03.01.2022
  380


Автор: Тұрдақын Жексенбай

Бақа мен балық

«Өзі балпақ, басы жалпақ, бұты талтақ» бір Бақа көл жаға­сындағы көгалда жүрген. Ол секіре-секіре көл шетіне келіп, мөлдір суға қызыға қарап отырды.


Сол сәтте оның алдына Ақшабақ деген таныс балығы жүзіп келді. Ол судан басын шығарып, аузын бір жауып, бір ашып тұрып:


— Саламатсың ба, Бақатай? — деп ашық-жарқын амандасты.


— Сәлем, Ақшабақ, сәлем! — деді Бақа да тамағы бүлкілдеп, тар­баң ете бір қозғалып қойып.


— Бақатай, кешелі бері көрінбей кеттің ғой, бір жаққа бардың ба? — деді балық.


— Алыс ешқайда барғаным жоқ. Осы жағалаудағы жайылымда жүрдім, — деді Бақа.


— Жайылымда сендер осы шөп жейсіңдер ме?


— Жоқ, Ақшабақ, біздер шөп жемейміз.


— Енді не жейсіңдер?


— Біз кәдімгі құрт-құмырсқа, маса-шыбын, өрмекші-қоңыз, шегіртке-көбелек сияқты жәндіктерді жейміз. Сондықтан да адам­дар бізді жыртқыштар қатарына жатқызады, — деп, Бақа аузын тамсап-тамсап қойды.


— Судан сырт жерде жүргенде қатты шөлдейтін шығарсың­дар, ә?


— Шөлдейміз, әрине.


— Осы сендер суды жалап ішесіңдер ме, әлде сіміріп ішесіңдер ме?


— Біз суды жалап та, сіміріп те ішпейміз.


— Енді қалай ішесіңдер? — деді балық.


— Сыртымыздағы жұқа терімізбен «ішеміз». Яғни үсті-басымыз жаңбыр жауып су болса да, су ішінде жүзіп жүрсек те, су біздің денемізге тері арқылы сіңеді.


— Мыналарың қызық екен, Бақатай! — деп балық оған кә­дімгідей таңғалыс білдірді де, енді басқа бір жайды сұрады. — Осы біз сендерді жаз бойы жиі көреміз де, қыс мезгілінде мүлде кез­дестірмейміз. Қыста сендер бір жаққа кетіп қаласыңдар ма?


— Жоқ, Ақшабақ, біз ешқайда кетпейміз. Осы өз мекенімізде қыстаймыз.


— Біз ғой қыста ақ қар, көк мұз құрсаулаған су ішінде жүре береміз. Ал сендер сонда қайда боласыңдар?


— Біз бе? Біз бір нәрселердің астына, індер мен қуыс-кеуектерге кіріп алып, қимылсыз жатамыз. Қақаған аязда қатып қалатын кезіміз де болады. Бірақ көктем келіп, күн жылынғанда қайта жанданып, сыртқа шығамыз. Жерде жүреміз, секіреміз, суда жүземіз. Өзен, көл, бұлақ басында бір-бірімізге қосыла әндетіп, хор айтамыз. Міне, біз осындаймыз, достым.


Осы кезде бұлардың қасына қармақ салып, балық аулап жүрген балалар келіп қалды. Бұлардан қорыққан Бақа шолп етіп суға секірді де, балық та жалт беріп көзден ғайып болды.





Пікір жазу