Мезгіл
Өгей анам Жақсыбайқызы Бейіс марқұмның аруағына арнаймын.
Автор
Күн ұзақ билет алудың қамымен әбден титықтап,шаршап жүріп, оңаша купеге кеп жайғасқан соң, болат доңғалақтардың дүрсілін тыңдап шайқақтап жатып, қалғып кетсем керек, дабыр-дүбір дауыстан ояндым. Байқасам, есік алдында екі жолаушы тұр. Бірі — кірпішешеннің инесіндей тікірейтіп шаш қойған, қалқан құлақ,қара жігіт, ал екіншісі — тым жүдеу, жақ еті суалған, сонысына қарамастан осы Арқа әйелдерінің салтын сақтап көк жаулық, оның үстінен қақырайтып шаршы тартқан қарт адам. Бет әлпетіне қарағанда ұзақ уақыт төсек тартқан, мол сырқаты бар жанға ұқсайды. Қалтыраған қолымен кірпі шаш жігітті демеу етіп, зорға жылжыды.
Кірпі шаштың кейпінде дағдарыс бар.
— Екеуі де үстіңгі орын екен ғой, қайттым енді?
Қарсыдағы астыңғы орында мана мен кіргенде түрі тас құдайға ұқсаған мықыр мойын бір көзілдірік газет қарап отырған еді. Енді көз салсам, сол баяғы қалпы, қозғалмапты. Мына есік алдында тұрғандарды елейтін түр білдірмейді.
— «Осындай бір типтер болады-ау», — деп ойлаймын мен.Ондайлар үлкенге үлкен екен деп ізет көрсетпейді, кішіні кіші екен деп құрмет тұтпайды. Ал «өзін бір ұялтып тастайын» деген оймен осындай бір қылығын бетіне салық етіп көрші, сонда қайтер еді дейсің ғой. Қайтушы еді, қысылмайды. «Сіз өзіңіз не қыл деп тұрсыз? Міне,билетім сатып алған. Ауру? Ауру болса қайтейін, ауырмасын», — деп жауап береді. Дәл осындайларды ел ішінде: «Ой, ол ма, ол адам емес, мал ғой» — деуші еді. Тауып айтады екен ғой. Мен түрегелдім де, кірпі шашқа қарап:
— Сіз дағдармаңыз, дені сауға төмені не, жоғарысы не, бәрібір емес пе. Шешей мына мен жатқан жерге жайлассын, — дедім. Сөзімнің бір ұшығын мықыр мойынға әдейі тигізе сөйледім. Бірақ оған мән беріп жатқан мықыр мойын болған жоқ.
Босатылған төсектің шетіне келіп отырған қария:
— Көңілің ашылсын, шырағым, өзің бір иман жүзді бала екенсің — деді бөліп-бөліп. Ал кірпі шаш болса, өзінің үлкен алақанына менің қолымды салып алды да, ризашылығын танытып, қыса берді сытырлатып.
Байқаймын, кірпі шаш лыпып жүр. Жүгіріп барып төсек-орын алып келді, кемпірдің жастығын түзеді, үстіне айқарып көрпе жапты. Сонысын көріп мен «анасы болуға тиісті» — деген тоқтамға келдім. Бірақ ол бір сөзінде:
— Бишәм, таңдайың құрғақсыды ғой деймін, сусын жұтсаң қайтеді — деп қалды кемпірге қарап.
— «Анасы болса атын неге атайды? Әлде әпкесі болды ма екен? Қойшы, кімі болса, онысы болсын, онда сенің не шаруаң бар?!» деген оймен дәлізге беттедім мен. Бір мезгілде тас құдайға ұқсап, мықыр мойын, көзілдірікті көршім де купеден шықты. Артына қарай сүйір иегін нұсқады:
— Қайдан сая болды? Ыңқылдап — күрсілдеп мазаны алып бітті тіпті. Бос орны бар купе болса, соған ауыстырсақ қайтеді өзін?
— Ондағы жолаушылардың мазасын алмай ма екен өйткенде? — дедім мен ұнатпаған үнмен. Мұнымның онша сыпайы жауап емес екенін де сеземін. Дегенмен ит қағанағына қақалмайды деген бар емес пе, ауырлаған ол жоқ, әйнегінің қалыңдығы бір елі қара көзілдірігінің астынан сүзе қарап, бір сәт тұрды да:
— Күрк-күрк жөтеледі, жолға шығып несі бар екен. Одан да ауруханаға түсіп емделмей ме! Ал бұлар емделудің орнына қыдырады. Құдай біледі дейін, дәл осы кісі бар ғой, ит жанын сүйретіп, не бір құдасына, немесе құдасының құдасына төбе көрсетем деп бара жатыр. Бұлар қара шыбын сияқты, жұқпалы ауруларды қара өрттей қаптататындар міне осындайлар, — деп әрі ақтала, әрі бір пәлені таяй сөйледі.
Үстірт сөйлеп, жеңіл байлам жасап тұрған бұл жігіттің сөзіне мен әрі кейіп, әрі ойланып қалдым.
Кейитін себебім, осы мықыр мойын сияқтылардың алға басар ісімізге кеселін тигізер жайын жиі байқайсың. Ел тұрмысында әдет-ғұрып дегенің ғасырлап қалыптасады. Әрине, оның жақсысы да, жаманы да бар. Жиренетіні де, үлгі етерлігі де болады. Ал жаңағы мықыр мойын сияқты «жаңашылдар» соның байыбына барып, мынасы дұрыс, мынасы бұрыс деп саралап жатпайды. Өзі бір бар жаманшылықтан арылып ала қойғансиды да, өз көңілі тұрғызған жалған бір биіктен төмен қарап: «Бәрін де жою керек!» деп жар салады. Жұрт мұндайларға сескене қарайды да, өз бойындағы асылын да, жасығын да қорғап қалуға тырысады. Ал ойланатын себебім, шынында да ана мықыр мойын айтқандай туыссырап бара ма екен бұл жолаушылар? Әлде басқа бір себебі бар ма? Олай болса бұлар қайдан шықты? Қайда бармақ? Кірпі шаш жігіт кім? Ауру ана ше?
Мен осы бір мазасыз оймен терезе алдында сыртқа қарап тұрғанмын. Көк сілемік мұнар басқан ашық күн. Тақтайдай ұлан-қиыр жазық дала. Аңызақты аптап шілденің жуан ортасы болса да, дүние реңкі көгілдір, ызғарлы жер бояуын әлі бермеген. Ойпаңы мен биік-биік қыраты, жүлге-жүлге таулары жоқ, осындай көгілжім жазықтарда көк жиегі де алыстап кететін болса керек, тым қиян шалғайдан көз ұшына ілігіп, сағыммен ойнап, белбеулене көтерілетін үйірім-үйірім, бұлың-бұлың, шоқ-шоқ ағаштар бейне теңізде жүзген ғажайып та жұмбақ алып кемелерге ұқсап көпке дейін толқып, баяу жылжып жақындайды да, айналып артқа түсіп алыстаған сайын әлгі бір ойнақы кейпіне тез ауысып, тағы да бұлаңдап, тағы да толқып сала береді.
Бір кезде дәл құлағымның түбінен:
— Міне, енді Мезгілдің даласы басталды, — деген дауыс шықты. Жалт қарасам, қасымда кірпі шаш жігіт тұр екен.
Мен бұл дала жайында жас кезімде қиян-қырлы әңгімелер еститін едім. Ол кезде, бір ғажабы, біз балалар болып айнала түнеріп, тұнжырап тұратын ну орманнан қорқатынбыз. Ал сол шетсіз-шексіз орманды айлап кезсе селт етпейтін үлкендер: «Мезгілдің даласы құрдым ғой, шетіне бір шыға алмайсың. Нысана етер, белгіге алар тұлдыр таппайсың, қалай қарап жүрсең де көсіліп жатқан кең жазық, адасып кетуің оп-оңай», — дейтін.
Мен сонда адасса орман ішінен адаспай ма, айналаңа көз салсаң қырымдағы көрінер медиен далада қайтіп адасуға болады деп таңданатынмын. Сонда да «Мезгілдің даласы» деген сөзді естісем, әрі қорқынышты үреймен, әрі құмарпаз арманмен ұмтылушы едім осы бір ғажайып алысқа.
Міне, біз, сол Мезгілдің даласына еніп келеміз. Шынында да әлгі бір бұлың-бұлың ағаштардың бәрі де азайып, көз ұшына дейін бұлдырап кете берер көк теңізге ұқсап жалпақ дала — егін даласы басталып кетті.
Терезеге үңіліп тұрған кірпі шаш:
— Мезгіл! — деп бір тыныстады да, күрсініп алды. Күрсінісінде де, қарасында да терең бір сыр жатқандай. — Жол болса ұзақ көрінеді. Танысып алсақ қалай болады? Менің атым — Мезгіл.
— Мезгіл?! — деппін таңданған кейіппен.
— Ие, Мезгіл... Мына Мезгілдің даласында туыппын.Содан болса керек, атымды азан шақырып Мезгіл қойыпты.
Енді байқадым, Мезгілдің қиықтау келген монгол көзінен жайдарылық пен үйірсектікті танып тұрмын. Танысудың орайы енді келгендей. Мен өз атымның Тулан екенін айтып, манадан бері тілімнің ұшына орала берген сұрақты төбеден түскендей етіп қойып қалдым.
— Ал жол болсын, Мезгіл? Мына ауру қарияны қайда апара жатырсыз?
Жігіт, тегі, әңгімені бұлай тұрып бастағысы келмеді білем.
— Қарағандыға, — деп сүлесоқтау етіп келте қайырды. Содан кейін купеге кіріп кемпірге бірдеме деді де, кері шықты. — Мұндай составта «Ресторан» дегенің бола ма екен?
— Әлбетте.
— Олай болса, соған барып сусын іше отырып әңгімелесейік. Мына аңызақ жел де таңдайыңды кептірмей қоятын емес. Қариядан рұқсат алып шықтым.
Мен Мезгілдің әңгімесін естігенше асық едім. Содан ба, жігіт ұсынысына қарсылық білдіре қоймадым.
Вагон-ресторанда адам онша көп емес екен. Біз оңашалау бір үстелге келіп отырдық. Айнала үлкен терезелері бар самаладай жарық рестораннан зырлап қалып жатқан дала көрінісі бұрынғыдан да айқын, бұрынғыдан да әсем. Біз отырған беттегі сонау шалғай етекте жалғыз шуда бұлтқа ұқсап бұлыңғырап бір төбе көрінеді. Ал мына бетте қиян алыста жер шегіндей болып орман көгеретін сияқтанады. Осы бір жалпақ жазықта көзге ілінер де сол екеуі ғана. Қай бетке қарасаң да, болат доңғалаққа келіп соғылар сары балақ тартқан егін теңізі тұп-тура темір жолдан басталады да, көз ұшына дейін құлдырап арманға алысқа кете береді.
— Сөйтіп, қария жайын білгіңіз келе ме? Бұл бір ұзақ сонар әңгіме. Жалықпасаңыз, басынан айтайын, — деді Мезгіл ыстық кофеден бір ұрттап қойып.
— Неге жалығайын, қайта жол қысқарады.
— Мен мына Қарағанды түбіндегі Саран қаласында тұрамын. Кен инженерімін, — деп бастады ол әңгімесін. — Құдайшыл болмасақ та айта береміз ғой, құдай біледі дейін, тап беделсіз емеспін. Топ жарып, суырылып шығар анау айтқан өнерім бар демеймін, сонда да «Мезгіл өз ісін білмейді» деп ешкім айта алмайды. Содан ба, коллектив те, бастық та теріс қарап көрген емес. Өз ісіңе мығым болсаң, біреуге қиянат жасамасаң, теріс мінез көрсетпесең кімнің кімде не шаруасы бар дейсің, — деп бір тынды Мезгіл. Содан кейін шалқая отырып, темекісін тұтатты да, көзін даланың қиян шалғай алыс бір нүктесіне қадап отырып қалды. — Тулан, сіз білуге тиіссіз, біз бір қарбалас, аласапыран өмірде көктеп, дән салып келе жатқан жандармыз ғой. Жолымыздың бұлтарыс — қалтарысы жоқ болғанымен, бұралаңы көп. Кейде үндемей ғана тындыра салар шаруа үстінде орынсыз даурығып бітеміз. Мен сондайда осы бір айқайшылдығымыздың өзі әлсіздігіміз емес пе екен деп те ойлап қаламын. Әйтеуір артық кетейік, кем түсейік, соның бәрі арманды бір жарқын болашақ үшін деп түсінеміз де, соған семіреміз. Қайтсе де ниетте алалық жоқ.
Осындай бір кезекті науқанның кезі болатын. «Егер коммунизм күнін бір табан жақындатқың келсе, көмір өндірудегі тоқсандық жоспарды мезгілінде орында!» деген ұранды газетке де үсті-үстіне төпелеп жазып, әр шахтаға да ілгізіп, қызыл танау болып жатқанбыз. Соған алакөңіл болдым ба, немене, әйтеуір түнімен ұйықтай алмай шықтым. Ет жүрек кейде сезе ме деймін жаманшылықты, қобалжумен болдым. Содан ерте тұрып, мекемеге келсем, жұрт та жиналып қалған. Күтіп отырғандай-ақ, өре тұра келіп, иіліп, ілтипат көрсетіп жатыр. Бірі тұрып: «Сені бастық тосып отыр», — деді. Дегенмен мұның бірін де жаманшылыққа жорымадым: «Ет үйренген күнделікті науқан жайы шығар» деп ойладым да, кіріп бардым. Ол өзі анау-мынауға секектей бермейтін, өз бағасын түсінетін, жақынмын дегенді іші — бауырына біржола тартып та ала қоймайтын, алыспын дегенді үзілді-кесілді алшақтатып та жібере бермейтін, қайсысын болса да «ұрымтал жерің осы-ay» деген жерде ұстайтын, орнықты жырынды адам еді. Сол мінезінен басекең де айырылып қалыпты далбалақтап жатыр.
— Мезеке, Мезгіл жаққа барып қайтуыңа тура келе ме, әлде қайтеді?
Біз болсақ, жүріп-тұруға піскен, көнбіс адамдармыз ғой:
— Тығыз шаруа болып тұрса... — деп күмілжідім.
— Ие, ие, тығыз шаруа. Тап бүгін аттанғаның жөн. — Ол үстел тартпасынан бір қағазды суырып алды да, шиыршықтап біраз отырды. Сосын маған ұсынды.
Алсам телеграмма екен:
«Қайтсең де жет. Анаң әл үстінде. Көргісі келеді».
Мезгіл тура маған қарады. Шіркін, көз атаулы да қиян-қилы болмай ма. Мезгілдің осы бір қушық келген дөрекілеу кескінінде, ана қиықша келген монгол көзінде де жан тұнығы, аяушылық пен сенгіштік байқалатындай.
Ие, Мезгіл тура қарады маған. «Ал сосын қайттың? Анаң байғұсты көре алдың ба?» — деген сұрау қысып мен де тағат таппай отырмын.
Мезгіл менің осы ойымның үстінен түскендей.
— Мен аңырып отырып қалыппын. Қалтыраған қолыммен шиыршықталған телеграмманы уқалай берсем керек. Бастық болса, аяушылығын білдіріп жатыр.
— Қамыққанмен өнер ештеңе жоқ енді. Берік бол. Мүмкін әлдеқалай беріле салған телеграмма шығар. Мүмкін айығып та кететін болар. Осында жұрт шығарып саламыз, көмектесеміз деп қамданып жатыр, мен де солардың ішіндемін... — деген сияқты.
Обалы нешік, пейіліне рақмет. Өз қасиетің де, жора-жолдастарыңның адамгершілігі де осындайда көрінбей ме. Аянғаны болған жоқ, қолынан келгенін жасады бәрі де...
Мен, сөйтіп, жол жабдығына кірісейін деп үйге келдім де, телеграмманы әйеліме бердім. Бұл қайдағы анаң? Анаң бар ма еді сенің? — Әйелімнің бірінші сұрағы осы болды. Бұл байғұста да кінә жоқ. Мен басында балалар үйінде тәрбиелендім. Одан біраз жылды майданда оқ пен оттың ортасында өткердік. Сосын институтқа түстім. Сонда жүріп сол замандасыңмен кездестім. Оқу да бітті, үйлендік. Балалы-шағалы болдық. Содан жұмысқа орналастық дегендей. Бірақ осы жылдардың ішінде «анам бар еді» деген сөзді тісімнен шығарып керген пенде емеспін... Сол себепті қайдан кінәлі болады ол бишара. Бірақ анасынан безіп кетіпті деп жазғыра көрмеңіз. Бұл жерде менің де кінәм онша көп болмаса керек. Сөйтіп, не керек, қысқарта сөйлегенде әйеліме бар сырды осы жерде баяндадым да, марқұмның басына бір уыс топырақ салуды өзіме парыз санап, жолға аттандым.
— Көкшетауға келгесін білдім, — деп жалғады Мезгіл әңгімесін. — Мен іздеп келе жатқан үй Мезгілдің Есіл жақ шалғай шетіне жаңа қоныс тепкен тың совхозында екен. Олай қарай жүретін автобус ертемен кетіп қалған. Оны күтсем, тағы бір күнім босқа өледі. Ең абзалы такси жалдап кету болды.
Мен, сөйтіп, бір «Волгаға» отырдым да, айналып жүретін жаңа тас жолды тастап, бұрын бала шағымда талай рет шиырлап өзім жүрген ескі жолмен төте тарттым...
Мен тоқтаусыз жүріп келемін. Жүріп келе жатсам да ұстараның жүзінде отырғандаймын. Мегзеулі жерге жақындаған сайын жүрегім өрекпиді. Әуелде байқалмаған бір сезімге берілгендеймін. Көп жылдан бері көріспей жат бауыр болып кеткен осы бір адам сәт сайын қимасым болып, қымбат тартып барады. «Көре алмай қалам ба», — деп асығамын да мазасызданамын. Оған себепші — жоқ-жұтаң балалық шағымды өткерген осы бір ыстық өлке — туған жер ме деп те шамалаймын. Бір кезде бала жүрекке түскен өткен күннің із-таңбалары, қайғы-қасірет жайлары - ұлы дауа — уақыттың өз шипасымен көмескі тартқан қайғы-қасірет жайлары міне, енді дүрбіден көрінгендей тым ұлғайып, айқын елес береді де, сөнген сезімдерді қара өрттей лаулатады. — Мезгіл тағы да темекі тұтатты. Сездіргісі келмесе де, қолының қалтырағанын байқаймын. Толқып отыр. — Өрт! Өрт! — деп екі рет қайталап тынды ол. Содан кейін бері бұрылды. — Бұл даладағы қара өрт дегеннің не екенін білесіз бе?
— Әрине... өрттің аты өрт емес пе, — деп күмілжідім.
Мезгілдің қабағына кірбең ілінді. Даусы қатқылдау шықты.
— Жоқ, Тулан. Мезгілде бұрын болып көрмесеңіз, қара өрт дегеннің не екенін білмейсіз онда. Ондаған жыл бойы ұйысып жатқан өлі қауға от тисе бітті, ақыр заманның келгені деп түсіне беріңіз. Қау дегенің лапылдап майша жанады. Қызуы қандай десеңші бет қаратпайтын.
Жолыңдағының бәрін де жалап, жалмайды да жылжи береді. Қыбырлаған жан иесінде ес қалмайды. Тайлы таяғымен шығып, күн алысады, түн алысады, бірақ жаһанды жалпағынан жайлап алған қара өрттің беті қайтпайды. Құдайдың дес берісінде, қара нөсер төгіп берсе, сонда ғана басылады. Әйтпесе, сеңдей соғылысқан халықтың өлгені өліп, өлмегені жан сауғалап, бетінің ауған жағына босып кете береді. Жұт жеті ағайынды десе, тап мына Мезгілдің даласы үшін сегіз ағайынды болған-ақ шығар деймін. Бала кезімізде сондай қара өрттің талайын көрдік қой.
...Міне, машина жылжып келеді. Қай тарапқа көз салмайын адамның ащы терінен жаралған егін теңізі — бұрын осы даланы басып, жаныштап өтетін сан алуан жұттарды келмеске жіберген ырыс теңізі сахара самалымен толқып, тербеледі. Көк аспанда ала шарпы бұлт көшеді. Құдды дүние, дүние болып жаралғалы аспанында дәл осылай ала шарпы бұлт көшіп, даласында дәл осылай егін толқып тұрғандай. Құдды бұл өңірде осы жарқын көріністен басқа өзге көрініс — құбылыстардың көлеңкесі түсігі, өтпеген сияқты. Ие, бұл тосын көзге, саңылауы жоқ, ойсыз көзге ғана солай. Байымдағанға талай-талай оқиғалардың талай-талай іздері жатыр мұнда.
Міне, жайқалған егін арасынан әлдебір төмпелер қылаң береді. Одан әрі шөп басқан қол бар. Ал сол көлге құлай беріс қабақта зырлап өтіп жатқан заман толқынының, зырлап өтіп жатқан әр қилы адам толқындарының тоқтап, тұнып қалған бір сәті — молалар қараяды. Ана төмпелер біздің ауылдың ескі жұрты, ана молалар біздің сол ескі ауылдың моласы. Екеуінде де осы даланы жайпап өткен қара өрттің ізі бар...
Жаз болса сулы, томарлы, көлді жерлерді сағалап, Мезгілдің жан бармас түкпірлеріне қарай сұғына көшіп, ілгерілеп кете беретін біздің ауыл 1930 жылы осы «Торқа» деп аталатын шөпті көлдің ық жағынан қоныс тепті. Мен онда сегізде едім. Сегізде болсам да, сондағы көп жайлар көкірегімде бүгінгідей сайрап тұр. Әлі есімде, көктемнің жаңбырлы бір күнінде шинельді бір тапал келді. Басына оттай қызыл жұлдызы бар шлем киіп, қолына жуан портфель ұстап келгеніне дейін ұмытпаппын. Жұрт жиналып, кішкене төбені айнала отырды. Жаңағы шинельді тапал төбенің биігіне шығып алды да, қолын олай -бұлай сермеп сөйлей берді. Содан есімде қалғаны ТОЗ деген бір сөз.
Сол сол-ақ екен, үлкеннің де, кішінің де бар айтатыны ТОЗ1 болды да кетті. Егін салса да ТОЗ, мал бағып, пішен шапса да ТОЗ. Қора-қопсы, жайларды салып бітіріп, үйге енгеннен кейін әкем де:
— Біз енді ТОЗ болып ұйымдастық, — деді.
«ТОЗ-ы несі?» — деп мен ойлаймын. Мені әлде баласына ма, болмаса, айтқанды жетіп өзім түсіне алмаймын ба, қайдан білейін, әйтеуір бір пендеден тұрлаулы жауап ала алмаймын.
Әкем менің шапеті, шағын денелі қағылез кісі еді. Әрі мінезі де жұмсақ, көп сөйлеуді білмейтін-ді. Әңгіме айтқандарды кезек құптап, қиықша келген монгол көзін күлімдетіп үн-түнсіз отыра беретіні көз алдымда.
Өзі де бір бақ деген малды бағып, істе деген шаруаны істеп жүре беретін көлденең сөзде жұмысы жоқ, қой аузынан шоп алмастың өзі еді. Сонысына бағып көп айтып анықтауға еріне ме, болмаса, өзі де айқын түсініп жетпеген бе, кім білсін, ол да:
— ТОЗ деген ол кәдуілгі ТОЗ-дағы, — деп жауап береді.
Қысқасы, біздің ауыл, сөйтіп, ТОЗ болып ұйымдасты. Трактор деген болса да жоқ ол кезде. Дегенмен сирек көретін басқа саймандардың бірсыпырасы — ат сеялкасы бричка деймісің, шөп жинайтын ат тырнауышы, соқа-саймандар деймісің, әйтеуір ауыл қотанына жинала берді. Қайдан келіп жатқанын да жөндеп білмеймін. Жалғыз-ақ, «Ана Әлти байдың көк бірішкесін жек те, шөпке бар», «Ана Тырнауық байдың көк қасқасымен өкілді сыртқы ауылға апарып сал!» деп әкеме арнап жиі айтылатын тұжырымды бұйрықтардан ғана «е, бұл байлардың дүниесі екен ғой» деп шамалаймын. Ол, тегі, қазіргі ойым болса керек, өйткені сегіз жасар баланың ненің қайдан келіп, қайда кетіп жатқанында не шаруасы болады дейсің. Жалғыз-ақ менің есімнен кетпейтіні сол жылғы жаздың айырықша ыстық болғаны. Ойпырай, бұл жерде сондай ыстық болады екен-ау. Құбыладан соққан аңызақ жер-дүниені күйдіріп, қаусатып жатты. ТОЗ болып, бірлесіп салған, аз егінге қарасаң, ішің ашиды. Сүт күйінде сабағы қурап, дәл салмаған масағы сарғая қуырылып, жел өтінде елбектейді де тұрады. Ала жаздай сазарып бір тамбай қойған күн реңкі тым бұзық. Содан түршіге сескенген жұрт аузында:
— Жыл репеті жақсы емес. Қыс ау — жайы қалай болар екен?
— Құдай сақтасын да, бір сіреңке басы ұшып түссе, Мезгілдің даласында жалғыз түп көде қалады деп ойлама!
— Қағына тиеді дей бер.
— Кезектесіп күзет қойған жөн. Сақ болған жөн.
— Өңшең тобырлар жиылып ТОЗ құрыпты, тоздырып жіберу керек дейтін көрінеді өшіккен байлар. Қарап қалады дейсің бе?
Ескі күнді еске алса жұрт: «Біздің елде ана бай, мына бай болған» десіп жатады. Ал мен болсам, тумысымда бір байды кездестіріп көрген емен. Содан да «бай» десе, зәрем ұшады. «Бай» дегеннің кім болатынын да білмейтін болсам керек онда. «Бай», «бай» деп жұрт жамандай беретін болғандықтан ба, әйтеуір ол маған кездескенді жалмап, жұта беретін аждаһа сияқты елестейтін-ді. Сол үрейдің салдары ғой деймін, жұрт сөзін тыңдасам, жүрегім тітіренеді. Көрінбейтін бір құбыжық ақырын жылжып келе жатқан сияқтанады маған...
Әлі есімде, желді, аңызақ күн еді. Кеш түсті. Жалқынды өрттей қызарып, зорайып барып күн батты. Дүние алаулай мұнартып түтіндеп тұрды. Үйге төсек салынды, мен жатқанымды ғана білемін. Содан ояна келсем, әкемнің қолында жүрмін. Төңірек самаладай. Ащы түтін иісі шығады. Айнала орап, қаулай жанып қара өрт келеді. Бет бақтырмас алды — біздің ауыл. Арты қара түннің өзіндей қап-қара үңірейген жоқтық. Екілене ішін тартып, жел соғады. Жел соққан сайын алтын найзалар жарқ жұрқ етіп ырғып-ырғып түседі де, дуылдай жөнеледі. Қарғып, қораларға шығып жатыр. Кеше ғана еңбекпен тұрғызған мекен-жайлар міне енді көз алдымда күтір-күтір, күрс-күрс құлай бастады. Қора арқалықтарын ораған сұғанақ жалын тілдері соққан желдің күшімен қарманарға ештеңе таба алмағандай, бір ауық созыла дірілдеп, жалаңдап тұрады да, үзіліп барып, алдағы тың жерге жабыса қалады. Содан кейін тағы да дүр етіп қоздап, балалап жатқаны.
Төңірек шуға толы, азан-қазан. Шәуілдеп ит үреді. Әйелдер зарлайды. Барлығып еркектер айқайлайды.
Мен де әкемнің қойнында жылап жүрмін. Біздің үйдің терезесінен жалын сумаңдай бастады. Содан қорқамын ба, дауыстап апамды іздеймін. Бірақ қайтып көруге жазбапты оны маған. Кейін білдім ғой, «ақсұңқар балапаны үшін торға түседі» демей ме, жаңылыстан мені үйде қалды деп ойлап, лаулаған оттың ішіне қойып кеткен де, содан қайтып шықпаған.
— Сөйтіп, апам сорлы тағдыр ойыншығы есепті, қайғылы жаңсақтықтың құрбаны болып кетті... Мен, сөйтіп, апамнан айырылдым. Бала кездің қуанышы да, қайғысы да тамырсыз, негізсіз келеді. Тез тарқайды дейді ғой. Мен осыны теріс ұғым ба деп шамалаймын. Өйткені қанша жұрт жиналды. Мола басына қалай бардық, бәрі де есімде. Тіпті апамның қыр мұрынды қызыл жүзі, қалың келген қара қасы, басын әнтек бұрып төмен отырып күлгенде көрінетін ақ тістері де көз алдымда. Мен оны ұмыта алмадым. Біреуден жәбір көрсем де, қарным ашса да, әкемнен қалып қойсам да үнемі есіме апам түседі де, боздай беремін. Ал біреу-міреу шақырып алып, қолыма бір үзім нан ұстатса, «алда байғұс — ай!» деп арқамнан қақса, қайғы-қасіреттің бәрі ұмыт болған сияқтанады. Асыр салып, ойнап кете барамын. Ол бірақ көпке бармайды, жетімдік бұлты тез келіп қайта орнайды.
Дегенмен жер дүниені жайпап кеткен осы бір өрттен кейін ТОЗ өмірінде де, менің өмірімде де үлкен-үлкен өзгерістер болды. Маялаған пішені мен тірі тұрған егінін, үй-жайы мен шаруашылық құралдарын өртке берген соң ТОЗ-да не күй қалды дейсің, тозып кетті. Ал мен болсам...
Осы кезде поезд жүрісі бәсеңдей берді де, кішігірім станцияға келіп тоқтады. Мана біз келгенде қарсы алдымыздағы күн шырқап төбеге шығып алыпты. Мезгіл сағатына қарады.
— Еһе, тәуір-ақ отырыппыз ғой. Қарияны тамақтандыратын уақыт та болған екен. Мен шай апарып беріп келейін, — деп ширақ басып шығып кетті.
Оңаша қалғандықтан ба, мен ала көңіл болып отырмын. «Бір анасы өліпті, бір анасын іздеп бара жатыр. Бір қарияны ертіп келе жатыр.
Бәрі де жұмбақ болып барады», - деп ойлаймын.
***
Сөйтіп, мен ойда жоқта жетім болып шыға келдім, ал ТОЗ болса, тозып кетті, — деп жалғады Мезгіл әңгімесін поезд қозғалып кеткен соң. — Бірақ ТОЗ-дың жарасы жеңіл болды. Қайта сол төңіректегі талай ТОЗ-дар, талай ауылдар жиналып, келер жылы «Майбалық» деген қайран көлдің жағасына жаңа қоныс тепті, колхоз болып ұйымдасты. Қызыл шатырлы, көк шатырлы биік-биік үйлер көбейді. Күнде жиын болады, қызу-қызу сөздер айтылып жатады. Ақ көбік болып аттар сабылады. Ел-елдің арасында шапқындар жосылады. Ізін құрғатпай өкілдер жүреді, портфель ұстап, мылтық асынып, соттар келеді жуан-жуан папкаларды арқалап. Ойын-той, думандар да көп. Болып жатқан бұл қызба, ал көрініс — құбылыстардың көбіне мен түсінбеймін. Сонда да ел өмірінде қауырт бір өзгерістердің болып жатқанын аңдасам керек. Міне, тозған ТОЗ-дың ақыры осылай өрге тартты.
Ал менің халім мүлде мүшкіл. Әкем жұмысқа кетеді. Мен үйде жалғыз қала алмаймын. Қайда барса да қасындамын. Шешенің жоқтығынан маған да, үй ішіне де жүдеушілік кіре бастағанға ұқсайды. Оны иіні жыртылған көйлегімнен, бұрыш-бұрышта салбырап тұратын өрмекші сілбісінен, әкемнің қабағынан аңғарамын. Үндемейді, күлмейді. Осындайда сап етіп апам түседі есіме. Сағынамын. Көршідегі үйдің терезесінен пешінде маздап жанған отты көрсем де көңілім жүдеп, жасып қаламын. Мына қас — көйлекті қойсаңшы, әкем екеуміз болып тұтатқан тезектің бықсымай, түтіндемей ана сияқты маздап жанатын бір күні жоқ. Пешке басты тығып жіберіп, өңештей үрлеп үнемі қызыл кеңірдек боламыз да жатамыз.
Өсти-өсти күндер де өте берді. Жылауық бұлтты күз түсті. Қилы адамдарға қилы-қилы тағдыр дайындап отыз бірінші жылдың аты шулы қысы да таянып келе жатты.
Себелеп жаңбыр бүркеді. Дүние күңгірт, жабыңқы. Қыс келерін танытар ызғар бар ауада. Суға малшынған қамыс қораның ығында құлағын салбырата жусап ақ қаптал бір арық ат тұр. Белсенділерден ығыр болған ба, кім білсін, мені көріп қаға беріске қарай айнала береді. Жауырда менің не шаруам бар. Өз әлегім өзімде. Кітабымды арқалап, мектептен келемін. Тоңып келем. Жамбастап қалған көн етігім бар. Қопарылған ұлтаны қайырылып қалмасын деп аяғымды көтеріп басамын. Жер лайсаң. Етіктің іші одан да өткін. Жалаң аяқ саман үйдің лайын басып жүрген сияқтымын. Қорс-қорс етеді.
Үйде әкем жоқ. Ертемен тұрып басқа бір колхозға кеткен. Қасында колхоз ісіне араласып, белсенді атанып жүрген Нұрым деген жақынымыз бар. Қайда әкетсе де сол әкетті.
Мен лай басып үйге жақындадым. Сұсты, суық үйге кіргім де келмейді. Міне, терезе алдынан өттім. Кенет пеште жанған отты көрдім. Тағы да өрт екен ғой деп жүрегім су етті. Бірақ түтін дегенің мұржадан шығып жатыр. Бықсып жанған оттың түтіні емес, дауылдап жанған оттың түтіні. Түйін-түйін, буын-буын болып будақтап шығады. «Кім келіп жақты екен? Әлде әкем бе екен?» деген оймен үйге кірдім... Пеш қасында бір әйел отыр. Басында қызыл шәлі. Үстінде батсайы қамзол. Пеш қойнында сары самауыр ызылдайды. Үй іші жып-жылы. Бірақ әкем жоқ. Бейтаныс әйелден басқа бір пенде жоқ. Мен есік алдында боқшамды ұстап, адырая қарап аңырып қалдым.
— Сен Мезгілмісің! Өй, айналайын, келе ғой, — деді әйел. Сонан соң бетімнен сүйді. Қолыма бір түйір қант ұстатты. — Тоңдың ғой, кел, жылына ғой.
Менде үн жоқ. «Қолы да жұмсақ, сөзі де жұмсақ бұл кім? Әлде мен білмейтін жақын жекжат, нағашылардың бірі ме?» Мен бірақ кімсің демедім. Ол да пәленмін деп айтпады. Далаға шықтым. Келдібай дейтін жырық танау бір даукес бала болатын. Сол кездесе кетті де, жаңалықты табан аузында жеткізді.
— Әкең қатын әкелді. Көрдің бе, ей?
«Әкем әйел алады-ау» — дегенді мүлде ойламасам керек, жырық танаудың сөзі жай түскендей болды. Жүрегім ауырып жүре берді. Содан күн ұзақ үйге жоламадым. Етік ішіндегі лайды былш-былш басып, қора төңірегінде жүрдім де қойдым. Бәрінен бұрын әкемді қызғанамын. Сөйтіп жүргенде кеш түсті. Ауыл-үйдің Нұрым бастаған бірер адамы келді. Қазанға ас салынды. Әкем байғұс бұрынғыдай емес сияқты. «Осы баяғыда...» — деп әңгімені баяғыдан бастап, көтеріле сөйлеп отыр. Әкем жайдарыланған соң, менің де ауруым тарқай бастаған секілді. Қисайып жатып, қазан-ошақ жаққа қараймын. Ол бір ығыр еткен дүние еді мені. Енді әйел қолына тигені ептеп мақтаныш та сияқты ма қалай.
Ауылды жерде таң сарғаймай тамақ пісе ме, солай жатып ұйықтап та қалыппын. Ояна келсем, жым-жырт, қап-қараңғы. Қасымда әкем жоқ, жалғызбын.
— Әке! Қайдасың, әке? — дедім шошынып.
— Жата ғой, жаным, мен осындамын. — Әкем қозғалатын емес. Бір жарым жыл бойы қойнында жатып, бауыр басып, иісін алып қалғандық болса керек, қармалап жүріп қасына бардым. Ойымда түк те жоқ. «Неге жалғыз қалдырған?» — деймін қайта. Барсам, ар жағында теңкиіп біреу жатыр. Кенет жырық танау ойыма сап ете түсті: «Әкең қатын әкелді. Көрдің бе, ей?» — Көрдім. Міне, енді көрдім.
— Мынау кім, әке? — деп сұрадым білсем де.
— Ол сенің Бибігүл анаң. Саған апа бола келді осында.
— Ие, саған, апам емес. Біреудің апасы апа болмайды маған. Кетсінші әрі. — Намыстанып жатырмын. Ертең жырық танау Келдібай: «Әкең ана алып келген қатынның жанына жатты. Сен ұйықтап қалдың. Ұйқышыл», — деп мазақтарында дау жоқ. Мен екеуінің арасына түстім де, әкемді қатты құшақтап жатып алдым.
...Ояна келсем, сәске түс. Төсекте әкем жоқ, терезеден қаруы қайтқан күз күні сығалайды. Сонан ба, үй іші көңілді, сергек сезілетіндей. Оң жақта батсайы шымылдық желбірейді. Сондай сәнді. Пештің қара қожалақ күйесі де жоқ, шаңқандай ақ тартып, жалтырайды. От та маздап, қыза жанып жатыр. Еден де кірден тазарып қалған. Қысқасы, бір құдіретті қолдың күшімен үй де, күн де өзгеріп, айрықша нұрланып кетіпті. Кенет қазан-ошақ жағынан біреудің жүргені естілді. Сары самауыр күжілдейді. Маған: «Сені күтіп күжілдеймін, түрегел», — дейтін сияқты. Көзімді салсам, көк көйлекті біреу жүр. Кәдімгі менің апам. Жүріс-тұрысы, айна-қатесіз аумайды. «Апа!» — деп дауыстап жібере жаздап тоқтадым. Жоқ, ол апам емес, кешегі әйел, түндегі Бибігүл дейтін әйел.
Мен түрегелдім. Қарсы алдымда жылы жүзбен күле қарап Бибігүл тұр. Тым қызғаншақ екенсің. Әкеңді қызғанып сомадай болып... ұят - ай! - деп күле ме, кім білсін. Мен төмен қарадым.
— Ана үстіңдегілерді шеш те, мынаны ки! — деп ол қасыма бір түйіншекті тастады. — Тез киін де, түрегел, шәйің суып қалады.
Түйіншекті жазсам, жаңа тігілген көйлек пен дамбал екен. Жаңа нәрсені көрмегеніме қанша болды десеңші, қуанғанымнан жүрегім дүрсілдеді. Тез киіп алдым да, шайға отырдым. Пеште дүрілдеп от жанып жатыр. Бибігүл менің ескі көйлек-дамбалымды, домалақтап алды да, отқа ұрды.
— Бар қырсық осымен кетсін!
Мен отқа қарап отырмын. Ол шай құйып беріп отыр. Екеуімізде де үн жоқ. Пеш ішінде торсылдап, борсылдап менің құрым болып кеткен көйлек-дамбалым жанып жатыр. Қызық-ай, ескі киім дегенің отқа салса, тезек сияқты бықсымай, қамыс сияқты лапылдамай, бытырлап- шытырлап жанады екен ғой. Оны кім білген!
Ол бірінші болып үн қатты:
— Ана желқомнан басқа көйлегің жоқ па еді? Неге жырым-жырым болған соншама?
— Жоқ. Апам барда көп болатын. Бәрі де жыртылып қалды.
— Апаң қайда?
«Білмейтін шығарсың!» — деп қойдым ішімнен.
— Өліп қалған, — деп келте жауап бердім.
Бибігүл күрсініп қойды.
— Сенде апа жоқ, менде бала жоқ...
— Балаң қайда? — дедім оқыстан, ойланбастан.
Ол да жауапты келте қайырды.
— Өліп қалған...
Кенет менің көз алдыма өрт елестеді. Неге екенін кім білсін, оның баласы да менің апама ұқсап, анасын іздеп жүріп от ішінде қалған сияқтанды.
Әлде өлген баласын есіне алды ма, болмаса басқа қайғысы бар ма, қайдан білейін, төмен салған басымды көтерсем, Бибігүлдің көз шарасы жасқа толып, мөлдіреп тұр екен. Бұл бейшараның халі менен де жаман екен деймін бе, әйтеуір, көңілімде оған деген бір аяушылық пайда болды.
— Апаңның жоғын естігенмін, — деді ол. — Ести тұра әдейі келдім, бала етіп алайын деп келдім.
Мен үндемедім. «Бала болмаймын!» — деп айта алмадым. Бірақ бала мінез дегенді қойсаңызшы, осы күні ойласам күлкім келеді. Отырып, отырып:
— Бірақ әкемнің қасына жатпайсың. Өйтіп апа болмайды. Сен түгіл өйтіп апам да жатып көрген емес, — деппін.
Бибігүл күлді:
— Ол рас, өйтіп апа болмайды.
Бірақ қазір күлкі болса да, ол кезде шын көңілім сол ғой. Көлденең біреу келіп бар сенген әкеңнің жанына теңкиіп жатып алса, енді қайтесің? Ол соны ұқты ғой деймін. Менің дегенімді істейтін болды. Мен оған «бала болам, айтқан сөзіңді тыңдаймын», — деп уәде бердім. Содан кейін о да, мен де анттан тайып көрген емеспіз. — Мезгіл тағы да езу тартты. — Маған білдірмей бұзса өзі біледі, ал көзімше әкеме бір таянған кезін байқаған емеспін. Сол себепті, өгей шешенің айтқанын мен де қайталатып көрмедім.
Сөйтіп, мен өгей шешеммен осылай таныстым. Жай шарттасқанмен адам көңіліне күдік деген кіре береді екен ғой. Көпке дейін бауыр басып кете алмай жүрдім. Сәл нәрседен кісі киікше секем алып, состиып қаламын. Өстіп күндер өтіп жатты.
Бір күні бір топ бала асық ойнадық. Ішінде жырық танау Келдібай да бар. Мен оның асығын ұтып алдым. Ол менің жағамнан алды:
— Асығымды қайтар. Мен өтірік ойнасам, сен шындайсың.
— Жібер деймін, көйлегімді жыртасың.
— Ол сенің көйлегің емес. Әкеңнің қатыны берген саған. Бер асығымды, — деп Келдібай жағамнан тартып қалып қақ айырды да, тұра қашты. Мен әудем жерге жібермедім, қуып жеттім де, желкеден бірді қондырып қалпақтай ұшырдым.
— Ал, жырық танау, саған керегі осы ғой, — деп үстіне мініп алып, төмпештей бастадым.
— Ал саған керегі ше? — құлағым тызылдап әкетіп барады. Жалт қарасам, жырық танаудың ағасы:
— Ә, қалқан құлақ, әлім жетті деген қалай екен?!
— Өзі неге тиіседі кісіге?
Келдібайдың ағасы мені тұрғызып алды да, кеудемнен түйіп кеп жіберді. Он төрт, он беске келіп қалған сойталдай немеге мен төтеп бере алайын ба, шалқамнан түстім. Сол кезде Бибігүлдің даусы шықты:
— Бұл жетімек сорлыны өлтірейін деп пе едіңдер-әй, екеулеп?.. — деп жүгіріп келді де, Келдібайдың ағасын шапалақпен сарт еткізді. — Ендігәрі булай істесең сирағыңды қырқамын, білдің бе. Соқтыққандарыңның соңы осы болсын.
Менің төбем көкке жетті. Ол маған қара ағаштай пана екен ғой.
Сөйткенше болмады. Бибігүл мені сүйрей жетелеп үйге кірді.
— Өзіңде де бар. Неге соқтығасың сол содырларға! — деп ал кеп ұрыс. Мен «мұнысы несі?» деп жаутаңдап тұрмын. Бірақ байқаймын, зілі жоқ секілді. Жек көріп, жекіп ұрыспайды, таяқ жедің деп аяп, жаны ашып ұрсады. Кәдуілгі өз апамның ұрысқаны сияқты. Мен оны құшақтай алдым да, өксіп жылап жібердім. Бибігүл кеудемнен итермеді. Қайта өз анама ұқсап бауырына тартты. Байқасам, оның да көзінде жас тұр. Мен сонда ол екеуміздің мұңдас жандар екенімізді ұқсам керек, әйтеуір бар балалық сезіміммен біржола құлай берілдім.
Кейін білдім, Бибігүл де сіңірі шыққан кедейдің қызы екен. Он бес жасында зорлықпен бір бай шалға әйел үстіне тоқал болып барыпты. Содан жүре-бара бір бала көтерген екен, үш жасқа жетпей ауырып өлген. Ал бай 28-ші жылы конфескеге ілінген соң, бұл байғұс басына бостандық алып, босап шығыпты. Бірақ мұны кейін білдім дедім ғой. Мұңдас дегенде мен оны аяп жүр дейсің бе. Бала махаббаты деген үлкендердің өзіне қалай қарайтынына қарай тумай ма. Бұл әйелден сондай бір жылы сезімді, жұмсақ алақанды байқасам керек.
Сөйтіп, мен өгей шешеммен осылай табыстым.
Бибігүл маған шын мағынасында ана бола білді. Мен оған бала болуға тырыстым. «Өгей шеше...» — десе көптің ұғымында бір ғана жәбір-жапа, ұрыс-керіс тұрады. Мен мұны бір жақты үстірт ұғым демекпін. Қазір өз бойымда көзге түсер жағымды бір қасиет бар болса, сол өгей шешемнен келген қасиет деп білемін. «Көре алсам жарар еді!» — деп тағат таппай асығып келе жатқаным да содан болса керек.
Мен шыдай алмадым:
— Сол жақсы көрген анаңыздан қайтып ажырасып қалдыңыз? Әйеліңізге «анам бар еді» деп айтпағаныңыздың мәні қалай? — деп сұрадым.
Мезгіл ойлана отырып қалды. Қолайсыз сұрақ қойып ренжітіп алдым ба деп менде де маза жоқ. «Өзі айтса айтты, айтпаса не шаруам бар еді қазбалап?!» — деп өкінемін. Ебін таппаған тұз жалайдының кері болып, сасқанымнан терезеге қараймын. Манағыдай емес, жер бедері де өзгерген. Жазық далалар ауысып бел-белестер, адыр — төбелер көбейе бастады. «Тегі, Мезгілдің даласынан өтіп кетсек керек», — деп ойлаймын.
— Бұл даладағы жынды боранның не екенін түсінесің бе, Тулан? — деп сұрады Мезгіл оқыстан.
«Әрине, боранның аты боран емес пе?!» — дегім келіп бір тұрдым да, манағы өрт жайындағы жауабым есіме түсіп, тоқтап қалдым.
— Жоқ, былай естігенім болмаса...
— Бәсе, білмейсіз. Өй, сойқан ғой ол бір. Қара өрт дегенің түк емес мұның жанында. Одан әйтеуір жол тауып құтылуға болады ғой. Ал мына жынды боранның қармағына бір іліксең, тірі шығуың жоқ. Жоқ, жұт сегіз ағайынды емес, тоғыз ағайынды болған мына Мезгілдің даласында. Айлап соққан ақ түтек толастамайды-ау! Жер мен көк астасып, ақ кебінге оранып алады да, құтырына ұйтқиды кеп. Осындайда сыртқа шықсаң болды, көз алдыңда қарайып, қалқайып көрінген көрші үйлерден табан астында көз жазасың да, ақ сұрқай қоймалжың бір зәһәрлі дүниенің ішіне еніп жүре бересің... Үйде отырып та рақат таба алмайсың. Шөккен пілге ұқсап терезе алдында тау-тау қар тұрады. Әр қилы өрнек салып әйнекке қалың қырау қатады. Күн тал түс болса да, өз үйің өткен түннің бір бөлшегін жасыра тығып, ұстап қалғандай, тым қараңғы тартады. Сырттан кіргенде көзің үйренгенше әр нәрсені бір қарманып, мүгедек боласың да қаласың. Пеш мұржасы әлденені азалап, ертеңді-кеш ұлиды кеп. Жүрегіңді тырналайды. Айналаң гулеген жел болады. Пеш маңынан басқа баспана таппайсың тіпті.
«Анаңыздан қайтіп ажырастыңыз?» — деп сұрадың ғой жаңа. Айтайын. Мен ол кісіден сол жылы осындай бір жынды боранда адасып қалдым. Туған шешемді Мезгілдің өрті алды, өгей шешемді Мезгілдің бораны әкетті...
Осы кезде поезд бір станцияға келіп тоқтады. Ресторанға лап қойған аумақты топ буфетті қоршалап алды да, сыра сұрап, арақ сұрап дабырласа бастады.
— Далаға шығып аз-кем бой жазсақ қайтеді? — деді Мезгіл.
Мен қарсылық жасамадым. «Е, мына өзімен бірге келе жатқан қария — сол Бибігүл шешесі болды ғой» — деп мен де қозғалдым. «Бірақ, әлгінде Бишәм демеп пе еді? — деген тағы да бір ой келеді. — Бұл әлде үшінші анасы болды ма екен?»
* * *
Поезд тағы да ілгері жылжыды. Біз тағы да баяғы орнымызға келіп отырдық.
— Ол заманда зорлық-зомбылық дегенде шек болған ба, менің әкем жәбір көрсе, өз ағайындарынан көріпті, — деді Мезгіл. — Бойдақ кезінде әлді ағайындарының малын бағып, отын-суын тасығаны өз алдына, кейін отау болып оңаша шыққасын да, «бәрекелде, бетіңнен жарылқасын!» дегенді ести алмаған. Шабындық бөлінсе, жердің таз — шақатты жерлерін беріпті. Ал егін салса, «алған соқа-сайманыңның майы, мінген көлігіңнің майы» — деп, түскен шығымның молын өздеріне алыпты. Ананың кезегі, мынаның кезегі дейтіндердің бәрі де қит етсе Қойшыбайдікі бола қалады. Үй ішінің «әрі отыр, бері отыры» сияқты жақындарынан көрген жапасы итермеледі ме, әлде қараңғы болса да заман ауқымын бағдарлай білді ме, әйтеуір, Қойшыекеңнің жалғыз аты мен жалғыз сиырын ортаға салып, колхозға бірінші болып кіргенін білемін.
— Ағайын арасында артық-кем деген болмайды. Бәріміз де жұмылып жұмыс істейміз. Бірлестік, теңестік деген осы, — деді ол мүше болып келген күні қуанып. Әке қуанса бірдемені біліп қуанады да. Біз қайтып қағас қаламыз. «Өзімдікі» деген қаншық ит ол заман түгіл, осы күннің өзінде де әркімнің ішінде күшіктеп жатпай ма, қорамыздан мал кеткенге жанымыз ептеп ауырды. Сонда да өгей шешеміз екеуіміз болып біз де қуаттап, мақұл десіп жатырмыз.
Әкем әуелі орталықтың малын бақты. Анам орталықтың сиырын сауды. Содан кейін екеуі де сарайға ауысты. Ол кезде машина дегенің түске енген бе, әкем үш сырғауылды мосы етіп асып алады да, ертеден қара кешке дейін қол елеуішпен бидай елейді. Қойшыекең бойы шырға болса да, аса қарулы, жиын-тойларда күреске түсіп, белдескенді жығып жүретін, балуан атанған кісі еді, бір қажымайды. Шаңырақтай үлкен елеуіш толған бидайды тағандап тұрып алып шайқай береді, шайқай береді. Қас қарая қолына киіз кітабын ұстап есепші келеді де: «Бүгін Қойшыекең пәлен еңбек күн тапты, пәлен тонна тұқым қорын мазалады. Сөйтіп колхоз құрылысының жауларына пәлен тонна соққы берді. Жарады!» — дейді мақтап. Есепші әкемді осылай мақтаса, мен шешем үшін қалай мақтануым керек екенін таба алмаймын. Өйткені әкем пәлен тонна тұқым қорын елеп, колхоз құрылысының жауларына пәлен тонна соққы берсе, сол пәлен тонналарды бір сарайдан шелектеп тасып елеуішке салатын да, одан шыққан соң екінші сарайға тасып апарып құятын да менің өгей шешем. Әйтеуір бірді бірге қосса, екеу болатынын білемін де. Бибігүл апам екі әкенің жұмысын атқарып жүр деп бағалаймын.
Күн сайын тонналап ақталған соң шыдасын ба, көп кешікпей тазармаған бидай қалмады. Ал колхоз құрылысының жаулары қайтсе де құрып кете қоймады.
...Толассыз жынды боран соғады. Сондай түндерді баспаналап төрт аяқты, екі аяқты аш бөрілер жортады Мезгілдің даласында. Олар колхоздың малын ториды. Олар колхоздың сарайларын ториды. Қыбын тапса қарап қалмайды, атады, шабады, соққыға жығады, сөйтеді де айдап әкетеді, арбалап әкетеді.
Осындай шабыншылықтан ығыр болған колхоз белсенділері күзетшілерді сенімді деген адамдардан қояды. Сол сенімді дегеннің бірі менің әкем болыпты.
Ол бір күні кеңсеге шақырылды. Ауданнан келген тұрақты өкіл — Жүсіптің өзі шақырған. «Өзі» дейтін себебім бар: Диктатор болу үшін қол астындағы халықтың аз-көбі, қарайтын жердің көлемді-көлемсізі есеп емес пе деймін. Бір диктатор бар, миллиондаған халықты билеп, мыңдаған шақырым жерге әмірін жүргізіп отырса да місе тұтпайды. Басқа елдерге, басқа жерлерге көз алартумен болады. Ал екінші диктатор бар, қол астында елу-алпыс құралпы үй болса басқаны іздемейді. Ондайлар соған разы.
Жүсіп біздің ауылдағы сондай «айдағаны төрт ешкі, ысқырығы жер жаратын» кішкене «диктатор» еді. Ең алдымен оның ауылға қалай келгені менің күні бүгінге дейін есімде. Үш ат жегіп, екі иығына айқарып екі винтовка асынып келді. Келді де шапқылап жүріп көшелерді аралады, көшелерді аралап жүріп, тарсылдатып мылтық атты. Сырттағылар қашып үйге тығылды, үйдегілер «не сұмдық болып қалды» деп, босып далаға шықты.
Осыдан кейін үй жаппай тінту басталды. Не жоқ іздейтінін кім білсін, Қаһар Жүсіп күнде ертемен көшенің бір басынан түседі де, астан-кестеңін шығарады. Көрпе-жастық, төсек-орын жұлынған тауықтай бұрқырап терезеден сыртқа лақтырылады. Пеш қиратылады. Есіктердің топсасы жұлынады. Үлкен болсын, кіші болсын, бәрі де далаға шығарылады. Ақ қарда сөйлеуге аузы келмей кемсеңдеп кемпір-шал мен жас нәрестелерге қарайтын бір пенде табылмайды. Осы күні келмеске кеткен сол бір көріністерді ойлаймын да, қайран қаламын, Тулан. Жәбірлеуші де, жәбірленуші де адамға тән сезімдерден ада секілді. Жәбірлеушінің бойынан: «Ертең осы үйдің халі не болады? Шиеттей балалары бар екен, аштан өліп қалмас па?» — деген аяушылық сезілмейді. Қолына түскеннің бәрін де сыпырып алып, кеңсеге қарай аттандыра береді. Осымен тынса жақсы ғой. Тынбайды ғой мұнымен. Қора мен шошала кертесінен азын-аулақ үн шыққан, қарынға салған майы мен ет шыққан үй тайлы-таяғымен жауапқа шақырылады. Қайдан алса одан алсын, шындығы керек болмайды. «Ұрлап алдым, жасырып, сойып алдым» — дегенді мойындағанша, тартатын азап пен жазада толас жоқ. Суық шошалаға қамаған талай ана мен талай балалардың жан тапсырғанын көзіммен көрдім, Тулан. Ойласаң, денең мұздайды тіпті. Хайуан екеш хайуан да нәсіл қалдыруға тырысады екен ғой. Нәсіл қалдырмаса, тұқым-ұрпағымен құрып кететінін о да біледі. Қазір жер шарында екі жарым миллиард халық бар дейміз. Егер сол екі жарым миллиардтың өнім-өсімін елу-ақ жылға тоқтатар болса, жер бетінде бір пенде қалмайды екен. Адамзат ұрпағы құрып кетпек! Көз жүгіртші, Тулан, осыған. Өзі қонақтап отырған бұтақты аралаған Қаһар Жүсіпті не деуге болады?! Қарғыстың қандайы бар оған лайық? Хайуан дермісің, мал дермісің?!
Ал жәбірленуші ше? Бұл да бір осы күнге дейін шеше алмай қойған жұмбақ сырым: бір үйлі жан болып, ошарылып, талғажау етіп отырған көжелігін тартып алып кетіп бара жатқанға даусын шығарып тіл қатар бірі жоқ қой. Ертең аштан өлерін біледі. Біле тұра үндемейді. Жалынбайды. Жағынбайды. Томсарған күйде қала береді. Олар қайыр-садақа сұрауды да білмейді. Бала болсам да, бүгінгідей көз алдымда. Аштықтан көзінің алды күлтеленіп, аяқ-қолы, ісініп, бұралып жатқандардың талайын көрдім сол қыста. Бірдеме берсең алады, жейді. Бірақ өз бетімен қолын созбайды. Ештеңені дәметпейді де. Өңменіңнен өтер өткір көзін бірдемеге мағынасыз қадап жата береді. Бұл не нәрсе, Тулан? Ерлік пе? Әлде ездік пе? Береген қолым алаған демеуші ме еді халық? Бар күнінде қонақжай дарқан пенделердің өлім аузында басқадан түк дәметпеуін, дәметпей жатып жан тапсыруын қалай түсінуге болады? Жұмбақ бұл маған. Күні бүгінге дейін жұмбақ.
Бірді айтып бірге кете беремін, Тулан. Адам болған соң, көкейде жүрген сыр ғой бұл. Енді Қаһар Жүсіптің өзіне оралайық. Ие, менің әкемді сол Жүсекеңнің өзі шақырған.
— Сен кімсің?
— Мен, Қо-Қойшыбаймын...
— Қой бағып жүріп, байып кетсін деп қойған ғой. Ниетінің жаманын қарашы. Байлармен байланысың жоқ па?
— Жо-жоқ...
— Жоқ болса, бар. Колхоз сарайын күзетесің. Байқа, қақпа алдынан құс жорғалап өтсе, жақсылық көремін деп ойлама! — деп Жүсекең алты атарын суырып алып әкеме кезенген.
Қойшыекеңде «жоқ болмайды» — деген болған ба, «колхоз сарайын күзетсем, күзетейін», — дейді ғой әрине.
Сөйтіп, менің әкем күзетке шықты. «Күзетсем, күзетейін» дегенімен, Қойшыекеңнің тапсырылған жұмысқа сүлесоқ бола алмайтыны тағы бар ғой. Күн демейді, түн демейді, сарай маңынан аяғын аттап баспайды. «Жүсекеңнің өзі айтты ғой, құс жорғалап өтсе, расында да ұят болар», — деп жүреді де қояды. Өйтуіне тағы бір себеп, күзде құйған тұқым қорының қыс ортасында жарым-жартысы жоқ болып шығыпты. Сарай төңірегіндегілердің күзетшіге дейін түгел ауыстырылуының мәні де осында. Содан кейін, қайдан келіп жатқанын кім білсін, колхоз сарайына шана-шана бидай келіп түсіріле бастады. Ашыққан жұрт осы шаналарды, шанада теңкиіп жатқан алаша қаптарды торуылдайды. Сол кезде сап етіп Қаһар Жүсіптің өзі жетіп келеді де, бала демейді, шаға демейді, қамшының астына алады. «Мына иттерді неге қумайсың?!» — деп әкеме ақырады. Ал Қойшыекең болса, үндемейді. Тұтас алашадан тігілген қанар қаптардың аузын шешіп, тұқымдық бидайды шелектеп таси береді.
Бір күні осындай бір іс үстінде тағы да Қаһар Жүсіп келді.
— Мына шелекпен не өнеді. Қаптап неге тасымайсыңдар? — деп кілтші Нұрымға төнді.
— Бұл қап емес, алаша ғой, кім көтере алады дейсің, Жүсеке... — дейді Нұрым ақырын ғана.
Қаһар Жүсіп менің әкеме бажырая қарады:
— Әй, Қойшыбай, сені жұрт мықты дейді ғой. Мына алашаны көтеріп сарайға жеткізші, кәне, ақысына бір бұт бидай аласың.
Әкем «рас па?» дегендей кішкене көзін күлімдете қарады. Бұл кезде біздің үйде де қаптың тақырланып қалған кезі еді, итермелеген сол жай ма, тайынар емес.
— Неге қарайсың? Рас айтам. Бір бұт таза бидай аласың.
— Көтерсем, көтерейін. Тек демесін, титығыма салып жіберетін болсын.
Менің жүрегім су ете қалды. Жадағай шананың өн бойын алып, теңкиіп жатқан бір алаша бидайды қалай көтермек? Астында қалып мерт болмас па? Бірақ оны ойлаған бір пенде жоқ. Қаһар Жүсіптің қабағын бағып тұрған жүкшілер алашаны арқасына құлата бастады. Денем қалтырайды. Бақырайын десем, дыбысым шықпайды. Жасқа булығып, үнсіз тұрмын.
Дегенмен ақыры қуанышпен тынды. Ең әуелі, алаша әкемді шын басып қалған секілденіп еді. Қол-аяғы, басын түгел жауып кеткен.
Енді қарасам, сарайға қарай сүйретіле қозғалып барады. Алашадан әкемнің қыбырлаған өкшесі ғана көрінеді.
Әлі есімде, таразыға салған Нұрым:
— Он сегіз бұт, бес қадақ! — деп нәштей сөйледі. Дауысында дән ырзалық бар.
Біз, сөйтіп, өгей шешем екеуміз бір бұт бидайды көтеріп, қуана-қуана үйге оралдық. Бірақ әкем күзетке шыққаннан бері ол жазғанда да маза жоқ. Қаһар Жүсіп атып тастай ма деп шын қорқа ма, әлде колхоз сарайына төнген қауіп күшті ме, білмеймін, кеш түссе-ақ тері шалбар, үлкен тұлып киеді де, тымақтың бауын бастыра байлайды. Содан соң тот басқан ескі бытыраны арқасына асып алып, әкемнің соңынан кетеді. Мен болсам, азынаған ессіз де қараңғы үйде жалғыз қаламын. Сықсиманы жағып қояйын десем, жалп етіп сөніп қала береді. Желдің қайдан соғатынын да білмейсің. Жел қопсытқан төбе қаңылтыры боранмен ұйтқып тарсылдай ма, дүрсілдей ме, бір тынбайды әйтеуір. Көзім ілініп бара жатып, шошып оянамын. Колхоз жаулары төбені келіп қопарып жатқан секілденеді. Толассыз терезе тысырлайды. Көзім ілініп бара жатып, тағы да шошып оянамын. Солбаң етіп бір көкжал түсіп келе жатқан сияқтанады. Тарс етіп мылтық атылғандай болады. Гүрс етіп, бірдеме құлап түскен секілденеді. Бір ауық қасқыр ұлиды, бір ауық іңгәлап бала жылайды. Әйтеуір боранды дүние қатерлі де, жұмбақ ызың-шуға толы. Мен айқай саламын. Әкемді, Бибігүлді шақырамын. Бірақ олар енді қайтып оралмайтын сияқтанады.
Осыны ойласам, осы күннің өзінде де арқам мұздап жүре береді. Қалай жынданып кетпедім екен десеңізші.
Сондай бір үрейлі түндердің бірін артқа салып, таң ата көзім ілінген екен, жылаған дауыстан шошып ояндым. Қарасам, екі бүйірін таянып алып, өгей шешем дауыс етіп отыр. Алдында әкем жатыр. Басын таңған шүберектен ұйып қатқан қан көрінеді. Кіріп, шығып жұрт сапырылысады. Бәрінің де айтатыны:
— Соққыға жығып кетіпті.
— Албардың құлпын сындырып, тұқым қорын талап кетіпті.
— Бибігүл сорлының аяқ-қолын байлап, аузына шүберек тығып кетіпті!
Сөз осы. Мен сорлыда не қайрат бар, әкемді құшақтап бақыра бердім.
Бір кезде шалқасынан есік ашылды. Ең әуелі жарқ етіп найза, содан кейін ақ пиманың басы көрінді. Сырттан бір қора ызғарды алып, жырық етек тон киген, ала көз, дәу қара кіріп келе жатты. Жұрт тым-тырыс. Бибігүл тас түйін, дыбыссыз қалды. Мен салмастан таныдым. Бұл — Жүсіптің өзі.
— Құлыпты бұзып алған бидай қайда? Қайда тықтыңдар? Тап!
— Кәне?! — деп шешеме төнді. Менде үн жоқ. Жүрегім суылдайды. Байқаусызда көзім түсіп кетіп еді, бір ала көзімен оны, бір ала көзімен мені атып бара жатыр. Қорыққанымнан бақыра беріппін. Бақсам, ол сондай ақи көз екен.
— Алмаған бидайды қайда тығады. Ұрылар әкетті, — деді Бибігүл.
— Тінтіңдер! — деді Жүсіп қасындағыларға.
Осы бір жалғыз сөздің қаншалықты құдірет-күшінің барын мен Жүсіптер кеткен соң білдім. Еден қопарылды, пеш тас-талқан болды. Қора кертелеріне сумаңдап сүймен жүгірді. Шешем үш күн суық албарға қамалып шықты.
Осыдан кейін біздің үйдің шаруасы оңалмады. Әкем жатып қалды. Бибігүл істі болды. Талғажау етіп отырған баяғы бір бұт бидай белсенділердің қолында кетті.
Аш иттей әр үйді бір торып, әр қораны бір тіміскілеп, шетке шыққанға ауыз салып жүрген аштық біздің үйге де аранын ашып келе жатты.
— Енді қайттік? — деді дағдарған әкем төсектен басын көтеріп, үйге кіріп шығуға жараған соң.
— Ие, енді қайттік?
...Айнала шайқалған теңіз бейнелес. Ұйтқып жынды боран соғады. Алда түтеген ақ қоймалжыңнан әрең-әрең көрініп екеу келеді. Ол — менің әкем, ол — менің өгей шешем. Артта, кішкене қол шанада мен отырмын. Күшімнің жеткенінше үшеу болып, қатарласа жүрейін десем, оған жағдай жоқ. Жамбасынан басқан көн етіктің ұлтаны бір бөлек, өзі бір бөлек болып алдақашан қалған. Мен табан аяқпын. Сол себепті, Бибігүл байғұс қалың кигізге орап, шанаға отырғызып қойды.
Олар бір басады, екі басады, ілгері жылжиды. Қол шапаның соңында тартылған сымдай болып, ап-айқын жіп-жіңішке қос сызық қалады. Жоқ, қалмайды, өкшелей қуған, жанапайлап қуған қар теңізі толқынымен лық еткізіп көміп келеді. Ақ ирек жолдың кедірі мен бұдыры да көп. «Шанада отырмын» деген атым ғана. Көлденең тұрған ағжал, ақбайталдарға қиялап шыққанда жел екпінімен әлсін-әлі аунап кете беремін. Ондайда Бибігүлдің жылы алақаны тағы да кеп демеп, шанаға отырғызып қымтап, шымқап жатқаны.
Алдымыз сұп-суық белгісіздік. Бірақ мен оған онша көп қиналмаймын. Өйткені алда баяғының алыптарынша соныдан соқпақ салып келе жатқан әкем бар. Бибігүл бар. Сол екеуі бар тұрғанда қай тарапқа бет қойып жүрсек те, бір жұрттан барып шығарымыз хақ. Жалғыз - ақ ана жоғалып жатқан ізімізден шошынамын. Туған жерден Мезгілдің бораны ығыстырып барады. Біржола ығыстырып бара жатқандай. Қайта айналып келу жоқ, қайта айналып көрісу жоқ секілді. Оның үстіне құлақ тұндыра соққан үскірік жел қойны -қонышымды аралайды. Бейнебір жылан ысылдап аралап жүргендей. Тісім тісіме тимейді. Қарынға түскен де қауқарлы ештеңе жоқ. Ол да бір жағынан сәт сайын ойға оралып, мазалайды.
Біз шыққалы, міне, екі күн. Күнәсіз болсақ та, күнәлі есепті, ұрланып, түнде шықтық. Қайырсыз үйдің оты жағулы, төсек,орны жиюлы, тіпті өгей шешемнен келген батсайы шымылдығы да құрулы, бәрі де өзіміз бардағы күйінде қалды. Бұл — екі-үш күн болса да Қаһар Жүсіп секем алмасын деп із тастау ғана.
Жүреді, тұрады олар. Түнделетіп, бір жай-мекендерге келеді. Қонған үйдің отынын ұсақтайды, есігінің алдын алып қалған тау теңіз қарды аршиды. Содан кейін суын ішіп, жолға деп бір уыс көжелігін сұрап алып тағы да ілгері кетеміз. Соққыдан әлі есін жиып болмаған әкем байғұс жиі тоқтайды. Қол шананың жібі аш болсын, тоқ болсын бір мойымайтын, бір қабақ шытпайтын өгей шешеме, дүлдүл шешеме қайта-қайта ауысып барады да, ұзағырақ тоқырап қалады. Қол шана артына бір қарыс қос сызық салып жылжи береді...
Содан бері отыз бір жыл өтті. Мен, міне, тағы да дәл сол жолмен келемін. Ақ сүтін бермеді дегенің болмаса, шын ана бола білген, аяулы адамға асығып келемін. Бірақ қол шана емес, астымда желден жүйрік машина. Сонда да асыққан көңілге ілесе алмай егін -егіннің арасындағы шоқалақ жолмен өндірмей келеді.
Жол!
Жол тағдыры да адам тағдыры сияқты қызық болады екен ғой, Тулан. Бір кезде мүлгіп жатқан қазақ сахарасына сор әкеліп, ырысын әкете берген, бүкіл Европаға әйгілі аты шулы қасқа жол еді бұл. Зілдінің мысы мен Қарағандының көмірі осы жолмен барып, бүкіл дүниелік базарлардың саудасына түскен. Француздың жібегі де, ағылшынның жүн маталары да осы жолмен айлап, жылдап жүріп жеткен-ді. Қазақ даласына бұл жолмен жәбір жапа, қулық-сұмдық келді, ақша келді, тез келді бірақ. Самарқау елдің санасы да осы жолмен оянды. Кеш оянды, бірақ. Бұл жолмен жаяу-жалпылап жүріп Пушкин келді. Некрасов келді далаға. Бұл жолға қазақ халқы қасқыр көрген жылқыша осқырына, шошына қарап жақындай берді, жақындай берді... Пайдасын да көрді, басын да құлдыққа байлап берді.
Сөйтіп, бір кезде дүние жүзінің жебірлерін бал арасына «мен мұндалайтын» қызыл гүлше өзіне тартқан жол — міне, енді егін арасының шоқырақ соқпағына айналып кетіпті.
Ие, Тулан, жол тағдыры да қызық. Бір кездегі даңғыл жолдар шөп шығып, бүркеу тартады да, жоғалады. Соныдан таспадай болып жаңа жолдар түседі. Ол жол жаңа да жақсы мекен-жайларға апарады. Алдау-сұмдығы жоқ, пәле-жаладан қағас, өсек-ғайбаттан ада қарым-қатынастарға — адам қарым-қатынастарына апарады...
..Қайда апарарын білдім бе мен онда. Әке-шешем сүйреткен қол шана мені қалың бір қарағайдың ішіне алып кірді.
Ең жақсысы, бораннан құтылдық. Бықсыған тезектен, құр лапылдағанымен, қызуы жоқ қамыстан құтылдық. Қарағай басы шайқақтап тулайды. Мезгілдің боранын сол ғана еске салады. Ал қойыны болса, құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Үп еткен жел тұрса, жоса жөнелер қалың қардың қозғалар түрі білінбейді. Төсегін мықтап салып алған. Үлкендер болса, жуан-жуан ағаштарды кесіп әкеледі де, отқа тастайды. Жан-жаққа жалқын қызуын жайып маздап, қоздап жанады ол.
Біз енді жалғыз да емеспіз. Жаңа бір үй ішімен табыстық. Үй иесі сопақ бет, сары сақалды Нұрыш дейтін еңгезердей сары кісі. Ұзын сапты ақ балтасын жарқылдатып, құлаштай соғып, құлатылған қарағайларды бұтарлайды да жатады үнемі; сөзбен де ісі жоқ, әкем сияқты үндемейтін бір пенде. Нұрекең үндемесе де жақсы адам еді. Шай ішіп жатқан үстіне кіре қалсаң, айыр саусақты, арбиған қолымен бөлке наннан уыстай үзіп алады да, әйелге тән жіңішке даусымен:
— Ал, қағып ал! — деп есікке лақтыратын. Әрине келген шаруаны бітірген соң қарап тұрам ба, жақсы көретінімді жайылған езуіммен танытып, жайыма жөнелемін ғой. Жоқ, жөнелмеймін, алғанға көңілім көншімесе, арқамды бір қиқаң еткізіп тұра беремін. Арқаны қиқаңдататын себебім де бар. Баяғы Бибігүл апамнан келген көйлектің жалғыз жағасы мен омыраушасы ғана қалған. Жат көзге көйлегі бар екен десін деймін бе, қамыт кигізген атша, сол жаға мен омыраушаны мойныма іліп, жалаңаш етіме шапан киіп жүретінмін. Нұрекең сонымды байқаған болса керек, бір барғанымда үстіндегі көйлегін шешіп алып, маздап жанған отқа жағасынан бүрмелей ұстап, әрлі-берлі, дөңгелетіп алды да, қолыма ұстатты.
— Бар, үйіңе бар да киіп ал.
Нұрыш осындай жақсы адам.
Осы жақсы Нұрекеңнің үйінде менің қыртысым сүймейтін де біреу бар. Ол — көзі тышқанның көзіндей жылтырап тұратын қушық бет қара кісі — Садыр. Ол мені кездескен жерде: «Өй, боқмұрын» деп кемсітіп, мұрнымнан шертіп кетеді. Нұрыш жоқта бара қалсам: «Неге келдің, боқмұрын? Ана мұрныңның сорасын ағызбай, табаныңды жалтырат!» — деп айдап шығады. Сол себепті, мен оны жек көремін. Жек көргенімді қайтейін, шынымды айтсам, қорқамын одан. Қорқа жүріп, атарға оғым тағы болмайды. Өйтетінім: Садыр Бибігүлмен кездессе-ақ болды, бірдемелерді айтып, әзілдей бастайды. Қолайсыз жерлерге қолын жүгіртеді. Сонда мен қызғаныштан жарылып кете жаздаймын. Бірақ Бибігүл де оны ұнатпайтын сияқты. Алдырмайды:
— Кет әрі, іннен шыққан қаптесерге ұқсамай! — деп бетін қайтарып тастайды. Сонда ғана жаным жай тапқандай, сазайын берген шешеме разы болып, Садырға ішімнен: «Өзіңе де осы керек!» — деп қоямын.
Сол Садыр мен әкем ағаш аралайды. Нұрыш жығылған қарағайларды бұталайды.
Бұл кәсіппен айналысқалы тұрмыстың беті түзелейін деді. Қалай десең де, нанға аузымыз тиді. Әкем кешке жұмыстан босаған соң, асханаға барып, ақ бөлкені қолтықтап қайтады. Жалғыз ғана қолайсыздық бар. Нұрыштың үйі де, біз де қалың жабылған қоста тұрамыз. Тәйірі, ішіп-жемің болса, дені сауға аяз дегенің түк емес екен ғой. Өгей шешем жуан -жуан дөңбектерді алып келіп, дүрілдетіп отты жағады. Картопты шелектеп асады. Ақ нанды, үгілген картопты тоя жейміз. Содан кейін қабат-қабат жамылып жатамыз да қаламыз. Танауымыздан ақ буды паровозша будақтатып, ұйқыға да кетеміз. Бір ғана жаманы — ертесіне тұрғанда қиын. Айнала қысқан сары аяз басыңды көтерсең - ақ бас салып, жылы төсекке қорғалата береді. Бір тұрып алған соң мұртыңды балта кеспейді. Лаулап жанған отқа талтая қақтанып, екі бетің бал-бұл жанып отыра бересің. Ал, реті келсе, Нұрекеңнің қосына қарай жалаң аяқ, жалаң бас жүгіріп ала жөнеле бересің. Ақ қарда аяғыңда лыпаңның жоғы да түк емес екен, қарның тоқ болсын де!
Бірақ менің бұл қызығым ұзаққа бармады.
Әкем әуелі «басым айналады», — деп шағына беретін болды. Бара-бара жатып қалатынды да шығарды. Ондайда «қой кезегі» Бибігүлге келеді. Бірақ оған Садыр разы емес. «Қойшыбай тойынған соң, шолжаңдайын деді. Өзі үйде қалып, жұмысқа әйелін жіберетінді шығарды» — деп қалады. Онымен де тынбады! Бір күні қосқа келіп қиғылықты салмасы бар ма!
— Паекті бірдей аласың да, жұмысқа қатыныңды жібересің. Олай болмайды енді. Не орынды босат. Не жұмысқа шық. Екінің бірі.
Шешем болса:
— Асырай алмай жатқан қызыл сирақтарың бар ма еді?! Қып-қызыл жігітсің, ұялсайшы осылай деуге. Менен артық қиратып, сен де ештеңені қырып тастаған жоқсың, — деп шаптыға сөйледі.
Ал әкем болса, үндемей қалды. Ертеңіне:
— Айтты — айтпады, Садырдан ұят болды. Бүгін жаман сияқты емеспін. Өзім барғаным жөн болар, — деп жұмысқа кетті. Бірақ сол кеткені кеткен болды. Қайтып қосқа кіре алмады. Еңкейіп ағаш аралап жатқан кезінде:
— Көзім қарауытып барады, тұра тұршы, Садыр, — деп отырып жатыпты да, өтіп жүре беріпті...
Осы кезде ресторан кухнясынан шыжылдап, бұрқырай шыққан екі бифштекс «былай тұрыңдар, жол беріңдер, мен келемін!» — дегендей әр ауыздың сілекейін шұбыртып, біздің алдымызға келіп тоқтады. Мен бір рюмка коньякты құтты орнына аттандырып жібердім де, қуырылған етті ала беріп, ойланып қалдым. Көз алдыма бала Мезгілдің Сібір орманының ішіндегі халін, мүшкіл халін, елестететін сияқтымын. Содан кейін не істеді екен бұл байғұс? Әлде ақ қардың, көк мұздың үстінде жалаң аяқ жүріп ел ақтады ма? Әлде...
Менің ойымды Мезгілдің даусы бөлді:
— Әке, кеткен соң бізде не күй қалды дейсің, Тулан. Бибігүл әуелі Садырға серік болып, ағаш аралап жүрді. Бірақ бұрынғыдай емес, жоқ нәрсеге кейіп, қабақ шытатын мінез шығарды. Бықсып, от жанбаса да, байқаусызда қазанның түбі күйе бастаса да, «құдайы құрғыр, қу құдай-ай!» — деп таусыла қалады. — Бірақ мен онысынан сескенбеймін. Өйткені бала деген тамыршы сияқты емес пе, өзіне деген көңілдің ала-құлалығын дән басып, бірден біле қояды ғой. Әкем өлгеннен бері шеше көңілінен ондай өзгерісті байқамаймын. Қабақ шытса, басына түскен ауыртпалыққа, жан жолдасынан айырылғанына, өз тағдырына қайғыратын шығар. Оңай деймісің!
Мен, бірақ осы бір тышқан көз, жыпылық Садырдан сескенемін. Соның мінез-құлқында, жүріс-тұрысында маған ұнамайтын бірдемелер бар. Жұмыс басында дем алған болып отырып, шешеммен ұзақ сөйлеседі. Мен өйтіп отырмаса екен, сөйлеспесе екен деймін. Кейде әр нәрсені себеп етіп, қастарына барамын да, малақайымды табаныма салып тұрып қаламын. Не сөйлесетіндерін білгім келеді. Бірақ тыңдау қайда маған?
— Әй, боқмұрын, бар, табаныңды жалтырат, менен бірдеме көрмей тұрғаныңда. Тыңшы сияқтысын көрдің бе өзінің! — деп ақырады Садыр.
Сол кезде шешемнің көзінен мөлтілдеген жасты көремін:
— Жетім деп, жесір деп басынасың-ау, Садыр. Мезгілдің әкесі болса, бізбен бұлай сөйлеспеген болар едің ғой. Сөйле. Саған кер келер деймісің, — дейді ақырын ғана күрсініп.
Сондайда мен шешемді әрі аяймын, әрі іштей кейимін де оған. Кейитінім: бұрынғыдай адуын сөйлеп, бетін қайтарып тастамайды. Қажығандығын танытып, мүсәпірси сөйлейді. Неге өйтеді екен, картоп сияқты сопиып тұрған жылтыр маңдайынан бір періп: — Бар, енді қайтып қарамды көрме! — деп неге айтпайды екен? — деп кейимін. Бірақ тұра беруге шама жоқ. Садырдан қаймығамын да, қосқа қарай тартып жөнелемін. Онда да мазам болмайды. Мына сұңғылалықты қараңызшы. Қаршадай болып алып, Садырдың мені ғана емес, Бибігүлді де жәбірлейтінін сезетін сияқтымын. Жатып алып әр түрлі айла ойлаймын. Top құрамын. Қайтсе де тышқан көз Садырдан құтылудың амалын іздеймін. Біресе Садырдан екі есе зор, батыр жігіт болсам, сөйтіп, оны көтеріп апарып бір ағашқа асып қойсам деймін. Кенет орман ішінен бір жолбарыс шыға келіп, арқалап алып жөнелсе деп те қиялдаймын. Жүріп келе жатқанда алдынан бір ор кездесе қалып, соған неге түсіп кетпейді екен деген ой келеді. Бірақ қанша айла-тәсілді армандап бақсам да, Садырға бір кез келмейді. Қайта біздің қосқа ана-мынаны сылтауратып, жиі келгіштейтінді шығарды. Бір келсе болды, жоқты, барды сөз етіп шықпай қояды. Осылай қыс та өтті. Биікке көтерілген күн жер-ананы бусандыра бастады. Жер аяғы кеңіп, орман іші қилы-қилы гүлге, қилы-қилы үнге толды. Бірақ мен ауырып қалдым. Көзім қарауытып, басым айналады. Қара судан басқа түк ішкім келмейді. Шөлдей беремін. Түн болсақ, көз алдыма керемет бір елестер кеп орнайды. Мағынасыз бір қыз ойнақтарға араласып кететін сияқтымын. Ұйтқып боран соғатындай... Жапырылып ағаштар құлайды. Солардың астында қалған әкемді көремін. Тегі сандырақтайтын болсам керек. Ояна келсем, маңдайыма суық су басып отырған Бибігүлдің: «Тиышталшы, шырағым. Бәрі де орнында. Мынау шыққан көктем ғой. Боран қайдан соқсын. Ағаштар да қулаған жоқ. Басыңды көтеріп, асқа қараған кезіңде әкеңнің басына барып, дұға оқып қайтамыз. Сабыр ет, балам» — деген қоңыр үнін естимін.
Бұл сөз маған әл беретін сияқты. Кембағал көңіл жұбаныш табады. Көзім қайта іліне бастайды. Тағы да әлгі бір қызылды-жасылды әлеміш дүниеге барып енемін. Сол бұлдыр елестің ішінен ап-айқын болып, Бибігүл шешемді көтеріп әкетіп бара жатқан Садырды көрем. Айқайлайтын болсам керек. «Мен, міне, қасыңда отырмын. Сабыр ет, шырағым», — деген Бибігүлдің дауысы келеді тағы да. Мен сонда өгей шешемді құшақтап аламын. «Кетпеші, апатай, кете көрмеші!» — деп жалына бастаймын.
— «Сені тастап қайда кетеді дейсің, мен бейбақ!» — дейді Бибігүл аузыма су тамызып. Мен оның бауырына кіре түсемін. Бар қарағаштай панам сол. Айырылып қалсам, өлетін сияқтымын. Бибігүл де сонымды сезер болса керек. Қасымнан екі елі кетпейді. Сұрағанымды екі етпей, ұзақты күн отырады да қояды.
Осындай алас-қапас, жан ұшырумен талай күндер өтті. Тегі бетім бері қараған болса керек, тамаққа көңілім шаба бастады. Бірақ тұрайын десем, басым айналып, құлап қаламын. Төсекті босағаға жақын салдырып, ұзақ жатам. Есіктен көк мөлдір аспанның аядай бір пұшпағы көрінеді. Одан бері көк жапырақтарын жайып келе жатқан ақ қайың бар. Баяу теңселіп қыбырлап тұрады. Не іздейтінін кім білсін, қайың бұтағының арасында ұшып-қонып бір сары шымшық шырылдайды ертеңді-кеш. Мені сиқырлы көктемнің осы бір құлпырма көрінісі әлдебір қиян шалғайға шақырғандай болады. Ана бір сары шымшық болсам деймін. Сары шымшық болып, мөлдір сулы тостаған көлдері бар Мезгілдің даласына қарай самғап кетсем деймін. Сол кезде «Ал Бибігүл қайда қалады?» — деген сауал қаперіме сап етеді. Жүрегім су ете түседі. «Жоқ, жоқ, Бибігүл шешемнен өлсем де айрылмаймын!»
Бір күні Бибігүл есік алдында менің көйлегімді жамап отырды. Мен күнделікті дағдыммен қоста жаттым. Дауыстай сөйлеп Садыр келе жатыр. Менің жүрегім тулап қоя берді. Қос есігінен сығалаймын. Садыр келген бетте-ақ жантая беріп, Бибігүлдің мықынына қол жүгіртті:
— Мықыныңның өзі немене, өлген қойдың жамбасына ұқсап шодырайып кетіпті ғой.
Шеше жауабын тыңдарға дәрмен қалмады. Қалай тұрғанымды да, не ойлағанымды да білмеймін. Қостан атып шықтым да, Садырдың үстіне мысықша жармаса түстім. Аянбадым. Бейғам жатқан Садыр тұрғанша тырнақты да, тісті де батыра салып, жосалай бердім. Көзім қанға толды ма, әлде булыққан жасқа толды ма, оны да білмедім, әйтеуір ештеңені көрген жоқпын.
Садыр да аянып қалмағанға ұқсайды. Белім, қабырғам күтірледі. Содан кейін лақтырылған допша көтеріле бердім де, сылқ ете түстім жерге. Басым жаңғырыққа тиді.
— Мына әкеңнің аузын... Иттің баласы, қайтеді? Бетімді тырнап тастады ғой! Қолыңды қол, бұтыңды бұт етіп тас-талқаныңды шығарайын ба осы!
— Ойбай, құдайы құрғыр, шұнақ құдай-ай, өлтірдің ғой қу жетімек сорлыны. Жоғалшы, көрінбеші көзіме! - деп Бибігүл жүгіріп келді. Даусы ширақ, баяғы әкем бардағыдай. Маған керегі де сол ғой, қатты қысып құшақтап алдым да, ағыл-тегіл жылай бердім. О да мені ыстық бауырына тартты да, дауыс қосты.
Міне, сол ана арада отыз жыл өткен соң әл үстінде жатып іздепті мені, көргісі келіпті. Неге іздеді? Неге көргісі келді екен? Мен осыны көп ойладым, Тулан. Ойладым да бір сұраққа кеп тірелдім. Білгің келеді: Адам осы өлер алдында не ойлайды екен, соны білгің келеді.
Меніңше, адам өлерде дүниенің ыстық екенін түсінеді. Қимайды. Осы жасында қилы-қилы бұлтарыс, қалтарысы бар бұралаң жолмен жүріп, жақсыны да көрді, жаманды да көрді. Жақсы адаммен де кездесті, жаманмен де кездесті. Өзінің де жаман, жақсы болған күндері бар. Соны ойлағанда жаманның бәрі ұмыт болады да, дүние енді нұрлы, ыстық, жарқын жағымен көз алдына ұлғая сылаңдайды. Сондай сәтте адам өзінің адамдық махаббатын берген, мейірімін салған, қымбат та қимас, аяулы деген жандарын іздейді. Солардың болашақ тілеуін тілейді. Соған қызыға, қызғана қарайды. Мен, міне, осылай деп ойлаймын да, асыға түсемін. Көргім келеді, тілдесіп қалғым келеді.
— Ие, содан соң? — дедім мен дегбірсізденіп.
— Содан соң сөз қысқа. Жолымыз екіге айрылды ғой. Мен көп кешікпей балалар үйіне кеттім. Ал Бибігүл болса, тұрмысқа шықты...
— Садырға ма?
Мезгіл маған қарады. Кейпінде «өзің қалай ойлайсың?» деген сұрау бар.
— Ие, соған... — Мезгіл тұнжырап отырып қалды. Содан кейін бір күрсініп қойды да, сөйлей берді. — Жоқ, тұрмысқа шықты деп жазғырмаймын. Қазір ойласам, сол кезде маған кексе көрінгенімен, жиырма бесте ғана екен ғой. Жиырма бес деген немене, уызы арылмаған сәби емес пе! Ие, сәби! Жоқ, шындап келгенде, тіпті Бибігүл байсырап да шықпаған болар. Сараласам, бірден-бір дұрыс жол осы. Мен балалар үйіне алынып, мемлекет тәрбиесіне көшпесем, ол тұрмысқа шықпаса, Сібірдің қай ағашының түбінде қаларымызды құдайым білсін! Міне, «анам бар еді» — деп әйеліме айта алмаған себебім осы еді, — деп тоқтады Мезгіл.
— Содан кейін көріспедіңдер ме?
— Жоқ, көрістік. Күз түскенге дейін жиі-жиі келіп тұрды. Біресе ақ бөлкесін арқалап, біресе алған тәттілерін орамалына түйіп әкеп жүрді. Содан кейін тегі, қоныс аударып, басқа жерге көшіп кетті ғой деймін, көз жазысып қалдық. Жоқ, тағы да бір рет кездестік. Ол соғыстан кейін дәл бұдан он бес жыл бұрын еді. Мен майданнан оралған соң Днепропетровскінің кен институтына барып түскен едім. Соның үшінші курсында оқып жүріп мына Қарағандыда практикада болдым. Сонда кімнен естігенін білмеймін, осынау «Мезгілден» құрты мен майын арқалап іздеп келді. Көріспегелі көп жылдар өтті ғой. Көп жаңалықтары бар екен. Ең алдымен, өз сөзімен айтқанда, «заман түзелген соң» «Мезгілге», колхозға оралыпты. Тағы да бір қуаныш, менің өзім танымайтын екі інім, бір қарындасым бар болып шықты.
Бибігүл қасымда он күн болды. Қоштасарда:
— Жетім еді, жетсе екен, адам болса екен — деп тілеп едім жатсам да, тұрсам да. Жат бауыр болма, шырағым. Жазыңды үнемі шешеңнің қасында өткіз, — деді.
Бірақ мен бара алмадым. Тышқан көз Садырдың алдында несіне мүсәпірсиін деген намыспен бармадым...
— Ғажап екен, ал көре алдыңыз ба Бибігүл шешейді бұл сапарыңызда? — деп сұрадым тағы да.
— Ғажабы сол — кіріп барсам, үлкенірек келген төргі бөлмеде қаптап отырған жан екен. Бәрінің де жүзі сынық, бәрі де тілсіз. Солардың ішінен көзім бірден Садырға түсті. Баяғы қалпы. Тышқан көзі жылтырайды. Үстінде барқыт бешпет. Бар өзгерісі — сұлу етіп қара сақал жіберіпті. Қолында таспиық. Көптен бері жұмысқа жанаспағандықты танытар күсі жоқ ақ саусақтарымен таспиықтың жақұт тастарын бір-бірлеп ауыстырып күбірлейді. Одан кейініректе сол Садырға ұқсас екі бала жігіт отыр. Ішімнен: «Бейтаныс інілерім осылар шығар», — деп ойладым. Оң жақта ақ кереует. Үстінде біреу жатыр. Беті ақ орамалмен көлегейлеп қойылған. Мен оның кім екенін бірден білдім. Бірақ мына жұрттың сынық жүзіне, көрсем деп асығып келген кісімнің қимылсыз қалған тұлғасына қарап, жүрегім су ете түсті.
Әуелі Садыр шырамытты мені.
— Ау, келді ғой...
Жұрт қимылдап, қозғалып қалды. «Е, алла байғұс-ай! Қайтсын!» — деген күбір жүгірді.
Бейтаныс інілерімнің екеуі де ұшып түрегеліп, құшақтай алып жатыр.
— Жаңа ғана көзі ілінді, — деді бірі мені қорқытпайын дегендей.
Сол кезде көлегейленген орамал да қимылдады.
— Басымды көтерші, — деді әлсіз ауру дауыс. Содан кейін ажымды бір тереңнен жанары қайтып, суала бастаған бір көз қадалды маған. Арада көп жылдар өтсе де, көңілімде ыстық суреті сақталған, мейірбан көз, ана көзі бұл...
— Үйбүй-й-й. Мезгілмісің?.. Шыбыным-ай, келдің бе? — деді ол ақырын ғана. Ол осыны айтты да қайта қисайды. Көзін жұмып көп уақыт үнсіз жатты. Қарасам, жас моншақтары сарғайып, суалған бетіне мөлдір сызық салып домалап барады екен. Неге жылады? Не ойлады ол дәл осы сәтте? Мына қазіргі екі дүниенің ұстара жүзіндей қыл арасында жатқан ауыр халін ойлап, жарық дүниені қимағандықтан жылай ма? Әлде «Сенде ана жоқ, менде бала жоқ, соны естіп бала етіп алайын деп келдім», — деген сөзін есіне алып, оның ана бола алған, менің бала болуға талпынған алғашқы күндерін, ауыр күндерін есіне алып жылай ма? Болмаса, «екі талай кезеңге келгенде, сөзімде тұра алмадым, затым әйел болған соң, әлсіздік еттім, кешір сонымды» дей ме? Қайдан білейін мен оны, Тулан. Адам көңілі ғажайып үндерге, ғажайып сырларға тұнып тұрған нәзік перне сияқты емес пе?! Бір қылын бассаң-ақ қуаныш-қайғы болып, күйініш-сүйініш болып, төгіліп кетпей ме! Сөйлеп кетпей ме? Екінің бірі ұға бере ала ма оны.
Міне, үй толы жандар отыр осында. Бірі тұнжырап, бірі жылап та отыр. Мүмкін олар өзінің сәбидей пәк тазалығымен, ағайын-туғанды алыс-жақын деп алаламай, бәріне де мейірбан ана бола алған, ауыл анасы бола алған Бибігүлді аяп тұнжырайтын болар, аяп жылайтын болар. Бірақ мұның бәрі өткінші, ұмыт болар сезімдер ғой. Олар ана күнде сылап, күнде тарап сұлу сақал жіберіп, қолына таспиық ұстап қалған пірәдар Садырдың көңілінде не күй бар, мына ыстық дүниеден өткелі жатқан ана көңілінде не күй бар, ақыры отыз жыл бойы көріспей, суысып кетсем де, екі сөздің күшімен қаңбақтай ұшып келіп түскен менің көңілімде не күй бар, қайдан білсін, қайдан ұқсын! Бар болғаны:
— Әлсіреп қаласың, жылай берме! Күткен балаң келді. Арманың жоқ енді, — деп қосарлана сөйлеп, басу айтып жатыр. Бірақ ана байғұс тіл қатпады. Көп жатты. Содан кейін тағы да басын көтерді. «Қысылып қаларсың, жата тұр!» деген ақылды алған жоқ.
Енді жүдеу кескініне анықтай қарасам, әлгінде жоқ бір күйге келіпті. Бет ұшында әнтек қан ойнап шыға келгендей. Көңілді де сергек сезіледі.
Мен мұны өз басымдағы күдікті үмітке жеңдірген «е, бәсе, осылай болса екен!» деген алдамшы сезім құбылысы ма деп едім, оным теріске шықты. Шешем бұрын түн болса, жөтеліп, тынши алмай шығады екен, мен келген түні тыныстап жақсы ұйықтады. Ертеңіне асқа көңілі шабатынын айтты. Содан кейін белін мата белбеумен қатты буып, үй ішінде бас көтеріп бірер басып жүрді де.
Сұрастыра келсем, мұның бәрі де мен келгеннен бергі өзгерістер. Көңіл деген, әне сол. Іздеп еді, аңсап еді. Көрді де, тынды. Жоқ, тынбады. Дертіне дауа тапты. Сергіп, сергек сезініп қалды.
Сөйтіп, ауру шешемнің алғашқы шипасы — мен, менің келуім болды. Бірақ мен келдім, бітті демедім. Аудан орталығына машина жіберіп, дәрігер алдырдым. Тышқан көз Садырдың: «Пыраш-шырашыңды қайтесің, шырағым. Алланың жазуы осылай болса, тұра келген ажалға кім ара түсе алады!» — дегеніне қарағам жоқ.
«Ал сонда, анаңның сырқаты не болды?» — демексіз ғой. Ол — талайды баудай түсіріп жатқан құрт ауруы — туберкулез екен. Мен дәрігермен ақылдаса отырып, бір тоқтамға келдім де, шешемді салып алып, станция қайдасың деп бір-ақ тарттым.
— Ойпыр-ау, ана Бишәм деген кісі сол Бибігүл шешей ме?
— Ие, сол кісі. Қайдан шыққанын білмеймін, әйтеуір солай атап кетіппін ғой кішкене кезімде. Бишәм деп қалсам, сол дағдыма бағып жатқаным да.
— Ана Садыр шал неғып көне қойды? — деп сұрадым тағы да.
— Шафғат, Сафғат, деген екі жасөспірім інім қарсы болмаған соң ол қайда барсын! Бірақ өзіне аттанарда:
— Бір кезде жалаң аяқ қар кешіп, панасыз қалған кезімде көзімнің жасына, мұрнымның боғына қарамап едің, енді менің де саған қарайтын жайым жоқ. Бүгін өстіп, үсті-басыңа тозаң түсірмей, жігітше сыланып, сипанып отырсаң, мен оныңнан күн демей, түн демей салпақтап, колхозда еңбек еткен, одан қалса, сиырыңды сауып, қол диірменіңді тартқан, отыңды жағып, күліңді шығарған, кіріңді жуып, балаларыңды баққан, сөйтіп, саған жағынам деп жүріп, мезгілінен ерте солған анамның ащы терін, азап-михнатын көремін. Жеткергенің осы болыпты. Бишәм енді жоқ саған, — дедім.
— Әрине, «жоқ» дегенді ойнап айттым. Ойлансын деп айттым.
Балалы-шағалы болып, бауыр басып қалған қария ел-жұртын сағынбай тұра алар ма? Қарағандыда ірі дәрігерлер бар, тамаша ауруханалар бар. Соларға көрініп, сонда емделіп, айығып, тазарып шыққан соң, апарып саламын ғой, — деп Мезгіл әңгімесін бітірді.
Бағана бұлар купеге кіргенде ана ауру кемпірдің басында осыншалықты тамаша хикая бар деп кім ойлапты. Мен енді сол бір таза жан иесін анықтап көрсем екен деп асықтым.
Біз купемізге келдік. Қарт ана шайқақтаған поезд жүрісімен тербеліп, демалып жатыр екен. Әнтек жұмылып, жазылыңқырап қалған қабағында сергектік бар. Оң қолы диваннан сырғанай түсіп жатыр. Енді байқадым, ана суалған, шөккен тұлғасына қарағанда бір түрлі ірі де кесек тарамыс қол. Жолдың бір бұрылысында күн көзі ойыса келіп, кәрі алақанға қорғалай тұрып қалды. Айқыш-ұйқыш тартылған шытырман сызықтары да енді тым айқын. Кенет Мезгілдің жол туралы айтқаны есіме түсті. Ие, бұл сызықтар да шытырман жолдар есепті. Үзілмес үмітті, аяулы арманның жолы. Қиямет бейнет пен азап -михнаттың жолы. Енді бір ауық қол қозғалып кетті де: «Аларыңды алып болдың ғой, берерің қайда енді?» дегендей көтеріле беріп тоқтап қалды...
Бибігүл ана аунап түсті.
* **
Қарағандыға поезд ертеңіне түсте келді. Тегі, «анасын әкеле жатыр» — деген хабар жеткен болса керек, қарсылап жатқан топ қарамы едәуір. Сол қуанышты, жарасты топ ішінен қала тәртібімен киінген бір жас әйелді көремін. Қолында гүлі бар, арадан суырыла шығып, ұмтыла басып келеді. «Мезгілдің жары осы болса керек» — деген ой келді маған. Қария поездан түскен соң бір қолымен жаңағы келіншекке, бір қолымен Мезгілге асылып, машинаға қарай жүрді.
Поезд тағы да ілгері жылжыды. Терезеден үңіле қарап мен тұрмын. Кенет «мен мұндамын» дегендей газет сыбдырлады. Ол, әрине, мықыр мойын тас құдай ғой кешегі. Мазасыз жолаушылардан құтылғанына қуанып отыр. Сөз жоқ, қуанады. Өгей шеше түгіл, өз шешесіне қайрылмай кететін мұндайлар «махаббат» деп аталатын улы сезімнің қасиетін түсінеді деймісің.
Поезд көсіле тартып заулап келеді. Мен де үй ішімді сағынып, заулап келемін. Бірақ өзім асыққанмен көңілім Қарағандыда қалды. Кенет менің де шешем сол Бибігүл сияқтанып кетті. Өзім де Мезгілге ұқсаймын. Мезгілге ұқсап, қарт ананы қолтықтап, демесіп бара жатқандаймын...