03.01.2022
  271


Автор: Құрманбай Толыбаев

Дәндер





Күн жылынып, жер дегдіді. Ақ адырлардың қыртысын адамдар аударыстыра бастады. Көкжиекпен қабысқан осы бір ұлан-ғайыр жазық далаға тұңғыш рет дән себілді. Бидай ұрығының мұнда себілген баданадай дәндері тың жер құшағынан қуат тауып, жайқала өсті. Жалпақ жазықтағы егістің ширатылған жасыл толқыны күзге қарай реңін өзгертті де, сары теңіздей шайқалып, ширыға ырғатылды. Жел үрлесе үкідей бұлғаңдап, күнге шағылыса тербетіледі. Етегі құмдақ жағалауға соқтыққан балаң толқындай жыбырлай толқиды. Бойшаң сабақтар жел ығын бағып, қалай шайқаса, солай қарай майысады, қасқайып қасарыспайды. «Уақыты толды ғой. Енді қауыздағы асыл дәндерім төгіліп кетпесе екен» деп тілегендей, айналасына жаутаң-жаутаң қарасады.


— Шыдаңдар, балапандарым, аз ғана күнге шыдай тұрыңдар! — дейді басқаларынан бойшаңдау бір сабақ бәйек болып. Бұл тың жерге алғаш қоныс тепкен Ата сабақ еді. Ол шанақ қауызынан атқып шығып, домалай жөнелгісі келгендей, қауыз сағасынан тұмсықтары жылт-жылт етіп, қылтия көрінген дәндеріне басу айтып, сабыр тілейді: «Асықпаңдар, бөбектерім! Асығыстық арандатады!».


— Кең дүниеге шығатын мезгілдерің де таяды, — деп қостайды тағы бір бойшаң сабақ.


— Мынау құнарлы өлкенің нәрін емізіп, жетілдірдік сендерді. Асылымыз, тұңғыш дәніміз, қуанышымыз сендерсіңдер! Көретін қызықтарың алда!


— Сонда не болады? — деп шуылдаса сұрайды шанақ қауызындағы дәндер таңданысып.


— Сол күн жеткенде денелерің күн сәулесінің ыстық табына қақталады да, қоңырқайланып шыға келесіңдер. Алтынға малғандай жалтылдайсыңдар. Сіркіреген жаңбырдың жылы тамшыларына шомыласыңдар.


— Ой, қандай қызық! — деп, құштарлана жамырасады дәндер тыпыршып. — Тез шықсақ екен, сыртқа!


— Жә, жә!.. Асықпаңдар оған! Әр істің өз кезегі, мезгілі болады.


— Сыртқа шыққаннан кейін көретін қызығымыз қандай? — деп, қарыстай-қарыстай салалы масақтардың қауыздарын сықырлатты бір топ дән дабырлап.


— Ең алдымен бізді баптап-баулып, осы халге жеткізген адамдардың аялы алақанына түсесіңдер.


— Онан соң ше?..


— Сонан соң ба, адам нағыз қуанышқа бастайды.


— Ал адам қашан келеді?


— Аз ғана шыдаңдар. Жақын арада келіп қалар...


— Неге асықпайды?.. — деп тықыршыды шанақтағы дәндер.


— Сонша ұзақ күттіргені несі екен?..


— Сендер босқа аптықпаңдар. Адам әр істің уақытын біледі.


Сендердің өсіп-өнген күндеріңнің бәрін есептеп жүр. Мезгілі толған соң жетіп келеді.


— Адамның қамқорлығы қандай болады?


— Адамсыз дән атаулы өнгенімен, қызықты күн көре алмайды. Егер оның қолына жетпей, далада қалсаң, құрығаның. Күздің суық жаңбыры шылқыған суға малшытады да, ызғарлы қыс келген соң үскірік ұрып, жалаңаш денеңді аяз қариды. Сіресіп, қатқан терідей сопиып, қаңғырлайсың. Сөйтіп жатқаныңда күн жылынып, шуағы мол көктем келеді. Бұл кезде бойыңда басыңды көтерерлік әлің де қалмайды. Қара топырақтың жылы құшағына қайта кіргеніңмен, діңкең құрып, қыбырлай да алмайсың. Лайсаң батпаққа батасың да, сүйегің шіриді.


— Ой, сұмдық-ай!.. — дейді дәндер тіксіне, денелері тітіркеніп. — Ендеше, адамды күтейік асықпай!


Үрейі ұшқан дәндер қауыздарын оранып, бұға түседі.


— Иә, төзім керек, — дейді масаты қарыстай бойшаң сабақ ырғала шайқалып.


— Сендердің асыл қасиеттеріңді көзінің қарашығындай сақтап, аялайтын — адам ғана.


Күндер өтіп жатты. Әбден толысып, баданадай торсиған дәнді егіс алқабы өздерін баптаған адамды тағатсыз күтті.


Бір күні таңсәріде жер солқылдатқан жойқын дүбір естілді. Манауратқан ұйқы құшағында жатқан алқап өре түрегелді. Рауандап сүзіле атқан таңның нұры мол. Жер үсті балбыраған тыныштыққа бөленген еді. Бойшаң сабақтар мойындарын созып, жан-жағына өзеурей қарасады.


— Бұл не? Бұл не? — десіп, үрпиісе дегбірсізденеді тосын дүбірден шошып оянған дәндер.


— Ә, мезгіл де жеткен екен! Шошымай-ақ қойыңдар, бұл жақсылықтың нышаны! — дейді бойшаң Ата сабақ қуанышпен жайраңдап. — Міне, бізге адам келе жатыр!


— Адам деген соншама алып па? Бүкіл жер-дүниені солқылдатып жіберді ғой?


— Иә, адамнан қуатты, адамнан асқан алып жоқ! — деді Ата сабақ басын жоғары көтеріп, шалғайға көз жүгіртіп. — Енді, асыл дәндерім, сендерді сол мейірімді адам жинауға кіріседі. Біздің бір-бірімізден ажырасар шағымыз жетті. Өз беттеріңмен еңбек ететін күндерің туды!


— Сендерсіз біз не істей алар екенбіз?.. — деп мұңайысты қауыздағы дәндер.


— Үйренесіңдер! Тіршілік заңы солай, балапандарым! Біздің орнымызды сендер басасыңдар. Ала жаздай аптапқа күйдірмей, аңызаққа соқтырмай сақтадық.


— Енді біздің не істеуіміз керек? — десіп, қауызды сықырлата абыржыған дәндерге сабақтар жөн сілтеп, түсінік беріп жатыр.


— Сендерді мейірімді адамның қолына тапсырамыз. Адам баптайды, мәпелейді. Тек өз қасиеттеріңді бойларыңда сақтаңдар. Сонда ғана құнарлы нан боласыңдар! Сол арқылы адамға күш-қуат дарытасыңдар. Сөйтіп, адаммен бірге өмір сүресіңдер. Бір түйір дән жерде қалмайды, қадірлерің артады, ел ардақтайды.


— Солайша, біз мәңгі өмір сүреміз бе?.. Нан болмағанымыз ше?..


— Ал жауын тиіп, су өтпейтін қамбаға барғандарың, көктемді күтіңдер! Қар еріп, жер сызы дегдіген соң, адам қайтадан жер құшағына себеді. Қара топыраққа тамыр жайып, қайтадан қаулап өнесіңдер де, ұрпақ өрбітесіңдер. Бір түйірің мыңға, мыңың миллионға айналасыңдар. Біз де о баста бір-бір түйір дән едік...


— Бізді өсірдіңдер ғой! — деп еркелей дауыстады дәндер.


— Миллиард-миллиард шоғырмен сендер өсіп шықтыңдар. Адам Миллиард деп ат қойды сендерге. Бұдан былай да адамның баптауымен бірден-бірге ауысып, мәңгілік өмір сүресіңдер. Қуаттарың сарқылмайды.


Жер солқылдатқан дүбір жақындай берді. Таңның қызыл арай шұғыласына бөленген сары бидай жапырлай өре түрегеліп, адам тобын қарсы алды. Алып комбайндардан қарғып-қарғып түскен адамдар толқындана шайқалған бидайдың шетіне келіп, қарыстай-қарыстай масақтарды аялай сипап-сипап қойды.


Көзінде қуаныш ұшқыны ойнаған комбайншы орақ салды. Жайқалған бітік бидайдын топ-толық сабақтары комбайн орағына қарай таласа-тармаса жапа-тармағай лап қойысты. Дәндер тордан босаған торғайдай қауыздарынан ыршып-ыршып шығып, ойнақ салып шоршып жүр. Жоталары күн сәулесіне шағылысып, маржандай жалт-жұлт етеді.


— Жолдарың болсын, жолдарың болсын! — десіп, құшақтаса өбісіп, қоштасады бір-бірімен. Дәндер кең дүниеге құлаш ұрғандай топырласа дүрлігеді. Өздерінің жаңа өмірін бастағандарына мәз. Қуаныш тасқынында жайқалысады:


— Рақмет, алтын сабақтар! Үміттеріңді ақтаймыз! — деседі дәндер ұзаған сайын дауыстарын көтере айқайласып.
Түс ауа кезек келіп, комбайн орағына жантая кеткен Ата сабақ өз құшағынан атып шыққан дәндердің арқасынан қағып-қағып қойып:


— Ал, қош болыңдар, асыл балапандарым! — деді шаттана дауыстап. Сусылдаған сабан құшақ-құшағымен дударлана сықырлап барып, комбайнның шөмелегішіне түсті де: «Уһ!» — деп, рақаттана дем алды. Ерке дәндер жайпақ тақтайды дүбірлете ойнақ салады. Күн нұрына кеуделерін тоса, алтындай жалтылдап, комбайн шанағына құйылады.


Адамдар да мәз, жер де мәз. Комбайн шүмегінен судай саулаған мың сан дәндер машинаға тиеліп, үлкен қырманға құйылады. Сол жерде бәрі тоғысып, бірін-бірі құттықтай құшақтасады. Суси жылысып, ойнақ салады, шаттана әндетіп, сықылықтап күліседі.


Қазақ даласының ұлан-ғайыр тың төрінің аршын төсінде Миллиард пұтпен саналатын дәндер тұқымы тұңғыш рет жарық дүниеге осылайша енді де, кең далада осылайша өрбіп, жыл сайын молая берді, молая берді.









Пікір жазу