28.12.2021
  359


Автор: Толымбек Әбдірайым

Өрт


... Адамды сүй, Алланың хикметін сез,


Не қызық бар өмірде онан басқа?!.


Абай.



Сарша тамыз. Күн күйіп тұр. Ауыл тұрғындары шақшиған күн екінтіден ауып, көлеңке басы ұзарғанша есік-терезелерін тұмшалап, өрттей жанған ыстықтан бас сауғалайды. Көшеде бейсауат жан некен-саяқ, ит екеш иттер де үйшіктеріне тығылып, тілдерін салаңдатып жиі тыныс алады. Жайшылықта ұзап жайылатын жылқылар да өзеннің жағасында бірі-біріне тұмсықтарын тыға түсіп шыбындайды.


Осы сәт ауыл ортасындағы көк шатырлы үйден қызыл жалын лап берді. Ізінше қара қошқыл түтін будақтады. Етектегі өзеннен келе жатқан жалаңаяқ балалар:


— Өрт, өрт!


— Кімнің үйі екен?!


— Жүгірейік! — десіп улап-шулап жарыса жөнелді. Бәрінің көкейінде кімнің үйі деген сұрақ бар. Топшылағандарымен толық білмейді. Аптығып-алқынып жеткендерімен, көздері бақырайып тұра-тұра қалысқан.


Үймен жапсарлас қора төбесіндегі үюлі шөптің қожайыны Мұсақұл шал-тұғын. Әуелде осы тұстан басталған от енді шатырға тиіп, сытыр-сытыр жанып жатыр. Қара домалақтардың көкіректері сайрап, біліп тұрса да, үй иесінің атын атай алмай дағдарған. Сүріне-қабына жеткен кемпір-шалдар мен әйелдердің біреулері шелекпен су шашып жатса, енді біреулері ескі көрпе, күпәйкемен жерге түскен отты сабалап жүр.


— Оу, халайық! Мұсекең қайда?!


— Үйінде болуы тиіс.


— Науқастанып жүр еді.


— Бәсе-е, көптен көрінбейді.


...Мұсақұл кәрия бұл кезде қалың ұйқыда еді. Соңғы кезде өзімен-өзі оңашаланып, жайлы тыныштық тілеп жатқыштай беретін. Жетпіс тоғыз жасқа шейін ыңқыл-сыңқыл білмеген қарт кәрілік шіркіннің жайылған уыттай өн бойына шым-шымдап тарағанына мойын ұсынған. Айтты-айтпады, Алла тағала екі аяқты пендесінің әл-қуатын аз-аздан кемітіп, жүрегінде зәрредей иманы болса тәубесіне келтіріп, сағымдай бұлдырап, қайран да қайран қалып бара жатқан сағынышты жылдарын жадында жаңғыртып, өкіндіріп, өксітіп, арғы дүниеге ыңғайлайды екен-ау! Нарттай қызыл шырайы, қажыр-қайраты қайда кешегі?! Белі құрғыр да қақсайтынды шығарды. Тіпті болмағасын он жылдай кәсіп еткен қоймадағы күзетшілік жұмысын да тапсырған.


Елу жылдай отасқан кемпірінің көз жұмғанына екі жылдай болды. Әйелдің соңында қалған қиын екен. Ендігі үміті не?! Ол дағы майы таусылуға тақаған шамдай сәуле шаша ма сығырайып?! Әлде, әлде, бәрін тастап, қалада тұратын ұлының қолына кетіп отыра ма? Кемпірінің жылын өткізген соң Алматыға барғысы келгенде тоқтатқан баласы еді. «Қартайып тұрған жоқсың! Денсаулығың сыр берсе, көшіріп алам. Сіздің арқаңызда соғымнан тарығып көрген жоқпыз. Қоныс аударғанның жөні сол екен деп, үйдің бағасын арзандатпаңыз. Жылқыларға тиіспеңіз, қой мен сиырдың он шақтысын ғана сатып, қалғандарын көршілерге табыстап кетсек қайтеді?!» — деген соңғы бір келгенінде.


— Әке, — деген сонда ұлы. — Өзіңіз жақсы білесіз, сүйенерім жоқ менің. Ондай «жанашырды» бүгінгі тілмен айтқанда «крыша» дейді. Жалғызбын қайда да!.. Өзім кіндіктен жалғыз едім, балам да біреу! Келініңіз өнер соңында жүрген соң, осы баламен шектелгенбіз.


— Келешектерің алда.


— Қырықтан астық, енді кеш.


— Уақыт көрсетер, сөзіңді жалғай бер.


Жасына жетпей бұғағы салбырап, үрлеген қарындай домаланған баласы қалтасынан темекінің жылтыр қорабын шығарып тұтатқан. Ащы түтінді қомағайлана үсті-үстіне сорды.


— Неге соншалықты әуессің шылымға, жиілетіп жібердің манадан.


— Жаман ғадет, қоя алмай жүрмін... Қай жерге келіп едік?


— Жалғызбын дедің.


— А-а, иә-ә... Осы тірлігім, ширақтығымнан.


— Олай күпірлік жасама! Алланың нәсібі де!


— Әрекетсіз бола ма? Айтыңызшы-ы?!


...


— Өмір — күрес! Жансебіл тірлікпен алға ұмтылу! Қажет жерінде біреуді ағалау, біреуді жағалау. Бүгінгідей дағдарыс кезінде барлық мәселені шешетін — көк қағаз! Доллар! Ақша-а! Ақша-а! Әйтпесе Алматыдай мегаполисте қаңғырып қаласың. Мың теңге сұраңызшы біреуден, берер ме екен?! Әй қайдам-м?! Мен танитын крутой жігіттердің көкелері жоғарғы жақта отыр! Солар айбар, солар қорған оларға! Жылма-жыл өткізілетін тендер дегеніңіз көзбояу! Фальш! Кімнің қолдаушысы мықты болса, сол жеңімпаз! Көкең күшті болса болғаны! Тендер дегеніміз — ашық жеңдер деген сөз! Мен қызмет істейтін құрылыс компаниясының Қазақстан бойынша бірнеше қалада үлкен-үлкен құрылыстар жүргізіп жатқаны — үлкен бастығымыз Еділбай Серғазыұлының арқасы! Оның да «крышасы» жоғарыда! Крыша болғанда қандай! Ол енді құпия, секрет!


— Ауылда тұратын зейнеткер шалға оның еш қажеті жоқ. Сонда, сен айтып отырған сыбайлас жемқорлық емес пе? Елбасының майдан ашқан, қоғамды теспей сорған жегі құрты ғой! Ойбай-ау, заң қайда, тәртіп қайда?!


— Қайдағы заңды айтасыз?! Құжат-қағаздарыңыз тастай болса болғаны! Вот солай, әке! Оған бас қатырып қайтеміз. Жеке кәсіпкерлік пе, фирма ма, сондай бірдеме ашып алмаппын, соған өкінем.


— Балам-ай, өмірдің барлық құндылықтарын ақшамен бағалауға болмас! Әділет, аяушылық, иман байлығы, адамгершілік дегеніміз қайда-а?!


— Ой, әке-ай! Ондай түсінік, ондай пайым өткен ғасырда, сіздер өмір сүрген кезде болған шығар! Қазір капитализм! Былайша айтқанда, нарық қатынастары заманында, өзіңіз айтқан адамгершілік, мейірім, қайырым, әділет сияқты категориялар екінші, тіпті үшінші планға ығыстырылған! Сондықтан...


— Мен жеңілдім, сен жеңдің балам! Ақша, доллар, қу құлқын билеген қоғамның барар жері, байырқалар тұсы құрдым емес пе?! Оны кім ойлайды?! Тәуелсіздікті не үшін алдық?! Ондай-ондай жөнсіздіктерге ұрынба ұлым?!


— Кешегі ұлағатты ұстаз, гуманизм дәнін еккен мамандық иесін һәм қызыл коммунисті сенімінен қайтару мүмкін емес.


— Жә-жә, тоқта! Менің сенетінім жалғыз Алла!.. Измдер тұрақсыз, ауыса береді алмасып. Қайтеміз қаржасып. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген бабаларымыз.


— Әке-е, әке-тай! — Қысық көз жігіт ағасы орнынан тұрып қайыстай қара шалды құшақтап, арқасынан қақты. — Түсінгеніңе рахмет! Ымырашыл осы қасиетің үшін жақсы көремін, сізді!..


Сол жолы қайдағы бір әңгімелер айтып, нәумез еткен жоқпын ба баламды деп көпке дейін өкінді Мұсекең.


Едігенің айтқаны рас. Өз қолымен тұрғызған үйін арзанға неге сатсын? Баласы қызмет істейтін құрылыс компаниясы Алматыдан Астанаға ауысып жатыр. Жаңа жерде де тіршілік керек емес пе?!


Бұдан өзге кімі бар ұлының?! Заман солардікі... Кісінің іші-бауырына кіріп, ағалап-көкелеген елгезек-пысықтығынан жүр емес пе?! Аллаға, шүкір! Кәрілік шіркін аяққа аздап тұсау болмаса, жатып қалғаны жоқ. Жалғызының бір жағына шығып жатса, қанеки?! Қалаға барып төрт қабырғаға қамалып отырғаннан ауылда тұрғаны дұрыс шығар.


    * * *


Мұсекең әуелде ештеңе сезген жоқ. Денесі дел-сал, басы мең-зең. Тістеніп күш шақырды. Дыбыстағысы келген.


— Алла, жар бола гөр!


Қалың түтіннен кірпіктері жұмыла берді. Бұл не?! Өрт!.. Өрт пе?!. Санасы сайрап жатыр. Тұру керек! Қуатын жиып, ұмтыла түсіп сылқ етті.


— Алла-ай! Жаным-ай!


Ауа жетпей тынысы тарылды. Кереуеттен аударыла құлап түсті. Денесінің ауырғанын да елемеді... Еңбектеу керек!.. Шығар есік әне, он аттам жер!.. Жетсе болғаны!..


Ұйқылы-ояу, кіресілі-шығасылы жағдайда қанша уақыт жатқаны есінде жоқ. Аппақ шатырдай бөлмеде жападан-жалғыз. Кезекші дәрігер қозғалмаңыз деп ым қақты. Шөл қысып барады. Соны сезгендей жастығын биіктетіп, кесемен сусын жұтқызды дәрігер. Басы айналып, көзі қарауытты. Таң атқанша кірпігі айқаспады. Ойына жоқтан өзге оралады. Дүниенің шолақтығын сезгенмен парқына жетті ме?!.


Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,


Бір күні ажал келіп жаныңды алар.


Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,


Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар... — деп кім айтып еді?! Ә-ә, есіне түсті.


Шал ақын! Қайран, абыз баба! Қалай-қалай қиыстырған! Не көрді фәни жалғанда?! Жалғызым кемдік көрмесін деп өмір сүрді емес пе?!


Едіге — қырықтан асса да Мұсекеңе әлі бала. Алматыға барып тұруды, немересін иіскеп, айналып-толғанып отыруды армандағалы қа-ша-ан?! Тағдыр қатал! Арман-мақсатына міне-міне қол созым қалғанда, ғаріп болғанын көрмейсің бе?!.


Қарт ойын жалғады. Он күн болды ауруханада жатқанына. Екбетінен құлаған соң, екі аяғы мен жон арқасын от шалған. Ұлы денесін ақ дәкемен орап, гипстеп тастапты. Мұнда қанша жатар екен? Малға бас-көз болатын кісі бар ма? Үйге кім қарайды?! Үй демекші, үйі не болды? Өрттен аман ба екен? Қайыржан көршісі күнде келеді. Сұрайын деп қанша оқталса да, сұрай алмады. Шатақ шал үйде нең бар деп ұрсып тастай ма?! Телеграмма жолдадым деп еді баласына. Қолына тисе ұшып жетер.


— Құлыным-ай! Мазасын алдым ба? Қалай дегенмен қызметтегі адам. Астанаға көшеміз деп жүрген. Қоныс аударушылардың қатарына кірсе жарады. Құрылыс компаниясының бірінші басшысы таныс-тамырларын тізімдеп жатқан көрінеді. Қайда барсаң сол, біреуі жекжатын, біреуі жерлесін сүйрейді. Қарға тамырлы қазақтың дағдысы. Мынадай заманда үлкен шаһарда тұру да қиын. Алматы Алматы болғалы қымбатшылық. Оның үстіне қоғам да асты үстіне төңкеріліп, жұмыс іздеген жұрт көшіп барып жатыр, барып жатыр. Қала маңындағы саяжайлардың бәрін тұрғын үйге айналдырған дей ме, немене?! Иә-ә, айтқандай, Едіге бір сөзінде өзі істейтін компаниядағы үшінші орынбасар пенсияға шығады, ұзақ жыл құрылыс бастығы болдым, маған ылайық орын. Екінші орынбасар Орекең емеурін білдірген. Құланның қасуына, мылтықтың басуы келіп тұр деп еді. Баласы ана орынға отыра қалса, еңбегін өтеуі керек Орекеңнің...


Ұмытып отырғанын-ай, былтыр ма, алдыңғы жылы ма, Сейілхан құрдасы Алматыдағы туысының үйіне қыдырып барғанда қара аспанды төндіре келіп еді. «Ой-бай, бәрі удай қымбат! Күнделікті тұтынатын азық-түлік пен еттің бағасы аспандап тұр. Автобусқа отырсаң пәлеге қалғаның. Қойған астары суып бара жатқандай қолды-аяққа тұрмай, аптығып-асыққан жұрт! Алматың көк түтін! Дұрыстап шәй де іше алмай... Сулары кермек тати ма?! Мазам кетті, жүдә?! Жайма базарда қара қытайлар мен қырғыздардан аяқ алып жүре алмайсың?! Апыр-ау, басшылардың не ойлағаны бар?! Қара қытай қаптаса не болады күніміз?!. Құрысын! Кіндігі мен омыраулары ашық-шашық қыз-келіншектер! Ай дер ажа, қой дер қожа болмағаны ма?!. Астафиралла! Құдай енді Алматыны көрсетпесін!..»


Сейілхан ала бұлт үйірген Алматыға биылғы жазда жолы түсті. Жаз күшіне енген маусым айы болатын. Асқар шыңдарын сүрі қар басқан асқақ Алатау! Қос қапталы көкжелекке малынған көркем даңғылдар! Астау-арықтардан сылдырап аққан мөлдір су! Қарай бергің келеді көз алмай.


Сол жолы екінші Алматының темір жол вокзалынан Едігенің шофері қарсы алды да, сүліктей қара «Мерседес» ызғытып жөнелген. Терезеден көшеге қарады да отырды. Көңілі көтерілді. Мәшине ішіндегі радио толқындары қазақтың халық әндерін шырқап-ақ жатыр.


Айналайын, қарағым, алтыным-ай,


Ақ жүзіңді көргенде балқыдым-ай.


Көрмегелі көп айдың жүзі болды,


Есен-аман жүрмісің жарқыным-ай.


Ахау, керім, бұраң белім,


Күнде жиын, күнде той,


Жүрген жерің-ай!


— Пай-пай! Даусын-ай, мына әншінің! Қалай-қалай құйқылжытады!


Жүргізуші жас жігіт болса да орнықты бала екен. Әнге әсерленіп, арқасы қозған кәрияны қоштаған да, иә деп емеурін де танытқан жоқ.


Едігенің «Мамыр» шағын ауданындағы қос қабатты коттедж үйі хан сарайындай. Ауладағы жеміс-жидек ағаштарының неше түрін көріп таң-тамаша.


Қара шалды қарсы алған баласы мен келіні мал-жан амандығын білген соң, жұмыстан кешігіп барамыз деп кеңселеріне тайып тұрды. Дүңген бе, кәріс пе орта жастардағы әдемі келіншек дастархан жайып жік-жапар:


— Қолыңызды жуыңыз да отыра қалыңыз, — деді таза қазақ тілінде.


Қарт айран-асыр. Басқа ұлттың өкілі ме десе қазақша сайрап тұр.


— Өркенің өссін қарағым!..


Бейтаныс әйелдің ілтипатына риза көңілмен төрге оза берді. «Келіннің туысы шығар...»


— Қарағым, қандай жақындығың бар бұл үйге?


— Қызметшімін. Есімім — Әлфия. Әкем қазақ, шешем ноғай.


— Ә-ә, мен... құдалар жақтан ба деп.


— Балаңыз кішіпейіл, ақкөңіл. Жанна келініңіз де аяулы! Өздері, маған әбден сеніп алған. «Туысқаннан қиысқан жақсы» деуші ме еді?!


— Адамның адамға сенгені жақсы ғой... Қызметші болғанда, немен шұғылданасың шырағым?!


— Үш мезгіл ас әзірлеп, үй ішін жинау, кір жуып, үтіктеу. Келген қонақтарды қарсы алу, тағысын тағылар...


— Сонда, келінім... шыбық басын сындырмай ма?!


— Ой, ата-ай! Сізге бәрі қызық шығар. — Сылқ-сылқ күлді. Маржандай тістері жарқырап, сыңғыр-сыңғыр күлгені жарасымды-ақ. — Келініңіз өнер адамы. Атақты актриса. Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері. Арасында консерваторияда дәріс береді. Ондай кісінің уақыты болушы ма еді?!. Бір рольді сомдау дегеніңіз, кө-өп еңбектенуді қажет етпей ме?! Алыс-жақын шет елдерге гастрольдік сапары тағы бар. Жақында Еуропаны аралады. Бақытты ғой балаларыңыз. Арманыңыз жоқ шығар, сіздің?!


— А, иә... бақыттымын! — Сөздері пышыраңқырап, сенімсіздеу шықты. Сезімтал әйел бірден аңғарды: «Көңіл үшін қайтарған жауабы. Өтірік айтқаны көрініп тұр. Заты аңқау, адал адам...»


— Ой-бу, қалқам, әлгі ұл көрінбейді ғой?


— Кімді іздедіңіз?


— Немерем ше?


— Арсен бе?! Ол Санкт-Петербургке кеткен. Олимпиадаға. Ол дағы болашақ үлкен математик! Талабы зор!


— Солай деңіз-з!..


Шәй ішіп арқа-жарқа отырған Мұсекең ас бөлмедегі тазалыққа, көз арбаған мебельдерге қарап қояды.


— Бір сауал қойсам, ыңғайсыз емес пе?!


— Сұраңыз.


— Сонда, сіз-з, кәдімгідей, жалақы аласыз ба?!


— Әрине-е!


— Күні бойы осындасың?


— Таңертеңгі жетіден кешкі жетіге дейін.


— Ондайды біле бермейміз... Кешір айналайын.


— Айыбы жоқ! Ыстықтай шай ішіңіз! Бауырсақты жаңа пісіргем! Сары майдан, вареньеден дәм татыңыз. Мынау — Алтайдың балы. Едіге Өскемен жақтан алдырып тұрады.


— Алла риза болсын, қалқам!


Кәрия дастарханға бата жасап тысқа шықты. Жеміс-жидек ағаштарын суғарып, баптап төрт-бес кісі жүр. Барып танысты. Бау-бақшаға қарайтын жұмысшылар екен.


Кәрия баласының тірлігіне дән риза. Өздері үш бас. Қызметшілері алты жан. Шетелдік телесериалдардағы бай-манаптар қызметші ұстаушы еді. Сол үрдістің қазақтарға да жеткені ме?! «Е-е, елу жылда — ел жаңа, жүз жылда — қазан» дегеніңіз осы. Баласы мен келіні заман ыңғайына бейімделген екен.


    * * *


— Алла-ай, жаным-ай!.. Едігем-м келді ме, Едігем!..


Медбике қыз орнынан атып тұрды.


— Ата, қозғалмаңыз!


— Алмаған-ау телеграмманы! Жарығым-ай, жалғызым-ай! Қайтейін-н! Амал бар ма бұл дертке?! — Дауысы пәсейіп, ентіге бастады. Кеудесі қысылып, сыбырға көшкен. — Апырым-ай, досым қайда, кешегі досым қайда?! Неге кіріп шықпайды осындайда?! Күйіп-жанып барады мынау денем, ыстығым бір уақ басылмай ма?! Бармысың-ң-ң, Қайыржан-н?!. Кешіктің-ау, балам?!. Қайда-сы-ң-ң, Еді-ге-е-ее! Едіге-жан-н!.. Едіг-е-е!..


Укол салған соң кәрия ұйықтап кетті. Кешелі бері ыңқылдауы жиілеген соң, бөлім меңгерушісі кезекшілікке екі медбике тағайындаған.


— Жон арқасы мен аяқтары қатты күйген! Жас адам емес, шыдаса жарады. Әи-й, қайдам? - деді дәрігер басын шайқап.


Медбике сырқаттың жастығын түзеді. Ойына әкесі оралып, жүрегін сағыныш меңдеді. Ауырып жүр еді, алдағы сенбіде барып қайтпаса болмас. «Өмір неге бұралаң?! Неге қым-қиғаш?!. Түсініп көр! Ауырған адамға, туыстары күн құрғатпай келуші еді. Бұл кісіге көрші ақсақалдан өзге ешкім бас сұққан жоқ. Жалғыз ұлы Алматыда екен! Не деген тасбауыр?!. Өгей шығар...»


Бастығырылып, қатты шыққан дауыстан жүрегі зу етті.


— Келді ме?!. Қайдасың-ң?!. Бармысың балам-ау!.. Едіге-е!.. Едіге-е-е!.. Жарығым-ау?!, Қай-д-а-а-а-с-ы-ы-ң-ң-ң?!.


* * *


Ұза-а-қ безілдеген қоңырауды естіген қызметші әйел сыртқы есікті ашса, алдында жас қыз тұр.


— Телеграмма!


— Қайдан?


— Мына жерге қол қойыңыз.


Қағаздағы жазуға көз жүгірткенде зәресі ұшты Әльфияның. «Едіге, тез жет. Әкең нашар жатыр.»


— Апырым-ай, қожайын Ақтөбеге, әйелі шетелге кетіп еді. Не істесем екен?!.


Қол қойғызып, телеграмманы табыстаған қыз жылдам шығып кетті.


«Сонда, нашар жатқан Едігенің әкесі ғой. Өткенде ширақ сияқты көрінген. Ауру айтып келе ме?!» Әлфияның ойы сан саққа жүгірді. Ә-ә, қалта телефоны бар. Тапты-тапты. Телефон нөмірлері тізілген дәптердің бірінші бетіне үлкен әріптермен жазып қойыпты. Жақсы болды-ау! Теріп еді, «абонент қызмет көрсету аясынан тыс жерде немесе сөндірулі» деген дауыс естілді. Сол күні кешке дейін он шақты рет қоңырау шалды. Тағы да сол: «абонент қызмет көрсету аясынан тыс жерде...»


* * *


Кәрия сөзден қалды. Көршісі Қайыржанның қолын жібермей ұстап, әлсіз саусақтарымен қысып-қысып қояды. Есік жақты нұсқайды. Баласын күтіп жатыр. Едігеден хабар жоқ. Телефон шалған. Жауап бермейді. Кеше түстен кейін тағы да телеграмма жөнелтті. Құдай-ау, жалғыз баласын көре алмай, қоштаса алмай кете бара ма фәни жалғаннан. Дәтіне берік еді Мұсақұл. Бұдан көзін алмай, тесіле қарап жатты да оң қырына аударылуға әрекет жасады. Сонда аңғарды, жапырақ үстінен төгілген таңғы шықтай көз көбесіндегі үймелеген жас тамып-тамып кетті. Құрдасының жүрегі ине шаншығандай ашып ауырды.


Сәлден соң Мұсекеңнің кірпігі айқасып, ұйықтап кетті. Бейіс дүниесіне шомылып, түс көріп жатыр. Жадыраған жаз. Аспан ашық. Баяғыда-а, өздері тұрған Ақтүбек ауылындағы Отияр тауына жақын төбедегі көк шатырлы үйлері. Марқұм Майша кемпірі Аякөз қаласы жақтағы терең сайдан ат арбамен келді де, тоқтай қалған. Өзі тойға баратындай сәнді киінген. Түрінде әбігерлік бар.


— Әй, шал! — Баяғыдай шалт, шапшаң.


— Сенбісің, Майша? Қайдан жүрсің?! — Қуанған да, қорыққан да бірдей. Мұсақұл бірдеңелерді айта бастап еді, кемпірі сөзін бөлді.


— Бейшара-ай, шөгіп қалыпсың!.. Ауырғаннан саумысың?!. Ырғалып-жырғалатын уақыт тар. Асықпай әңгіме-дүкен құрармыз... Сонау-у ит арқасы қияннан саған бола келдім, кел отыр деді бұйыра сөйлеп. Мұсақұлдың қарсыласқанына қарамастан киім-кешек, оны-мұнысын шапшаңдата қара сөмкеге салды да, арбаға отырғызып, тықыршып тұрған кер төбелге қамшы үйірді.


...Мұсекең таң алдында дүниеден озды. Құрдасы Қайыржан бас болып, көрші-қолаң арулап аттандырды. Әне-міне келер деп Едігені күтті.


Араға үш күн салып ақшам кезінде Едіге жетті таксилетіп. Ауыл адамдары қайран қалды. Қайыржан көрші ғана қарсы алды. Біріне-бірі көңіл айтысты. Едігеде үн жоқ. Әкесінің үзеңгі досы сөз бастады:


— Қайран Мұсекең!.. Тағдыр талқысына төзіп бақты. Екі жылдан астам уақыт жападан-жалғыз тұруы, әй қиын-ақ! Майшаның жылынан соң Алматыға жиналып еді, дәм тартпады. Сенің үлкен қалада тұрғаныңды, қызметтегі абырой-беделіңді, жауапты қызметте жүргеніңді мақтаныш санайтын. Едігем деп елжіреп, еңіреп өтті жарықтық! Сені сүйді, іздеді, сағыныштан сарғайды! Көре алмай қаламын-ау деп ойлаған жоқ... Ақтық демі үзілгенше әне келеді, міне келеді деп көп күтті. Қайтарынан күн бұрын тілден қалды. Қайта-қайта есік жақты нұсқайды.


Қаршыға көз қара шал мүдірді. Көкіректі айырған сөздерді жеткізу де қиын. — Сені екі күн тостық. Күн болса ыстық, мәйітке обал. Кеше жерледік. Жаназасына қатыса алмадың, топырақ салу бұйырмады.


— Келініңіз алдыңғы күні звандап... Шетелден, гастрольден келген беті екен. Маған дереу хабарласты. Ақтөбеден осылай тіке ұштым.


— Ақталып қайтесің, қарағым. Болар іс болды, бояуы сіңді... Жатқан жері жәйлі болсын! Тағдыр жазуына кім араша?! Қырқына дейін басын көтермекшіміз. Ескі Майлиндегі Қажыбектің баласына мәрмәр тасқа тапсырыс бердік.


Едіге Қайыржан көршіге:


— Құран бағыштайсыз ба? — деді бұрылып.


— Зират басына барып қайтайық. Өлілердің тірілерден тілейтіні дұға ғой!..


— Ағузү билляһи минаш шайтон ирражим! Бисмилляһир Рахманир-Рахим!


Иа-син-н... Уәль Құранил хәким-м... Иннәкә ләминәл-л мурсалин. Ғалә сиратим мустақим-м. Тәнзиләл ғазизир рахим-м. Литунзирә, қаумән мә унзирә-ә, әбә-уһум фәһум ғафилун-н...


    * * *


Ертеңінде кешқұрым көрші үйдің жеңіл машинасымен аудан орталығына жетіп, билет алды. Жолаушылар пойызының келуіне үш сағат қалыпты. Ешқайда барғысы келмеді. Достарына да телефон шалған жоқ. Естісе, жетіп келетіндері анық. Бұрындары жападан-жалғыз жүрмейтін. Ырду-дырду, сән-салтанат әкесі бар кезде жарасатын. Қазіргісі не жорық?! Несіне қуанады?! Несіне жетіседі?!.


Теміржол вокзалына таяу саябақтағы кісі көзінен тасалау сәкіге барып отырды. Әлгіндегі жадыраңқы ауа райы күрт бұзылды. Аспан әлемін түйдек-түйдек қара бұлттар торлады.


Қайран, әке!.. Жан адамға сабытын салмай кете барды үнсіз-түнсіз...


Едігенің жан дүниесі алағай-бұлағай. Қайғының қатты салмағын енді ғана сезгендей.


— Перзенттік парызымды өтей алмадым!.. Үлкен күнә жасадым?! Не деген жетесіздік!.. Не деген кещелік?!. Алматыға көшіп барам дегенде, селт етпедім-ау?!. Неге?!. Неге?!.


Қайыржан кәрия көңіл айтқанда да, бейіт басына барып құран оқытқан кезде де еңсесі түспеп еді бүйтіп. Купеге кірген бетте отыра кетті шөкелей... Жанарынан сорғалаған жас ағыл-тегіл...





Пікір жазу