
Қызғаныш
Өзгемен қалай тұрып жатырсыз –
Өмірі ұшып көрмеген?
Сіз қалай тұрмыс құрып жатырсыз
жағалауменен –
жерменен?
Қалды ма ұмыт қалқыған арал
Төсінде көктің тербеліп?
Қалды ма ұмыт сарқырамалар –
жарқырап ағар,
өң беріп?
Сіз қалай бірге тұрып жатырсыз
Әйелмен –
әнсіз, жай, жаман,
Ұрымен өмір сүріп жатырсыз
Тағымды менің жайлаған?
Халіңіз қалай, қарағым, анық –
Жайыңыз бәлкім жайлы шын?
Сорлының қалай сауабын алып,
Табасыз бабың
байғұсым?
«Жүзуден қажып,
Жерінген кемем.
Жетеді!
Жерде қаламын!»
Қалай тұрасыз көрінгенменен,
Артық көретін адамым!
Дәмді ме әлде пісірген асы –
Дастарқан үсті толы – кең?
Бақ қонғыш болған үшін бе басы –
Тұрасыз қалай сонымен?
Жат әйел жанын ұғасыз қалай
Өзіңізді алдап,
тер төгіп?
Және де бірге тұрасыз қалай
Ұяттан кетпей өртеніп?
Қалайсыз енді,
халіңіз қалай –
Әніңіз бар ма әлі де?
Жарасы кетпес жаныңыз қалай –
Шыдайсыз қалай бәріне?
Қалай тұрасыз
(бар сұрайтыным)
Базардан алған бөзбенен?
Алтыннан кейін,
жарқырайтұғын –
Бағасы төмен жезбенен?
Көңілдің –
арзан ермегі, жаңа
Таптыңыз ба әлде емін сіз?
Қалай тұрасыз
жердегі ғана
Жай әйелменен сезімсіз?
Бақыттымысыз?
Жауыр ма әлде
Жүректің түбі –
мұң өрген?
Жайыңыз мендей ауыр ма әлде –
Тұратын басқа біреумен?