20.12.2021
367
Жеңеше
Жарастық бүкіл ауыл ажары едің,
Жастардың той-думанда базары едің.
Көркіңді, мінезіңді, ақылыңды,
Тіл жетсе, әттең шіркін, жазар едім.
Апырау, сондағы кез ертегі ме,
Талайды нұр шұғылаң өртеді де.
Ағаймен қол ұстасып жарасымды,
Жүрген кез өткен күйді шертеді де.
Жеңеше-ай, ол дәуірді кім тыңдаған,
Не қылсын ол күндерді бұл күнгі адам.
Бұлақтың тұнық күнгі сылдырындай,
Ұнайтын жас шағыңда күлкің маған.
Сол бейнең көңілімде тұрақ тапты,
Мейірімді бал мінезің ұнап қапты.
Жеңеше, ерке назың естен кетпей,
Еріксіз жүрегімнен жыр ақтартты.