21.12.2021
  149


Автор: Естеу Нүсіпбеков

Жұматай палуан

І
Әкесі Есмұхаммет момын адам,
Сөз қуып тілін, жағын жанымаған.
Үш ұлы жұныттай боп ер жеткенде,
Танылды талай жұртқа танылмаған.

Үш ұл да еңбек еміп, ерінбеді,
Қыл, қылшық, жүн, шуаштан жерінбеді.
Кішісі — Жұматайы ерекшелеу:
Бетте түк он бесінде-ақ тебіндеді.

Божбандай денесі ірі,
Сөзге тұйық.
Әр киімі тозады тез, әрең сыйып.
Батпандай білектері,
Қос жұдырық
Көк ұршық қорғасындай қойған құйып.

Талыс төс, тайлақ борбай
Жай палуан,
Күреске түсіп жүрді алуан-алуан.
Алысқан күш атасын танысын ба?!
Әйтсе де жыққаны көп жығылғаннан.

Жайылды палуан аты
Жалаулатып,
Жел өкпе танауларды талауратып.
Дәмегөй талай көзді қаймықтырды,
Батылы бара қоймай қарауға тік.

Қалың жұрт ел болған соң, —
Ерен аз ба?
Жас қайрат,
Жалын атқан өрен аз ба?
Не сойын сал білектің, жау жүректің
Жұматай жуасытты Тентексазда.

Алыстан іздер болды ығай-сығай,
Алып күш аулын таңдап қонған сыбай.
Кейінің қошеметші нөкері көп,
Асырар салтанатын қорғаншыдай.

Із салып ойдақ-сойдақ шымға соқта,
Талайдың мысын құртты шаршы топта.
Қалмақтың «Көк бұқасын» бүктеп берді,
Кигізген тұмылдырық — қайыс ноқта.

Шыдамай қашты әлдекім «кел» десуге,
Сыбанып беттемеді белдесуге.
Тыйылды албан, қызай, қырғыз, қалмақ,
Тең жігіт шығара алмай шендесуге.

Атағы Аспантаудай сатыланды,
«Жамбасы жерге тимес» атын алды.
Ай санап әдіс, айла бойға жиды,
Күш тасып, жиын іздеп сақыланды.

2
Палуанды жұрт жүре ме, беу, мақтамай,
Жетеді-ақ қымыз қызу заржақ талай.
Шағын той «Шабарламай» тұра алмаса,
Үлкен той «Райымбектеп» аруақтамай…

Намыспен қан қыздырар үрдіс жаңа,
Шығарды ел Жұматайды «қырғызшаға».
Күшіне сенген палуан «Түпке» барып,
Оза алмай… Өкінді атқа бір күстана.

Көкпарға шықпай қойды содан бастап,
Өзіне сенсе де,
Аттар көңіл жасқап.
Баспады додаға да, тақымға да,
Көңілі қаймақ емес, болды қаспақ.

Пара-пар күшіне сай ат шақ келмей,
Біреуден сұрағанды жақсы ат көрмей.
Өзегін өртеп нәумез күй шертілді,
Секілді мертік жылқы,
Сарлап желмей.

Ат керек —
Палуан қыран қағар қанат,
Көкпардан мерей аз ба,
Жабар манат.
Жақсы атсыз көтерілмес бәсең еңсе,
Жақсы атсыз жайнай қоймас жайраң қабақ.

Жақсы атты қайдан табар
Көңілдегі,
Аңсары жеткізер ме өмірдегі?!
Арзанға, айырбасқа келісер ме
Бес бие құнын сұрар ебі ілгері!

Осылай жүргенінде қиял билеп,
Шаншу біз —
Қол қысқалық өңмен түйреп.
«Қыл арқан ер мойнында шіріместей»,
Бай орыс деп ұсынды:
— Бестіні үйрет.

Көкқасқа жақсы үйренді,
Жайнаң қақты,
Жұматай көкпар тартып сайрандатты.
Іші тар көре алмасты қоса тапты,
Дейтұғын: «Жұматайды тайраңдатты».

Ертоқым түзетілді —
Айыл-тұрман.
Базарда не бар дейсің дайын тұрған,
Әкесі ақ қайыстан өрім өріп,
Қап-қара шегіреннен тоқым сырған.

— Оң жолын тапты, — деді білермендер,
Құдайға қолын жайды тілеугерлер.
Іш тырнар ала мысық мияулатып,
Тымырсып жер шұқыды түнергендер.

3
Ұзарса бейқұт тірлік жарар еді,
Есті ұрық, естиярлық тарар еді.
Үй кезіп,
Із кесерден ұзын құлақ
Шиедей қанады елдің жара жері.

Ұсталды талай адам,
Әр ауылдан
Көбейді әке мен жар жаны ауырған.
Шығарды үрей билеп үркетінді
Сүмбеден әкелінген жаңа бұлдан.

Аңдудан Жұматай да аман болмай,
Жортатын Көкқасқамен заман болмай,
Бір түнде ұстап кетті қолын байлап,
Жазығын білмеді ешкім қамалғандай.

Кауесет ауыл кезді,
Дүңк-дүңк тарап:
— Нұрақыш күп боп ісіп ішіп арақ…
— Көзінше Таз Чүнгеннің Жұматайды
Сабапты белдікпен, — деп, — жүзді санап.

Дүңк-дүңк сөз:
— Ұрысың деп айдатыпты.
— Арбаға қол-аяғын байлатыпты.
— Айтқанын мойындамай сұрақшының,
Күреде байқұс бала ай жатыпты.

— Жауыздық қаймықсын ба аққан қаннан?!
Асыпты шеге қағып алақаннан.
— Қорқытып дарға асамыз десе керек,
Тамтығың қалса, — депті, — тарақаннан.

— Белгісіз, көнді ме екен шартына нық,
— Белгісіз, ұстанды ма жарты қалып.
— Қобыда жоқ болыпты қыбын тауып,
Қаруын қос шеріктің тартып алып…

— Бар екен не қылмысы байқұс жастың?
— Үйіне жүрген дейді қонып «қашқын».
— Көкпарды Нұрақышқа бере салмай…
Депті ғой:
— Жұматай, сен әлден астың…

— Нұрақыш күші жетпей қапы қапты.
— Өшіккен көкпар үшін… Ақымақ-ты…
— Жұматай Нұрақыштың тақымынан
Көкпарды топ ішінде тартып апты.

— Көкпарға кіре ме екен бедел сайлап!
— Кірмей ме күшке сеніп, білек сайлап.
— Бозаға сылқиған ғой ақалақшы!..
— Асқандық деші айдаған көзін байлап…

— Бекенмен байланысқан дейді расы.
— Дайынның кеп түнепті бір құдасы.
— Онда өштік емес екен көкпар үшін —
От басы күйкіліктің тоң тұрасы…

— Гоминдаң ұстар шақта ұры дейді,
— Сұрақта шпионсың ірі дейді.
— Құлжаға, Үрімжіге бел асырса,
Азаптап, ұрып-соғып күбілейді.

— Құрдымға кетті дей бер Құлжа әкетсе,
— Жендеттер қымсына ма қанын төксе.
— Айызы, қыбы қанар Чаңкәйшидің,
Неғұрлым қиылса көп жас тал көкше.

…Өтінде қырды кезген ескен желдің,
Аузында қу самырсын кескендердің,
Қауесет ыбыр-дыбыр тарап жатты,
Әулекі сөзімен де бөскендердің.

Қауесет тарап жатты суатта да,
Ақ күндік изеңдеген шуақта да.
Тайпалтып жорға мінген күре жолдың
Бойында ер үстінде қуаттана.

Дүңк-дүңк сөз жетіп жатты дөңдер асып,
Дүмбіл ой демде жасып, демде тасып.
Желпініп жетіп жатты үздік-создық,
Жерден де кейде жақын, кейде қашық.

Кім қайда,
Қайсы ауызға жабар қақпақ?!
Білгенін қалар ма әркім іште сақтап?!
Құтылып кеткенінен Жұматайдың
Осылай Шекіртті, Ақсу хабар тапты-ақ.

Жетерлік құлатар күш тепсе терек,
Әйтеуір аман-есен кетсе керек.
Өріп жүр салпаң құлақ із кесуші,
Былдырын баланың да екшеп ерек.

Сумаңдап,
Аңғал, аңқау сөз іздейді,
Қас қағып қиықтайтын көз іздейді.
Үш адам басын қосса,
Сол жерде тез,
Көбейіп көлеңкелер, егіздейді.

Аңдудан іш жиған жұрт андыз-андыз,
Қорқақ үй сай-сай қыстап,
Ықты жалғыз.
Бұлқынып келдік күткен кеуделерде
Зар қағып сұңқылдайды таңғы байғыз…

4
Нанкиннен астыртындап жарлық жетіп,
«Он үйден бір жігіт» деп,
Жиды шерік.
Тойымсыз құлқындарға, ұлықтарға,
Толмайтын қалталарға тиді ерік.

Аранын ашқан ұлық басса көрік,
Қосанжар ақалақшы, мампаң серік.
Жұтынған
Зәңгі, күнде тізім тұтқан,
Жетеді жәркеленшіп жампаң беріп.

Ат-тонды ала шапқын:
Қала көріп,
Тізімді түзетіп жүр пара беріп.
Аш бақа, ала жылан ағайындар,
Момынын жуас ауыл берді теріп.

Құйылды байлық барға,
Көл мен көсір.
Тапшыға деді: «Зарлап күнің кешір».
Атты да, баланы да жарлы берді,
Баяғы зордың жемі жетім-жесір.

Күтті жұрт кезбе дәулет, кезек бақты,
Күтті алдан Құдай шашар шарапатты.
Сағымнан, ағымнан да үміт үзбей,
Шағым күй шанақтарда безек қақты.

Жұдырық жығылғанға жеді үстеп,
Басталды кез ат алу жылқы түстеп.
Ілінді екінші ұлы Тыныштықбай,
Шерікке ұстап беріп зәңгі күштеп.

Зорлықпен ноқталанды Көк ат кезге,
Құн болмай «кісінікі» деген сөз де.
Көңілге медет еді Кеңеске өтсе,
Чүңгенде қап қойғаны — күйік көзге.

Бір Көк пе?
Елден талай кетті жақсы ат,
Деп жүрген үйлерден де «бұлдап сатсақ».
Айрылып нелер жампоз сәйгүліктен,
Сергек жан серілер де қалды қақсап.

Осылай…
Есмұхаммет зорлық артты.
Заманнан қиянатшыл қорлық артты.
Тоқал там төбесінен жол қаранып,
Шерін де, шеменін де күй қып тартты.

Арада ала арқандай созалаңдап,
Жыл-жылан бір айналды бозалаңдап.
Алайда Есмұхаммет тез қартайды,
Төрт тұсқа құсаменен көзі алаңдап.

«Қос ұлым есен-аман қайта ма?» — деп,
«Әлдекім хабар-ошар айта ма?» — деп.
Айрылды күндіз күлкі, түнде ұйқыдан,
Жүрегі қарс айрылып: «Ой, тоба» — деп.

Күн салып жол қарады,
Кісі санап.
Іш жиды бөгде біреу өтсе жанап.
Елден де, желден де іздеп екі ұлын,
Безілдеп азынады бозша шанақ.

Аяқтап жиым-терім, күз жеткенде…
Шық тоңып, бетегеге мұз шөккенде.
Азайып тіске сыздық,
Күзек тозып,
Төрт түлік күдір кезіп түз кеткенде.

Замана мың құбылып сансыз саққа,
Біріне жіп тағылмай тұрған шақта,
«Сүйегін Жұматайдың алсын» деген
Суық сөз жай түсірді шаңыраққа.

Бұл не жай?
Түсіне алмай ауыл аң-таң.
Келіп тұр ақпар алып Сағым мампаң:
— Сүмбеден байланысқа шығар жолда
Құпия құрық сапты салма арқан:

Көп шерік шөп бүркеніп бұғыныпты,
Жартысы Жайылмаға тығылыпты.
Ымыртта соқыр тұман басып тұрған,
Қоршап ап, берілуге бұйырыпты.

Жұматай берілсін бе?
Темір мықтай
Қадалып атысыпты бұғып ықпай.
Қарысып мерт болыпты сол арада,
Жастық қып үш шерікті турап сыптай.

Суық сөз жеткізілді Есімбайға,
Тұра ма ел атқа қонбай осындайда.
Жиналып,
Жұрт естіртті әкесіне,
Таңданып, тамсанды да тосын жайға.

Ат қойды алыс, жақын бауырымдап,
Жылаудың жан егілтер сарынын сап.
Қайғыдан көкіректер қарс айрылды,
Өксіктен бүлкіл қақты жауырын жақ.

Ойыны көп он тоғызды бастан кешіп,
Бейітте пайда болды жас төмпешік.
Аңыз боп палуандық көшті ауызға,
«Қаны ерте бойға сыймай тасыған», — деп…

6
Жұматай —
Көктей солған шөптің гүлі.
Емес ол келді-кетті көптің бірі.
Ар ұлы, намыс құлы, нар қайратты,
Жас уыз,
Сүйілмеген жардың пірі.

Қайсар ер,
Бойсұнбаған, қасарысқан,
Бұла ұл,
Жауыздықпен жас алысқан.
Опырып қол кісенді босап шыққан,
Кемелге келмей кеткен қас арыстан.

Ер бастап,
Елі аялап етпей сұлтан,
Жат елде, жат заманда тозды ұлтан.
Бермеді миуа, жеміс бой түзетіп,
Өркенін жая алмады жасыл қылқан.

Қалындық айттырмады елден таңдап,
Бәйгеден келе алмады ерен самғап.
Қоғамнан қайтпай кегі,
Қапияда
Шығарды қастасқан оқ белден шандақ.

Қытайдың қайнап тамұқ қазанында,
Мазағын арқалаған,
Азабын да,
Қыршындар аз емес-ау, Жұматайдай
Үркінмен шашыраған қазағымда.





Пікір жазу