Аранды қыр
Ыстықсың, туған жерім – Аранды қыр,
Көргенше сағынамын қараңды бір.
Көз тоймас көктемдегі келбетіңді
Кестелеп жаза алмадым жарамды жыр.
Жонындай жолбарыстың жоталарың,
Көк торғын жамылып тұр бұталарың.
Айналаң егінді алқап, салқын сабат,
Ежелден елге ырыс, құт алабың.
Наурызда кер қумақты жерің бусап,
Көк шығып желкілдейтін егінге ұқсап.
Тойынған арық-тұрақ мал мекіреніп,
Жататын ыңыранып күйсеп-жусап.
Жер беті бейне кесте, түкті кілем,
Боятып қойғандай-ақ шөпті кілең.
Құлпырып гүл бәйшешек ырғалады,
Саф ауа, самал желдің екпінімен.
Бозторғай көкке шырқап шығып алды,
Көмейден төкті күй мен шырын әнді.
Маужырап бар табиғат елтігендей,
Көңіліне көктем сыйын құйып алды.
«Бозаша», «Қарлаң» канал, «Шанжар арық»
Тірелген күріштікке алды барып.
Мұнартып көз ұшында трактор жүр
Айғыздап боз далаға жолақ салып.
Шыққанда Аранды қыр қақ басына,
Бәрі тұр алақанда нақ қасыңда.
«Ақшүңгіл», «Сарт өлген» мен «Жақсыбай көл»
Жалтырап, суы көкпен астасуда.
Мал маңғаз, өрген төлге мақтанғандай,
Құлын шауып, құлдырайды аттан қалмай.
Көргенде ақ үйлерді тепсеңдегі,
Көңілде көлбеңдейді ақша маңдай.