02.01.2022
  275


Автор: Уильям Сидни Портер

Сыйға – сый

Бір доллар сексен жеті цент. Небары осы ғана. Оның да алпысы бір центтіктен. Әрбір цент үшін ет сататын, ине-жіп сататын, көк-азық сататындармен қанша саудаласатын еді! Үнсіз наразылықтарынан құлақтары қызарып кететін.


 


Делла бар ақшасын тағы да үш рет санады. Бір доллар сексен жеті цент! Жарты цент артық шықсайшы!


Ал, ертең рождество!


Ескі диванға құлай кетіп өкіріп жылаудан басқа ешнәрсе қалған жоқ.


Өмір деген көз жасы, күрсініс, аяқтап келгенде езу тартудан тұрады деген философиялық тұжырым бар. Делла сол баспалдақтардан өтіп болғанша үй ішін бір шолып өтелік: жұмасына сегіз доллар төленетін арзан қол жалғыз бөлме... Үй дүниеліктерінде қара қасқа қайыршылық белгілері болмағанымен мылқау кедейлік тұнып тұр. Бәрі ескірген, бәрі тозған, бәрі оңып кеткен.


Бірақ, күйеуі Джеймс Юнг жұмыстан қайтып келгенде «Джим!» деп Делла мойнына асыла кеткенде, бұл ерлі-зайыпты жастардың жан байлығы үйлеріне сыймай кетуші еді. Қандай адалдық, қандай тазалық, қандай сағыныш!


Делла жылау баспалдағынан аман өтіп, бетін сіреуленіп қалған мамық ұлпасымен бірер сүйкей салды да, терезеге барды. Сұр қоршаудың іргесін көбелеп жүрген сұр мысықты көрді. Көңілі ешнәрсеге ауа алмады.


Ертең рождество!


Айлар бойында тырнақтап жинағаны бір доллар сексен жеті цент. Джимге қандай сыйлық жасай алады? Айлық табыстарың жиырма-ақ доллар болса үнем жасау қиын екен. Оны үнемдеймін дегенінен береке болмай-ақ қойды. Биыл күйеуіне ерекше бір сыйлық жасармын деп арман етіп еді. Ешкімнің ойына келмес, ешкім таба алмас, тек Джимге ғана жарасатын, сирек кездесетін сыйлық жасамақшы да!
Делла ойына бірдеме түсе қалғандай, терезеден тез бұрылып, айна алдына келді. Саусақтары жымыңдасып, тез-тез қимылдап шашындағы қадалғыларды суырып-суырып тастап, тізесіне түсетін қою қолаң шашын тарқатып жіберді.


Бұл ерлі-зайыпты адамдардың үйінде бағасыз қымбат екі нәрсе бар еді. Біреуі Делланың шашы, енді бірі — Джимнің әкесінің әкесінен қалған алтын сағат.


Егер Сава жұртының қатын патшасы қарсы үйде тұратын болса, Долла жуғаннан кейін шашын сол үй жақтағы терезеден төгілдіріп жіберіп кептірсе, қатын патшаның бар асыл киімдері, бар асыл алтын-маржандары оңып кеткендей болар еді.


Егер Сүлеймен патша сол қарсыдағы үйдің есігінде тұратын болса, Джим оның қасынан өте беріп қалтасынан алтын сағатын суырып алса, Тақ Сүлейменнің өзі күндеп, қызығып қалар еді.


Miнe, Делланың шашы тарқатылып, тізесінен төмен түсе төгіліп кетті.


Құлама судың толқынындай құлпырған алтын толқынға көз тоқтай алар емес. Делланың нәзік денесін түгел жауып кетті. Жас әйел шашын тез жинап, қадалғыларын қайта қадап қалпына келтірді де, әлденеге бел байлай алмай азғана тұрып қалды. Тозығы жеткен қызыл кілемге екі-үш тамшы көз жасы да домалап кетті.


Бірақ, ертең рождество! Үстінде көнетоз қоңыр-күрең жакет, басында көнетоз қоңыр-күрең қалпақ, Делла үйінен шығып кетті.


«Шаштан жасалған бұйымдар» деген маңдайшасы бар үйге Делла тез жетіп, асыға кірді.


— Менің шашымды сатып алмас па екенсіздер?


— Аламыз. Қалпағыңызды шешіңіз, әуелі товарды көрелік! Алтын толқын құлпырып тағы да төгіліп кетті.


— Жиырма доллар...


— Әкеліңіз тезірек!


«Әуелі товарды көрелік!» деді-ау. Мұндай құрмалдық тек қана кең пейілден, шексіз сүйер жар қолынан келетінін осыны айтқан сұм естіді ме екен, сірә!


Келесі бірер сағат еріне сыйлық іздеуге кетті. Қуанышты әйел көше-көшені қанат біткендей ұшып жүріп кезді. Ақырында іздегені де кездесе кетті.


Бұл Джим үшін әдейі арнап жасалғандай нәрсе екен. Платинадан жасалған сағат бауы. Басқа магазиндерден мұндай ешнәрсе кездеспеп еді. Жалған жылтырақ, арзан әшекейі жоқ, асылдың ажарын өз ажарын бұзбай жасапты. Барлық асыл нәрселер әшекейсіз, сыртқы жылтырақтан сау келеді. Бұл да тап сондай асыл еді. Сағат бауы үшін жиырма бір доллар төлегеннен кейін, Делланың қалтасында әрине сексен жеті-ақ цент қалды. Енді Делла үйіне жетуге асықты, Джимнің алтын сағаты қандай қымбат болғанымен бауы тозыңқы қайыс болғандықтан жұрт көзінше сағатына қарауға ол қатты қысылатын. Мына бауды тағып берген соң сағатын еркін-ақ суыра алатын болады.
Үйіне келген соң Делланың алқынысы басылып, енді өзге жайларын ойлауға тура келді. Алдымен әлдеқандай темірлерді газға қыздырып, қалған шашын бұйралап алды. Сабақтан қашып кеткен еркек балаға ұқсап калғанына қынжылған жоқ.


Сағат кешкі жетіде кофе қайнап, таба газ үстінде тамақ, әзір болып қалып еді. Джим ешуақытта кешігіп келген емес. Делла сағат бауын алақанына қысып алып, кірер есікке жақын отырды.


— Құдайым-ай, Джимге ұнамай қалмайтын ете гөр!..


Есік ашылып Джим үйге кірді. Әйелін көрді де, қалың шөптің арасында бөдене барын сезінген сеттер итке ұқсап қатып қалды. Әйелінен көзін де ала алмайды, тілі де күрмеліп қалғандай. Оның көздері не айтып тұрғанын түсіне алмай Делла қорқып кетті. Ашу да емес, таңдану да емес, наразылық та емес, шошыну да емес, қысқасы — Делланың күткендерінің бірі де емес. Көзін әйелінен аудармай, есінен танғандай бейжай қарап қалыпты.


Делла орнынан атып түрды.


— Джим, айналайын, маған бұлай қарамашы! — деп айғайлап жіберді. — Мен шашымды кестіріп сатып жібердім. Рождествоға қарсы саған бірдеме сыйлай алмасам, ол бейшаралықты мен көтере алмас едім. Шашым әлі-ақ өсіп, жетіліп кетеді. Сен маған ашуланбайсың ғой, солай емес пе? Басқа шарам болмады. Менің шашым тез өседі. Жә, мені келе жатқан мейраммен құттықташы. Кел, мейрамға бірге қуанайық. Мен саған қандай тамаша, таңқаларлық сыйлық әкелдім.


— Сен шашыңды қырықтырып тастағансың ба? — деді Джим, өз көзімен көріп тұрса да, көңілі әлі сене алмай тұрғандай.


— Ие, кестірдім де саттым. Саған сыйлық сатып алдым. Сен бәрібір мені жек көріп кете алмайсың ғой, Джим. Шашым қысқарғаны болмаса, мен сол Делламын...


Джим таңырқағандай бөлменің ішін айнала қарап шықты да:


— Олай болғанда сенің ұзын бұрымдарың енді жоқ қой? — деп қайталап, қадала сұрады.


— Іздемей-ақ қой, Джим. Таба алмайсың. Айтып тұрмын ғой: сатып жібердім, кестірдім де сатып жібердім. Енді жұмсаршы, еркелетші мені. Мен не істесем де сен үшін істедім. Менің сені сонша сүйетінімді ешкім өзгерте алмайды. Котлетті қуыра берейін бе?


Джим еріксіз жібіп кетті. Делласын құшақтай алды. Содан кейін пальтосының қалтасынан ораған бір нәрсені алып столдың үстіне қойды.


— Meнi де қате түсініп жүрме, Делла! — деді Джим. Шашының ұзындығы, не қысқалығы менің қалқашымды жек көрсете алмайды. Сен мына орап әкелгенімді ашып көрші. Сонда менің әуелі неменеге абыржып, аңырып қалғанымды өзің де түсінерсің.


Делланың ақ саусақтары тағы да жымыңдасып, тез-тез қимылдап Джимнің орап әкелгенін ашты.


Делла қуанғанынан әуелі айғайлап жіберіп еді, ұзамай жылап жіберді. Одан кейін ұзақ тоқтата алмаған күрсіну, өксу басталды. Өйткені, Джимнің әкелгені шашқа қойылатын тарақтар екен! Біреуі желкеге қойылатын, екеуі екі шекеден қойылатын тамаша жасалған нағыз тасбақа тарақтары. Тарақтардың шілтерлі жиектері Делланың шашымен түстес жалтылдаған тастармен көмкерілген.


Бұл қымбат тарақтар. Делла ол тарақтарды Бродвейдің бір магазинінен көріп, талай рет қызығып қарап тұрған. Ол тарақтарды қолға түсіру өмір бойы орындалмайтын арманындай еді.


Енді міне, сол тарақтар қолында тұр. Тек басында шашы жоқ. Сонау келмеске кеткен алтын толқынды шашына мына тарақтар қандай жарасар еді, шіркін!


Делла тарақтарды кеудесіне басты. Әлден уақытта өксуін тоқтатып жымиюға шамасы келді. Көзі жылап, өзі жымиып тұрып:


— Менің шашым өте тез еседі, Джим! — деді.


Содан кейін күйеуіне өзінің әкелген сыйлығы есіне түсіп:


— Құдай-ай сол! — деп қалды. — Сен әлі менің әкелген сыйлығымды көрген жоқсың ғой! Міне! Делла алақанын ашып Джимнің алтын сағатына тағатын платина бауын көрсетті. Құбақан түсті асыл металл Делланың тасып төгілген қуанышына үн қосқандай бірге жарқырап кетті.


— Шын-ақ тамаша емес пе, Джим? Қаланы түгел аралап әрең таптым.


Сағатыңды әкелші, өзім тағып берейін. Қандай жарасар екен, көрейік.


Джим сағатын суырып берудің орнына, диванға құлай кетті де, екі қолын басының астына қойып, жымия берді.


— Делл! — деді ол әлден уақытта. — Тегі, біздің бірімізге біріміз әкелген сыйлықтарымыз біраз уақыт жата тұрар... Сен шашыңды сатып маған сағат бау әкелсең, мен сағатымды сатып саған мына тарақтарды әкелдім...


Ең қымбат сыйлықтар — адал жан, таза жүрек сыйлығы — осылардан аса алмауы керек!..





Пікір жазу