Жиырмасыншы қараша
Бүгін күнім босқа өтті,
Сол бостықтан діл де азды...
...Қанша сұлу жас төкті,
Қанша шайыр жыр жазды,
Қаратауға қар түсті,
Қара Ертіске мұз қатты,
Қанша жұлдыз шарпысты,
Қаншама адам дыз қақты,
Тұман басты Алтайды,
Қарт Хазарға кеш кірді,
Жер бір күнге қартайды,
Күн бір күнге ескірді,
Бір елде жер қазылды,
Бір елде ер ашынды,
Жаңа тарих жазылды,
Ескі қабір ашылды,
Қанша тағдыр түйісті,
Қанша жолдар ұзарды,
Бозбала алғаш сүйісті,
Қызбала алғаш қызарды,
Біреу таққа ұмтылды,
Біреу байрақ көтерді,
Бір ауылда ұл туды,
Бір ауылда əке өлді,
Біреу бақыт тілерде,
Біреу қарғысты ойлады,
Оқ атылды бір елде,
Бір елді аштық жайлады,
Бір сəуле ойнап жанарда,
Бір от ойнап қандарда,
Бір тіл өлді аралда,
Бір ұлт өлді орманда,
Менің күнім текке өтті,
Бəрінен тыс қалғаным,
Мені қызық жеп кетті,
Мені, қала, алдадың!..