31.12.2021
293
Көк аспан оқалы жіп төкті
Көк аспан оқалы жіп төкті,
Құйылтып көгілдір бақтарға.
Алаңда билер де бітпепті,
Көп қызық сол күні жатты алда.
Тек сырлар кеудеге тұрды енбей,
Уақытша аулақтап іргеміз.
Ат барда жаяулап жүргендей,
Сөйлестік басқа бір тілде біз.
Қысылып тұрдым мен, оттар көп
Жүзімді жандырды, лаулатты.
Жастықта бәйге деп, көкпар деп,
Еш бимен жұмысым болмапты.
...Көп өтті содан соң билеп күн,
Есейдім, жалынды күйге ендім.
Сен маған сүюді үйреттің,
Билеуді өзім-ақ үйрендім.