20.12.2021
  165


Автор: Ақанжан Келімбетов

Ризамын мен саған

Ел ішінде қадірлісің бағаңмен,
Кірлетпедің көңілімді жағам мен.
Ойымдағыны қабағымнан таныдың,
Қашанда да ризамын саған мен.

Жан жарасы сырқыраса сырқаттан,
Саған түсті салмағы зіл мың батпан.
Күндіз-түні бәйек болып басымда,
Ақ тілеумен сарылып сен түн қатқан.

Қуанышта нұр төгіліп жүзіңнен,
Ішке қымтап шаттығыңды төзіммен.
Сыр сандықты құлыптадың құпия,
Сырласуға сақтағандай өзіммен.

Қара көзің түскен жерін қаритын,
Сөзің жанға ем-дәрідей даритын.
Шын күлкіңнен шұғылалы күн шығып,
Жалынына жақындаған жаритын.

Жұмыс десе қайнап күші шабыттың,
Тамылжытып еңбек күйін ағыттың.
Ақылшы боп қасыңдағы жастарға,
Түсіндірдің мәнін жаңа бағыттың.

Үйде көсем, сыртта әсем ардағым,
Өтелді шын қиялымдай арманым.
Ұл-қыз өсіп дәуір жүгін көтерді,
Сенің арқаң бәрі осының, жан жарым.

Демалысқа шықтың жасың толғасын,
Құрметтеуде абыройлы болғасын.
Бірі – қызың, сіңлің, бірі – құрдасың,
Құттықтаймын бәріңді де, жолдасым!





Пікір жазу