27.12.2021
  159


Автор: Ерлан Жүніс

Азалы күн

Біреуге күн,
Біреуге бүкіл ғұмыр – азалы күн,
Сен де азалысың,
Мен де азалымын!
Жоқтайды ұл əкені,
Жоқтайды аға ініні,
Жоқтайды қазақ ұлын!
Жоқтаймыз армандарды – аптығы басылмаған,
Жоқтаймыз үміттерді – қауызы ашылмаған,
Қайда екен текті қазақ бір-бірін бауыр дескен,
Қайда екен бауыр қазақ қару да асынбаған!?.
Əлемде қару барда,
Ақынның əрбір күні – азалы күн,
қаралы күн,
зарлы күн,
назалы күн,
Алдында қайғылының, қазалының,
О, кімнің жазығы жоқ?!.
Сен де жазалысың,
Мен де жазалымын!
Қарулы ғасырлардың бəрі де – Қабыл-Ғасыр,
Тұрғызған бас сүйектен өркениет қабырғасын.
Сен енді тыныштыққа маза бер, ессіз əлем,
Сен енді өлгендерге маза бер, дамылдасын.
Əлемде Қабыл барда,
Адамның əрбір күні – азалы күн,
Əр күні – отты демі ажалының!
…Қай жерің сырқыраса – сол жерде тұрар жаның:
Сен бүгін Ақтөбенің қазағысың,
Мен бүгін Ақтөбенің қазағымын!





Пікір жазу