ШАЛҚЫҒАН ӘН
Апта бойы Қаби мен Әсет жұптарын жазбады. Таңертеңгі астан кейін және кешкі салқында ауылдың күнбатыс жақ желкесіндегі шолақ төбенің басына шығып, кең-молынан көсіле
әңгіме-дүкен құрып жүрді. Осы ашық райдың арқасы ма, Әсет жан азабынан арылып, көңілді қалпына түсе бастады. Мұндай кездерде ауылдың басқа егде кісілерінің қолы бос, әңгімеге әуестері болмаса, көбі мал қамынан босана алмайды. Екі ағасының қасынан қалмайтын Мұқатай ғана. Қабидың ақылы бойынша әб- ден тынықсын деп, қымызды да қыдырмашыларға араластырмай, оңашалап құяды. Мұнысын жұрт Әсеттің бабына келуіне жағдай жасағаны деп ұғып, көп сарылмай тарасады.
Әдетінше, бүгін де ерте тұрған соң, өзен жағасын серуенде- ген Әсеттің бойы сергек, жүрегіне жұбаныш ұялаған. Бетіне қан жүгіріп, әрі кірген. Ажары ашылған. Денесінің құрыс-тырысы жазылып, едәуір қунап қалған. Кеудесіне тастай қатып, сұрқын қашырған мұз да жіпсіп еріген. Соған қуанады. Осы сәтте сергек ой тағы да жебеді. Сілкініп шира. Болдырған жылқыдай қиралаңдап, борсыған еттей болбырап зорға жетіп ең, осынау ың-шыңсыз салқар дүниеден тыныс тауып, оңалып қалған түрің бар. Серілердің жан бағысы да қызық-ау өзі. Басқаға ұқсамайды... Өзінен гөрі өзгенің көңілін аулайды. Ұшып жүріп қыран да күн көреді, жор- тып жүріп құлан да күн көреді, жорғалап жүріп жылан да күн көреді. Бірақ әрекеті басқа-басқа. Осыған сайғанда сенің күн көріс әрекетіңнің түрі қай тұғырда?.. Дәл қазіргі сүлесоқ қимылыңның жорғалағаннан несі артық? Бәлкім, сені жол емес, қыжыр қиял қажытқан болар. Қырандай самғап, құландай құйғытушы ең, сол күніңді аңсағаның ба? Қайта оралмас па екен деген күдік пе ұнжырғаңды түсірген?.. Ой, тоба-ай, өткінші құбылысқа соншама қара жамылып, күйрей жаздағаныңды қарашы... Пенде не көрмей-
ді, сонда да тіршілігін істеуге тиіс. Күйгелектік адамның ең осал сипаты, соны ұқ. Міне, кешегің бүгін жоқ, өтті де кетті. Көшкен бұлттай бәрі де көзден таса болды. Қарасы да өшіп барады... Енді қарайлай бергенің жараса қоймас. Уақытты көп созба, арала елді. Артыңда сарғайып күтіп отырған үйің бар, елің бар...
- Оу, Әсетжан!.. – деп арт жағынан күркіреген Қабидың жуан даусы ойын бөлді. Мойын бұрып еді, еңсегей денелі қара кісі жебей басып, жайраңдай күліп келеді.
- Ассалау-мәликүм, Қабеке!
- Әликі-салам, Әсетжан!.. Құтты қонақ қонса, қойың егізден табады деген. Сен ақжолтай болдың, табаның майлы екен. Етегіңе оралып, біздің ауылдан бір бала жарық дүниеге көзін ашты, келінім босанып, ұл тапты!..
- О, қуанышыңыз таудай екен ғой! Ат ерттеріңіздің бауы берік болсын! Өмір-жасы ұзақ болсын!..
- Айтқаның келсін, айналайын, аузыңа май!
- Сүйіншіңізге не берсем екен?..
- Сүйіншім сол – шілдехананың туын өзің көтер! Жиналған ел-жұртты әніңмен сусындатсаң, жетіп жатыр, басқа қалауым жоқ.
- Бұл айтқаныңызды орындайын, Қабеке!
- О, бәрекелді... Осы дарқан пейілің ғой біздің көксейтініміз.
Ондай көңіл көл-дария емес пе!..
- Елбіректеп, даңғырлай сөйлеген Қабидың күрілдеген даусы жаңғырығып айналаны күмбірлетті. Осы дабырдан оянды ма, жаңа ғана шырт ұйқыда балбырап жатқан Мұқатай да қастарына таяды.
- Жайлы жатып, жақсы тұрдыңыздар ма?..
- Өркенің өссін, айналайын! – деді Әсет сыпайы жігіттің ниетіне алғыс айтып. Мұқатай көңілі алып-ұшып алабұртып тұрған ағасына қарады.
- Аға, балаңыздың бауы берік болсын!
- Айтсын, әкем, айтсын!.. – деді Қаби қысқа қайырып. Әлдене есіне түскендей тағы да Әсетке өтініш кейіппен көз салды. – Әсетжан, халықтың бір асыл сөзі бар: жақсының аты жебейді, жаманды елге теңейді. Қомсынбасаң, осы нәрестеге сенің атыңды қойсам ба деп ниет қылып ем...
- Бала – адамның бауыр еті, көз нұры, Қабеке, – деді Әсет ризалығын да, қуанышын да аралас ұқтырып. – Жарық дүниеден жаңа ғана тыныс алған сәбидің алдына кім шығыпты. Күнәдан пәк нәрестені қорашсынуға менің хақым жоқ, өйткенім күнә, арыма дақ емес пе? Маңдайы айдай жарқыраған азамат болсын!
- Ақ ниетіңе мың да бір рақмет, айналайын!.. Жүр, таңғы асты біздің үйден іш...
Үшеуі өзеннің бойына барды. Асықпай жуынып-шайынып алған соң, сайды өрлеген шөбі таптауырын жолмен қатарласа адымдады. Айналасы абыр-сабыр боп жатқан, іргелері тақау тігілген екі ақ боз үйге жақындады. Күн көтерілген сайын көлеңке де теріскейге ығысқан. Мал өрген, қора бос. Үш-төрт сары жез самауырын қатар қойылған. Біреуінің қақпағы селкілдеп, буы бұрқырайды. Төбесіне бүйрегінде алақандай көгілдір гүлі бар ақ шәйнек шоқия қонақтаған. Басқасы ыңырана ызыңдайды. Ылдилау оңашаға қазылған жер ошаққа асылған қазандағы ет шұрқ-шұрқ қайнайды. Бір-екі жігіт ұзын қу қарағайды жарып, отын дайындап жүр. Үлкен кісілерге жамырай сәлем беріп, құрмет көрсетті.
- Тойға әзірлік басталған екен, Әсаға, – деді қатарындағы Мұқатай сыбырлап. Ауыл қонағы ретінде Әсет көпке естірте ықыласын білдірді:
- Той тойға ұлассын!..
- Айтқаның келсін, Әсетжан!.. Қане, төрлет! – деді алты қанат ақ ордаға озыңқырап барып, есігінің алдына тоқтаған Қаби.
Табалдырықтан сәлем беріп аттаған Әсет төрге өрледі. Кілемнің үстіне төселген құрақ көрпеге тізе бүкті де, малдас құрды. Бұл үйде де әлем-жәлем жасау мол екен. Кестелі жібек тұскиіздің, терме- леп тоқыған басқұр мен бау-шудың, өрнекті текемет-сырмақтың түр-түсі көз тұндырады. Тоқылған бұйымдардың бәрі бір кісінің қолынан шыққандай әсем. Соған әуестеніп, оң жағына орналасқан үй иесіне бұрылды.
- Қабеке, ауылдарыңызда үйдің терме бұйымдарын тоқитын бір шебер бар-ау, тегі? – деді қызыққан түрмен. Қаби нені білгісі келетінін түсінді.
- Иә, Бибі жеңгеміз – он саусағынан өнер тамған адам. Осы ауылдың әр үйіндегі келісті бұйымдардың бәрі де сол кісінің қолымен жасалған. Тиіп-қашты болса да, қыздарымыз бен келін- кепшіктердің де қолтаңбалары бар.
- Теңдесі жоқ игілікті іс қой бұл...
- Соны мақтаныш тұтамыз.
- Біз қолымыздан келетін өнерімізді сатпайтын халықпыз ғой, – деді Әсет бірдеңе есіне түскендей ойланыңқырап барып. – Қалалы жерде бір жапырақ шүперектен бастап, кестеленген орамалға дейін сатып жүргендерді талай көріп ем. Мына басқұрлар мен ызба құр, сырма сырмақ пен оюлы текемет әлгі орамалдан әлде қайда құнды емес пе!
- Е-е, ондайға біздің бойымыз әлі үйрене қойған жоқ, жатырқай қараймыз. Сауда-саттық келмейді қолдан. Қалада тіпті сүтті де сатады. Қазақ салтында сүт сатқан жаман ырым саналады. Он- дайды естісе, ел құтырған иттен шошығандай үркер еді.
- Сүт тұрмақ, малын да жөндеп сата алмайтындар толып жатыр.
- Сауда білмегені – елдің соры боп жүр. Соның салдарынан малын мал базарындағы «бедек» аталатын жең ұшынан жал- ғасатын жалдаптарға өткізеді. Олар малдың иесі боп саудала- сады. Сол қызметі үшін сатылған малдан ақы алады.
- Соны көріп тұрып талпынбаймыз-ау... Тіршіліктің көзін білмейміз. Ол да жанбағыстың шарасы. Соған ой жетпей ме? Маубастық па, мақаулық па бұл?..
- Ол да емес, бұл да емес, өренсіздік шығар...
- Шіркін, мына бұйымдарды көрмеге қояр ма еді! – деді Әсет үйдің ішін қызыға шолып. Қаби бұл сөзге түсінбей қалды да, қайыра сұрады:
- Көрме деген не?
- Мынадай асыл заттарды, әсем бұйымдарды жайып қойып, барлық жұртқа көрсетіп, тамашалататын жер, – деп, Әсет өз ұғымы бойынша түсіндірді.
- Ондайды көзбен көргенің бар ма?
Сонау бір жылы бүкіл Жетісудың әр тұсынан ел жиналған сондай бір үлкен көрмеге қатынасқаным бар. Ел-елден алу- ан-алуан бұйымдар жиналыпты. Іле өзенінің Алматыға тақау жағасындағы жалпақ жазыққа жүздеген киіз үй тігілген. Қора- қора қой, үйір-үйір жылқы, сиыр. Кездеме-маталарын арбаға тиеген, түйеге артқан саудагерлер де қаптады. Әлгі жазық қан базарға айналды. Үлкен той сияқты. Ақындар мен әншілер де шақырылған. Палуан күресі, көкпар тартыс, қыз қуу ойындарды думанды қыздырып жіберді. Ақындар айтысты, әншілер әнін аспандатты. Қазақтың небір жезтаңдай әншілерімен, ор ауыз ақындарымен сонда дидарластым. Ал ұсталар жасаған үй, алтын- күмістен түйін түйген зергерлер соққан сақина-жүзік, білезік, ер-тұрман, шебер әйелдер тоқыған мына секілді терме бұйымдар жиналған елді тамсандырды...
- Ондайды біз көрмек тұрмақ, естіген де емеспіз, – деді Қаби таңырқап. – Сона әлгі бұйымдар сатыла ма?
– Сатылғанын көргем жоқ. Көрмені өзім қолөнер үлгілерін көпшілікке танытатын жер ме деп ойладым. Сол арқылы кімнің
қандай өнері барын білетін секілді. Одан әрі алушы да, сатушы да өздері келісіп жатады.
- Шіркін-ай. Біздің Биекеңнің қолынан шыққан заттарды да жайып қойып, күллі жұртқа көрсетер ме еді!.. Қазақ арасында ондай шараны ойлайтын да адам жоқ-ау әлі. Дүниеден адам өтеді, жасаған бұйымдары да тозады. Өнердің ізі өшеді-ау...
- Өзіміз әрекеттенбесек, біреу үшін біреу күйіне ме?
- Ол да бізге жат әрекет секілді.
- Жылдан-жылға мынадай өнеріміздің өрісі тарылып, өнегесі өшіп бара жатқанын да сезбейміз. Мұндай бұйымдар басқа жұрттың көбінен кездеспейді. Ең болмаса, Биекеңнен кейін жалғастырушылар шығып отырса да, ғанибет қой. Ол жағы қалай?
- Е, Құдайға шүкір, әуестеніп үйреніп жүрген балаларымыз баршылық!.. – деді Қаби көңілге тоқ ілік табылғанына қуанып.
- Ол да жақсы, үміт үзілмейді ғой, әйтеуір...
Әсетті бір ой толғантты: «Өнерді үйрен де жирен» деген сөз біздің халқымызды кері тартып жүрген жоқ па осы? Өйткені мы- надай шеберлікті әрі қарай дамытуымыз аз.
Көбінің үйрендім, болдым-толдым деген қанағатпен ғана қала беретін түрі бар. Қанат жайдырып, өрісін кеңейтуге құлық жоқ. Өз затының құнын да білмейді. Әлде алып-сатумен айналыспағанның кесірі ме? Сауда – есеп-қисапты, затты бағалай білуді үйрететін бір мектеп қой. Мына асыл бұйымдарды базарға салып, қаншалық құны барына көзі жетсе, артықшылығын ұқса, оны молайтуға құштарланар ма? Сонда бір ауылдың ғана мақтанышы саналған көп бұйымдардың елден-елге таралатын өрісі де кеңейер еді-ау... Қымызға қанды-ау деген шамада май қуырдақ тартылды.
Әңгіменің бұл тұстағы арқауы көбіне елдің жай-күйі, заман ағымы төңірегіне құрылып, ұзаққа созылды. Ет желініп болғаннан кейін үлкен кісілер бата жасады да, дастархан жиналды. Жұрт сыртқа шықты. Күн арқан бойы көтерілген, сәске түс. Күнгей беткейлер мол шуаққа малынған. Ал теріскейді жапқан көлеңкенің етегі қысқарған. Қоңыр самал желпиді.
Судың жағасына тақау бір қойнаудағы жайпақтау дөңгелек сазға қатарынан екі үйдің керегесі керіліп жатыр. Боз балалар мен қыз-келіншектердің көбі сол маңда жүр. Келіншектердің бәрі бүрме етек қызыл гүлді көйлек, өңіріне оқа көмкерілген шолақ жең қара мақпал пешпет киген. Етегі жер сызған ақ көйлекті, қызыл доқаба қазекейлі, үкілі тақиялы қыпша бел қыздардың сәні бір қиырдан көзге оттай басылады. Сала құлаш бұрымдарына
жалғанған шолпыларының сыңғыры күміс күлкілеріне қосылып, жарастықтарын еселеген. Кереге сағаналары жазылып, дөңгеленте керілген соң жапсарлары таңылды. Екі үйдің нән шаңырағын екі жігіт ұшы аша ұзын бақанмен қайқия жоғары көтерді. Қыз- келіншектер тұс-тұстан шаңырақтың жақтауындағы көздерін сығалап, қолдарындағы уықты дәл шаншуға ден қойған.
- Сыртқа шыққандар сол қимылдарды тамашалағандай есік алдында аз ғана бөгелісіп еді.
- Аға, – деді Мұқатай қасында тұрған Қабиге бұрылып. – Шілдехана әзірлігі біткенше Әсағаңды әурелемейік...
- Иә, сөйтіңдер. Оңашада тыныға тұр, Әсетжан. Мен осын- да болайын. Ойын-сауық өтетін үй тігіліп біткен соң, жасау- жабдығын реттейміз. Елдің көзі үйдің ішін қорашсынбасын. Жүдеу көрінбейік, көңілді жадатып...
- Ендеше, сізді алаңдата бермейік, – деп Әсет ілгері жүрді. Арқыраған суды жағалай аяңдап, Мұқатайдың отауына жетті. Түндігі жабулы қоңыр салқын үйге кірді. Төрдегі қара барқыт көрпенің үстіне жайғасты да, кереге басында ілуді тұрған домбыраға назар салды. Мұқатай шынтағына жастық қойды.
- Тынығыңыз, Әсаға!
- Мұқатайжан, домбыраңды әперші, үнін байқап көрейін. Бүгін болмаса да, ертең-бүрсігүні ұзақ шабысқа түсетін түріміз бар ғой, баптана берейік, – деді қолын созып. Домбыраны алғаннан кейін пернелерін баспастан ішегін ғана ысқылады. Қойдың аш ішегінен ширатылған, кей тұсы тозғындап, түтелене бастапты. Ұсақ қылшық түктер тікірейіп сыртқа тебіндеген. Мұқатай бұл кимылдан Әсеттің ән салуға дайындалғанын сезді. Қолтығын кере алысқа шабатын жүгіріске бел байлаған түрі ме? Әншіні аспаптың мына қалпы онша қанағаттандырмады. – Жаңа ішегің бар ма?
- Бар, қазір әперейін... – деп, Мұқатай қызыл торғын шы- мылдығы төгілген, бетіне сүйектен өрнек шапқан ағаш төсектің бас жағына барды. Қара шүберектен қиып, қошқар мүйізді ою жапсырылған, ернеуі шашақты ақ киіз дорбаны ақтарып, шумақталған ішекті алып, ұсынды. – Мінекиіңіз!..
Тегістеп қырқап, шыжымдай есілген, кедір-бұдырсыз, сымдай сидам екен. Мұқатай домбырасының бабына көңіл бөлмегеніне қысылғандай екі беті қызарып, үнсіз тұр. Әсет ескі ішекті ағытып тастады да, жаңасын тақты. Домбыраның құлағын бұрап, сымдай керді де, күйге келтірді. Үсті-үстіне шертіп, әлсін-әлсін бұрады. Бір кезде құйқылжыған әуендерді іркес-тіркес сорғалатты. Діттеген
үнін тапқанша құлақты әрі де, бері де бұрады. Әлден уақытта өзінің «Кертолғауын» сыдырта сымпылдатты. Бұл ішектің әбден созылып, домбыраның бабына түскенінің белгісі сияқты сезілді.
- Мә, сен шертіп көрші!..
Мұқатай өзі дағдыланған әдетінше қос ішекті кезек-кезек жалғыз сұқ саусағымен термелей іліп-қағып, желпілдей лекіген ойнақы әннің әуенін безілдетті.
Бұлар өстіп, домбыра үнінің бабын, қалыпқа түсуін тексеріп отырғанда:
- Асса-лау мә-ликө-өм!.. – деп созалаңдата сәлем берген екі жігіт кіріп келді. Сұңғақтау сылқым қара аяғын әсем басып барып, Әсетпен қол алысты да, көрпешенің шетіне отырды. Жарқын жүзбен еркелей қарайды. – Аз да болса тынығып, көңіліңіз жайланды ма, Әсаға?..
- Шүкір, ел-жұрттың арқасында, әйтеуір... – деп Әсет тұйық- тау жауап қатты да, жігіттің майлаған қасықтай жылтыраған қара қошқыл жүзін байыппен барлады. Тығыншықтай тапалдау жігіттің де ұсынған қолын алды.
- Ұмытпасам, сенің есімің Қайыр ғой, ә?..
- Әнеукүнгі әніңізге құлай бас шұлғығаным есіңізде қалған екен-ау, Әсаға. Еліне қайыры тисін деген тілегіме, әке-шешем атымды Қайыр қойыпты.
- Жақсы тілек – жарым ырыс, шырағым. Сол үмітті ақтасаң – ата-анаңның арманына жеткені.
- Менің де ойымнан шықпайтыны сол, Әсаға! Бірақ көп жай- ды санамен болжасақ та, сынын өңдеуге шама жетпейді. Асылды да дер кезінде бағалай алмай, артынан өкінеміз. Тіпті сіздің де жай-жапсарыңызды кейінірек ұқтым. Алғашқы күнгі біздің қылығымыз есіме түскенде қатты ұяламын. Қыл жұтқандай кеудем жыбырлап, берекем қашып жүргені...
- О, неге, шырағым? Көңілге түйткіл салатындай ешбір оғаш мінезіңді байқаған жоқпын ғой.
- Әдепсіздеу көріндік пе, кім біледі? Ел жайлауға шығып, орныққаннан кейінгі алғаш өткен сауық кеші болған соң ба, сол күні тым еліріп кетіппіз...
- Сауықтың сондай қызулығы жақсы емес пе?
- Әдептен озбауы да керек қой. Енді ойласам, әбестеу қылық көрсетіппіз. Танымағанын сыйламас деп, жолаушыға жөнді ықылас бөлмеппіз. Адам сыйлай білмейтін әумесерлер секілді сүлесоқ кейпімізді сөлекет санаған шығарсыз?
- Ойын-сауық өтетін жер – біреуге біреудің сый-құрмет жа- сап, бәйектенетін орны емес, Қайыржан. Думанға қатынасқан кісілер біріне-бірі абырой-атағын сатып, бөлініп-жарылмауға тиіс. Ондай топта әрбір адам өнерін ортаға салады. Ерекше ұнағанын жұрт ілтипатпен тамашалайды. Елдің бәрі сондай қызық үшін жиналмай ма? Кіріп-шығып жүргендерге, келіп- кетіп жатқандарға көңіл бөлудің де қажеті жоқ.
- Құдайы қонақтың орны бөлек емес пе? Сіз де алыстан арып-ашып жеткен қонақ едіңіз.
- Солай болғанмен, сауықтарыңа мен де араласып, қолдан келген үлесімді қоспадым ба?
- Сол дархан пейіліңізді бағалай алмаған сықылдымыз...
- Е, неге? Елдің бәрі Құдайы қонаққа табыну шарт емес, ондай салтты санат етуге жарамас. Ас-суын бергеннің өзі құр- мет. Міне, өзі қолқалап үйіне алып келген Мұқатайдың сый- сияпатына бөленіп жатқан жоқпын ба? Қаби ағаларыңының ықыласы тағы бар.
- Сіздей ақиыққа ол аз!.. Сіз бүкіл Сауырды жайлаған елдің қонағы болуға тиіссіз. Алдағы уақытта Қаби ағаның үйінде дүниеге келген сәбиге арналған қуаныштың сайраны өтеді. Одан кейін осы өңірді ғана емес, Ертістен ары өтіп, Өргі Алтай елін де түгел аралатамыз.
- Өзім атқосшы болмын! – деп құлшынды Мұқатай желпініп.
- Уақыт жетсе – ол да ойда бар...
- Адам ойына уақыт кедергі, – деді Қайыр мұңая бұйығып. Әсет үндемеді. Байқауынша, Қайыр бұл елдің жөн білетін жігіттерінің бірі сықылды. Ал, тұйықтау жүретіні несі? Ашылып сөйлегені бүгін ғана. Көзінен мұңы арылмайды. Бір шырғалаңға ұрынып, сергелдеңнен шыға алмай жүр ме? Ол нендей сұмдық жас адамның жанын күйзелткен? О, қу дүние, ақ пейіл, адал жандарға сонша тар ма едің? Қулық пен сұмдықты мұратына айналдырғандар ғана алшаңдай баса ма? Адам баласының ізгі ақыл-ойының өзі жер бетінен қулық-сұмдықты, зорлық пен зұлымдықты жою үшін жұмсалып келе жатқан жоқ па? Әлде
арамдық алалықтан ақиқат әлсіз бе?..
Сырт көзге ашық-жарқындық танытқысы келгенімен, іштей жүдеген, қасіреті жылымдай қайнаған жігітті Әсет барлай шолып, ойша болжамнан аса алмады. Қайыр да өз қиялының сарынымен әлек. Ол – аз да болса оқыған, санасы ояу көзі ашық адамның бірі. Біліміне, адамгершілігіне бас иетіндер көп. Құрбы-құрдастарының
еліге қадірлеп, өнеге тұтатыны содан. Шетке кетіп, бір та- лай жылдан кейін ауылына өткен қыстың басында оралған. Мұндағы жұмысын өз ауылының балаларын оқытудан бастаған. Жастармен қоян-қолтық араласа жүріп, озық артықшылығын танытқан. Қанша талпынса да қатал тағдыр талқысына салмай қоймады. Бұл ортада жүзеге асуы екіталай арманға ілесті... Бір тойда ақ торғынға малынған ақ балықтай аққұба қызды көріп, бақытының жұлдызындай көз тікті. Аршыған жұмыртқадай аппақ тамағы үлбіреп, албыраған алма бетінен тараған қызғылт сәуле жүрегіне от салған... Ақылды жігіт көз ілмей сарылып, алды-артын ұзақ болжады. Заманынан озып туса да, елден қара үзіп кетсе, жалғыз қалмай ма? Әлгі қыз – аттылыға жол, жаяуға ырық бермейтін бір желбуаз байдың мәпелеген үкісі. Байлық та сор, арман арқалаған жас жанға қасірет боп жабысып, қол созған ізгілігіне ентелегенде аттап өте алмайтын қара тастай кедергіге айналады екен. Сол байлық шалқытады деген қыздың да тағдыры қыл үстінде. Аузы алты қарыс Жұмық зәңгі10 жеті жасар баласына айттырып, басын байлап қойған. Бұл күнде жалынды жастар ортасының көз сүзген гүлі саналғанымен, күні ертең үсіген шөптей солып, қурайдай қурайтынын да біледі. Сондықтан өз босағасындағы аз ғана еркіндігінің қызығына қанып алғысы келеді. Ойын-сауықтан қалмайды. Ешкімнің ырқына бағынбайтын батыл. Жас топқа араласып жүріп, әр думанда Мұқатай салған сылқым әндердің сазына елтіді. Ел мақтаған Қайырмен жиі-жиі ұшырасты. Бірте-бірте жақындасып, сырласты, бірін-бірі ұнатысқан. Түбін барлағанда, Қайырдан гөрі Қамиланың халі қиын екен. Қатал тағдырдың байлауына бас иген қыз бипаздамады.
- Мен басы матаудағы адаммын, – деп, бір оңаша сөйлескен-
де ашығын айтты. – Темір құрсаудың ішіндемін. Соны тас- талқан қып бұзып, тұзақтан құтқаруға шамаң жете ме?..
Осы арада Қайыр тұйыққа тірелген. Махаббатына да, аза- маттығына да үлкен сын. Жаны қиналды. Бұл кім?.. Мал баққан ортақол шаруаның баласы. Рас, ақылды әкесінің беделі ешбір зәңгі-пәңгіден кем емес. Алайда, бұл күнде үкіметтің қолдауымен қолындағы мөр-таңбасының күші артқан зәңгімен тайталасып, жұлқыласа ала ма? Қоңыр күйлі әкенің мал жұмсап, арпалысқа түсер шамасы тағы жоқ. Жасы жеткен адам, сілкілеске шыдар
10 Зәңгі – ауылнай, жүз шақты үйдің билеушісі.
ма? Оның үстіне жауы жала жауып, мөрін басса, әкімдер таңбаға табынады, пәлеге ұрындырады. Қиналмай қайтсін...
Алайда батыл қыз тұңғиық қиялға шомған Қайырды үркітіп алдым ба деген оймен еркелей күліп, жұбатып жүрді. Қанша жан азабын шексе де, бірінен-бірі қол үзіп те кетісе алмады. Екеуі екі жартастың басында тұрса да, бірінен-бірі көз жазбады. Тек үміттерінің өрісі тар, құмға сіңгендей бұлдыр. Қайырдың жанын жабырқатып, еңсесін басқан зіл батпан мұңы осы еді.
Бүгін ертерек ат ерттеп, Қаби ауылына әдейі келген. Әсетпен әңгімелесіп, сергіп алмақ ойы жетелеген. Сөзден ой туған соң жаңағы байламын шыңдай түсті.
- Келесі кезек – менікі, алдын ала ескертіп қояйын, – деді сәл жымиып. – Менің үйімнен де дәм татыңыз, Әсаға!
- Айтқаның болсын, шырағым! – деп уәделесті Әсет өзі сырына қызыққан Қайырдың тілегін екі айткызбай қабылдап.
- Ал, бүгін сен біздің қонағымыз бол! – деді Мұқатай жолдасының көңілін аулаған сынаймен.
- Қашан той өтіп болғанша бұл ауылдан қусаң да кетпейміз, – деп түйіп тастады Қайырға ере келген шымыр жігіт бір сырды сездірмек ниетпен.
Мұқатай шаншыла бір қарады да, оның қылығын жуып-шайды:
- Болмыс-ау, сендей жыршы емес, ол көпшіл. Өйткені ел бар жерде – Қайыр бар. Осынау Көксеңгірдің арғы-бергі саласындағы қыз-қырқын, жігіт-желеңнің бәрі енді осы ауылға жиналады. Ағам Әсағаңның абыройы үшін елді шақырмақ еді, оған шілдехана қосылды. Жан-жаққа жар салып жатыр. Мұқатайдың күлкі ойнаған жүзіне тесіле қараған Қайыр өз қалауын тапқан жанашырына разы болып, жаны жадырады.
- Ән мен жырдың туы тігілген жерден есалаң да кетпейді!.. Әсет домбыраны біркелкі ырғақпен үзбей шертіп, үніне үңіледі.
Анда-санда құлағын бұрап-бұрап қояды. Мұнысы – жаңа тағылған ішектің созылып, шегіне жетуі үшін істеген шарасы сықылды. Қымызды сыздықтата ұрттап, сырлы шараны дастарқан шетіне орнықтырады да, домбыраны әлсін-әлсін қузайды.
Сыйлары жарасқан бұлар кеш батқанша қозғалмады. Күн- дегідей төбеге де шықпады. Болмыс қана аттарының ер-тоқымын алып, бір көгалға тұсап қайтты. Мал келген мезетте біраз сыртта жүріп, өзенге барып жуынды да, іңір үйіріле үйге қайта кірісті. Әсет жас достарымен түннің жарымына дейін әңгімелесті. Бибі бәйбіше де ерекше ықыласты.
- Мына тентегімді үйретіп кет, Әсетжан, – дейді баласын ыстық үмітпен еркелетіп. – Жақсыдан тәлім алса өмірлік сабағы болар.
- Үйретемін, жеңеше. Бұл әлі Сауыр мен Алтайдың бау- райындағы қазақ әнінің туын көкке көтереді! Талабы таудай!..
- Көп жаса, қарағым, айтқаның келсін, ылайым!..
Бибі бәйбішенің тілеуі жігіттердің де сезімін қоздырғандай, мәз... Осы байламмен Әсет жастарға бір-екі күн ән жүйесін үйретіп, ақыл-кеңес қосты. Өзінің де қаңырап бос қалғандай қуыс кеудесіне ыстық жалын тұтанды.
Тымық кеште, тұңғиық аспан астында тыныққан меймандар таңертең өрген малдың дабырынан оянып, түрегелді де, өзен жағасын шарлады. Қайыр мен Болмыс әлденеге елтігендей Әсеттің қасынан бір елі қалмады. Мұқатай үй жақта мал жайғап жүр. Әсетке қошамет көрсеткен жігіттер оралғанда шай да әзір екен. Шайдан кейін қуырдақ тартылып, қымыз құйылды. Жа- расты әңгімемен ұзақ отырысты.
Күн арқан бойы көтерілген мезгілде үріккен танадай танауы желпілдеген қара бала үйге алқына кірді. Мұқатайға қарап:
- Аға, сіздерді шақырып жатыр!,. – деді ентігіп.
Қызықтан құр қалатындай жүгіріп келген секілді. Осыны айтты да, жалт бұрылып, сыртқа сып берді. Кімнің шақырғаны бәріне де белгілі. Үйдегілер алдарында тұрған тостағандарын- дағы қымызды сарқа ішті де, орындарынан түрегеліп, желбегей жамылып отырған шапандарының жеңдерін киді.
Үйдегі мөлшердей емес, күн сәскеге өрлеген екен. Аспан бұлтсыз ашық. Биік шоқылардың арғы жағынан түйдектеле қайнаған аппақ бұлттардың шоғыры көрінеді. ЬІлдиға қарай созылған иір-қиыр адырлар көз ұшындағы көгілжім мұнарға ұласады да, сағымға оранып, шайқала қозғалған сияқтанады. Кеудесі шалқақ, төбесі қадау қапсағай таулардың ұңғыл- шұңғыл қойын-қойнауына көпсіген торғындай ақшулан тұман шөккен. Арқыраған өзеннің сарылы да таңертеңгі арынын бәсеңдеткендей, күрілі құмық.
Жігіттерді ілестіріп, жалғыз аяқ соқпақпен жай басып келе жатқан Әсеттің алдынан Қаби қарсы шықты. Осы өңірге алғаш қадам басқанда тап болған әнеукүнгі сауықта көрген Әлібекті қасына ерткен. Ол көз танысына кездескендей ақсия күліп сәлем берді.
- Асса-лау-ма-ғалай-кө-өм, Әсеке!
- Мал-жаныңыз аман ба?..
Әсет сол түні өзіне қиыла өтініш айтқан байсалды қара кісіні көз қиығымен шолып өтті. Әлібек жарқылдай күліп, қазақи аңқылдақ көңілмен ақтарылды.
- Құзырыңызға құштармыз, Әсеке!.. Бәсе, анада даусыңызды естігенде-ақ денем балқып, тегін кісі емес-ау деп, ішім бірдеңені сезіп еді... Ең алғырымыз Мұқатай болды. Тұлпарды тани кетіп, әй-шайға қаратпай ала жөнелді. Содан бері тамсанып жүрміз. Сіздін осы ауылда жатқаныңызды естігем. Әдейі сәлемдесе келгелі жатқанымда, Қабекеңнің шақыртқан хабарына мұндай қуанбаспын. Қабеке, бала-шағаңыздың қызығын көріңіз! Тойыңызға Әсеттей тарланның араласуы үлкен абырой!.. Нағыз ақынның дидарын көріп, менің де арманым орындалды, абыройыңыз артсын Әсеке!..
- Ниетіңізге рақмет, ағайын!
- Әлібек, орта жолда бөгемей, мейманды үйге кіргіз, жігіт ағасысың ғой, – деді Қаби бұл тұрысқа ыңғайсызданып.
- Қане, Әсеке, бері жүріңіз... – деп Әлібек ілгері адымдады да, Әсетті жап-жасыл дөңгелек сазға тігілген үлкен ақ отауға бастады. Басқалары соңынан ілесті.
Арғы шетке орнатылған мама ағаш пен оңашаға әдейілеп керілген кермеге сымбатты аттар да тізіліп қалыпты. Күмістел- ген жүген-құйысқан, тізбекті өмілдірік, ер-тұрмандары күнге шағылысып, жалт-жұлт етеді. Ат көрпелерді басқан жалпақ пыстан тартпалар да сәнді. Кейбір аттардың сауырына өрнектеп тоқылған шашақты кежім жабылған. Үй-үйдің ығына шоғырланған қыз-келіншек жайқалған қызыл-сары, көк ала гүл секілді. Әлденеге құштарланғандай үйге таяған кісілерге жалтаңдай қарасады. Ақ қалпақ, сусар бөрік, шолақ жең пешпет, жұқа шекпен киген жігіттер есік маңында тосып тұр. Екіден- үштен қатарласа аяңдаған атты кісілер тұс-тұстан ағылып кеп түседі де, топ-топқа қосылады.
Оңаша тігілген үйдің алдына жеткенде Мұқатай мен Қайыр ілгері озып, үлкендерге ілтипат көрсетіп, Әсетке жол нұсқады.
- Әсетжан, оң аяғыңмен атташы табалдырықтан, ырым бол- сын! – деп өтінді Қаби.
Әсет бұл тілекті орындады да, артындағылардың қолқа- лауымен төрден орын алды. Жүк жоқ, жасау аз. Бірақ есікке дейін қалың кілем, текемет, киіз, алаша төселген. Төрдегі қызыл кілемнің үстіне ұзыншақ жіңішке көрпешелер салынған. Іргеде бес-алты жастық жатыр. Керегенің басына айналдыра шоқ-шоқ
қызыл гүлді жібек мата тартылған. Жел өтіне қарсы қапталдағы туырлықтың етегі түрілген. Шаңырақ жартылай ашық. Төбеге шыққан күннің сәулесін жабулы шеті көлегейлеген. Үйдің іші салқын. Тапталмаған жас шөптің хош иісі аңқиды.
Қаби мен Әлібек орталарына ала Әсеттің екі жағына жай- ғасты. Олардаң кейін жасы үлкендеу екі-үш кісі екіге жарылып барып орын алды.
- Сен де мұнда кел, – деп Әсет түрегеп тұрған Қайырды өзіне жақын отыруға шақырды. Мұқатай ала келген домбыра- сын төрге тақау оң жақтағы керегенің басына ілді де, сол тұсқа орналасқан Қайырдың қасына малдас құрды. Сымбаттары ұқсас. Егіз қозыдай жараса кетті. Ерекше бір жылылық тарайды.
- Міне, Әсетжан, іздеген еліңмен жүздесуіңнің басы осы! – деп, Қаби көңілдене күлімдеді. Осы ыңғайды тосқан Әлібек бұл ықыласты әрі жалғады. Сырттағыларға жөн сілтеді.
- Бұл үйге талапты, өнерге әуес жастарды ғана жіберіңдер!..
Басқалар сырттан да тыңдар, топырлата бермеңдер!
- Ән мен өлең естуге құштарларға тыйым салынбайды, Әлеке! – деп күлді Әсет.
- Тыйым емес, Әсеке, бедел таңдаған. Талапкерлерге орын тисін! Сізден солар өнеге алсын. Құр топырдан не пайда. Қолымызға күнде түсе бересіз бе?! Осындай мөрті келіп тұрғанда, ынталы балалар шетке қағылып қалмасын да...
- Ол жағын өздеріңіз біліңіздер, әйтеуір, ешкім өкпелемесін.
- Біздің жас кезімізде мұндай оқиға болған жоқ. Сондықтан тұйықтан шыға алмадық, өрісіміз тарлау. Ал сіздің келуіңіздің өзі бұларды Құдайдың жарылқағанымен бірдей. Көп дабырдан гөрі алдымен аз топтың көкірегіне құйып қалайық. Артынан солар арқылы бұны ел тыңдай жатар...
- Осыған тоқталық, Әсетжан, – деп шешті Қаби. – Жәй тыңдаушылардың отыруына басқа үйлер де жетеді. Қайтадан осындай күн бола ма, жоқ па, балаларымыз тәлім алсын өзіңнен!
- Мен көндім, жұрт көнсе, – деп Әсет жастыққа шынтақ басты. Жөн-ау бұлары да. Талапты жастарын жебеген ағаларының ниеті қандай жақсы!.. Қалыптасқан дәстүрі болса – игілік екен. Ақылды ағаларының ізгі үміті жебейді.
Лездің арасында үйге сыйлы кісілер, бозбалалар мен қыз- келіншек лықа толды. Төрге көлденеңінен ұзын дастархан жа- йылды. Соның екі ұшынан жалғастырып, тағы да екі дастархан жоғарыдан босағаға қарай созылды. Қайыр мен Мұқатай ортадағы
ашық қалған бос орынға барды да, Әсеттің қарсы алдына жайғасты. Қонақтарды ыңғайлы орналастырып жүрген әзілқой, шымыр денелі сіріңке қара жігіт бұлардың қасына бес-алты жігітпен қоса бөртпе салы салған үш-төрт келіншекті және тақияларының үкілері бұлғаңдаған, тоқпақтай бұрымдары тобығын соққан бір топ қызды шығарып, аралас-құралас отырғызды.
- Осы жөн емес пе, ұрысқан адамша томсарыспай, ойнап- күліңдер! – деп, бұл қылығына ақталып та қояды. Оған дем беріп, демегісі келгендей:
- Соның дұрыс, Болмысжан, тең-теңімен... – деп кесімін та- нытты Қаби.
Дастарханға шақпақ қант, мәмпәси араластырылған астау- астау бауырсақ төгілді. Үлкен сабадан қотарылған тұлып-тұлып кымыз босаға жақтағы кереге кездеріне тікесінен байланған. Сол тұлыптан ернеулері күмістелген сырлы тегенелерге құйылып, әр тұсқа қойылды. Қолдарына жеңіл ожау ұстаған самдағай жігіттер бір-бір тегенені иемденіп, қымызды құлаштай сапырады. Хош иісі үйді керней аңқиды. Үлкен-кішіні еріксіз тамсандырады. Сырлы шара, дөңгелек тостаған, оймыш саптыаяқ қолдан-қолға өтіп, өз иелерін тауып жатыр. Үлкендер жағы көп тосқызбай бір-екі тостағаннан төңкеріп тастады. Жастар біріне-бірі қарайлап, онша өзеуремейді немесе жұтқанының дыбысын шығармауға тырысып, еріндерінің ұшымен ғана сыздықтата сіміріседі. Көзі күлімдеген жылтыр қара жігіт сырттан кірді де, сөзді қоздырғысы келгендей:
- Ал, меймандар, – деді бірдеңе ұқтыруға бейімделіп, – қане, енді шілдехананы бастайық!..
Күбір-сыбыр қостаған үн естілген соң:
- Болмысжан, бастамасын өзің айт!.. – деді Қаби көзі ой- нақшыған оймақ ауыз жігітке. Болмыс көп қолқалатпады, босаға жақтағы керегенің басында ілулі тұрған домбыраны алды да, даңғырлата қағып-қағып жіберді. Күмбірлеген коңыр даусы бар екен. Сарыны жүрдек елпілдеген желдірме әуенмен кішілікті, әдепті, ар-намысты дәріптеген мадақ термені сорғалата төкті. Аз ғана бөгеліс жасап еді, Әлібек:
- Енді сәби тойын өзің баста, – деген қалауын айтты. Көпшілік бас шұлғып құлақ тосты. Болмыстың әуені шілдехана жырының сарынына көшті.
– Ау, халайық, тыңдаңдар, Босқа қарап тұрмаңдар!
Қуанышқа қосылып,
Күнің бүгін думандар! Нәрестенің жолына Шашу шашып шулаңдар! Бүгін мұнда сән бөлек, Себілетін дән бөлек.
Ағын судай арқырап, Төгілетін ән бөлек Тамылжыған шапағы Балқып атқан таң бөлек. Айдай туып ақ бөбек, Шаттандырды елді ерек. Бәйшешектей құлпырған, Құтты болсын балбөбек!..
- Айтқаның келсін, айналайын – деп Қаби масайрай қоз- ғалақтап, алғысын айтты. Жұрт та дулай қостады. Жаңа басталған Болмыстың игі тілегін әрі жалғастыруын күтіп, телміре қарасты. Ол домбырасын қайта безеп, сырғыта ырғады:
Шекер ме екен, бал ма екен, Шынар ма екен, тал ма екен? Тамсандырған ел-жұртын, Қарта ма екен, жал ма екен? Үлпілдеген жібектей
Қолаң шашы бар ма екен? Арқаласа ауыр жүк, Қайыспайтын нар ма екен? Ұл ма, қыз ба нәресте, Айтатын жан бар ма екен?..
- Оу, жұртым, немерем ұл, ат ұстарым! – деді Қаби дауыстай бойын көтеріп. Тұс-тұстан ыстық ықыластар да жауды:
- Өмір жасы ұзақ болсын!
- Таудай азамат боп өссін!
Тілектер сәл саябырлаған кезде Болмыс жырын әрі жалғап әкетті де, дабыраны басты:
Айдарынан ай сүйіп, Күнге күйсін маңдайы! Жотасына май сіңіп, Құрғамасын таңдайы! Ұлы болсын елінің,
Ар-намысын сақтайтын!
Гүлі болсын жерінің, Шаң-тозаңға батпайтын. Алды болсын теңінің, Арынменен аттайтын!..
- Аузыңа бал, Болмысжан! Бәріміздің тілегімізді жеткіздің! – деді Әлібек аңқылдай қуанып. Көпшілік жырдың аяқталғанын біліп, жаутаңдай шешімін күтіп еді, ол ендігі меженің түйінін айтты. – Ал, ағайындар, нәрестеге ат қоялық. Ер балаға лайық, сымбат-сынына сай ат ойлап, таңдаңдар!
Жастар біріне-бірі мәслихаттасып, сыбырласа бастады. Көпке дейін ешкім өз пікірін жария етпеді. Бұларды ұзақ таласқа салмай- ақ Қаби тоқтамын жариялады:
- Оу, халайық, мені тыңдаңдар!.. Біздің ауылға қолымыз жет- пей жүрген ақиық келіп қонып еді, табаны жақты. Іле келінім босанып, ұл тапты! Бұл да жақсылықтың нышаны! Ақиығым – жалпақ қазақтың алақанына салып әлпештеген әншісі Әсет. Менің қалауымды қабыл етсеңдер, нәрестеге осы Әсеттің атын бермек ойым бар!..
- Болсын!.. Әсеттің дарыны дарысын, әумин! – деді Әлібек алақанын жайып. Үлкен-кіші түгел қолдарын жоғары көтерді. Үлкендер бата жасады. Әлібек есік жаққа бұрылды. – Қане, осы атты нәрестенің өзіне естіртейік. Алып келіп, атасының алдына салыңдар!
Аздан кейін сауырлары ту сиырдың жонындай былқылдаған, оқ жыландай сусыған екі келіншек құндақтағы нәрестені көтеріп кірді. Қаби тізерледі де, екі қолын қатарластыра жайды. Ақ орамалға оралған бөбекті қызыл шырайлы келіншек аялай апарып, алақанына салды. Даусы қалтыраңқырап:
- О, бөбегім, естисің бе, ұғып ал, сенің атың – Әсет!.. Әсет!.. Әсет!.. – деп үш дүркін шақырды. Үйдегілердің бәрі бұл есімді іштей қайталады. Ауыл-ауылдағы әуесқойлар «атын кім қойды?» деп сұраса, айтулары керек. Қаби өзінің бөбекті қайтарып беруін тосып тұрған келіншекке ұсынды да, орнынан түрегелді. Керегенің басында ілулі тұрған жеңіл қара мауыты шекпенді алып, Әсеттің иығына жапты. – Әсетжан, мынау балғын Әсетіңнің кигізгені! Ал өзі ержеткен соң, астыңа атыңды мінгізеді! Құдай соған жеткізсін!.,
- Рақмет, Қабеке! Әсетімнің абыройы арта берсін, ылайым! – деп ақ батасын берді. Көңілдері тоғайған жұрт тыныштала беріп еді, Әлібектің жайдары даусы естілді:
- Ал, Болмысжан, енді біздің балғын Әсетіміздің құрметі үшін өз ауылымыздың әнін шырқаңдар!..
Болмыс қоңырқай бір әуенді созыңқырап барып тоқтағанда, Мұқатай іліп әкетті. Оған Қайыр қосылды. Сылқым, назды, ерке әуенге таза дауыстардың үйлескені сонша, бір ауыздан шыққан үн секілді. Желкілдеген жеңіл ырғақты өрім шыбықтай бұралтып, тамылжыта сорғалатты. Бірте-бірте арынын тежеп, үндерін бәсеңдетті де, өздеріне аса ынтызарлықпен еркелей назданып, бота көзі жаудырай қараған, ақшыл жүзі алаулай албыраған қызға үкілі домбыраны көлденең тартты. Болмыс та әзілдей демеді.
- Қане, Қамилаш, көптен бері естімей, даусыңды сағынып қалдық!.. Іркілме!
Домбыраны амалсыз қолына алған қыз өзін мақтағанға қы- сылғаны ма, екі беті нарттай қызарып, қымсына берді. Тостағандай тана көзі нұрланып, төр жаққа имене ізетпен төңкерілді. Әдеп сақтап, үлкендерден рұқсат сұраған түрі еді. Соны аңғарған Әсет:
- Қысылма, қарағым!.. Топ бастаған қоңыр қаздай самғашы әуелетіп, – деді ықыласты құштарлықпен.
Қамила домбыраның үнін қоңыржай, сарыны майда ырғаққа келтіріп, бір қайырды. Қызыл мақпал тақиясының төбесіне қадалта қадаған қозалы үкісі ән тербелісінің толқынына қосыла шайқалады. Жаудыр көзі ұшқындап, қасындағы алма бетті тобылғы торы, ақ жібек салысы сусыған уыздай үлбіреген келіншекті шынтағымен түртті де, әнді сызылта шырқады. Даусы сыңғырлаған келіншек те іркілмей қосылды. Қос дауыс жұптасып, бүкпесіз әуеледі:
Аппақ шыңы ай сүйген, ей, асқар Алтай, Арайлы күн алтын нұр шашқан, Алтай!
Ағажай,
Алтайдай жер қайда-ай?! Анам болып әлдилеп, ей, күндіз-түні, Бесігімдей тербеттің жастан, Алтай!
Ағажай,
Алтайдай жер қайда-ай?!
Қыздың балбыраған ақ маңдайынан маржандай тер түйір- шіктері өріп шыға келді. Бота көзі шоқтай жайнап, екі бетінің ұшына қызғылт қан үйірілді. Үлпілдеген мамықтай тамағының асты бүлкілдеп, айлы түннің ақ сәулесіндей дірілдейді. Даусы тұнық жез қоңыраудай сыңғырлайды. Шалқи тербелген биязы әуеннің лебі самалдай желпиді. Көк жүзінде қалықтап, шудадай
шұбатылған ақша бұлттай қалқиды. Жүрегіне түйген сырын да, мұңын да осы сарынмен ақтарды. Өзі де қалқып алған. Қамила- ның бұл сәтте соншама егіле шырқауына Қайыр да қайран... Жаны езілді. Бейне алысқа ұзатылып бара жатқан қыздай аңырап, елімен, жерімен қоштасқаны сықылды. Қайырдың жүрегі шанышқылап, тұз сепкендей ашыды. Көкейін күдік кернеді. Сондай қайғылы күн жақындап қалды ма? Әлде аруақты ағаның алдында артықшылығын асырғысы келгені ме?..
Әсет ынтамен құлақ түріп, ындынын сала тыңдады. Әннің айырықша мәнеріне, ерекше тербеліс сазына ден қойды: Өзінің үніне, жастық сезіміне лайық жарасымды әнді таңдап айтқаны қандай келіседі!.. Алтай жерінің қасиетін мадақтау арқылы жүрегінің сезімін де шертеді. Ағыл-тегіл төгіліп, тасқындай сарқырап ақпаса да, қалқыған тербелесімен-ақ ойыңды бау- райды. Ән – адам жанының қылын шертіп, жүрегін желпитін төгілме сарын. Санасына сіңіп, халықты да ұйытады. Ән әуенінің желісінен ой-қиялы, мінез-құлықы да байқалады. Ақ жүректің, таза сезімнің үні. Момындық, аңқаулык, сенгіштік, сезгірлік, құштарлык, құмарлық, сүйіспеншілік – қазақтың бойына сіңіп, қалыптасқан қасиеті. Біздің әндеріміздің қандай сарындағысы- нан болса да, осы сипаттардың табы ашық аңғарылады. Қуаны- шымыз да, қайғымыз да, мұңымыз да, естілігіміз бен есерлігіміз де сол әндердің сарындарымен аралас. Адам мен әннің үйлесімін екіге бөліп, ажыратып ала алмайсың. Гүл өскен жерге тікен де өспей ме? Сол тәрізді бір ән арманның үніндей естілсе, екіншісі – күйініш зары... Бізде таудың, жердің сұлулығын аялап, артықшылығын дәріптейін әндер аздау болушы еді, бұл да қажет дүние болып шықты. Мына қыздың әні жаңа лептің бетін ашты- ау. Өзі туып-өскен Сауыры мен Алтайының аспанында қалықтай ұшқан аққуы секілді. Алтай – бұл елдің ұраны екен-ау. Кіндік қаны сіңіп, жан сезімі біте қайнасқан. Бұларды басқа бір өңірге апарып, жетім қозыдай жағып тели де алмассың. Жер – адам тіршілігінің кіндігі деген осы ма! Ата мекеннің қасиеті де соны- сымен танылмай ма? Боз ала таңның алқызыл шапағы сауырын жуған жасыл жондар – осы елдің ырысы, тынысы. Жастардың жүрегінде туған тауына арналған мақтаныш, сүйіспеншілік сезімі де шешек атқан. Бұл да біздің сарыла аңсаған ғанибетіміз!..
Дуылдаған дабырға қосылған күлкі Әсеттің қиянды шарлаған
қиялын бөлді. Қарсы алдында қатар отырған Мұқатай мен Қайыр да мәз-мәйрам. Ақ жібек көйлегінің желбірлі жеңі сусылдап, ақ
жібек орамалмен маңдайының терін сүртіп отырған Қамилаға бірі сүйсіне, бірі емірене қадалады. Қыздың албыраған ажа- рының нұры ынтық жүректі жұтынта баурап алған.
Кер маралдай керіле қозғалған Қамила аса сәнді қимылмен орнынан түрегелді. Екі самайындағы ұшын тегістеп қырыққан төрт елідей тұлымы құлағын жауып, дөңгелек бетін аша түскен. Қыпша белін үзілдіріп, кеудесіне қалыптай жабысқан әсем қазекейі ақ көйлекке еккен гүл секілді. Қыздың тосын қимылынан бір қызықты қылық күткендей таңырқай телмірген жұрт аңырып қалған.
- Әсаға, мына ел біздің ари-айдайымызды күнде естіп жүр, құштар да емес, – деді Қамила үні қалтыраса да, ойын батыл жеткізіп. – Аңсағанымыз, арманымыз – сіздің әніңіз, әлемді дүрілдеткен даусыңыз! Сондықтан мына домбыраны беталды қыдырта бермей, өз иесіне ұсынуға рұқсат етіңіз!..
- О, бәлі, тауып кетті!.. – деп жайраңдады үлкен-кіші. Қайыр мен Мұқатай ығыса шалқайды да, Қамиланың ілгері жылжып, Әсетке жақындауына жол ашты. Қамила имене аттап, ізетпен еңкейді де, домбыраны көлденең тартты.
- Көп жаса, қарағым! – деп Әсет қолын созды. Өрім талдай майысқан Қамила домбыра Әсеттің қолына көшкеннен кейін бойын кербез тіктеп, орнына қайтты, Ойланған ақынды Қаби қайрады.
- Жүрегі пәк бала ғой, ақ тілеуін қабыл ал!..
- Мұратыңа жет, қарағым, қабылдайын тілеуіңді! – деді жүрегі елжіреген Әсет тебірене толқып, Қолы қалтырағанын өзі ғана сезді. Қатты толғаныс тақатын сапырған.
Ән мен өлең айтушылардың жағдайын білетін Қаби мен Әлібек сырғып, Әсеттің емін-еркін қимылдауының қамын жасады. Арынды ақынның сөзін асыға күткен көптің үмітін Әлібек жария етті.
- Жұртыңыз тамсанып, сіздің өлеңіңіз бен әніңізге сусап отыр, Әсеке!... Көңіліміз де, көзіміз де өзіңізде ...
Ой бесігіне бауырын басып, шабытын жұмдаған Әсет қолына домбыраны алған соң ширыға ширады. Өзіне үңіле қараған үмітті жанарларды қыдырта барлады.
- Жарайсың, Қамила!.. – деп қуана дауыстады Болмыс көп- шіліктің делебесін коздырып.
Жұрттың ықыласы шабытын тасытқан Әсет пернені құ- шырлана басты. Қос ішекті күмбірлете қаққанда өне бойы
шымырлап, сарайы кеңіп сала берді. Көкейінде сапырылысқан сағыныш толқуын басып, аз кідірді... Көптің тілек-қалауы үстем, бойы үйреніп алған Мұқатай еркелікпен өтінді.
- Әсаға, алдыңыздағы халқыңыз шөлдеп отыр!.. Сізге үміт артады.
Әсет әлі де тулаған ойын игере алмай, теңселе қозғалақтады да, нығызданып шарта малдас құрды. Қаққан қазықтай қаздиып, денесін тіктеді. Жүзі жалындап, домбыра үнін төкпе сарынға бұрды. Пернені алқымның өргі сағасына дейін сыдыртып жосылта басты да, ышқынтқан ащы айқайға басты:
Е-е, е е-ей!..
Арғынмын, атым Әсет арындаған, Арындап ән сала ма, о-оу, дарымаған? Аспанның аясында ән шалқытқан, Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған. Көмекей көк қабысын әнмен ашсам, Төгіліп меруерт-моншақ сауылдаған. Тұлпармын топтан озған, тасырқаман, Шаршы топ, қарсы өрім жоқ шабылмаған Жорғамын, жортарманмын майталмаған, Майдамын, майда желіс мамырлаған.
Жұртымның аса қызу жиынында, Бір күнге, оу, ән адыра салынбаған!..
Әннің басталуы ерекше арынмен көкке тіке шапшып, биікте сәл бөгелді де, тез құбылып, шайқалған тербеліс ырғақпен жорғалай сырғыды. Аяқ жағы лекіген желіспен сусып барып тыныстады. Ширатылған бунақтар көлдің бетін шайлаған самалдай есті. Ақынның ақтарылғанына жұрт та бас қойды. Бұл – Мұқатайдың Тарбағатай баурайынан еміс-еміс естіген әні еді. Сол жорға әнді шығарған кісінің өз аузынан тыңдау қандай ғанибет десеңші!.. Бәрі де сілтідей тынған. Әнші көптен айтпай, кеудесін кернеген өлең шумағын түйдектете төгіп, дүбірге қызған тұлпардай аты- рылды. Әуеннің сәуледей құбылған сарыны бесіктегі балаша маужыратып, ғажайып сиқырлы әлемнің құшағына енгізді. Жұрт әлдиге ұйыған сәбидей танаулары пысылдап, қозғалуға шамалары келмей сілейген. Басқа дүниені ұмытқандай елтіп қалған. Арқасы қызған ақын ойына тұнған өлеңін түйдегімен төкті де, бір қайырып тастады. Тамсанған ел есін жиып, маржанын екшеп үлгере алма- ды. Төменге сорғыған ағындай төніп, қайқаң етіп жалт бұрылған
сұңқардай арқырата қайта шырқады. Айдынды аунақшытқан дауылдай гулеген ән найзағайдай жарқылдаса, өлең түйдегі тас бұлақтай суырылып, сарқырай ақты. Әсет те ойын түйіп айтуға құлшынды. Өзінің сырын ғана күйіттеместен елді тұтас қамтуға бой ұрды.
Е-е, е, е-ей!..
Тауықпын тары терген Найман шалдан, Найман ел айы туған, о-оу, Маңдайшадан. Үйректей, қаздай қалқып жүрмін жүзіп, Көп елде, көп жұртымда Қыдыр шалған. Ертіс, Сыр, Есіл, Іле – өзендерім,
Тау өтпес алып Алтай, Тәнь-шаньнан. Ми дала, меңіреу шөлдер, күміс көлдер, Мекенім – ертеде елім ірге жайған.
Құм – қыстау, өлке – көктау, өзен – күзеу, Жайлауым – жалпақ дала, қарлы таудан. Ойда орыс, қырда қытай – қоныстасым, Аулым бар Ауғанға да ауып барған.
Жел қабыз осы ортаның зар жанымын, Толқытып тоқсан бунақ әнге салған. Асқақ ән аспанға өрлеп, асқар тербеп, Күңіренткен сардаланы күндер жалған. Ән құмар әлеуметім анталап тұр,
Сайра, тіл, оу, аңыра әнім – інжу-маржан!..
Ұшқыр әуен ақ көбік атқан тау суынша сарқырады. Тау мен тас сыбдырсыз тынып тұр. Әншінің ашық даусы биіктен-биікке секіріп, қақпақылдай жаңғырығады да, алысқа самғайды. Тау құшағын дүбірлеткен жалғыз үн. Бұған дейін мұндай ағынды өлең, айшықты ән естіп көрмеген жұрт қайран. Оның құдіретіне табынған, сұлулығына тамсанысады. Жүректерінің түкпірі шым- шым қайнайды. Рахат тыныштығына батқан. Балдай тәтті ұйқы маужыратқандай мүлгіскен.
Ыстық ықыластарын ақтаруға, қызбаланып дулай көтермелеу арқылы дем беруге де шамалары келмейді. Өздерін-өздері ұмытқандай сілейіңкі. Мең-зең күйде қалғып-мүлгіген. Жара- сымсыз даурықпа дақпыртты әнші де күткен емес. Көкейіндегі сығылысқан ойды түйіп, бір бел жазды да, қайтадан құлшынып ызғыта құлаш сермеді. Әннің келісім-ырғағын, табиғатын таныстырып, үйренушілер мен айтушыларға нұсқа көрсетіп отырғандай.
Е-е, е, е-ей!..
Ән салсаң, өзімдей сал аңыратып, Қаптаған қой-қозыдай, о-оу, жамыратып. Көктемде бүрін жарған бәйшешектей, Түйіндеп, туындатып, тамырлатып.
Тербеліп көлде жүзген жел қайықтай, Күлдіріп, күлімдетіп, жадыратып.
Жайлантып, жайнаңдатып, қоңырлатып, Орғытып, орағытып, дабылдатып.
Самалдай өрлей соққан сай-саланы. Ырғалтып, бүлкілдетіп, дамылдатып. Аққудай аспандата әнді өрлетіп, Күмістей көмекейден сауылдатып.
Қондырып қоңыр қаздай айдын көлге, Сұңқардай сыпсыңдатып,сағымдатып. Боздатып саулы інгендей, күңірентіп, Нөсердей, оу, нөпір төккен жауындатып!..
Шөлі сәл қаныңқырап, есін жия бастаған жұрт жыбырлай қозғақтап, ентелей елеңдеседі. Қатты ұйқыдан ән әуені шайқап оятқандай. Дегбірсіздене елеуреген кейбір қызба жігіттер алабұрта ширығады. Ықылас-ниеттерін білдіргісі келіп, қопақтай қозғалысып еді, сөз айтуға орай таппады. Әнші іркілісін көпке созбай, құлашын сермей жүйткіді:
Е-е, е, е-ей!..
Қазандай қарсы соққан дауылдатып, Қамыстай дауыл жыққан, о-оу, сауылдатып. Соқтырып ай астынан алтын күрек,
Көтеріп күн көзіне жалындатып. Бұрқатып, бұлғақтатып, буырқантып, Қақтырып,бұрқақтатып, қағылдатып. Жүйткітіп, сонарлатын, саяттатып, Қырандай қиқулатып, шаңқылдатып. Жүгіртіп, жүрдектетіп, жорғалатып, Аңқытып,аңқылдатып,алқымдатып. Тербетіп, тебірентіп, тамсандырып, Желпінтіп, желпіндіріп, салқындатып. Қаусырып, қағып-сілкіп, әнді төгіп, Қайырып, оу, қалтыратып, қалшылдатып!..
Ақын үлкен жарыста қара үзіп шыққан тұлпардай өршеленіп, танаулай орғыған арынын тежей алқына тыныс алды. Манадан
тығыны ағытылмай, аптығыстары алқымына тіреле тыпыршыған жастар тобы қалт серпіле желікті де, дулы сүреңге басты. Көңілдері көтеріңкі жігітттер көкпардың дүбіріне елеурегендей лепіріп, сүйсіністері мен ықылас-пейілдерін жаудырды.
- Айтсаң, осылай айт! Қырандай самғадыңыз-ау, ағатай! – деп, қуана дауыстады Болмыс. Әлібек те:
- Жаным жаңа жай тапты-ау, шіркін!.. – дейді ерекше ша- быттана.
- Саңлақ дарынның орны бөлек болады екен-ау! – деп таңданды Қайыр.
Іргенің туырлығы түгел түрілген. Керегенің көзінен, босаға саңлауынан сығалаған әйелдер мен балалар да мәре-сәре. Шиыршық атқан Мұқатай танауы желбіреп, үріккен тана- дай одыраңдайды, қуанған баладай абдырай сөз бастағанда, дуылдаған жұрт тына қалып, өз ықыластарын той бастап жүрген жігіттің ойына бағындырды.
- Хұзырыңызға құлдық, Әсаға!.. – деді ол аптыға, асыға сөйлеп. – Аңсағанымыз осы еді. Дарқан дарыныңызға бас иеміз! Арманымызбен қауышып, ақыл нұрына бөлендік!..
- Абыройың арта берсін, Әсетжан!.. – деп елжірей тебіренді Қаби. Бұл тілекті Әлібек әрі жалғады:
- Самға, қыраным! Жанымыз жалындады!
Осы ықылас-тілектердің бәрі демнің арасында, сәл ғана ты- ныс мезгілінде айтылды.
Әсеттің күн қақтап, жел қаққан қоңырқай қатқыл жүзі жұм- сарып, балбырай жіпсіген. Қабағы ашылып, бетіне қызғылт қан жүгірген. Ақ жейдесінің тамағындағы түймесін ағытып, омырауының қақпағын ашып тастаған. Тамыр-тамырын ыстық леп аралап, суарылған балаусадай шайқалады. Түймедей танауы желбіреп, иегі болымсыз қалтырайды. Жанары жаудыраған. Буырқана толғанып, ой-мүддесін сарқа айтуға анталаған. Бой- ын желік билеп, иығынан басқан тауқымет тауы төңкеріліп түскендей өңіне арайлы рай енген. Жүрегі өршелене соққан сайын екпіні де үдеді. Саусақтары домбыра пернесінің үстінде тынымсыз жорғалайды. Ойына түйгенін жүйелеп жариялауға бар ынтасын салды. Сапырып-сапырып құйып, алдына қойған сырлы тостағандағы қымызды шөліркей бір сімірді де, еңсесін көтеріп, ындыны ауған құмарлықпен домбыра шанағына қайта үңілді. Салып отырған әнінің ырғағын үзбей желдірте бір сы- дыртып өтті. Аздан кейін арқаланған арынмен шырқады. Өлең
желісі үзілмей, әрі созылды. Денесі қызған сайын құлашын жая, бәйге атындай екпіні үдеді.
– Е-е, е-ей!..
Ән салсаң, ерінбей сал әсемдетіп, Қоздырып делебені, о-оу, дәсерлетіп. Шырқатып, шығандатып, шарықтатып, Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп. Талдырып, талықсытып, тамылжытып, Жүйткітіп, жүгіндіріп, көсемдетіп.
Орғытып, ортекедей ойнақтатып, Таңдантып, табындырып, шешендетіп. Самғатып, саңқылдатып, сар желдіріп, Өргізіп, өршелентіп, бәсеңдетіп.
Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап, Қырық қарпып, тоқсан толғап, баса өрлетіп.
Қарқынды ән қан қайнатып, жүрек жылытып, Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп.
Сүйріктей суырылтам ән сұлуын, Тілім – бал, сілекейім – шекерлетіп. Сарайым – сабам, құям пісіп-пісіп, Қойдырман ән нөсерін ой кернетіп.
Сөз – жаңбыр, даусым – дауыл, әнім – ескек, Ойнақтап, оу, басылайын аз желдетіп!..
Сарқырай себелеген нөсердің бұлтындай аунақшыған әуен жебеген өлең жаңбырша сарқырады. Құйқылжыған әнге, бөгетсіз ағылған өлеңге елти кызып алған жұрт та еркін лепірді.
- Ой, пәле, міне, шын сөз!
- Шыны да сол сияқты!
- Маңдайыңнан күнің сүйіп, даусың аспандай берсін, Әсетжан! – деп кеудесі қоздана қозғалақтады Қаби. Бұл ықыласқа ерген Әлібектің сүйсінісі жүрегін жарып шықты:
- Көкейдегені дәл басқанын айтсайшы, шіркін!
- Төгеді-ақ екен, сабазың! – деп тамсанды босаға жақтағы керегенің көзінен сығалаған тағы біреу рахаттанып.
Әсет шұбырта сырғып келіп, тыныстаған заматта жұрт та қошамет-құрметін білдіріп, дуылдаса өрекпиді. Бірақ әнші масай- рап, бөгелген жоқ, бәз қалпында. Тыныс сәтінде домбырасының ызыңдаған үнін аздап тыңдап алады да, басын қақшита тіке ұстап, лепірген арынмен ентелеп, алысқа ұмтылады. Көп кедергіні ұнатпайтынын байқаған жұрт тына қалысты. Өлең әрі сусыды:
– Е-е, е-ей!..
Әнге сал, жан мейірі қанғандай қып, Жарқырап баста бағы, о-оу, жанғандай қып. Әуенін жүрегіне балдай сіңіп,
Үйреніп жастар ғибрат алғандай қып, Ұшырып көкейінен әннің құсын, – Шырқатын ертелі-кеш салғандай қып. _ Тәтті әннің арасына жақсы сөзді, Тоқысаң меруерт пен маржандай қып. Сөйлеген грамафон табағымдай,
Мирас боп бозбалаға қалғандай қып. Бір сағат сандуғаштай сайрап берсең, Құлаққа қайта естілу армандай қып. Шықпай ма құмарынан шөліркеген,
Биесін, оу, көк жайлауда сауғандай қып?!
Арман-тілегі ән ырғағына өрілген. Жүректі жылытып, жанды тербейді. Жақсылық атаулыны халқына тілейді. Өзінің асылын шашу қып шашып, соған ие болуды тапсырады. Өрен жүйріктің дүбірі, құлақ құрышын қандырған үні тыңдаушылардың ой-сезімін баурап алды. Талапты жанға міндет жүктеп, талап қойған ақылды сөз жүрекке шық-шық тиеді. Көптің көзі ақынға емірене қадалса, көп ерін құмарлана тамсанысады. Адам кеудесіне де небір құдірет сыя береді екен-ау. Саналы жүрек тозбайды, ой қозғайды.
Сазбай соқса, халқыңа қуаныш қана сыйлайтын сықылды. Көріктей гулеген көмей, мың бұралған ырғақ, бунақты дыбыс, ақпа өлең толассыз сусып, адам сезімін аймалайды. Биязы қоңыр сарын әр жүректі сипалайды. Арманға елтіген үмітшіл жанарлар бірін-бірі жасырын іздеп тауып, түйісіп қалады да сырларын іштей ұғысып, жайраңдай күліседі. Бірінен-бірі ізгілік, жақсылық қана күтіседі. Ақын өлеңі сол балғын сезімдерді жебеп, мәпелей тербейді. Сондай үнсіз қабақпен ұғынысып, бірін-бірі аялап отырған Қайыр мен Қамиланы көзі шалған ақынның ойы бұрқанып, ақ ниеттен өрбіген жалынды сезім ілгері жетеледі. Өлі денеге жан бітіретіндей серпіліспен шабыты көкке көтеріп ала жөнелді. Апатқа тап болса, жайнаған қызыл гүл де солады-ау мезгіліне жетпей. Дәл қазір мына қыз не тілейді екен? Мұратының ақыры немен тынатынына көзі жете ме? Сене ме соған? Жігіт ше? Көз сүзгеніне қол созса, қарсы келген кедергілерді қайырып тастай ала ма? Сырларын сырт көзден жасыруы әдептілік. Бірақ біздің жастарымыздың үміті жалт етіп, тез сөнетін найзағай жарқылы
секілді. Қазір ойларына ештеңе алмайды, әнге елтіген. Сол сезім ғана бар медет тұтары. Шырқайын, көңілдері көншісін!..
Ақынның өзі де көптен ішқұста боп, кеудесі мұңға толған. Кемеріне сыймай, ішке тұнған ән мен өлең бұлқына тулаушы еді. Енді айырықша арнамен ақты. Тасқа құлап, жарасы айыққан соң, жарық дүниенің өріне қайта қанат қаққан сұңқардай ұшқыр әуен аспан аясына самғады. Шексіз кеңістік шалқытқандай. Әсет дағдарған санасын осы серпінмен тыныстатты. Барған сайын денесі жеңілденді. Кеудесі кеңіп, еркін тыныс алды. Еңсесін басқан зіл салмақ төңкеріліп, арқасы босап қалды. Жаңа дүниенің құшағына енді. Қыбыр-сыбырға көңіл де бөлмеді. Дуға қызып тұраламай, алқынбай шапты. Мерейі өсіп, төбесі биіктей түсті. Әнін бәсеңдетпей, өлеңін әрі жалғады.
Е-е, е, е-ей!..
Ән салсаң, аянбай сал арындатып,
Өзегін тыңдаушының, о-оу, жалындатып. Жаңғыртып, ағын судай гүрілдетіп, Орман, сай, тау, өзенді жамыратып.
Көтерсем әннің туын, маңайым той, Қойдырман көңілімді қаңыратып, Әніме әлеуметім анталап тұр,
Мен жүрмін ортасында бағып артып. Төгемін сарқыратып ән нөсерін, Жүректі жай күніндей жарқыратып. Ағызып, арқыратып тасқын-селдей, Көзіндей армандының жаудыратып. Арынды ән арманымның періштесі, Ақтардым түгел сарқып, саудыратып. Мерейің үстем болсын үлкен-кіші, Әнімді, оу, айтып бердім аңыратып!..
Ойын түйіндеген ақынның өзі де масайрады бір іс тындырған кісіше. Сарынды бұзбай, одан әрі ән ырғағының аяғын жортақтата лекітіп, жорғалата шайқалтты да, иірімдей шырайналған қайырма сарынын құбылта сарнатты. Бұнысы манадан сорғалаған әуенінің тыныс алар алдындағы жайлы орын іздеген тыпыршуы секілді.
Әри-дәри, әри-дәри, дәри-дай, Әри-дәри, дәри, дәри-дем, Хау-лила, ли-лау,
Хали-ләли, лә-ли-лау,
Хали-ләли, лә-ли-лау, Хали-ләли, лә-ли-лау, Әри-дәри, дәри-дай, Әри-дәри, дәри-дай, Әри-дәри, дәри, дем!..
Айқын мағыналы сөзі болмағанымен, ойнақ салған үннің өзі сөйлегендей, жүрекпен тіл табысқандай, сақ-сақ күледі. Ырғағы көмейден былқылдай төгілгенде әншіліктің сырбаз қырын, өрлігін, құдіретін танытқандай еді. Еркелей, сылаңдай тербел- ген қайырманы аунақшыта ширатып келіп тоқтады да, әннің де, өлеңнің де аяқталғанын сездірді. Домбыраның үнін шалқыта қайырып тастап, үздіккен ынтамен үзілте тоқтады. Ел ду етіп өрттей қаулап еді, Әлібектің даусы басып, тыныштандырды.
- О, бәрекелді!.. Көксегеніміз осы еді, мейірімізді қандыр- дыңыз-ау бір... – деп тамсанып, рахаттана ырғалды. Көзі жайнап, өңі нұрланған Қаби да тебірене күлді.
- Әсетжан, мына сөздерің кәрілердің көңіліне сағыныш ұялатса, жастарға үлкен ғибрат болды!..
- Солардың ұққаны керек қой бізге...
- Ұқтық, Әсаға!.. Енді біз де басқаша сайраймыз! – деп жайраңдады Мұқатай елеуреп. Әлібек өңі албыраған жігітке сүйсіне қарады қуанышпен.
- Біз саған сенеміз, Мұқаш!..
Ән сарыны желпіндірген қызбалық кезінде айтып қалмаған соң, жастардың көкейлеріне ұялаған көп-көп жылы сөздері мына жайбарақаттықта қожырап кеткен. Ниеттерін қысқа-қысқа қайырғаннан әрі аса алмады. Жаның балқыған мезетте оралған ойлар тебіреніс қалпын ұзақ сақтай алмайды екен-ау... Айтқандай әлі жетпей жатқандай бәрі де қынжылысады.
- Әсаға, өсиетіңізді де, ғибратыңызды да ұқтық, – деді Қайыр байсалды түрмен. – Осынау ұлы таулар мен жалпақ дала сіздей перзентін өмір бойы мақтан етеді!..
- Құр мақтаннан не пайда! Мен санама жинағанымды орталарыңа салдым, – деді Әсет ойын нығыздай салмақтап, жас- желеңді босқа желіктіргісі келмеген раймен. – Көкейлеріңе қонса тәлім аларсыңдар. Сонда менің де мақсатыма жеткенім!..
- Көргеніміз сіздей кісілер болса, көсегеміздің көгергені емес
пе!
- Мына сөзіңіз тап осы арада туды ма, Әсаға?.. – деп, Мұқатай
тамсана сұрады. Тыныстай желпінген Әсеттің жұрт жиналған
жерде маңдайы тершіген сайын өтімді сөзді төгіп салатын әдеті. Сол ыңғайдың емеуірінін білдірді.
- Ел-жұртымның қалауын айттым!..
Неге екені белгісіз, Әсет мұңая ойланды. Жаңағы айтқан өлеңін сараптады. Бұл жолы аздаған жаңа сөз қостым. Рас, бұл сөздің бастауын алғаш сонау бір жылдары, жастау кезімде, Қызылағаш өңірін күздеп отырған Маман ауылындағы осындай бір үлкен жиында өзімді көпшілікке таныстыру үшін айтып ем. Жұрт қызу қолдап, көтеріп әкеткен, араларына сіңдім де кеттім. Одан кейін бұл ойға қайта орала қоймап едім. Елге танылдым, өрісім кеңіді. Ол шеті мен бұл шетін шарлап, біте қайнасып кеттім. Ал шалғайдағы мына елдің ән мен өлең сұранысы сол сорапты қайта жаңғыртты. Өйткені алдымен өзімді таныстыруым керек қой. Сол мақсатпен осылай бастадым. Бірақ ескі сарындағы оймен ғана шектелгем жоқ. Жаңа ой жебеді. Халықтың санасын тербейтін сөз қостым. Ел жүрегін балқытатын ән мен өлеңнің қасиетін аялап, орнын нықтадым. Өлеңді қазақ баласы жанымен түсінеді. Анасы өлеңмен әлдилеп, бесігін өлеңмен тербетеді. Дала сарыны, тау жаңғырығы өлең боп сезіледі. Солардың көркінен қуаныш табатыны содан шығар. Майлы-Жайырдың бергі бетіне өткеннен бері қаншама сырға қандым. Еліге берсең – ештеңе сезбейді екенсің. Мұндағы елдің күй-жайына үңіліп едім, қайғы-қасіретін таныдым. Өзімнің де әлі күнге білмейтінім тіпті көп боп шықты. Енді көзім ашылған сықылды. Түйген ойларымды осы жолы өлеңіме сіңіріп, сырымды ақтардым. Бұл да бір болжамды істің өріс сыңайы. Ел ықыласы жабыққан жанымды емдеп, шабытымды қозғады. Ой-арман өлең боп шұбырды... Жоқ, ескі сарынмен емес, түлеген серпінмен құлашымды жаза сілтедім. Демек, бұл ел ниетінің мені жебегені!.. Мына Қайырдың ойы да аңғарлы. Жастарымыздың жақсылыққа құштарлығы бізді, алдындағы ағаларын арқа тұтады, өнегелері санайды. Ізімізден ізгілік іздейді. Соны қалдыра алдық па?.. Көп нәрсеге көңілдері көншімейтін тәрізді. Ескі сүрлеуден мезі болған ба? Жаңалық күтеді. Аз күн болса да, шамамның келгенінше
қимылдап бағайын...
Осы сарынмен алысқа үңіліп, абыр-дабырды мүлде сезбей, терең қиялға батқан. Көзі алысқа қадалып жаудыраған.
- Әсаға, далаға шығып, біраз самалдаңыз... – деген Мұқатайдың өтініші ойдан сергітті. Үйдегілердің алды сыртқа беттеген. Қаби мен Әлібек те тосып отырғандай Әсетке ілесіп түрегелді. Қыз- келіншектер іргеге қарай ығысып, үлкен кісілерге жол берді.
Күн таудан асып барады. Кешкі салқынның қоңыр лебі айма- лады. Бусанып, ыстықтан булыққан дене жадырады.
Бұл күнгі думан түн ортасы ауа тарқады... Кермеде ширығып тұрған аттарына мінген үлкен-кіші, жас-желең дабырасыз та- рап барады. Көкейлеріне құйылған ләззәтті шайқап, бос сөзбен лайлағысы келмегендей сыңайда.
Биік таудың түкпірінен бері көтеріліп, туып келе жатқан айдың жүзі табақтай дөп-дөңгелек. Шарасының бетінен шашыраған ақ сәулесі сүттей жарық. Бозғылт аспандағы жұлдыздар да тарыдай шашыраған. Қалғығандай дөңкиген жон-жота манаурай шайқалып тұрған секілді. Түн желсіз.
Еңсесін басқан ауыр ойдан арылғандай Әсет те қуанышпен ширап, серги бастаған.
Бұл түні тәтті ұйқының құшағына еніп, алаңсыз тынықты.