25.12.2021
  163


Автор: Мұрат Шаймаран

Махаббат, қандай күйге салдың мені

Махаббат!
Қандай күйге салдың мені?!
Құндағыңа алдың да əлдиледің,
Нəрестедей аймалап, сүйіп-құшып,
Сосын мен кеттім алыс биікке ұшып.
Мың жүрекке тіл қатып көздеріммен,
Сенен өзге дүниені сезбедім мен,
Сезбедім мен бақытты кездерімде...
Бойыма жан ыстығын қуат қылдым,
Құшағыма ап мен сені,
О, махаббат!
Қуаныштан егіліп жылап тұрдым.
Сонда мен ессіз ғашық екенімді,
Дариға-ай, бірақ білдім.
Махаббат!
Қандай күйге салдың мені?!
Баянды боп тұрмады шырақ сезім,
Өзен кеуіп, суалды бұлақ көзі.
Кеудемді асау қайғы ұрғылады,
Сонда мен тұңғыш сездім шын жылауды.
Көкірегімде көлкілдеп нала жатты,
Шыр айналып аспаным бара жатты...
Махаббат!
Қандай күйге салдың мені?!
Ес жидым,
Сосын менің бар білгенім –
Мəңгілік қасіретім боп қалдың менің...





Пікір жазу