03.01.2022
  250


Автор: Құрманбай Толыбаев

ЖОЛАУШЫ

Кей-кейде адам өзіне өзі кіжінеді екен. Топ жарған басының допша домалағаны Әсеттің де зығырын қайнатты. Бір ой жанын қажайды, бір ой түртпектеп, сезімін оятады. Сарылтқан ұзақ жолдың азабы жанына батса да, сансыратып, қажырын қайыра алмады. «Адымда, Әсет, адымда!..» – деп, ілгері жетелей берді. Сергек ой аялай еркелетеді. Тұяғың сүрінсе тоңқалаң асып, қылжия кететіндей не күн туды басыңа?.. Нені аңсап қоңқылдайсың?..


Ара-тұра Әсет өзінің аласапыран көңіл күйіне бағып, қинала қамығады. О, жалған... Бала-шағам не халде екен? Мына қалпыммен жұттан қалған кәрі құлжадай қалқиып жетіп барсам, тозғындаған түрімнен шошымай ма?.. Тірі жанмын ғой, тырба- нып бағайын. «Үй күшік бала батыр болмас» демекші, бұйыға бүріскенде ұшпаққа шықпаспын. Әлде жалған намыстың құлы боп жүрмін бе?..


Тағы да сергек ой санасын сипалады. Алдында – елің. Ел іші – алтын кеніш. Жалғыз шыбындай шыжылдап қайда ұшасың? Жетім тайдай сырғақтап, топтан сырттама. Қалың дүбірді естісең, делебең қозбаушы ма еді?.. Өзіңді өзің жеме, қайта жебе!..


Басына мұндай күн түседі деген үш ұйықтаса түсіне кіріп пе еді... Өмірдің ағысын байыппен болжай алмағаны ғой. Пат- шасы соқыр бұл елде бір көзін қысып жүруі керек екен. Бетіне бажырая қараған ешкім болмаған соң, жайыла шалқыды. Әй, аңқаулық-ай, арандайтын оппаны аңдамапты. Өр кеудесін тік ұстап, орғып жүргенде орға құлапты. Айласыздығына ғана өкінеді. Аңғырттық аяғына түсау салды. Елдің қошамет-қол- пашының сүреңіне елеуреп, тереңде қайнаған қасірет-сордың қайдан шығатынын көрмепті. Залымдықтың қара тіреуі өзі кіріп-шыққан қара қақпаның ішінде екен. Соны мойнына тұзақ түекенде білді. Бұған дейін ештеңені сезбеген сана өрісінің салғырттығына қынжылады. Бұрқанған уытты ыза өне бойын кернеп, жалындай шарпып өткенде: «Қайран елім-ай!..» – деп, көкірегі қарс айырыла қатты күрсінді. Ендігі түйсігі де басқаша. Еліне беретін сыйын тереңнен толғап, бекемдей түйіндейді. Аңқасы кеуіп аңсайтыны – ел құшағы, думанды орта. Айтары көп сияқты соларға. Бірақ қыран құсынан айырылып қалған аңшыдай көңілі жабырқау. Қызықты күндері көз жаздырып, алыстап көрінбей кеткен соң, қинала күйінеді. Елдің «өмір – теңіз шалқыған, адам – қайық қалқыған» деген сілтемесі осы


 


шығар. Жел айдаған қаңбақтай қаңғалақтаған күйге түскенім бе?.. Мынау тақым толмас құнанды мініп жүріп тайраңдасам, көрген жұрт күлмей ме әулекіге санап?..


Қотанашы мен Қожыртай тауының қыр-қырқасын, Қырықо- шақ сайын аралай ілбіп келе жатып шексіз қиял қиянын кешкен Әсетті сабырлы ой көбірек жүгіндіреді... Көк жасыл Сауырдың құшағынан ескен самал сыбырлайды... Ел шетіне ілінсең – пейішке кіргенің емес пе?! Даусың дабылдайды әлі, үнің біткен жоқ. Кеудең күмбірлеп тұр. Арқыраған әніңді, дүрілдеген даусыңды естісе, қай қазақ қайырылмай өтеді?.. Тау елі өре түрегелмей ме? Сонша жер болатындай неге қорланасың осы!.. Әсет сергек ойына кері сауал қояды: мына қалпымда күлкіге қалып жүрмес пе екем?..


Табақсай асуына ілінгенше ойлы-қырлы Дүрім, Бесқоржа, Күйтің адырларын артқа тастаған Әсет үш күннен бері арғы беті ұлы тауларға ұласатын асқар Сауырдың етегіндегі ұзынды- қысқалы жыра-жылғаларды аралап келеді. Елсіз иен, тусырап тұр. Бірде екі аяғына жалынып, арық құнанын жетелесе, адымы ауырлағанда аяқылаулап қайта мінеді де, ілбіте тепеңдейді. Бет алысы – көкпен астасқан көгілдір Сауыр. Сұрап білуінше, Сауырдың солтүстік етегін жанап Қара Ертіс ағады. Азияны қақ жарып барып, Мұзды мұхитқа құятын ұлы Ертістің басы. Оның арғы бетіндегі ақ бас таулардың тізбегі – Өр Алтай. Көк мұз құрсаған шыңдардың құшағынан Қара Ертіс, Ақ Ертіс, Бала Ертіс, Құры Ертіс, Қыран аталатын үлкенді-кішілі салалары та- рамданады. Осы атауларға қызыққандай тамсана басын шайқап қойды. Бұл да туған мекеніне адам құрметінің айғағы-ау. Асқақ, әсем аттарды таңдап қойған... Сол өзендердің аңғарларымен алқаптарына, қатпар-қатпар жон-жоталарына Абақкерей елі ірге жайған. Ойы солай ентелетеді. Оған дейін Сауырдағы елге жетсе де бір түлегені...


Сауырды оңтүстік етегінен өрлеген Әсет алыстан көгіл-


дірленген Қарағайлы жайлауына жеткенше ұзақ жүрді. Жаздың айлы түндерін ақ шөпті иен далада, елсіз түзде, адырлар ара- сында жалғыз өткізді. Бұл да осы күнге дейін басына түспеген бір көлденең құбылыс. Серігі – арық бурыл құнаны. Оның пышақтай өткір тісімен балауса бетегені қыршып алып, күрт- күрт шайнауының өзі сөйлесіп тұрғандай әсер етеді. Елегізген адамға елес үйір, қыбырды мият тұтады. Түнгі аспандағы қалың жұлдыздың жымыңдаған жылтылы, күндізгі қыр-қырқадағы


 


шегірткелердің шырылы жүрегін тербейді. Күн батқан соң құ- нанының шылбырын жамбасына басып жатып, мызғып алады. Бірте-бірте бекімі күшейген. «Басқа түскен – баспақшыл» дейтін сүреңмен емес, енді қасқайып тұрып, қиындыққа мойымауға бел байлаған. Сол құлшыныспен қарайды мынау ту сиырдың жонын- дай былқылдаған жұмыр дөңдерге. Адамның көз сүзген үміті – көз ұшында жылтылдаған жарықтың сәулесі секілді. Соған жету үшін көз жазбастан тоқтамай ұмтылуың керек. Қонақтап, табан тірейтін тұғырыңды іздеп табуға тиіссің. Осы ой ғана қажыған жанын жабырқатпай, жігерін қайрады...


Бұған дейін аласа таулардың бөктеріндегі ойдым-ойдым мол сулы ойпаттарға, сай аңғарларына орналасқан егінші, жатақ жұртының қыстақтарын сағалай тақап барып түнеп жүрді. Айдаладағы моладай шошайған күреге9 оның маңындағы ығы- жығы шоғыр үйлерге бұрылмады. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» дегенді қағида қып ұстанды. Тағы бір пәлеге ұрынып қалам ба деп шошиды. Тынысы кең далада өскен қазақ қой, кей қыстақтың сұрқынан қытымыр, қысталаң тіршілігін де таныды. Сондықтан бірде-бір үйдің қақпасын қақпады. Анда-санда жайқалған көк астықты суарып, лай көміп кеткен арықты тазалап жүрген бірлі-жарым егінші кездессе, қасына аялдап, әңгімелеседі. Тіл-аузы бар адам емес пе, үндемей жүруге қашанғы төзбек. Біреумен сөйлессе – сарайы ашылып, тынысы әжептеуір кеңіп қалады. Үн-түнсіз өткізген күндерінде кеудесіне жиналған запыранды сыртқа ақтарып та тастайды. Адам бала- сына жақ ашпай жүру де ауыр дерт екен-ау. Өкшесі тілім-тілім боп жарылған диханның да ала жаздай жер шұқылағанымен, бүйірі шығып ас ішпейтінін сол жолда білді.


Ел серісі Әсет өз өміріндегі осы сапарында адам баласына тән


қайғы-қасіретпен иықтаса жақындасып, бетпе-бет кездескен еді. Санасы да сан саққа ауды. Жиі-жиі тереңге шегіп, шытырман қиялмен тебіренеді. Бұл күйімнің теңіз бетінде қалқып жүрген жаңқаға ұқсағаны ма? Ақ көбігі жентек-жентек асау толқынның лықсыта серпіген жағына қарай аунақши берем бе?..


Өре түрегелген сергек ой басқа сарынға жетелейді. Жо-оқ, ендігі қимылың басқаша болсын. Жайдақ ағысқа ыға берме. Жағалауға шығу үшін әрекет жасау – адамның парызы. Ажалды тып-тыныш, тырп етпей жатып қарсы алатын тіршілік иесі жоқ. Мықтылығың-












 
  

 


9 Күре – моңғолдардың діни мекені бар қыстағы.


 


да, қайсарлығыңда алдыңдағы кедергіні бұзып-жарып етуге ұтмылған талабыңнан көрінеді. Адам өз қасиетімен, қолынан келетін ісімен ерекшеленбей ме? Сенің артықшылығынды елге жария ететін демеушің, жаныңды көкке самғатар қанатың – әнің!.. Соның арқасында өмірдің ой-шұқырын, түні мен түнегін айырмай, төбесінен аттап өтіп, қалқып ұша берген түрің бар. Пайымдап болжағаның, башайлап көкейіңе түйгенің аз екен. Екшеп елеуге де келмейді. Түбің да таяз. Көл дегенің – көлшік емес пе? Соны болжадың ба?..


Өзіне серік боп алған сергек ойдың сыбырына Әсет еліге құлақ тосады. Жүрегінде үміт оты қозады. Ілбісе де тоқтамай жылжыды. Кешеден бері қарсы алдынан заңғар таулардың көгілдір сұлбасы көтеріле берді. Ақ тұман оранған төбесі сағымдай бұлдырайды. Өркеш-өркеш өр. Қия-қияндағы жар- тастар шалжиып жатыр. Жүрегі тулап, көңілі қобалжыды. Осы әлемді аңсағаны ма? Түйдек-түйдек бұлтпен құрсанған асқардың құзар шыңындағы ұясына қарай асыққан қыранша делебесі қозады. Алабұрта ентелейді. Соған жетуге асығып еді. Ал бүгін сай-саласын қалың орман жапқан Қарағайлының жалпақ жонының шалғынды қырқасына аяқ басқанда сарыла көксеп келе жатқаны құшақ жая қарсы алғандай өне бойы жадырады. Маңдайын тау самалы аймалап, ыстық сезімге бөледі.


Көктегі шақырайған күн құлдилап, батыстағы көк жотаның желкесіне мінді. Сол қол жағындағы ат шаптырым алқап сыңсыған бұйра тоғай. Үйір-үйір таңқурай сабағының алақандай жапырағының бетінде күміс сәуле жалтылдайды. Қалың бұта жасыл мақпалдай құлпырады. Жайпақтау төскейдің әр жерінде киіз үйдей дөп-дөңгелек, бұтағы ұйысқан қызыл қарағай. Осы өңірдің ғана еркесі секілді. Бұрын көрмеген ағашы. Қапталды тұтас жауып, кілемдей сірескен шымыр сары қарағай мен көк бұйра шырша иін тіреседі. Қою бұтақ арасынан секеңдей секірген қызғылт тиін жылтыңдайды.


Тізбектеле біріне-бірі ұласқан сұлу салалар – арғы биік таудан бері суси төгілген жібек көрпенің сырмасы секілді білеу-білеу, қатпарлана созылып жатыр. Жалпақ жонның жиегіндегі ағаш сирек. Шөбінің көбі қызыл шірік, сіресе шымданған. Өрлеген сайын көк қасқа бетеге, теңге жапырақ қоюлана түседі. Тіктеу беткейлердегі ойдым-ойдым арша күннің көзіне жайып қойған жасыл желектей жайқалады. Екі ортадағы алаңқайды кемерлей сағалап барып, тіктеу төбені қиялай өрлеген қасқа жолдың бір шеті


 


түйе жон дөңнен әрі асып, қиырға шұбалады. Самал ессе – гүлдің иісі аңқиды. ІІІөбі тапталған көш жолына түскен жалғыз жолаушы асықпады. Айналасындағы кең әлемге құштарлана көз салады. Аңғары жалпақ сай алқабындағы зәулім самырсын, күржиген қарағайлар сыңси теңселеді. Жота-жонның жақтауындағы қалың көк теректің жапырағы сатырлай желпінеді. Тектұр-тепсең, одан өргі жайпақ үстірт жалаңаш, бұтасыз. Жартасты шоқылардың алқымындағы шабдар керлерді көкшіл перде жапқан. Сай-сайға көлеңке шөге бастаған. Жердің етегіндегі кең қойнаулардың төсінен шоғыр-шоғыр киіз үйлер ағараңдайды.


Әсеттің кеудесін қуаныш сезімі кернеді. Көңілі жадырап, желпіне алағызды. Өне бойы шымырлап, алқына тыныс алады. Сусағандай тамағы жыбырлады. Мастанғандай көзінің алды бұлдырады. Ынтызарлана еміреніп, қадала қарайды. Осы әсем әлемді сағынған жүрегі лепіріп, көңіл күйі тасқындады. О, асқар тау, қайырымды ел! Осынау байтақ дүниенің құшағы сенің құтты мекенің. Манаурауын қарашы әлемнің!.. Қайран ел, ұйқың қашан ашылар екен?.. Бейғамдығың бағыңды байлап тастағанын сезесің бе? Санаң ашылар ма екен? Мына қалпың неге болса да қарсылықсыз бас иетін көнбістікке, қыңқ етіп үн шығара алмайтын мылқаулыққа ұқсайды... Дүр сілкініп, сергитін күнің туар ма екен? Жұлдызыңның жарқырай жанғанын көре алмай кететін шығармыз көбіміз... Бағымыз қашан жанар екен?..


Қамыға күрсінді. Қабағы қайтадан қарс жабылды да, ілбіген аяңмен жотаға шықты. Алыстан ағараңдаған боз үйлер мен өзі тұрған белдің аралығын көз мөлшермен шамалады. Қас қарайып, ел орынға отыра жететін шығармын. Тосқауыл болып, жүрісімді тежейтін ұңғыл-шұңғыл терең сай, шағылды жыра көрінбейді... Қай мезгілде барсаң да қазақтың қонақжай көңілі, кең құшағы ашық, жатырқамайтын салты.


Құнанын шалдықтырмау үшін біраз шалдырып алуды ұйғарды. Жолдың жиегіне бұрылды, киізден сықасқан бетегелі беткейге тоқтап, аттан түсті. Құнанының ауыздығын алып, отқа қойды. Ұзын шылбырын шұбалтып жіберіп, ұшынан ұстаған бойы сіреу шөптің үстіне шалқасынан аунай кетті. Жол жүрістің бұл тәсіліне буырыл құнан да үйреніп алған. Ұйысқан бетегеге бірден бас қойып, ернімен орай үйіріп, пышақтай өткір қасқа тісімен бырт- бырт үзеді де, ұртын бұлтита күрт-күрт шайнайды.


Кешкірді. Тау жақтан салқын самал есті. Лебі жұп-жұм- сақ. Үлпілдеген мамықтай бет-аузын сипалайды. Омырауының


 


түймелерін ағытып, құшырлана кеудесін тосты. Ернеуі қара мақпалмен көмкерілген дөңгелек ақ қалпағын басынан алып, өртеңге өскен шөптей қайратты қою шашын уқалай сипады да, қайта киді. Осы қимылымен өзі де денесін тыныстатып отырған сықылды.


Күн таудан асты. Бірте-бірте қараңғылық қоюланды. Аспан ашық. Шашыраған ұшқындай жылтылдаған жұлдыздар самсады. Іңір қараңғылығының бүйірін түрткілеп, түс-түстан шоқ-шоқ оттар жанды. Бейне көлдің бетіне түскен ай сәулесіндей діріл қағады.


Әсет асықпай орнынан тұрды. Құнанының шылбырын шумақтап, жақындатып алды да, ауыздығын салды. Лып етіп жеңіл мінді де, жолға түсіп сырғи жөнелді. Көлденең кездескен тастақ белден асып, әрі еңістеген кезде қарсы алдындағы төскейден ла- пылдай жанған үлкен от көрінді. Соған тура беттеді. Жақындаған сайын жер ошақтардағы оттардың қатары да молайды. Соның маңында сұлбалары қараңдап әйелдер жүр. Ылдидан түсіп, адам- дары қыбырлаған үйлерге төтелеп өрлегенде бір топ ит жарыса абалап, алдынан шықты. Кейбіреуі өршелене өрепкіп, алды-артын орағытады.


Әсет іргелері жапсарласа тігілген үш-төрт боз үйге тақады. Жаңа қоныс екен, қотанының ортасы әлі қордаланбапты. Қоралана тігілген үйлердің ортасындағы қотанда бір қора қой жатыр. Иттердің даусымен араласа үзіп-үзіп ысқырған дыбыс естілді. Қойдың үркіп кетпеуін қадағалаған күзетші болар. Ауыл арасындағы келімді-кетімді кісі шығар деп жорыса керек, дауыстап ешкім жөн сұрамады. Көңіл бөлген де жан жоқ.


Боз үйлердің сырт жағына арқан тартылып, керме керілген. Соған бір топ ерттеулі ат байланыпты. Әсет солай таман барды да, кермедегі аттарды жанап өтіп, оңаша жер іздеді. Жеке тұрған бос мама ағаштың жанына тоқтады да, жерге түсті. Өрге қарсы жүргендіктен ентіккен буырыл құнанның танауы желбіршекше желп-желп етеді. Көпке дейін тыныс алатын жерінің осы ара екенін сезгендей ауыздығын қашыр-құшыр шайнап, дүрілдете сілкініп жіберді. Ат теуіп, зақым жасамасын деген сақтықпен Әсет құнанын сол оңаша мама ағашқа байлады да, айналасына назар салды.


Оң жақтағы шеткі үйден ду-ду күлкі, соған араласа сызылта салған ән әуені естіледі. Тойдың үстінен шықтым ба деп ойлады Әсет. Мұндай жерге кім келіп, кім кетпейді. Екі беті қошқар мүйіз иір-иір өрнекпен безелген қаусырмалы ағаш есік ашық тұр. Сыртта адам аз. Әсет әлгі үйге қарай бұрылды. Есікке таяп барып бөгелді


 


де, үйдің ішіне көз жүгіртті. Шаңырақтан төмен салбыраған жел- бауға байланған аспалы шиша шамның жарығы мол. Босағадан төрге дейін иін тіреекен адам. Жасы үлкендерінен гөрі жаста- ры көп. Төрге түкпірлете жиналған жүктің үстіндегі тырсиған жастықтар тайлақтың өркешіндей тікірейген. Керегенің басынан асып, уыққа тіреліп тұр. Үйдің іші жап-жарық. Іргеге тақай орналасқан қыздардың бөркіндегі үкілері қамыстың үлпегіндей шайқала үлпілдейді. Ығы-жығы отырған жігіттердің көздері отты, жүздері нұрлы. Албырай балқыған. Төр алдындағы жасы үлкен кісілер айналасына байсалды жымиыспен қарайды. Сырттан бақылаған Әсет біраз іркілді... Бүгін бір қуанышты күн секілді. Той десе – қу бас домалайды. Келген кісіні кім сөгуші еді. Ән мен күйді әуес көріп, құмарланбайтын адам бар ма? Осы думанға араласып, көңілімді бір демдеп алайын...


Ән тыңдауға әуестенген кісі құсап, табалдырықтан елеусіз аттады да, даусын көтере сәлем берді.



  • Асса-лау-мәли-кө-өм!..


Төрдегі үлкен кісілер сәлем алып, ықылас қайтарды. Бозбалалар орындарынан төмен сырғып, жасы үлкен кісіні жоғары шағарды. Әсет үнсіз барып, бос орынға тізе бүкті. Өзіне ерекше ден қойған ешкім байқалмады.


Әлгінде, тастақ белден бері асқанда бір қыздың сызылта салған ерке, сылқым әні, тұнық даусы естілген. Сол аруды көруге әуестенгендей үйдегілердің өң-түсін көзінің қиығымен шолып, байқаусыз сүзіп шықты. Сұлу ән тез үзіліп еді. Соның артынан бір еркек даусы тұтыға барылдап, күмілжи құмыққан сарынмен өлең айтқан. Тұзсыз тамақ жегендей аузының дәмін қашырған. Дәл қазір әлгі әсем әннің иесін таба алмаған соң, өзінің көңілі де жадады, тұйыққа тірелгендей бейжай күй кешті. Еркек даусын естігенде іштей күліп жіберген. Қайран кеуде-ай, шамасы келмеске қол созып, қатардан қалмауы керек қой, әйтеуір...


Өзі ойлағандай емес, ешкім тосырқамады. Жұрттың ықылас- ындыны да, ынтасы да басқаша сезілді. Түн қатқан жүріс-тұрысын қадағалап сұраған адам болмады. Сауықтың тәртібі де өзгеше. Төрдегі жүк аяққа арқасын сүйеп, ақ сары жігіт отыр. Екі бетінен қаны тамған қызыл шырайлы. Қияқтай қасы ұзын. Жіңішке сарғылт мұрты дөңгелек ақ құба өңіне үйлеспей тұр. Домбыра- ны қолына жаңа ғана алған болу керек, жалғыз сұқ саусағымен астыңғы ішекті саумалай қағады. Дыбысын сызылта бұралтып, сылқылдата шертеді. Назды, әсем бір әннің желісін үйірілте


 


құйқылжытты. Іздегені ойына орала қоймағандай басын тұқырта қиял шеккен. Жұрттың назары түгел соған ауған. Отты үмітпен ынтыға қарасады. Аздан кейін шыдамсызданған қызба жігіттер дауыстай көтермеледі.



  • Ал, бастап жібер!

  • Сарылтпай болсаңшы-ей!

  • Кеудесі толған ән емес пе, қайсысын айтарын білмей отыр.

  • Қойыңдар, даурығып көңілін алаңдатпандар!... – деді жуан денелі кісі тыйым салып. Сонан соң домбыра ұстаған жігітке күлімдей мойын бұрды. – Қане, Мұқаш, көп тежеле берме!..


Ағалық тілек демеу болғандай жұрт қаумалаған әнші тамағын кенеп еді, добыраға күмістей сыңғырлаған аса нәзік әннің сарыны орала кетті. Әсеттің де бойын өрт шалды. Үйдегілер тына қалды. Өткен қыста Жайырдың күнгейін қыстап отырған елге барып ем, – деді әнші жігіт айтпақ әнінің жайын түсіндіріп. – бұл әнді сондағы ел аузынан тастамайды екен. Тойдың сәні, думанның гүлі


секілді көреді. Содан үйреніп қайттым.



  • Кімнің әні екен? – деп сұрады әлгі кісі.

  • Әйгілі әнші Әсеттің әні дейді айтушылар.

  • О, бәрекелді!.. Мұның үлкен олжа, талабың өссін! Қане, за- улатшы айналайын, біз де сусындайық!..


Әнші жігіт домбыраны безілдете қайтадан бір сыдыртып өтті де, ерке әнді аса назды ырғақпен бастай жөнелді:


 


Ақ маралдай керілген қиясында, ей, Бала құстай талпынған ұясында.


Еркем, сені-ай сағындым!


Созған қолым жетпей жүр ентелетіп, ей, Көз алдымда елес боп тұрасың да.


Сағынбасқа не шара!?.


Кеудесін сағыныш жалыны кернеген жас жанның өшпес ар- манын ақтарған әннің сазына ұйыған жұрт іштерінен толғанып, таңдайларын сора тамсанысады. Жастықтың албырт сезімі мен тәтті үмітін сорғалатқан әннің қайырмасын әнші жігіт айырықша үзілтіп, бұлқынған серпінмен құйқылжыта ырғай жөнелгенде бәрі қалт жадырап, елжірей серпілісті. Жүздері бал-бұл жа- нып, көздері ойнақшып шыға келді. Ұшқынды жанарлардың оймақтай шанағында күлкі күлімдеді. Делебелері қозған, ақсия жайраңдасады.


 


Жібектей сусыған қоңыр ән сұқсырша сымпылдап, көкке өрледі. Тау-тасты тербеді. Қыранша қалықтады. Шексіз аспа- нына еркелеген секілді. Шырқау биікке іркіліссіз самғап ба- рып, кілт бұрылады да, күміс қоңыраудай сыңғырлап, жерге сорғалайды. Балбырай балқып тыңдаған жұрт бал татқандай тамсанысады. Ағыл-тегіл ақтарылған әнші жігіт әнін де, дом- бырасының үнін де құбылта саумалады, сыздықтата сызылтып барып тоқтады. Сол кезде:



  • Паһ, дүние-ай!.. – деп, қарс ұра кеудесін сипалады дөңгелек қара тақиялы, қоңыр шибарқыттан тігілген жұқа пешпетінің ішінен қақпақ жағалы ақ жейде киген сұлуша қара торы жігіт. – Көкейге тұнған сезімге май тамызады екен.

  • Сабыр, Қайыр, сабыр. Абайла, өртеніп кетіп жүрме, – деп сылқылдай күлді қарсысында отырған талдырмаш, көзі отты, қалақтай жұқа жігіт әзіл тастап. Қайырдың оң тізесін баса бір тізерлей отырған, дөңгелек қызыл тақиясының үкісі бұлғақтаған, қос етек, қатарма жағалы ақ көйлек киген екі қыздың қыр мұрынды, ашық маңдайлы дөңгелек жүзді, талдырмаш денелісі жігіттің санынан шымшып алғандай болды. Қайыр еркелей күлімсіреп, қыздың қолын аялай сипалады. Әнге елтігендердің әр қимылын сырттай бағып ыңғайларына зер сала бақылаған Әсет қана байқады мұны. Басқа жұрт ондайға ден қоятын да емес. Ән сазына елтігендер өз көкейлеріндегі арман-арзуларын саралағандай үнсіз қиялға шомған. Жаңағы жігіттің әзілі де өрбімей қалды. Қылт еткенді іліп-қағып, қақпақылдай өрлетіп алып кететін әзілқойлар да әннің дәміне қанбаған кісіше еріндерін жалайды, үнсіз тамсанысады. Осы сарынға Әсет те елтіді. Мына бала талабы таудай әнші екен, әуен ырғағын бұзбады. Тек өлеңді өзінің көңіліндегі қайнаған құштарлықпен үйлестіріп, өз қалауынша өрді. Несі бар, тілеуін ақтап тұр. Елге ән артық. Бұл бала да осы өлеңі арқылы өз жүрегінің түкпіріне тұнған сырды сыртқа естірткісі келген шығар. Менің де жалын- ды шақтағы арман-тілеуімнің үні еді-ау бұл әуен. Есіл күндерім- ай қарасы өшіп бара жатқан. Өрттей қаулаған оты мол сәттерді қалай ғана ұмытармын?.. Сұңқардай самғаған ән қанат бітіріп, көкке ұшырып еді-ау. Асыл ән, жақсы өлең адам жүрегінің үні мен тілі емес пе! Жаныңның сыры, мүдде-мұратыңды әнмен айтсаң ұқпайтын адам бола қоймас. Бәрі де елжірейді. Сондай асыл қасиеттерді арқалаған менің әнім де өзімнен бұрын самғап


 


жетіпті-ау бұл өңірге. Жас дәурен әуенінің төл иесі саналатын мына жастардың көкейіне ұялай кетуін қарашы! Қайран дәурен- ай...


Әсеттің көкейін сағыныш пен өкініштің сарыны тұмандатты. Көз алдына қалың қойы қаптаған адырлы өлке, үйір-үйір жылқысы шашырай жайылған жалпақ дала елестеді. Жүрегі са- зып, көзі қарауытты, басы тұқырып, іргеге қарай елеусіз шегінді. Тәтті қиялға шомып, жүрегі алқымына тығылды.


Өткен күндердің ізі өшпейді екен. Ол елі алақанына салып әлпештеген ақ ниет еді-ау... Қоянды жәрменкесінде орақ тілді арда ақын, талғамы терең тапқыр қыз Ырысжанмен айтысып, топты жарған Әсеттің де оң мен солға атағы жайылған. Өлеңге әуес елдің құрметіне бөленген. Содан кейін өлеңге біржола беріліп, ауыл-аймағын шаттандырды. Той-думанның төріне шықты. Аузынан өзгеше сарындардың әуені өрбіді. Даусы да құстай әуеледі. Өрісі де кеңейе бастады. Бір жолы Семейге бара қалып еді, ақындар мен әнші-күйшілердің ортасына түсті де кетті. Семей қаласының ішіндегі және қала маңындағы қазақ үйлерінен күн сайын ойын-сауық үзілмейді екен. Жан-жақтан мал айдап базарға келген қазақтар сауық өтетін үйлерге бас қосып, ақындар мен әншілердің өнерін тамашалайды. Сонда үлкен-кішінің бәрі бас шұлғып, аузына қарайтыны – кәрі тар- лан, төкпе ақын Кемпірбай. Өлеңді түйдек-түйдегімен төккенде сөз маржаны тізбектеліп, сауылдай сорғалайды. Халқының арманын айтып, мұңын жоқтайды. Тарлан ақын өзін қоршаған жас талаптардың арасынан Әсетке ерекше пейіл аударған. Оттылығына, тапқырлығына қызықты, дарынын таныды. Жұрттың қалауы бойынша өзі біраз өсиет-тәлімін айтады да, тыныстайды. Кезекті алдымен Әсетке береді.



  • Қане, Әсетжан, сенде ән де, өлең де бар. Салшы ортаға аян-


бай! – деп жебейді ағалық қамқорлықпен. Басқаларды білетінін де сездіру үшін алдыңғы өткен үлкен ақындардың айтқандарын қайталай бастаса, тізесінен қағып тоқтатады. – Ескі сүрлеудің адастырмайтыны рас. Бірақ сен әлі жассың, әрі ақынсың. Өз бойыңдағы қайратыңның бетін аш. Арғымақтай арының, қара нардай қауқарың бар. «Иттің сорлысы көш басшыға ереді». Сенен біз өзіңе тән артықшылықты күтеміз. Өзіңнің өзгеге ұқсамайтын өнеріңді көрсет. Ізіңді жұрт танысын. Жол анасы – із. Басқаның сөзін екінің бірі қайталап айта алады. Сен ақынсың ғой, өз сөзің болуға тиіс. Ол Әсеттің ғана сөзі аталып қалсын...


 


Сол күндерде Әсет жұрт алдында өз сөзін, өз ойын айту үшін барын салған. Жастық жалынын, қабілет қауқарын, арман-ала- уын өлеңмен өрген. Әннің де жаңа-жаңа сарындарын естірткен. Ағалық ақыл-кеңесін қабылдап, Кемпірбайға бас иген. Ескі сүрлеумен жүрмей, жолсызға қадам басуға бел байлаған. Түптеп аңғарса, дүбірлі дүлдүл Кемпірбай момақан көк кептерді, су еркесі көк ала үйректі, қалықтай самғайтын тау қыранын, желдей есетін сұңқарды, арынымен жер апшысын қуыратын тұлпарды өлеңінің өрнегі етеді екен. Сонысымен ойдың өрлігін дәріптейді. Алабұртқан жас сезімнің желігі ме, әлде, талабын танытқысы келді ме, Әсет өлеңін көңілдің лепірме күйіне бұра берген. Өлеңге өрілген ой-сезімін айқын жеткізуге ден қойған. Әні де сол сарынмен жымдасып жатты.


Бір отырыста Әсет ырғағы өрім талдай бұралып, бұлақтай сыңғырлаған бір сұлу әнге басты да, аяқтағаннан кейін алқына дем алып:



  • Аға, осы әннің атын өзіңіз қойып беріңізші, – деп, Кем- пірбайға өтініш етті. Көпті көрген ақын қарт бірдеңені сезген екен, екі беті албыраған Әсетке сүйсіне қарады.

  • Әй, айналайын-ай, мынауың самал желпіген көк құрақтай ырғалып тұр, адамның жүрегін тербейді, «Ырғақты» болсын!


Әсет домбырасын қайыра қағып, әнді нәзік дыбыспен бе- зілдетті де, желпіне түсіп, арындата шырқады:


 


Ақ тұйғын құс қолымда зыр қақты да, Басып-басып алайын «Ырғақтыма». Саған айтар, бозбала, өсиетім: Әлпештеген жақын жүр ардақтыға.


Е-ей,


Өтеді-ай жалған-ай, Шіркін-ай, арман-ай!..


 


Жұрт тым-тырыс, жаңа әннің сипатына ой жүгіртіп, сұлу сымбатын тануға ынтыққан. Іле:



  • Ардақтымыз Кемпірбай емес пе, оның ойын ұқтыңдар ма, жігіттер! – деді үй иесі, сауық-сайранның ұйтқысы, Кемпірбай- дың құрдасы Қаумен қария желпініп. Бұл ойды басқалары да дулай қостады. Ағаға інінің ізеті ғой.

  • Ағасы әніне ат қойып берсе, оның орамалы болмаушы ма еді?

  • Мына сөзі сыйға сый секілді.


 



  • Рақмет, Әсетжан, рақмет! Өркенің өссін! – деп


Кемпірбай кеңк-кеңк күлді мәз болып. Сеңгірдей сидам, арықша ұзын тұрқы түгел қозғалып, қоңырқай көзінің оты ұшқындады. Ат жақты сопақ бетіне қызғылт қан жүгірді.


Бірақ біздің көңіліміздегіні дөп баса алмай отыр, – деп күлді жастардың талабын білдіргендей жауырыны жал-қара жігіт. Соған жауап қайырғысы келгендей Әсет басқа сөз күтпестен даусын қайта көтерді де, әнді әрі ұластырды:


 


Жанып тұрған жас өмір – алқызыл гүл, Сипаттауға қызығын жетпейді тіл.


Желбіреген жауқазын жастық шағың, Мағынасын өмірдің түсіне біл!..


Е-ей,


Өтеді-ай жалған-ай, Шіркін-ай, арман-ай!


 



  • Е, бәсе, осыны айтпайсың ба! – деп желпіне күлім қақты жаңағы жігіт.

  • Талабың жансын, Әсетжан, талмай самға! – деп, барлық ықыласты түйіндеген Кемпірбай батасын берді...


Қоңыр күз. Суықтың табы біліне бастаған. Суық түспей еліне жетіп алғысы келген Әсет енді көп бөгелмей Семейден аттанып кетті. Ел күзекте. Шар өзенінің бойын өрлей жылжып, Аягөз маңына жеткенде, Семейге базаршылай барып, Әсетке ілесе қайтқан Әзімбай деген салауатты жігіт шаужайына оралды.



  • Әсетжан, енді біздің ауылға жүр, сый-сияпатымды көріп қайт, – деп жабысты.


Серігінің көңілін жыға алмаған Әсет атының басын аңызға айналған Таңсық даласына бұрды. Қалың ауыл сары даланың сайқын құшағындағы бастау-бұлақтың көздерін сағалап, жайы- лымы шүйгін күзекте отырған. Қаптаған қой, шашырай жайылған жылқы, топ-топ сиыр, андыз-андыз түйе жер қайыстырады. Әзімбайдың ауылы Ай өзенінің Балқаш көліне тақау жазыққа шыға беріс алқымындағы жалпақ сазда екен. Әсеттің атағына құлағы үйір ел қуана қарсы алып, төрін ұсынды. Осы маңда Әсет ай жарымдай әннің туын желбіретті. Қазақ баласы махаббат тәңірі санайтын Қозыкөрпеш пен Баян сұлудың күмбез-мазарына барып зиярат еткенде іштей тебіренді. Тарихи белгіні көзімен көріп, өмірдің уын ішкен ғашықтар тағдыры ашындырды. Ұлы мақсатқа бас иді..


 


Әсеттің Таңсық өңірінде жүргенін құлағы шалған Ғапари кісі жіберіп, Лепсіге шақыртты. Ол Қоянды жәрменкесіне Әсетпен бірге барып, Ырысжанмен айтысының куәсі болған кісі еді. Енді үйінде әнін, өлеңін тыңдамақ. Талай жыл өтсе де, бұған орайы келмей жүрген. Бұл хабарды алғаннан кейін Әзімбаймен қоштасып, Лепсіге қарай аттанған Әсетті жусанды бозадырда жылқы жайып жүрген бір бозбала тоқтатты. Басына жалпақ етегі желкесін бүркеген өрттей қызыл түлкі тұмақ киген. Аяғында қонышы тізесін жапқан саптама етік. Жеңі ұзын, көтерме жағалы сеңсең ішігі талдырмаш нәзік денесіне қабыспай, қолпылдап тұр. Уыздай бозбаланың албыраған бетінде қылпық түгі жоқ. Жолаушының алдынан шығып, қиыла өтінді:



  • Әсаға, осынау Таңсық даласын дүр сілкіндірген әніңіз маған Қозы мен Баянның арманы, арызы секілді боп естілді. Біз де әнге құштар жанбыз. Бір-екі күн менің қонағым болыңыз. Атым – Жөкен, шаруа баққан Күзембай деген кісінің баласымын.


Жаудыраған мөлдір қара көзінен үмітті ұшқын шашырайды. Күмістей сыңғырлаған даусы Әсетті еріксіз баурап алды. Аса ынтықтықпен өтінген баланың тілегіне амалсыз көнді.



  • Жүзің жылы, көзің өткір бала екенсің, мұратыңа жет. Бетіңді қайтармайын, айтқаның болсын!..


Сол арада бұлардың қасына үш-төрт атты кісі келіп сәлем берді. Жөкен қуана таныстырды.



  • Мына кісі – Әсет ақын... Екі-үш күн менің қонағым болыңыз деп қолқа салып, жолын бөгеп тұрмын.

  • Е, мұның жөн... Шырағым, атыңды да, әніңді де сырттай естіп жатырмыз. Мен – Жөкеннің әкесімін. Бетінен қақпаған еркем еді, қалауын мақұл көрсең, үйге жүр.

  • Ақ тілеулі бала ғой, қабыл алдым тілегін...

  • Көп жаса, айналайын, – деп, шоқша қара сақалды кісі балпиған жуан қарагер атын тебінді де, қайтадан тізгін тартып, артындағы жігіттерге бұрылды. – Қажытай, сен шауып барып бір қой өңгеріп келе ғой!


Жөкен мейіздей қатқан жылпың торысын дедектетіп, алға түсті де, ауылға бет алды. Әсеттің ұзын бел жирені ырғала басқан Күзембайдың қаракерімен қатарласа адымдады. Іргесі морланып, айналасына айналдыра қамыс пен шеңгел көмілген үлкен ақ боз үйге алдымен жеткен Жөкен атын мама ағашқа байлай салып, ішке кіріп кетті. Әсет пен Күзембай түсіп, аттарын торының қасына байлады да, бүлдіргесін білектеріне ілген қамшыларын сүйрете үйге қарай адымдады. Жөкен қарсы шығып, есік ашты.


 


Төрге түкті қызыл кілем салыныпты. Үстіне ұзынша құрақ көрпеше төселген. Оң жақта шайы шымылдығы желбіреген ағаш төсек. Бетіне сүйектен ойып, өрнек салынған. Сол жақ іргедегі киізі қалың жер төсектен орта жастағы қызыл шырайлы, ұзын бойлы әйел түрегелді. Шұбалған көк көйлегі тобығына түседі. Әсет сәлем беріп табалдырықтан аттады.



  • Жоғары шық, қарағым!.. – деп, ізетті әйел байсалды түрмен ілтипат көрсетті. Төрдегі жүкаяқтың үстінде – кілемге оралып байланған үш-төрт тең, қабаттап жиналған көрпе, тырсиған құс жастық.

  • Мына бала Әсет ақын, – деді Күзембай жер төсектің шетіне малдас құрып жатып, төрге шығып жайғасқан мейманды нұсқап. Әйел қызыға бір қарап алды.

  • Е-е, Таңсықтың елі табынып жүрген ақын бала осы екен ғой.

  • Ал, Бәкіш, қамдан!.. Жөкен бұл баланы арнайы шақырып келді.

  • Лепсіге бара жатыр ем, – деп Әсет жөнін айтты, – жолдан Жөкендеріңіз жолығып қалды да, қолқалап тұрып алды. Талапты баланың тауанын қайтармай, аттың басын осылай бұрдым.

  • Құдай тілеуіңді берсін, қарағым! Біздің жалғыз қарашы- ғымыздың тілеуін орындағыныңа разымыз, тәңір жарылқасын! Ел-жұрт та Күзембайдың ауылында өткен сауықтың қызығын бір көрсінші!..

  • Ой, дүние-ай... – деп мұңая күрсінді Күзембай әлденеге шағынғандай. – Солай, шырағым...


Сырттан жүзі жайнап Жөкен кірді. Тұмағын шешпегенімен, ауыр киімдерін тастап, жеңіл шолақ тон, кестелі шалбар киіп алыпты. Шымыр денесі тіп-тік, бойы сұңғақ.



  • Апа, нағашымның ауылына кісі жібердім...

  • Ал, балам, ел жиналғанша қонаққа ас беріңдер, – деді Күзембай. Жаңа сойылған қойдың өкпе-бауырынан қуырылған қуырдақ пен шай әзірленді.


Түс ауа үлкен үйдің іші жігіт-желең, қыз-келіншекке лықа тол- ды. Әсет ұзақ сарылтпай әнге басты. Сүйек төсек жақта қыздармен араласа отырған Жөкен әншіден көз алмайды. Күлімдей жымиған- да қызғылт жұқа еріні жымқырылып, ақ маржандай тістері жалт- жұлт етеді. Құпия бір ынтызарлықпен сүзіле қарайды. Ара-тұра Әсет кезекті ауыл жастарына ауыстырғанда қыздарға қосылып ән де салды. Даусы таза, аса бір құштар ынтамен егіле айтады. Әлі бойынан еркелігі арылмаған бала ғой. Даусы қыздың үніндей


 


жіңішкелеу, нәзік. Сондықтан қыздарға қосылғаны шығар деп ой- лады Әсет өзін сыйлап отырған Жөкеннің еркелігін қызықтап... Сауық таң ата тарқады. Елмен бірге Әсет те сыртқа шығып, біраз бойын сергітті. Денесі сәл тоңазыған соң қонақтарын ат- тандырып болған Күзембайға ілесіп үйге кірді. Сүйек төсектің шымылдығы түсірілген. Төр алдына Әсетке төсек салып қойған. Шешінді де, жүнін қалыңдап сырыған жібек көрпеге оранды. Бұл шаңырақтың қара нары Бәкіш есіктің іргенегін жауып, бекітті де, жалыны будақтаған май шамды сөндіріп барып


жатты...


Әсет мал тұяғының дүбірінен оянды. Өзінен басқалардың бәрі тұрып кетіпті. Сүйек төсектің сары ала шайы шымылдығы түріліп, тап-тұйнақтай жиналған. Нән екі жастық бірінің үстіне бірі қойылған. Төсектің етегіне көлденең тартылған жібек шаршаудың шашағы төгіліп тұр. Бейне қыздың жасауы секілді. Бұл үйден қыз көрмеген соң, таңырқап қалған. Етігін киіп бола бергенде сырттан Жөкен кірді. Қынама бел шолақ тонның ішінен қызыл мақпал қамзол киген, кестелі шалбарының балағын былғары етігінің сыртына салған. Басында шоқпардай үкі қадалған камшат бөрік. Сала құлаш қос бұрымы арқасында бұлғаңдайды, оған жалғанған күміс шашпауы сыңғырлай сыл- дырлайды. Әсет аң-таң, аузы ашылып, аңқия қарайды. Көзі жыпылықтай қағылды.



  • Танымай қалдыңыз ба, Әсаға? – деп, еркелей күлді Жөкен. Назды, ашық даусы Әсеттің жүрегін баурады. Өн бойына ұшқын тарады. Сымбаты қуыршақтай. Бетінің қызылы көбейіп кеткен. Маржандай тістері ақ күріштей тізілген. Бұл көріністің сырын сезе қойған Әсет те тез сергіп, әзіл тастады.

  • Түс көріп отырған сияқтымын...

  • Анықтап қараңыз ендеше, мен бе екенмін?

  • Танадай отты көзің, оймақтай аузың, қаймақтай ерінің ұқсайды, бірақ...

  • Тым сұқтанбаңыз, көзіңіз тиер, – деп сылқ-сылқ күлді Жөкен.

  • Сұқтанысымнан таңданысым басым...


– Мен үйде – қызбын, түзде – ұлмын. Қыз атым – Жәміш. Басқа баласы болмаған соң әке-шешем еркек балаша киіндіріп, еркекшора қып өсіріпті.



  • Е, еркем-ай, солай ма?.. – деген сөздің аузынан шығып кет- кенін Әсет абайламай қалды. Не мағынада айтты, қандай мүддесі бар, өзі де сараламады. Жәміш әзілмен қағытты:


 



  • Кездескеңіздің бәрін еркеңізге балайсыз ба?

  • Е, жо-ғә, өзіңдей асыл ерке жолыға бере ме? – деді қыздың албыраған ұлпа бетіне телміре төнген Әсет.

  • Байқаңыз, еркелердің шолжыңдығы да бар, таптап кетіп жүрмесін атырылғанда...

  • Өмір бойы алақаныма салып өтер еркем болсаң, шолжың- дығыңды желкеме салып көтерер едім...

  • Ұшқалақсыз-ау, шамасы.

  • Кеудеме шоқ түсіп, өртеніп бара жатсам, алабыртпай қай- тейін... Ендігісін өзің біл!

  • Өртенбеудің амалын табыңыз!..

  • Басымды иіп, қыл мойынымды өзің кес деймін де...

  • Бұл күнде мен де еркекпін ғой, – деп Жәміш сылқылдай күлді.

  • Бәсе, үлбіреген бетің ұлға ұқсамайтын сияқты сезілген.


Бетің албырап, жанарың танадай қадалып еді.



  • Сабыр, Әсаға, сабыр...


Еркелей күлімдеген Жәміш сыртқа беттеді. Көзінің ұшқыны өрттей қаулады. Сол күлкіден адасып қалмайын дегендей абдыраған Әсет соңынан ілесе шықты. Жәміш шошалаға барып кірді. Үй маңында адам жоқ. Шошаланың төбесінен қою түтін будақтайды. Күзембай қара-керінің ортан беліне қонып, малын өргізіп барады. Түбін жерге көміп, бау-бау қып белдеулей буған дөңгелек қамыс қора жақтан Жәміштің шешесі бір шелек сүт көтеріп келеді.


Әсет ілгері жылжыды да, үйдің қарсы алдындағы құм тө- бешіктерге барып, тыныстап тұрды. Айналаға көз жіберді. Күн таяқ бойы көтерілген. Керіліп-созылған соң қайта оралып келіп, жуынбақ болып еді, Жәміш шәугім әкеліп қолына су құйды. Үйге енген соң дастархан жайылды. Бәкіш қозы қарын, бүйрегі шығыңқы сары самауырынды алып кірді... Шай ішіліп біте бергенде түлкі тұмақты, қара сеңсең ішікті екі жігіт кірді сәлем беріп. Аман-саулықтан кейін дастархан шетіне тізе бүгісті.



  • Әсаға, – деді қою қара қасты, көзі ойнақшыған дембелше жігіт. – Сізді шақыра келіп ем, Енді менің қонағым болыңыз.

  • Қасым, – деді Жәміш еркелей шолжиып. – Әсағаң менің қонағым, алдымен рұқсатты менен сұра.

  • Бәсе, осындай жойыттық істемесең, Жөкен боларсың ба? – деді Қасым жаутаңдай мырсылдап. Ақсия күлген Бәкіш ара түсті.

  • Жә, ағасына еркелегені ғой.


 



  • Бүйтіп кергісең, жөніңді тап, – деді Жәміш ырық бермей. – Мен Әсағаңды анау Лепсіге жеткізіп саламын. Керек болса, сол жерден өзің барып шақырып кел!..

  • Тақсыр, тақсыр... ашуыңды бер. Бәрі өз ауылың, өз абыройың емес пе?

  • Е, осылай жөніңе көш... Әсаға, мына Қасым менің нағыз нағашы ағайым. Міне, он жетіге аяқ бастым, әлі күнге дейін қырық шұбар тайым мойнында жүр.

  • Берейін айналайын, дауласпашы. Сені ұзатқан күні санап тұрып алдыңа айдап салайын.

  • Өй, ағасы, өйтіп созбайлама, уәделі күніңді кесіп айт. Әйтпесе, Әсағанды жібермей қоямын.

  • Өй, тақсыр, қорқыта бермей, ертең-ақ айдап алшы!..

  • Ә, қуын қарай гөр. Даладан айдап алмасам, Күзембайдың баласы жылқымды шауып кетті деп, өзімді барымталамақсың ғой...

  • Мына апам куә, Әсағаң куә, дауым жоқ... – деп Қасым сылқ- сылқ күлді. Жарасымды қалжыңға үйдегілер де мәз.


Бәрі де жадырап қалысты.


Сәске әлетінде Әсет пен Жәмішті ертіп Қасым өзінің ауылына қарай жүрді. Жәміштің дөңгелек албыраған жүзін қызыл түлкі тұмағы одан бетер ашып, ажарландырып жіберген. Бота көзіне назды күлкі, еркелік нұры ұялаған. Қатарласа жүріп, Әсетке ашық та, астыртын да қарай береді...


Қасым үйінде өткен думан Әсеттің шабытын шалқытты. Көңілі алып-ұшып, еліге өрледі. Жастардың мейіріне бөленді. Ел орынға отыра тарқасты. Жәміш өз үйімнен аттандырып саламын деп, Әсетті алып қайтты... Түн тастай қараңғы. Жазық дала тым- тырыс. Желсіз болғанымен, қара суықтың табы күшті. Саржеліспен келеді. Ауылдан ұзағанша үн қатыспады. Кешеден бері Жәміштің ерке қылығы, өткір көзі, қайсар мінезі Әсетті жіпсіз матап, қатты толғандырған. Қоңыраудай сыңғырлаған үнін естісе, жүрегі шы- мырлап, денесі қыз-қыз қайнайды. Сол сырын сездіруге қанша оқталса да, батылы жетпеді. Ауызына өтімді сөз түспей, денесі қалтырап, іштен тынды. Қазір де сондай қысталаң күйініштің әлегінде. Әлден уақытта Жәміш:



  • Әсаға, әңгіме айта жүріңіз, – деді үзеңгі қағыстыра жақындап.


Назданған ерке даусы Әсеттің бойын балқытты.



  • Айтарым көп-ау, бірақ ауызыма сөз түсер емес...

  • Ақын да сөзден тосыла ма?.. – деген қыздың әрі қайраған, әрі қайтер екен деген оймен сынаған сөзі қамшы болды.


 



  • Ынтық жүрек арманға тұншықса, еріннің қиюы қашып, жанға сеп болатын сөз шықпайды екен...


Жәміш тізгінін тартып тұра қалды. Әсеттің аты да қатарласа тоқтады. Қыз мойын бұрмады, үнсіз. Сәлден кейін түлкі тұма- ғының маңдайын көтеріп, Әсеттің бетіне тайсалмай қарады. Жаудыраған тұнық жанарынан ұшқын шашырады.



  • Шыныңыз ба?.. – деді үні қалтырап.


Әсет қалай иландырудың ебін таппай, кеудесін кернеген құштарлығын лақ еткізіп ақтара салды.



  • Өлтірсең де өзің біл, сенсіз өмірім қараң, шын сырым...


Жәміштің басы салбырап, сеңсең ішіктің қалқия көтерілген жағасына шөкті. Түгі үлпілдеген түлкі тұмағы милығына сырғып түсіп, бет-аузын жапты. Жотасы құнжыңдап, алқына дем алады. Кенет атын тебініп еді, орғып кетті. Бұл қылығына Әсет мұңая бастаған. Ұзап бара жатқан қыздың сықылықтаған күлкісі естіл- ді. Таяп келгенде:



  • Ертеңнен бастап қызша киініп жүремін, – деген даусы қуанышпен қосылды. Әсет осы лебізінен-ақ бір жақсылықтың нышанын сезгендей еліге сөйлеп кетті. Өзінің көргісі келетін кейпін айтты.

  • Алқызыл гүлдей албыраған ұлпадай уыз бетіңе, сүйріктей саусағыңа, сүмбіл қолаң шашыңа, тал шыбықтай бұралған мүсініңе інжу-маржан, лағыл алқа, күміс шашпау, жұмыр білезік қандай сән беріп, жараса кетер еді, шіркін!..

  • Бұл бағаңызды сондай қалпымды көзбен көргеннен кейін айтарсыз. Бәлкім, соның бәрі кейпіме келісе қоймас...


Сүліктей жылпың торы қаздай шайқала аяңдайды. Ат жалында өскен қыз күміс ердің үстінде қадаған шегедей тіп-тік отыр. Сұлу жирен де ентелей ұмтылып, қатарласа адымдайды. Әсет қызбалана алқынып, аптыға дем алады. Қыздың ыстық буына балқығандай аузынан будақ-будақ бу атқылайды.


Дүбірді естіген иттер абалай үрді. Кешегі қой әкеліп сойған Қажытай сыртқа шығып, аттарын ұстады.



  • Қажыаға, аттарды отқа қоя сал, – деді Жәміш өтінген үнмен. Бұл жігіт Күзембай малына бас-көз боп жүрген немере ағасы еді. Бұлар үйге кіргенде жамбастап жатқан Күзембай:

  • Е-е, сауық тарқады ма? – деп басын көтерді. Жәміш сүйек төсектің аяқ жағына барып, сырт киімдерін шешті де, керегенің ба- сына ілді. Әсет шапанын жер төсектің бас жағындағы адалбақанға ілді. Жәміш бір тізерлеп бүгіле беріп еді:


 



  • Шай әзірлейін, – деді шешесі орнынан түрегеліп. Әсет ықылас айтып тоқтатты.

  • Әуре болмай-ақ қойыңыз, қазір ғана ас-су ішіп шықтық.

  • Шаршадыңыз ба, – деді Жәміш момақандау түрмен, – онда төсек салайық...

  • Тынығайық, талай уақыт болды ғой.


Күзембай мен Әсет сыртқа шықты да, аттарды жайғап жүрген Қажытайдың қасына барып, едәуір уақыттан кейін оралды. Төр алдына көлденеңінен екі төсек қатар салыныпты. Баста- ры үй иелерінің жер төсегі жаққа қаратылған. Сүйек төсектің шымылдығы түсірулі. Жәміш жатып қалыпты. Әсет шешінді де, іргеге тақау орынды иеленді. Әлден уақытта Қажытай келіп, от жаққа жайғасты.


Жәміштің шешесі сығырайған білте шырақты сөндіріп, бәрінің соңынан жатты.


Әсеттің кірпігі ілінбеді. Бас жағынан Күзембай қорылға бас- ты. Қасындағы Қажытай көрпемен қымтана бүркеніп, бүк түсіп жатыр. Жәміштің пысылдап, жеңіл дем алғаны естіледі. Бірақ ояу сықылды, әлсін-әлсін ақырын күрсінеді. Қыз тынысының дыбысы Әсеттің жүрегін арбап, от шарпығандай денесі қызды. Шоқ түскендей кеудесі өртеніп барады. Жәміштің жайраңдай күлгендегі ақтамағының жұмыр бұғағы шұғыла оранған ұлпа бұлттай көрініп еді. Оңаша шыққан соң Әсет тағат таба алмай іштегі арманын ақтарған. Онысына қыз ашық ыңғай танытпаған. Әсет сол жұмбақты шешу үшін ширыға толғанды. Қолға ұстатқан жауабы жоқ. Ендеше қадала қарай беретіні несі? Ал әніме естен тана елтиді. Сонысына бола сырттай құлағаным ба? Қисыны келмеске қиырдан көз сүзгенім жөн бе? Алып- ұшпайтын құмарлық бола ма? Құштарлықтан арман тумай ма?.. Осы оймен Әсет те алабұрта алқынған...


Ұйқысы қашып сарылғанда Әсет әбден талығып барып мызғып кетті. Қасындағы Қажытай таң ата тұрып, киіне бастаған кезде абайсызда шынтағы тиіп кетіп, шошып оянды. Тыстан Күзембайдың қақырынған дыбысы, аяқ басысының сықыры естілді. Ұйқысы бұзылған Әсет те киініп, далаға шықты.



  • Ерте тұрып алғаның не, шырағым? – деді дәрет алып, беті- қолын жуып отырған Күзембай.

  • Ертерек аттанайын...

  • Е, мұныңа Жөкен көне қояр ма екен?..

  • Жөн білетін бала ғой, разы болар.


 



  • Той жасағандай қуанышқа баттық. Көңілімізді көтерді, алдыңнан жарылқасын, айналайын!


Үйге кіріп, намазын оқып болған Күзембай сыртта тұрған Әсетті ертіп, күн таяқ бойы көтерілгенше үйдің сыртындағы құм төбешікке барып, әңгімелесіп тұрды. Үй маңында қыбыр молайған кезде Әсет қалың ши арасында жүрген тұсаулы атын ала оралып, шошаладан ер-тоқымын әкеліп, ерттей бастады. Сол кезде ғана сыртқа шыққан Жәміш:



  • Мұныңыз қалай, Әсаға?.. – деп, мұңды түрмен қиыла қарады. Бота көзі мөлтеңдей жаудырайды. Қыз өңіндегі бұл құбылысты тартпа тартып жатқан Әсет байқамады да, өз жайын айтты.

  • Жолаушының жатып алғаны жараспайды, Жөкен-жан.

  • Тым көп емес қой, сонша асыққаныңыз не?

  • Жолым ұзақ. Қыс түсіп, жер аяғы тарылмай тұрғанда ауылыма жетіп алайын.

  • Қыстап шықсаңыз да ауырламас едік...

  • Ықыласыңа рақымет, Жөкенжан! – деп Әсет артына бұрыла беріп еді, қыздың көзіне көзі түсті де, сұқтана қарады. Тотыдай құлпырған. Басында үкілі кәмшат бөрік, тобығын соққан жуан бұрымына күмістері жалтылдаған ұзын шашпау таққан. Құлағында алақандай ай құлақ алтын сырға.


Қос етек қызыл торғын көйлегі жер сызады. Кеудесін қынаған қызыл мақпал қазекейі қыпша белін үзілдіріп тұр. Елтірі жағалы шолақ тонын желбегей жамылған. Талдырмаш денесіне құйып қойғандай қона кеткен. Әсеттің таңырқай сұқтанысын қыз да сезді.



  • Ал, қалай, маған қыздың киімі жараса ма екен?.. – деп сылқ- сылқ күлді.

  • Гүлдей жайнатып жіберіпті!..


Емінген жігіттің құмарлық қызбалығын өршітпей, сөзді бөлді:



  • Үйге кіріңіз, тамақ әзір.

  • Қазір... – деді де, Әсет жуынбақ болып еді, қыз шошаладан шәугім әкеліп, қолына су құйды.


Астан кейін Әсет алғысын айтып, аттанып кетуге қамданды да, орнынан түрегелді.



  • Мені тоса тұрыңыз, қызша күттім, жігітше шығарып сала- йын, – деді Жәміш табалдырыққа барып қалған Әсетке. Аздан кейін еркек киімін киіп, нәзік денелі бозбала боп шыға келді.


Әсет атына мінді де:



  • Қош болыңыз, Күзеке, қош апа! – деп қоштасты да, атының басын жолға бұрды. Жәміш те қатарласа аяңдады. Күзембай мен


 


әйелі бұлар екі-үш қырдан асып, көрінбей кеткенше арттарынан қарап тұрды.



  • О, дүние-ай, Жөкемнің еркек бала боп тумағанын қарашы...

  • деп күрсінді Күзембай. Әйелі үн-түнсіз шошала жаққа бұрылды. Өркеш-өркеш құмдауыт кырқалардан асып, ауылдан ат шап- тырым ұзағаннан кейін Әсет тізгін тартты. Үнсіз мұңайып келе


жатқан Жәміштің жабырқаңқы жүзіне қиыла қарады.



  • Жәмішжан, жалт етіп қыз қалпында көріндің де, жүрегімді алау боп өртедің. Кешегі тілегім – ақ тілек. Айтшы бір жауабыңды, арманда кетпейін аңырап.


Қыздың екі беті өрттей жанды. Батылдығын да, қайсарлығын да, еркелігін де мұндай сәттегі қызға ғана тән ұяңдық, нәзік сезім тұншықтырып тастағандай. Басы салбырай тұқырған. Салпы етек тұмағы бетін жауып, жаутаңдаған жанарын қалқалаған. Ынтызар үмітпен телмірген Әсет ындыны кепкендей тамса- нады. Сол сәтте Жәміш жерге секіріп түсті де, үнсіз келіп, бір қолымен Әсет атының сағалдырығынан екінші қолымен үзеңгісінің таралғы бауынан ұстады. Содан кейін аса байыпты түрмен даусы қалтырай сөйледі.



  • Халқымыздың ежелгі салты бойынша қазақ әйелдері қимасын, асыл адамын алыс жолға шығарып салғанда, міне, осылай істейді екен. Мұнысы атың арымасын, үзеңгі бауың берік болсын деген ізгі тілегі көрінеді. Ат-тұрманы бүтін жігіт аңсаған арманына жетуге құлшынады. Көксеген адамының сағынышын басу үшін көп тостырмай қайта оралуға тиіс. Көктем шығып, жер жүзі жайнағанша күтемін... Менің байлауым осы, Әсаға!..

  • Еркем менің, қабыл алдым шартыңды!.. – деп өбінген Әсет ат үстінен еңкейіп, қыздың албыраған бетінен құшырлана сүйді. Қыз жасап тұрған салт бойынша ер жігіттің аттан түсуіне болмай- тын да ырымы бар еді. Әсет те сертін айтты. – Кеудемде жаным бар болса, жыл құсымен бірге оралып, айтқан кезіңде жетермін!..


Енді Жәміш те именбей сырын ашты.



  • Әзірше басым бос. Бірақ тұс-тұстан әкеме кісі салып жүргендердің сыбысын да естіп жүрмін. Ұзақ күтуге шамамды келтіре ме, жоқ па, оны да ойлаңыз! Қыздың жолы жіңішке, табаны тайғақ. Қашанға дейін еркекше киінер дейсің. Мана қыз киімдерімді кигеніме әкем де қатты қуанды. Оның сыры не?..

  • Е, несі бар, қыз болып-ақ жүре бер, еркем! – деп жұбатты Әсет қыздың күдігін түсінсе де, көңілін аулаған раймен. – Саған қыз киімі кереметтей жарасады екен.


 



  • Маған енді ол да қорқынышты., Бойжетіпті деп көз сүзетіндер бұрынғыдан бетер көбейеді. Оданда барлық сырымды ішіме тастай түйіп, қашан сіздің қайтып оралғаныңызша еркек бола тұрайын.

  • Жәмішжан... – деді қыздың сыр жасырмай соншама ашық сезіммен үміт артқанына қысылған Әсет өзінің шама-шарқына қынжыла қибыжықтап.

  • Сен арман-сырыңды бүкпей жайып салдың. Мен жария етейін шынымды, қалтарыс ештеңе қалмасын. Алдымда мыңғырған малым жоқ қалыңыңа төлейтін. Түбінде жер шұқып қалам ба деп шошимын.


Қыз біраз ойланып барып жауап қатты:



  • Бұл жайында бізге қайта оралғаныңызда ойласайық. Ел ардақтаған адамсыз ғой, арманыңызға жар болатын жандар да табылар. Мен әке-шешеме тілімді өткізе аламын. Әкем ешкімге тәуелді емес.

  • Арамызға аздырушылар кіріп кетсе, жарға құлататыны анық.

  • Айттым ғой, маған сеніңіз!..

  • Сендім, еркем! Арманыма жету үшін бір әрекет жасау менің де парызым...

  • Жаман айтпай, жақсы жоқ. Тіпті тағдыр теріс қараған күнде бір түнге жалынармыз. Қол ұстасып кете барамыз. Артынан әке-шешеммен табысуымыз қиынға соқпас. Тек сұқ көздерден құтыламыз.

  • Ақырғы байламың осы ма?

  • Осы!.. Басқадай ештеңе ойламаңыз! Ал жолыңыз болсын, сүйіктім!..

  • Қош еркем, күт мені!

  • Сағына қараймын жолыңызға. Сарғайып ұзақ сарылтпаңыз,.. Осы қуанышты қауышу Әсеттің ойына қанат бітіріп, аспанға өрлетті. Лепсідегі Ғапари ауылында оншақты күн думан құрды да, Алакөлмен екі ортадағы адырлы сары құмның арасын қыстап отырған елді аралай өрлеп, Сасық көлге жетті. Сондағы құлын-


тайлай айқасып өскен құрбы-құрдастары төбесіне көтерді.


Әсеттің кеудесін бірте-бірте сағыныш торлай бастады. Жүрегі шымырлай тулап, елегізе берді. Алыста қалған Жәміштің мұңды жанары жиі-жиі елестейді. Арман, аңсау тербетіп, тебірене толғанады. Ойынан бір тәтті сарын кетпеді. Жігіт-желең көп жиналған аса қызу бір думанда дүрілдете балқып отырған Әсет буырқана ышқынып, «Інжу-маржан» әнінің ырғағын сылқылдата төгілтіп еді, өрттей дулаған жас қауым іліп әкетті. Жаңа ән жан-


 


дүниелерін жаңғыртты. Қайта-қайта айтқызды қолқалап... Әр кеудеде бал тамғандай ?...әсер қалды...


Қиялға шомып кеткен Әсет қайғыра күрсінді. Әсем әуенге елтіп, ләззатқа бөленген жұрттың үнсіз қалпын күжілдеген жуан дауыс сергітті. Өз әнінің сарынымен түс көргендей мүлгіп кет- кен Әсет те басын қалт көтеріп алды.



  • Әнім-ақ екен, шіркін!.. – деп тамсанды төрдегі орта жас- тағы тұлғалы кісі сүйсініп.

  • Мұқатай, мұны кімнің әні дедің? – деп сұрады сол қатардағы жігіт ағасы.



  • Сонау төменгі жалпақ қазаққа әйгілі Әсет деген ақынның әні, Әлеке! – деп өз білгенін айтты әнші жігіт. –


Құлағыңыз түрік адамсыз ғой, естуіңіз бар ма еді?



  • Ол жақтың әншілері айырықша дарынды жандар ғой!..


Бәрі де жұлдыздай жарқырап туған. Біржан сал, Ақан сері, жаңағы сен айтқан Әсет – күллі қазақтың үні мен тілі, мақтанышы! Әндері арқырай аққан өзен секілді. Бірінің өнері біріне ұласып, теңіздей шалқыса, соңына ерген өрендері әннің шаңырағын биікке көтеріп жүрген жоқ па!..



  • Әлібек дұрыс айтады, солардың әнін үйреніп, үлгі алыңдар, – деді теңкиген жастыққа шынтақтап жатқан жуан дауысты, жылтыр қара кісі басын көтеріп. Ендігі жерде ән жайындағы әңгіме бірсыпыраға созылды. Осы құштарлықтан туған ойды түйіндеп, өз қызықтарын жалғай түспек болған Мұқатай пікірін ортаға салды.

  • Әсетті көзімен көріп, өз құлағымен тыңдаған кісілер бөлекше айтады, ауыздарының суы құриды. Қазақ әнінің қазіргі көшбасшысы санайды. Әндерінің өзі де төгіліп тұр-ау, шіркін!.. Мен барған ауылдағылар осы «Інжу-маржаннан» басқасын шала біледі екен. Ұятқа қаларсың деп үйретпей қойды. Әнді ерекше қадірлейді, сынын бұзатындарға жол бермейді.

  • Олары жақсы әдет. Селдің суы жер бұзады, шала молда ел бұзады. Шалалықтан сақтан. Осы білгеніңнің өзі де сені жебейді, – деп көтермеледі Әлібек. Бұл пікірді қасындағы қара кісі қолдады. Ықыласын білдірді:

  • Сен де әнді жақсы саласың. Бірақ ұстазың жоқ. Ендеше елдің әнін тізбектеп үйрен. Сонда жетілесің. Біздің Сауыр мен Алтай жоталарының құшағынан да бір ақиық самғасын да...

  • О-о, айтасыз-ау... Біздікі олардың қасында әншейін бір хауләй-лау шығар.


 



  • Туа сап тұлпар да шаппайды. Жорға да жүре түзеледі, – деді Әлібек ағалық сезіммен. – Ширай келе талмай самғайсың әлі. Анығын білдің бе, Мұқатай, әлгі Әсет ақын қазір бар ма екен өзі? Біз, әйтеуір, сырттай атын ғана естиміз.

  • Иә, бар. Былтыр Тарбағатайда болыпты. Қазір Іле жақта жүрген көрінеді.

  • Тарбағатайға қайта оралса, бері, біздің елге де бұрылары хақ, құлағыңды түре жүр. Ел шетіне ілінгенін білсек, алақанымызға салып әлпештейік!..

  • Былтырғы жазды Барлықта өткізіпті. Одан кейін Еміл бо- йындағы елге соғып, үйіне қайтпақ екен. Ауылына қайтқан- қайтпағанын ешкім білмейді. Тәуекел деп, артынан іздеп баруға уақыт көтермеді. Әкемнің жылын беру үшін тез қайттым.

  • Әлі де кеш емес... Осы жақта жүргенін анық білсең, кісі жіберіп, арнайы шақыртайық.

  • Өзім-ақ барып ертіп әкелер ем, қайтып та кеткен шығар.

  • Арманыңа жет, айналайын... Сондай әншіден тәлім алсаң, сенің де өнеріңнің көзі ашылады.

  • Елдің айтуынша, Әсет ақын әлі Еміл өңірінде жүрген көрінеді. Бірақ ол жаққа барып жүргендердің ешқайсысы анық хабарын айта алмайды,

  • Аттың терін аямасаң, табасың. Дүрілдеп ұшқан сұңқар ғой, дыбысы алыстан естіледі.

  • Аттың терін аямас ем-ау, Әлеке. Бірақ... – деп, әнші жігіт бөгеліп еді, оның ойын түсінген Әлібек сөзді өзі аяқтады.

  • Ие, жер шалғай, жол алыс... Тапсаң – жақсы. Әншілер бір жерде тұрақтап жатпайды. Ұшқан құс секілді. Елден-елге көшіп, тау-тасты шарлайды да жүреді. Қолыңа түсуі қиын.


Мұқатайдың қаны ойнаған қызыл шырайынан құштарлықтың сәулесі елес берді.



  • Жүрген жерінің нобайын білсем, тапқанша іздеймін! – деді құлшынып. Даусынан ынтықтық лебі еседі.


Бұлардың ортасында отырған Әсет сыр білдірген жоқ. Іштей қуанды да, қайғырды да. О, дүние-ай, ондай дәурен де өтті- ау тұманға сіңіп. Әлі күнге дейін өзімді-өзім таразыға салып бақпаппын-ау... Қамыға мұңайып, күйзеле бастап еді, сергек ой жебеді жігерлендіріп. Естідің бе, еліңінің сыртыңнан қаншалық қадір тұтатынын? Осындай ақ пейіл адамдардан неңді аяушы ең. Бұлданып, кергіген жерің бар ма? Мұнда сөз қылады-ау деп күдіктенетін көз таныстарың да кездеспейді... Қашанға дейін


 


бұғасың? Қарақшы қорлады деп, қара жамылып жүре бермексің бе?.. Мына жұрт дидарыңды көруге, әніңді өз аузыңнан естуге шөлдеп отыр. Айқайлап жіберші бір кеудеңді тік көтеріп... Жо-жоқ, мен асықтым, қоя тұр, Әсет!.. Мұның келіспес. Сабыр түбі – сары алтын, артын бағайық аздап. Орайы келер. Күнің туады әлі, қажыма, қайраттан!.. Аңсаған адамы болсаң да, мына түріңмен үркітіп аларсың. Өмірі бір дүркін көрмеген адамды кім танысын. Қазақ көзімен көрмегенге нанбайды. Аты-жөнің маңдайында жазулы тұрған жоқ. Түрің мынау жадап-жүдеген... Аңсап отырған Әсеттерің менмін десең тосыннан, дақпыртыңа бас иген қызба жастар күлкі етіп жүрер.


Бұлардың көзіне Әсет теңдесі жоқ керемет адамдай елестейді. Сөзіне иланбай, мақтаншақ атауы да мүмкін. Алжасқан біреу дер. Сондықтан дүрсе қоя беріп, үміттерін суытпа, сабыр ет... Құдай оңдап, реті кеп тұр. Анау домбыра қолыңа бір тисе, басқа бір әдіспен тегін адам емес екеніңді сездір. Ішіңді кернеп тұрған дауылдың шетін шығар. Ақтарылып дабылдатпа, іркіле айт. Одан арғысын ыңғайына қарай тағы көрерсің... Әсет сергек ойдың ұйғарымына бақты.


Мұқатай қара үзіп, оза шабатын жүйрік әнші болмаса да, сұлу, сылқым әуенімен жұртты үйіріп алған. Әлі уыздай жас қой, шынығар, шыңдалар. Талабы зор, сол жебейді. Әсет балғын жігітке көзінің астымен қарады. Думан қыза түсті. Енді кезектесіп өнер керсететін ойын басталды. Кезегі келгенде біреу ән салды, біреу өлең айтты. Түк айта алмаған босбелбеулердің алақанына соққы да тиді, біреуі аспалы арқанмен шаңыраққа да көтерілді.


Дүр-дүр етіп, өрттей қаулаған әзіл-оспақ дабыры үстінде дом- быра жылжи-жылжи сырғып Әсеттің қолына тиді. Сағынышы ду етіп тұтанды да, денесі қызынып, жүрегі алабұртты. Ар- манда айырылған ғашығымен қайта қауышқан жандай ыстық сезімге бөленді. Емірене уыстады. Байқауынша, думанға қатысқандардың бәрі, тіпті төрдегі жасы үлкендер де, шама- сы келсін-келмесін өз кезегі жеткенде өлең айтып, ән салды. Дым білмейтіндер азапқа түсті. Әсет алқына дем алды. Көптен ақтарылмай, кеудесінде тұнған ән нөсері жел айдаған бұлттай аударылып-төңкеріліп, жөңкіле аунақшыды. Домбыраны сүйіп алғысы келіп, құшырлана еміренді де, тосын адамдардан амал- сыз именді. Осындай астан-кестең сезіммен ұзақ толқып отырып қалған соң, жұрт кеу-кеуге басты:


 


– Кезегіңізді көп күттірмей, бірдеңе деңіз, отағасы, ойын суып кетпесін.


Әзілқойлар ілмелеп, жан-жақтан қылжақтайды:



  • Әу деп даусыңызды естіртсеңіз, құтыласыз.

  • Үн шығармай кете алмайсыз, отағасы.

  • Ойынға оты бар адамдардың ғана келетінін білмеп пе едіңіз!

  • Біздің мына ағаларымыз да білгенін айтып, міндетін өтеді.

  • Дым айтпасаңыз – оқтауға мінгіземіз... Кезектің тосылғанына жастардың тақаты таусылып барады. Бұл бөгесіннен өтсе, шалғыны жайқалған белеске шығатындай аптыға асығысады. Қынжылған да түрлері бар. Әсет бойын жинап, еңсесін сәл көтерді де, домбыраның құлағын қатайта бұрады. Бір-екі дүркін пернелерді басты. Қатардан қалмай, білгенімше бірдеңе дейін...

  • Е, жөніңіз сол.


Әсет домбыраның үнін баптап, құлақ күйді бастағанда сылқылдаған сұлу сарынның лекіген әуенінен өзіндік бір ерекшелік естілді. Жаңалық күткендей жұрт тына қалды. Әуен сазын байқағыштар елеңдей құлақ түріп, ынтыға қарасты. Сарынның айырықша лебі айқын байқалды. Жұрт ықыласы ауды. Сол құштарлықты пайдаланғысы келген Әсетте үздіккен ынтық ша- бытпен ширыға буырқанып, мұңы терең, сағынышы сорғалаған, назды да ерке әуенді бір қайырып тастады. Өзінің де денесі балқып кетті. Кеудесін сал көтеріп, үзілте суырылтты.


– Аман-есен жүрмісің, Ләйлім шырақ, Жаңа таптым ауылыңды көптен сұрап. Жел тимесе, жан тимес деп жүргенде, Қол ұстасып жатпенен кеттін жырақ.


Именіспен шырқалса да, өрім талдай ырғалған ән лебі самал- дай желпиді. Арманмен өрілген. Манадан айтылған әндердің сарыны үй іргесінен әріге ұзамай шашырап жатқан-ды. Мы- нау мұңға, сағынышқа, арманға, өкінішке толы өксікті әуен, зарлы ән тордан босаған торғайдай баяу қалықтап, ауыл үстін жапқан қара көк аспанды шайқай тербеді. Тымық түнді әлдилеп, жұбаныш тілегендей. Жаздың тып-тыныш кешін күңірентіп, аққудай сыңсып биікке самғады. Осы ырғақ арқылы Әсет те көңіліне тұнған ащы запыранын бір ақтарып салып еді, көкейі кеңіп қалды, зіл қиялдан аршылып.


Бұған дейін естіп көрмеген, сарыны бөлек, ырғағы жібектей есілген сұлу әнге жұрт тамсана бас шұлғыды. Сауыр мен


 


Алтайдың сай-саласында айтылып жүрген көп әндерден арыны да, жалыны да басқаша. Үзіліп бара жатқан үміттің үздіккен үні секілді. Оның үстіне мына бейтаныс кісінің қоңыржай тұнық даусы бозторғайдай безілдеп, шырқау биікке өрледі. Жалпақ жайлаудың мүлгіген қара түнін шайқай тербеді. Әннің соңғы үйірімін құйқылжыта құбылтып, бұралта толғай төгіп барып тоқтағанда, ұйып отырған жұрт тәтті ұйқыдан оянғандай тамсана таңдай қағысты. Рахат құшағына енгендей тыныстады. Сылқым әнге, майда қоңыр дауысқа мастана елтіді. Әсіресе, елеуреген Мұқатай іздеп жүргенінің ізіне түскен аңшыдай елеңдеді. Алы- стан қараңдаған қарасынан адасып қалғысы келмей ентелей құштарланды.


Мойыл қара сақалын қырғанымен, білеудей мұртын сипаған дөңгелек жүзді қара кісі жағы суалып, иегі сорайған жолаушыға үңіле, үздіге ықылас аударды. Бұл ауылдан, тіпті Қарағайлы өңірінен көрген адамы емес. Киім киісі де, порым-пошымы да өзгеше. Өнерінің көзі ашылмады дейтін жас та, жағы түсіп, сүйегі қаусаған кәрі де емес. Жер ортасына жақындаған жасамыс. Кім біледі, жаны тыншымай, бас сауғалап жүрген жан ба? Мына айтқаны өз мұңы болар, бәлкім? Қалай қарасаң да көкірегі ашық, жүрегінің оты бар саналы кісі-ау, тегі.


Басқалардан бұрын Мұқатай жөн сұрады қызығып:



  • Отағасы, бұл маңнан біз көрмеген адамға ұқсайсыз, кім боласыз? Әніңіз де тың екен.

  • Жолаушымын, шырағым, – деп жалтара жауап қайырды Әсет, арғы жағын, аты-жөнін айтып жатпай, – Анда-санда топқа кірсем, осылай қыспақтан құтылатын желігім бар.

  • Желігіңіз мынау болса, сарнай ескен желіңізді көрер ме еді шіркін, – деп, өтінген сыңаймен қарады Әлібек.

  • Ондай өнер қайда... Алыстан ән әуенін естіген соң бұрылып ем. Қажып келем. Жолаушыға қайда түнесе де бәрбір емес пе? Кезек келген соң көпшіліктің көңілі үшін білгенімді айтып, парызымды өтегенім ғой...

  • Жігіттердің жаңағы қалжыңын көңіліңізге ауыр алмаңыз, ойын ғой, – деп, жолаушының көңілін демеді Әлібек жуып- шайып.

  • Ештеңе етпейді, қазақ баласымыз ғой, түсінеміз ондайды... Мұқатай елегізулі. Тосын, жан-жүйені шайқайтын назды,


сазды әннің жай-жапсарын сұрады:



  • Аға, салған әніңіз жайында не білесіз?


 



  • Естуімше, бұл әннің аты «Ләйлім». Қазақ сахарасын әдемі әнімен тербеген Ақан сері деген әйгілі әнші өткен.


Сол кісі осы әнді шығарыпты.


Жайрандай шалқып жүретін сары даласы, жайқын көлі, қалың қатпарлы тауы есіне түсті де, Әсеттің жүрегі сыздады, өзегі талды. Сағынышы тасқындады. Кеудесі шымырлай қайнап, көзі жасау- рады. Кенет жанданып, жанарынан ұшқын шашырады. Сол дала, шалқар көл, асқар таулар менің әнімді аңсап, тосып жатыр ма екен?.. Лапылдаған ала құйын арпалысының бағытын көпшіліктің жамырай дулаған өтініш-қалауы басып кетті.



  • Тағы да бір қайталап жіберіңізші, ағатай!..


Әсет қызып кетіп, бүкіл түнді өз басыма аударып алам ба деп, имене жалтарды. Оның үстіне жол соқты боп қажып, шалдыққан да жайы бар еді. Бірақ қыз-келіншектердің жаудыр кездері еркіне қоймады. Сонда да бірден айтпады.



  • Кезек күтіп қалады ғой, – деп күлді Әсет. Жаңағы өзіне немкеттілеу қарағандардың сөзін мысқылдау үнмен қайталады. Бұл ыңғайды түсінген Әлібек жастар атынан үздіге өтінді:

  • Аңғырттыққа аландамаңыз. Тағы бір қайталаңызшы, талап- тылар үйреніп алсын... Әрі қарай зорламайық.


Осыдан кейін Әсет жұртты сарылтып, зарықтырған жоқ. Әлігінде ғана ойына үйірілген сағынышын қоса ақтаруды ұйғарды. Кеудесін кере басын көтеріп, ышқына дем алды да, тербетіле есілген әсем әуенді сызылта жөнелді. Сыңғырлай сорғалаған сұлу ән тыңдаушылардың жан-жүйесін балқытты. Кейбір мұңды жанарлар өз жүрегімен сырласқандай мүлгіп кетті.


Үйездеген жылқыдай бастарын шұлғиды. Ән сазына елти құлақ тосады. Ән ырғағындағы ерке наз, аіңы өксік, бұрқанған сезім, аңыраған арман, қасіретті қайғы, түнек мұң тымық түннің аспа- нында жел шайқаған бұлттай аударылып-төңкеріледі. Тұнық дауыс ақ пейіл анадай әлдилеп, тындаушыны бесіктегі баладай тербеді. Қабағының кірбіңінен жол азабы байқалатын бұйығылау жолаушыға елден ерек қызыға назар аударып, құлай құмарланған Мұқатай болды. Орын ауыстырып, қасына тақау отырды. Ілтипатын аңғартты. Өз жүрегінде бұл кісіге деген сүйіспеншілік мейірімнің қаулай оянғанын сезді. Тегін адам болмас-ау. Көпті көрген сұңғылалығы сөз саптасынан-ақ көрініп тұр. Ән салысын- да жасандылық жоқ, ышқынбайды, табиғи өріс. Даусында жанды балқытатын, ойды оятатын сиқырдай бір саздылық бар. Екі-үш күн қонақ қып күтейін. Тым құрығанда, осы кісінің өзі білетін жаңа,


 


бұл өңірге тарамаған әндерін үйреніп қалармын... Ойын осылай түйген Мұқатай жолаушыны жылы шыраймен қошаметтеді.


Сауық кешінің думаны түн ортасы ауғанша созылды. Одан кейін арнайы әзірленген табақ тартылды. Ас ішіліп болған соң көпшілік тарауға ыңғайланды. Дүркірей түрегелісті. Есік жақтағы жастар сыртқа лап қойды.


Елге ілесе далаға шыққан Әсет қайда барарын білмей аңыра ойланып тұр еді, қасына Мұқатай жетіп келді, арсалаңдай күліп.



  • Аға, біздің үйге жүріңіз, мына белдің астында.

  • Осында-ақ қона салайын да.

  • Жоқ, менің құрметті қонағым боласыз! – деп қолқалаған Мұқатай қояр да қоймай жолаушыны ертіп алып кетті...





Пікір жазу