Үлкен Мұхтар
Деді әлде, демеді әлде еленейін,
Кернеді керім өнер өне бойын.
Еңсерді қой асықтай қолда ойнатып,
Азия, Европаның өрен ойын.
Сара сөз саңлақтардың көп кезінде,
Дара көк даналардың тек кезінде.
Уызы шын жарыған бекзат болды,
Көркем ой керегесін көктесуге.
Саржелі Сарыарқаның шынықтырды,
Сімірсе таза ауа, су тұнып тұрды.
Ақ айдын Абай жолы бас бұрғызбай,
Ел қамы, өнер қамы құнықтырды.
Тарихтың ашығын да, жабығын да,
Табанға тапталған көп танығын да,
Миласқан тұстарын да қаны жынға,
Тап басты тарланбоздық танымында.
Айырды көнені де, жаңаны да,
Тар кезең, тайғақ кешу жағаны да.
Жақынға, алысқа да, қасқа, досқа,
Көз салып, көңіл бөлді — тамамына.
Оң мен сол, Батыс, Шығыс тума болды,
Тумадан тума ой қоздап нуға қонды.
Сол нудан айғай-аттан шуды аңдап,
Таңдады тек қыранша зулағанды.
Түсті ізге Абай салған соны соқпақ,
Ғылымда кенде қалған жоғын оқтап.
Дүбірлі дүниеге қосты атын,
Шабытты, тәлейлі да бағын баптап.
Семейдің сертте тұрды жас қанаты,
Бәйгеден озып келді қосқан аты.
Жөнелді әлем кезіп, ақыл билеп,
Тіл-тілде түсті сайрап тасқа хаты.
Қыранша шарлай білді өнер көгін,
Қыздырып ішін оттай өлерменің.
Талайдың табындырып тарландарын,
Талайдың тандырды естен көрерменін.
Дақпырты талай елге барып жатты,
Асылын әлем өлшеп алып жатты.
Қара нар өнер жүктеп қасқайғанда,
Қаңсылап қанден біткен қалып жатты.
Сыя ма тар көздінің тегешіне?
Орын не көк езудің егесіне?
Қазақтан оза шығып Үлкен Мұхтар,
Ту тікті Жер шарының төбесіне.
Десін кім Үлкен Мұхтар жай жүреді?
Десін кім ол қазақтың жай бірі еді?
Теңдес жоқ тұстасынан туған дара,
Әлемге Абай ойын әйгіледі.
Әлемге Абай — қазақ әйгіленді,
Әлемде қазақ Мұхтар бәйгіленді.
Келесі қазақ қанды шығады кім?
Аз да емес салып жүрген жай сүреңді.