29.12.2021
  267


Автор: Айзат Рақыш

Мұзбалақ шыңды мекендейді

(деректі хикаят)


Серпін сыйлаған сенім


Студенттер жатақханасының аядай ғана бір бөлмесі. Тар болса да, кең пейілге бар бөлмеге жиналған жігіттер әңгіменің көрігін қыздырды.Тек Қуат қана ұйқыдан бас көтермей, төсегінде сұлап жатыр.


 


— Жігіттер, осы Қуат үнемі өтірік ұйықтап, біздің жасырын әңгімелерімізді біліп алады. Төрт жыл өтсе де, сол әдетін қояр емес!


— Жарас, Қуаттан жасырар неміз бар еді?


— Ол шын ұйықтаса да, не ұйқыға батқан түр танытса да, біздікі осы ашық-жарқын қалып емес пе?


— Достар-ау, мен бүгін мына Ерғалидың құпиясын жариялайын деп едім. Оның тым асқақ арманы бар екен.


— Кәне, Жарас, әңгімеңді енді жарастыра бастадың. Үзбей баянда!


— Иә, ол не арман?


— Ерғали туған ауылына барып, мұғалім болуды арман етеді екен!


— Пай, тірі жан естімеген құпиясы осы ма?


— Ерғали, мен сені институтта оқытушы болып қала ма десем?


— Ерғали, мен қалада қалуға тырысып жүрсем, сенің ауылды арман етуіңе жол болсын?


— Ау, Ерғали, неге үнсіз қалдың?


— Ол үнсіздік «Адамның басы-Алланың добы» екенін мойындаудың белгісі,-деп қағытты Жарас..


— Жолдамамен қай ауылға барсам да, туған жерімдей көретінім белгілі ғой. Үнсіздігім...


— Иә, біздің Ерғали руға бөлінбейді. Оны білеміз.


— Жерге де бөлінбейді. Бөліп билеуге де көнбейді,-деп әзіл шоғын тұтатқан достарына Ерғали салмақты жүзбен бұрылды.


— Мен бірлікшіл болуды туған жерімнің топырағынан сіңіргенмін. Үш Жүздің басы қосылып, ұлы күшке айналған Ордабасы, жұмылған жұдырықтай болып жауын сұлатқан Қалмаққырған, Аңырақай жерлері бала кезімнен бірлік рухымен суарды. Енді тек ауылға баратыныма қуанамын.


— Сенің ауылың-менің ауылым дейсің ғой. Жарадың, жігітім!


— Менің, сенің деп бөлшектеп қайтеміз? Қазақтың ауылы бар болсын! Сағынып ат басын бұратын, балалық шақтың тәтті елестерінен тұратын ауыл бар бола берсін!-Ерғали биік арманына алғаш қол созған ардақты ауылы туралы толғанып кетті.


...Ауылдарын сағынған оқушылар аяқтарын шалып, алға басқан қадамдарын кері кетірген қардың қалыңдығына да қарамай ілгерілей берді. «Қасқыр жүр екен. Демалыста интернатта қалыңдар», - деп өткен аптада ата-аналарының ескерткені қаперлерінен шығып кеткен


— Балалар, аяз күшейіп келеді. Алдымыздан қасқыр шықса қайтеміз? - Іштеріндгеі қыз мінезді Керім шіңкілдей сөйлеп, қауіп-қатер жайлы ой тастады. Ол ойы достарын күлкіге бастады.


— «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» дегендей болады онда!


— Сұр қасқырға мініп, сұлу қызын іздеп жүріп кездестірген Иван ханзада боламыз!


— Иванды білмеймін, онда иманымызды үйіруге де шамамыз жетпес, ә!-Керім қорқыныштан, әлде тоңғаннан иегі дірілдей үн қатты.


— Әй, қойыңдаршы. Туған топырақта бізді жау ала ма?-Ерғали мүлде жайбарақат сөйлеп еді, Керім қалшылдағанын қоя қойды.


— Одан да мына далада жүз жыл бұрын не болғанын елестетейікші! Мен кеттім қиял әлеміне!-Ерғали көзін жұмған күйі көбік қарға аунай кетті. Өзге балалар да қарап тұрсын ба, қарға емес, құс төсекке жатқандай жайғаса берді.


— Керім, сен көзіңді жұмсаң да қасқырды көресің бе? Ал маған атқа мінген бір сұлу қыз елестеп тұр.


— Қызды қайтейін, апамның ыстық шайы арман болып тұр емес пе?


— Танауы көріктей тұлпар мінген, көздері от шашқан батыр жақындап келеді. Қалмақты қырып, жеңіспен оралған әскердің қолбасы ма деймін!-Ерғали қысқы тұнық ауаны тіліп өтердей бар даусымен екпіндей сөйледі. Оның бұл сөзі басқалардың қиялын байыпты арнаға бұрды.


— Иә, иә, Қалмаққырғаннан Қараспанға бет алған қалың әскер көрінді! Жеңімпаз үн естідім!


— Қол бастаған батырдың тұлғасын-ай! Шіркін, мен де сондай кесек тұлғалы болар ма едім!


— Аңырақайдан аңырап қашқан жоңғардың бір сарбазы ши түбінде жасырынып отырғанын менен басқа кім көрді?!-Орнынан күле көтерілген Мұрат байсалды қиял-елестерді үркітіп жіберді. Балалар қар-төсектерінен тұрып, ұмар-жұмар алыса кетті. Осылай ойынмен, әңгімемен жүріп, қараңғылық құрсап, тек кешкі шамдар ғана жылтыраған шақта ауыл шетіне ілінді-ау әупірімдеп. Әркім өз тараптарына қарай бет алысты.


— Керім, сені шығарып салайын ба?-Мұрат сыныптасын кезекті рет қағытып, өз көшесіне қарай жүгіре жөнелді. Ерғали үйіне кіріп келгенде, апасы тіксініп қалды. Мынадай кеште ұлын мектебінен келеді деп әсте ойламаған. Ана-жүрек «балам жолда бір жамандыққа ұшыраса қайтер едім» деп үреймен соғып барып басылды. Сонда да сабыр сақтап, тіс жармады. Соңғы сыныпта оқитын ұлының үйін сағынып келгенін біліп, «неге келдің?» деп ұрсуға қимады.


— Қалай жеттіңдер, балам? «Қасқыр кісіге шауыпты» деп естігелі бері, зәре-құтым қалмай жүр.-Анасы сөзін аяқтай алмай қалды. Төргі бөлмеден әкесі шықты.


— Е, кештетіп келіпсің. Ат-көлік аман ба?


— Шүкір, әке. Амандық.


— Сабағың қалай? Ана аузыңнан тастамайтын «сұлу мұғалимаң» жүр ме?-Әкесі ұлын ашық еркелетпесе де, осы әзілімен оны күткенін аңғартып қалды. Шіркін, әкелер! Сезімдерін аналардай ақтара бермейді. Қас-қабақтары көбіне қатулы болса да, бар мейірімдерін бір ауыз сөзге байлай салады. Сезімді жасырудың, қапысын тауып, мейірін асырудың шебері тек әкелер шығар. Әкесінің айтып тұрған «сұлу мұғалимасы» бастауыш сыныпта сабақ берген ұстазы болатын. Алғаш мектепке барғанда, Ерғалидан «Сыныбың қалай? Сабаққа төселдің бе?» деп жақын-жұрағат сұраса, бір-ақ жауабы дайын болатын: «Біздің мұғалимамыз әдемі.» Өзінің үлгерімін де, мектебінің хал-ахуалын да сол әдемі ұстаз болмысымен жеткізетін. Бүгін әкесі ұлының сол бүлдіршін кезіндегі оқиғасын есіне алып, үй-ішін бір күлдірді. Кешкі асқа төрт көзі түгел жиналған отбасы өзара амандық-саулық сұрасып, мәре-сәре болды.


— Осы Ерғали мектеп бітіргенше жанымды шүберекке түйгендей болып жүрмін. Қыстың көзі қырауда сонша шақырымды жаяу жүреді. Ит-құс тие ме деп қорқамын.


Анасы Алтын манағы қорқынышын тағы да қылтитты. Онысы отағасынан бір көмек бола ма деген емеурін.


— Жә, бәйбіше, ұлың жігіт болды. Қасқырдың мұрнын тесіп ертіп жүретін дәрмені бар. Әрі өзі де қасқыр сипатты емес пе?!-Мұхиддин әкенің даусынан мақтаныштың нышанын байқамай қалмау мүмкін емес-тін. Ерғали осы күйді бар жанымен сезініп, әке сезімін жүрегінің қылында қуаныш етіп ойнатты. Таң ағара тұрып, тірлік қамына қауырт кірісу-Ерғалидың сүйексіңді әдеті. Ауылдың ұшы-қиыры жоқ шаруаларын бір тиянақтап тастап, сыныптастары айтқан уәделі жерге келді.Тағы да топтанып шығып, интернатқа жетулері қажет. Анасының дорбаға түйіп берген тәтті-дәмдісін арқалап, достарын күтті. Ауыл сыртындағы көпірде отырып, ойға шомды. Биыл мектепті тәмамдамақ. Жүрегінде алып-ұшқан армандары көп-ақ. Қайсысынан бастарын, қалай оңтайын келтіруді білмей, іштей күйгелектеніп жүрген бір шағы осы еді.Әке-шешесіне қолқанат болып, ауылда қалғысы да бар. Алыс Алматыға арманын алқымнан алмақ болып ат сабылту да көңілінің бір көкжиегінде тұр. Өзі неше мәрте жүйрік қиялында жан бітірген қаһарман бейне құбылып келіп, жүрегіне ұялады. «Иә, батыр боламын! Мен батыр боламын!»-деп болашағының байлауын сәтті тапқанына қуанған Ерғали тұрған орнында секіре жөнелді. Бұл оның өзіне берген нық серті еді. Қыран текті халықтың бір ұлы туған дала төсінде тұрып, шырқау көкке ұмтылу жолында қиындық атаулыдан еш қорықпауға күн алдында ант берген сәті еді бұл. Сол бала батыр бүгін жоғары оқу орнын үздік аяқтап, елге қызмет жолындағы ерлік жорықтарға толы сапарын бастамақ болып бекінген болатын...


Ерғали қолына диплом тие салысымен, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасына жолдама алып, құстай ұшты. Ол жақта іске асырар мығым мақсаттары мол еді. Жас қыранның келешек өрлеу қиясын ұстаздары кілт өзгертті.


— Ерғалиды төрт жылда әбден баптадым. Ол күреске, оның биігіне шығу үшін жаралған. Шәкіртімнің мінез-құлқынан, құрыштай сымбатынан осыны жазбай таныдым. Ол бізге ауадай керек, - деді ҚазКСР-іне, КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақтың дене шынықтыру институтының күрес және қылыштасу кафедрасының меңгерушісі Петр Филиппович Матущак.


— Ауыл сияқты шағын ортада Ерғали өзін танытпауы да мүмкін. Ол сияқты жанып тұрған жас маман бізге өте қажет,-деп аға оқытушы Металбек Болғанбаев Петр Филипповичтің сөзін толық қуаттады. Осылайша жас Ерғалиды Қазақтың дене шынықтыру институты оқытушы етіп шақырып алды. Алматыға қайта жол тартқан Ерғали қос ұстазының сенімінен серпін алып, томағасын сыпырған жас қырандай тыңнан қанат қақты. Бұл 1978 жылдың жазы болатын.


Тастүлек


Даланың сертіне берік, жолында кездесер қиындыққа бермес ерік, бойындағы бұла күшті тек жақсылыққа еткен серік бір баласы тың жортумен Алматыға қайтып оралды. Арманы асқақ Ерғалиға бұл ретте тек биік істерімен аты көпке танылған Петр Филиппович жолбасшылық етті.Талай сарыауыз балапанды самғау шегіне жеткізіп, ақиықтай түлетіп ұшырған Петр ұстаз Ерғалидың тұла бойындағы жалын мен жігерді жанымен түсініп, көрегендікпен көре білді. Әрі осы тұста қазақ күресіне тосыннан тыныс берер тұлғаны іздеу үстінде болатын. Адам тануда жаңылмаған ұстаздың қырағы көзі сол ауадай қажет болып тұрған тұлғаны жас қыран деп айны-қатесіз таныды. Қыранды қыран алыстан танитынын ұлы даланың дана халқы ежелден-ақ тап басып айтып кетпеп пе еді?!


Институтта оқытушы болып жүрген Ерғалидың жаны жай табар емес. Көңілі әлдеқандай бір айқасты күтіп, іштей тыпыршиды. Мықты қарсылас тап келіп, кілемде белдесер күнді күткендей бір беймаза хал. Дала баласы қаланың шулы өміріне еті үйренсе де, жан-жүрегімен бауыр баспаған. Оқытушылық өмірден мүлде бөлек бір сын сағатты, намысы буырқанып көкке шапшыр байрақты бәсекені жанымен тіледі.


Міне, қазақ күресінен қала біріншілігі басталды. Бүкіл жоғары оқу орындарының арасында Алматы қаласынан Ерғали бастаған жастар іріктеуден өтті. Енді жолдама алған спортшылар екі мәрте Социалистік Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы Орта Азия мен Қазақстан турниріне аттанды. Турнир Еңбек Ерінің туған жері Жамбыл облысы Фурманов ауылында өтетін болып белгіленді. Еңбегімен ер атанған Жазылбек батырдың туған өлкесі Фурманов ауылы халықаралық деңгейдегі қызу спорт додасының мекеніне айналды.


Күрестің барлық түрінен дерлік мықтылардың мықтысы сұрыпталып алынған бұл жарыста кім болса да жеңістен үміттене жетті. Ал бәзбіреулері «бәйгемді шаппай алам» деп асып-таспа сыбыс та таратты. Бабы келісіп, елу жеті килограмм салмақ дәрежесінде белдескелі келген Ерғали бақ жұлдызының жанарына нық сенімді болатын. Қос ұстазы Петр мен Қабден Байдосовтың асырмай, тура бағалап, әділ бағасын һәм батасын бергендері Ерғалидың өзіне деген сенімін бекемдей түсті. Әрі туған топырағында кімнен жеңіле қойсын? Адамды асқақ рухқа бөлеп, ғажайып істер тудыратын туған жердің киесі емес пе?


Дүбірлі дода басталып та кетті. Алматы қаласынан келген палуандар жеке әрі командалық есепте бәсекеге түсті. Турнирдің алғашқы күнінде команда құрамындағы жігіттер түгелдей жалпы қоржынға жүлделер салып үлгерді. Бірінші күні бүйірін соғып, бабынан жаңылғандар финалға жолдама ала алмады. Жарыстың екінші күні бастала жөнелді. Қазақ күресінен күш сынасуға келген Ерғали өз қарсыласының өзбек палуаны екенін білді. Әйтсе де саса қоймады. Жарысқа ат арыта жеткен ала тақиялы палуан самбодан спорт шебері екен. Міне, Ерғали мен өзбек палуанның есімдері аталып, шаршы кілемге шақырылды. Дүйім жұрттың қиқулатқан қошеметінен бас айналардай. Ерғали көпшілікке ілтипат білдірді де, қарсыласымен қол алысты. Жолбарыстай кең кеуделі, қасқыр белді қазақ палуанының сілкіп қалған қолын қарсыласы сес белгісіндей қабылдап, айқасуға асыққандай түр танытты. Қызылсырап, қансонарды аңсаған қырандай Ерғали бірден шабуылға көшті. Кешегі жеңісіне аттанды армандаған көңілі тоймай қалған жас палуан жұлқа тартты. Алғашқы минуттарда-ақ өзінің басымдылығыны анық байқатып үлгерді. Өзбек палуан да дес бермей, «ат сабылтып, жауырынымды жер иіскету үшін келген жоқпын» дегендей қорғаныс тәсілдерін қолдана бастады. Қарсыласын қапсыра құшақтаған Ерғали оның аяқтан шалу әдісіне көбірек сүйенетінін аңдап қалды. Қанша мықты болса да, бір осал тұсы белгілі болды. Оның әлсіздігі-аяқтан орап шалу әдісінің оңтайы келгенше, қаша ұрыс салғандай екіұдай күйде жүретіні. Осыны жадына тоқып үлгерген Ерғали өзінің ең мықты әдісі, ата-бабамыздан адаспай жеткен, жеңіске апарар жамбас әдісін қолданып, белдесуді аяқтауға ыңғайланды. Өзбек палуан тағы да қулықпен мұны бас салып, орап жыққанша, Ерғали оны жамбасына салып, шірене лақтырды. Бұлай лақтырғанда тек мысық қана төрт аяғымен түсе алар. Ал палуан жер құшары сөзсіз еді. Сол заңдылықпен алапат күшпен лақтырып жібергенде, жеңістен үміттене бастаған өзбек палуаны мұрттай ұшты. Жауырыны жерге тиген ол толық жеңілді. Бұл сәтте көрермен халық ата-бабасының аруағын атап, орда бұзар жасына жетіп қалған Ерғалидың даңқын асырды.


— Сені туған анаңнан айналдым!


— Уа, бәрекелді


— Сенімімізді ақтадың, арысым!


— Аруақты ер екенсің!


— Томағасы сыпырылған жас қырандай шүйілді ғой! Пай-пай!


Бұл жартылай финалдың соңғы сәті болатын. Турнирдің соңғы үшінші күнінде ақтық айқас-соңғы финал күтіп тұрды.


Тастан түлеп ұшқан тастүлек қарсы келген палуанға ытырына ұмтылды. Әбден бабына келген жас қыранның бұл үшінші күнгі қансонары болатын. Ақтық айқаста тап келген қырғыз палуанымен белдесу басталғалы, күллі жұрттың аузында Ерғали есімі аңыз болып тарады.


— Жауырыны жер иіскеп көрмеген батыр екен өзі!


— Өмірі жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген нағыз қыран екен!


— Қазақ күресі десе ішкен асын жерге қоятын нағыз сабаздың өзі!


— Жас болса да, қазақ күресін шыңға шығарар қажыры бар!


Осылай жас батырды хас батырға теңеп, ел іші аңыз етті. Сол қалың қазақтың сенімі мен ардақ тұтуы Ерғалидың намысын қайрады. Кешегі омақаса құлаған өзбек палуаны тәрізді қырғыз ағайынын бірден атан күшіне мойынсұндырғысы келді. Ызы-қиқы шу астында бір-біріне ұмтылған қос мықты кенет көз түйістіріп, бір сәт жанармен тілдесті.


— Өз жерімде тұрып, әсте жеңілмек емеспін!-Ерғалидың көзі қарсыласына осылай деп от шашты.


— Өзге жерге келіп, намысты қолдан берер ез мен емеспін!-Айыр қалпақты палуанның көзінен Ерғали осы ойды оқып үлгерді.


— Қазақтың күресін қазақтай білетін кім бар?!-Ерғалидың өткір көзі осы ойды ұшқын етіп шашты.


— Мен жай белдесуге емес, жеңіс шыңын иемденуге келгенмін!


— Жеңістің биік шыңын шыққандар ғана біледі! Сен етектесің, мен сол шыңның ұшар басындамын!-Ерғали жанарынан жолданған бұл ойды қапысыз түсінген палуан барыстай атылды. Ерғалидың күткені де осы еді. Ашуға булықтырып, қарсыласын іштей құлатса, шынайы жеңілісі де алыс қалмайды ғой. Жұлқына ұмтылған жігітті Ерғали өзіндік тәсіл қолдануға мұршасын келтірмеді. Айла-шарғысын тауысып, діңкесін құртып барып, өзінің әдісін бар болмысымен бедерлеп, жеңіске айқын жетпек ниетте. Ерғалидың әр қимылынан осы ойын қалт жібермей түсінген қырғыз палуаны оны енді сәл қателессе, сол мүлт кеткен сәтін өз пайдасына асыруды ғана тілеп жүр. Дегенмен тым ширақ қимылдаған жас батырдың әдіс қолдануы өзгеше, тәсілдері темірдей тегеурінді. Қаумалаған көпшілік тіпті жеңімпазды өзара белгілеп те қойыпты.


— Апырау, титықтатпай, жеңе салмай ма?


— Иә, онсыз да көрер көзге кімнің жеңгені тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр емес пе?


— Бар айласын түгесті ғой пақырдың!


— Бәрекелді, батырым! Тура кешегідей жамбасқа салып лақтыршы өзін!


— Аруақ! Аруақ!


— Таза жеңіс! Таза жеңіс!


Шудан құлағы тұнып кеткен Ерғали дәл осы сәтте ата-баба аруағына іштей сыйынды да, өзінің ең соңғы сәтте ғана қолданатын жамбас әдісіне көшті. Әп-сәтте қырғыз палуан Ерғалидың жамбасында ұршықша үйіріліп, жер сүзе құлады. Төрешілер де бір ауыздан толық жеңіс деп бағалады. Ерғали от шарпыған жанарымен айтқан жеңіс шыңының ұшар басында тұрды. Ол қазақ күресінен өз салмағында жеңімпаз атанды. Орта Азияның алыс-жақын елдерінен келген палуандардың барлығын тізе бүктірді. Үш күнде жеті белдесу өткізген қыран тұлғалы палуан бірде-бірінде жеңіліп көрмеді.


Жеңіс тұғырына көтерілгендерді марапаттау рәсімі басталып кетті. Жазылбек Ерғалиды мейірлене құшақтап:


— Қазақтың бағына туған ер екенсің! Бақытты бол!-деп тебірене қысқа лебіз білдірді. Орталық комсомол комитеттің бірінші хатшысы Қуаныш Сұлтанов құттықтап келіп, мадақтау қағазын табыс етті. Өзіне сеніммен қараған көптің көңілінен шыққанына шаттанған Ерғали кеудесін кере тыныстады. Айқас күтіп алас ұрған жас қыранның көңілі осы сәт бір тынышталып қалғандай еді. Бірақ өзін шаршы кілемде емес, басқа әлемдегі «белдесулер» күтіп тұрғанын тастүлек әзірге сезген жоқ.


Бұл кезде Ерғалидың туған ауылында батырдың құрметіне ұлан-асыр той басталып кетті. «Шалқар» ұлттық арнасынан диктор Өмірзақ Жолымбетов турнир қорытындысын, жеңімпаз Ерғали жайын мәлім еткенде, ферманың меңгерушісі Достияр ести сала, Алтын анаға жеткізуге асықты.


— Сүйінші, апа! Ерғали ұлыңыз чемпион болыпты. Қарсы келгеннің бәрін жеңіп, қазақ күресінен Орта Азия мен Қазақстан чемпионы атаныпты. Жаңа ғана «Шалқар» арнасынан естідім!


— Қалағаныңды ал, қалағаныңды берейін!-Алтын ана қуаныштан не дегенін өзі де білмей, көзіне жас алды.


— Батырдың анасына жылаған жараса ма? Алтын, сен батырдың анасы болдың! Құтты болсын!-Ауылдастары Алтынды ортаға алып, бәрі бірдей шын жүректен қуанды. Ортақ қуаныштары-қазақ ұлының жеңісі бәрін тойға бастады. Мақтанышқа сараң Мұхиддин әке той үстінде «Осы ұлымнан бір үлкен іс күтетін едім» деп әкелік көрегендігін айтып қалды. Ауылдың тайлы-таяғына дейін қалмай, Мұхиддиннің шаңырағында той қылды. Барлығының аузында Ерғали.


— Ерғали жүрген жерде, жеңіспен егіз тәрізденіп кетеді. Баяғыда комсомолдық жолдамамен екі жыл ауылда жүріп, қой қырыққанда да, мықты қырықтықшы екенін көрсеткен.


— Иә, сол кезде де үздік атанып, мақтау қағаздарын жиі алатын!


— Әскерде жүрген жылдарында самбодан чемпион болғанын айтсаңдаршы!


— Иә, Ерғали тек жеңуді біледі!


Ел аузында қаһарман бейнеге айналған тастүлек тұлға 1980 жылды жеңіспен тәмамдап, алдағы асуларға қанат қақты.


Халық қалаған қыран


Жүрегіндегі сан арманы алысқа қанат қақтырған Ерғали өз саласында тез-ақ өрледі. 1978 жылы өзі білім алған Алматы дене шынықтыру институтына оқытушы болып қабылдана сала, қарымдылығын жылдам байқатты. 1982 жылы аға оқытушы дәрежесіне көтеріліп, алдағы ел үшін маңызды мақсаттарына жетер жолда адастырмас білім мен тәжірибе жинақтаумен болды.


— Шақыртуды қабыл алғаның жөн болар. Бәлкім, бұл сенің жаңа самғау мекеніңе айналар?!-деп Петр ұстаз Ерғалиды Алматы зоотехникалық-мал-дәрігерлік институтының басшылығы «кафедра меңгерушісі бол» деп қолқалай шақырғанда, дем бере сөйлеп еді. Бұл ұсыныстың түскен уақыты 1983 жыл еді, бірақ кафедра меңгерушілігіне өзін әлі дайын емес деп топшылаған жас жігіт бірден келісе қоймады. Бұл кезде институтқа ректор болып Қалдыбек Сәбденов келген-ді. Ол институттың кадрлық құрамын толықтыру мақсатында көп ізденді. Дене шынықтыру институтының ректоры Өтешов Асқар Біләлұлына қоңырау шалдырған да осы себеп болатын. Екеуара әңгіме ұзаққа созылмады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Сәбденов айтты:


— Маған ғылым кандидаты да, басқа да емес, қолынан іс келетін жас маман керек!


— Менде дәл сіз іздеген маман бар. Өзі жас, өзі көп іске бас, әрі ғылыми атағы да бар. Ол- қазақ күресінен спорт шебері ҚазКСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы. Бұл атақты бүкіл елімізде тұңғыш рет алған айтулы азамат.-Өтешовтың мына сипаттамасы Сәбденовты көктен тілегенін жерден тапқандай қуантты.


— Сол маманды маған жолықтырыңыз. Өз саласында таптаурын сүрлеумен жүрмей, жаңалық әкелуге әуес жастарды жаным сүйеді!


Осы әңгімеден соң Ерғали Сәбденов басшылық жасайтын Алматы зоотехникалық-мал-дәрігерлік институтына дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Бұл оқу орнында Ерғали он екі жыл қатарынан қызмет етті. Көптеген жаңалық істердің басы-қасында жүрді. Ұлттық салт-дәстүр, ел тарихы десе жаны кіретін Ерғали Наурыз мерекесінің бүкіл жоғары оқу орындарының арасында алғаш рет дәл осы институтта атап өтілуіне мұрындық болды. Ректор Сәбденов бұл мерекені ел күткендей-ақ ұлан-асыр тойға айналдырды. Институттың стадионы қазақы ауылдың көрінісіндей көз тартып, ақ шаңқан киіз үйлер қаз-қатар тігілді. Студенттер кәсіподағы дастархан жасап, мерекенің қазақылық ажарын асырды.


— Мына қос ғашықтың бүгін бақыт құсын қондырғандары-ай!


— Иә, құланның қасуына мылтықтың басуы дегендей болды. Бір жағынан Наурыз тойында ұлттық дәстүр көрсетіліп жатыр,екінші жағынан жастар шынымен де сән-салтанатымен шаңырақ көтерді. Ғажап емес пе?


— Ғажап мұнымен біткен жоқ. Әне, қараңдар, ректор жас жұбайларға жатақхана бөлмесінің кілтін ұсынып жатыр.-Өзара той қызығын тамашалаған студенттер расында да мәз-мейрам еді.Ұлыстың ұлы күнінде қалауын тауып жанған ақ қардай кіршіксіз махаббатпен отау құрған институттың студент жігіті мен Қыздар педагогикалық институтының бикеші болатын. Осылайша Қазақстанда бірінші рет институттар арасында бұл білім ордасы үлгі көрсетті. Әз Наурыз сонша жылдан соң қазағымен қайтып қоштаспастай болып қауышты. Төл мерекесімен табысқан ел де риза, әсіресе, ел деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ерлерге риза.


Тәуелсіздік деген ұлы күш Ерғалиға қанат бітіріп, көкке самғатты. Ол ешбір қиындықты елең қылмады. Төмен құлдилауды білмейтін қырандай биікке ұмтыла берді. Жаны байыз таппай шапқылап жүріп, сәл сырқаттанып та қалды. Өзі қаперіне алмаған сырқаты ақыры палуанды қалалық ауруханадан бір-ақ шығарды.


— Ота сәтті өтті. Спортпен шұғылданып, шымыр болғаныңыз сіздің тез сауығып кетуіңізге кепілдік береді,-деп жымиды дәрігер.


— Пышақ тисе қайтеді екен? Тезірек шықсам жарар еді.-Ерғали өзінің отадан шыққанын іштей мойындар емес.


— Он күн ауруханада, біздің бақылауымызда боласыз. Оған дейін шығара алмаймын,-деді де дәрігер палатадан шығып кетті.


Тыным тауып отыруды білмейтін адамға аурухана төсегі құса қапасынан бетер болып көрінеді. Мұнда минуттар мызғымайды, сағаттар сырғымайды. Уақыт табандап тұрып қалғандай. Аялдап қалған уақытты халін сұрап келушілер жүрдектетіп жіберетін. Басын кқтере бергені сол еді, палатаға жедел басып мемлекеттік жаттықтырушы Бауыржан Жаналин мен оқытушы Сабыр Нұртазинкіріп келді.


— О, Ерғали, отадан соң сауығып келесің бе?


— Алла шипасын берсін!


— Суыт жүрген түрлеріңе қарасам, жай ғана халімді сұрауға келмеген сияқтысыңдар.-Ерғали аңдампаз қасиетімен тура әңгіме бастады.


— Дұрыс айтасың. Келісіміздің астары терең.


— Біз бүгін сенің халіңді сұрап келдік. Бірақ ертең қазақ күресінің жағдайын сұраспайтын сұмдық заман туа ма деп қауіптеніп отырмыз.-Бауыржанның даусы күңгірлей, ашық сөз бастады.


— Қазақ күресі қазір тұралап қалған ахуалынан арылып келеді. Бәрін бір күнде жасай алмаймыз. Уақыт керек.-Ерғали Бауыржанды жұбата бастап еді, ол мұның сөзін аяқтатпады.


— Бізде бүгін сол уақыт тапшы болып тұр.


— Иә, Керекуде Қазақ күресі Федерациясына Президент сайлауы болмақ. Егер қазақ күресінің басына оны бүге-шігесіне дейін білетін білікті маман келмесе, оған қатер бұлты үйірілері хақ.


— Тіпті қазақ күресі жойылып, самбоның жетегінде кетіп қала ма деп бізден маза қашқалы қашан?!


— Сонда мен не істеуім қажет?-Ерғали орнынан ұмсына түсіп, түрегелуге ыңғайланды.


— Бүгіннен қалмай, Керекуге ұшып барып, Президент сайлауына түсуге тиіссің!


— Дәл қазір жолға шығуымыз керек!


Ұшатын бүркіттей қанатын қомдап отырған Ерғали атып тұрды.Таяуда ғана жасалған ота батырды еркін қимылдатпады. Бауыржан мен Сабыр екі қолтығынан демеп, оны ауруханадан әуежайға жетелей жөнелді.


— Дәрігерің нағыз азамат екен. Өзінің жарасы ауыратындай шыр-пыры шығып, сені әрең шығарғанын қарасаңшы!


— Сол қарапайым, бірақ қасиетті жандардың қадірін кейде білмей кетеміз-ау!


— Асығыста ол шипагерге алғыс айтуды да ұмытыппыз.-Сабыр Ерғалидың жолға шығарына қуанып, дәрігермен тым асығыс қоштасқандарын енді ерсі көріп тұр.


— Қымбат жанға жүзіне қарап алғыс жаудыра алмасаң да, оған деген ыстық сезім жүрек түкпірінде қалады ғой.


— Ыстық сезім демекші, мен Керекуге ұшарымды әйеліме айтпаппын ғой.-Ерғалидың бұл сөзіне қос әріптесі жарыса күлді.


Үшеу мінген ұшақ ақ бұлттарды жарып өтіп, арман құсын жарыстырып, Кереку қаласына жетіп келді. Қаланың көркін аңдауға мұршалары келместен, олар бірден сайлау өтетін орынға жетуге асықты. Өңшең спорт саңлақтары, ығайлар мен сығайлар жиналған мәжіліс залына Ерғали екі әріптесінің сүйеемелдеуімен кіріп келді. Батырдың мысы басқан талайлар «Президент боламын-ау» деген үміттерін желге ұшырды.


Мәжіліс төрағасының даусы саңқылдап, сайлау ережесімен таныстырып тұр.


— Сөз соңында айтарым, жоғарыда аталған барлық талаптарға толық сай келетін маман Қазақ күресі Федерациясының Президенті болмақ,-деп тәмамдады.


— Соңғы келген үміткердің салмағы басым екен. Ерғали Мұхиддинов-қазақ күресінен Орта Азия мен Қазақстан чемпионы, қазақ күресінен алғаш рет ҚазКСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алған, спорт шебері, доцент, бір сөзбен айтқанда майталман маман.-Төрағаның бұл сөзінен соң, зал іші тына қалды. Көпшілік болып, бір шешімге іштей келген түрлері бар.


— Қазақ күресінің жілігін шағып, майын ішкен Ерғалидай ердің бұл көшті тек алға бастайтынына мен нық сенімдімін.-Өз даусын алғаш болып берген ҚазКСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы, ҚазКСР-іне еңбек сіңірген мұғалім, самбо күресінен КСРО спорт шебері Диқанбай Биткөзов халық қалауын паш етті.


— Ерғали Мұхиддиновты білеміз ғой. Талай өршіл істеріне де қанықпыз. Әрине, мен оны қолдап дауыс беремін.-КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы, самбо күресінен КСРО спорт шебері Марат Жахитов та батырдың ұпайына дауыс берді. Бұдан кейінгі дауыстар тек қана Ерғалиды жақтап берілді. Бұл кезде Ерғали өзіне халықтың жүктеген жауапкершілігінің жүгін сезініп тұрды. Аманат жүгі қыранның қанатында үзілмеді.


Ұлт күресіне жаңалық әкелген Ерғали ең алдымен оны жүргізу ережесін бекітті. Қазақ күресі бұған дейін тек орыс тілінде жүріп келсе, енді қазақша басталып, соңынан орысша жалғасатын болды. Қазақ күресін ана тілінсіз елестете алмайтын арда тұлға тілдік тұрғыдан төңкеріс жасады. Осылайша қазақ күресі қазақша сөйлей бастады. Мұнымен тоқтамай, итжығыс ұғымын тарих қойнауынан алып шығып, термин етіп енгізді.Қазақ күресінің даңқы шарпарапқа жайылды. Әр ауылда балалар қазақ күресін білгісі келіп құмартты. Сол ынтыққан көңілдері ауылдың спорттық үйірмелерінде тояттағандай болды. Әкімшіліктермен тығыз байланыс орнатқан Ерғали ауыл-аймақта ата-баба күресінің кедергісіз дамуына жол ашып берді. Жер-жерден Федерация өкілдіктерін ашып, қанатын кеңге жайды. Тәуелсіздікпен тұспа-тұс келген бұл ұлы жеңіс тек шыңда туған мұзбалақтың ғана емес, исі қазақтың рухты шағы болатын. Шың басындағы шынар тұлға өзін алда айқас күтіп тұрғанын іштей сезді. Әйтсе де албырт шағындағыдай көңілі алабұртып, тыпырши қоймады.Жас қыран ендігі айқастардың кілемде емес, қалам ұшында өрілетінін жанымен түйсінді.


Қиядағы қыран үні


1996 жылдың жазы жетті. Ерғали бұл кезде Қазақтың мемлекеттік аграрлық университетінде дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі. Қыран ғұмырының тоғыз жылы осы білім мекенін ен жайлап, тың соқпақ салумен өткен. Ал сол күндер тоқырауға тап қылған тоқсаныншы жылдардың тәлкегімен есте қалған-ды. Қалың ел рухын тіктей алса да, қос бүйірден жоқшылық қыса берді. Терең ой үстінде жүрген ректор Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев кеңсесіне бүгін Ерғалиды арнайы шақыртты. Жігіттің жүзеге асуы ықтимал жоспарлары барына басшысы бек сенімді еді. Амандық-саулық сұрасқан соң, сөзді бірден негізгі мәселеден бастады:


— Ерғали Мұхиддинұлы, өзіңіз білесіз, қазір қысылтаяң уақыт.


— Иә, белгілі ғой. Жас, егемен еліміз аяғын апыл-тапыл басқан сәбиге ұқсайды. Бірақ зор қуанышымыз-Тәуелсіздігіміз!-Жастық шақтың қарсы келген қиындық атаулыға қайыспайтын жалыны ескен бұл лебізге Сағадиев риза болып қалды.


— Дұрыс қой. Бірақ сол басты қазынамызды мәңгілік етіп орнықтыру үшін материалдық дүниені қалыпқа келтіруіміз шарт. Қарны аш оқытушы бала оқытып жарытпас. Менің қалауым-материалдық қыспақтан шыққан ұстаздың бар көңілінің білім алушы жастарда болуы.


— Сөзіңіздің жаны бар. Қайсыбір институттың оқытушылары күндіз сабақ беріп, кешке жүк тасып, түрлі қара жұмыс істеп жүргенін көргенім бар.-Ерғалидың сөзін Сағадиев кілт үзді.


— Мен оқытушыларымның олай нәпақа қамы үшін қара жұмысқа жегілгенін көргім келмейді. Олар қосымша табысты өз саласында табуы керек!-Сағадиевтің бұл қайсарлығы бүкіл қоғамда болса, сол бір тоқырау жылдары ұстаз атаулы қолына күндіз қалам ұстап, түнде сыпыртқы асынып, қосымша кіріс көзін іздеп, базар жағалап, содан да мәртебесі кемімес еді-ау! «Ет аламыз» деп айғайлаған ұстазын кешкілік базардан көрген баланың жүрегінде оған деген құрметтің азаяры да түсінікті ғой. Сағадиев сынды өршіл тұлғалар өз мекемесінде ұстаздарына ондай кемістік көрсетпеді. Ол Ерғалимен ақылдаса отырып, университет көлемінде сауықтыру-спорттық кешендер құрды. Мұндай секцияларда өз студенттері тегін жаттығып, күшіне айла қосты. Ал «спортпен айналысам» деген өзге азаматтарға ақылы түрде жүргізді. Ол төлем оқытушыларға қылдай етіп үлестіріліп, қалған бөлшегі түрлі жарыстарда университет құрамалары даралана киіп шығар формалар тігуге жұмсалды. Осылайша білгір басшы Сағадиев ұстаздарын қысылтаяң шақта жер қарматып, ауа қаптырмады. Олар тек ұстаздық биік бейнесін сақтап қалды.


Таусоғар екпінмен еңсесін көтерген қазақ елі өз Тәуелсіздігінің онжылдық мерейтойына қадам басты. Бүкіл ел көлемінде түрлі мәдени, спорттық шаралар легі басталып кетті.


— Әріптестер, Тәуелсіздіктің онжылдығына университетіміз не ұсынар екен? Осыны бір ақылдасу қажет еді.-Ерғали ұстаздардың назарын өзіне аударды.


— Ел жасағанды біз де жасаймыз. Оның ойланатын несі бар?-Жаттанды жолмен жүріп дағдыланып қалған қайсыбір оқытушылар бұл сұраққа аса толғана қоймады.


— Біздің басты айыбымыз да осында. «Ел жасағанды жасаймыз» деп көпке қарап, өзіміз бір жаңа іс бастаудан қорқақтап, «аш құлақтан тыныш құлақ» деп бұғып қала беретініміз. Жаңашылдық әкелуге неге әуес емеспіз?


— Ерғали, намыстың көкпарына шапқалы отырмысың?-Ерғали кекесін үн иесін сөзімен тықсыра жөнелді.


— Егемен ел болып, сол Тәуелсіздік туының желбіреген қасиетті күнін жоғары, жаңа деңгейде тойлай алмасақ несіне ел азаматымыз деп елеурейміз? Ата-бабамыз қанымен, жанымен аманат еткен осы қасиетті мерекені тарихта қалатындай етіп дүркіретіп өткізбесек, қазақтығымыз қайсы? Он жеті жылдан бері ұмыт болған студенттер спартакиадасын неге жаңғыртпаймыз? Бастамашылдығымыз, ұстаздығымыз қайда?


— Дұрыс айтасыз, Ераға! Бірақ сол игі істі өзіңіз бастап жібермейсіз бе?-Жас ұстаздың бұл сөзіне Ерғали ашуланбады. Неден бастарына іштей сенімді күйде, жұмыс бөлмесінен шыға берді.


Ұзынқұлақ қызметіне көп сүйенетін студенттер арасында бір ғана тақырып талқылануда. Алда болатын студентер спартакиадасында университеттің абыройын кімдер қорғайтыны бастфы тақырыпқа айналған.


— Қазақ күресінен жарыс болса, біз республика бойынша ешкімге дес бере қоймаспыз!


— Тоғызқұмалақшылар да толып жатыр арамызда. Олар да жеңістен үмітті!


— Ерғали ұстаздың баптауымен бізде кәнігі палуандар қалыптасты. Қане, оны жоққа шығара алатындарың бар ма?


Студенттер әңгімесін университет белсендісі Арысбек бөлді. Оның айтқан тосын жаңалығы палуан жастарды абыржытып тастады.


— Жігіттер, спартакиада анық өтетін болып шешіліпті. Оған спорттың көптеген түрінен жарыстар белгіленіпті. Бір өкініштісі-қазақ күресі мен тоғызқұмалақ жарыс бағдарламасына енбей қалыпты.


— Енбей қалғаны қалай?


— Бұл анық ақпарат па?


— Кім олай деген?-Жігіттер қызбаланып, отырған орындарына шөлмектің тығынындай атып тұрды.


— Мен тек анық ақпараттармен ғана жұмыс жасаймын,-деп маңғазданды Арысбек.


— Бұл жағдайды Ерғали ағайға айтайық. Ол кісінің бұл ретте қол қусырып отырмасы анық,-дескен студенттер ұстаздарын іздеп келіп, таппай қайтты. Бұл кезде Ерғали «байқамай» бағдарламадан тыс қалған қазақ күресі үшін екінші рет мәжіліс құрғызып, атойлап тұр еді. Алқа-қотан отырған ұстаздар алдында Ерғали суырыла сөйледі.


— Спартакиада өткізуге шешім қабылдағанда, бір қуанған едім. Енді оның бағдарламасын жасағанда, көңілімде еш алаң болмап еді. Өйткені өзімдей ұстаздардың ұлттық намысына, қазақылық жүрегіне сенген едім. Қазақ күресін қалтарыста ұмытып, тоғызқұмалақты тасада қалдырады деп мүлде ойламағанмын. Егемен ел бола тұра, еңсемізді тіктегенімізге аттай он жылды толтырсақ та, қазақ күресін жетімсіреткеніміз-өз ұлтымызды кем тұтқанымыз. Бұл олқылықты түзетуге әлі де кеш емес. Қайта дауысқа салайық. Қазақ күресі мен тоғызқұмалақ бүгінгі мәжілістен соң бағдарламаға енеді деген сенімім бар!


Орнына жайғаса бергені сол еді,Тараз педагогикалық университетінің аға оқытушысы, ҚазКСР-іне еңбек сіңірген жаттықтырушы, спорт клубының бастысы Ізтілеу Минербеков отты сөздің алауын күшейтті:


— Қазақ өзінің ұлттық күресін ұмытса, жан-дүниесінің жалаңаштанғаны. Оған жеткізбей, дәл осы жерде ұлттық спорт түрлерін спартакиада бағдарламасына енгізуді қолдап дауыс беремін!-Саңқылдаған қайсар үн біреулерге ой салды, енді біреулердің мазасын қашырды.


— Иә, Ізтілеу ұстаз өте орынды айтады. Ел егемендігінің бір сұлу көрінісі ұлттық спорт түрлерін дамыту болып табылады. Сондықтан Ерғалидың ұсынысын жақтап дауыс беремін!-ҚазҰУ-ның кафедра меңгерушісі Арешенко Ізтілеудің сөзінің соңын ала бере, өз көзқарасын ашық мәлімдеді. Ерғалидың табандап талап етуімен спартакиаданың жаңа бағдарламасы қабылданды. Енді спортшы жастар республика көлемінде қазақ күресінен де сынға түсу бақытына ие болды. Бұл оң жаңалықты естіген спортшы жастар, «елім» деген жүректер шат-шадыман болды.


Ерғали мәжілістен шыға салысымен, желе-жортып ректор Сағадиевтің есігін қақты. Басшы көпке ұзатпай қабылдады.


— Иә, Ерғали Мұхиддинұлы, студенттер спартакиадасының алау өртін өзіңіз тұтатқалы жүргеніңіз мәлім. Басшы ретінде менен әлдебір көмек керек пе?


— Иә, Кенжеғали Әбенұлы, өтетін орны белгісіз тойды қалай қырық күндік етемін дегендей болып жүрмін.


— Оның еш қиындығы жоқ. Университетіміз республикалық деңгейде спортшылар сайысын өткізуге қолайлы.


— Сонда бұл спорт бәсекесі бізде өте ме?


— Иә, өзімізде өткіземіз. Оған бар мүмкіндік бар. Тіпті жоқтан бар жасайтын ғажап жан өзіңіз емеспісіз?


— Кенжеғали Әбенұлы, тым асырып жібердіңіз! Әрі мен бұл істе жалғыз емеспін ғой. Бүтін ұжым атсалысып жүр.


— Олай болса, Ерғали ұстаз, тізгін өзіңізде. Университет құрамасы басты орыннан көрінеді деп сенемін!


-Сеніміңізге селкеу түсірмеуге уәде беремін!-Ерғали ант еткен сақшыдай саңқ ете қалды. Осы жүздесуден соң, Ерғали тыныштық әлеміне сирек аялдайтын болды. Беймаза күндердегі тынымсыз әрекеті ақыры жемісін берді: Қазақтың мемлекеттік аграрлық университетінің құрамасы республика бойынша қазақ күресінен 1-орынды жеңіп алды. Ерғалидың спартакиада бағдарламасына қазақ күресін енгізу жолындағы жансебіл ерлігін көпшілік тегіс түсінгендей болды.


Қияда көтерілген қыран үні барған сайын асқақтап, талмау көкке ұласып бара жатты.


Қалам ұшындағы жекпе-жек


«Біз өнерден кенде емеспіз» деп өз-өзіне күбірледі Ерғали. «Тек оның уағыздауынан, насихатынан кем тартамыз» деп және қынжылды. Бұл оның соңғы кездері өз-өзін қамшылап, іштей ширыққан шағы. Ақ қағаз шаршы кілемдегі белдесуден де қиын тәрізденді. Неше рет беттеп барып, жуи алмай қайтты. Әйтсе де көкірегін тесіп, оқырманына жетуге талпынған ойлары тым көп. Соларды сөйлетудің оңтайын таппай, шақшадай басы шарадай болды. Бүгін тағы қаламын бос қалдырғысы келмей, ақыры жазуға отырды. Селдей болып келген будақ-будақ ойлары қағаз бетіне біртіндеп түсе бастады. Жұмысынан кештете шығып, үйіне келді. Алғаш қалам тартқанына көңілі сәл де болса орнына түсті.


Жаңа күн бастала салысымен, Ерғали бірден «Лениншіл жас» газетінің редакциясына қарай бет алды. Жазғанын көрсетіп, жарыққа шығуын ниет етті. Кірген бойда Ертай есімді тілшіге жолығып қалды. Жұқалтаң өңді жас жігіт биязы екен. Ерғалидың келген мақсатына толық қанықты да, жазбаны қолына алды. Ізін суытпай оқитын тиянақты, еңбекқор тілші жолыққанына қуанып кеткен Ерғали:


— Бұл-алғаш рет жазуым. Сондықтан ойымды нақты жеткізе алмаған тұстарым баршылық. Тақырыбын да көп ойланып, әрең қойдым,-деп жай-жапсарын түсіндіруден еш жалықпады.


— Тақырыпты мақаланың бүкіл табиғатына сай өте дәл қойғансыз. «Алпыс айлалы өнер» қазақ күресінің барлық болмысын ашып тұр,-деді Ертай жүзін қағаздан ала беріп.


— Сонша күн алас ұрғанымнан ақыры нәтиже шығатын болды ма?-Ерғалидың көзі жайнап кетті.


— Қазақ күресі туралы жазатындар некен-саяқ. Ал сіз маман ретінде, ұлт тарихын білетін заңғар тұлға ретінде өте сәтті жазғансыз. Бұдан кейін де үзбей жазып тұрыңыз.


Ертайдың бұл сөздері Ерғалидың болашақтағы үлкен туындыларының тұсауын кесті.


Қызмет бабымен қарбаласып жүрген бір күнінде жұмыс телефоны шыр етті. Тілші Ертай екен.


— Ерғали Мұхиддинұлы, қайырлы күн. Мен тілші Ертай Айғалиұлымын ғой,-деп саңқылдай беріп еді. Ерғали ресмиліктен арыла үн қатуға бұйырғандай болды.


— Қазақ баласымыз ғой. Бір-біріміздің тегімізді түгендемей, жай ғана атымызбен атай берсек болмай ма? Иә, Ертай, жаңалығың бар ма?


— Бұныңыз мені дос тұта бастағаныңыздың белгісі болар. Онда айтайын. Досыңыздың сүйіншілі хабары бар. Мақалаңыз жарыққа шығып, оқырмандарына жетті.


— «Алпыс айлалы өнер» Үш жүздің баласының назарында деймісің? Қуаныштымын. Өзіңе көп рахмет!


— Қазақ деп, оның спорты деп жаныңызға тыныштық бермей жүрген сізге рахмет!


Бұл қысқа тілдесу екі ердің арасындағы шынайы достықтың бастауы еді. Ерғали шығармашылық ортадан Ертай Айғалиұлы сияқты тұлға тапты. Өзі де сол кезде спорт тақырыбында ізденіп, жазып жүрген тіілші, әрі жазушы Ертайға Ерғалидай алыппен достасу кейінірек тың туындылардың дүниеге келуіне ықпал жасады.


Алматы кеші күңгірт тартқан. Қуықтай ғана жалдамалы пәтерінде Ерғали ары-бері теңселіп жүр. Ойы он саққа кеткен. Жазған оқулығын әлденеше бетке қысқартуы керек. Жазылған дүниені қалай желісін үзбей қысқартуға болатынын білмей, әбден састы. Қырсыққанда уақыт тар. Оу, Ертай досы бар емес пе? Ол тұрғанда неден сассын! Қуанып кеткен Ерғали қағаздарын дереу жинастырды да, үйінен шыға берді. Ертайдың үйіне жетіп барып, бұйымтайын айтты. Досы құптай кетті.


— Осы қазақша күрес дегенге өз басым мүлде келіспеймін. Қазақтікі деп толық теліп айтуға қимағаннан берілген атау сияқты.-Ертай жазбаны оқып отырып, өз ойын білдірді.


— Қазір қазақша оқулық жазудың өзі мұң болып тұрғанда, қазақша күрес атана берері анық. Бәрінен де бұл оқулықтың жарыққа келуі маңызды болып тұр ғой,-деп Ерғали досын жұбатып қойды.


— Түу, мына қырсықты қара. Жарық өшті. Енді не істейміз?


— Білтелі шам бар ма?-Шам табылса, Ерғали өзі-ақ тұтатып жіберердей аптыға сөйледі.


— Бар ғой. Мен тауып келейін. — Ертай орнынан жылдам көтеріліп, шам алып келді. Екі дос шам жарығында қазақ күресінің алдағы оқытылу әдістемесіне тікелей қатысты оқулықты қарауға кірісті.


— Қысқартуға шебер екенсің. Жымын білідірмей, ой жүйесін де бұзбай, қиюластырып отырсың.


Ерғали тілші досын мақтап қояр емес.


— Қысқартудың машақаты да осында. Етек-жеңін қырқам деп, басты ойға зақым жасап алудан қашу керек.


— Ертай, осы сенің теңеулеріңе қарасам, сені дәрігер ме деп қаламын.-Ерғали ұйқы аулынан қашықтығын әзілімен байқатты.


— Әркім өз саласында дәрігер болса, ғажап қой. Өз салаңның жарасын кәсіби маманнан асқан емші емдей алмайды. Сен қазақ күресінің әдістемесін тұңғыш болып ұсынып, оның жарасын таңып беріп отырсың. Өз әлеміңнің дәрігері іспеттісің.-Ертайдың үнінде әзілдің нышаны да жоқ.


— Ау, Ертай, ұйқым келмесе де, көзім ашып кетті.


— Шамның білтесі жанайын деп тұр. Жағармай таусылған ба?-Ертай шамның халіне қарап, таңның атуға таяу қалғанын енді сезді.


— Қайран сөздерімді қырқып болдың ба?


— Шолақ болмай, ойы олақ болмай, қажетінше қысқарды деп ойлаймын. Ендігісін баспадағылар шешер.-Ертай бел жазып тұра келді. Шам да сөніп тынды. Таң ағарып атқан мезетте Ерғали досының үйінен қысқартылған жазбасын алып шыға берді.


Шам жарығында, таң алакеуімде дүние есігін ашқан «Қазақша күрес» оқу құралы кең қолданысқа ие болды. Қазақ күресін оқытудың басты қағидалары тарих тұңғиығынан маржандай теріліп алынған бұл оқулық күні бүгінге дейін маңызын жоймады. Ал Ерғали бұл оқулық үшін кітапханалар мен мұрағаттарда табандап отыратын. Алған деректерін саралап, жазып шығудың өзі бір белдесумен пара-пар болатын. Қазақ күресін ары қарай дамытсам, өркендетсем деген арманы оны жазу әлемінен кері қайтармады. Қазақтың жаны мен тәнінің саулығы, тілінің шешендігі мен терең тарихы қоса өрілген қасиетті күресі Ерғалиға аманаттай болып, оған түн баласында кірпік ілдірмеді.


Бүгін де түнгі ұйқысы қаза болып, таңертең салы суға кете тұрды. Таңғы шай үстінде әйелі Тойжанға:


— Төркіндеп келсең қайтеді? Қызымыз да нағашыларын сағынған болар,-деп ой тастады.


— Ақ қағазбен әр түн айқасасың. Бірақ таңертең қағаз бетіне бір ноқаттың да түспегенін байқаймын. Мен кетсем, қаламың жүрдектенсе, онда қанекей.-Тумысынан тым сабырлы Тойжан бәрін аңдап-барлап жүргенін бір ауыз сөзімен байқатты.


— Үйде кісі қарасы азайса, жүйелі жазып кетемін бе деген сенімім бар.


— Діңкелеп қалып жүрме. Тамағыңды уақытында іш.


— Мына жазбаны жетілдірмейінше, бойыма ас қонбайтын сияқты.


Қысқа әңгімеден соң Тойжан кішкентай қызы Гүлнарды алып, төркіндеп қайтуға қамданды. Бұл кеш Ерғали қағаз бетіне нөсер ойын сорғалатты. Ойы жүйеленіп, тілі шешіліп сала берді.


Алматының тырбың тірлікті таңы басталып кетті. Кейде Ерғали түнгі уақытты тоқтатып қойғысы келетін. Күндізгі қым-қуыт шаруа қамы жазбаларын терең ойлауға мұршасын келтірмейтін. Ал қаламгер таразысы түн ортасы ауған шақта теңгеріле бастайтын. Бірақ бұл ой мен оралымды тілдің тепе-теңдігін таң атты тынышсыз сәт бұзатын.Жер бетіне жарық түссе, дәлелді пайымдары мен көркем тілі тұсауланып сала беретін. Бүгін де сондай бір таңды атырып, жұмысына келді. Ертерек келгені өзі ойында шеше алмаған бір күрмеудің байлауын таппақ әрекеті еді.


Шіркін, қазақ күресін мектеп табалдырығынан бастап оқытса! Онсыз да әр қазақ баласының бойында тулап жатқан күрескерлік рухын жастайынан шынықтырса! Онда қазақ күресі бүгінгіден де зор мәртебеге ие болар еді. 1995 жылы осы арманын шындыққа айналдырғысы келіп, «Қазақ күресі бойынша жалпы білім беретін мектептерге арналған бағдарлама» әдістемелік құралын жазғаны бар. Талмай ізденіп жазған еңбегі рәсуа болғандай су аяғы құрдымға кетті. Қолдаушылар аз болып, бағдарлама тек жазба күйінде қала берді. Бұл жайт Ерғалидың қайратын мұқалта алмады, керісінше жігерін жани түсті. Осы еңбегінің ізін суытпай, ұстазы Петр Филипповичпен бірлесе отырып, «Қазақша күрес» оқулығын жазып шығып, қолданысқа енгізді. Қаламгерлік қарымы арта түсіп, 1997 жылы ұстазы Матущакка арнап «Палуандар ұстазы» атты деректі хикаят жазды. Орыс тілінде жазған бұл хикаяты Ерғалидың өзін шыңға шарықтатқан ұстазы алдындағы шәкірттік парызын абыроймен атқарғанын, әрі әдеби-зерттеушілік қабілетін де танытып тастады. Ал бүгін, тым тұңғиық ойға беріліп отыр. Шыңды мекен ететін мұзбалақ тұлғаның арманы да асқар болатын. Мұзарт-арманның қиындықты қақыратып өте шығар құдіреті бар-тын. Сол қасиетін танытып, қазақ күресін мектептерде оқыту мақсатына жету даңғылына тағы да түсті. Арманына жетпей, жарты жолдан қайту ойында жоқ. Қазақтың спорт және туризм академиясының ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген Ұлы дала перзенті таусылмас армандарының тізгінін еш тартпады. Тоғыз оқу құралы мен жетпіс бес ғылыми-көпшілік мақалалары қатталып, бес өндіріске енгізген жаңалығы жастар көңілінде жатталды. Сонау сексенінші жылдары өзі қазақ күресі деп атар ма еді деген ойы да орындалып, 2012 жылы «Қазақ күресі» оқулығын дүниеге әкелді. Қазақ күресі ғылыми тұрғыда жүйеленіп, зерделеніп, зерттеліп, толыққанды өз атауына ие болды.


Қалам ұшындағы жекпе-жектің әр сәті шаршы кілемде белдескенмен пара-пар еді. Бұл қастерлі жекпе-жекте де ұрпақ болашағы үшін қазақ күресін өзіне аманат етіп алған мұзбалақ тұлға жеңіске жетті. Ақ қағаз бетіндегі айқас бір тынбайтын, себебі Ерғали жазғанынан жазары көп деп білді.


Қырандар армиясының қолбасшысы


Жастардың сұрағы бітер емес. Дәріс соңы сырласу сәтіне айналғандай.


— Ағай, сіз ән сала аласыз ба?-деп бір студенті тосын сұрақ қойды. Оны тыйып тастайтын Ерғали көрінбеді. Қайта әңгімені жалғай түсті.


— Әу демейтін қазақ жоқ. Мен де реті келсе, халық әндерін айтқанды ұнатамын.»Арыс жағасында» әнін орындағым келіп тұрады. Қазақтың ғажап әндерін ұйып тыңдаймын.


— Ағай, үнемі зыр жүгіріп жүресіз. Сонда қай кезде ән тыңдап үлгересіз?-Бұл сұрақ иесіне студенттер дүркірей күлді.


— Күлмеңдер. Мен ән тыңдауға уақыт табамын. Жұмыстан соң, сәл оңаша қалған кезімде, ауылыма деген ескі сағынышым оянып кетеді. Сол сағынышымды Мақпал Жүнісованың ауыл туралы, өмір туралы әндерімен басамын. Одан қала берді Нұрлан Өнербаевтың әндерімен құлақ құрышымды қандырамын.


— Шәмшінің заманында сіз бала болдыңыз ғой. Бәлкім, ұлы сазгерді көрген де боларсыз?


— Иә, көрдім. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде Шәмші ағамыз оқушылардың жұмыс істеп жатқан жеріне келіп, бірнеше ән орындап берген. Көзбе-көз көріп, лебізіне қарық болдық. Қазіргі сендерге ұқсап, сазгерге әлденеше сұрақ қойғаным бар.


— Ағай, сіз Шәмшідей ұлы адаммен жүздесіпсіз, арманыңыз жоқ шығар!-Жастар профессор дәрісін спорт тақырыбынан музыка саласына бұрып жібергендеріне дән риза күйде отыр.


— Жоқ, арманым көп! Сендер де армандаңдар, армандаудан талмаңдар!-Профессор дәрісін ғибратты ақылымен тәмам қылды.


Ерғали коридорды бойлап келе жатыр еді, алдынан студенті Әскербек шыға қалды.


— Ерғали аға, ассалаумағалейкум!


— Уағалейкүмассалам, Әскербек! Үй-ішің аман ба?


— Амандық, аға!


— Кішкентайың қалай? Өсіп жатыр ма?


— Ой, аға, мен біраз болды ажырасып кеткенмін.-Мына сөз Ерғалидың қақ басынан салып жібергендей естілді.


— Ажырасқаны несі? Тойыңды жасап, дүркіретіп тұрып үйлендің. Енді араға жыл салмай жатып, жас отауыңның уығын шаша салдың ба?


— Аға, несіне ұрсасыз? Менің кінәм жоқ!-Шыр-пыр болған жас жігіттің сөзін соңына дейін тыңдамаған Ерғали жұмыс бөлмесіне келіп жайғасты. Жүрегін әлдебір ауыр мұң түйреп өткендей болды. «Ажырастым» деп тұрған жігіт өзінің шаңырағын күйретіп, баласын тірі жетім еткенін сезбейтін де сыңайлы. Неге ажырасады? Өзінің отбасылық өмірі бір елестеп өтті. Ерғали отыз жасында шаңырақ көтерді. Үйлену тойынан соң, екі күннен кейін Ерғали Алматыға суыт аттанып кетті. Ал Тойжан келіндік парызын өтеймін деп ауылда, қайын жұртында қалған. Сонда екі жылға жуық уақыт ата-енесімен тұрған Тойжаннан бір күңкіл естімеп еді. Ақыры «бұлай жүргендерің жарамайды, суысып кетесіңдер» деп Мұхиддин әке келініне батасын беріп, Алматыға аттандырған еді.Сәбилі болған соң да жағдайлары бірден жақсара қоймады. Жалдамалы бір бөлмеде тұрды. Сонда да әйелінің бір көңілі толмай, кейігенін көрмеді. Әрі Ерғали табиғатынан қонақжай, сондықтан үйлерінен кісі арылмайтын. Соның біріне қабақ шытып көрмеді. Ата-енесі өмірден өткенше, келіндеріне алғыстарын жаудырып кетті. Тұңғышы Гүлнардан кейін бірден құрсақ көтере қоймаған әйеліне Ерғали «ажырасам» деп ешқашан доқ көрсетпеді. Өйткені сүп-сүйкімді қызы тұрғанда, өзін барлық тұрғыда қолдап отырған әйелі барда, Ерғали сабырды серік етті. Сол сабырмен күткен тілегі орындалып, Гүлнардан кейін және бір қыз бен бір ұлдың әкесі атанды. Ал мына кеше үйленіп, бүгін ажырасып жатқан жастарға не жетпейді? Қазақта жоқ бұл қасірет қайдан келді? Ерғали сұрақтарына жауап таба алмай, көкірегін кере күрсінді. Өз отын өшірген әйел ел анасы болып жарытпайды. Өз шаңырағын қиратқан жігіт ел ағасы бола алмайды. Қыран текті қазақтың күйкентай болып бара жатқаны ма? Жо-о-о-оқ!


Кенет жұмыс телефоны шырылдады.


— Ерғали Мұхиддинұлы, қайырлы күн! Шәкіртіңіз Төлебай Қасымхан әлем кубогінен 1-орын биігінен көрінді!


Мына игі хабарды естіген Ерғалидың мұң басқан қабағы күндей ашылды:


— Оу, сүйінші демейсіз бе? Естіп тұрғаным осы. Пай-пай, әлемге қазақ күресін тағы да танытты десеңізші!


«Тағы да танытты» деп шәкіртін мақтайтын жөні бар-тын. Себебі, Қасымхан 2012 жылы Бразилияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақ күресінен 1-орынды қанжығалап қайтқан. 2013 жылы Алматыда өткен Еуразия ойындарында да шәкірті қатарластарынан қара үзіп, 1-орынды иемденген. Республикалық спорт додаларында алдына қара салмайтын қанатты пырақтай жігерлі жасқа Ерғали осы жарыста да сенім артқан болатын. Бүгін сол сенімі ақталып, өзі баулыған жас қыраны қазақ күресін әлем деңгейінде асқақтатып тұр.


— Иә,-деді батыр көңілі орнына түсіп,-қазақ-тектілігін сақтап қалған қыран халық. Қыранның күйкентай тірлік кешуі мүмкін емес!!!


— Ераға, бұл зор қуаныш болды ғой,-деп сөзге халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кафедра доценті Ахмәдиев Талғар Мұхтарұлы араласты. Халықтың баласын өз перзентіндей көретін дархан көңіл ұстаздар бек қуанды. Талғар арғы-бергі жеңістерін термелей бастады:


— Ераға, есіңізде ме, Ерғалиев Еламан «Қазақстан барысына» қатысып, 1-орынды бөктеріп қайтқанда, қалай қуанып едік? Қазақ күресін өміріне өзек еткен ерлер бар деп масайрап едік қой.


— Есімде! Қалай ұмытайын ол күнді! «Мен-қазақпын» дейтін тарландарды тегіс шат қылған жеңіс еді ғой ол да!


— Ераға, сіз қырандар армиясын құрдыңыз! Осы академияда жүріп, ұлттық спорт түрлерін жоғары дәрежеде дамытып, ілгері бастырдыңыз. Ол-ақиқат.-Бетіне мақтауды ұнатпайтын Ерғали ілтипат білдіріп жатпады. Өз ойын жалғап әкетті.


— Ақиқаты сол-қазақ барда қазақ күресі бар! Қазақ ұлдары осы күреспен шынығып, шығар биігіне осы күрестің әдіс-тәсілімен ұмтылып тұрған қазіргідей нұрлы шақта қазақ өлмейді! Қырандар армиясы дейсің. Оны мен құрмадым. Ол қазақ қазақ болып жаралғалы өмір сүріп келе жатқан ұлы күретамыр іспетті. Мен тек оны жалғастырып келемін. Сен және мен сияқты ұстаздардың, ғалымдардың қасиетті парызы, еш жерде жазылмаған асыл борышы осы!


Бұл сөздерімен Ерғали Талғардың көз алдына мұзарт шыңды шыр айнала қиқулай ұшқан мұзбалақты елестетті. Шыңда туған мұзбалақ шыңын мекен етіп жүр. Бірақ ол өзінен кейінгі ұрпағының да осы биікті иен қоныс еткенін бар жанымен қалайды.


Мәңгілік мекені шың болған мұзбалақ киелі Күнді бетке алып, қалықтап барады. Ол жалғыз емес еді. Оның соңында қырандар армиясы сап түзеп, нұрлы болашаққа бағыт алып бара жатты.





Пікір жазу