Жанашыр
Тұмаржан бес жасқа толғалы, әжесі мен атасының қасынан шықпайтын болды. Ол Аяжан анасына:
— Мен енді үлкен болдым. Мен атам мен әжемді күтемін, — деп, тәмпіш мұрнын шүйіріп, оймақтай ернін үйіріп, мәз болды.
— Садағаң болайың, Тұмаржаным бізді ажалдан да қорғайды, — деп, Әсем әженің аппақ жүзі нұрланып, немересін құшырлана сүйді.
Тұмаржанның әжесі анада қаладағы қайнысының үйіне кеткен. Сонда Тұмаржан түнімен ұйықтай алмады.
Ол бірде:
— Әже, олай жүрмеңіз! — деп, шошып оянды.
— Ол не, ботам? — деп атасы оны құшып, маңдайынан иіскеді.
— Әжем көше тәртібін бұзып, айғайласам да болмай, қызыл шамға қарсы бара жатыр, — деп Тұмаржан өксіп, жылап жіберді.
— Уайымдама, ботам! Әжең көше тәртібін біледі, — деп, атасы оны жұбатып, құшағына алып, елжірей құшты.
— Ата, әжем қала көшелерінен адасып кетпей ме?
— Қорықпа, ботам! Әжең адаспайды, — деп атасы оны жұбатты.
— Ата, сіз де қорықпаңыз. Мен қасыңыздамын ғой, — деп, ол да атасына демеу айтты.
— Сен қасымда болсаң, мен ажалдан да қорықпаймын! — деп, жүрегі елжіреген атаның көзі жасаурады.
Атасы: «Ее, Алла! Кішкентай ботама денсаулық, амандық бер!» — деп күбірледі.
Тұмаржанның әжесі қаладан келгенде үйлерінде үлкен той болды.
Әжесі Тұмаржанға:
— Мынау суретті кітапшаларды Бақ көкең сәлемдемеге беріп жіберді. Мынау масаты көйлекті Әсия жеңешең саған арнап тігіпті. Мына кестелі кеудешені өзім саған базарлыққа әкелдім, — деп сыйлықтарын ұсынды.
— Тұмаржаным әжесі жоқта маған сенімді серік болды, — деп атасы риза болып, немере қызын масаттана мақтады.
Әсем әже: «Аллаға шүкір! Жанашырымыз Тұмаржан аман болсын!» — деп, Аллаға сыйынды.