29.12.2021
  220


Автор: Ақберен Елгезек

Мінәжат

Тұра берсін жерім аман, тауым да аман;
Аман жүрсін досым да, жауым да аман;
Адам түгіл, шөптер мен жәндіктердің,
Қиналғанын сезіну - ауыр маған...

Көңілім бар ешкімге тарылмаған,
Аман болсын жат адам, бауыр да аман,
Адам түгіл, тұп-тұнық мына аспаннан,
жұлдыз ағып құласа - ауыр маған...

Шаршасам да қуатты дауылдардан,
Жауындардан беймезгіл сауылдаған.
Бәріне де көнер ем, тек сәбидің,
Жаутаңдаса жанары - ауыр маған...

Далам да аман тұрса екен, бауым да аман,
Қалам да аман тұрса екен, ауыл да аман.
Бір адамның өлгенін естіп қалу -
Өзім өліп қалғаннан ауыр маған.

Өткереді не зұлмат, құйынды адам,
Елім аман болсыншы, үйім де аман.
Мына сұлу ғаламды сақта, Құдай,
Сол болсыншы беретін сыйың маған!





Пікір жазу