21.12.2021
  142


Автор: Естеу Нүсіпбеков

Ауыл әлем-тапырық

Ауыл әлем-тапырық,
Арақты жүр сапырып.
Баласы ұрсып әкеге,
Шыға келер ақырып.

Адамы азғын, малы арық,
Мөлиеді аларып.
Еріндері кезерген,
Жел өтінде қабарып.

Бірі масаң бәңгі де,
Бірі ұқсайды әңгіге.
Көренбай да Жөренбай,
Көди-сөди әңгіме…

Машинасы қорапсыз,
Тракторы жарақсыз.
Сарнатады сылтауды…
Демейді ешкім олақпыз.

Ойқы-шойқы көшесі,
Сотты болған нешесі.
Сықсыңдайды үйінде
Кәрі әкесі, шешесі.

Киімі тозғын, бар жамау,
Қабақ кірбең, жан жадау.
Әжім-әжім жеңешем,
Кім боп кеткен Аллам-ау?!





Пікір жазу