Тыныш дүние
Тыншымаймын. Тыным таппан мен тегі,
Түскен емес тағдырымның желкені.
Дамыл таппай кеземін де жүремін,
Дамылдаған мынау байтақ өлкені.
Жердің жүзін ой қанаты айналдым,
Жұлдыз құштым, күнді көрдім, ай бардым.
Кеземін де жүрем мыңжылдықтарды,
Кезегінде жүрем ұлы ойлардың.
Күнге қарай бұрғам баста-ақ бетімді,
Күн түбіне мұрат еткем жетуді.
Қас-қағым сəт тынып қалсам қимылсыз,
Бүкіл əлем тұрып қалар секілді.
Ең бір ұлы ырғақтарға құштармын,
Ең бір ұлы ырғақтардан күшті алдым.
Жолаушылар қалмауы үшін сапардан,
Қанаттары талмауы үшін құстардың,
Жұлдыздардың сөнбеуі үшін жарығы,
Гүлдерімнің сембеуі үшін тамыры,
Мен бір ұлы ұмтылуды тудырам,
Тудырамын бұлқынуды жəне ұлы!
Менің сұлу армандарым өр кезде,
Аттанамын, атанамын елкезбе,
Бір сəтке де жұма алмаймын көзімде,
Бір жаманат болмауы үшін сол кезде.
Үндемеуден сақтап қалды сөз мені,
Жүрегімде – заманалар безгегі.
Мен бір ұлы қозғалыстан жаралғам,
Жердің шары жаралатын кездегі.
Еркін жүріп, ерек ойлап ержетіп,
Жүріп келем, шығып келем өрге тік!
...Жер бетінде бір тыныштық туғанда,
Отырармын тыныштықты тербетіп.