ЖАҢҒЫРЫҚ
Жердің бетін қара түнек басты. Әр тұстан найзағай жарқылдайды. Бүкіл тау іші өртеніп жатқандай. Сатырлаған дау- сы жерді солқылдатады. Бейне тау қопарылып, тас құлап астан-
кестең сапырылысқандай. Аспанға сыймағандай қою қара бұлттың бір шеті жер бауырлап, соқыр тұманға айналған. Сорғалаған жаңбыр тау-тасты жуды. Көлкіген су көл болып ақты... Аспанның қоясы қопарылғандай сықасқан бұлт таудан төмен жөңкіді. Тау көшкендей сықырлай сырғиды. Жер бауырлаған тұман қоюлана берді.
Таң ата жауын басылып, бұлт ыдырады. Күн шыға аспанның төрі шайдай ашылды. Түбіттей түтеленген бозғылт тұман заңғар шоқылардың арса-арса жақпар тастарының арасына сұлаған. Желімдей жабысып, жерге шөккен.
Сыртқа шығып, айналаны шолып біраз тұрған соң, бұлақ басы- на қарай беттеген Әсетке Әлібек ілесті. Арт жақтарынан сылбыр басып келіп, көңілсіздеу ерген Мұқатай әлденеге елегізеді. Бұл кейпін байқаған Әсет сыр сақтады да, ештеңе сұрап жатпады. Өйткені сол сәтте екеуінің де ойлағаны – Қайырдың жайы еді.
Тойға әзірленіп жатқан ауылға да Қайыр туралы ойларын білгілері келіп барған-ды. Ештеңе сезіле қойған жоқ. Күні бойы ешкім оның атын ауызға да алмады. Сауық тараған соң да Бүркіт- бай шаужайларына оралды.
- Қонып кетіңіз, Әсаға!.. – деп қиылды. Ал Әсет сыр тарту үшін Қайырдың әкесін сылтау етті.
- Қайырдың жолаушылап кеткеніне бірсыпыра болған екен. Бүгін кешке қарай Шәкеңнің үйіне барып, көңілін аулауға уәде беріп ек.
- Оқыған жігіттердің ауылда тұрақтауы қиын. Малға, жанға қарауға ыңғайы жоқ.
- Адам баласының шаруасы біткен бе?
- Оқуым аз деп жүруші еді, тағы бір жолын іздеп кеткен шы- ғар. – Бүркітбай ойындағысын ашып айтқан. Құптаған ниеті бар, ілгегі жоқ. Әсеттің көңілі орныққан. Қамила жоғалып кеткеннің өзінде де бұл ол ауылдан күмәнданбайды.
Ал Мұқатайдың мына кейпінен сезік алды. Неге қамығып жүр?.. Бір хабар білді ме? Сонда да, сабыр сақтады.
Шайдан кейін төбе басында біраз тыныстаған соң, қайта оралып, қымызға отырысқан. Сол тұста Болмыс келе қалды.
Әсет басқаға байқатпай барлады. Өңінде бірдеңеге абыржып, шыдамсызданған үрей табы бар. Тағатсыздана тыпыршиды. Бір-екі тостаған қымыз ішті де, ыдысының бетін алақанымен басып, іргеге қарай шегінді. Одан да тыныштық таба алмай, сыртқа беттеді. Қымыз ішуге келгендердің кіріп-шығысына көңіл бөлмейтін елдің әдеті. Мұқатай да болдым қып, Болмысқа ілесті. Екеуі оңашаға, бұлақ басына барған соң, Болмыс өзі білетін Қайырдың жай- жапсарын айтып берді.
Кеше ән тыңдауға жиналған жұрт Бүркітбайдың отауынан қаптай шығып, кермедегі аттарына беттегенде Болмыс асықпаған сыңаймен оңашалана шеттеген. Сонысын күтіп тұрғандай он бес – он алты жастағы тәмпіш танау қара бала жанаса беріп, алыса кеткен. Сонда құлағына сыбырлаған:
- Тәтем бүгін кеште Қайыр ағаны Жаятастың төменгі өзен жақ етегіндегі қой тастардың арасынан күтсін, өзім ат мініп шыға алмаймын, сезіктеніп, секем алар, ат ала келсін деді. Осыны сен тез жеткіз!..
- Құйын боп ұшамын, сен де берік бол!.. – деп, Болмыс жұл- қыласа ойнаған боп, алыса бастаған. Ерке бала да күрескен кейіпте.
- Аянба, шамаң келсе...
- Алып ұрсам, ұят болар. Сенің жақсылығың таудай ғой.
- Жаның ашымай-ақ қойсын... – деп күлген бала сіресіп тұра қап. Сонда тағы да сыбырлаған. – Жолдары болады. Тәтемді жұбатып жүрген жеңешем Бүркітбай ағаның да қарсылық көрсететін ниеті жоқ екенін айтты. Тұлыпқа мөңіреген сиыр құсап емексімесе, алдынан жарылқасын депті. Тездет енді.
- Ағаңнан айналдым. Мен содан қорқушы ем.
- Ей, ол аңқылдақ адам ғой.
- Көп жаса, тентегім! – деп Болмыс баланы бауырына қысты да, жығылған боп құлай кетті. Бала да мәз. Болмысты қолынан тартып тұрғызды. Атына келген соң шылбырын ұстап аттандырып салған.
- Келесіде мол күш жинап кел!
- Сонда алып ұрсаң, астыңа ат мінгіземін!..
- Ей, мына мәстегіңді қайтем.
- Құстай ұшатын, желдей есетін ат тауып берем!..
- Онда мен дайынмын...
Бала да түсінген. Болмыс та аялдамай жүріп кеткен. Қуанышы кеудесіне сыймайды. Бұл хабарды жеткізуге асықты.
Тау жақтан жөңкіген қара қошқыл бұлт ойға қарай ойысты да, Болмысты орта жолдан-ақ қуып жетті. Жер бауырлаған сұрғылт
тұманнан ештеңе көрінбейді. Текшедегі ауыл да жым-жылас. Қалың жаңбырдың астында қалған соң, атының басын дітте- ген жағына бұрған. Шымылдық қарағайдың оң қанаты терең шатқал. Керегедей керілген қапталы жалама тас, жыныс ағаш. Құдиған қызыл жартастың етегін көмкерген қарағайға тіке тартқан. Бұл маң Қайырдың сырт көзден жасырынған бекінісі. Қоныс жоқ, мал да келмейді.
Аспанның жаңғырығынан жер қалтырайды. Сатыр-күтір етіп, оңнан да, солдан да найзағай жарқылдайды. Жаңбырдан қорғалаған Қайыр құдиған нән тастың қуысын паналаған. Дәл төбесінен түспесе, көрінбейді. Жыныс ағаш жапқан иен. Ал мынадай жаңбырда тіпті қауіп жоқ. Сықасқан қарағайлардың басын тұман шалған. Етек жағына шөккені сұйықтау. Арқан бойындай шамадағыны байқауға болады.
Мал тұяғының дүбірі естілді. Үңіле қарап, тұман арасынан ағаш ішін шарлай өрлеп келе жатқан салт аттыны көрді де, баспалай сығалады. Өзінің аты ерттеулі тұрған. Шылбырынан ұстап жүріп оттатады. Қарсы беттегі күржиген жуан қарағайдың астында қаңтарулы тұр. Таяп келген аттылыны таныған соң, жөткерініп дыбыстап, қуыстан басын шығарды. Болмыс та асты қуыс қарағайдың түбіне атын байлады да, Қайырдың қасына барды.
- Ал, не хабарың бар? – деп сұрады Қайыр сенімсіздеу түрмен. Бұған да негіз бар. Қамиламен келісуі бойынша жола- ушылап кеткен боп, ел көзіне түспей, елсіз жыныс шатқалда жүргеніне екі аптадай болып қалған. Бірақ әлі қыздың нақты байламын, бел буған шешімін естімеді. Үміті өше бастағаны да содан. Бәлкім, құдасы келген соң басы байлаулы қыздың соңынан аңду қойды ма екен? Тіпті тойдың да әзірлігі жасалып жатқан көрінеді. Енді несі қалды, қашанғы күтпек?.. Қайырдың қиналысы да осы еді. Нағашы ағасының жабырқау кейпін байқаған Болмыс жайраңдай күлді.
- Хабарым сол – бүгін аттанасыз!.. – деп, Қамиланың сәлемін жеткізді, Қайыр орнынан атып тұрды. Қуанғаны ма, абыржыға- ны ма, белгісіз. Өңінде ешқандай өзгеріс жоқ, сабырлы қалпы. Сәл үнсіздіктен кейін аспанға бір қарап алды да:
- Бүгін бізге Құдай да иіді шапағатын шашып, – деді қуана күлімдеп. Ойланып тұрып, өзінің ұйғарымын ұқтырды. – Мен мына қалың жаңбырды жамылып Жаятасқа жетіп алайын. Сен ауылға қайт. Киіміңді құрғат. Түн ортасына дейін сол араға тағы
бір тың ат жеткізіп бер. Көзге түсіп жүрген аттарға тиме. Ол да күмән тудырады. Өзім жоқта әкем қысымға ұшырамасын. Ел түгел ұйқыға жатпай Қамила да шыға қоймас... Мінезі ойпыл- тойпыл, тасырлау болған соң Бүркітбайдан іш жиып, қаймығып жүруші ем. Байқұстың кеудесі кең жайлау екен-ау... Оның да ниеті сабақтасқан сықылды, жолымыз болар!..
- Ақ жол тілеймін, аға!
- Мына қалыңнан шыққанда абайла, біреудің көзіне түсіп қалма. Келеріңде де сақ бол!
- Қайтарда жоталай жүремін де. Шымылдықтан әрі асамын. Тұман да қою, түн қараңғылығы да басып келеді. Жаңбыр үдей түссе екен. Үйге жеткен соң астыма Сұркөжегімді мініп, Жұлдыз қараны жетекке алсам, желдей еспеймін бе!.. Мынадай лайсаңда кім дала кезуші еді...
- Жұлдыз қараң қайдан шыққан ат?
- Ол сіздің бәсіреңіз ғой, әлгі өзіңіз кейін мінемін деп ұстатпай қойғаныңыз қайда?
- Ә, сол ма? Мейлі, сонда да ауыл-ауылдың тұсынан орағытып өт. Мұндай күнде қой күзетушілер қасқыр шабады деп сақ отырады.
- Ендеше елді шендемей, сырттап жүремін...
Жүрегінде үміт оты маздаған Қайыр қою тұманды жамылып Жаятас шатқалына, ағасының арманына арқау боп жүрген Бол- мыс Шымылдық қарағайдың желкесіне қарай аттанды.
Аспан астын көзге түртсе көрінбейтін түнек қараңғылық басты. Шартылдаған найзағай жарқ ете қалады да, лып етіп тез сөнеді. Сол сәтте айнала бұрынғыдан бетер тұңғиыққа батады. Күркіреген жаңғырық бірте-бірте алыстап, аспанның шалғай түкпіріне қарай сырғып барады да, созалаңдай жан- жаққа тарап кетеді. Кейде жартасқа соқтыққандай сатыр-сұтыр қақтығысып, құлап түскендей солқ етіп барып күрт тынады. Іле қайтадан қаһарға мініп, жаралы айдаһардай күңіренеді. Жер үсті тарлық қылғандай шиыршық ата тулайды. Дүние әлем-тапырық шайқалып, бүкіл әлем сапырылысып жатқан секілденеді.
Қайырдың астындағы жарау жирен шүмектеген жаңбырға ықпай, түнекті қақ жарып, аяғын лекіте басады. Көзі шоқша жанған, қылт еткенді қағыс жібермейді. Адымы жүрдек. Қолтығын кере адымдайтын жүрісті тілеп жүрген сықылды. Жаңбырдан қорғанып, Қайыр басына қап жамылып алған. Термелеп тоқыған қоржыны да тоқ. Сарқыраған жаңбыр сары-
лынан басқа дыбыс білінбейді. Жаятас шатқалының аузына ел орынға отыра ілікті де, аздан кейін уәделі тұспалға жетті. Атын бір шеті керегеленген үйдей шодыр тастың қалқасына бекітті. Өзі жаяулап, Қамиланың мөлшермен айтқан қожыр қойтастың төбесіне барды да, бір қуысты паналады. Тұтасқан жаңбыр шүмектеп құйып тұр. Құлама шатқалдың етегін шайған үлкен өзен құмыға сарылдайды. Суы молайып, тасыған сықылды, тастарға соғылысы кемдеу болған соң сарылы да жоқ. Солғын дыбысын жаңбырдың сарылы басып кеткен.
Қабылбайдың ауылы осы Жаятастың күн шығыс беткейінің арғы етегіндегі тектұрда. Онша қашық та емес, бір шақырым ша- масындай. Соқыр тұман көлегейлемесе көзбен көруге де болар еді. Сол түстан көз айырмай қадала қарап жатты. Жамбасынан өткен сызды да, төбесінен төмпештеген жаңбырды да елеген жоқ. Соның бәрі табиғи құбылыс сияқты сезілді. Ойы басқада, мақсаты бөлек. Қараңғы түнге үңілткен сол мүдде.
Түн ортасы ауған. Қара жаңбырдың бір сарын сытырынан басқа дыбыс естілмейді. Уақыт өткен сайын жігіттің күдігі де көбейеді. Біреу сезіп қалып, шыға алмай қалды ма? Неге кешік- ті? Әлде соқыр тұманда бағытынан ауып кетті мс?.. Мұндай қиын жағдайда күмән адамның жанына тыныштық бере ме?..
Қым-қуыт сезіммен, күмән-күдікпен тықыршып отырғанда қарсы алдынан, арқан ойындай жердегі қойтастардың арасынан қараңдаған адам сұлбасы елестеді. Қайыр сыз жерге етпетінен жата қалды да, қадала сығалады. Елбеңдеген адам екеніне көзі жеткен соң тастан-тасты қалқалай сырғып қарсы жүрді. Басына қап жамылып алған адам қалталақтай тәлтіректеп, тез- тез адымдайды. Сәт сайын елеңдей тың тыңдайды. Екеуінің ара қашықтығы құрық бойындай жақындады. Қайыр естілер- естілмес пәс дыбыспен жөткірініп белгі берді. Сол кезде:
- Қай-рош!.. – деп сыбырлаған қыздың қалтыраңқы нәзік үні анық естілді. Сүйкімді таныс дауыс. Қайыр орнынан атып тұрды.
- Мен мұндамын!..
Қасына жетіп барды да, тоңғаннан ба, үрейленгеннен бе, тұла бойы қалшылдай дірілдеген нәзік қызды кең құшағына қысып, қапсыра құшақтады. Өзінің де буын-буыны босап кетті. Әлсірей ентіккен қыз кеудесі көріктей күрілдеп алқынған жігіттің омырауына басын сүйеді. Алабұрта соққан жүрек кеуделерін дүбірлетеді. Жігіт сүйіктісін емірене кеудесіне қысты да, ын- тызарлана үн қатты. Әлемнен көксегені құшағында тұрғанына
сүйсінді. Жүрегі атша тулап, көкейіне жинап жүрген асыл сөздері ауызына түспей, аптыға айтқаны
- Қамилашым... жарық жұлдызым!..
- Арқа сүйер асқар тауым!.. Еркімді бердім, ердім соңың- нан!.. Ал, баста!.. – деді бойын тез жинап алған қыз жігерлене сергіп. Шарт та шұрт екеуінің қолы айқасты да, Жаятас шатқалының табанындағы қақпа тастың қалқасына бекітіп кеткен Қайырдың атына келді. Жалғыз атты көргенде қыздың жүрегі дір ете түсіп еді, соны сезгендей жігіт:
- Осында бол, мен былайырақ барып бақылайын. Болмыс ат әкелуге тиіс еді, – деп, қарсы алдындағы айланба тұмсық жаққа кетті. Ұзақ күттірген жоқ, Болмыс та жеткен-ді. Келе сала әсем күміс ер-тоқым ерттелген Құндыз қараның үстіндегі жабулы қапты сыпырып тастады да, Қамиланың алдына көлденең тартты.
- Келші, жеңеше, ақ тілеумен аттандырып жіберейін, – деп сыбырлады әзіл-шынын араластыра ойын жасырмай.
- Мына қара түн сұғанақ көздерден қорғасын! Мына қара жаңбыр қасірет-қайғыңды жуып-шайсын!.. Қарсы алдыңнан атқан таң жүрегіңді нұрға бөлесін!.. Қайта қауышып, ойнап- күлетін жарқын күніміз тезірек тусын!..
- Еркелетіп те, еркелеп те орталарыңда жүруге тағдыр жаз- бапты маған... Қош, Болмысым! – деді Қамила даусы қалтырап. Көзінің жасы парлады. Аттың шылбырын ұстап тұрған Бол- мыстың маңдайынан сүйді. Жеңгелікке мойын сұнған қалып танытты. Соны сезген жігіт қайрай қалжың айтты.
- Жылай берме, жеңеше!.. Мына жаңбырда езіліп кетерсің!..
- Мұқатайға сәлем айт бізден!
- Оған сөз бар ма, ертең-ақ жеткіземін!
- Жел айдаған қаңбақтай елбеңдеп кетіп барамыз. Қайроштың етегінен ұстадым, қайда апарса да көндім!..
- Жұлдызың жансын!.. Енді адаспайсың.
- Ал, Болмысжан, қош бол! – деді атына мініп алған Қайыр.
- Әкеме айт, өзім хабар беремін. Алайда, жолымыз ұзаққа созылатын шығар, оған қайғырмасын. Үрімжіге жеткен соң, жағдайға қараймын. Уайымдап жүрмесін, соны ұқтыр. Қане, Қамаш, кеттік!..
Ауыздықпен алысқан сұлу жиренді тебінді де, ілгері аяңдады.
Қыз Болмысқа қиыла қарады.
- Қош, аман көрісуге Құдай жазсын!..
Ерге шегедей қадалған Қамила жиреннің соңынан ілесті. Екеуі де жауыннан қорғанып, бастарына бір-бір қап жамылған. Лезде түн қараңғылығына сіңді де, көзден тасаланды.
- Қош, Құдай алдарыңнан жарылқасын! – деді Болмыс қимас адамдарының соңынан телміре қарап. Жалғызсырап тыпыршыған Сұркөжегіне ырғып мінді де, келген ізімен жедел кері қайтты.
Жаңбыр үдей түскен. Тас төбеден найзағай ойнақ салады. Болмыс соған тілек айтты: «Жөңки бер, қара бұлт, жарқылдай түс, найзағай! Сарқыра, ақ жауын, жаңғыра түс, сеңгір тас! Маубастарды ұйқы бассын! Зұлымдардың жүрегін үрей езсін! Қайсарлар қасқайып кеудесі басылмасын!..» Үмітіне демеу іздеп, іштей жалбарынды. Осы дүниенің бәрінен жәрдем тіледі... Жігіттің ақ тілеуін қабыл еткендей, аспанның күрілі бұрынғыдан бетер үдеді. Жаңғырықтар да күшейді. Қошқар сүзіскендей сарт- сұрт етеді де, дүниені қалтыратады. Үрейлі сарын созалаңдай алысқа шұбатылып барып басылады. Кейде жанашырына зиян келмейтінін білсе, адам қорқынышты құбылыстардың да еселе- не беруін қалайды екен. Болмыстың да сезімі осы тақылеттес. Жаңбырдың үзбей жауып, найзағайдың тынбай соққылауын, бұлттың қалыңдай түсуін көкседі. Мұны түн жамылған жаны бір адамдарына пайдалы деп түйді.
Үйіне жетіп, атының ерін сыпырып, отқа жіберген соң да ұйқысы келмеді. Санасы санға бөлінді. Бір-екі күннен бері көрген-білгенін екшеді.
Кеше кешкісін атына мініп жатқанда жауын да төнген. Сол кезде Әсет пен Мұқатайдың жолдарындағы Әлібектің ауылына бұрылғанын көзі шалған. Бүгін ояна салып, өзі білетін іс-әрекеттің бәрін жеткізу үшін сәске түс әлетінде әдейі іздеп осында келген.
- Қабылбай ауылынан сыбыс естіле ме? – деп сұрады Мұқатай бір оңашаланғанда алабұртып.
- Әзірше ың-жыңсыз...
- Сен тым сасқалақтай берме абдырап.
- Бүгін Әсағаң біздің үйде түстенсін. Оған дейін бір хабары да шығып қалар.
Болмыстың өтініші бойынша, бірнеше адамды соңына ерткен Әсет күн түске тақағанда Көкқияның күн шығыс жағындағы етегіне қарай бет алды. Мұқатай мен Болмыс елдің соңында. Арғы шеті жалама жартасты қызыл қияға жалғасатын кең қойнаудағы ауылға жәй аяңмен жетті. Болмыстың әкесі қырықты қаусырған кісі екен. Құрақ ұшып қарсы алды.
- Міне, Мықтымбай, бүгін сенің дәмің тартыпты, – деп Әлібек күле амандасты. – Болмысың зорлап алып келді.
- Құдай тілеулеріңді берсін! Баламның қызығынан немді аяйын.Дүниені солар үшін жинап жүрген жоқпыз ба?
- Мына кісі ардақты ақын Әсет!
- Дидар ғайып, дәм ғайып! Қош келдіңіз, көргеніміздің өзіне не жетсін!.. – деп, тапалдау шымыр қара қызыға қарады. – Қане, үйге кіріңіз!..
Дастархан жайылып, қымыз құйылды. Лезде жұрт та жина- лып қалды. Мал сойылып, қазан асылды. Қаз-қатар қойылған самауырындардың түтіндігінен көк шулан түтін будақтайды. Көңілдері жайдары ауыл адамдары бейғам, жүздері бал-бұл жанған. Аңсаған әндерін естуге асық. Сол үміттерінің орындала- тынына сенгендікі ме, көздері күлімдеп, жайнаң қағады. Жұртқа ілесіп езу тартқанымен, Мұқатайдың да, Болмыстың да ойы ойпаң-тойпаң. Қанша сездіргілері келмесе де, абыржыңқы. Аман кетті ме екен деген күдік көкейлерінде құйындай жүйткиді. Бір тыныс алған қаға берісте Мұқатайдан түндегі жаңбырды тасалап Қайыр мен Қамиланың кетіп қалғанын білген Әсет те қуанды.
- Қуғыншы шықпап па? – деп сұрады күдігін жасырмай.
- Әзірше ондай сыбыс естілмей тұр.
- Жолдары болсын!.. Әлі сабылып жүргендері байқалмаса, ендігі қуғыншы жете алмайтын жерге де барып қалған болар.
Әсеттің осы жобалауы тілеулес жігіттердің көңілдеріне демеу болып еді, ән де шырқалды, өлең-жыр да ағылды. Ауыл думанның дуына батты.
Күн шайдай ашық. Жасыл төскейлер керіліп жатыр. Біреудің қайғысы біреуге бата ма? Тіпті, қыдырмашылардың ондайды ойлаған түрлері тағы жоқ. Қымыз сапырылып, ән әуеледі. Үйдің іші-сырты толған адам. Көз қылғаны ма, Мұқатай да, Болмыс та сауық қызығына іркілмей араласты. Оларды Әсет қасынан шығармай жебеді де отырды. Қилы-қилы шиырға салды.
Түс ауа қасына ерген екі-үш кісісі бар Қаби келді. Түтігіп алған. Қабағы қату, түсі суық. Ызаға булыққан. Табалдырықтан аттап тұра қалды да, көзі шатынай артына бұрылды.
- Ей, Сиқымбай, кір бері. Оң көзіңмен көріп ал, әне!.. – деді зіркілдеп. Босағада қақшиып тұрған қалпы Мұқатайды нұсқады. – Аузыңа келгенді оттап ең, енді көзің жетті ме?
Өңкиген арық ұзын тұра еңкейіп ішке кірді. Көзі жапақтап үйдегілерді шолып өтті. Ешкінің құйрығындай сексиген селдір
сақалы шошаңдады. Қатты қысылғаннан қара қошқыл өңі одан бетер күренденіп, сұрланған.
- Оу, Қабеке, бұл ойыныңыз ба? Бері төрге шығыңыз, – деп күлді Әлібек қасынан орын босатып. Қаби бұрқылдап барып сылқ етіп отыра кетті.
- Елді бүлдіретін осындай немелер... Айтаққа итше үреді. Өз шамасын білсе қайтеді екен-ей!..
- Мұның сіздегі жұмысы не?
- Итаяқ жалап құтырған сорлы... Жаңа біздің ауылға жетіп барып, Мұқатай қайда, тауып бер, зәңгі мен бай іздеп жатыр деп зіркілдеп ызамды келтіргені. Әй, зәңгіңнің бізде несі бар-ей? Мұқатай қатынының қойнынан шығып па? Міне, отыр Мұқатай! Ал, айтшы айтатыныңды енді!.. Мына жұрт та естісін...
Не дерін білмей, босағада состиып тұрған арық қара қибы- жықтап, ақталғандай міңгірледі:
- Әй, Қабеке, менің жазығым не?
- Монтанси қалуын, иттің!..
- Ей, Сиқымбай, бұл не, жөніңді айтшы, – деді Әлібек жан- жалды басуға тырысып.
- Мұқатай үйінде ме, жоқ па, біліп кел деп, бай мен зәңгі жұмсаған соң барып ем. Мұқатай үйінде жоқ екен. Қайда кеткенін анықтайын деп сұрағаным рас...
- Оларға Мұқатайдың керегі не?
- Байдың қызы қашып кетіпті. Сәске түсте соны білген соң жан-жаққа кісі шаптырған.
- Біз ешкімге құныкер емеспіз, білдің бе! – деп айбат шекті Қаби түксиіп. Жұрт аң-таң, Мұқатайға үңіле қарасады. Қыздың жайын білетін екі-үш адамның көздері күлім қағады. Қабидың мына қылығына Әсет іштей сүйсінді. Әлде Қайырдың ізін жасыру үшін әдейі істеген кулығы ма? Түрінен шындап-ақ ашуланғаны байқалады. Мұнысы даудың алдын алу ма? Сесімен жұрттың на- зарын аударды. Арамдық ойлаған Қабылбай мен зәңгінің жолын кесті. Қалай да осынысы жөн...
Сырттан ат тұяғының дүбірі естілді. Бұл сабылыстың сырын білетін Әсет пен Мұқатай біріне-бірі үнсіз қарасты. Көздері күлімдегенімен, әлі де күдіктері көп. Болмыс сыртқа шықты. Ат- тары қан сорпаға малынған, бауырынан ақ көбік шашыраған үш атты кісі арындата келіп тоқтады. Сырттағы бозбалалар аттарын ұстады. Үйге алдымен мысық мұрт Бүркітбай кірді. Өңінде ашудан гөрі үрей басым. Төрге тақау тұстан босатылған орынға жете беріп:
- Салаумәликөм, Әсаға! – деді де, қажыған адамша сылқ етіп құлай кетті. Сөзді Әлібек бастады:
- Оу, Бүкеш, бұлай ала шапқын боп жүргеніңнің себебі не?
- Не деріңіз бар ма, Әлеке... Қайырымсыз әкенің қаһарына ұшыраған бауырымды іздеп жүрмін!..
- Қайда кетуші еді, балалық қып бір жерге тығылған шығар...
- Есі дұрыс ел бойжеткен қызын сән-салтанатпен ұзатып, ұлан- асыр той жасайды, қуанышқа батады. Ал біз қайдағы бір зәңгінін тәштегіне атастырамыз деп, әлекке түсіп жүрміз. Түндегі қалың жаңбырда Қамила түн жамылып барып, Күркілдекке құлап өлді, Құдай біледі. Тасқын алып кетті оны. Әйтпесе, жер жұтпайды. Со- нау Сарыбастауға дейін барып қайтып келем. Жер бетіне тұяқты малдың ізі түспеген. Қу әке құрдымға құлатып тынды ақыры... Зәңгішіл бола қалып еді тепеңдеп, жетісті!..
- Қой, айналайын, жаман ырымға жорыма, – деді Әлібек өзінен- өзі кіжініп, бұрқылдаған Бүркітбайға басу айтып. – Өле салу оңай емес. Жаннан тәтті ештеңе жоқ.
- Қорлық тартпау үшін не істемейді. Арпалысуға шамасы келмейді. Өліп құтылмақ болған ғой...
Ыза қысқандықтан көзінің жасы ытқып түсті. Жұрт аянышты сезіммен жабыға мұңайысты. Осы саябырда:
- Әй Бүркітбай қалқам, – деді Қаби көзіне қадала қарап. – Жаман айтпай – жақсы жоқ. Шатақ ушықпай тұрғанда бір істің басын ашып алайық. Мына Сиқымбайдың айтуынша, әкең Мұқатайдан көретін пиғыл танытыпты. Бұл не жала?
- Оны саған кім айтты, ей?! – деп шұқшиды Бүркітбай арық қараға көзін сығырайта қадап.
- Бай мен зәңгі Мұқатайдың үйінде бар-жоғын біліп кел, оның ілігі жоқ па екен деп еді...
- Байың да, зәңгің де оттапты! Әкеңнің аузын... өңкей төбеттер! Иісшілдерін кәрі тазылардың. Бар, Мұқатайды осы ауылда отыр де. Қалиманы сиқырлап, қалтасына салып алыпты... Қабе, қапа болмаңыз. Адам итке өкпелемес болар...
Не айтса да орып сөйлейтін Бүркітбайдың адуын мінезіне біреу сүйсінді, біреу күлді. Жұрттың өңі кіріп, жүздеріне күлкі табы ұялады. Ұзын қара сырт айналды. Өзінің масқара болғанына көзі жетті. Әлібек сипалай майдалап, Бүркітбайды жұбатып жатыр.
- Ашуыңды бас, айналайын. Бірге туғанын жат санайтын адам жоқ... Бірақ әкеңе ерегісемін деп, араздықты өршітіп алып жүрме. Албырт, адуын ең, тым аптықпа. Ендігі істі ойлап шеш.
- Сөйт, қалқам! – деп қостады Қаби. – Құдай қайырын берсін, тіршілігі сөнбесін!..
- Қалиманың садағасы кетсін. Зәңгінің малын алдына санап салып берем де, бүгіннен қалдырмай қайтарамын!..
Бауырымды тапсам, барлық ауыртпалығын өзім-ақ көтеріп, таңдағанына-ақ қосар ем...
- Онда сенің қазақ өміріне жаңа жол ашқаның!.. – деді Әсет мадақтай жебеп. Бұған Бүркітбай желікпей, өзінің байламын айтты:
- Шаян емеспіз ғой енесінің бауыр етін кеміріп жеп, шімірік- пестен жорғалап жүре беретін. Адамдығымыз да танылсын да!..
Мінезі морт, ашуланса аюдай жайпап тастайтын Бүркітбайдың мына жайылма жайсаңдығы Мұқатайдың ішін жылытты. Ішіне кіріп-шығып па деген екен-ау. Алып қашпа сыңар езуге, алаңғасар аусарға жорып жүрсек, нағыз ақ жүрек қайсар болғаны ма? Әлде шиін шығарып, індету үшін әдейі істеп отырған айласы ма? Жо-оқ, түр-түсінен қарындасына өшпенділігі, ыза-кегі байқалмайды. Тіпті, оны өлдіге жорығанымен, пәлендей күйініші де сезілмейді. Бәлкім, оның кеткенін біле ме? Ел көзінше әкесіне ызалы. Адамдықты басқаша түсінеді. Сөзіне сенсең, түбінде Қайыр мен Қамиланың арқа сүйері болатын түрі бар, жақсылық осыдан келер. Қара дүрсін, дөкірлеу көрінгенімен, ақ көңіл-ау тегі... Мінез – Құдайдың жаратқаны, оны қалай өзгерте аларсың. Ал ақ пейіл, адалдығы бір басқа. Қарындасынын қасіреттен құтылғанын жақтайтын сықылды... Осы ой Қабидің де, Әсеттің де көңілінде тұрды.
Бүркітбайдың бұл сөзіне, ұйғарымына үйдегілердің біреуі там- санды, біреуі жаны ашығандай күрсінді. Сенерін де, сенбесін де білмейді. Дәл қазір Қамила келе қалса қайтер еді деген жорамал сұраулар бастарына шоғырланды. Ақыры жұрт бей-жай кейіппен тарасты. Мұқатай мен Болмыстың жүрегіне сенім орнықты. Қайырдың аман-есен ұзап кеткеніне қуанысты.
Үн-түнсіз түрегелген Қаби елден бұрын сыртқа шығып, атына мінді де, Әсет пен інісін тосты. Олар да атқа мінген соң:
- Ал, кеттік... – деп, екеуін ілестіріп, ауылына төте тартты. Жол бойы Бүркітбай сөздерінің аңғарын топшылап, жорамалдады.
- Ертең естиміз, зәңгінің қалай қайтқанын, – деп қорытты өз ойын Қаби...
Бұл да Әсетке тосын әсер еткен оқиға болды. Осы бір тұрағы жоқ жанғырықтай сүреңнің, шешімсіз шырғалаңның жайына ой жіберді. Тіпті түні бойы шала ұйқыда жатты. Қазақ арасында қыздың қашуы таңданар іс емес. Мұндағы айырма қыз ағасының
көзқарасы. Өмірден түйгені басқаға ұқсамайды. Қайырға бүйрегі бұрғаны рас болса, оның артықшылығын танығаны. Қалай да екі жастың арманына жеткенін қолдаған. Әкесіне ырық бермеуі өзінің ниетін бүркегені ме? Бұл да түнекті серпігендіктің белгісі. Қазақ ішінде сирек кездесетін оқиға. Осыны өнеге қып таратуым керек. Жаңғырсын дүние. Мұнымен сергелдең, қасірет біте ме? Бұл жартастың жаңғырығы ғана. Әлі қаншама қайғы-зар қайнап жатыр? Ол талайды жұтады. Талайды тізеге қағып, орға жығады. Бірақ арман өлмейді...
Танертеңгі шайдан кейін Әсет:
- Мұқаш, – деді ширыға толғанған түрмен. – Қазақ қызда- рының қайғы-қасіреті менің де талайдан қабырғама батып жүрген дертім еді. Міне, мұнда да тағы бір шырғалаң оқиғаның куәгері болдым. Бүгін-ертең тапжылмай жатып, қыз бен жігіттің арман-тілегін қағазға түсірейін.
- Бұл ойыңыз өте игілікті, Әсаға!
- Бәйіт құсатып, домбырамен сыдыртып өте шықпайын.
Мөрті келіп тұр, жазып шығайын...
- Жазыңыз, Әсаға!.. Қалай айтсаңыз да сияды. Қолтаңбаңыз бізде де қалсын, мұрагеріңіз боламыз...
Шабыт қысқан Әсет қымызды тоспастан сыртқа шықты да, өзен жағасына барды. Ойын бөлмейін деп, Мұқатай есік алдында қалды. Өзі де сезді. Бұл Әсеттің көп заманнан кейінгі қағазға үңілісі болмақ. Оңаша жүріп ойын шумақтап, айтарын екшеді. Қалай, неден бастау керек. Қазақтың кежір тұрмысын, шолақ салт-санасын өз қалпында айтар сөзіме арқау етсем, бірдеңесі жанаса қалса шамданатын шадырлар да көп. Рулардың да ара қатынасына тиіспейін. Ол да бір жазылмас жара. Жалпы қазаққа тән сергелдең ғой. Іштен жеген құрт тәрізді лаңы қаншама. Рулар тартысы да соның бір ұшығы. Оған кесім айтуға шамам жете ме? Бір-бір руды қолшоқпарша уысында ұстап отырған үкірдайлар мен тәйжілерден тізгінді кім жұлып алады? Өкіметі солардың еркіне жүгінеді. Қажетіне қарай бұл қырқыстыруына қолайлы. Рудың қайшылығын тіке айтсам, соны сылтаурататындардың шамына май құйғандай күйге ұшырамаймын ба? Содан барып ел арасына жік түсуі мүмкін. Ал ертегі тектес қып айтсам, тын- даушылар өткен күннің сарыны дейді де, сырына үңілмейді. Оқиғаның желісіндегі ойға көңіл бөлмейді. Ертегілік тұрғыдан ғана қарайды... Осылайша, айтар сөзіне желі іздеп шамырқанған толғаныста Қоңыр төре айтқан бір аңыз есіне түсті. Ертеде осы
Алтай тауларын мекен еткен Ясукей деген хан өткен. Бұла өскен қызы әкесінің ырқына бағынбай өзі ұнатқан батыр жігітпен тау арасына қашып кетіп, мақсаты үшін жанын қинап, басын құрбандыққа шалады. Демек бұл сарын қазаққа бір табан жақын. Оның үстіне осы арада Алтай табиғатының көз тұндыратын көркін де оқиғамен қабыстыра өріп, сенімді шыңдауына болады. Хан қызының тағдыры, қайсарлығы арқылы қазақ қыздарының асыл қасиетін, жігіттердің жалынды арманын жырлауға өте қолайлы. Қыздың атын Салиха, жігіттің атын Сәмен деп қазақилап қоя салсам да, құлаққа сіңісті Ясукейдің ескі атағының өзі-ақ талай көкіменің еңсесін баспай ма? Ясукейдің үрім-бұтағын түгендеп жату қай қазаққа керек. Оларға ханның не қажеті бар? Бұл жайды ойларына да алмайды. Әйтеуір, сол желімен қазақ жастарының басынан кешіріп жүрген қайғысы мен мұңын, ащы зарын айтып берсем, өртенген үйге тұмсығы- мен су тасыған қарлығаш құрлы себімнің тигені емес пе?..
Жазуды мақсат еткен дастанының желісі мен жүйесіндегі
мұрат-мүддені ойша топшылаған Әсет түске дейін ағыны сарқыраған, салқын лебі желпіген судың бойын шарлады да жүрді. Үйінен шығып, сыртынан қарасын көрген соң солай бұрылған Қабиге мән-жайды Мұқатай ұқтырды.
- Әсағаң өлең жазбақ, ойын бөлмей-ақ қойыңыз.
- Бәсе, кешеден бері ширығуы бөлекше еді. Іштей күйзелген- дей боп жүргенін байқаған ем, – деді де Қаби ақын қиялына жүгінген қалыппен үйге кіріп, қымызға отырды. Түске таман қыдырмашы қымызшылар да сиреді.
Сол шамада Әсет үйге қайтып оралды да, желбегей жамылған шекпенін шешіп, жүктің шетіндегі керегенің басына ілді. Жеңілденіп алып, дастарханның шетіне малдас құрды.
- Қымыз ішіп ал, қарағым, – деп, Бибі бәйбіше шүпілдеген сырлы тостағанды алдына қойды. Шөлдеп қалғандай екі тостағанды іркіліссіз сіміріп салған Әсет:
- Болдым, әбден қанымды, – деп, артқа шегінді де, жүкаяққа арқасын сүйеді. Мұқатай дастарханды жинады.
Манадан дайындап қойған, түбі жіппен көктелген ұзынша дәптерді, жұп-жұмыр сия сауытты, ұшы моқал қаламұш бе- кітілген сары қаламсапты әкеліп қасына қойды.
- Мұны қытайдың қара сиясынан езіп жасадым.
- Е, мейлі, жазса болды да.
- Қара майдай жұғады...
Әсет дәптерді алдына жайып, кеудесіне жастық төседі де, етпетінен жатты. Мұқатай шығып кеткен, үйде жалғыз, Ойланып барып, жазуға кірісті. Бибі бәйбіше де сыбдырсыз түрегелді. Мұқатайға ілесіп, сыртқа беттеді. Үй-іші ың-жыңсыз, оңашаланып қалды. Сай табанындағы судың сарылынан бөтен дыбыс жоқ. Сыртынан бақылаған Мұқатай бұл үй жаққа қарай бейсауат адамға аяқ бастырмады. Әсет енді басқа дүниені ұмытқан. Алдындағы жаюлы қағазға шұқшия үңіледі. Айтар ойын желілеп, оқиғаның өрісін шиеленістірудің сенімді жолын іздейді. Оның тамырын тереңнен тартуды жөн көрді. Ерте заманда өткен Ясукей жайындағы бір аңыздың сілемі ойына оралды.
Алдымен Ясукейдің жай-күйін, бір беткей безбүйректігін, тастай қатқан қаталдығын қысқалау шолып, бір түйіп тастады да, өзінің ойына арқау еткен Сәменнің көз тартып, көңіл тола- тын тұрпат-тұлғасын келістіре сипаттады. Оқиғаның өрістеуі үшін мезгілдің де әмбебап кезеңін таңдады. Ел жайлауға көше Салиха мен Сәменнің жиі-жиі дидарласуы да, сұғанақ көздердің қадалуы да, жастықтың жалынды құштарлығы да кәдімгі қазақи қалыппен баяндалды.
Барлық арман-тілегі тоғысқан қыз бен жігіт бекініс іздеп, ба- спана табу үшін ұлы таулардың құшағына еніп кетеді. Сұсымен адамның сесін басқан алып сеңгірлердің қойнына ғашықтарды күндіз күн аймаласа, кеш бата алтын табақтай жалтылдаған күміс ай қараңғы түнді жарқыратады. Ай батқан кезде аспан төрінен самсаған жұлдыз жымыңдап, жабыққан көңілдерін сергітеді. Қоңыр самал аймалап, мұндарына ортақтасады. Таудың аясы тағы түлектерін еркелетіп, әлдилейді, биікке өрлетеді.
Осы сезім ақынның қиялын шарықтатты. Сол сәтте-ақ көз алдына заңғар таулар, сыңсыған орман, жасыл белдер елеетеді. Енді мадағын айта алмай жүрген сұлу таулардың көркін төгілте өлең шумағына айналдырды:
Жалтыр тау, шатқал өзен, заңғар биік, Тұрғандай бұлттан асып, көкке тиіп. Темірдей қара жартас сұрғылт түсті, Қабағын, қаһар көзін қарс түйіп.
Мұңлы тау аспанменен бой теңескен, Тұрғандай бейне мүлгіп, басын иіп. Ақырған аждаһадай тасқынды өзен, Сарқырап төмен аққан шатқа құйып.
Жүрегі тебіреніп, ыңылдай ырғалады. Өлең сарын тілейді, әуенге үйіріледі. Селдей сығылысқан шумақтарды сусылдата жа- зып-жазып тастап тоқтайды да, ашық тұрған есіктен сыртқа тесіле қарайды. Бірдеңе іздегендей ойға шомады. Аздан кейін қайта жазады. Сарғыш қағаздың беті шөп арасынан шегіртке ұшқандай сытырлайды. Сиясауытты сол қолымен қымқыра ұстаған күйі дәптердің аударылған парақтарын қозғалмастай басып алған. Кейде тыныс алғандай қыбырсыз сілейіп қалады. Ондайда ты- нысы тарылғандай алқынып, танауы желбірей пысылдайды. Ал ойға шомғанда, ұшқын шашқан ала көзі бадырая үлкейіп, дөңгелек қара торы өңі албырай нұрланады. Екі иығымен тұтас- қан жуантық қысқа мойынын ширата толғап-толғап қояды. Ұдайы жазып дағдыланбағандыкі ме, әлде, іштей бір сарынға түсіріп отыр ма, кейде ыңылдаған әуенін үдетеді. Сыдыртып айтып шыққаннан гөрі сарылып жазудың машақаты қиындау сияқты. Бірақ өлең жолдары шымыр, теңеу мен балама да анық суретімен айқын бейнеленеді. Ыңылдап әндетуі өлең жолдарының бір қалыпты ырғақпен өрілуіне жетекші болып жатыр. Бұл жазудың жүрдектігін де асыра түседі. Сезімі ширақ өрбиді...
Осылайша, толғаныспен тапжылмай ұзақ отырды. Түс ауып барады. Үйдің іші қара көлеңкелене «Үһ!..» деп қуана дем тартты да, жүзі жадырай күлімдеді. Жазғанын өзі үнсіз қалыппен қайталап оқып шыққан соң, сиясауыт пен қаламсапты жинап, жүкаяқтың астына қойды. Ұзынша сопақ дәптерді шиыршықтай ұстап, далаға шықты. Сайды өрлей жел есіп тұр. Үй маңында қыбырлаған жан жоқ. Күн көлденең жотаның жалына иек артыпты. Өрістен қайтқан сиырлар шұбырып ауылға келіп жатыр. Үйдің қарсы алдындағы беткейді өрлеп барып, түп жағы сарғыш тартқан шалғынның үстіне қисайды да, аяғын созып жантайды. Шекпенінің етегін төсеніп, шынтағымен жер тірей жамбастады. Сыртынан қарауылдап, бағып жүрген болу керек, Қабидің үйі жақтан жебей басып Мұқатай жетті. Әсет оған бір істі тындырған адамша жайраңдай қарады.
- Міне, Мұқаш, бітті. Көкейімнен кетпей, жанымды қинап жүрген оқиғаны қағазға түсірдім.
- Түгел бітірдіңіз бе? – деп таңданды Мұқатай. Өйткені ол бұлай жылдам жазып тастайды-ау деп ойламаған. Әсет бұл іске түске таман отырған. Бір-екі күнге созылатын шығар деп мөлшерлеген. Жүзі албырай масайрап, мандайы тершіген Әсет ақсия күледі. Көңілі хош...
- Иә, бітті. Ойда көп жүріп әбден піскендіктен бе, нені, қалай айтудың шарты толғандықтан ба, қолды кідіртпеді.
Бұлардың қарасын көрген соң, балпаңдай басып Қаби да жетті. Әсеттің ісінен хабары бар сықылды. Қабағы ашық, жүзі жай- дары. Ақыннан осыны күтіп жүргендей, көңілін де аулап қойды.
- Шаршадың ба, Әсетжан? – деп төне еңкейіп, шөпті жапыра қасына жантайды.
- Шаршағанымды да, қуанғанымды да білмеймін, Қабеке!
Әйтеуір, ойлаған жырымды қағазға түсірдім.
- Қуанғаның жақсы, Әсетжан. Қуаныш – бәрімізге ортақ. Біз де сүйсінелік, оқып жібересің бе?
- Аға, бүгін Әсағаң өзі қалап оңашада жалғыз қалып еді, бір дастан жазып бітіріпті, – деді Мұқатай таңданысын да, сүйсінісін де жарқылдаған кейіппен аңғартып.
- Мынауың аса қадірлі іс екен, Әсетжан!..
- Елге жақса болды да...
- Ал, тыңдайық ендеше...
- Тыңдаңыз!.. – деп, Әсет қағазы сарғыш дәптердің бетін әспеттей ашып әуендетіп оқи жөнелді. Қаби басын тұқыр- тып, ынталана құлақ тосты. Хандығына мастанған әкенің қа- йырымсыздығы, қыз бен жігіттің азабы, олардың өлер алдындағы зары жүрегін езгендей қалың қасы жиырылып, қабағы түйілді. Дастан оқылып болған соң, басын көтерді.
- Сөздеріңнен көп жайдың сыры аңғарылады екен, Әсетжан, – деді алқына дем алып. – Біздің Қайыр мен Қамиланың да соры осы өзің айтқан зұлым пиғылдың кесірі ғой.
- Ұқсап тұр ма?
- Неге ұқсамасын, көзімізбен көріп отырмыз ғой. Дастаныңның атын «Салиха – Сәмен» дедің бе?
- Иә, қазаққа жаттау ма?
- Адамның мұңы адамға жат емес. Бәріміз жер бетінің түлегіміз. Бағымыз да, сорымыз да ұқсас. Моңғолдың аңызынан басталған соң, бізге қалай жанасар екен дегенім ғой.
- Дұрыс, Қабеке, дәл таптыңыз. Қазақтың өзін төтесінен айтқым келмеді. Онда бір сөзің біреуіне шендей қалса, ру мен ру арасына су жүгіртуге әзір тұратындарға сылтау табылады. Әдейі алыстан орағытқаным сол.
- Оның да жөн шығар. Бірақ айтқаның алыс емес. Төбесінен түсіп тұрсың. Әлгі өзің сырына қанық қулардан сақтанғаның да жөн.
- Алайда, қанша қадалса да, ешкім ештеңеге бұйда таға ал- майды.
- Е, сол дұрыс. «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңданың» сыңайы болады да шығады.
- Жоқ, ондай ұзын арқан, кең тұсау емес. Адамның арманы да, қасіреті де, қайғысы да ортақ. Айтарым сол...
- Оны айтыпсың, ұқтым. Енді қиссаңды бізге де беріп кет.
- Мұқаш қара таниды ғой, көшіріп алады.
- Сөйт, әкем. Әсетжанның лебізін өз аузынан естігендей көріп, тыңдап жүрелік.
Мұқатай мектеп есігін ашқан емес. Тек Қайыр ауылға оралған соң ғана соның көмегімен әріптердің қарасын таныды. Қисық- қыңыр болса да, еркін жаза алады. Екі күнде зорға көшіріп болды. Әбден қанып алғысы келгендей, Қаби бұл дастанды Әсеттің өзіне салмай оқытып, құмарта тыңдады.
Елді жаңа сарынымен билеп алған «Сәлиха – Сәмен» дастаны аз күннің ішінде-ақ қолдан қолға көшті.