Әке
Байсалды, жомарт жүрек әкем едің,
Өсірдің өз қолыңмен мәпеледің.
Қадірің өткенінде кей кездерде,
Еске алып қайта-қайта әке дедім.
Сен барда ер жетіппін кеңдікте мен,
Білмедім не екенін кемдік деген.
Қатайып, білім алып, кісі болдық,
Өмірде қолда болды теңдік деген.
Болып ең қамқоршысы бір ауылдың,
Көтердің қиындығын кіл ауырдың.
Өзіңе қажет дүние болса дағы,
Іні мен досқа бердің ең тәуірін.
Достастың Жаманбаев Шораменен,
Көп еді Сізде жолдас жора деген.
Ажарлы апайлар да болушы еді,
Секілді сәлем бере қона келген.
Кей іні киіп кеткен ішігіңді,
Кей келін кілем алып тұсына ілді.
Сұраса, орыңдадың, әлі есімде,
Бердің-ау қоян қағар күшігімді.
Ініге жорға бердің, жүйрік бердің,
Қой сойып қонағыңа құйрық бердің.
Өзіңе бар адамды туыс тұтып,
Тіледің ұйытқысын берік елдің.
Сен едің жақсы істің ұйытқысы,
Тыңдаушы еді әңгімеңді сүйіп кісі.
Ел үшін еңбегіңмен қай кезде де
Болған ең ақсақалдың сүйіктісі.
Дарыпты көп әңгімең жас кезде ұққан,
Жатып ап оң тізеңде есте тұтқан.
Ойыма елестейді кей мінезің –
Секілді ертеде өткен Әкім Лұқпан.
Я, әке! Ардақ тұтам шаңырақты,
Жақайым Жетес би қонған аруақты.
Мен сенің рухыңа басымды иіп,
Жар бол деп тілектемін бар уақты.
Арнаған ықыласыңды әкем едің,
Келеді қайта-қайта әке дегім.
Мен сенің ықыласыңның арқасында
Өмірге Келімбетовтер әкелемін.