01.01.2022
  264


Автор: Абай Мауқараұлы

Жас отбасының жауы – өсек

Қазақ қауымы қашанда жас отбасыға жаңа туған жас сәби секілді аса мейріммен қараған. Жас келінді алғаш босағадан аттаған сәтте қадағалап тұрып оң аяғымен аттатқан. Алдағы қадамы оң болсын дегені. Төрде отырған атасы мен апасының ең әуелгі сөзі: “А, Құдай тіл мен көзден сақта!” болған. Не пәленің де сол екеуінен келетінін жақсы білген.


 


Қазақтар жаңа түскен келінге сұқтана қарамаған, ондай-мұндай деп ешқашан сынамаған. Тіпті, өмір бойы өз келінінің бетіне тіктеп, бажайлап қарамайтын аса инабатты аталар да болған. Сондай ақсақалдың бірі ауылда той болып жатқан кезде алдына келіп иіліп сәлем берген жас келіншекке: “Көп жаса, қай баласың?” депті. Сөйтсе ол түскеніне бір жыл болған өз келіні екен дейді. Бұл әзіл болса да әдемі шындық.


Бірақ, келін мен ененің қатынасында бұдан гөрі еркіндік көп. Ене жас келінді жаңа өмірге бейімдеу үшін, отбасылық істерге төселдіру үшін көп нәрсені үйретуі қажет. Міне, осы кезде ене келінін өзімсініп артықтау сөйлеуі кейде жөні келгенде ұрсыңқырап та алуы әбден ықтимал. Ақылды келіндер енесінің осы сөздерін ешкімге де айтпаған. Тіпті, күйеуіне де сыр білдірмеген. Ал, осы сынақтан сүрінетін келіндер де аз емес. Енесінің мінезі мен сөзін келіні өзге біреуге бірауыз айтса, осыдан өрт шыққан. Адамдардың арасының бұзылуын тілейтін, біреудің тату-тәтті жүргенін көре алмайтын шайтан пиғылды пенделер келін мен ененің арасына осы жалғыз ауыз сөз арқылы-ақ “от жаққан”. Келін мен ененің кикілжіңі — жігіті мен келіншегінің арасына да салқындық әкелмей қоймайды. Әлбетте, жігіт өз анасын дұрысқа шығарады, келіншегі өзін жақтамағаны үшін оған кінә артады. Бірақ, пәленің бәрі келіннің сөзге ергенінен басталып тұр.


Әсіресе, пәлеқорлар екі жастың арасын аңдығыш келеді. Жас келін кездейсоқ бір еркекпен бірге тұрғанын көре қалса оны жігітіне өңдеп, өршітіп жеткізуге асығады. Яки, жас жігіт бір сәйкестікпен қыз-келіншектермен ойнап-күліп тұрғанын байқап қалса осы әдеттегі нәрсені неше құбылтып, жас келіншегіне сыбырлай қоюға жанын салады (Ал, мұсылмандық шариғат бойынша біреудің әйелі басқа еркекпен оңаша қалуға, сыртта сөйлесуге болмайды. Еркек те солай болуға тиіс. Өйткені, Ислам шариғаты отбасының татулығын басты мәселе деп көреді). Осыдан қызғаныш туады, қызғаныштан хайуандық қылық шығады, ол адамшылдықты бұзады. Сүйікті пайғамбарымыз осының бәрін мынандай қасиетті бір хадиске сыйғызып айтып кеткен: “Өсекшілдік дегенміз — адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынасты бұзу мақсатымен, бірінің сөзін екіншісіне жеткізуге құмарлық”.


Сондықтан да, мұсылманшылдықты болмысына сіңірген қазақтар екі жасты сөз пәлесінен сақтандыруға барын салған. Олар сәбилі болып арасы бекігенше анда-мұнда бейсауат жүргізбеген. Келінді жыл толмай төркініне барғызбаған. Ауылдастарына жалғыз-жарым жібермеген. Келінінің көлденең сөзге құлақ салмауын үнемі ескерткен. Өзінің де ауызына берік болуын әр кез есіне салып отырған. Жас келінді осындай имандылық жолмен тәрбиелеген. Осылайша мұсылман сипатты қазақтар жас отбасын ең алдымен сөз пәледен қорғай білген.





Пікір жазу