20.12.2021
  132


Автор: Ақанжан Келімбетов

Сарытөбе

Атамның қонысы Сарытөбе,
Әр жерде де бар төбе.
Ең қымбат жер мен үшін,
Асқақ, ұлы мәртебе.

Әкем өскен Сарытөбе,
Шешем түскен ертеде.
Жас кезінен олардың,
Сыр шертеді әр төбе.

Аржағында терең сай,
Ылдиында қора-жай.
Бақшалықта жайқалған,
Жасыл желек көк орай.

Мына тұрған той төбе,
Ана тұрған жар төбе.
Бәрінен де ыстықсың,
Атақонысым Сарытөбе.

Белгілі жері Отанның,
Зираты бар атамның.
Жер шарының Сарытөбе,
Картасында атағың.

Болмасаң да ең биік,
Еркелеймін мен сүйіп.
Шықсам төбем аспанға,
Жете жаздайды сәл тиіп.

Туған жерім биіксің,
Еркелеймін сүйіп тым.
Ардақтаймын атыңды,
Жер жаннаты сүйіктім.





Пікір жазу