01.01.2022
  122


Автор: Темірхан Медетбек

Қайда, сол кездер?!

Ішіме от толып кеткенде
Қарағайдың бұтағына
Қарыс боп қатқан мұзды
Омырып алып
Күтір-күтір
Шайнайтын едім.
Соның өзінде
Қызуым басылмай
Сақылдап
Қайнайтын едім.

Қайда, сол кездер?!

Әліне қарамай
Әлекке түсіп
Жабысқан біреулерді
Биттей сығып
Тастайтын едім…
Бүлік жоқ жерден
Бүлік шығарып
Қып-қызыл төбелес
Бастайтын едім.

Қайда, сол кездер?!

Құданың құдіретін-ай,
Жығылатын жерден жығып,
Ұтпайтын жерден
Ұтатын едім.
Қара бұлттардың
Қалыңына кіріп
Қып-қызыл найзағайларды
Бұтарлап сындырып
Жұтатын едім.

Қайда, сол кездер?!

Қиындық көрсем
Арқам қозып,
Өзімді-өзім
Қайта-қайта
Қайрап салатын едім.
Кермиық
Кербез аруларды
Аспанға алып қашып
Ақ бұлттардың ішінде
Ойнақ салатын едім…

Қайда сол кездер?!





Пікір жазу