19.12.2021
  342


Автор: Сафуан Шаймерденов

Ақын мен бұлбұл сайраған елде

Асықтырған Құтби Киром.


Аптап ыстық сәл бәсеңсіп, күн ұясына қона бергенде жолға шықтық. Душанбенің жуырда ғана Хафиз есімімен аталған автострадасын жиектеп Варзоб өзенінің салқын лебіне бетті тоса зырлап келеміз. Алдымыз аспанмен таласқан ақ басты таулар.


— Барар бағытымыз — тарихта Кухистан деп аталады. Сіздерше айтқанда Тау елі. Жоғарғы Зеравшанмен құлдилап отырып, Марғедар алабына шығамыз. Жолда Айни, Пенджикент атты аудан орталықтары бар. Одан әрі қол созым жерде даңқты Самарқанд жатыр. Әрине, ең әуелі Анзоб асуынан асып алуымыз керек, — деді Құтби Киром.


— Анзобтан асу үшін осы жол үстіндегі Анзоб шайханасына тоқтап өтпесек, тағы да болмайды, — деп күлдірді Абдолла Закиров.


Құтби Киром жас болса да елінде аты танылған дарынды ақын. Ал Абдолла Закиров болса, Алматыда оқып, партиялық білім алған әдебиет аудармашысы, журналист. Екеуі де қазақ дастарқанынан талай рет дәм татқан, қазақ халқын, оның әдебиеті мен мәдениетін ежелгі тәжік жерінде мадақтай жүретін абзал достар.


— 1963 жылы өздеріңізбен бірге айға жуық араладық қой Қазақстанды, — деді Құтби ақ кенептен тігілген тар қалпағын жалтыр басына нығарлай киіп, — ой, ол күндер менің есімнен ешқашан кетпек емес. Біз, Абдолла екеуміз тау тұрғынымыз, ал сіздер қыр перзенттерісіздер. Сол себепті алдыңызда жатқан қия жартас, қызыл шақа шың-құздардың ұлылығын көріп таңырқайсыздар. Ал мен болсам, ұлан-байтақ қазақ сахарасының тылсым ұлылығын сол жолы сезінген едім. Өздеріңіз білесіздер, жуырда Абай тойына Момын Қанағат екеуміз барып қайттық қой. Семей, Қарауыл, Жидебай, Шыңғыстауды араладық. Осы жолы тағы бір сезіммен оралдық — Ұланғайыр далада ұланғайыр дарқандық, мырзалық бар екен.


Құтби ақындық ашық көңілмен, шабыттана сөйлеп отыр.


Біз тыңдаушымыз. Аракідік жан-жағымызға қарап қоямыз. Жасанды көлдің жағасындағы тақтыда көк шай ішіп отырған тәжік бауырлар бізге әлсін-әлі көңіл аударады. Себебі, Құтбидың сөзі қызу, екпіні қуатты. Жалпы, тәжік ақын-жазушыларының ішіндегі ең қызу қанды, нендей іс болса да тез тындырғысы келетін, тынымсыз да елгезек жан осы Құтби болар деп түйдік ішімізден.


Бізді туған мекендерімен таныстыруға алып бара жатқан Абдолла мен Құтбидан басқа да әдебиетші достарымыз бар. Мәселен, жаңағы Құтби сөз еткен Момын Қанағат. Ол — өте сабырлы, нағыз шығыс адамдарына тән маңғаздық пен марғаулық қатар қалыптасқан, әрбір сауалыңа біраз үнсіздіктен соң байыппен, жан-жақты жауап беретін жан. Ақын Мастон Шералиев болса, ол мінезі жағынан Момын мен Құтбидың дәл арасындағы, аз да сөйлемейтін, даурығып әңгімеге де көп килікпейтін, қауымның көзін бағып, көңілден шығуға тырысатын жас жігіт.


— Бұл мекеменің атын «Анзоб» дейді. Ал шын мәніндегі нағыз Анзоб асуын төрт мың үш жүз метр биіктікке көтерілгенде көресіздер, — дейді Ибрагим Юнусов алдымызға келе бастаған ақ құмандардан біздің пиалаларымызға көк шай құйып беріп, — мына өзеннің аты — Барзоб, былайша айтқанда секіріп, сарқырап ағатын тентек су деген мағынаны аңғартады.


Жұқалтаң келген талдырмаш жігіт Ибрагим «Тәжікфильм» киностудиясында шофер болып қызмет етеді. Ол жуырда ғана республика жұртшылығына көрсетіле бастаған «Рустам туралы аңыз» атты екі сериялы фильмнің жасалу тарихынан сыр шерте бастады. Біз де өз тарапымыздан «Қазақфильм» киностудиясы жуырда ғана аяқтаған «Қыз Жібек» фильмі жайлы әңгімелей бастап едік, сөзге елгезек Құтби араласты:


— Алматыда бізге «Қыз Жібекті» көрсетті. Өте жақсы фильм! — деп ақ қалпағын басынан шешіп алды да, тізесіне кигізіп қойды.


— Баста, Құтбижан! — деп Абдолла дауыстап қалды. Теңселіп, ырғала отырып шығыс шайырларының мақамымен Құтби жырлай жөнелді. Біз ақын досымыздың мұндай өнері барын жақсы білетінбіз. Жат тілде айтылып жатқанымен жүрекке сондай жылы, көңілге сондай қонымды мақам. Қыза келе Құтбидың көзі қызара бастады. Біраздан соң ол екілене, екі бүйірін таянып алып, орнынан қозғала жырлады. Абдолла мен шофер Ибрагимнің де делебесі қозып, олар да Құтбиды қостап қояды. Бір сәт көз алдымызға алыс заманғы шығыстың ұлы шайырлары елестеп,құлағымызға бал шырынды шығыс сазы естіліп тұрғандай болды.


Ақын тершіген қасқа мандайын орамалымен сүртті де:


— Қазақ бауырлар, менің бұл өлеңім сіздермен бірге Сарыарқаны аралағанда жазылған еді. Қазақтың дарынды жас ақыны - Қайрат Жұмағалиев аударған екен, мазмұны, міне, мына кітапта, — деп Құтби 1969 жылы біздің «Жазушы» баспасы шығарған «Гүлістан» атты тәжік ақындарының қазақ тіліндегі жинағын ұсынды. Құтби Киромның «Дала болып қайтайын» деген өлеңіне көзіміз түсті:


...Ашық таңның ажарындай бұл даланың келбеті,


Бір өзі оның бір дүние қиялыңды өрлетіп...


Көрген шақта-ақ жібереді сезіміңді тербетіп,


Бұл сахара - қарт тарихтың оқылмаған бір беті!


Самаладай сайын дала, сенен өшпес от алдым.


Ұлы теңеу іздесем - ақ есіміңді атармын.


Сенсің мынау төбемдегі ақ шарбы бұлт, атар күн,


Керілген кең ақ дастарқан төріндегі Отанның.


...Келдім аңсап бауырым деп, дарқан қазақ халқы деп,


Аппақ ниет, шалқар пейіл қыр елінің салты деп,


Жаса мәңгі, жайсаң өңір, саған айтар бар тілек


Жер жаңғыртып жатсын дәйім кең кеудеңнен ән түлеп.


Жағаласқан талай дұшпан жапан түзде безерген,


Сенің жауың біздерге де көк сүңгісін кезенген.


Бірге туған туысымсың, мейіріміңді сезем мен,


Тағдырласпыз, тамырласпыз, һәм сырласпыз ежелден.


Арындаған асау шабыт жалын ұстап байқайын,


Естіртейін өр үнімді!


Ой тұнығын шайқайын!


Жасыл шүйгін жазираның төсінде бір жайқайын,


Дала кезіп, туған елге дала болып қайтайын!


Құтби өлеңінің қазақ тілінде ақындық зор шабытпен аударылғанын айтып, осы жолға бірге шығып бара жатқан сапарлас достарымызға оқып бердік.


— Қайрат Жұмағалиевке бір сәлем! — деді Абдолла батысқа қолын сілтеп, — енді бізді Анзоб ақсақалдың өзі күтіп тұр. Асудың биіктігі не бары 4 мың үш жүз-ақ метр. Күн жарықта өтіп алған жөн.


Терең сайдың түбінде сарқырай аққан асау өзенді жағалай отырып «аттың басын» құзға бұрдық. Бір сәт айналамыздың бәрі төбемізден төнген тау жоталарына айналып, кей тұста терең шатқал табанындағы ирелең тар жолмен тырмыса өрлеп келеміз.


Міне, Анзоб!


Құж-құж тастарымен, ұшар басындағы солтүстік беткейіне жасырынған ақ қарымен, қас қарая бастаған сәттегі көкшіл-сұрғылт келбетімен-ақ сұсты көрінді Анзоб. «Менің етегіме жармасып, басыма шығатын сендер кім едіңдер!?» дегендей түксие қабақ шытады Анзоб.


Өн бойын шырмап, құрсаулап, белбеулеп тастағандай шыңға құлаш ұрған айқыш-ұйқыш ирек жол жота-жотамен жорғалай келіп, Анзобқа: «Қария, қатуланбай, қапаланбай адамдарға асу бер!» деп жайбарақат жатыр.


Рас, бұл жолмен жүректі шоферлер ғана жүре алады. Бес-алты метр ені бар тар жолмен ауыр жүкті машиналарды алып өтудің өзі шын ерлік. Памир тауларындағы осындай қиын жолдармен күнбе-күн ерсілі-қарсылы қатынап, елді мекендердің қажет-мұқтажына қолқабыс етуші ержүрек шоферлер жайлы қалай мақтап жазса да сиярлық. Біздің есімізге Шыңғыс Айтматов шығармаларының кейіпкерлері, әсіресе, Тянь-Шань мен Памирдің асқақ асу жолдарында жүк таситын шофер бейнелері көз алдымызға келеді. Бұл күндері «Мосфильм» студиясында түсіріліп жатқан «Мен Тянь-Шаньмын» деп аталатын кинофильмнің де шың-құздардағы қия жолдармен ауыр жүкті машиналар жүргізетін жүректі адамдардың өмірінен алынып жазылғаны да тегін емес.


Машинамыз Анзоб асуына көтерілген сайын денеміз қалтырап, тона бастадық.


— Жаңа ғана Душанбеде қырық градус ыстық болды дегенге кім сенер екен! — деп бір бірімізді ажуалаймыз.


Кең далада өскен қыр елінің тұрғындары — біздің құлағымыз бітіп, демалысымыз жиілей бастады. Анзоб шыңына машинаны тоқтатып, түнге қарай жан-жағын мұз құрсаулай бастаған бұлақтан су іштік. Қараңғы шыңырау күз түбіндегі әр жерден бір жалт-жұлт еткен оттарды көрсеткен Құтби:


— Біз баратын ауыл бағыты — сонау түс, — дейді. Құтби сілтеген тұңғиыққа көп қарауға, қадала қарауға дәті шыдамайды. Жол жиегіне жоламай, шыңға қарай сулап жатқан қарды қармаймыз.


Соны байқай ма, Ибрагим шофер:


— Жоғары жүру оңай ғой, мұндай жолдармен төмен түсудің қиындығын айтсаңшы, — деп біздің құтымызды қашырып қалта фонарының жарығымен машина доңғалақтарын мұқият тексеріп жүр.


Түн ортасында құдай деп Садриддин Айни ауданына қарасты Г. К. Орджоникидзе атындағы колхозға келіп кірдік.


— Осы колхоздың басқармасы Молларахым Аслиддиновтың үйіне барамыз, — деді Құтби.


Кең ауласы бар үлкен үй жол жиегінен төмен, Зеравшан өзенінің жағасына қарай ентелеп орналасқан екен. Үй иесі — қырыққа еркін шыға қоймаған дөңгелек жүзді тәжік жігіт:


— Мархабат! Біз сіздерді күткелі қашан!... — деп қол қусыра қарсы алды. Таң саз бергенше әңгіме-дүкеннің қақпасы жабылмады. Молларахым осы өңірдегі ең жас басқармалардың бірі. Біз «тұқым қуалаған шахтер, тұқым қуалаған металлург» дегенді жиі естиміз, жиі айтамыз. Ал Молларахым болса, тұқым қуалаған колхоз председателі. Әкесі Аслиддин Рахымов ширек ғасырға тарта осы колхоз шаруашылығын басқарған. Қартайып, пенсияға сұранған шағында артель мүшелері қолқалап он тоғыз жасар Молларахымды басқарма етіп сайлаған. Одан бері де арада жиырма жыл жатыр.


— Зеравшан өзенін бойлай қоныстаған елдің осы тұсында көне Соғдының мекендері мен ұрпақтары жиі ұшырасады. Мына алдымызда отырған Молларахым да, осы колхоздың партия ұйымының секретарьі!


Новруз Рахматов та соғдиандардың ұрпағы, — деп қағытады Абдолла Закиров.


Таң саз беріп, аспан ала көлеңкелене бастаған кезде тысқа шықтық. Колхоз орналасқан жер ғажап екен. Бейне бір қарлығаштар ұя салған қия жартас, зеңбірек оғынан жарақаттанған зәулім қорғанды көз алдыңызға келтіреді. Онан әрі Анзоб тауының үшкір шыңы көгілдір аспанға найзадай қадалған. Жан-жақтың бәрі тау. Таяқ тастам жерде Зеравшан өзені күркіреп жатыр. Таң алдындағы жұлдыздар таза ауада жұдырықтай болып ұлғайып үзіліп түсуге әзір тұрғандай жаутаң қағады. Біз Молларахымнан колхоз жайлы сұраймыз.


— Жиырмасыншы жылдары бұл жақтағы тап күресінің үлкен қантөгіспен жүргізілгенін өздеріңіз де тарихтан білесіздер. Сол кезде В. И. Лениннің сенімді серіктерінің бірі — Г. К. Орджоникидзе осы жаққа келіп, біздің өңірді араласа керек. Кейін ауыл шаруашылық артелі ұйымдасып, диқандар мен малшылар бірігіп еңбек ете бастаған кезде Орджоникидзенің сол келу құрметіне колхозымызды осылай атапты, — деген Молларахым сабырлы үнмен әңгімесін әрі қарай жалғастырды, — негізінен біз ірі қара мал бағамыз. Тұяқ саны мың жарымнан асады. Сіздердегідей кең жайылым жоқ, тау-тас арасындағы алаңқайлар жайлауымыз болып табылады. Екінші кәсібіміз — темекі егу. Екі жүз он гектар жоғары сортты темекі тұқымын егеміз. «Дюбек» атты таңдаулы темекі сортын елімізге біздің Айни ауданы мен көршілес Пенджикент ауданының темекішілері береді. Бұл кәсіпті бізге үйретіп, қанымызға сіңірген Молдасыдық Зарипов. Ол кісімен алда — Пенджикентте кездесесіздер.


Таң атып, Зеравшанның қорғасын түстес салқын суына жуынғаннан кейін жолға шықтық. Жеті-сегіз шақырым жүрген соң Молларахым машинаны тоқтаттырып, бізді үйілген жақпар-жақпар тастардың арасына шақырды. Төменге көз тастасақ Зеравшан етек-жеңін жиып алып, бір үңгірге арқырай сүңгіп жатыр. Арнаны бойлай алға қарадық. Су да көрінбейді, шу да келмейді құлаққа. Қасымыздағы достарымыз біздің таңырқағанымызды сезді де:


— Бір замандарда осы тұстағы күз сырғып құлап, Зеравшанды басып қалған болса керек. Су жол таппай тұра ма, құлаған құздың астын үңгіп барып ілгеріректе жер бетіне қайта шығады.


Шыны солай екен, біраз жүргеннен кейін бір үңгірден буырқана шапшып, тулай тасып жатқан Зеравшанға қайта табыстық. Бір қызық ой келеді: мына қызыл-шақа шың-құз құрсаулап тастаған тар аңғарда қиялай қоныс тепкен тәжік елі бұлқынып жатқан осы бір өзеннің өзіне ұқсайды. Қия жартаста тоқымдай жер болса, қыбырлаған адам көрінеді. Темекінің арам шөбін жұлып жатқандар. Жер тарлығы сондайлық, аңғарды бойлап екі жүз шақырым жүргенімізде бір-ақ жерде мола кездестірдік. «Бұл қыстақтардың молалары қайда?» — деген сұрағымызға сөзге жүйрік Құтби: «Тәжіктер өлмейді!» — деп жауап берді.


Келесі ауылда Айни аудандық советінің көшпелі сессиясы өтіп жатыр екен. Үзіліс кезіне тап болдық. Қазақ ауылдарында да қоғамдық жұмысқа белсене араласатын әйелдерді жиі кездестіреміз ғой. Солардың бірі ме деп қалдық жас шамасы қырықтардағы ақсары әйел қуана қарсы алды. Түр - әлпеті нағыз қазақ дерсін..


— Рауза Тұғралқызы — Айни аудандық советі председателінің орынбасары, — деп таныстырды Молларахым.


— Ақын Тұғралдың қызы ма? — деп жұлып алғандай шапшаң сұрады Құтби.


— Иә, ақын Тұғралдың қызымын, — деп бәрімізбен жайдары қол алысып амандасты ақ сары әйел. - Ауданға бара жатырсыздар ма? Көшпелі сессиямыз біткен соң біз де қайтамыз. Үйге келіңіздер, мейман болыңыздар.


— Әкеңіз жайлы асықпай отырып бір әңгімелесейін деп едім. Кейін ретін келтірерміз, бұл жолы асығыспыз, — деді Құтби.


Айниға жеткенше әңгімеміз Тұғрал ақынның тағдыры жайлы болды. Осы алапта Совет өкіметін орнатуға белсене ат салысқан от тілді, дарынды Тұғрал ақынды жалған жаламен, басмашылардың алдауына түсіп қалған өз адамдарымыз атып тастаған екен. Дегенмен бүгінгі тәжіктер өткенгі қатесін тез түзеген секілді. Оған айғақ — Тұғрал туып, өмір сүрген қыстақ сыртында жалынды ақынға арнап орнатылған әдемі ескерткіш. Төрт баған етіп қызыл кірпіштен өрген, төбесі күмбез бұл белгі шын поэзия өрнегіне ұқсайды. Әрі жеңіл, әрі тартымды. Алыстан көз тартатын осы бір сәнді ескерткішті орнатуда Айни аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ермұрад Ғиясовтың өзі тікелей қызмет еткен. Әдебиет пен өнерді зор тұтып оның Тұғрал секілді шын өкілдерінің басына айта қаларлық белгі орнаттырған Ермұрад секілді партия басшыларына мың да бір рахмет дегің келеді.


Ермұрад Ғиясов пен Құтби Қиром бір ауылдан, бірге өскен туыс жандар екен. Кездескен сәтте-ақ Құтби тәжік тілінде термелетіп, жыр тиегін ағытып кеп жіберді. Біз Абдолла Закировке қараймыз, содан көмек күтеміз. Абдолла болса, «Гүлстанды» асығыс парақтап, бізге Құтби жазған төмендегі жолдарды оқытты:


Өтер көктем, өтер күз,


Балалық шағым есімде,


Ойнайтынбыз екеуміз


Зеравшанның төсінде.


Алаңдамай аулақта


Ақ жаңбырын құйса бұлт,


Талды тасып шарбаққа


Жүретінбіз үй салып.


Айни қаласында тұратын Құтбидың құрбы-құрдастары келіп, ақынмен құшақтасып, бізбен амандасып жатты.


— О, Батырбек! — деп дауыстап қалған Құтби тағы да жырлай жөнелді.


Жалаң аяқ, жалбыр шаш,


Жыртық жейде балалық.


Жар жағалап қалды рас,


Келмейді ол оралып.


Сол бір бала кезімдей


Жүрмін бүгін үй қалап


Бір биіктен сезілмей


Балалығым тұр қарап.


Ақынның құшағынан босанған досы да бір ауыз өлең айтып қалып еді, айнала тұрған жұрттың бәрі ду күлді. Біз Абдоллаға қарадық. Мұны сезген Батырбек Мұстафақұлов Құтбиға шығарған әзіл өлеңін өзі аударып берді:


— Жылтыр туфли, жалтыр бас,


Құтби келді арқырап,


Бір бұрыштан сездірмей


Батыр досы тұр қарап.


— Көрдіңдер ме, біздің шофер Батырбекке дейін ақын. Жалпы алғанда Үрметаң Киромның ұлы Құтби секілді нашар ақындарың болмаса, жақсы ақындарың өзінен асырып ешқайда жібермейді. Алыс дегенде Айни қаласында қызметке қалдырады, — деп «Мехнат» атты аудандық газеттің редакторы Сұбхан Тұйғынов сөзге араласты.


Бұл ерекше бір әсем кештердің бірі еді. Рудаки мен Джами, Фирдоуси мен Сағди, Хафиз бен Айни ұрпақтары бізді Найобо бағына достық кездесуге шақырды. Ағыны қатты Зеравшан өзенінің салқын лебі күндізгі аптап ыстық пен жолдан арса-арса болған денені ширықтырып сергіте бастады. Бақ іші түрлі құстардың алуан сазды даусына толы. Жеміс, қызыл шие, сары өріктің піскен шағы.


Үрметан - Құтби мен Ермұрадтың туған жері дедік қой. Ал Ермұрадтың ағасы Холмұрад пен Құтбидың әкесі Киромды қазақ десе де болғандай. Олардың әзіл әңгімелері, ылтипат -пейілдері біздегі қыр тұрғынын еске салғандай. Көп сәтте біз Сарыарқадағы ақжарқын, ағайын-туғандардың арасында отырғандай сезіндік. Оның үстіне әке Киромның Қазақстанда болғаны да бар екен.


— Ақмола да, Қарағанды да өзгерген шығар. Талай жылдар өтті-ау одан бері. Қазақ мейманшыл халық қой. Ауыр жылдары жатсынбады, қол ұшын беріп өзінің бірге туғанындай бауырына алып, құшағына қысты, — деп тоқтады Киром.


Холмұрад сөз алды, ол да шығыс ақындарының философиялық нақыл сөзінен бастап, былай деді:


— Мен диірменге салынған дән едім. Үгітіліп ұн болмақпын, бір-ақ ұнға айналып нан болуға жазбады. Диірменнің ернеуінен ұлпа болып шашылдым. Үн түсетін шүмекке жете алмай ернеуден төгілген себебім, диірменнің үстіңгі тасы тегіс емес, қисық қашалған екен. Ей, халайық, наның мол болсын десең, ісің түзу болсын!


Қайдан естідік, білмейміз. Көкейімізде бір үн тұр:


— Біз - Рудакидың ұрпағымыз. Ол ұлы өнердің ұлы падишасы еді ғой. Сол падиша туған жер — Пянджур қыстағы осы арадан алыс емес. Сол себепті де бұл алаптың тау мен сайы, тас пен суы, алаңы мен орманы - бәрі толған жыр. Бұл жерде нәресте шырылдап жерге түскенде ақын жырын атадан балаға мирас ете жүретін болады. Рудаки бабамыздың мына бір жолдарын саналарыңда мықтап сақтаңдар:


Дүние деген бейне бұлақ, Иіріледі, айналады. Жаралғалы әлем зырлап, Дөңгелейді, шайқалады.


Бүгін саған шипа дәрі,


Ертең у боп тиер жанға,


Жұтсаң кейін сол у тағы.


Шипа болар ауырғанда.


Заман илеп, жас қартайса,


Жаңартады ескіні де,


Гүлстандар шөлге айналса,


Шөлдер толар жастық гүлге.


Ұлы ұстаз Рудаки бабамыз бұдан мың жыл бұрын осы алапта әлгіндей жырлар жазған екен.


— Қазақ елінен келген, қадірлі ұлдарым, мархабат!


Әлгінде бізбен сәлемдесемін деп Ермұрадтың анасы Иди бәйбіше келген еді. Енді байқасақ жалғыз аяқ соқпақпен бірінің үстіне бірін мінгестіре салған қыстаққа қарай бет алып барады екен. Айналасы у-шу. Немере, шөберелері қоршап алған. Біз біраз үнсіз отырдық. Бәріміз де өз ойымызбен әуреміз.


— Аналар үшін гиссар шарабын көтерелік! — деп Өзбекстан колхозы партия ұйымының секретарі Қаром Қадыров ұсыныс жасады. Мұнан кейін жас ақын Доро Надмотов өзінің жаңа өлеңдерін оқыды.


Біз де ежелгі Зеравшан өзенінің жағасындағы Найобо бағында отырып, Абай әнін шырқадық. Құтби қазақ ақындарының жырларынан аудармаларын оқып берді.


— Осы біз отырған Найобо бағын тастың үстіне өсірілген десе де болады. Кухистанның жері тасты, табиғаты қатал. Диқан, бағбан, малшы - шопаннан маңдай терін сыпырып алады. Біздің Айни ауданында жеті колхоз бар. Негізгі шаруашылығымыз мал өсіру. Соңғы жылдары темекі өсіруді де қолға алдық. Егер бүкіл аудан бойынша өндірілетін жылдық өнімімізді ақшаға шақсақ он жарым миллион сомдай табыс табады екенбіз. Соның жеті миллион сомы темекі өсіруден түседі. Ал темекі дегенің бір бап жатқан. Орта есеппен алғанда, әр адам темекіні жиырма бір рет суарып, бағып күтетін көрінеді. Соның арқасында темекі егістігінің әр гектарынан жиырма бес центнерге дейін өнім аламыз.


Соңғы кезде тау кендерін өндіруге де көңіл қоя бастады. Ауданымызда аздап көмір де бар. Үстіміздегі бесжылдықта он алты мың халқы бар өнеркәсіп орталығы құрылды.


— Жалпы республикамыздың таулы аудандарының ішінде Айни ауданы барлық көрсеткіші бойынша алда келеді, - деген Ермұрад Ғиясовтың сөзінен өз ауданының еңбекшілеріне деген ризашылық сезімін бірден аңғардық.


Ертеңіне Ермұрад бізді талай таудың қиясынан асырып Ескендір көліне алып барды. Құтты, бір кездегі біздің Есік көлі дерсің. Айнала қызыл гранит тау қоршаған жасыл қол сырлы аяққа құйған секілді. Табиғатының соншалықты сұлулығынан ба, кім білсін, бүкіл әлемді тітіреткен Ескендір Зұлқарнайын Орта Азия жорығында осы көлге әдейі келіп түнеген деседі. «Ескендір көлі» атануы да содан болса керек.


Біз де Ескендірге ұқсап шатырға түнедік. Туристердің шатыры. Туристер лагерінде тыныштық орнаған сәтте Ермұрадтың да ақындық делебесі қозып:


— Мен сіздерге Мүшрифәддин Сағдидың «Бустан» поэмасынан осы көлдің есіміне қатысы бар жыр жолдарын оқиын. Абдолла мен Құтби, сендер меймандарға тәржіме жасайтын болыңдар, — деді.


— Өзін Сағди жазса, өзі Ескендірге байланысты болса, неге қарсы боламыз. Құлағымыз сізде, Ермұрад! — дедік біз.


Ермұрад құлаққа жағымды, қоңыр даусымен Сағдидың мына бір жолдарын оқып берді:


— Дүниені билеп тұрған патша Ескендір бір күні Бар әлемнен айрылды.


Айқасты да кірпігі.


Айдай әлем алдында ол да


Сұлап түсіп жатты - ау


Бар дүниені сатар еді ол тіршілік - уақытқа,


Осылайша өткен бәрі ерте келіп, кеш келіп.


Олар жайлы айтады енді,


Музейлер мен естелік.


Дарап патшаны қуып, соғдылықтардың жеріне басып кірген кезеңде Ескендір Зұлқарнайынның мүйіз тіреген бір мүйісі осы қол болса керек-ті. Осыншалық қиын асу жолдармен жүре беруге жалықпаған не қылған жиһангер деген де ойға қаласыз. Ескендірдің Орта Азияға жорығы жайлы біраз шығармалар жазылған ғой. Солардың ішінен Василий Янның «Қорғандағы оттары» мен Явдат Ильясовтың «Согдианасын» атауға болады. Онда Ескендір Зұлқарнайын бастап келген жат жұрттық басқыншыларға көне соғдының қандайлық ерлікпен қарсы тұрғандығын әсерлі етіп суреттеген.


— Ескендір шабуылына төтеп берген мекендердің бірі Варзимунар, кейінде Захматабад атанды. Оның бүгінгі аты кеше ғана өздеріңіз болған Айни қаласы, - дейді Құтби, - осы көлге келе жатқанда Ягноб деген өзеннен өттік. Сол өзеннің бас жағындағы Ягноб аттас ауыл да, сондай-ақ біздің Урметанның тұрғындары да Ескендір Зұлқарнайынға бағынбай, ерлікпен қарсыласқан. Бұл жердің тұрғындары қаһарлы жиһангердің жауынгерлерін өз қыстақтарына дарытпаған.


Бұл өңірде Спитамен, Ұста Кова ерлігінің өздері әлі де сайрап жатыр. Күріш пен Дарап патшаларға қарсы шыққан ержүрек халықтың ерлік істері күні бүгінге дейін ұзақ дастандар ретінде айтылады. Осы өлкеде талай-талай қанқұйлы оқиғалар да өткен. Бұл секілді шың-құздарды жапсарлай мекен еткен тау елінде бүкіл советтік шығыс ұландарының арасынан тұңғыш рет жауынгерлік Қызыл Ту орденімен үш дүркін наградталған қыр қазағы - Абдолла Жармұхамедов ағылшын агенттері басқарған басмашылар армиясына күйрете соққы беріп келген. Ерлігі аңызға айналған бұл адам жайлы қызғылықты деректерді біз Михаил Степанович Топильскийдің «Тәжікстандағы алғашқы таң арайы» (1924-1931) деген естелігі мен өзіміздің Қайым Мұхамедхановтың очерк - мақалаларынан оқып білдік. Осы арада еске сала кететін бір жай: Тәжікстанның орталық өлкетану музейінде Абдолла Жармұхамедовтың орнына басқа бір адамның суреті ілінген көрінеді. Әрине, музей қызметкерлері бұл қателіктерін алдағы уақытта түзер деген үміттеміз.


...Күн ұясына кірер алдында Ұфар (Әнші тау) тауының шыңын сызып марғау жылжып бара жатқан кезде біз бүкіл әлемге әйгілі осы бір мекеннің етегіндегі ирелеңдеген тар көшелерге іліктік.


— Әне, ұлы ұстаздың мавзолейі де көрінді, — деді Құтби.


Қызыл күрең түсті тау етегіндегі жасыл жапырақты бақша ішінен мәңгі-бақи тыныштық тапқан Рудакидың күмістей жарқырап күмбезі көрінді.


— Анау тауды Кухи-бұлбұлон деп атайды, сіздерше Бұлбұл тауы. Бұл ауылда құстан бұлбұл, гүлден раушан мол. Қайғы-қасірет шегіп, шаһтың зұлымдық бұйрығымен көзінен айрылып су қараңғы болып ақын еліне оралғанда, осынау Ұфар тауының етегі ұлан-асыр тойға айналған, қайғы мен қуанышы аралас думан түн ортасына дейін созылыпты. Пянжурдың қыз-бозбаласы туған ұясына оралған ұлы жерлесінің келу құрметіне арнап ән шырқаған. Сол ән таң саз бере бұлбұл үніне ұласыпты. — Құтби ұлы ақынның тағдырын тебірене әңгімелейді.


Машина мавзолейге барар жолдың кіре берісіне салынған мемориалдық музейдің алдына тоқтады. Бізді Рудаки музей-мавзолейінің меңгерушісі Исмаилов Рузиқұл қарсы алды.


Қызыл түсті қиыршық топырақ төселген соқпақ жолмен жоғары өрлеп келеміз. Тыныштықты тек бұлбұл үні бұзып тұр.


«Құба талдың бұтағында сайрай қалды бұлбұл құс та,


Кипаристан қара торғай үн қосады сол дауысқа.


Мың түрлі құс бағыстанда, ән шырқады осы тұста» -


деген ұлы Рудакидың жыр жолдары ойға оралады. Рузиқұл шойыннан нақышталып, өрнектелген қақпаны ашты.


Біз ақындар патшасының тыныштық тапқан ордасына қадам бастық. Ақ мәрмәрдан қашалған тақта тас жатыр.


Қабырғаларда тәжік зергерлері нақыштаған түрлі түсті өрнек оюлар.


Үнсіз тұрмыз. Тек тыстағы бұлбұл ғана тіл қатады ұлы ұстаздың тынышын алып. Бәлкім, бұлбұл ғана білетін болар бұл киелі мекеннің иесіне қандай әуен қажет екендігін?!


«Өмір маған ақыл айтты — сол ізгі,


Қарап тұрсаң, өмір - ақыл теңізі.


Өмір айтты: Бақытты деп өзгелер,


Күйінбесең - саған рақат тез келер.


Қанағат көр - басыңдағы бағыңды.


Аңсар көп жұрт сенің сол бір шағыңды.


Өмір айтты: «Тоқтала біл, ашудан,


Опа таппас бұл дүниеде ашылған.


Сөйлеген жан бұғау салмай тіліне,


Кісенделер екі аяғы түбінде».


Үнсіз тұрмыз. Ақындардың әулиесі Рудаки бізге сабырмен ғана сыбырлап, осындай бір ғибрат жыр жолдарын оқып отырғандай көрінеді.


Мавзолейден шықтық. Бізді Рудаки атындағы колхоздың басқармасы Насим Умаров пен партия ұйымының секретары Холмұрад Истамов күтіп тұр екен.


Рудаки мавзолей музейіндегі көк кітапқа әсерлерімізді жазып қалдырдық та ауыл адамдарымен таныстық. Атап өтетін бір жай - біз қайда бармайық, кіммен әңгімелеспейік, көргеніміз қошамет, ақ дастарқан. Бір ретте осы жайында, тәжік халқының қонақжай, мырза халық екені жайында сөз болды. Өзін де, өзгені де ұстараның жүзінде ұстап жүретін Құтби біздің әлгі сөзімізге әлде сенімсіздік білдірді, әлде тәжік халқының шын сақи, мырзалығын тағы бір сынға алғысы келді, кім білсін, әйтеуір оқыс бір тоқтамға келді.


— Қазір, осы біз еніп келе жатқан қыстақтың кез келген бір үйін таңдап, машина тұмсығын тіреңдерші, қабылдар ма екен, жоқ па екен, байқайық бір.


Бастаушымыз Құтби болған соң бізге қоштаудан басқа ештеңе қалмайды ғой, бірақ ішімізге бір сырды тереңірек түйдік те, қасақана жаңа үй тұрғызып жатқан біреудің қақпасына келіп машинаны тоқтаттық. Есік-терезесі салынбаған, құр қалқайған қаңқасы бар үйден ұзын бойлы арық жігіт жүгіре шықты:


— Қош келдіңіздер. «Ұры басынып қылады, қонақ таңдап түседі» деген, үй таппай келмеген боларсыздар, төрлетіңіздер, — деді.


Біз ду күлдік. Разы болып күлдік. Өзіне, өз халқының дарқандығына сенген Құтби да мұртынан күліп мырс-мырс етеді. Бұл үйге неге тоқтаған жайымызды айтқан соң үй иесі колхозшы Дильмұрад Ходжаев бұрынғыдан да төгіліп кетті. Әйелі Анзұрад екі қабат екен, соған қарамастан дастарқан жайып барын алдымызға тосты. Ал Дильмұрадтың інісі Жариф шофер екен. Құтбиға ұзақ қарады:


— Сіз жерлесіміз Құтби ақынға қатты ұқсайды екенсіз.


— Соның өзі болсам не істер едіңіз?


— Ол Душанбе мен Москваның арасында ғана жүреді дейді ғой. Бұл жаққа несіне келсін, — деп күйеуінің сөзін әйелі Махфират қостады. Бәріміз ду күлістік. Құтби өзінің Құтби екендігін дәлелдеу үшін бұл семьяға жаңа жыр кітабын сыйлауына тура келді.


* * *


«Шаңырағым - ай, шырағым,


Меймандарым - бейне май шам.


Өзім болсам, көбелекпін


Айнала ұшқан өбектеп!»


бізді осындай өлең жолдарымен қарсы алған Пенджикент қалалық партия комитетінің бірінші секретарі Молласыдық Зарипов — ақындардың талай мүшәйрасына қатысқан, Мырза Тұрсын-заде секілді белгілі тәжік ақындарының досы, өзінің туған өлкесінің өткенін молынан білетін ақын жанды, шежіре адам. Молласыдықтың шежірешіл болмасқа лажы жоқ. Ол көне соғды тарихының беташар айнасы дерлік — Пенджикент шаһарының іргесіндегі жаңа қаланың тұрғыны, тұрғыны ғана емес-ау, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы.


Көне Пенджикентке жылына мыңдаған туристер, оқушылар, мұғалімдер, студенттер, ғалымдар келеді. Бұл кемерде 1947 жылдан бері үзбей археологиялық экспедициялар жұмыс істейді. Осыдан он бір-он екі ғасыр бұрын араб басқыншылығының салдарынан күйреп біткен Согдиананың ірі қалалары - Панчакенттің қандай тарихи құпиясы бар? Диваштич деген әмір кім? Ширек ғасырдан бері совет археологтары мен тарихшыларының Соғды шежіресін зерттеудегі бір күрделі мәселесі осындай еді. Бұл күндері шежіре сыры шешіле бастады. Көне Пенджикент тек Диваштич секілді әмірдің резиденциясы ғана болып қоймаған, сонымен қатар сәулет пен сурет өнерінің айтулы ордасы болса керек-ті. Үй қабырғаларына салынған көне сәулет өнерінің үлгілері бүгінгі таңда бүкіл әлемді таңдандыруда.


...Машина фары үлкен ағаш қақпаға түсті. Әлден уақытта ақ көйлек, ұзын дамбал киген ала тақиялы шүйкедей ғана шал келіп, қақпаны ашты. Орта Азия өмірінен алынған фильмнің кейіпкерлеріне қатты ұқсап тұр. Машина ілгері жүрді. Біз түн ортасында бейне бір хан ордасының бағына сіңіп бара жатқандаймыз. Машинадан түсіп, қараңғылыққа көз үйретіп, жан-жағымызға қарай бастадық. Осы бір тұста сарқырап, ағыны қатты су ағып жатыр. Мұрынға болмашы ғана күкірт иісі келеді.


— Атақты Қайнарсу бұлағы осы болады, — деп Молласыдық бізді үлкен құбырдан атқылап жатқан судың басына әкелді. Су бір биік төбенің түбінен шығып жатыр.


— Көне Пенджикенттің нағыз іргесінде тұрсыздар. Пенджикент шаһарының қорғанының бұрышы, — деген Молласыдық бізді Қайнарсудың бүгінгі иесі, әлгі бізге қақпа ашқан қариямен таныстырды.


— Абдохамит Шарафов деген ақсақал. Диваштич болса жоқ, енді сіздер осы кісінің қарамағында боласыздар, — деп әзілдеген хатшы бізді сонадайдан ағараңдап көрінген сәулетті үйге қарай бастап жүрді.


Көне Пенджикенттің табылып, аршылу оқиғасы, Диваштич патшаның тағдыры, тағы басқа да Соғды тарихына байланысты жайлар осы арадан қырық шақырымдай жердегі Хайрабад ауылының маңындағы Мұт тауынан табылған жиырма үш жол жазуы бар жібек қағаздан басталады...


Осы әлемдегі ғажайып археологиялық жаңалықтардың сондай күрделісін шопандар ашқан көрінеді. Мәселен, 1932 жылдың көктемінде Тәжікстандағы Мұт тауынан Жоралы Махмұд-Әли деген шопан әлгі Соғды жазбасын тапқан. Сол секілді Өлі теңіздің жағасында ешкі бағып жүрген Мұхаммед деген араб 1947 жылы көне қол жазбалар көмілген үңгірге тап болған.


Пенджикент қаласында Рудаки атындағы жергілікті музей бар. Бұл музей еліміздегі ең жас өлкетану музейі болса да, мұнда Отанымыздың көне шежіресіне қатысы бар аса бір құнды жиһаздар мен экспонаттар жинақталған. Көне Пенджикентті аралап болғаннан кейін осы Рудаки музейіне келдік. Музей зор әсер қалдырды. Ақындар ұстазы - Рудакидің үлкен портреті бізді Тау елі — Кухистаннан шығарып салып:


— Сендердің ендігі бағыттарың - Мараканда, яғни көне Соғдының астанасы атанған әлемге әйгілі — Самарқанд! — деп жол сілтеп тұрғандай көрінді.


Біз Кухистанды көктей өтіп, Маргедар даласынан асып, Самарқандқа бет алдық.


Енді бізді Құтби Киром асықтырмайтын секілді.


Душанбе-Айии-Урметап-Пенджикент,


1971.





Пікір жазу