03.01.2022
  276


Автор: Құрманбай Толыбаев

ПӘЛЕ-ЖАЛА

Ала  жаздай  мейманы  болып,  үлкен  сый-сияпатын  көрген ауылдан күн арқан бойы көтерілгенде аттанған Әсет суыт жүріп кеткен. Биік жоталардың баурайына шеккен дымқыл тұманы сірескен Барлық тауының көкпен астасқан ұшарына, көгілдір қырқасына, мұнарлы жондарына, шөбі сарғыш тартқан ойпатта- рына, тілім-тілім қырқалары мен мүлгіген сай-саласына, кереге қиялардың төбесіндегі жалпақ жазыққа тігілген ақ шаңқан үйлерге енді бұрылып қарамады. Көкейінің терең түкпірінен жақсы адам- дарды қимаған көңілшектік мұңы қозданып, іштей қобалжыған. Көңілді елегіздіретін елжірек қимастық желеуімен өз жүйкесін өзі босатқысы келмеді. Айналасына бұрылып қарамағаны да сол. Тек екі-үш белден асқаннан кейін ғана астындағы сидам торы төбелді тебініп, арынын үдетті. Семіз ат денесі қызған сайын екпіндеді. Та- лыстай омырауын желге тосып, адымын кере аяғын ширақ сілтейді. Жүрісін жеделдетті. Қарсы соққан желге желпінгендей басын шұлғи изеп, жайнаң қағады. Қамыс құлағын қадалта тікірейткен. Елеңдей тың тындайды. Алақандай дөңгелек көзі шоқша жайнап, оңы мен солын жіті шолады.


Қарсы алдындағы Көкжонның аласа белінен шаңқай түс әлетін- де асқан Әсет сары қырқаның етегімен жалғасып жатқан Күптің даласы аталатын кең жазықтың шетіне ілікті. Қат-қабат жатаған адырларды шарлаған қасқа жол бұдан әрі қаңыраған елсіз даланы шиырлап, бір қиырға созылады. Қара жол үстінде жападан жалғыз жортқан қазақтың әлденендей қиял шегуі некен-саяқ құбылыс. Одан гөрі айналасындағы бел-белестердің түр-түсіне, шөбінің қою- сұйықтығына, көз ұшында бұлдыраған қараң-құраңға көбірек ден қояды. Өзі құшағында өскен табиғаттың қилы-қилы құбылысын ынтыға қызықтайды. Содан рақат тауып, соны мерей санайды. Тек жан дүниесін күйзелткен, ауыр сергелдеңге салған төтенше дау-жалаға ұшырап, жазықсыз жәбірленген кезде ғана күйінішпен қиялға шомады, іштей күңіренеді. Сонда адамға тән парасаттың қасиетін саралап, тұңғиықша тұнады. Ішін өртеген жалынның қалай тұтанғанының себебіне ой жүгіртеді де, соның жұмбағын шешу үшін шытырман толғаныспен ширығады. Басынан кешкен оқиғаларды көз алдынан тізбектеп өткізіп, бір-бірлеп санамен сүзеді. Әр ісін ақылмен өлшейді. Өзі араласқан әрекеттердің қылт еткен қылаңын таса қалдырмай, аударып төңкереді. Ақ-қарасын айыруға талпынады, өзінің шын адамдығына көзі жетсе, жүрегіне


 


шаншудай қадалған опығы сейіліп, күмәнді кінәраттан азап шек- кен жаны жадырайды. Одан әрі тулаған толғанысы көңіл күйін тербететін жол серігіне айналады. Жазықсыздығына иланса, жел шайқаған құрақтай ырғалады. Масайрап, ыңылдай әндетеді. Ма- надан бергі Әсетті ширықтырған көңіл күйі де осы тақылеттес еді. Қалың шиге ілінгенде табаны жалпақ қара жол едәуір жіңішкерді. Үстін шөп басқан. Жаз басындағы көші-қон кезінде малдың тұяғымен тапталған ши түбірлері қайта көктепті. Жаз бойы жүргінші сирек жүргендіктен бе, бүрлене жетілген. Атты кісінің тізесін соғатын ұзын ақ ши өскен Ақдала жазығын қақ жарып өтетін таспадай тартылған жолға түскенде Әсетті тағы да қым-қуыт өкінішті ой билеген-ді. Өзінен-өзі елегізіп, шиыршық атады. Жазықсыз жалаға ұрынуының себеп-салдарын іздейді. Көз келген қазақтың аузынан: «Ер жігіттің басынан не кешпейді...» деге сөзді жиі естисің. Сонда мұнымен нені меңзегені?.. Ұштықсыз шырғалаңнан шыға алмаған соң, қыспаққа түскен адамдардың өзін-өзі алдарқатқан түрі ме? Жоқ әлде, басына төнген қиянат пен қасіреттің тығырығына амалсыз мойын сұнып, ықтиярсыз көнгені ме?.. Ол да тайғанақ сүрлеуді жұбаныш қып жүр ме? Жоқ, жолы


бөлек, басқаша мақсаттың жетегінде.


Соңғы кезде өзінің күн сайын немен шүғылданғанын ойша шолып, салмағын саралаған Әсет шексіз шиырды шарлағандай түңғиыққа шөккен-ді. Көңілін сұрғылт тұман торлағандай. Қара басының қамын күйіттей бастаған сыңайы бар. Кеудесіне тастай түйілген реніштің суық табы денесін түршіктіріп, бүйірінен түртпектейді. Анықтап ештеңені қармана алмаса да, өзіне жабылған жалаға зығыры қайнайды. Ойы астан-кестең. Ызалана шамырқанады. Бойын долданған ашу қысқан. Жазығы жоқ қой, ендеше сонша қорлағаны несі? Әлде шеттен келгенін желеу қып, есерлердің қаңғыбасқа санағаны жанына батты ма? Күйінішін өзі де түсіне алмай әлек. Бір-ақ құбылысқа қатты ызалы. Ол – қазақ ішіндегі жымысқылардың өсекшілдігі. Олар біреуді жасыту үшін жанын салады. Мұны біле тұрып несіне күйінеді?.. Әлде шалғай кетіп, бірнеше айлардан бері көрмегендіктен үйін, ошағының ба- сын сағынғаны ма, соған ауған аңсарының ауаны ма?.. Мұндайда адам не ойламайды...


Іштей бұрқанған Әсет осы сарынмен өзін-өзі демейді: Қайтейін,


жаратылысым солай, түздік болып туыппын, түздік болып өтетін шығармын. Ел араламай тұра алам ба? От басында омалып отыруға дәтім жете ме? Халқым қалайды. Даурықпа қошаметпен емес, шын


 


пейілімен ұйып тыңдайды әнімді, өлеңіме елтеді. Көңіліне жақ- қаны ғой. Сол әннің әуенінен тіршілігінің тынысын табады. Соған орай елдің қамы үшін емес пе бұл ісім? Сондағы айыбым қайсы? Ел ықыласы мені де жебейді. Халықтың қалауын орындамасам, өлеңімнің, әнімнің мәні не, сәні не? Даңғазамен далақтап жүргем жоқ. Мұны сезбесем, түйсіксіз топастан айырмам қайсы?.. Онда ақындығымда, адамдығымда парық та қалмас еді. Айдаладағы қу қазықтай сорайған сиқым кімге керек?.. Малдың соңына еріп, ойсыз-күйсіз күйбендеп көше беруге төзем бе?


Ондай ақынның тірі өліктен несі артық? Мал бағуға да амал керек.


Ақыл-ойым ән мен өлеңге ғана жұмылған... Рас-ау, кейде үйден бір шықсам, артыма қарайлай алмай, жүрісімді ерепайсыз ұзартып алатыным да бар. Қайта оралуымның өзі талайға созылады. Екі- үш айдың, тіпті жылдың жүзіне ұласады... Бұл да көңілшектіктің салдары шығар. Өйткені қай ауылына барсам да, қазақ баласы ере түрегеп, құрақ ұшады. Аңқылдап, ағынан жарылады. Сол ыстық ықыластары ырқыма қоя ма?.. Орталарына шегемін де кетемін...


Буалдыр болжаммен ғана Әсет өзін-өзі ақтайды. Қазіргі сәтте кеудесінде тулап, қазандай қайнаған мазасыздығы неден, қалай пайда болды? Күйінішінің түбіне көбірек үңіледі. Адамның күні адаммен. Алайда, біреудің көзі жақсы, біреудің сөзі жақсы деп, көрінгенге жағынып, жалпақтаған, өлеусірей өмінген жері жоқ. Бұл елді қастерлесе, елі мұны төбесіне көтереді. Соған дағдыланған. Ел сый-құрметінің арқасы шығар, артында қалған үй-баранына қамқоршылары да көп. Жолдас-жораларының ақ пейілі, ықылас- ниеті аруағын аспанға ұшырған. Сол дос-жаранын, ағайын- аймағын, құрбы-құрдастарын сағынған сарын ба жан-жүйесін шарлаған, ой-санасын тебіренткен? Өзі кешкен өмірден бірсыпыра көргені де, білгені де бар. Тіршілік сипатын түсініп, көкейіне түйгені де желілі. Ой үстінде соның бәрін елеп-екшеп, жіліктеп жату шарт па? Жүрегінде жүретіні – елі. Тау-тасқа бытырай жайылған қой құсап, сай-сайға шашырай қонған қазақты жіктеп, бөліп-жара қараған пенде емес. Бұл тұрғыда өз байламы бар. Тұтас елді боршалайтындар да, жырымдап-жыратындар да, әлде біреуге арқа сүйеу арқылы қара басын өрге сүйеп, билікке жету үшін жанталасатындар. Ондайлардың ойында қаншама пәле-жала жатады десеңізші!.. Бір биеден ала да, құла да туады. Сөйтсе де, еш- қайсысы үйірден бөлініп, оқшау кетпейді, бірге жайылады. Адам баласының да түр-тұрпаты, порым-пошымы ұқсас болғанымен,


 


әрқайсысын даралап қарасаң өзіне тән мінез-құлқынан, іс- әрекетінен кереғарлықтар байқайсың. Сонда да қоғам-тобынан, өзі өмір сүрген ортасынан алыстап, лағып кетпейді. Жалғыз адам жалпақ далада өмір де сүре алмайды. Әйтсе де адамдардың кереғар әрекетерінің қырсығы да елді бүлдіреді...


Ойлап қараса, Әсет жарық дүниені жалпағынан басып жүріп, еш бір мұңды елемей, жайраңдай беріпті. Соның салдарынан жүрегін жаралаған қиянат соққысына душар болғанын сезбей де қалыпты. Аяғын қанша аңдап басса да арандапты. Алдынан қазып, бетін жауып қойған орға ұрыныпты... Жабырқаса да жарылқауды тілеп, жауығушыларға жалбарынбады. Олай еткені бейшаралық болмас па еді?.. Басын шалған бұлттың айығуын тосып, бас бағып жата беруге де ары бармады... Е-е, өткен істің зардабын айтқанда алғы күннің түбін ойлап: ер жігіт, не көрсең де шыдап бақ, басыңды имей қасқайып тұр, ауыртпалықты арқалап ал да, жүре бер. Пәле жабысқан жерден ұзаған соң аударып тастауың оңай дегені ме, осынау иен даланың төсінде талай тайталасты, аумалы-төкпелі тауқыметті басынан көп кешірген қазақ пақырдың?..


Кешегі қанжайлау үстінде көлдей көлбеген Қоңыраба сазының төрін жайлап отырған Қоңыр төренің қонағы болды. Оның атақ-даңқына жығылып, жылу сұрай барған жоқ. Елдің тізгінін ұстағанына елірмейтін, қайта сол елдің іргесін қымтағысы келетін білікті, саналы, білімді кісі деп естіген соң, көңілін жықпай барған. Онымен сыйласа келе бір елдің қатардағы басшысы ғана емес, айналаны тұмшалаған қараңғылық мұнарын сейілтіп, надандық тұманын айықтыру арқылы халықтың көкейін ағартудың жолына айырықша күш-қайрат жұмсап жүрген, ел мен жердің тарихына қанық, әлсіздің мұң-зарына құлақ асатын, халық өнерін, өнерпаз адамдарды қадірлеп, шынайы адамдықпен аялайтын жарық сананың иесі екеніне көзі жетті.


Майлы-Жайыр жоталарының ұланғайыр алабындағы қалың елдің ішінде думандатып жүрген Әсеттің ақындық, әншілік даңқын естіген Қоңыр қос ат жіберіп арнайы шақыртқан. Мұндай ілтипат қазақ баласының бәріне ортақ емес, ішін ара біреуінің ғана сирек көретін сыйы. Халықтың құлай қастерлейтін ардақты адамына ғана арналатын құрметінің белгісі, игі дәстүрі. Мұны білетін Әсет те бәлсінбеді. Шақыртушының тілегін қабыл алған. Осынау қалың қатпарлы таулардың төбесіндегі шалғыны ширатылған жалпақ жайлауға осылайша төтенше қалаумен келген. Мұнда бір адамның ғана емес, күллі елдің қошаметіне бөленді. Мейіріне қанды, мерейі


 


өсті. Қоңырдың әдейілеп шақыртуында да мән бар екен. Өнердің артықшылығын еліне тереңірек танытып, жастарын жебеу үшін істеген бір шарасы сықылды. Елдің арғы-бергі жай-күйін барлап, болашақ тағдырына сарыла ой жүгіртетін Қоңырдың арманы сырласа келе Әсетке де ықпал етті. Күн сайын әр қилы оқиғалар желісін әңгімелесе жүріп, мұңдас досына айналды. Ой-пікірлері бір арнаға тоғысты. Адамның талай саңлағын көрген, небір тіл безеген ділмарлардың сөзін естіген Қоңыр мына ақынның алғырлығына, тәтті тіліне, аңғарлы ойына тәнті болды. Алғашында асқан әншілігіне ғана сүйсінгенімен, қоғамдық ой өрістің ағысынан ірі білгірлікті күтпеген еді. Қазақ арасындагы жымысқылықты қас жауындай даттайды. Ел меселін қайырмайтын дархан көңілін, мейірімділігін Қоңыр да ұққан. Сыйластық-жарастықтан туған сыпайы мінездерімен біріне-бірі жанасып алған-ды. Әсеттің бір- екі жас үлкендігінің өзін таудай санаған Қоңыр оны ағасындай қадірлеп, шынайы адамдық санамен құрметтеді. Өз ауылының талапты, ынталы жастарын қасына қосты. Өнерін үйреніп қалуды тапсырды. Сай-сайдағы ауылдар күнде той етіп жатқандай қалыпқа ауысқан. Әр кеш сайын бір белдің, астынан ән шырқалып, күй сарыны күмбірлейді де жатады. Ән думаны апта сайын Қоңыр ауылына қайта оралады да, тымық түнді сыңғырлаған әуенмен тербейді, күлкінің базары қызады.



  • Әсаға, – деді көңілі шалқыған Қоңыр бір күні өз үйіндегі

салтанатты мәжіліс үстінде. – Сізге бір тілегім бар еді?..



  • Е, айта ғой, қолдан келсе, орындайын.
  • Еліміз қараңғы, білім шырағы жанбай тұр. Жетекшіл тайлақ секілді, кім-көрінгеннің бұйдасына байланып жүре береді. Кім не айтса, бәрін шын көреді.
  • Арамдығы, айласы жоқ, аңқылдаған ақ көңіл, сөзге сенгіш халықпыз ғой, Қоңыржан, – деді Әсет күліп. Оның ойын шашы- ратпай жебеді. Мұны Қоңыр да қостады.
  • Содан да шығар... елді аралап, қаңғып жүрген ала аяқтар Алланың атын айтып, азан шақырса, жанымен сенеді.
  • Өздері білмеген соң қайтсін?..
  • Соны көп ойлаймын, бірақ қол ұшын беретіндер аз.
  • Дүние бір-ақ күнде жаралмаған, табанды бол.
  • Қашанғы салпақтап жүре береміз.
  • Табандылық тапжылмай жатып алу емес – ойыңды тиянақты іске асыру.
  • Талап бар-ау, кедергі көп.

 



  • Содан баса-көктей өтуге әрекет ет!
  • Өзіңіз себіңізді тигізіңіз.
  • Қалай, қайтіп?..
  • О баста біреу осы өңірге Орал тауларының етегінен кәсіп іздеп келіпті, – деді Қоңыр алыстан орағыта жіпселеп. Әсет те бір сырды сезді де, сөзін бөлмеді, Қоңыр асықпай, қаптап айтатын әдетінше сыздықтата айтты. – Оның аздап оқығаны бар екен. Кең қолтық елдің алаң-ашық құшағына енген соң, аңқаулығын байқап, қулыққа басқан. Молда халықты ақ ни- етке, адамгершілікке баулымай ма? Ал біздің шала молдамыз жылы-жұмсаққа тұмсығы тиген соң, ық іздейді. «Таннымаған періштеден бой үйренген сайтан артық». Көз үйренген ел оның білімімен санасып жатпайды. Не айтса да, бас шұлғиды. Бүгінгі күні молданың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Айналасында шек жоқ. Ел ішіне ши жүгірте жүріп, анау-мына- уды шеніне маңайлатпайтын май табандарға арқа сүйеп алды. Шама-шарқын шамалайтын кісі шықпаған соң, молдамыз далаға құлаш жайды. Бірде-бір ғұламаның алдынан өтпей-ақ, хазірет атанды. Түгін қалыңдата түсті. Елдің құлағына сіңіп, ауыздары үйренгенше, хазіреттік атағын жақ жаппай уағыздады.
  • Аңқау елге істейтін арамза молданың қылығы солай бо-

ламай ма?



  • Өздеріне қолайлы болған соң ба, бірте-бірте пайдақүнемдер жамырып қолпаштайтынды шығарды. Молданың қолымен от көсейтіндер де желкесі күжірейіп, жүнін тікірейтті. Мол- даны қолшоқпар қып, шариғаттың көлеңкесін саялау арқылы білгендерін істеп жүр. Тізгін қақтырмайды. Қаттырақ мытып жіберсең, елді бүлдіріп, дау қоздырады. Амалсыздан көніп, ел тыныштығын ойлаймыз.
  • Қысымға түекен түрің бар ғой?
  • Өз басым емес. Атақ құмарлар шала молданың уәжін сау- далайды. Сол ораймен молдамыз діннің ізгі жосығын лайлап, бисмилланы мал жинаудың құралына айналдырды. Қырық жылдан бері қыр қазағының сүйегін кеміріп, етін қырнай мұжып келеді. Жалы қалыңдап, қоңы майланды.
  • Байқауымша, мұнысы шариғат шартына сыймайтын қылық қой...
  • Ол ғана емес, енді өлім-жітімді де, той-томалақты да сауда- ға салатын қағида шығарып алды. Медреседе оқыған адамсыз, жөні болмаушы ма еді?

 



  • Ондай істерге белгіленген анық нарықты естіген емеспін.
  • Жаназа шығарса да, неке қиса да молдаға ақы төленуге тиіс. Халықтың ақ-қараны айырып, етек-жеңін жинауына себін тигізген ісін білмеймін. Алғашында бала оқытыпты, алдынан хат таныған бір адам шықпапты. Бала кезімде менің де бір жыл- дай салпақтағаным бар. Әріптің қарасын айыра алмай кеттім. Соған көзі жеткен әкем Үрімжіге ап барды да, заманға лайық білім үйрететін мектепке орналастырды. Амал қанша, көп оқи алмадым. әкем дүние салған соң, елге оралдым.
  • Е-е, Қоңыржан-ай, біздің өренсіз халқымыз ондай-ондайды елей қоя ма? – Әсет өзінің де түгесілмес өкінішін ақтарып. – Байқауымша, азулыларға арқа сүйеп алған шала молданы тежеу- ге де күш керек. Құдайшылықты надан халықтың аяқ-қолын, ой-санасын матап тастайтын құлдық шынжырына айналдырған. Жемтікке ұмтылмайтын құмай жоқ...
  • Оған көзіміз жетті.
  • Діннің бұлжытпай орындалуға тиіс парыздарының ішінде баланы оқытып, білім үйрету де бар.
  • Сол парыздарды насихаттап жүрген молда да жоқ, бетімен кеткен, ойлайтыны құлқын ғана. Иттің де иесі бар емес пе? Елді қорғағым келеді.
  • Кейбір молдалар әнді сайтанның азаны санайды. Ойын- күлкіні тежеу үшін арпалысады. Сол да біліктілік пе? Олай болса, арабтардың ән салып, өлең айтпауы керек қой. Біздің дініміз солардан тарамады ма? Жо-оқ, небір дана ақындар араб- тан шыққан. «Шала молда дін бұзады» деп тегін айтылмаған. Дін жайын мен де аздап білемін. Оның парыздары адамды тек жақсылыққа ғана үндейді. Жалған уағызға мен көнем бе?

Себебі әншілерді жұрт молдадан артық көреді. Сол үшін олар үрейшілдерді шошытып, өздерін қорғауға амал іздейді... бәрібір ән өзінің асыл қасиетімен асып түсіп жатады.



  • Олай болса, Әсаға, – деді Қоңыр ойын айтар ыңғайын тап- қандай қуанып. – Өзіңізден өтінеріміз мынау: ақынның сөзі дауылдай күшті, төз тарайды да, елді дүр сілкіндіреді. Жаңағы айтылған шала молданың қылығын, тек мал жинау үшін ғана жүрген дүние қоңыздығын, аңқауларды алдап соғатын айла- сын, құм санайтын қулығын айтып, бір мысқыл құрастырып беріңізші.
  • Мен айтқанды ұнатамын, мысқыл шыға қоймас.

 



  • Мейлі, әйтеуір, сойылыңыз дәл тисін. Өлеңге, әнге әуес та- лапкерлер жаттап алсын. Ауыл-ауылды аралағанда айта жүрсе, елдің сенімін өзгертер. Құлағына сіңер.
  • Бұл кереғарлықты мен де сезіп ем.
  • Сол ісіңіз титтей де болса көз сүзген мақсатымызды жебер ме еді. Тым құрыса «бақаның саруы көлге сеп» деген құрлы себі тиер. Қараңғы елдің көкейіне бұл шараның жылтылдаған шырақ жарығындай ғана елесі түссе де жақсылық емес пе?.. қытай халқының: «Тас қараңғыны шырақтың да жарығы бір серпеді» деген сөзі бар.

Ойын бажайлай айтқан Қоңырдың сөзін қостағандай жігіттер Әсетке өтінішті үмітпен қиыла қарасты.



  • Ызасы қатты батып тұр, Әсаға!.. – деп кіжінді тоқпақтай шымыр, бойы аласалау, басына үкілі тымақ киген қызыл шы- райлы жігіт бұлқынып. Оның қасындағы қияқ мұртты, дөңгелек жүзді, кербездеу ақ құба жігіттің тізесінен басып-басып қойды да, әзілдей күлді:
  • Сабыр, Әсейін, сабыр!.. Алып-ұшып аптықпа. Ондай өлеңді сенің аузыңнан естісе, хазірет ауылының маңына аяқ басуың мұң болар.
  • Әлсейіт-ау, білмей жүреің бе?.. – деп таңдана бұрқанды Әсейін. Қысықтау қара көзіне мұң ұялады. Еңді маған бәрі бір!.. Айтсам да шауып ала алмайды. Тас ошағының талқаны шықсын!.. Мені елейтін хазірет те жоқ...
  • Өз болжамың ба, Әсейін, әлде, ұйғарымы солай ма? – деп, Қоңыр қасіретті жігіттің күйініштен жабырқай қызарған жүдеу өңін шолып өтті. Мұның жүрегін тербеген асыл арманын естіген. Енді сол үміттің құрдымға құлап бара жатқанын сезіп, өзі де қиналды. Қайғы-қасірет құрсаулаған қайран жас дәурен-ай. Әсейінге аянышпен қарады. Қатты жабырқаған, қаны ойнап тұратын жүзі солған, ұйқы көрмегені шығар, қабағы қатқан. Әсейін мұңая жауап берді.
  • Мен ондай байламға бара алармын ба, Қоңыр аға... Шамам да, шарам да жоқ қой...
  • Ендеше батыл кіріспей, неден қорқасың? – деп, Қоңыр сыр тартты. Жігіт күрсініп, жіберді.
  • Мұның ойлаған мақсатын тұман шалып, аяғы насырға шауып тұр, Қоңыр аға. Хазіреттің қызына Шүленбей құда тү- сіпті, – деп, ашаң ақ сары жігіт жолдасы үші жауап қайырды. Мұң шаққандай жабырқады. Даусында бір тілектің сарыны бар.

 


Соны сезген Қоңыр жастарды жадыратып, Әсейінді жебегісі келді де, молданы мысқылдаған кейіппен күлді.



  • Е-е, май табан семіздің жалына жармасқан екен ғой. Шылқа майға бөккісі келген қорқаудын айласын қара...

Өзінің де қолданар шарасы жоқтығын айта алмады, Әсейіннің айналасындағы жолдастары да жүдеу. Үнжырғалары түсіп, жүн- дері жығылған. Жаутаңдаған жанарларын үмітсіздік мұнары торлаған. Жастарыды осы күйініштен сергіткісі келген Әсет серпіле төз қимылдады да, домбырасын сыдырта қағып-қағып жіберді. Бойын тосын шабыт керне-гендей алабұртып алған.



  • Қане, жігіттер, тыңдаңдар!.. Мен де өмір бойы зорлық-зом- былықпен арбасып жүрмін. Молдалықтың адамдық тәрбиеге тигізетін пайдасы да зор. Арамдықтан аулақтатып, ар-намысты таза сақтауға баулиды. Сол үшін ел ұйиды. Шала молдалардың ісі бұған кереғар. Сондықтан олардың өз шоқпарларымен өздерін соғу үшін шариғат тарауларының игі жолын шиырлайтыным да бар. Оныммен дін жосығын қуалап, уәж-парыздарын ұдайы уағыздаған емеспін, жақсылықты ғана жақтаймын. Мына хазіреттеріңнің құлқын құмарлығын шет-жағалап естігем. Ел арасында да нара- зылар көп-ау, шамасы... Осынау кең пейіл жұрттың дәмін татып, сыйын көріп жүрген соң, ұйып отырғаны ғой, тиіспей-ақ қояйын деп, іштен тынатынмын. Ақыры, өздерің қалап қалдыңдар ғой, несіне іркілейін. Ерік берсендер, ерінетін мен емес...
  • Іркілмеңіз, Әсаға!.. Дуалы аузыңыздан шыққан сөзіңіз дертімізге шипа болғай!.. – деп, қозғалақтаған Қоңыр шынайы ықыласымен қайрай қостады. Көптен көкейін тұмандатып жүрген ойының жарыққа шығатынына сүйсінгені еді бұл. Қараңғы елді Құдай атымен арбап, шариғат шартына жанаспайтын сөзімен алдампаздықтың айласына ысылып алған хазіретті қалай да ауыз- дықтағысы келетін. Бірақ қуыршақша қолтықтарына қысып алып, басынан сипалай қолпаштау арқылы оның дүғасымен өз атақтарын асыруды, тіпті пейіштің төрінен емін-еркін орын алуды көксейтін майтабан көрсоқырлар мен көкжал бөрідей азулы айбаттылар тістерін ырсита ырылдап, ырық бермейтін. Ал ақын айтса – елге жағады, ақ санайды. Сеніп қостайды. Сөзін жерге тастамайды.

Шариғат қағидаларының сан қилы бұралаң соқпақтарының тарау-тарау ережелерін тәп-тәуір білетін, мағынасы мен маз- мұнын шешіп, түбін түсіндіре алатын Әсет діннің атын жамы- лып, өңешін толтыруға қүныққан қудың қылығын жүйелі дәлелдермен ап-айқын айтып шықты. Өзгеше әдіс қолданып, молданың өзі боп Құдайға шағынды:


 


Илаһи1 падишасы күллі жайдың, Барша ғалам, аспанда күн мен айдың. Өзіңнен бір жақсылық көрем бе деп, Тіленіп күндіз-түні қолды жайдым. Тағдырда жазылған сол әміріңмен, Татырдың дәмін маған үшбу жайдың.


Хазірет – Ахметкамал менің атым, Әсілде башқұрт еді нағыз затым. Қайғыдан қан құсатын болғаннан соң, Аллаға жеткен шығар мінәжатым.


Тілеуім қабыл болып, айтқаныма Жүргіздім бұл қазақтың жамағатын.


Тау-тасын араладым, бала оқыттым, Байқадым пиғылағын надан жұрттың. Қазақта жақсы да бар, жаман да бар, Теңесіп жақсысымен төрге шықтым. Кей-кейде даң қылады құлағыңды, Сөзіне басым қатты талай қырттың.


Сұрайды шариғатты білмесе де, Құмартып қүнығады білгіші де. Сұрайды да, шетінен ду күледі, Қазақтың ғажаптандым бұл ісіне. Сан саққа жүгіртеді әр сөзіңді, Көп екен арасында ілгіші де.


Ат таптым, түйе таптым, ақша таптым,


«Аллалап» аузымды аштым, таспих тарттым. Ауру деп Қалдан қажы естіген соң,


Тағы да а Құдайлап соған шаптым.


Бұл жолы қырсық шалып, өлмей қалып, Ауырып Сейдекеде бір ай жаттым.


Өлетін енді кім бар бұл маңайда, Кісі өлмесе табатын ақша қайда? Халі біткен Іргебай, Исабай бар, Бірі өлер, тым құрыса, туар айда. Құдай-ау, шыныменен құлым десең, Бірін емес, екеуін қабат жайға...


 
  

 


1 Илаһи – жаратушы құдірет иесі.


 


Алты қанат ақ үйдің босағасынан төріне дейін иін тіресе сығылысып отырғандардың біреуі таңдай қақса, біреулері тым- тырыс. Сөздің мән-мағынасын, түп-төркінін үғып алғылары кел- гендей терең тебіреніспен ойға шомған. Әркім әр қилы жорамал- дайды. Сол үнсіздікті Қоңырдың биязы үні серпіді.



  • Құпия сырын молданың өз аузынан айтқаны тіпті қолайлы болды-ау. Жалған жыртыс жыртқыштар да қарсы дау көтере алмайтын шығар, – деді іштей қауіптенген бір жанжалдың түбін ойлағанына жауап тапқандай. Сонан соң мақсаттары орындал- ғандай жайраңдай жымың қаққан жастар жағына назар салды. – Қане, жігіттер, қайсың айтасың қайталап? Ұғып үлгергенің ба ма?
  • Мен байқап көрейін...

Манадан домбырасын кеудесіне қысқан қалпы тастай түйіліп, құлағын түре ынтамен тыңдаған Әсейін ұшуға қомданған құстай тыпыршыды. Екі иығынан дем ала қозғалып, оңды-солды ырғалып- ырғалып қойды. Өлеңді түйдектете төккен жүрдек әуеннің сары- нын Әсет тоқтатқан заматта-ақ іліп әкетуге әзір еді, әдеп сақтап, артын тосқан. Қоңырдың үмітпен жебей сұрауы демеді де, ба- стай жөнелді. Әсет салған ырғақтың сарынын бұзбады. Өлеңді де өзгеріссіз, бөліп-жармай төгілте қайталады. Жүріс-тұрысы жеңілтек әрі еркелеу Әсейіннен мұндай алғырлықты күтпеген Қоңыр да, ентелей тыңдаған жолдастары да сүйсіне тамсаны- сады. Өзіміздің салғырттығымыз-ау, осындай адамымызды да байқамайды екенбіз деп ойлады Қоңыр мұңайып. Албырт жол- дасын ыстық ықыласымен жебегісі келген Әлсейіт әзілге басты:



  • Хазіретке тісіңді қайрап-ақ жүр екенсің-ау, сабазым!..
  • Енді қайтсін... – деп оның сөзін жуан сары іліп әкетті. – Өртенген жүрекке оңайлықпен ем қона қоюшы ма еді? Ал мұның қасіретін хазірет елеп жүр ме? Қара жартастай асу бермей, көлденең түсіп жатып алған жоқ па?..
  • Жасыма, бауырым!.. – деді Әлсейіт енді шынымен қайрап. – Мейлі, хазіретімен қоса қызы да сенің садағаң кетсін!.. Қадіріңді білмеген адамнан не қайыр күтесің?

Суық сөздер арқылы ғашық жігіттің көңіліне салқындық салудың амалы еді бұл. Өздері арқа тұтып, тірек санайтын үй иесінің қабағы қатып, әлденеге қамыққандай үнсіз ойға шомғаны әзіл-оспақтың өрбуін тежеді. Өйткені Қоңыр бұл кезде бір жағынан Әсейінге жаны ашыса, екінші жағынан Әсет салған жаңағы әуеннің су жорғадай жосылған жаңа сарын екенін байқаған. Сол әуенмен әп-сәтте тың әннің туғанына қайран қалып, таңданыс әуестігі тебіренткен. Әлден уақытта сол сезімін сыртқа шығарды.


 



  • Әсаға, өлеңмен қоса жаңа бір әуен де құрадыңыз ба, қалай?

Мынауыңыз біз әлі естімеген сарын ғой?


Елеуреткен құштарлық жетелеп, дөңгелек көзі ұшқындады. Албыраған бетінде таңданыс нышаны басым. Ақынның өлеңі мен әнінің сырына құлап түскендей.



  • Е-е, сарын ба?.. – деді Әсет желпінбей, жайбарақат түрмен. Мұнысы өзіне әдеттегі іс сияқты. Солай болуға тиіс деп санайтын түрі бар. Бұл істегі ұғымын түсіндірді.
  • Әр өлеңнің желісіне лайық ырғағымен қоса, естіген кісіні баурап, құлаққа безеп жеткізетін, зейін зересіне шашпай – төкпей құятын әуені де болғаны абзал. Өленнің бәрін бір-ақ сарынмен айтсаң, тындаған жұрт жалығады. Сөздің сыны бұзылады, құны төмендейді. Әсерлендірмеген соң, мазмұны қалмайды. Ой ағысына сай келетін әуенмен айтылған енді ел ұйып тыңдайды да, санасына сіңіріп алады.
  • Ондай құдірет барлық ақыннан табыла бере ме, Әсаға?..
  • Төрт аяқтының бәрі тұлпар емес. Әр жүйрік әліне шабады да.
  • Сөйтсе де, өлең мен әннің туын көкке көтеретін дара жаралған дарынды адамдар ғана емес пе?..
  • Жел еседі, құм көшеді, Қоңыржан. Ел қалады. Елмен бірге ән де, өлең де шалқиды тынбастан. Менің етек басып отыры- сымнан гөрі жүрісім көп. Қайда барсам да соңыма ерген мына Әсейін сықылды өнерпаз жастарға сенемін де, үйреніп қалғанын қалаймын. Өлең де, жаңа әуен сарыны да осылар үшін ғой.
  • Сіздей дархан адамы барын халық та біледі, Әсаға, – деп көтермеледі жүзі жайнаған Қоңыр. – Бірақ, шіркін-ай, әніңіз бен сөзіңізді тыңдаған халықтың тамсанғаннан басқа қолынан келер ештеңесі де жоқ, амал қанша?..

Мұңая қамыққан Қоңырдың көңілін енді Әсет аулады:



  • Әй, Қоңыржан-ай, оның несіне қынжыласың? Өзіңде жоқты кім ұстата қоюшы еді жарылқап?.. Артын тосамыз да...
  • Қашанға дейін қол қусырып мүлги береміз? Одан серпілетін күн туар ма, кім білсін? Тіпті жалпы тізбегі екі мыңыншы жылға аяқ басқан жиырмасыншы ғасырға кіргенімізді білімді жұрттарда екінің бірі білсе, біздің қазақтың оны ойлайтыны да жоқ...
  • Бұрқансақ та бүтіндеуге шама бар ма?
  • Заман озып барады, қара үзіп қалу да адасқанымыз...
  • Қазақтың көкірегі ояу, көзі ашық деген азаматтарының көбі осы күнге дейін тек надандықты ғана даттаудан әрі аса алмай жүр. Соған қарсы өзінің іске асырып жатқан шарасы тағы жоқ. Енді

 


қайтеміз?.. Тек Абайымыз ғана мыңмен жалғыз алысып өтпеді ме?.. Серік шықты ма?



  • Өзіңіздің де бұл жайға қиналатын түріңіз бар.
  • Менің қолымнан бар келетіні – ән мен өлең ғана, оны хал- қымнан аяған емеспін.
  • Ол да адам санасының сәулесі ғой... Шіркін-ай, арамыздан осы сарындар мен әндерді жазып алатын да адам табылмайды... Мына қытай жұрты кәдімгі есептің жай сипырларымен-ақ кез- келген әннің әуенін қағазға түсіреді. Ал біздің көбіміз әлі хат та танымаймыз. Есеп-қисап білетіндеріміз де саусақпен санарлық...
  • Хат танымаса да, бұл жігіттердің көкірегі ояу, талабы таудай, – деп, Әсет әңгіме желісін өзгертіңкіреді де, Қоңырдың жастарға ықыласын шыңдай түсуге әрекеттенді.
  • Көрмейсің бе, аузыңнан шыққанды жерге түсірмей қағып алады. Сарайлары кең, зерек. Сезімдері тұнық. Асыл сырды таза сақтайтын алтын сандық сықылды. Бұлар үйренген ән де, өлең де өлмейді, өшпейді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. Ел де қашанғы манаурап қалғи берер дейсің. Түбінде бір оянар ұйқыдан. Ондай күннің таңы атады. Өнеріміз өссе, ән мен күйді де жазып алатындар шығады арамыздан...
  • Сол күнге жеткенше жемтікке айналмасақ...
  • «Өгіз аттай желмейді, заман екі келмейді» деген гәп бар, Қоңыржан. Заман ағымы бір қазықты шыр айнала бермес.
  • Естідіңдер ме, жігіттер? Әсағаң сендерге үміт артады, әбден сенеді, – деді Қоңыр әңгіме ағысын бұзбай, әдеппен тыңдаған талапкерлерді жігерлендіріп. – Ендігі салмақ өз мойындарыңа түседі. Жауыр өгізше қайқалақтамай, қасқия көтеріп әкетуге шамаларың жете ме? Талпынсаңдар, өнердің кілті өз қолдарында тәрізді, мұны ұмытпаңдар!..
  • Аянбаймыз, Әсаға! – деді Әсейін уәде берген раймен. – Сіз айтыңыз, біз жаттаудан жалықпаймыз!..

Осы ойларын дәлелдегісі келгендей жігіттер өтініш етіп, әлігі өлең мен әуенді бірінен кейін бірі кезекпен қайталап айтты...


Апта өтпей-ақ ел іші дүңкіп сала берді... Сұмдық санап, жағасын ұстағандардан гөрі мысқылдай күліп, әзілді көпірте қостағандар көп. Әр ауылдың үркек болыстары мен өздерін Құдайдай санайтын қара шоқпарлары ғана тыжырынып, түнере тұнжырасты. Қандарын іштеріне тартып, сұр жыландай түстері қашты. Жақ сүйектері құрысып, кіжіне тістеністі. Қабақтары қарс жабылған. Көздері қанталай жанықты. Тістерін қайрап, ойын-сауық үзілмейтін Қо-


 


ңырдың ауылына өштікпен шүйіле қарасады. Бірақ олардың зілінен өнерпаздар сескенбеді. Әндерін әуелетіп жатты...


Күн балбырай шуақ шашып тұрған. Ән мен өлең думанының көрігі гулеп, оты маздаған Қоңырдың үйіне қамшыларын жер сыздыра сүйреткен, түстері суық екі-үш адам тымырая сұрланып келіп кірді. Қызыл кілем, оюлы текемет төселген үйдегі жігіттер түрегеліп, жасы үлкен кісілерге изет көрсетті де, орын босатты. Әлгілер балпандай басып барып, төрге тақау босатылған орынға жайғасты. Қабақтары қату, мерездей сызданады. Үйдің ішін суы- тып, ызғар шалды. Сыймен ұсынылған қымызды да шытынаған қабақпен шермие кергіп, сыздықтата жұтысты. Бітеу жаралары тұла бойларына жайылып, дерті жандарына батқандай қиналысқан. Айналаға сүзе қарасады. Тымырайысып, тастай түйілген. Сол сәт ән де тынған.



  • Ал, ағайындар, түрлеріңіз суық қой, не шаруамен жүрсіздер? Ел іші аман ба, жұрт тыныш па? Арыздарыңыз болса айта оты- рыңыздар? – деді Қоңыр үлкен-кішінің бойларын кернеп бара жатқан салқындықты таратпақ оймен.

Әдеп сақтап, тоң қабақ танытпады. Жайдары қалпынан аумады. Қара шибарқыт пешпет, сырма шалбар киген қу тұқыл томар- дай жылтыр қара қасындағыға мойын бұрды. Түйе жүн шекпенді қоңқақ мұрын, добал ерін, жалпақ бет шикіл сары сөзін неден, қалай бастарын білмей қипақтап, сәл бөгелді. Сойдақ-сойдақ тырбық мұртын сипалады да, иегінің ұшындағы селеудей селдір сарғыш сақалын уыстады. Серіктерінің жүрегі дауаламай отырған


осалдығын сезді де:



  • Ей, Қоңыр, анық тыңда!.. Сен хан тұқымы едің қабырғасы қалың, – деп, дөрекілеу зілді үнмен уытты бастады түйенің жарты етіндей тұлғасы жуан, кәрі өгіздей өңкиген қара сұр кісі. Қоңыр оған жалтармай қарағанымен, сөзін бөлмеді. Дәу қара да жыл- тыңдай ойнақшыған қысық көзін сығырайта қадалды. Жем іздеген тазқараша мойнын құлқита созып, жігіттерді шолып өтті. Әсеттің көзіне көзі түскенде отына шыдай алмағандай тез тайқыды да, сөзін әрі жалғады. – Несін жасырайын, ел сенің қабағыңа қарайды, жолыңды кеспейді. Алдыңда – мал, аузыңда – май. Осы өңірдегі қазақ біткеннің тізгіні сенің қолыңда. Не істесең де еріктісің. Шаужайыңнан қағатын пенде жоқ...
  • Тым қазбалап кеттің, Мақан тәйжі, менімен дауласқалы келіп пе ең?.. Түлкіше бұлаңдатпай-ақ айтшы төтесінен?.. Ешкімнің өті жарылмас.

 



  • Айтсам, былай: бұзақы мен тентекті тыятын да, дүрелеп жөнге салатын да сенсің.
  • Ұстаған айыпкерің қайсы, жоқ әлде, біреуден күмәнданасың ба?
  • Қайдағы бір бұзақылар басынып барады. Осы күнге дейін құлағымыз естімеген сұмдықты естідік...
  • Не болды сонша, айтпайсың ба ашып?
  • Ақ дінімізді алқап отырған хазіретті мазақтаған сөз тарады. Ол қайдан шықты, күлдіргі өлеңді айтқан кім? Соны тап та, жа- зала! Тыйым сал бұл шатпаққа! Құдайдан безгендер хазіретімізді қорламасын!..
  • Е-ей, Мақан-ай, жөн білетін кісі ме деп жүрсем, түбің таяз ба еді тықырлаған?.. Азынай соққан желді кім бөгей алмақ?
  • Сол желдің екпіні ел ішін шаңдатпасын...
  • Кеудесін дауылға тосып, қарсы жүгірген кісіні жұрт жындыға санамаушы ма еді? – деді Қоңыр бұлардың пиғылын таныған соң, еңселерін басып, «Ашыққан – ұры, ашынған – долы». Аяғына оралтпауы керек... Бұлардың санасы да, шарқы да жетпейтін шалғайдан орағыта кеп желкеден соқты.

Мақан тәйжі де – талай тартысқа түскен, бұлталақ айламен сілкілесіп тіс қаққан қу тақым. Дау десе сөз сапырған зар жақ, жылпос еді. Жылпың бұлтарыспен сусыды. Өзіне тапсырылған міндетті ақаусыз орындау арқылы мықтылардың алдында абы- ройын асырып қалмақ ойы да бар. Соның үддесінен шығу үшін қулығы мен амалын іркілмей жұмсады.



  • Бұл қылық желіп өте шығатын жел емес. Шаң-тозаңды сапы- рып, көң-қоңырды суыратын қара дауыл!..
  • «Желді күні бала құтырады, өлексе жеген ит құтырады» де- гендей, сен, немене, мені дауылға қарсы жүгіртпекпісің?.. – деп, Қоңыр мысқылын әзілге араластыра мырс-мырс күлді. Мұнысы қарсыласының еңсесін басып, состиған жігіттерді жебегені еді. Осы қабағымен-ақ қайнаған ызасын сездірді. Сонда да даукес тоқтамады.
  • Қайдағы біреу елдің ішіне от тастады. Хақ жолын ұстаған қара халықты иманға үйірген хазіретіміздің бетіне әлдекім күйе жағып, масқаралап жатса, қалай теріс қарап отыра береміз? Елдігіміз қайда сондағы?..
  • Мақан тәйжі, сен елдің сөзін емес, басқа біреудің жоғын жоқтайтын сықылдысың ғой?
  • Хазірет елге жат емес...

 



  • Қораның шетінде арпылдап үрген ит бүкіл ауылды мен қорғап тұрмын деп мақтанады екен. Қорланып, жаны күйзелсе, хазіреттің өзі неге айтпайды арызын? Мына сендердің сонша жаныққандарың қалай?..

Қоңырдың ызалы үнінен тайқыған Мақан тәйжі мойнына су кеткендей сөлбірейіп, жуасып қалды. Сесі басылып, даусы да бәсеңдеді.



  • Тексіз тентектерді тыйып беріңдер, қасиетімді қорлады деп, хазірет ел ағаларына шағыныпты. Алла сөзін ел жүрегіне құятын ғұламаны даттаған адам күнәкар, жазасын тартсын!.. Соны саған жеткіз, елдің тізгінін ұстаған адам ғой, шара қолдансын деп, ақсақалдар бізді жұмсады.
  • Е-е, Қоңырды елдің аузына қақпақ еткілерің келген екен ғой, – деп, үй иесі түсін суытты да, қинала қабақ шытты. Бұлардың аяқтарына түсау салу үшін ұтқыр, ұтымды тәсіл табудың жолын іздеді. Қанша зығыры қайнаса да, ашу шақырмады. Сыпайы биязылығынан жазбастан сипай қамшылады.

Артыңнан біз сүйейміз, именбе деген желіктірушілерге сеніп, өзінің дөрекілік жасап алғанын енді аңғарған Мақан тәйжі құй- рығымен артын майқаңдап, ізін жасырған түлкідей қипақтай бұлаңдады. Бойы жетпейтін өреге қол созғанын сезіп, үріккен сауысқандай қыпылық қақты. Екі ортада мерт боп қалмасам игі еді деп, жүрегі суылдады.



  • Мен үлкендердің тапсырғанын орындадым. Айт дегенін айт- тым. Ендігісін өзің біл... Олардың да бет-беделін ескер. Әйтпесе, сенімен дауласқалы келгем жоқ.
  • Ондай істі орындау менің қолымнан қайдан келе қойсын, – деп Қоңыр ұзын ырғаққа салды. – Ауыл-ауылдағы өлең айтқан қазақтың аузын алақаныммен қалай баспақпын? Ән салып, өлең айтқанның көмейіне құм құйып, үнін өшір, дүреге жық деген жарлық осы өлкенін әміршісі Яң зиңшиңнен әлі түскен жоқ. Жазықсыз адамдарды беталды жазалай беруге құқығым жетпейді... Дау туады, шатақ шығады. Жазалыны тауып әкеліп, кінәсін мо- йынына қойыңдар, онда істің жөні басқа...
  • Үкірдайсың ғой, өз үкімің болмаушы ма еді?! – деп булықты өрісі тарылған Мақан тәйжі қызарақтап. Қоңыр сол байсалды қалпы, бұған да дәлелді сөз айтты.
  • Үкірдайлық ұр десе сойылға жығатын сиқырдың қолындағы ұртоқпақ емес. Үкіметтің тапсыруы бойынша мен ұры-қарыны, елді тонап, лаң салған бұзақы, алаяқтарды жазалап, ауыздықтай

 


аламын. Бұған үкімім жүреді. Сондай істі атқар деген бұйрық қағазым бар...



  • Мына қылық бұзақылыққа жатпай ма?
  • Олай емес. Істеген ісіне ел күліп жүрсе, хазірет өзін-өзі ақтап алсын. Қарақшы да сот алдында ақталу үшін жанын салады. Басқа шара жоқ. Мен оның сойылын соға алмаймын.
  • Е-е, сенің де мойның қисайып тұр ма еді?..
  • Е-ей, Мақан тәйжі-ай, – деп Қоңыр реніш білдіргендей зілсіз ыңыранды. – Ұқпадың-ау, айтайын анықтап, құлағыңды сал!.. Бір заманда құдіретімен әлемді қалтыратқан Шыңғысханның әкесі Ясукей деген хан еліне жайлы, ісіне пайымды, ақ көңіл, қайырымды адам болыпты. Ізгілік пен адамдықты ардақтапты. Бақсы-балгерлерге де ерекше пейіл береді екен. Ел ақтаған бір бақсы арыз айта Ясукейге барыпты. «Мені мазақтап, күлкіге ай- налдырды» деп, жастайынан өзімен қатар өскен жігіттің үстіне шағым жасапты. Ясукей әлгі жігітті шақыртып алады да: «Мына бақсыға айтқан сөзіңді қайталашы, біз де естиік,» – дейді. Жігіт тайсақтамастан шынын айтады: «Бұл екеуміз құрдас едік. Құлын- тайдай тебісіп өстік. Біразға дейін қойды да бірге жайдық. Кейін келе бұл бақсы атанып, ел ақтап кетті. Үй-үйді аралап, әзір асқа тойды. Бірге өскен құрбы құрдастарына кекірейе қарайтын мінез тапты.

Өзін елден артық жаралған жан санады. Бір кездескенде сәлемімді алмай қойған соң, былай дедім:


Бала жастан тел өскен құрдас едің, Қайғы-шерді бөліскен мұңдас едің. Мал өргенде пырылдап жататұғын, Түрткілемей орныңнан тұрмас едің. Жын жетелеп бұл күнде тойып жүрсің, Бұл кәсіпті қиналсаң қылмас едің...


Осыдан бөтен ештеңе айтқам жоқ, тақсыр,» – депті жігіт. Сонда Ясукей бақсыға бұрылып: «Ал, осы сөзге өзің жауап қайыршы,» – дейді. Жұрттың көңілін аударып, өзін ақтай алатын сөз таппаған бақсы ауыз аша алмапты. Сонда Ясукей: «Жаны таза, ар-намысы бар адамның өзіне таңылған пәле-жаланың қандайынан болса да ақталып кетуге шамасы жетеді. Өз кәсібінің қасиетін әрбір кәсіпкер қорғай алады, дақ түсірмей сақтауға тиіс, – депті, үнсіз жер шұқып мылқиып отырған бақсыға. – Демек, бұған қайтарар жауабың жоқ болды. Өзің кінәлі екенсің. Жолдасыңның қадірін,


 


кәсібіңнің қасиетін білмейсің. Менің бақсы-балгерге ілтипатпен қарайтыным рас. Соны арқаланып, мына жігітті жазықсыз айыптағансың... Анық-қанығына көзім жетпесе, бейкүнә кісіні нахақтан жазалауға менің хақым жоқ. Әділ болмасам, көк Тәңірі соқпай ма? Халқымның қарғысына ұшырамаймын ба? Басыма күн туса, жалғыз сен қалқа бола аларсың ба? Қорғаным – халқым, қалың ел. Бұдан былай, бақсым, сен де өз жөніңді біліп жүр...» – деп ханның түсі бұзылыпты.



  • Ханның әділ болғаны елдің бақыты ғой, – деді Әсет осы арада сөзге араласып. Қоңыр ойының желісін түйіндеді.
  • Ясукейдің сұсты түсінен шошыған бақсы үйден сүйретіле шығып, өз жөніне кетіпті... Сол сияқты, хазірет біреудің үстінен арыз айтқаннан гөрі пәктігін дәлелдеп, өзін-өзі ақтап алғаны дұрыс шығар... Енді ұқтың ба, Мақан тәйжі?..

Қоңырдың сөзі зіл болып, даукестердің еңсесін басты. Сызда- нып, кергіп келгендер салы суға кеткендей сүмірейіп қалысты... Өткен-кеткен тарих пен алуан-алуан аңыз-әңгімелерге жүйрік Қоңырмен үзеңгі қағыстырып, тайталасуға дәрмені жоқтығын сезген Мақан тәйжі де үнсіз. Ясукейдің сөзі қып, өздерін іреп сойғанын сезді. Тағы бірдеңе айтса, пілге қарап шабаланған күшіктей күйге түсері анық. Қазір де қанын шығармай бауыздап, терісін білдірмей сыдырып тастаған жоқ па?..



  • Мен парызымды өтедім... Сенің айтқандарыңды да ақса- қалдарға жеткіземін, – деп Мақан тәйжі енді өзін қалтарысқа жасырғысы келді. – Тағы не айтасың?
  • Ұға білген адамға әңгіме көп қой, – деді Қоңыр ойын сал- мақпен желілеп. – Ата-бабамыздың өнегесін ұмытпайық, ағайын, оны да ойға салайын. Баяғыда Қаз дауысты Қазыбек би мен Әйтеке би екеуі жасы үлкен ағасы Төле биге сәлем бере барыпты. Сый-құрметін көріп, бірсыпыра жатыпты. Бір қызу әңгіме үстінде Төле би он саусағын санап: «Әр санда бір-бір мағына бар. Соны табыңдаршы», депті. Алдымен сөз алған Әйтеке былай жауап беріпті: «Бір дегеніңіз – білімсіз туған ұл; екі дегеніңіз – ерте шапқан жау; үш дегеніңіз – үлгісіз өскен қыз; төрт дегеніңіз – төрелігін бұзған би, бес дегеніңіз – қаза болған намаз, алты...» дей бергенде Қазыбек сөзін бөгепті: «Тұра қал, ендігісіне мен жауап берейін. Алты дегеніңіз – алты қарысқа атылмаған ақ берен; жеті дегеніңіз – жетімнің желінген ақысы; сегіз дегеніңіз – серкесіз өскен қой; тоғыз дегеніңіз – тозбай қалған тоғыз қабат торқа; он дегеніңіз үстіңе жұққан лас...» Төле би: «Лас жұқса кетер-ау,

 


басыңдағы жоқтық қалай кетер?», – депті. Ойға шомған биден сыр тартқысы келген Қазыбек: «Бақ деген не, байлық деген не, бала деген не?» – деп сұрапты. Төле би: «Е, оның сипатын әркім тани бермес. Бақ – ұзатылған қыз; байлық – еритін мұз; бала – артта қалар із. Өмірдің адамға ең асыл сыйы – сыйласқан сіз бен біз», – депті...



  • Ата-бабаларымыздың арманы-ай, шіркін!.. – деп қалды Әсет тағы да өкінішпен сөзді бөліп. Жуан қараның мойыны қисайды. Енді Қоңыр байламын айтты:
  • Осы әңгімені де айта бар. Ақиқаттың парқын айырсын. Салмақты жалғыз менің жотама арқалатпай, өздерінің де таразыға салып, салмақтап көргенін қалаймын!..

Қоңырдың шырғалаң шиырдан жол тауып кеткеніне сүйсінген жігіттер іштерінен күлісті. Көздері ұшқындап, жымың-жымың етеді. Жеңістеріне мәз. Әлгі бір әлетте кеуделерінде бұрқанған ызалары да басылды. Қоңыр ешкімді ұрындырмады, даукестердің бетін қайырды сипалап отырып.


Бишікештердің арандататын сойқанды аманатын алып келген- дердің де ем қонбайтын мерездері жарылмай, сыздаған күйі іштерінде кетті...


Қоңыр көзін алысқа қадап, үнсіз ойға шомды. Домбыққан бітеу жараның сыртқа білінгені де жөн болды. Қаншалық асқынып бара жатқанын көзбен көріп, тесілетін үлдірек жерін болжай аласың. Оған ем-дом жасауың да оңай... Алдынан осын- дай дау-жанжалдың шығатынына іштей дайындалған тәрізді. Айқастың майданын пайымдап, тосқауыл қойып үлгерген Қо- ңырдың көңілі жай тауып еді...


Қастандық ашық арбасумен тынбады, індет боп жасырын тарады. Аяқ астынан жанды кеміріп, ойды улайтын сасық сыбыс бықсыды. Хазіреттің қара тіреулері де қарап жатпапты. Сұмдық айлаға көшкен. Аузы жыбырламаса жүре алмайтын сумақай, желөкпе өсекшілерді іске қосыпты. Қолдарына жаланың сырымен боялған пәленің орамалын ұстатыпты.


Сол сыбыс өсекті еміс-еміс құлағы шалған Әсетті де намыс өрті булықтырып, зықы шықты, іштей қиналды. Адамдық пен арамдықтың айқасы біткен бе бұл өмірде? Ар-намыстан гөрі қара бастарының қамын ту қып ұстаған жауыздар жерге қарап қалмау үшін қандай сұмдықты болса да қолданудан тайынбайды. Елдің сеніп, төбесіне көтерген ер-азаматының бетіне күйе жағып, қаралау арқылы өздерінің пасық кісілігін бұлдау мақсатымен жанталасады.


 


Көңілі кең, жаны жайсаң адамды жотасынан сипалаған боп тұрады да, сыртынан күледі. Өсектің, жаланың тұманын қаптатады. Сонда бұлар кімдер? Адам ба, аң ба? Тағылық дағдыдан арылмаған жан- дар. Нендей жақсылық күтерсің ондайлардан? Адамның намысын тырналап ойнайтын арсыздар емес пе?..


Бірақ елдің бәрі бұлай түсіне ме? Қаңқу сөзге ереді. Сөз сүйектен өтеді, кімнің жыбырлаған ернін басасың. «Қос қатынды Қоңыр қаңғып жүрген жалғыз атты қашқынды қолпаштап, қолбаладай қолына қондырып алыпты», – деген өсек-жаланың түбінде қаншама зіл жатыр. Басқа амалы құрыған зұлымдардың қарсы қолданған қаруының түрі ме бұл? Бейкүнә адамның жанын жаралап, жүрегін езетін жауыздық, қаныпезерлік осы-ақ шығар. Міне, бақастықтың жемісі, қара жүректердің айласы. Инабатты адамның арын аяққа баспақ. Тегі кезі қанталаған пасықтардың, буына семірген желбуаздардың білікті кісіні аяқтан шалатын жабайылық қылығы бұдан аспас. Қаңқу сөз сыртынан аңдып жүрген жауларының байқатпай жауырынынан сұққан қанжары сықылды болды. Қанша төзіп бақса да, есіл жүректе жарақаттың дағы қалады-ау... Өсек-жаланың зардабын осылай болжаған Әсеттің де кеудесі ашып, іштей қобалжи берді. Шайпаулығым болғанымен, шалыс басқан жерім жоқ. Сонда да адам мінезі аумалы-төкпелі келеді ғой, Қоңырға да дерт болып жабыспасын кім білсін?.. Қылыштың жүзіндей қылпыған көңілге қаяу оңай түседі.



  • Әсаға... – деді Қоңыр ойға шомған ақынға мойын

бұрып, таңертеңгі шай үстінде. Алмадай албырап, нарттай жанып тұратын қызыл шырайы бозарыңқыраған, өңі жүдеу тартқан, көзі кіртиген, сағы сыныңқы, қабағы қатыңқы, түрі жабырқау. Жүрегін мыжғылап, тұла бойын сыздатқан күйінішін сырбаздығымен сездірмеуге тырысады. Байсалды қалпын сақтаса да, үнінде жарықшақ бар. Қиналысын сері мінезімен жуып-шаяды. Мұң шаққандай күйіне ақтарылды. – Ақ-қараны танығаннан бері талай-талай зұлымдыққа тап болдым. Бірақ мұқалмадым. Қара ниеттермен жауымдай жағаласып келемін. Осы елдің көзін ашып, алды-артын танытсам-ау деп арман еттім. Алдымда қазылған ор да, аяқтан шалатындар да көп. Ақыл- ойымыздың асқары Абай ағамыз айтқандай, мен де осынау меңіреу түкпірде көздерін қан жапқан ашқарақ арландармен алысып жүрмін. «Жалғыз аттың шаңы шықпас» дейтін именіске еріп, тоқтап қалғам жоқ. Сүрініп жығылсам да, тұра салып қайтадан ілгері ұмтылдым. Жауларым қыбырлаған қыбырымды,


 


басқан ізімді аңдып, қисық түскен табанымның табын сылтау қып, пәле жабады. Ар-ұятты ойламайды. Беттері шімірікпейді. Сүрінгеніңе қуанады. Бетіңе күйе жағады. Адалдығым өзіме аян, қасқайып тұрамын қайыспай. Амал қанша, сол салғыласта абай- ламай сізді де жалаға ұрындырып алдым білем... Соңғы күндері жанымды сол езіп түр.



  • Мені қойшы, Қоңыржан, қиыс ойлап қамықпа!.. – деді Әсет жарасыммен табысып, сыйласып-сырласып ұғысқан дос адамының мұңын түсініп. Зұлымдар кіршіксіз адамдықтың, шынайы дос- тықтың қарапайым қадірін де білмегені ме? О, адам деген атты қор еткен айуан пиғылды әумесерлер-ай... Жабырқаған Қоңырдың көңілінде дық қалдырмауды ойлады. Жебей көтермелеп, жайдары түрмен ашыла сөйледі де, өзінің байламын қоса жариялады. – Мен бір көшіп жүрген керуенмін. Алдынан ондаған ит кескестей қарсы шығып, жабыла үргенімен, керуен жолдан тая ма! Ит – үреді, ке- руен – көшеді. Шаңға қақалған төбеттердің үні өшсе, оған ілесе шәуілдеген күшіктері де жым болады. Мен кетемін. Жала мен өсектің бір қабырғасы құлайды да, оты өшеді...
  • Аңсап дидарласқан асыл адам едіңіз, намысыңызды қорғай алмадым. Арсыздар ақ жүзіңізге кір жақпақ болды-ау... Мен соған күйінемін, күйзелісім де сол. Әлгі өлеңді бекер айтқыздым ба?..
  • Жоқ, ол бекер емес. Қайта нысанаға дәл тиді. Кейбіреулердің жүрегіне тікендей қадалды!..
  • Үнін өшіре алмады ғой...
  • Беті қайтты. Өсек – өрт, қу шөптей лап ете түскенімен, жалы- ны қауламай төз сөнеді. Күні ертең-ақ көмейлеріне тас тығылады. Ал шала сауатты хазіреттің арамдығын жұртқа жария еткен әлгі өлең әлі талай тұсқа жайылады. Оны айтқан жұрттың аузын алақанымен баса алатын адам жоқ.
  • Мен де сол тұспалмен сіздің өлеңіңізді қалап едім. Шолақ піштім бе, ақырында ұятқа қалдырғаным жаныма батады.
  • Елдің сеніп сыйлайтын азаматысың ғой, Қоңыржан, байламың дұрыс. Көзің – ашық, көкірегің – ояу. Халқыңның қамы – ой- лағаның. Істің ақ-қарасын жұртың да парықтай алады, жасыма! Өрендерің де бар қолдайтын.
  • Елім сізге сый көрсете алды ма, оны да шамалай алмадым...
  • Қос ат шаптырып, арнайы шақырғаныңда азаматтың абыройы артсын деп, тілегіңді қабыл алғанмын. Ел-жұртыңның да, өзіңнің де ықылас пейіліңе разымын, рақмет!.. Менің қаңқу сөзге ілініп жүргенім жалғыз бұл емес. Зұлымдар мені де өздерінің жауы

 


санайды. Қараңғыда құбыжық боп қорқытқысы келетін құқайлар аз ба? Қанша шабынып, жаныққанымен, қара ниеттерге есемізді жібере қоймаспыз, ол – анық. Ал менің көңіліме қарасаң, дақ жоқ, соған сен!



  • Сол ақ ниетіңізді ақтай алдым ба?..
  • Ой, Қоңыржан, сен неге сонша күйінесің?.. Қайтады кегің. Жалақорларды мына жігіттердің жалынды өлеңімен өртете бер, қайыспа. Үнін өшіретін қаруың сол. Маңайыңа үйірілген талапкерлерді қолда. Жебеушің де, жебең де осылар...
  • Ағайын арамдық жасайды, Құдай жолын ұстаған кісінің қылығы анау... Менің де ендігі үмітім, сенетінім осы жігіттер.
  • Құдайдан гөрі хазіретке құлқын жақын болып жүрген жоқ па! «Алтын көрсе – періште де азады» демей ме жұрт. Айтпақшы пайымдап қараңдаршы, осы арамдығымен жалақор залымдар өздерінің айласын өздері әшкерлеп, масқаралыққа ұшырады. Әлгі өлеңді естіген ел оларға сене ме? Соны ойлаңдаршы. Енде ше, сол сұмдықтарын сендер де беттеріне басыңдар!..
  • Сондықтан да жігіттерге хазіреттің құлқын құмарлығын паш ететін өлеңді жиын-тойда, ел бас қосқан жерлерде салмай айтындар деп тапсырдым. Мейлі, шыдамағандары жынданып кетсін, өңшең төбеттер!..
  • Көмейлеріне құм құятын әдісің сол. Залымдарың жүрегіне қадалатын найза емес пе, ызалы өлең...
  • Әсаға, осы өсиетіңізді өле-өлгенше орындаймын! – деп құлшынды осы арада манадан үнсіз тыңдап, булыға бұрқанып отырған Әсейін.
  • Ақын мен әнші – елдің еркесі, әділін айтсаң, аспанға көтереді. Әздектеген еркелігің есерлікке ауыспай, халқынды қуантсын. Халқыңа қызмет ет, шырағым!
  • Аз да болса өзіңізден үйренген тәлім бар ғой, ендігі көңіл аша- рым да, арқа сүйерім де осылардың өнері, – деп, Қоңыр өзі бекінген түпкі ойының шетін шығарды. Әсет енді жас талапты қайрады.
  • Менің де мәслихатым сол. Осы әдісің әлгі маубастардың адымдарын қуырады... Қимылдай бер, Әсейін!..
  • Мен әзірмін бұл іске...
  • Ал енді мен өзімнің жөніме кешейін, – деп Әсет қошаметтей қаумаласқан көпшілікті қыдырта шолып өтті. – Жайлау сары тап тартып, шөбі қурай бастағанда ел ой жайлауға қайтпай ма?.. Армансыз араладым ауылыңды. Бір кісідей-ақ құрмет көрдім, Қоңыржан. Жайраңдай қарсы алдың, жарқылдап қасыңда жүрдім.

 


Мына жігіттердің де көкейіне азды-көпті білгенімді сіңірдім. Сал- тымыз ғой: кел демек бар, кет демек жоқ. Уақыт желкенді қайық сықылды сырғып барады. Күздің де төбесі қылтиды. «Есің барда – еліңді тап» дегендей, рұқсат ет, жарқыным, мен енді аттанайын.



  • Еліміздің көкейін көлдей көлкітіп, көңілін жаздай жайнатып едіңіз, Әсаға. Біздің тілегіміз – әніңіз аспандай берсін!.. – деп Қоңыр ағыл-тегіл ықыласын білдірді. – Тек сөге жамандамаңыз...
  • Е-е, ей, Қоңыржан-ай, сен де сарыуайымшыл жан ба едің? Бет-алды мұңая бермесеңші. Не себептен сөкпекпін сендерді? Сый-құрметтерің, ақ пейілдерің, ашық құшақтарың үшін бе?
  • Еңсемді басып, бейжай қылған сұрқия қылық әлсін-әлсін ойыма орала берген соң, қайталаймын. Қайдағы бір обыр молдаға сөзіңізді шығындатып, соның кесірінен датқа қалдырғаным арым- ды қытықтайды кінәлағандай. Көңіліңізге қаяу түсті ме, қайдан білейін? Ақынның жүрегі елжірегіш, көңілі қылдай нәзік келеді деуші еді. Бір атым насыбайдан қалатын көңілдің серілігі қалай алаңдатпасын? Мұңым да, өкінішім де сол. Оңайлықпен айыға да қоймас...
  • Қара нардай қайыспайтын қайсар ма десем, осындай осал- дығың да бар ма еді? – деп әзіл тастаған Әсет елжірей күлімсіреді. Тақтайдай жалпақ кеудесін кере желпініп, Қоңырдың өңіндегі құбылысты бақылады. Ол да жылы жымиды. Кенет қайта түнеріп барып, тез серпілді де, жайдары үн қатты.
  • Қайсарлық пен қайраттың жұмсалар орны бөлек қой. Ал мына қылық күшті қор қылуға татымайтын қоқыр-қоқсық емес пе!
  • Е, бәсе, жөніңе енді көштің білем, – деп, жадырады Әсет ашық шыраймен. Жан-жағын шола қарады. – Жауырды жабу жабады, шаң-тозаңды жаңбыр суы шаяды. Мен ашық аспанның төрінде ойнақ салған көкала бұлт сияқтымын. Бір жерде тұрақтауым аз, жел ессе сырғи беремін.
  • Сөзіңіз көңілді желпіген қоңыр самал ғой.
  • Кейде басқаша. Ашулансам сөзім мылтықтың оғындай зу- лайды. Ешкім қарсы шығып бөгеп, тосқауыл қоя да алмайды. Молданың сыры ел ішіне тарап та кетті. Енді үдемесе, өшкіндеп өлеусіремейді. Ел ұнатқан өлеңді кері жинап алуға Құдайдың да құдіреті жетпейді. Тау-тасты шарлап, желдей көше береді. Бұл біздің бетімізге жұққан кір емес, бізді даттағысы келген жауыздардың маңдайына басылған қара таңба, ол өшпейді!..
  • Сендім сөзіңізге, Әсаға, сендім... Әйтеуір, сөге жамандамай аттансаңыз, ризамыз!

 



  • Оу, Қоңыржан, ақын азаматты даттаушы ма еді, ардақтамаса!

Өркендерің өссін үлкен-кішіңнің!..


Әсет орнынан қозғалды. Қоңыр да қатарласа түрегелді. Төз бұрылып, оң жақ іргедегі керегенің басында ілулі тұрған қара шұға жағалы қоңыр түйе жүн шекпенді алды да, қонағының иығына өз қолымен жапты.



  • Халқымыздың салты ғой, аяулы адамына ат мінгізіп, шапан жабатын. Сізге деген ықыласымыздың белгісі болсын!..
  • Рақмет, пейілдеріңе разымын, ағайын! – деді де, Әсет шекпеннің жеңіне қолын сұқты. Беліне ұзын қара мата белбеуін орай байлап, бипаздап буынды да, сыртқа беттеді.

Далаға шыққанда өзінің құранды ері ерттеліп, ердің үстіне қара көк шибарқыт аткөрпесі салынған сүліктей торы төбел атты Әсейін көлденең тартты. Қоржынын ердің артына, киім-кешегін шиыршықтап, қанжығаға бөктеріп қойған. Ауыздықпен алысқан жүнттай торы тыпырши жер тарпиды, жол жүруді тілеп, жұтынып тұр.


Мақпалдай құлпырған мойыл қара жал-құйрығы сүзілген, құндыздың түгіндей жылтылдайды. Ұрадай үңірейген танауы желпілдеп, ауыздықты қашырлата шайнайды. Алақандай қара көзінен жасыл ұшқын шашырайды. Әсеттің сәл аңырыңқырап қалғанын байқаған Қоңыр көптің атынан ниетін айтты:



  • Бұл ел боп мінгізген атымыз, Әсаға. Ал өзіңіздің атыңызды бізге мұраға тастап кетіңіз, ырым болсын. Сетер2 қып жылқыға жіберейік. Ол да, біз де сіздің келесі жылы қайтып оралуыңызды күтіп, жолыңыздың түсуін тілеп жүрейік!..
  • Ниеттерің қабыл болсын! – деді Әсет сырттағыларға күле қарап. – Мен мақұлмын, айтқандарыңа көндім..

Өзін аялап, өнеріне бас иген азаматтардың осынау шалқар пейіліне сүйсінді. Халқымның жомарттығы кең байтақ мекенінің о шеті мен бұ шетіне түгел дарыған екен-ау деп, іштей масайрай сүйсінген Әсет қамшысының бүлдіргесін білегіне ілді де, торы төбелге жақындады.



  • Қолтығыңыздан демеп, өзім аттандырайыншы, Әсаға!..

Дарыныңыз дарыр ма екен?..


Әсейін сол қолымен тізгінді сулығынан қаусыра қымтып ұстады да, ердің үстіндегі қара көк шибарқыт аткөрпені оң қолымен



2
Сетер – ежелгі сенім бойынша тәңірге арналған мал, оны адам мінбейді, еркімен жібереді. – Қ.Т.


 


бір сипап қойды. Ырғала басып атқа таяған Әсет ердің алдыңғы қасынан ұстады да, үзеңгіге сол аяғын салды. Әсейін қолтығынан демей көтерді. Дік етіп ерге қона кеткен Әсет өзіне қиыла, кимай қараған топқа мойын бұрды.



  • Ықылас-пейіліңе рақмет, жұртым!.. Ортаңда аз күн күліп- ойнадым, төбем көкке жеткендей армансыз серуен құрдым. Артық-ауыс қылығым болса, кешіріңдер! Ал, Қоңыржан, сен де разы бол! Менің атымды жылқыға сетер қып жіберіп, көзімдей көріп жүрсеңдер, разымын! Қош, көріскенше күн жақсы болсын!..
  • Қош, Әсаға!..

Әсет тізгінді қымти ұстап, атын оң жағына кілт бұрды да, ақ таңдақ көш жолына қарай бағыттады. Әсейін бастаған бір топ жігіт те үдере атқа қонып, соңынан ілесті. Ел-жұрт телміріп қалды қимағандай. Маңқиған қоңыр төбелер, қожыр тасты мелшиген жо- талар, сай ішін кернеп, тау қапталын жапқан шымылдық қарағай- лар дөңгелене томсарып қалып барады.


Ауылдан тай шаптырым ұзағаннан кейін Әсейін көңілдерін торлаған қимастық мұндарын сейілту үшін Әсеттен үйренген аса ерке, үлбірек назды, нәзік сазды, арманға толы ақ жарқын әнді үзілте шырқады. Өлеңін өзінің сол сәттегі көкейін кернеген сезімге бейімдеп, сәл өзгертіңкіреп айтты:


Көл жағалай бітеді көкше құрақ,


Не деп әнге сал дейсін, қалқам шырақ? Қоңырбайдың үйінде мәжіліс боп, ей,


Ән екен Әсет салған-ай, уа дариға-ай, жайма шуақ!


Өтті-ау жалған, Көңілде арман.


Жастықтың қызуымен-ай, Салды-ем сайран-ай!


Ерке әуенді маңқиған тау-тас қалт ұйқыдан оянғандай қақпа- қылдата жаңғырықтырып, көкке көтеріп әкетті. Ән ырғағына еліккендей аттар да жүрдек адымдады. Жас жүректердің оты жай- нап сала берді. Әсет те еміренді: Жас өркен құлпырады. Төбесінен басқан зіл қара тасты да, темірдей қатқан қара топырақты да жарып шығады. Сол өркеннің біреуі – мынау Әсейін!.. Арманы жетелеп аласұрады. Ылайым, талабы таса берсін!..


Дүрмекті топ ду-думен үш-төрт белден асты. Ауылдан қара үзіп қашықтап барады. Күн батыс қапталдағы сайында құлын жал орманы сыңсыған жотаның боз тарлан төскейіне өрлеген


 


қасқа жол тақиядай шошайған жеке төбенің басына шыққанда көз ұшынан көк сағымға оранған жазық дала бұлдырап көрінді. Сол жақ қаптал ойқы-шойқы қожыр тасты шолақ тұмсық. Оң жағы балық жон ұзын жал.



  • Ал, жігіттер, – деді Әсет төбенің басына шыққанда тізгін тартып. – Әне, енді менің алдым – мидай жазық, сары дала. Рақмет осынша жерге дейін шығарып салғандарыңа!.. Осы арада қоштасалық...
  • Әттең дүние-ай, Әсағаңа атқосшы болып, ілесіп-ақ ке- тер едім, – деп желпінсе де, Әсейін мұңын бүркей алмады. – Артымдағы кемпір-шалға қарайлаймын...

Ылғи да жарасымды әзілімен жолдас-жорасын жадыратып тастайтын құрдасы Әлсейіттің жұқа қабағы жыбырлады. Аққұба бетіне күлкі табы ойнап шыға келді. Қалжыңын бастар алдындағы әдетінше қаймақтай майысқан ернін жымқыра жымиып қойды. Тебіндеген үлпек мұртын бас бармағының ұшымен баса сипады. Ол соңғы күндері Әсейіннің әр сөзін әзілге қосып, қалайда қам көңілін желпу арқылы ойын басқа жаққа аударғысы келетін.



  • Әй, қайдам?.. Кемпір-шал емес-ау етегіңе оралған, айнал- шықтай беретін қазығың басқа болар?..
  • Ол қазығы жұлынып, асауы орға құламады ма? Енді оның мазарын бақпас? – деп күлді тағы бір күлімкөз жылпың қара төңірегіне көзін қысып. Ойнақы қалжыңға оңайлықпен дес бермейтін орақ ауыз Әсейіннің басылыңқы көңілін, өзегін өртеген күйінішін сезген Әсет ағалық кесімін айтты:
  • Жасыма, шырағым... Жүрегіңдегі сырға қанық емеспін. Қасыңдағы жолдастарыңның емеуірініне қарағанда, қолың жет- пей жүрген құсың бар сықылды. Іскектеп суырып қайтейін. Олай болса, осылардың өзінен көмек сұра, қолқа сал. Жастың жаны бір. Қисынын тауып, арманыңа жетуіңе ұшын жалғар.
  • Біз оған дайын едік-ау, – деді Әлсейіт енді өзі де мұңая кібіртіктеп. – Бірақ мұның қол созғаны табан тірейтін бұдыры жоқ жалама жартас сықылды еді. Хазіреттің қызы болатын, маңайлатпай қойды..,
  • Әнеукүнгі бір айтқандарың сол ма еді?
  • Сол... Хазірет қызын тоқалдыққа бермек боп, Шүленбай деген байға атастырып та үлгерді. Енді ол біреудің басыбайлы адамы.

Әсет қиналып, нендей ақыл-кеңес айтардың ыңғайын таппады.


Сонда да сыпайы сөзбен жебеді.



  • Бұған қайран жоқ екен, Әсейінжан... Қол жетпеске күйінбе, өмірің алда. Арманыңды әнге қос та, аспандата шырқай бер. Нағыз

 


ақ сұңқарыңның өзі тіленіп келіп қонады қолыңа. Бағың жансын, шырағым.



  • Айтқаныңыз ақ болғай, Әсаға! – деп қуанды Әлсейіт қостап.
  • Ал, қош бол!.. Қош, жігіттер!..
  • Қош, Әсаға!..
  • Жолыңыз болсын!..

Әсет тебінді де, тізгінді ілгері бағыттап еді, тықырши елендеген жылпың торы төбел көлде жүзген қаздай қалқып, леки жөнелді. Жайпақ беткейді қабырғалай еңістеген көш жолына бұрылып, лез- де ұзап кетті. Қоңыр ауылының жігіттері жазыққа түскен Әсеттің қарасы үзілгенше шошақ төбенің басында ұйлығысып тұрды да, көз ұшына барған қара ноқатты көгілдір сағым бүркеп алғаннан кейін аттарының басын ауылға қарай бұрды. Әсейін «Жаймашуақ» әнін аңырата шырқап бара жатты... Ерке әуен әуелей қалықтады. Бұл өңірде айдан артық тұрақтап қалған Әсет соңғы күндері қоңылтақсып, мама ағашқа байланған жарау аттай елегізе бастаған. Алағыза жүрегі тулады, көңілі жүріс тіледі. Көрсем деген елі, барсам деген жері әлі көп. Сол тұстардағы халықтың да тұрмыс-тіршілігіне әуестенді. Хал-жайлары қалай? Солардың пейіл-пешенін парықтамақ ойы тыншытпады. Сана-салтында, тұрмыс-тұрағында, әрекет-тірнегінде өзгеше айырма бар ма? Әр тұстағы талай елдің жай-жапсарын көріп-білген ақын бұл жақтағы


ауылдардың да ауқат-ауқымымен танысуға ынтықты.


Ал тағдырына, болашақ болмысына жаны қиналатын, басынан кешіріп жатқан ауыр азабына күйінетін көзі ашық адамдардың айтуына қарағанда, мұндағы ел өмірінің өрісі тар, алды тұйық, тығырыққа тірелгендей сергелдең. Аттаған адымы ілгері жылжы- майды, батпаққа батып, титықтаған мал сықылды. Жолы оппа, тай- ып жығылсаң, тереңге тартатын жылымы көп. Тап баспасаң, түпсіз ұйыққа батасың да кетесің. Өзі тұншығып, жанталаса қарманып жатқан елдің басқа біреуді құтқарып алуға шама-шарқы бар ма?.. Осы бір аласапыран құбылыстардың сипатын жіктеп, сырын жіліктеп ұғуды мақсат еткен Әсет жарға тығылған жапалақтай жарбиып жата алмады. Алғашында осы ниетін айтып, төз аттанып кетуді ойлағанмен, Қоңырдың ашық-жарқын көңілін қимай біраз бөлінген. Тосыннан тараған өсек, таңылған жала жүрегіне біздей қадалды да, орнынан түртпектеп тұрғызды. Қоңыр мезіретпен емес, шын-ақ тілегін айтып, аялдауын өтінгенімен, Әсеттің қабағынан енді бөгелмейтінін, тас түйін сыңайын байқаған. Сонан кейін асты- на ат мінгізіп, иығына шапан жауып аттандырған... Қолымыздағы


асылымызды бағалай алмайтын неғылған сормаңдай ел едік?..


 


Қазақтың қанат жайған жер-суы соншама жалпақ болғанымен, бірімен-бірі сыйыса алмай, неге тіреседі осы? Алайда, сол жерге иелік етіп отырған өздері тағы жоқ... «Ары жат, бері жат – төсектің тарлығы, ары отыр, бері отыр – көңілдің тарлығы». Әлде көңіліміз тар ма?.. Жо-жоқ, бұлай болжау – қиянат. Халқымыз жомарт, алды ашық, құшағы кең. Шырықты бұзатындар – ат тебеліндей тобыр ғана. Байлығына мастанған ондай қаныпезерлердің ішіне қасық айналмайды. Олар өздерімен кетсін. Семірген мал құсап, қарны тойғанына мәз. Әлгі жала мен өсек те сол обырлықтың нышаны... Зұлымдықты тапқырлық санайтын залымдар елді жік-жікке бөледі. Ел-елдің тентек текешіктерін сүзістіріп, итше шайнастырады да, төгілген қанды өздері жалайды. Бұл да көп жерден байқаған сұмдығымның түрі. Сондай есерлерді ит таласқа айтақтайтын айлакерлер бұл елде де бар екен... Жініккен төбеттер жөн таппай есеңгіреген елді жүнше түтіп, қасқырша шабады...


Әсет қым-қуыт қиял құшағында. Оның осы толғанысын бұз- ғысы келмегендей торы төбел де қамшы салдырмады. Қиыршық құмға тиіп, табанының қышыры әлі қажала қоймаған, тұрасын қайрақ тас тілмеген, шашасына шаң жұқпаған тың ат бір сарын аяңнан танбады.


Түс ауып, күн батысқа еңкейген. Ақ шиі сықасқан жалпақ жазықта жел жүйткиді. Арғы шетінен ойдым-ойдым көгал, сағымға оранған топ-топ ағаш қарауытады. Әсет қадала алысқа көз тігеді. Ойша діттегені – сол маңдағы бір ауылға жетіп түнемек. Аптығып, асыққан жоқ. Қалың шиді қақ жарып өтетін қара жол иір-қиыр.


Бір айланбадан бұрылғанда қарсы алдынан сары ала қылыш асынған, сағасына қызыл-жасыл қыл шашақ таққан найза, доғал қара мылтық ұстаған бір топ жасауыл ұшырасты. Түр-тұрпаты әскерден гөрі жол торыған қарақшыға ұқсайды. Ебіл-себіл.


Әсет бөгелмеді. Жолды жиектей шеттеді де, ілгері жылжи беріп еді, басына шошақ төбелі, кернейдей жұмыр, топатайдай сопақша қара тақия киген, желкесінде селтиген жіңішке қос бұрымы салбыраған, селдір сақал, тырбық мұрт қатқан қара бажылдай ербеңдеді. Қорыққан мысықша шарылдап, бажырая қарайды. Әсет жынды ма мынау деп ойлады да, таңырқай мойын бұрды. Еркек кісінің шаш өсіріп, бұрым қып өріп қойғаны да ерсі көрінді. Сонда барып есіне түсті: Манжу әкімдері өздерін ақ сүйек есептеп, сал- тын жұрттан ала бөтен ұстайды екен. Айбынын асыру үшін айдар өсіріп, бұрым қояды деген. Ал мына қатпа қараның бойынан ақ сүйектік сипат та, адамға лайық парасат та байқалып тұрған жоқ. Тек айтаққа қана жүгіріп, ит мінез боп кеткен адам сияқты. Қысық көзі сығырайып, әлденеден шошығандай ежірейген. Қылғына бажылдаған күйі жайпақ шом салған арбиған күрең атынан сырғанап жерге түсті де, ербеңдей елпектеп келіп, Әсеттің шыл- бырына жармасты. Торы төбел осқырына үркіп, көкке шапшыды. Түкке түсінбеген Әсет тізгінін тартқылап жүр. Осы апыр-то- пырдың үстіне қос қара ат жеккен нән қара пәуеске жетіп тоқтады. Әлгі инеліктей ілмиген қатпа қара Әсетті қоя бере салды да, тоңқандай елпелектеп арбаның қасына жетіп барды. Басына торғай қонған шише иіліп, тұмсығымен жер иіскегендей бүгілді. Арбада жұп-жұмыр қара ала кепкелі қара сұр кісі отыр. Желкесіндегі білеудей жалғыз бұрымының түбіне қызыл-сары, жасыл-көкшіл жібек жіп орап, сәндендіре безеген. Аяғын айқастырған қалпы арбаның қара былғарымен кептелген арқалығына шалқая сүйенген. Езуіне тістеген ұзын түтігін еріне сорып, темекінің түтінін үсті- үстіне будақтатады. Айналаға еріне көз салды. Жер сызған басын сәл көтерген қатпа қара екі қолын кеудесіне қойып қусырды да, иіліп тұрған күйі бірдеңелерді міңгірледі. Шошақ кепкелі қара сұр Әсетке үн-түнсіз бедірейе қарады. Сығырайған көзі жылтыңдай қозғалақтап, жолаушының өзінен гөрі астындағы сүліктей торы төбелді ішіп-жеп барады. Езуінен сілекей шұбырғандай ерінін сылп еткізіп тамсанып қойды. Қатпа қара сөзін бітіргендей, басын


жерге тигізе қайта иілді.


Әсет не жазып қалғанын, неге кінәлі болғанын айыра алмады. Бұлардың бостан-босқа тиіскеніне қайран. Біреумен-біреу жанжал- дасып, шатақ шығарғысы келсе, қалайда соған бір сылтау іздейді. Қарақшылардың өзі де тіке тиіспейді. О жер, бұ жеріңнен нұқылап ызаландырады да, тым құрығанда, қолын қағып жібергеніңді қарсылыққа санайды... Өзін айналдыра қоршап алған әңгілердің қылығын осылайша жорамалдаған Әсет нені сылтау етер екен деп ойлап, аттан түспей тұр. Бұл жақтың салты бойынша манжу әкімдері қарсы ұшырасқанда барлық адам көліктен – атынан не арбасынан түсіп, қол қусырып бас июге тиіс. Әйтпесе айып тар- тады. Әсеттің аттан түспегені, қол қусырып, тәжім етпегені зор күнә. Қылмыскердей жазаға тартылады. Ол мұндай жайлардан бейхабар еді... Бұлардың өзіне арадай жабылғанына түсінбей әлек. Әлден уақытта арбадағы ала кепкелі шелпек бет үнсіз ымдап, өзіне қарай шақырып еді, Әсет бір жақсылық күтіп, атын тебіне аңғалақтап, арбаға тақады. Ала кепкелі тесірейе қадалып қалған. Үстіне қолпылдаған кең, сөлбірейтіп ұзын қара атлас көйлек ки- ген. Қолының ұшын жапқан жалпақ жеңін сыбанды. Ұйғыр, қазақ


сөздерін араластыра, тілі күрмеле сөйлеп, тергей бастады.


 



  • Сен қайдан келеді?..
  • Қоңыраба саз жайлауынан шығып ем, жолаушымын, – деді Әсет қазақи жайбарақат қалыппен жөнін айтып.
  • Мына ат кімдікі?..
  • Е-е, мініп жүрген соң, өз атым емес пе? – деп күлімсіреді Әсет. Ала кепкілі бедірейген түсін суытты да, қысық көзін ежірейте төнді.
  • Жоқ!.. Сенде мұндай ат болмайды... Мұны сен ұрлаған!..
  • Ұрлағаны несі-ей, мынаның! – деді Әсет абдырай күйініп.
  • Түс аттан!.. – деп бұйырды шелпек бет ысылдай зекіп. Әсет асығыс үсігіс аптыға жай-жапсарын айтты:
  • Өмірімде ұрлық жасап көргем жоқ. Мен ақынмын, әншімін... Мұны маған Қоңыр төре мінгізген. Жаздай ауылында мейманы болдым да, бүгін аттандым...

Құлақ аспады ма, әлде, түсіндібеді ме, бұл сөзі безерген шелпек бетке әсер етпеді. Сазарған қалпы тесірейеді.



  • Сен қайдан келдің, ауылың қайда?
  • Ауылым Алакөлдің жағасында...
  • О, сен қашып жүрген ұрысың...
  • Ұрысы несі-ей, мынаның?.. – деп аңырған Әсеттің даусы қаттырақ шығып еді, оған ала кепкелі көңіл бөлмеді.
  • Және Қоңыр төре қаңғып жүрген кісіге мынадай ат та бермейді. Сен ұрлағансың мұны. Мен біледі төрені...
  • Оу, мырза, бұл жала ғой! – деп, ышқына ашық айтып салды ызаланған Әсет қарсы алдындағы кісінің кім екенінің байыбына бармастан. Бұған қара ала кепкелі шамданғандай көзі шатынап, шақшия бажырайды.
  • Ә, мен жалақор ма!?
  • Қойыңыз, мырза, қалжыңды, жолдан қалмайын... Мұны түсінсе де, болжыр бет сұстанды. Қысық көзі қанталай бағжаңдап, тұманданып кетті. Сопақша жағының қамырдай болбыраған еті жыбырлады. Қушық танауы қусырылып, қан-сөлі сарқылғандай беті бозарды. Күлдей көгілдірленген добал ерінін жымқырды. Ба- стары салбырап, жерге төне сөлбірейіп тұрған шеріктеріне бірдеңе айтып, бажылдады да, қолын ербеңдете жекірді. Жолаушыны да ұқсын дегендей, оған түсінікті тілмен сөзін әрі жалғады.
  • Неғып тұрсыңдар! Мынау мені танымады, бас имеді. Бұл қашқын!.. Дутыңның3 адамын білмейді!.. Ұстаңдар!..


3
Дутың – Әскери әкім.


 


Сол-ақ екен, селдір сақалды шерік етегінен жұлқылады да, бір қолымен шаужайына жармасты:



  • Түс аттан!..

Шелпек беттің суық түсі мен бажылдаған сөзінен кейін ғана Әсет бармағын тістеді. Осы өңірдегі елдің үрейі ұшып, есі шыға шошитыны Дутыңның адамдары. Мына арбадағы қара сұр кісі де бір дөкей сықылды. Соны аңғармай қалғанын қарашы. Бұларға қарсы ұшырасқан кісілердің бәрі қол қусырып, тәжім етуі бұлжымайтын заң деуші еді. Сол тәртіпті орындалмаған соң темір шеңгелге түскенін білді. Енді бұған істер қайласы жоқ.


Әй-шайға қаратпады. Дөкейдің өктем даусына арқаланған селдір сақалға тағы бір дембелше тапал шерік болысты. Ол Әсеттің атына жармасып, шаужайынан ұстағанда, найзасын шошаңдатқан жуандық сығыр көз түбетектен алып, ерден аударып түсірді. Селдір сақал аспанға шапшып, асаудай атырылған торы төбелдің ер-тоқымын сыпырып тастады да, ойнақтата жетелеп шетке шыға берді. Сығыр көз жуан айбаттана төніп:



  • Шеш мынаны! – деді Әсеттің үстіндегі шұға жағалы су жаңа түйе жүн шекпенін тартқылап. Шешпесіне де қоймады. Бір жеңін босатқанда-ақ екінші жеңінен өзі жұлқи тартып, өңірін жиыра төмен ысырды да, апыл-құпыл сыпырып алды. Көзі қанталай ежірейген шелпек бет тістене бұйырды:
  • Жамбылға4 айдап апарыңдар!..

Біреуі шашақты найза, тағы біреуі сойылдай ұзын қара мылтық ұстаған екі шерік Әсеттің қасына жетіп барды. Арбиған арық шерік жерде жатқан ер-тоқымын арқала дегендей ымдады. Әсет шашы- лып жатқан мүліктерін жинап болған соң, ұшына қызыл шашақ қадаған найзасымен қақпайлап, көз ұшындағы шоғыр ағаштың арасынан бозарып көрініп тұрған сұрғылт үйлерге қарай айдап әкетіп бара жатты...


Зорлыққа ұшыраған адамның ойы да қым-қуыт сергелдеңге ұшырайтынын Әсет осы жолы анық сезінді. Дала желі өзімен бірге күрсінді. Жауыздықты көріп тұрып ара түсе алмағанына ұялғандай күн де қызарып кетті. Дәті шыдамағандай лезде таудан әрі асты. Ендігі көретінің осындай түнек, көндіге бер дегендей қараңғылық басына үйіріле төнді. Алдағы күнінің не боларын болжай алмай есеңгіреген Әсеттің басы әңкі-тәңкі, ойы быт-шыт. Тек қара дауылдың өтіне, зұлымдықтың кәріне ұрынғанын анық байқады. Енді қалай құтылмақ?..



4
Жамбыл – абақтыны, түрмені бұл өңір елі осылай атайды.





Пікір жазу