01.01.2022
  257


Автор: Қайнекей Жармағамбетов

Дала дауылпазы

Жазғы кеш. Жайлаудағы ауыл. Күн еңкейе үлкен жол бойына шыққан балаң жiгiт қатты кейiп келедi. Кеше тал түсте қоралы қойға қасқыр тиiп, ызалы бай ат үстiнен қамшы үйiрген соң, бала қойшы мал өрiсiне қайтып оралмасқа кеткен.


Ол iркес-тiркес керуенге кездестi. Арбашының бiрi:


— Шырағым, қайда барасың? — деп сұрады.


— Қостанайға.


— Онда таныс,туысың бар ма едi?


— Жоқ.


— Арбаға отыр, балам. Қос болайық.


Бұл Тоғжанның баласы Әлiби болатын.


Талапты бала Қостанайда оқуға түстi. Онан кейiн Орынбор, Қазан қалаларында бiлiм алды. Ақырында Москваның Дiни Академиясына орналасты. Озат ойлы жастар үйiрмесiне қатынасып, ел тiлегi, азаттық ұранына елегзи құлақ түре бастады.


I


1909 жылдың көктемiнде бүкiл дүние жүзi ерекше бiр хабарға елең еттi. Талай тiлде шығатын газеттер жас жiгiттiң суретiн басып, жер шарын жаяу аралап шығуға аттанған Николай Степнов деп жария еттi. Бұл Әлiби Жанкелдин едi.


Жол шетiн Россиядан бастап, көршi елдерден өтiп, Швейцарияға барды. Онда шетте жүрген орыс революционерлерiмен танысты.


Бұл сапарда ол Африка. Азияны аралады. Ақырында Жапонияға барып, Америкаға өтуге рұқсат ала алмай, Қиыр Шығыс арқылы елге қайта оралды. Келер жылы Европаға тағы сапар шектi...


II


Торғай өзенiнiң екi жағына жарыла қонған ауылдар. Арна бойы толған қайықтар. Дуылдасқан, күлiскен жастар, балалар. Қайықтарды жанай өткендер бiр-бiрiнен:


— Қайда барасыңдар? — деп сұрайды.


— Әлiби ағаға, жаны бар, тiлi жоқ сурет1  көруге.


— Ә, бiз де сонда...


Шатыры — аспан, еденi — көгорай шалғын, қабыр-ғасы — шетсiз-шетсiз кең дала, экраны — кергiш ағашқа iлiнген ақ мата. Бұл — Әлiби ағайдың кинотеатры. Ығы-жығы халық. Экран алдында қара мұртты жас жiгiт сөз сөйлеп тұр. Ол бұйығылық пен надандыққа, топастық пен қорлыққа қарсы үкiм айтып, ашына сөйлейдi. Көп iшiнен бiреулер күрсiнедi, ендi бiреулердiң жанарынан жалын жалт еткендей болады.


Мұнан кейiн олар экраннан тiлсiз суреттер көредi...


III


1916 жылдың дүбiрi. Кең дала. Ерсiлi-қарсылы ағылған сарбаздар. Киiз үйдiң төрiнде ойға батқан сардар Аманкелдi. Ол бей уақытта ұйқысыз отыр. Алыстан күткенi келедi деп үмiттенедi. Таң саз бере ұзын жолдың бойынан екi ат жеккен жолаушы көрiндi. Батыр далаға шығып, жолаушыны жол бойында хош алды. Арбадан түскен шаршы денелi, қара мұртты, қағiлез кiсiмен құшақтаса қауышты батыр. Ұзақ сөйлестi екеуi серт байласты.


Бұл жолаушы да Ленин партиясының өкiлi Әлiби Жанкелдин болатын.


IV


... 1917 жылдың ноябрi. Петроград. Қалалық Совет-тiң мүшесi, қара мұртты қазақ В.И. Лениннiң кабинетiне кiрдi.


Ол ұлы көсеммен алғаш рет Швейцарияға барған жолында кездескен болатын. Владимир Ильич «ел кезбе» атанған жас қазақпен ұзақ әңгiмелескен...


Бұл екiншi кездесу.


— Сiздiң шақыруыңызбен келдiм.


— Жолдас Степнов, яғни Далабаев. Сiз өзiңiз өскен далаға баруыңыз керек. Ақтар ойран салып жүр Сiздiң далада. Қол құра, күрес. Бүгiннен бастап Сiз даланың дабылшысы, дала комиссарысыз. Мiне, сiзге мандат.


Лениннен мандат алған да Әлiби Жанкелдин болатын.


V


... Байтақ даланың ұзақ жолы. Iркес-тiркес керуен. Жарағын жарқылдатқан жас өрендер. Бұлар Царицын майданына көмекке аттанған кешегi сарбаз, бүгiнгi қызыл гвардияшылар.


Жол бойында неше шайқас, неше соқтығыстың бәрiн бастан өткерiп, В.И. Лениннiң тапсырмасымен ауыр майданға азық-түлiк, жарақты қол алып келе жат-қан Әлiби Жанкелдиннiң жасағы болатын бұл.


Астраханьдағы айқасқа араласып, Каспий теңiзiн көктей өтiп, Маңқыстаудан жаңа жасақ жинап, Ақтөбеден ақтарды қуып шығып, Ырғыздан атаман Дутов әскерiн ығыстырған да Әлiбидiң қолы едi.


Қазақ даласында алғаш рет Советтiң қызыл туын тiккен, Совет өкiметiн жариялаған, өзi Орынборға кетiп бара жатып, Торғайдың төтенше комиссары етiп Аман-келдiнi тағайындап кеткен де Әлiби Жанкелдин болатын.


VI


Азамат соғысы аяқталды. Елiнiң сыйы — Қызыл Ту орденiн кеудесiне қадап, Москвадан Қазақстанға оралған Әлiби бiздiң республикамыздың 1920 жылы дербес отау тiккен съезiн басқарды. Сонан кейiн Әлекең үнемi басшы қызметте болды. 1953 жылы ол дүние салды. Өзiнiң туып өскен жерi, Торғай даласы бүгiн Жанкелдин ауданы деп аталады. Торғай селосының ортасындағы кең алаңда Әлекеңнiң мырыштан құйған мүсiнi тұр. Сол қасиеттi ескерткiш түбiне даланың қызыл, жасыл гүлiн әкелiп қояды балалар.





Пікір жазу