Саған, саған
Саған, саған таңнан бұрын жетемін,
Тауда болсын, қырда болсын мекенің.
Терезеңді айқара ашып,
Жастыққа
Бір тал таудың гүлін қойып кетемін.
Саған, саған түннен бұрын барамын,
Сансыз шамы сөнгенінше қаланың.
Қымтай жауып ақ көрпеңді,
Жастыққа
Бір тал гүлін қойып кетем даланың.
Саған, саған бұрын жетем өзімнен,
Бұрын жетем сағыныштан, төзімнен.
Есімімді ести алмай аузыңнан,
Келбетімді көрмесем де көзіңнен.
Саған, саған бұрын жетем мұңдардан,
Бұрын жетем бұл қатыгез жылдардан.
Сәтсіздіктен, тағдырыңнан, сынғаннан,
Жалғызсырап, жыламсырап тұрғаннан.
Бұрын жетем үміттен де, арманнан,
Керексіз боп, лақтырылып қалғаннан.
Қартаюдан, жас өмірің солғаннан,
Сені ұға алмас жай кездейсоқ жандардан.
Бұрын жетем көз жасыңнан төгілген,
Сәттеріңнен шегінген де жеңілген.
Күннен, түннен, мұңнан, жастан қорғаушы
Періштеңе айналамын сенің мен.
Қатал уақыт қайраңдатсын, тежесін,
Қатал адам қара қолын кезесін.
Тым алыста жүргенімді білгенмен,
Тым жақында тұрғанымды сезесің.
Көрген түсте кездессек біз, өң деп біл,
Тар кезеңде жолықсақ біз, кең деп біл.
Қара аспанда бір ақ сәуле жалт етсе,
Саған, саған бұрын жеткен мен деп біл.