25.12.2021
263
ҚАР ЖАУҒАН КҮН
Ақтөбеде әдемі қар жауып тұр,
Арасында жер-көктің жалғанып нұр...
Аппақ әлем, мен саған қарай берем,
Сиқырыңа осынау алданып бір.
Риясыз шағы бар ақтарылар,
Біздің хәлді бір ұқса, Ақпан ұғар.
Олқы тұсын көңілдің... жауып кетер,
Қандай жақсы ең, дүние-ай, ақ қары бар.
Көп жаманның сыртымнан сөйлегенін,
Көтере алмай, қамықса кейде өлеңім.
Мынау аппақ әлемге қараймын да:
«Бәрі жақсы болады!» — дей беремін.
Кеп қалғандай, ей, досым, заманақыр,
Сен де салмақ салмағын санаңа құр.
Аппақ қардың атымен ант етемін,
Бәрі жақсы болады!
Қара да тұр.