30.12.2021
139
Бір мөлдір достық боп көксеуім
Бір мөлдір достық боп көксеуім,
Қуантқым келген соң жыр елін.
Алдымен байтақтан тек сенің
Атыңның озуын тіледім.
Қандай сыр құпия бар мұнда?
Ала алмас күнәң бар кісі ақтап.
Өзіңе сенуден қалдың ба,
Күн санап барасың ұсақтап.
Шошыдым сырыңды жаңа ұғып,
Оны енді қай сөзге қосармын.
Сыртымнан бостан-бос жауығып
Келгендей менен бір өш алғың.
Ескі дос – қазіргі өш пенде,
Біздерден ең соңғы сыр тыңда:
Адамнан асқақтық көшкенде
Адамдық қалмайды жұртында.
Өзгеріп кетіпті пормыңда
Бір кезгі сүйкімі құрыған.
Асқақтық көшкенде орнында
Күншілдік қалады ұлыған.