауын желдірмелі сылқым са- рынмен төгілте сорғалатты. Ән ырғағы сылаңдай бұлаңдап, өлең сөздері жұлдыздай жалтылдады. Ой құдіретінің, ән қасиетінің артықшылығы тамсантып, оны айта білудің мәнері әркімді-ақ ба- урап алды... Бұдан кейін жастарға үлгі-өсиет тастағысы келді ме, адамдық мінез-құлықты астарлай ақтарып, сыр тастауға ауысты:
Жігітке қисық мінез мінменен тең, Жараспас тал бойына сынменен тең. Надан бар көңілі қара, қолы сараң, Жүрегі қап-қараңғы түнменен тең. Саясын елге жайған жайсаң жігіт, Бұлттан жайнап шыкқан күнменен тең. Жайдары жігіт те бар қажымайтын, Терісі жуан елі пілменен тең.
Әзілкеш, қалжыңға ұста жарқын жігіт, Көңілдің бақшасында гүлменен тең.
Мәңгірген ойсыз, мисыз кейбір жігіт, Етеді жігеріңді құмменен тең.
Ақылға атасынан асқан бала,
Сабы жез, сағасы алтын туменен тең. Кейбіреу тұнжыраған қара бұлттай, Қараңғы тұман басқан түнменен тең...
Өнеге-нышан тұтатын адамдықтың сипатын дәріптей ашып, ұстамды ақыл-кеңесін жайып салды. Сұлу әнге, байсалды, тағлымды өлеңге сусындаған жұрт Әсеттің оза шабатын тарлан- дығына таңдана тамсанысты... Думан түн ортасы ауа басылды.
Содан әрі екі күн бойы Маздақтың үйінен кісі үзілмеді, ән аспанға өрледі, өлең өзенше арқырады... Үшінші күні кеш бата жет- кен Алмабай келесі күні сәскеде Әсет пен Маздақ бастаған өнерлі топты ертіп алды да, қалың қатпарлы таулардың жон арқасындағы Ханжайлаудың төсінде отырған елді аралатуға аттанды.
- Мазаға, біз заңғар таулардың бел ортасында тұрғамыз жоқ па, – деді Алмабай айналаны тұтас шолып. – Енді Әсағаңды осы ұлы таулардың қар жамылып, мұз жастанған жалына шығарайық. Сол таулардың Құдайы Хантәңірдің самалына кеудесін тоссын, салқын ауасын жұтсын, құдіреті жебей жүрер!..
- Бұл ойыңды құп аламын, – деді Әсет құмарлана қоштап.
- Бұрын дақпырт-даңқын естіген соң сыртынан сипаттап, өлеңіме қосушы едім. Құдіретті таулардың ұлылығын, тұрпат- тұрқын көзіммен көріп, көркіне сусындайын, баста солай!
Думанды топ біраз жүргеннен кейін қос қапталын қалың қарағай, жыныс ағаш жапқан шұңғыл сайға түсті. Алқабы тар- лау, табанында ирелеңдеген үлкен су ағып жатыр. Қарсы беттегі қарағай ішін қақ жарып, биікке созылған соқпақпен өрлеп, келесі жотаға шықты. Бұл Ханжайлаудың бергі етегі екен. Серек тасты сеңгірлермен астасқан қойнау-қойнаудың тектұр-текшесін қалың ел жайлаған. Жасыл төскей мыңғырған мал. Арғы жалдардың қыр арқасына ақ тұман шөккен. Шілденің аяғы мен тамыз басталған бұл мезгілде жауын сирек, тек анда-санда ойнақтаған көкшіл бұлттардың бауырынан өткіншінің жылы тамшылары сорғалайды. Өнерпаздар тобын әр ауыл есігін айқара ашып қарсы алды.
Ән мен күй Хантәңір самалына қосыла сусып, жалтыр шыңдарды жаңғыртты. Ақ қар, көк мұз құрсаған найза шыңдар әнге елтіп, күйге балқығандай теңселеді. Төбесі күмістей жалтылдап, бусана шайқалады.
- Жаздың шуақты күндерінде де көк мұздың дымқыл буын иіскемесе, біздің елдің көңілі көншімейді, – деп күлді Маздақ, ақ бас шыңдарға таңырқай қараған Әсетке қарап.
- Төбесі биіктің маңдайын күннің шапағы да бұрын шалады.
Құдай еліңді нұрдан айырмасын!..
Әсет тілегі кәрілерге ой салса, жастарды желпіндірді. Өздері құшағында туып-өскен ұлы таулардың қасиетін мақтан еткен желпініс сезімді де бойларынан алғаш байқағандай еді. Жерді тұрақ қылатын мекен ғана деп ұғатын жігіттер, енді оны қадірлей де білуің керек екен-ау деген тәтті қиялға бөленді. Ақын алғыр ойымен өз соңына ерген өрендерге тәлім үйретті...
Осындағы екі-үш тойға салтанатпен топтасып жүрген ақындар мен күйшілердің думанды шоғыры айырықша сәулет берді.
Сауықтың мерейін өсірді. Соның бірі келін түсірген той бол- ды. Той иесі Әсет тобын арнайы шақырып, жас келіннің бетін бір ақынның ашып беруін өтінген. Бұл ауыл Ұларлы қиясының күңгейіндегі кең алқапта екен. Заңғар биіктердің ортасындағы қазан шұңқыр сықылды. Ошақтың көк түтіні шайқалмай, көкке шаншыла созылады.
Жүйткіген желі болмаса да, айналасындағы мұз құрсаған шыңдардың салқын лебі шұңғыл алапты желпіп тұр.
Ақындар келгенде аса зор кошаметпен сый табағын татып, құрмет көрсетті. Осының өзін абырой санады. Келіннің бетін аша- тын кезек келгенде Әсет ойланып барып, жігіттеріне назар салды.
- Менің аузыма қарамаңдар. Балпылдап беташар айтып жатқаным жастық жарастығына келісе қояр ма екен... Тең-теңімен деген. Соған лайық біреуің ортаға түс.
- Ал, Қадаға, ендеше, сіз қамданыңыз, – деді Дәшет киіп- жармай, қонағына жол беріп. Қадырихан да қипақтады.
- Әсаға, менің де өкірештенгенім онша лайық бола қоймас...
- Бұл да уылжып тұрған жоқ. Дәшет, өзің айт!.. Ескі шиырды таптамай, өзіңше суырылып шық. Ақын ел салтанатына ылғи да жаңа сарынмен сән беріп жүруі керек.
- Ұқтым, Әсаға. Рұқсат етсеңіз, іркілетін не бар!..
- Бердік ерікті қолыңа!.. Суырылтып төгіп сал! Тоқтам осы болды. Ақындардың бұлайша ұйғарымы жұртқа да қызық көрінді. Домбырасын безеген Дәшетті қаптаған қауым қаумалай қоршап алды. Көк майсаға жайылған жалпақ кілемнің үстінде, ауыл қарияларының қатарында отырған Әсет ақсия күледі. Ақындар тобының басшысы деп ойлаған жұрт оған сұқтана қарайды.
Дәшет үкілі домбыраны безілдетіп, лекіген әнін сорғалата ілгері аттады. Басына ақ жібек орамал бүркеніп, тал шыбықтай бұралған келіншек топтың арғы шетінде тұр. Әлем-жәлем жасанған қыз- келіншек қоршап алған. Ақын жас келіннің қарсы алдына тақап барды да, термелей жөнелді:
– Е-ей!..
Келін келді, көріңіз, Көрімдігін беріңіз! Басыңа бас қосылып, Мәз боп отыр еліңіз! Бүгін шалқыр күніңіз, Жайнайтұғын жүзіңіз. Отау тікті оңаша, Ұлыңызбен қызыңыз.
Ортадан жол ашыңдар, Қане, шашу шашыңдар! Той думанын асырып, Ағын судай тасыңдар!..
Бір қайырып тастағанда-ақ жұрттың үлкен-кішісі дулап сала берді. Делебелері қозып, қошаметтей көтермеледі.
- О, бәрекелді, ниетіңе рақмет!
- Заулат, тұлпарым, заулат!..
Ақ күндігі шаңырақтай шошайған әжелер, ақ шаршысы желпілдеген сырбаз әйелдер тұс-тұстан уыс-уыс құрт-ірімшікті, өрік-мейізді қарша боратты бытырата шашып. Соны аңдып, жылтыңдап жүрген балалар лап қойысты. Әрқайсысы тілектерін де қоса айтып жатыр.
- Жолың ашық болсын!
- Басыңнан бақ таймасын!
- Қосағыңмен қоса ағар!..
Үлкен-кішінің бәрі әжелердің тілегіне қосылғандай жайнаңдай күліседі. Ақ тілеу жандарына сәуле шашқан. Ақын тілек-жырын әрі жалғады:
– Е-ей!..
Айт келін-ау, айт келін, Жұмыртқадан ақ келін. Ел тілеуі қабыл боп, Мерейіне бат, келін!
Кер маралдай керілген, Мақтауыма шақ, келін. Елдің салты осылай, Айтқаныма, бақ, келін! Ең алдымен бата алып, Үлкендерге жақ, келін! Құрбыларың ізгілік Тілесіп тұр бір сенен. Көл-дария көңілі Көпшілікке бір сәлем!..
Келін қарияларды тұспалдап, қаумалаған көпшілікке иіліп сәлем жасады. Үлкендер алғыстарын жаудырды.
- Көп жаса, қарағым!
- Өркенің өссін!..
Сәл тыныстаған Дәшет дулаған дабыраны ашық үнімен басып, әрі сырғыды.
– Е-ей!..
Қолында айыр-күрегі, Сом құрыштай білегі, Ат жалында ержеткен, Хантәңірдің түлегі, Ақылшысы елінің, Асқар шыңдай бір өзі, Нені аяйық біз одан, Қатарынан ұзаған, Қайратына пар келмес, Жаман-жәутік жүз адам, Көрсетеді саған сый, Қастерле де, басыңды іи, Күтеді үміт ол сенен, Қайын атаңа бір сәлем!..
Ақ қалпағын қоқырайта киген, қара шибарқыт пешпетінің сыртынан күміс белдік буынған, кызара бөрткен жүзінде қуаныш ойнаған ақ сақалды қарияға келіні басын жерге тигізе иіп сәлем жасады. Қария ақтарыла батасын берді.
- Босағаңа шуақ үйірілсін, шырағым!.. Тілегің қабыл болсын, армансыз өт дүниеден!..
Қария қолын жайып, бетін сипады. Бұл тұста дабыра-шу аз болды. Жыр үзілмей жалғаса берді.
Е-ей!..
Қара дауыл соқса да, Қайыспаған емендей, Есік болған топсаға, Тұрған берік шегендей. Қара нардай қасқиып, Өрге тартқан бөгелмей. Мұратының нұрына Қалған емес бөленбей. Ердің ісін істеген,
Ойы терең кемердей. Парасатты пайымы, Шалқып жатқан өзендей. Мақсатынан таймайтын, Қайсар жан жоқ енеңдей. Ол жебеушің, қамқорың, Ісін қалмас еленбей.
Бұл да күні көксеген, Сол енеңе бір сәлем!..
Екі бетінің ұшы қып-қызыл, топ-толық қоңырқай жүзі нұрлана албыраған денелі әйел жайраңдай күліп тұрып:
- Мені қуанышқа бөлеген жарық күнім, жүзің ашық болсын! – деп мейіріммен ақ тілеуін айтты. Кешіншек шыбықтай бұралып тұрып сәлем жасады.
Е-ей!..
Нұрға толып жанары, Гүлдей жайнап ажары, Қайын ағаң қарап тұр, Заңғар таудай салалы, Аңқылдаған қолы ашық, Күлкі кетпес жүзінен.
Балаларға жол ашып, Жүргізетін ізімен.
Жеңгең мәз боп күліп тұр, Сырын ішке бүгіп тұр.
Ақ ниетпен ақсиып, Айтар сөзін жиып тұр. Ағаларың ырғалып, Баталарын үйіп тұр.
Сыйласатын адамың, Мейірлене иіп бір.
Жел қабызша желпініп, Үйге зорға сыйып тұр. Айы туып оңынан, Жүздерін күн сүйіп тұр. Мерей күтіп тұр сенен, Осыларға бір сәлем!
Осы тұстағы мұртты қара жігітті түртпектеген құрбы-құр- дастарының әзіл-оспағы өрбіді. Тұс-тұстан сақылдаған күлкілер естілді.
- Ей, Сіргебай, қартая бастағаныңды сезіп тұрсың ба?
- Енді алшаңдауды тастап, келініңнің алдында сыпайы боп жүр!..
- Сұлухан, сен де тайраңдама енді!..
- Қап, жас келіннен именіп, сылаңдай алмай қор боласың-ау, ә?! Дәшеттің арынды даусы тағы да дуды басты.
Е-ей!..
Мұнда аға, інің бар, Балғын өрім гүлің бар. Қатарларың қосылса,
Бірге шығар күнің бар. Жүрегіңді тербейтін, Айтылмаған жырың бар. Ағыл-тегіл төгіліп, Ақтарылар сырың бар. Құлын-тайдай жарысып, Шығатұғын қырың бар. Құрбы-құрдас қолдасып, Көтеретін нуың бар.
Қуаныш қып жиналған, Өтетұғын сыйды арман, Көз алмаған бір сенен, Ел-жұртыңа бір сәлем!..
Аттылы-жаяу иін тіресе қаумалаған қалың топ мәз. Жас келін топқа қарай иіліп, сәлем жасады... Біреулері тілек айтса, біреулері әзілге басады. Бұл кәденің аяқтала бастағанын сезген жұрттың бір шеті қобырап, ыдырай жыртылып еді, Дәшеттің дауысы серпіле қайта көтерілді. Енді не айтар екен дегендей төне қалысты.
Е-е!..
Көп созбайын сөзімді, Тоздырмайын төзімді. Тосып отыр жамағат, Тоқтайтұғын кезімді. Жаудыраған көздерден, Осы пиғыл сезілді.
Сонда да айтып қалайын, Тойдың көрген талайын, Әсет ағаң қуансын, Ізетіңді құп алсын, Біздің топты ұмытпа, Оралмаймыз жуықта, Тер төктім ғой манадан,
Сырт қалдырмай санадан, Домбыраға қосылған, Сәнің үшін жосылған.
Тілегіміз бұл сенен, Бізге де ет бір сәлем!..
Мұндай түйінді күтпеген көпшілік ықыласпен дулай қостады. Жас келін Әсет пен Маздақ жаққа бір, әнші – күйшілер тобына бір иіліп сәлем жасады. Бұған ақындар тобы да разы.
- Тауып кетті!.. Ел ардағы Әсет ағамызға сәлем берудің орай- ына тап келген бақытты келін екен!..
- Көп жаса, қарағым! – деп, қызыл шырайлы, денелі бәйбіше ақынның иығына алтын зері жалтылдаған жібек шапан жапты. Одан әрі ойын туын Қадырихан мен Әбіш көтерді де, жұртты өлеңмен бір сусындатып тастады. Екеуі кезектесіп той баста- ды. Бұл қуанышты құттықтап Рақыш пен Әшім сұлу күйлерді сылқылдатты. Той иесі марқая шалқайып, далия жайылып түсті.
- Бұл топты бөліп-жаруға болмайды екен, – деп бәріне бір- бірден шапан кигізді. Содан кейін түгі құндыздай жылтылдаған сыптығыр жирен атты өзі жетелеп, Әсеттің қасына келді. – Әсетжан, жолың үлкен, халқымыздың қалаулы адамысың, өзіңе мінгізгенім! Тобың жазылмасын! Ойын-сауықтарың қыза берсін!..
- Қайынаға атандым ғой, менің де сыйымды қабыл алыңыз, – деп, жиырма бестер шамасындағы сұлу мұртты жылтыр қара жігіт тағы бір атты Қадыриханның алдына көлденең тартты...
Түс қайта той тарқады. Әсет тобы той иесінен рұқсат сұрап, Маздақ ауылына қайтып келе жатты. Ендігі бет алыстары ылди. Биік-биік жалдардан асқан кездерде көз ұшынан Текес аңғары бұлдырай қылаңдайды. Сол ойпаңға қиялдана көз жіберген Әсеттің ойын тербегісі келген Маздақ әңгімені өзі бастады.
- Әсетжан, адам баласының барлық іс-әрекеті, тіпті өмір тарихы да жермен байланысып жатады екен.
- Жерсіз тірлік бар ма?
- Сонау төмендегі ағараңдай ирелеңдеген боз сызық – Текес өзені. Онын басы мына көк мұзды Хантәңір шоқысының күн ба- тыс жағындағы қалың тау қатпарларының арасынан басталады да, арғы қабаты өр болу керек, бері, күн шығысқа қарай ағады. Одан Қарабураға жеткенше оң және сол қабырғасынан үлкенді- кішілі талай су құяды. Сол бетімен көлденеңдей сұлап жатқан Нарат тауына соқтығады. Одан кейін солға, тіке солтүстікке бұрылады да, таудың етегі мен жартастарды қақ жарып өтіп, Күнес өзенінің аңғарына шығады, соған қосылады... Бір заман- да осы өзеннің басын қазақ, аяғын қалмақ мекендеп тұрыпты. Сонау бір бұлдыраған қос төбені көрдің бе?..
- Киіз үй секілді шошайып, қатар тұрған ба?
- Иә... Соның өзі ізгіліктің белгісі.
- Қалай?..
- Қалмақ пен қазақтың өзара жаулығының да, татулығының да куәсі сияқты.
- Мынауың бір жұмбақ болды ғой. Сонда жаулығың не, татулығың қалай? Қарама-қарсы ұғым емес пе?
- Дәп сонда... – деді Маздақ аз кідіріп. Сонан кейін өзі бала жасынан естіп келе жатқан әңгіменің желісіне кешті.
... Ерте заманда қалмақ пен қазақтың жауласып, атысып-шабы- сып тұрған кезі. Текеске құятын Шаты суының бойын қалмақтың Доңға деген батыры мекендепті. Ал Текестің бас жағындағы Байынғол тармағының алқабын қазақтың Қаражал деген батыры қоныс еткен.
Бір күні Доңға батыр шама-шарқын байқау үшін Қаражалдың ауылын шабады. Өзеннің басталатын аңғары – Ілебасы қойнауында жатқан жылқыға тигенін естіген Қаражал қару-жарағын асынып, қара қасқа арғымағына мінеді де, Доңғаның жолын ториды. Байынғол мен Текес суының тоғысатын иінінде екі батыр кез- десе кетіп, шарт та шұрт ұрыс салады. Қаражал басымдау келіп, ауылының жылқысын құтқарып қалады. Доңға қатты жарақатта- нып кетеді. Шаты сайының аузындағы үйіне атының жалын құшып, зорға жетеді. Әлі отау тігіп, түтін түтетпеген жас жігітті қарындасы аттан көтеріп түсіріп алады. Әке-шешелері қайтыс болған екен. Екеуі ғана тұрған. Қарындасы ағасының қанын жуып, жарақатын таңады. Жайлы төсек салып жатқызады. Содан Доңға батыр күннен-күнге нашарлай береді:
- Артымда жоқтаушым да қалмады-ау... – деген өкінішпен қиналады. Мұнысына қарындасы намыстанады.
- Немене, қыз деп мені қомсынғаның ба?
- Жоқ, қомсынбаймын. Бірақ әлі жассың. Оның үстіне Қаражалға пар келетін қалмақта адам жоқ.
- Онда маған не қыл дейсің?
- Саған ақтық тілегім: ерлігіңді сынаймын десең – өзің біл, шайқасып көр. Ал шамаң жетпесе – сол Қаражалдың жан жары бол!
- Сонда сенің жауыңды құшуым керек пе?
- Мен есерлік жасап алдым, ойланбай істеген әрекетімнің құрбаны болдым. Алдымен жылқысына шауып, ерлігімді сездірейін, артынан өзі іздеп келсе, сырласып, достасайын деген ойым бар еді. Ол жылқысына жау тиді деп ойлады.
- Ал жекпе-жек кездескенде, мақсатыңды неге айтпадың?
- Ерді намыс жібере ме? Айқаса кеттім. Нағыз көкжал екен. Міне, оның соққысының зардабы мені көрге тыққалы тұр. Артымда жалғыз қалып барасың... Ол қамқоршың болар. Қор қылмайды. Се- нен өтінетінім сол. Осы ойымды жеткіз. Көрімде тыныш жатайын... Доңға батыр қайтыс болғаннан кейін елі Көктөбенің желкесіне жерлеп, қабырына төбе қып топырақ үйіп, белгі соғады. Содан біраз күн өткен соң қарындасы ағасының сауыт-сайманын киеді де, Қаражал батырдын ауылына аттанады. Ауылдың өкпе тұсындағы
биік төбенің басына шығып, жылқының ту құйрығынан жасалған қара туды жерге шаншып қояды да, дабыл қағады.
- Менің Қаражалда кегім бар. Оны жекпе-жекке шақырамын.
Хабар айтыңдар, су жүрек болмаса, тез келсін!..
- Байқұс бала-ау, онда нең бар, өлесің ғой...
- Ол менің қанды мойын құныкерім!
Тепсініп тұрған жас жігітті аяса да, тіл алатын түрі болмаған соң, әлгі кісілер Қаражалға барады.
- Батыр, бейтаныс уыздай бір жігіт қылқұйрық қара туын жерге қадап қойып, сені жекпе-жекке шақырып тұр.
- Ажал айдап жүрген кім екен ол?
- Сені қанды мойын құныкерім деп, өрекпіп тұр.
- Соғыстың салтын білмейтін есалаң болды ғой. Ұрыста кім өлмейді. Күші жетсе, жауың аяй ма сені?
- Өзің бармасаң, басқаны тыңдайтын түрі жоқ.
- Қуып тастамай, баланы да басындырғандарың ба?
- Жекпе-жекке шақырып, қасқайып тұрған батырды кім де болса, сол шақырған адамынан басқа біреу кедергі жасап, араға килігуші ме еді?
- Атты әкеліңдер! – деді де, Қаражал сауыт-сайманын киіп, най- засын тақымына қысады. Бөрі басты көк туын көтеріп, бала батыр тұрған төбеге жетіп барады. Туды жерге қойып, жас батырдан жөн сұрайды. – Қане, сөйле, іздеген Қаражалың менмін!
- Сенен алатын құным бар!.. Шық жекпе-жекке, кегім үшін шайқасамын! – деп, талшыбықтай бұралған жас батыр найза- сын кезеніп тұра қалады. Батырдың бір айтып, шорт кесетін салты. Сөзге жоқ Қаражал да қарсы ұмтылады. Бірақ найзаны дәлдеп сілтемей, бопсамен жасқантпақ болады. Бір-екі дүркін жас батырдың найзасын тайқыта қағып жібереді. Бір кезде арындатып бетпе-бет жеткен жас батырды найзасының ұшымен қабырғалата қағып, аттан аударып түсіреді. Домалана құлаған жігіттің басындағы дулығасы ұшып кетеді. Сонда сала құлаш қос бұрымы жыланша ирелеңдеп жерде шұбалып жатады. Мұны көр- ген Қаражал атынан қарғып түсіп, қолтығынан демеп тұрғызады.
- Ей, мұның не?.. Әйел басыңмен ажалға қарсы шауып не басыңа күн туды?..
- Мен Доңғаның қарындасы едім, – дейді қыз көзінің жасын сорғалатып.
- Доңға батырдың өзі қайда?
- Ол сенің соққыңның зардабынан қайтыс болды. Өлер алдын- да: Қаражалдың қайратын байқап, дос болайын деп ауылының жылқысына шауып ем. Егесте елдік болмайды, соққысы қатты
тиді. Сен менің кегімді қумай-ақ, тілегімді орында, Қаражалға жар бол деп тапсырды. Үйіңе кіріп баруға әйелдік арым жібермеді. Онда сен де илігіп, қадірлей қоймассың. Не де болса найза сілтесіп көрейін деп, әдейі жекпе-жекке шақырдым. Сөйтіп, Доңғаның соңғы тілегін орындадым...
- Айқаста кімді кім аяушы еді. Доңға аңғалдық жасапты.
- Онысына өзі де өкініп өтті.
- Найзаның ұшы батырларды табыстырмайды. Ақ жүрегін ұсынса, алдынан құшақ жайып шықпас па едім...
- Маған айтқан өсиеті сол ақ тілеуі шығар...
- Онда мен де қабыл алдым.
Сөйтіп, Қаражал батыр қазақ пен қалмаққа жар салып, үлкен той жасайды да, Доңғаның қарындасын алады. Екеуі тату-тәтті ұзақ өмір кешеді. Екі ел арасындағы атыс-шабыс та тыйылады. Қаражал қартайып, өлер шағында өзінің сүйегін Доңғаның қасына жерлеуді өсиет етеді...
- Анау бұлдырап көрінген қос төбе – сол екі батырдың қабы- ры, – деп қолын шошайтты Маздақ. – Қос батырды Хантәңірінің самалы өмір бойы аймалай тербеп келеді.
- Бұл да бір адамдарға жақсылық тілеудің нышаны секілді аңыз екен. Екі ел татулығының куәсі іспеттес, жүйкені босата- тын жүйелі әңгіме...
- Елдің бір-бірімен жұғысуына мұндай сөздің де себі тимей ме? Біз «Қалмақ-қазақ – бір туыс» десек, қалмақтар: «Керегеміз ағаш, туырлығымыз киіз, қалмақ – қазақ бір кісі» деп жылы шыраймен қарасады. Кейде «Ары жат, бері жат – төсектің тарлығы, ары отыр, бері отыр – көңілдің тарлығы. Ары-бері ырғаспайық, ағайын,» – деп, қариялары жиын-топта жиі айтады. Сөйтіп, Құдайға шүкір, ұзақ жылдан бері қақтығыссыз қатар көшіп-қонып жүрміз.
Маздақтың әңгімесі Әсеттің ойын тербеді. Бұл да адам- дықтың нышаны. Көп жауласқан екі халықтың татулық іздеуі – қара халықтың арманы. Қалмақтың үкірдайлары мен қазақтың Дадай сықылды әпербақандары мұндайға бара қоя ма? Екі халық өздері табысқан соң үміттері үзіліп, бармақтарын шайнап қалған ғой..
Кештете Маздақ ауылына түскен Әсет бір-екі күн думан- датты да, өзінің аттанатын ниетін айтты. Жолаушыны жолы- нан қалдыратын салт жоқ. Маздақ ыстық ықыласын білдіріп, Әсетке ат жетелетті. Сонан соң өзі Алмабай ауылына дейін ере келді. Мұнда да ел қошаметтеп, төбесіне көтерді. Бірнеше күн сауық-сайранның оты лаулады. Әсеттің көңілі күннен-күнге
шалқыды. Қайран ел, қайғыңды ұмытып, жақсылыққа жайылып түсесің-ау.. Көңіліңді сергіту үшін шамам жеткенше мен де аянбаспын. Мына тауларында үнім қалсын, жүрегінде сырым қалсын. Менің берерім сол ғана. Осылай ойлаған Әсет тоқтаусыз ақтарылған-ды.
Уақыт өтіп жатты. Қайтар мезгілдің де мөлшері толған.
- Ал, жұртым, – деді Әсет жайдары түрмен бір күні ертеңгі ас үстінде. Толқығаны райынан байқалады. – Енді қайта көрісе аламыз ба, жоқ па, дәм-тұзыңды таттым, сый-құрметіңе рақмет!.. Менің жерім – Жетісу. Көкейімнен кетпейді. Өмірімнің бар қызығы сонда қалған сықылды... Амандық болса сол жерге, жалпақ елге қайта ораламын ба деген үмітім бар...
- Әсаға, разымыз, сізге, – деді Алмабай даусы қалтырай ықы- ласын айтып. – Біз де сізді ұмытпаймыз. Ізіңіз қалды жерімізде, үніңіз қалды құлағымызда. Жүрегімізге ақылыңыз нәрін септі.
- Адамның көңілі – көзінің нұры. Арман – көкейдегі үміттің жалыны. Адам баласы үміт ұшқынының айналасында шырай- налған көбелек емес пе!..
- Пенденің бәрі діттегеніне жете бере ме, Әсетжан? – деп әлденеге қамыққан әншіні жебеді Маздақ.
- Жетпесе де қол созып, ұмтылғаны ғанибет қой, Маздеке! Құс талпынып ұшпай ма? Сыйларыңызды көрдім.
- Енді мен де жоралғымды бермей, көкейдегіні айтпай кетсем, атыма лайық болмас. Сіздерге ортақ сырым – сыйым. Әнмен ай- тайын. Өздеріңізге тартқан тартуым бұл!..
- Ат аунаған жерде түк қалғанда, ақыннан сөз қалмай ма! – деді Маздақ қуанып. – Жігіттер айтып жүрсін, өнеге тұтсын!..
Әсет домбырасын баптай безеп, сәл кідірді де, жайма шуақ, келбетіндегі майда толқындай ширатыла есілген қоңыржай әуенге басты.
Қош айтамын, айналып соға алмаспын, Ендігәрі сый қонақ бола алмаспын.
Пенде едім ертелі-кеш өлең қуған, Сонымен бір азырақ көңіл аштым.
Ахау, халі-гүлім, Халі-гүлім-ау, үри-ай. Өтті-ау, дүние-ай!..
Туған жерді сағындым, елге кетем, Жалғаны жоқ сөзімнің ала бөтен. Айтарым: қош, бауырлар, қош есен бол, Зарығып сарғайсам да елге жетем.
Ахау, халі-гүлім, Халі-гүлім-ау, үри-ай, Өтті-ау, дүние-ай!..
Енді мұнда көп жүрдім, не көремін, Елге кетпей несіне бөгелемін?..
Қош болыңдар, жігіттер, дұғада бол, Ентелеп елге қарай жөнелемін...
Ахау, халі-гүлім, Халі-гүлім-ау, үри-ай, Өтті-ау, дүние-ай!..
Мұндай қоштасу сарыны қазаққа таңсық емес. Көбіне ұзатылған қыздардың аузынан естіледі. Ал мына тебіреніс басқаша ырғақпен өрбіді. Ата-баба қонысын алыста жүріп аңсаған адамның жан сыры. Ойы алымды, ауқымы кең. Мұндағы елді де қимайды. Сонда да түпкі мақсаты ата мекеніне ауған. Аңсары сол. Артында қалып бара жатқандарды жасытпай, ақ көңілмен ізгі тілегін тарту етті. Қазақтың қоштасу салтының шеңберін кеңейте түскендей. Елдік санамен қоса әлеуметтік ой да қамтылған. Бұларға да өздеріңнің туған-өскен ата мекендеріңді қадірлей біліңдер деп өсиет шашқандай.
Сағыныш лебі ескен әуеннің жібектей өрілген тұнық сазы жүректі шымырлата сипалайды. Кемпір-шалдардың көзі жасқа шыланды. Жігіттер Әсетті қимағандай, оның сөзіне, әніне су- сындап болмағандай қамыға күрсініседі. Қыз-келіншектердің де үлбіреген жүздерін мұң шалған. Әсет әйелдердің де басындағы ауыртпалықты, олардың көңіл күйін, арман-мүддесін айныт- пай, жасқанбай жария ететін-ді. Сонда бұлар надандардың көзі ашылар бәлкім, айта түссе екен деп, іштей тілесетін. Өз мұрат- мүдделерінің сол жоқтаушысының енді алысқа кеткелі отырғанына қынжылысады. Жанарларына мөлтілдеген жас үйірілді.
Әркім өз ойымен әлек болған соң ба, мұны аңғарған адам жоқ.
Бәрі де қонақтардың ығына жығылған.
- Ниетің ақ, тілегіңе жет, Әсетжан!.. – деді Маздақ дауысы булыға қалтырап. – Бірге туған адамның да жолы басқа. Түбіміз бір болғанымен, тұрағымыз бөлек. Тағдырымыз солай шығар. Қайда барсаң да аман жүр!.. Алдың – той, артың – думаннан арылмасын! Біздің берер батамыз осы...
Бұл тілекті қостап қариялар қол жайып, бата жасады. Әсет тобының аттары ерттеулі әзір тұрған. Алмабай өз қолымен Әсеттің иығына жанат ішік жапты.
- Атыңыз сыртта. Мұндағы еліңіз разы. Сіз де жайраңдап күліп қайтыңыз!.. Көңіліңізді кір шалмасын!
- Ұлы тауларың, сол асқарларың жар болсын! Аман бол, жұртым. Еңселерің өсе берсін!.. Ақ тілеуім осы!.. Аралас-құралас боп жүретін күніміз де туар...
- Жолың болсын, Әсетжан!
- Бақытқа бөлен, айналайын!..
Қонақтар орындарынан түрегелгенде қариялар ниеттерін айтып қала берді. Сыртта көп бөгелместен атқа қонысты. Ауылдың Алма- бай бастаған сері жігіттері Әсет тобын Текес өзенінен әрі өткізіп салды. Әсет тілеулестерінің өтініші бойынша қоштасу әнін осы арада тағы бір қайталап шырқады. Жалпақ алқап жаңғырып, алыс тауларға дейін күңгірледі. Арынды да айшықты әнді қақпақылдай әуелетіп әкетіп жатыр. Кейін қайтқан топтың ішіндегі ашық дау- ысты біреуі әлгі әнді аспандата аңыратып бара жатты...