19.12.2021
  311


Автор: Сафуан Шаймерденов

Төлжанның достығы

Міне, екі күндей де болған жоқ. Екі жылдық мектепті бітіріп шықтық. Жұрт жаңа қызмет орындарына кетіп жатыр. Ал, мен болсам... Ие, мен Қазақстанның солтүстігіндегі бір қалаға аттандым.


Бейтаныс қала. Жаңа қызмет орны. Жаңа адамдар күтіп тұр алда.


Адам деген қызық қой. Осындайда ең алдымен ескі танысың, дос-жаран адамың болса, соны іздемейсің бе?


— Ие, мен білетін кім бар еді осы келе жатқан қалада?


— Еһ, Төлжан ше? Кәдімгі өзіміздің Төлжан Ырсаевты айтамын. Менің көз алдыма безеулі томпақ бет, салпы ерін, орта бойлы қара жігіт елестей қалды. Ие, ие, ол екеуміз университетте бірге оқып едік - ау. Төлжан журналистика факультетінде, ал мен... жә қойшы, менің қай факультетте оқығаным сөз болып па екен! Әңгіме екеуміздің бір бөлмеде құшақтасып бірге жатқанымызда емес пе! Біз студенттік кішкене дастарқанымызды да қызғанбайтынбыз. Елден келген сәлем-сауқаттар да бөле жарылмай ортаға түсетін.


Ал университетті бітірген күні ше? Бар ақшаны ортаға салып, достарымыздың басын қосқанды қайтесің?


Содан кейін Төлжанды шығарып саламыз деп, вокзал басына келгеніміз бар еді-ау. Тіпті ол да емес. Бәрінен де Төлжан екеуміздің құшақтасып сүйіскенімізді, ұмытпасқа серт беріскенімізді айтсаңшы!


Міне, сол Төлжан мына мен келе жатқан қалада тұрады. Несін жасырайын, тіпті осы қалаға келе жатқаныма қуанып та қалдым. Жолдағы бір станциядан оған телеграмма соғып жібердім.


Ие, сүйтіп, сағына күткен күнге де жеттім-ау, әйтеуір. Поезд вокзалға келіп тоқтады. Мен жүгіріп перронға шықтым. Қыбырлаған қалың жұрттың арасынан безеу бет Толжанды іздеймін. «Ернің салпайып, бір тұтам мойныңды қылқыңдатып тұрған шығарсың бір жерде. Көзге түсе қалатын зор да емессің», — деп күліп те қоямын.


Әлгіндей болмай жұрт та сиреп қалды. Төлжан болса, көрінбейді. Жүгімді көтеріп вокзал алдына өттім. Досым онда да жоқ болып шықты. «Әлде телеграмманы алмады ма екен? Әлде... поезд келетін күнді теріс көрсеттім бе? Айтпақшы, осы қай вагонда келе жатқанымды айтпадым ғой деймін».


Осындай түйткіл ойлармен келіп таксиге отырдым. Бәрін де дұрыс көрсеткен, бәрін де айтып жазған сияқтымын.


«Мүмкін командировкаға шығып кеткен болар. Ие, сөйткен ғой. Әйтпесе мүмкін емес Толжанның қарсы алмауы».


Қонақ үйге келіп орналасқаннан кейін де ойыма әр түрлі жорамалдар орала береді. Қойшы, бұл жерде отырып алып бал аша бергенше, неге барып келмеймін!


Мен Толжанның қабылдау бөлмесіне келіп кірдім.


— Ырсаев жолдас бүгін ешкімді де қабылдай алмайды, — деді тырнағының көбесін тазалап отырған қыз.


— Алыстан келген адам едім Толжанның ескі жолдасымын.


— Бәрібір қабылдамайды. Арнаулы күн бар. Сонда келіңіз.


— Жоқ, айтып шығыңыз сонда да, Тайлан деген досыңыз келіп тұр деңіз.


Қыз орнынан зорға тұрып кабинетке кірді де, қайта шықты.


— Ол кісі телефонмен сөйлесіп жатыр. «Күте тұрсын» деді.


Ұзақ күттім. Содан кейін бір ой келді: «Әй, қой, Төлжанның да есігін күзетіп отырмақпын ба?»


Ұшып түрегелдім де, кабинетке сып беріп кіріп кеттім.


Сонау төрдегі үлкен столдың ар жағынан бірдемеге үңіле қарап қара жігіт отыр. Кәдімгі салпы ерін Төлжанның өзі. Баяғы қалпы. Жоқ, ойбай-ау, қалай семіріп кеткен өзі. Томпақ беті шелденіп, көзінің алдын май басып қалған.


— Төлжан! — деп дауыстап ұмтыла бердім.


Ол басын көтерді. «Бұл кім?» дегендей май жауып кеткен жылтыр көзін маған қадады.


— Ау, Төлжан, танымай қалдың ба? Мен Тайлан ғой.


— А - а! - деп ыңыранды Төлжан. - Ие...


Мен сәл абыржыңқырап қалдым:


— Дәм айдап, қалаңа келіп қалдық.


— Өте жақсы болған, — деп ол сәл езу тартты. Содан кейін «айтар енді нең бар?» дегендей маған қарады. Кенет мен «Неге келдім осы?» — деп өкіндім. Аптыққан көңілім басылып қалды.


— Жәй амандық білейін деп... — деп күмілжідім аузыма сөз түспей.


— Рахмет, ұмытпағаның үшін, — деп Төлжан салқын ғана жымиды.


— Ал, Тайлан, бір хат шаруамен отыр едім...


— Онда ғапу етерсің. Уақытыңды алдым ғой деймін...


— Басқа бір бос уақытты біліп алып келсеңші, Тайлан, — деді ол шығып бара жатқан менің соңымнан.


Бірақ мен Төлжанға қайтып бармадым. Оның бос уақытын аңдып жүрерліктей менде де уақыт болмай қалды. Біз бастапқы кезде не көшеде, не бір жиында кездесе қалсақ, салқын ғана бас шұлғысып жүрістік те, кейін тіпті бірімізді біріміз білмейтін адамдарша өтіп кететін болыстық. Әдепкіде оның бұл мінезі тым ауыр болған еді. Келе-келе көндігіп кеттім. Оның үстіне жұмысқа да төселе бастадым. Достар да көбейе берді. Бұл қалада бұрынғы достым Төлжанның тұратынын ұмытайын дедім.


Бір күні көшеде маған қарсы келе жатқан Төлжанды көрдім. Ерні салпиып, езуін жия алмай күліп келеді. «Басқа біреуге білдірген ықыласы ма?» деп кейін қарасам, ешкім де жоқ! «Бұған не болған?» Сонда да көрмеген болып оңға қарай бұрыла бердім. Сол кезде:


— Тайлан! - деген дауыс шықты. Мен амалсыз тоқтадым.


— Амансың ба, Тайлан. Көзіңнің еті өсіп кеткен бе, немене? Қарамайсың ғой, — деп Толжан күлді. Содан кейін келіп арқамнан қақты.


— Ойын ғой. Оқасы жоқ. Ал осы екеуміздікі не? Бірге оқимыз. Ұзақ жыл бір бөлмеде бірге тұрамыз. Енді, міне, танымаймыз бір-бірімізді. Жарайды, кінәласпайық. Қызмет бабында ана-мына жағдай бола береді. Қара басыңның мүддесінен мемлекет ісін жоғары қоймасаң, қызмет істей аласың ба? Жарайды, ол бітсін. Ал мен саған келе жатырмын, достым. Бүгін біздікінде боламыз. Семьямызды таныстырамыз. Кешікпеңдер.


«Төлжан дегенмен ақылды жігіт қой. Менің өкпелеп жүргенімді біліп келіп отыр ғой» деген оймен, айтулы сағатта оның үйіне бардық. Үй иесі бізді жайраңдап қарсы алды. Көп отырдық. Көп тостарды көтердік. Түннің бір уағында бізді Төлжанның өзі шығарып салды.


— Қызмет деген бірде олай, бірде былай болды. Бәрінен де достық қымбат. Сол достықты бағалай білуіміз керек, — деді ол қоштасып тұрып.


Мен үйге қуанып қайттым. «Анада шынында да бір қауырт іспен шұғылданып отырған екен ғой. Әйтпесе кейін келерсің дер ме! Неге кейін бармадым екен десеңші! Ай, намысшыл басым-ай», — деп өкіндім. «Жоқ, райдан қайту керек. Төлжанның семьясына үйді көрсеткен жөн».


Осы оймен ертеңіне оған телефон соқтым.


— Алло, алло, мені Ырсаевпен жалғасаңыз.


— Қайдағы Ырсаев? — деп таңданды телефондағы әйел даусы. Баяғы өзім барғандағы тырнағының көбесін тазалап отырған қыз болса керек.


— Тәлкекті қойыңызшы. Маған сіздердің бастықтарыңыз, Төлжан Ырсаев керек.


— Ырсаев бізде істемейді.


— Істемейді?! Қалай істемейді?


— Кәдімгідей істемейді. Бюрократтығы, мінезсіздігі үшін қызметтен шығып қалған.


Мен трубканы ұстап ұзақ тұрып қалсам керек.


— Телефонымызды босатпай тұрсыз. Трубканы салып қойыңыз, — деді жаңағы әйел даусы тағы да...





Пікір жазу