28.12.2021
  228


Автор: Тұрсынәлі Рыскелдиев

Ұлыстың ұлы күні

Айдана наурыз мерекесі күні әжесіне еріп, Алматыдағы Республика алаңына барды.


— Әже, мына жерде адам не деген көп?! Неге келеді бұл жерге? — деп сұрады.


— Бүгін ұлыстың ұлы күні емес пе? — деді әжесі.


— Ол не деген сөз?


— Біздің жаңа жылымыз басталған күнді айтады — ұлыстың ұлы күні деп. Қазақ, кырғыз, өзбек, ұйғыр сияқты түрік тілдес халықтардың жаңа жылы бүгін басталды.


Айдана әжесінің айтқандарын толық түсіне алмай, сәл бөгеліп барып:


— Өтіп кеткен жаңа жыл кімдікі? — деді әжесінің бетіне аңтарыла қарап. Әжей де оған қалай түсіндірерін білмей, ыңғайсызданып қалды да, шынын айтты:


— Ол — орыстардың жаңа жылы.


— Қазақ балалар да тарсылдақ атты ғой ол кезде?


— Бұрын солай үйреніп қалған емес пе?..


— Неге?


— Еліміз тәуелсіздік алмай тұрғанда, қазақтар да орыстардың жаңа жылын тойлайтын. Әзір де үйреншікті әдеттерін тастай алмай жүр.


— Енді қайтеді?


— Енді өзіміздің жаңа жылымызды тойлап жатырмыз, міне. Бұрынғы ата-бабаларымыз осындай көктем басталып, жаңа жылдары келгенде, әр үй наурыз көже жасап, үй-үйге қыдырып, наурыз көже ішіп, сүрленген ет жеп, мұжылған кәрі жілікті көкпар қып тартып, тамашалайтын. Қыстан мал-бастары аман шыққанына қуаныш қылатын.


— Балалары да қыдыра ма екен?


— Иә, балаларды ашамай ерттеген тайға мінгізіп, ертіп алатын болған.


— Жазда ауылға барғанда мен де мінгемін ғой, әже, сондай ашамай ерттеген тайға.


— Иә, мінгенсің, балам. Үйде тайға мініп түскен суретің де бар емес пе?


— Сол суретімді өте жақсы көремін, әже.


Әжесі Айдананы алаңға тігілген киіз үйлердің біріне бастап кіріп, мерекеге арналып жасалған көжеден екі тостаған сатып алып, немересімен бірге отырып ішті.


— Әже, бұрынғы ата-бабаларымыз да наурыз көжені ақша беріп ішті ме? — деп сұрады Айдана. Баланың сөзі құлағына шалынған соң, көже сатушы сары келіншек сасып қалды.


— Немереңіздің сұрауы түпкірлі екен! — деді ол әжейге.


— Біз базарлап жүрміз, балам. Наурыз көжені базарда ғана сатады. Үйде жасалған көжені ата-бабаларымыз да, әзірге қазақтар да сатпайды, — деп түсіндірді әжесі немересіне.


— Әже, наурыз көжені қайтіп жасайды? — деді Айдана өзіне түсініксіз дүниелерді біле түскісі келіп.


— Жеті түрлі тағамның басын қосып жасайды.


— Ол қайсы?


— Су, тұз, дән (арпа, бидай, тары, күріш сияқты), ет-май, сүзбе-құрт, нарын, уыз, көкөніс — жетеу болды ма, балам?


Айдана саусақтарын санап отырды (әжесі оған онға дейін сан, алты-жеті әріп үйретіп қойған).


— Асып кетті, — деп немересі тырқ-тырқ күлді.


— Асқан жоқ. Етте май болады. Нарын дәнге тән. Құрт сүзбеден жасалады. Оларды қосып сана. Әжесі де, Айдана да қайталады. Бұл жолы дұрыс шықты.


Бұрын да бірнеше рет көрсе де, алаңдағы «Алтын адамға» қарап тұрып, Айдана әжесінен:


— Анау кім? — деп сұрады оң қолымен нұсқап.


— Қазақтың батыры болған кісі.


— Не істеп батыр болған?


— Елін, жерін, өзінің бала-шағаларын жаулардан қорғаған.


— Әзір бар ма бұл кісі?


— Жоқ, жаулармен соғысып жүріп қаза болған.        


Айдананың ойына не келді екен? Күрсінді. Үйге қайтып келе жатқанда, бір жер үйдің қақпасы астынан басын шығарып, көшеден өткен елге жаутаңдап қарап жатқан шынжырлаулы қарасұр иттің көзіне Айдананың көзі түсті.


— Әже, ана ит бізге неге қарайды? — деп сұрады.


— Өзің ойлап көрші, мен айтпай тұрып? — деді әжесі.


Айдана бір сәт бөгеліп барып:


— «Мен де осы кісілер сияқты далаға шығып жүрсем-ау! Мойнымнан темір байлап, қамап қоймаса ше!» деп жатқан шығар ол ит? — деп еді.


Әжесі қуанып кетіп, немересін құшақтай алып, бетінен мейірлене сүйді...





Пікір жазу