Туған жер
Туған жер... Туған ел... Осы екі ғана сөзде қаншама мағына, қаншама ой жатыр десеңізші?! Туған жердің қадірін әр адам әрқалай түсінетін шығар. Ал мен үшін Туған жер қадірі дүниедегі ең ұлы деген нәрсемен пара-пар. Себебі, ол &ndash менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-әпкелерім, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, сол білімге ұмтылу жолындағы тай-құлындай тебіскен жора-жолдастарым дүниеге келген жер.
Менің Туған жерім, Отаным &ndash кішкентай болса да, мен үшін аса қымбат әрі киелі Қармақшы жері. Осы мекенде менің көңілді де шаттыққа толы, уайымсыз да бейкүнә балалық шағым өтті. Қызыққа толы балалық шағым өткен туған ауылдың ауласын еш уақытта ұмытпақ емеспін. Балабақшадағы күндерім... Мектеп табалдырығын алғаш аттаған күн... Сыныптас достарыммен алғашқы таныстық... Бәрі-бәрі қазіргідей көз алдымда. Осылайша мектеп табалдырығын аттаған күнімді көз алдыма әкелсем, бүгінгі білім ордасымен, санаптас достарыммен қоштасар сәттің жақындағанына да сене алмай қаламын. Әредік орта мектепті бітіруге санаулы ғана күн қалғанын, сыныптас достарымызбен жан-жаққа, Қазақстанның түкпір-түкпіріне білім іздеп кете баратынымызды, балалықпен қоштасуым тиіс екенін ойласам бітті &ndash жүрегім атша тулап, қобалжып қоя береді. Енді әне-міне дегенше сүрлеу-соқпағы көп өмірдің үлкен белесіне аттанбақпын. Мен &ndash жас түлекпін алға ұмтылған. Жас түлек &ndash болашақ үлкен мамандық иесі, өмір атты керуеннің бір жолаушысы. Қалаған мамандығымның соңына түсіп, өмір-керуен қайда жетелесе &ndash сонда жол тартпақпын. «Сен де бір кірпіш, дүниеге кетігін тап та бар қалан» деп қазақтың дара тұлғалы ақыны Абай атам айтпақшы, өмірден өз орнын тапқан дұрыс қой. Дегенмен «туған ауылымды тастап кете барамын» деген ойдың өзі менің киелі, құт мекеніме деген сағынышымды қазірден арттыра түседі. Туып-өскен жерім туралы толғанып, ой жетегіне берілген шағымда үнемі Авар елінің нағыз патриот ақыны Расул Ғамзатовтың мына бір шумақтары ойыма оралады да тұрады:
Қымбат маған елімнің бар даласы,
Балтық пенен Сахалиннің арасы.
Қайда болсам қиям оған жанымды,
Туған жерден қазсын бірақ қабірді.
Туған елге, Туған жерге, Туған тілге деген ыстық сезімнің үздік үлгісі мен үшін осындай болмақ. Отан туралы ой толғасаң, жан толғанысын айтып тауыса алмассың, сірә. Туған жеріне деген шексіз махаббатқа ие жүрегіммен өзімнің сыныптас достарыма алда тұрған үлкен сын ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, өзі сүйген мамандықтың иесі болуын тілей отырып, Туған жердің қазақ елінің қадірін біле жүрейік дегім келеді.