25.12.2021
  649


НАУРЫЗ – КӨКТЕМ МЕРЕКЕСІ (Эссе)

Наурыз дәстүрлері


Наурызнама (наурыз тойы). Шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын Шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Наурыз шығыс елдері үшін &ndash бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі болып саналады. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан-белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен мейірім-шапағатқа баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек. Осы ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары, салт-дәстүрлері бар. Қазақ халқы да жыл басы мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды әдетке айналдырған. Шығыстық данышпандар М.Қашғари, Ә.Райхан Бируни, Ә.Фирдауси, Ә.Науаи, О.Хаямнан бастап қазақтың Абай, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М. Ғабдуллин сынды ірі тұлғалары Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, ұлағатты сөздер жазып қалдырган
Наурыз мерекесі. «Наурыз» &ndash парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда, «жаңа күн» деген сөз» (А.Байтұрсынов). Қазақ халқы аса кадірлейтін бұл күн, яғни 22-наурыз бүкіл Шығыс халықтарының ежелгі бас мерекесі.
Наурыз &ndash жаңа жыл тойы, көктем мерекесі, күн мен түннің теңелу сәті, халықтардың ынтымақ күні. «Наурыз &ndash табиғаттың мейрамы» (С.Қожанов). Демек, бұл осы мерекені тойлайтын халықтар үшін аса зор салтанат, ұлы жиын. Орта Азия мен Қазақстан тұрғындары бұл күнді «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те дәріптейді. Наурыз &ndash қазақта бірінші айдың аты. Наурыз күні халық таза киініп, бірін-бірі құттықтап, қуаныш дастарханын мол жаяды. «Ұлыс құтты болсын!», «Ақ мол болсын», «Төрт түлік ақты болсын!» деген сияқты тілектер айтылады. Адамдар бір-бірінің қатесін кешіріп, татуласады, оның аяғы ойын-сауық, ән-жырға жалғасады. Халықта бұл күнге лайық салт-дәстүрлер де бар. Олар «Наурыз тойы», «Наурыз жыры», «Наурыз көже», «Наурыз бата» деп аталады. Бұл айда туған баланың аты да Наурызбай, Наурызгүл деп қойылған. Наурыз халықтық мереке бола тұрса да кеңестік саясат кезінде оны тойлауға діни мейрам есебінде тыйым салынып келді. «Қазақтың наурызы &ndash дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы» (М.Жұмабаев). Соңғы жылдары «Наурыз» күні қайта тойлана бастады және ол барлық жерде кең қолдау тауып, халықты рухани жағынан байытты.



22-наурыз Қазақ елінде ұлттық мереке әрі демалыс күні болып белгіленген.
Наурыз айы. Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Григориан күн есебінде де, жылдың алғашқы айы есебінде де күн мен түннің ұзақтығы теңеседі. Сол себеппен наурыз жыл басы болып саналған. Сонымен бірге қыстың соңы, көктемнің басы. Күн жылынып, қар еріп, жыл құстары келе бастайды. Сондықтан, жылдың құт мезгілі есебінде де наурызға бүкіл халық аса құрметпен қарап, оны есте қаларлық қасиетті ай санаудың басы етіп алған.
«Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, Наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен» (Абай). Кей жерлерде «Наурыз тойы» деп те аталады. Бұл күн үлкен болсын, кіші болсын, осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар жасалады. Мұнда шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынған. Тойда ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі, айтыс, түрлі ойын өткізіледі, Наурызда жұмбақ, ән, өлеңдер, Наурыз жырлары айтылады. Әркім үлкендерден бата тілейді. Наурызнама бұрын үш-тоғыз күнге созылатын, халықтың ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қолданылатын ерекше үлкен жиын, той. «Қазақтың қазақ болғалы өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы &ndash Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын «Салдама» дейді» (Мәшһүр Жүсіп). Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып бас «ұйқыашар» әзірлейді. Ол сүр ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз-келіншектерге сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды.
Бұл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арналып жылы-жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм дайындалып, тартылады.
Наурыз көже. Наурыз тойының ажырамас белгісі &ndash наурыз көже дайындау. «Наурыз көже азықтың жеті түрінен жасалады. Жеті түрлі азық халықтық дәстүрден шыққан&hellip Қазақ тіліндегі жеті ата, жеті қазына, жеті қат жер, жеті қарақшы, жеті түн, «Жеті жарғы» т.б. тұрақты тіркестер халықтың ежелгі наным-сенімдерінен, мифологиялық, астрологиялық түсініктерінен туған. Сондықтан, кей жерлерде наурыз көженің құрамы өзгергенмен, ондағы азық-түліктің жеті түрі болуы мұқият сақталған» («Қазақ ССР Қысқаша энциклопедия», 4-том, 672-бет).
Көже, негізінен, бидай, тары, күріш, ет, тұз, сүт, су. т.б. тағамдардан жасалады да әр үй өз отбасынан дәм татырады. Бұған қыстан шыққан қазы, шұжық, сүр ет сияқты сыйлы, сыбағалы мүшелер де қосылады. Наурыз көже ежелгі жомарттық, қонақжайлылық, кеңпейілділік сияқты бағалы дәстүр­лердің бірі &ndash дәм татырудың көркем көрінісі ретінде қалыптасқан. Өйткені, қазақта «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деген мағыналы сөз бар.


Наурыз жыры. Бай ауыз әдебиеті үлгілерінің бір түрі &ndash Наурыз жыры. Жыр-өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрлерінде айтылады. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған. Наурызға арналған бұрынғы, соңғы ақындардың шығармалары да көптеп саналады.
Наурыз бата. Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі &ndash осы Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізілгенде осы күнге арнап наурыз көжеге шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға, тағы басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары баға береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. Мысалы:
&ndash Өркенің өссін!
Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!
Ұлың &ndash оңға, қызың қырға қонсын!
Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!
Айың тусын оңыңнан,
Жұлдызың тусын солыңнан!
Бақ берсін, қыдыр дарысын!
Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Және Наурызда алған батаның орны бөлек. Мұндай батаны «уыз бата» деп дәріптейді.
Наурыз жұмбақ. Табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, жерге, күн мен түнге байланысты айтылатын жұмбақтар осындай атпен аталған. Онда ақындар, қыз-жігіттер осы тақырыптарға ғана тән құбылыстарды жұмбақпен өлеңдетіп айтысатын болған. Мысалы:
&ndash Ұшқара Айдай туып,
Күндей батар,
Туғанда Шабансары таң сонда атар.
Аспаннан жұлдыз тарап,
Шолпан туып,
Таң райы
Күнменен манауратар.
Шығыстан Үркер туса егінді ор,
Батса көктен егісті егетін бол.
Қырық күн, қырық түн сол Үркер көктен безіп,
Жоғалып қараңғыда шегеді жол&hellip
Мұндай жұмбақтар жастарды табиғат тылсымын біліп, үйренуге жетелейді.
Наурыз тілек. Әр адам өзіне, от басына немесе туыс-туыстары мен дос-жарандарына Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінің үйіне кіріп дәм татады. Мысалы: «Төрт түлік ақты болсын! Өрісің малға, үйің жанға толсын!»
Тілек &ndash достық көңіл мен тілектес­тіктің, адамгершіліктің белгісі, әрі тойдың жарастықты салтының бірі ретінде айтылған. «Көк тәңірі, нұрыңды аяма, Жер тәңірі, ырысыңды аяма! Әділ жанды тағынан тайдырма, Әз халықты бағынан айырма! Басыма бас қос, жасыма жас қос, асыма ас қос!».
Мұндай жақсылықты әр отбасы өз шаңырағында қол жайып, шын ниетпен, пәк көңілмен тілейді.
Наурыз төл. Наурыз айында мал төлдей бастайды. Осы наурыз төлін төлбасы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп-бағады. Төлбасы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбіне өз қызық, тойына немесе құрбандыққа жаратып, ырым етеді.
Наурызкөк. Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Көк бояуы басым шағын ғана қаракөк құс. Осы құсты шығыс халықтары ерекше құрметтейді. Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім, келдің бе?» деп шақырады. Наурызкөкті ешкім үркітпейді, оны киелі құс қатарына қосады.
Наурызшешек. Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түсті гүлді, қауашақты әсем өсімдік. (Шөп). Әсемдік үшін үйде өсіріледі. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақ елінің таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурызшешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.
Наурызша. Наурыз айында ашық күндері қолдан ойғандай ерекше ою-өрнекті әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шағылысып, шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда басқа қар қиыршықтарындай емес, жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған.
Әз Наурыз. Халық ұғымы мен сенімі бойынша наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер-көкті жарып ерекше бір гуіл (дыбыс) өтеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана және қой арқылы қойшы ғана сезеді. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік пен адам бойына ерекше сезім, қуат, қасиет бітеді. Бұл күндері тырнақ, шаш алса халық әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетіп, адам сал ауруға ұшырайды деп ырымдаған. Жер-көк, жан-жануар әз өткен соң ғана қуат алады деп түсінген халық «әз болмай, мәз болмайды» деп қанатты қағида қалдырған.
Наурыз-саумалық. Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді.
Қыдыр (Қызыр) ата. Бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы, қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа соғып бата береді деп күтіледі. Міне, сондықтан, әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын да, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан. Сондай-ақ қонақжайлылыққа байланысты да Қыдыр ата ерекше құрметке ие. «Қырықтың бірі ­&ndash қыдыр» деген сөз сондай ырымнан шыққан.
Наурыз-мұхаррам (тыйым). Араб тілінде «тыйым салынған» деген сөз. Ертеде Шығыс елдері Наурызды «мұхаррам» деп атаған. Оның мәнісі: осы қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөзге, ішімдікке тағы басқа жағымсыз істерге тыйым салынған. Демек, мұсылман елінде Наурыз әдептілік, адамгершілік, пәктік сияқты асыл қасиеттерді дарытатын, дамытатын, ұлықтайтын күн есебінде де ерекшеленген. Наурыз &ndash пәктік, адалдық күні: «Қателік кешіріледі. Көңіл кірі өшіріледі. Жолсыздыққа тыйым болады. Ақ тілек &ndash сыйың болады. Әр үйде береке болады. Ойын, сауық, мереке болады».
Наурыздың (Самарқанның) көк тасы. Бұл да наурыз күніне байланысты сөз. Оның бірнеше мәні бар. Бірінші, аңызда әйгілі астроном Ұлықбек (1394-1449) обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22-наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді-мыс. Екінші, бұл күні әр адам қателігі болса кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе «бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен. Сол сияқты, бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан. «Келгенінше құттықтап бірін-бірі, қуанышта көрісіп кәрі-жасы. Көңілі түгел адамның сен келген соң, Самарқанның елжіреп түскен тасы» (А.Байтұрсынов). Үшінші, ертеде Наурыз күнінде өз қатесін түсініп, кешірім сұраған қылмыскерлер мен жазаға ұшырағандарға да кешірім жасалатын болған. Осыдан әз Наурыздың қасиеті мен шапағаты ізгілік пен жақсылыққа бастайтын ерекше күн екенін аңғаруға болады.



Наурыздың жөн-жосықтары мен ғұрыптары


Ұлыстың ұлы күнінде халық үйде отырмайды, далаға, көкке шығады, бой көтереді, барлық адамға құтты болсын айтады, шат-шадыманға араласады.
Наурыз жырын айтады.
Әр үй наурыз көже дайындайды, онда құттықтауға келгендер ауыз тиеді, бата береді, тілек тілейді. Бұрын қателік жасағандар кешірім сұрайды, екіншісі кешірім жасап, табысады.
Ренжіскендер татуласады, қол алысады, бірін-бірі үйіне шақырады, дәм татады.
Үйді, қораны, даланы алдын ала тазартады.
Бойын да, ойын да ниетін де таза ұстайды.
Әдепсіз сөз сөйлемейді, көңілін көтеріп ұстайды.
Ешкімді ренжітпейді және біреумен ренжіспейді, қатты сөз айтпайды. Малды, тағы басқа жан-жануарды ұрмайды, зекімейді. Бұл күні жұмыс істемейді, сауда жасамайды.
Көшіп-қонбайды, сапарға шықпайды.
ІІІаш, тырнақ алмайды, кір жумайды.
Ақсақалдар мен әжелерге, ата-аналарына барып сәлем береді, құттықтайды, сый ұсынады, «бел көтерер» апарады, батасын алады.
Әр адам алған қарызын осы күнге дейін қайтаруға тырысады. Жаңа немесе таза киім киеді.
Кездескен барлық адамдарға жақсы көзбен қарайды, сәлемдеседі, жылы сөйлеседі.
Үйдегі, даладағы мүліктер мен дүниелерді шаң-тозаңнан арылтып, тазартып қояды.
Тозығы жеткен киімдер мен ескі, бүлінген заттардан арылады.
Ағаш, гүл отырғызады.
Дәмді, тәтті, жеңсік астар әзірлейді, ішімдік ішпейді. Алыс, жақындағы туыс-туған, жекжат-жұрағаттарға, сыйласқан кісілерге құттықтау, сәлем жолдайды, сәлемдеме жібереді.
Қара шаңыраққа сәлем береді, сыбаға апарады.
Алдымен құдайы көршіге кіріп, құттықтайды.
Үйге келген адамды қуанышты жүзбен қарсы алады, дастарқанға шақырады.
Жетімдер мен панасыздарга, ауру-сырқаулар мен мүгедектерге көмек көрсетеді, қайырымдылық жасайды.
Таза әрі бүтін ыдыстарды пайдаланады.
Тек жақсы хабарларды ғана таратады, жамандықты айтпайды.
Ұлыстың ұлы күні туғандарға наурызға байланысты ат қояды. Наурыз күні әр елді, үйді Қыдыр ата аралайды, бақыт сыйлайды, бата береді. Оны өлеңмен айтады:
Саумалық, саумалық,
Наурызымның көк құсы
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Саумалық, саумалық,
Самарқанның көк тасы
Жібіді ме, көрдің бе?
Саумалық, саумалық,
Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді,
Ескі жыл есіркей кет,
Жаңа жыл жарылқай кел,  деп бір ескі ыдысты сындырып, жамандық кетсін деп ырым жасайды.


Дайындаған: Гүлмира САДЫҚ





Пікір жазу