Әділқазының үкімі
Балаға зарлы, әрине,
Басқа тапшы адам да.
Тарапты аңыз-әңгіме,
Сонау ерте заманда.
Ел билері қараға,
Бітім жасап халықты;
Екі әйел бір балаға
Таласып ханға барыпты.
Хан бітіріп бермейтін,
Жесір дауын, жер дауын:
Соның сөзін сөйлейтін,
Кім толтырса жемсауын.
Дауагер пара бермепті,
Салыпты хан сырдаққа.
Екі әйел де көнбепті,
Бұйырғанмен бір жаққа.
Әділетті аңсаған –
Ана еңіреп зарлапты.
Алдына неше бармаған,
Би мен бек те қалмапты.
Елге атағы жайылған,
Әділқазы болыпты.
Адалдықпен танылған
Риза етіп халықты.
Аптыға сөйлеп, алқына,
Сарапқа дауын салыпты.
Әділқазы алдына
Екі әйел де барыпты.
Қазы ұғып мән-жайды,
Қолына семсер алады.
Үкімін қатал жасайды,
Жұрт аңырып қалады.
– Төбеден шауып тең бөлем,
Баланы керіп ұстаңдар.
Алуға бірің көнбеген
Аналар, мені тоспаңдар, –
Дегенде қазы ескертіп,
Құптайды бірі міз бақпай.
Абыржып бірі ес кетіп,
Өксиді жасын құрғатпай.
– Шаппаңыз, тақсыр баланы,
Аман жүрсін, өлмесін.
Асқынтып жүрек жараны,
Қор қылмас құдай пендесін.
Сезімін билеп бір ұғым,
Қазы сынап тұрыпты.
Екі әйелдің пиғылын,
Істің сырын ұғыпты.
Әйелдің бірі тепсініп,
Депті: «Мейлің бөліп бер».
Еңірейді бірі егіліп,
Жиналған түгел көріпті ел.
– Ана – айдын, япырмау,
Бала деген – бауыр ет.
Пәле-қаза, келсе жау,
Бала үшін ана өлет.
Тірлігін шын тілейді ол,
Анасы нағыз баланың.
Бөлуге көнбей жылайды ол,
Бұйырдым соған адамын.
Ішіңнен шықса бұл бала,
Өлімге неге қиясың?
Дәлел – осы бір ғана,
Көз жасты неге тыясың?
Жалған ана үкімге
Дау көтере алмапты.
Келсе де бір бекімге,
Айтар жауап қалмапты.
Қазының әділ кесімі
Елді риза етіпті.
Жасалып даудың шешімі,
Тамсанып тарап кетіпті.
Жасалғанмен сұм қимыл,
Арамдық іске аспапты.
Жалған ана, жат пиғыл,
Қазы алдында тас қапты.
Нағыз ана болған соң,
Ақтарыла ол қуанды.
Таразы түзу тұрған соң,
Әділет жеңіп, ту алды.