30.12.2021
  242


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Бастан өткен ғажайып сәт көбі ұмыт!..

Бастан өткен ғажайып сәт көбі ұмыт!..
Жан кіретін кез қайда екен бақтарға.
Ауызыңнан алқызыл гүл төгіліп,
Анадайдан өзің келе жатқанда?!
Өмір – ғажап! Сұлу болсын мұнан да,
Келісімнен тұрады оның күйі ішкі.
Жүректердің билеушісі туарда,
Оны иілтер жан тууға тиісті.
Туар, туар талай ғажап ұл да әлі,
Көш жолымен шайырлар да жиі өтпек.
Жұлдызымен қоса туған тұлғаны
Әкете алмас ешбір шайтан иектеп.
Он жетімде сен жайнаттың көзімді,
Үйрендім мен қарауды өсітп гүлге де.
Нағыз адам санаймын мен өзімді,
Сондықтан да қалай болған күнде де.
Өзі өскенмен суара алмас гүл өзін.
Оны әлпештер туған жердің құшағы.
Аққуларға тартты менің мінезім
Ол да ұнамды қасиеттің нышаны.
Мен қазақтың аққуынша сөйлермін
Гүлдесін деп болашақтың жас елі.
Бәрі-бәрі сенің сұлу бейнеңің
Тіл жеткісіз, айтып болмас әсері.
Мен өркен боп жайнаған жер құнарлы,
Ол жайында бере алмаспын жазып түк.
Жер астының суы өсірсе шынарды
Мені өсірді елімдегі нәзіктік.
Әңгіме өсер менің әрбір ізіме
Соны көрем мен көре алмас көп күннен.
Қара көзің және нұрлы жүзіңе
Мәңгі – бақи борыштар боп кеттім мен.





Пікір жазу